ЕРЛІККЕ ТОЛЫ ЕҢБЕК

Бал арасының тірлігі әрі ғажап, әрі аянышты. Ғажаптығы сол – адам баласы қанша ғасыр армандаса да жете алмай келе жатқан ізгілікті де әділетті, үлігілі де өнегелі, мәнді де мағыналы тірлік осы бір титімдей ғана тіршілік иесіне бұйырған. Жаратқан ием оның тарыдай ғана тайқы маңдайына қанша ғұмыр жазғанын кім білсін, бірақ сол ғұмырының ол бір секун-тын да еңбексіз өткізбейтіні анық. Ара өмірін зерттеушілердің сөзіне қарағанда, бұл еңбек адам түйсігі болжап қана сезетін белгілі-белгісіз бір заңдылықтарға, саналы іске жақын қам-қаракеттерге құрылатын секілді. Мәселен, бал жинар кезде «барлаушы ара» дейтіндер ұядан 15-20 шақырымға дейін ұшып барып, қай жерде гүлдің молын – нәрдің қорын анықтап келіп, қалғандарына «хабар» беріп тұрса керек. Бұдан арғы «ұжымдық жұмыс» белгілі…

Аяныштысы сол – қаншама қанат талдырып, аяқ шаршатып, мың—мыңдаған гүлдің басынан тірнектеп жиған «тәттісінен» өзіне бұйырар несібесі шамалы: еңбек – оныкі, қызығы – басқаныкі.

Мұндай тірлік ғалымдардың көбіне тән болса да, мен бұл сөзімді әсіресе Үшкөлтай апамызға қаратып айтар едім. Неге? Неге екенін білгіңіз келсе, Апамыздың таяуда ғана Орталық ғылыми кітапхана дайындап шығарған «Кітап жолы – арман жолы» деген кітабын оқып көріңіз. Оқып қана қоймай, бүгінгі топ ортада төбесі көрінер-көрінбес қана болып, кең ортада жүрісі білінер-білінбес қана сезіліп, ұлтын сүйген қандай үлкен жүректің жанымызда жүргенін санаға салып зерделеңіз; әр күні тек игілікке ғана жұмсалған жарты ғасырлық еңбек жолында бір адам қанша жұмыс бітіре алатынын ой-таразыңызға салып өлшеңіз; өлшеңіз де ұлт үшін, ұрпақ үшін өзіңіз не тындырып жүргеніңізді және безбендеп көріңіз.

Бұл кітап – Апамыздың негізінен библиография саласын-дағы ұзақ жылғы жұмысының қорытындысы, бізге берген қыс-қаша есебі секілді. Жо-жоқ, «өз жұмысы», «есебі» деген жай сөз, мұнда күні кешеге дейін Кеңестер Одағының әртүрлі архив қорларында, кітапханалардың терең түпкірлерінде сақталып келген рухани, тарихи мұраларымыздың аянышты тағдыры, оларды іздеп тауып, жарыққа шығарудағы отаншыл от-жүректердің тар жол тайғақ кешулері, сондай-ақ автордың тек ғалым ғана емес, ет пен сүйектен жаратылған адам, әрі ана ретіндегі қайғы-мұңы, қуаныш-қызығы қатар өріліп отырады. Кейбір тұстарын тіпті тебіренбей оқу мүмкін емес. Қаршадай кезінде шешеден өлідей, әкеден тірідей айырылған ол балалық шағын былайша еске алады.

«12 жасымнан № 12 қазақ орта мектебінің интернатында өстім. Интернаттың қарсысында Алматы өзенінің арғы бетінде Балалар кітапханасы болатын (кейін Жасөспірімдер кітапха-насы). Сол кітапхананың менің өмірімдегі орны ерекше болды.

Соғыс уақыты, бәріміз де ашпыз.

Мектептен келіп, қара көжені іше салып, кітапханаға жүгіремін. Жоғарыдағы Пугасов көпіріне де көтерілмей, тастан тасқа секіріп, тура кітапхананың оқу бөлмесіндегі қара пештің жанынан орын алуға тырысамын…

…Батыс, орыс классиктерінің небір асыл кітаптарын оқып, қайғы-қасірет, жоқшылықты ұмытатын едім. Сол кездегі арманым – бір қап қуырған жүгері мен жан-жағымда толған кітап болса, басқа ештеме де керек болмас еді деймін.

Құдайым тілегімді бергенге ұқсайды. Бар саналы ғұмырымды кітапқа арнаппын!»

Расында, «кітапқа арнаппын» дегеннен гөрі «мен бүкіл саналы ғұмырымды халқымның әр жерде жылтырап жатқан інжу-маржандарын жинауға арнадым» десе де болғандай еді. Бірақ оны айтатын Апамыз қайда! Аталған кітаптың кез-келген бетінде өз еңбегін айтудан бұрын кезінде өзіне көмектескен, ақыл-кеңесін беріп, дұрыс жол нұсқаған, қиын-қыстау сәттерде қорған бола білген кешегі Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Ысқақ Дүйсенбаевтардан бастап, бүгінгі Орталық ғылыми кітапхананың қарапайым қызметкерлеріне дейін аттарын атап, алғысын білдіруді бір сәт ұмытпайды. Сонысымен де оның тасада тұрған өз тұлғасы биіктей түскенін көресіз. Шіркін, үлкен адамдардың үлкен жұмысы марапатсыз, мақтансыз, жариясыз-жарнамасыз істеліп жатса, бұның өзі көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болмас па…

Ел тәуелсіздігін алған күнге дейін 40 жылдан астам үлкен жұмысты үнсіз тындыра білгендердің бірі де бірегейі осы Апамыз болған. Тіпті, ол кісінің қандай қасиетті де игілікті іспен айналысып жүргенін ғылыми ортадағы кейбіреулер болмаса, зиялы қауымның көпшілігі білген де емес. Білдіруге өзі де құмар болмаған. Не үшін?!

«Жанынан түңілген түйе ғана жар басындағы жантаққа ұмтылады, Апамыздың да жылдар бойы шыр-шыр етіп, ұлттың рухани бал шелегіне нәр жинаған өрісі жар басында, ор- шетінде болатын. Өйткені… ғылыми ізденіске таңдап алған- объектісін қараңыз: «Мен 1956 жылы қазақтың төңкерістен бұрынғы баспасөзіндегі материалдарды жинауға кірістім».

Қазақтың төңкерістен бұрынғы баспасөзі! Ау, кешегі кеңестік идеология: «Ұлы Октябрьге дейін қазақтың екі-ақ проценті сауатты болды дегені қайда? Сондай халықтың өз баспасөзі болғаны ма? Ол қандай баспасөздер? Не туралы жазды екен? Оларды кімдер шығарған? Бұл сұрақтарға кезінде жауап іздеу жүрек жұтқан жанкештінің ғана ісі еді. Байтұрсынов, Бөкейханов, Құдайбердиев есімін хатқа түсіргенді қойып, ауызға алуға азулының өзі қорыққан заман. Ал қазақтың қарапайым ғана қызы сол заманда аталған арыстар мен ұлт көсемдерінің қай жерде, қандай дүние жазғанын, не туралы жазғанын және суреттерін тап-тұйнақтай жинап-теріп, ғылыми жүйелеп те үлгерген. Олардың кейбірін баспалап, байқатпай баспадан өткізіп жіберуге де тырысып көрген.

«1961 жылы «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар» деген атпен алғашқы мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш Қазақ мемлекеттік баспасынан басылып шықты. Бұл кітаптың дүниеге келуінің өзі көп әңгіме… Қанша еңбек сіңіріп жинаған дүниенің ең құнды, маңызды материалдарын қысқартып, құйрық-жалын түзегендей етіп шығаруға тура келді. Сөйтсе де, кейбір материалдардың авторын көрсетпей, немесе бүркеншек атымен, инициальмен жіберген кезім де болды. Олар цензордың көзіне түспей, еңбектің редакторы «көрмеген» болып, мен «білмеген» болып шығып кетті»,– дейді ол.

Мәселен сол кітаптарын «А.Б.» – Ахмет Байтұрсынов, «М.Д.» – Міржақып Дулатов екен. Бұны ерлік демей көріңіз!

Хош, бұл – кеңестік кезеңнің кесірі. Ал, 1999 жылы қыр-күйек айында… өз билігіміз өзімізде, өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста Апамыздың жарты ғасырдай еңбегінің жинақталған нұсқасы іспетті «Қазақ халқының ата мұралары» атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш «басылмайтыны белгілі болған». Шүйкедей ғана кәрі адам зілдей ауыр қолжазбаны мықшия көтеріп, баспалар арасында сандалады да жүреді. Бәрінен еститіні – қаражат жоқ. Ал сол баспагерлер өз алдарына қандай қазынаның келіп тұрғанын білді ме екен?! Алайда, асылдың нарқын, адамның парқын бағалай білетіндер де бар ғой. Орталық ғылыми кітапхана директоры Гүлжихан Әбуғалиеваның мәрттігінің арқасында 1000 беттік кітап 500 данамен сол кітапхана жанынан жарық көргенде «қуанғаннан кітапты құшақтап, жылай беріппін»,– дейді Апамыз.

Егер біле-білсек, ол кісіден бұрын біз қуануымыз керек-ті.- Өйткені ендігі жерде ол еңбектің игілігін көретін біз едік, біздің ұрпағымыз еді.

Иә, 1000 беттік «Қазақ халқының атамұралары» ұлтымыздың Ұлы төңкеріске дейінгі мәдени-рухани деңгейінен, тұрмыс-тіршілігінен, азаттық жолындағы азапты күресі мен арманға толы мұрат-мүдделерінен және ең бастысы хатқа түскен көне жәдігерлеріміздің қай жерлерде, қандай қорларда сақталып жатқанынан мол хабар беруімен аса құнды. Мұнда 1870–1917 жылдар аралығында шығып тұрған сегіз баспасөзде («Айқап», «Түркістан уалаятының газеті», «Қазақстан», «Алаш», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Қазақ») жарияланған материалдардың дәні мен дәйегі ғана берілген. Айтуға оп-оңай! Ал еңбекті елестетіп көріңіз: әр қайсысы әр жерде сақталған, кейбірі 10 жылдан астам жарық көрген, көбі ескі тілмен жазылған, бәрі араб әрпінде басылған, оқылуы қиын, түсінілуі ауыр, сегіз бірдей баспасөзді түгел қорытып шығу! Сөз жоқ, атан түйе көтере алмас жүк! Сол жүкті қарапайым ғана қазақ әйелі көтеріп шыққан.

Мен бұдан екі-үш жыл бұрын «Дала уалаятының газеті» мен «Қазақ» газетінің жинақ кітаптарымен танысқаным бар. Солардан түйген көп ойымның екеуін ғана ортаға салғым келеді: бірінші біз ақын, ойшыл, қоғам қайраткері ретінде танып жүрген айтулы Алаш тұлғаларының журналистикаға араласпағаны жоқтың қасы екен. Бір ғана мысал: белгілі ақын, ғұлама діндар Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Дала уалаятының газетінің» ең белсенді тілшілерінің бірі болыпты. Мақалалары өте сауатты, танымдық, тағылымдық жағынан бүгін де маңызын жоймаған. Диссертацияға дайын тұрған бір тақырып! Мұндай тақырыпты аталған газеттерден іздей берсең табыла береді. Екінші, кеңестік кезеңде журфак бітіріп, жүздеген газет шығарып, мол тәжірибе жинақтадық десек те, не туралы жазу, қалай жазу, халыққа қай жағынан жәрдем беру керек дегенді баяғы баспа-сөздерден үйренетін тұстарымыз әлі де көп сияқты. Еңбекті Құдай көреді, адам бағалайды. Үшкөлтай апамыздың ғылымға сіңірген еңбегін ғылыми орта әлдеқашан мойындаған. Қаламгер қауым зор еңбектің құны мен нарқын жұрттан бұрын түсініп, әр кезде ерекше бағалай білген. Бір ғана мысал. Сонау 70 жылы «Жазушы» баспасынан «Әдеби мұра» атты еңбек жарық көргенде кітап редакторы, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Осы кітап үшін-ақ сізге атақ беру керек қой»,– дегенде Апамыз: «Айта көрмеңіз, осы жұмысты маған жасатса, соған ризамын»,– деп ағынан жарылған көрінеді.

Шүкіршілік, «қырағы көздердің» бірі көрген, бірі көрмеген болып, әйтеуір сізге ол жұмысты «жасатты». Сол жұмыстың арқасында жазықсыз жапа шеккен сан арыстың рухы да бізбен бірге жасай бастады.

Енді өзіңіз де ұзақ жасай беріңіз, асыл Апа!

2002 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo