ДӘМЕ

Қыдырбаеваның кешегі қылығы есіне түссе, Есағаңның өн бойы бір ысып, бір суиды. Қонақ бөлмесіндегі жұмсақ креслода шалқайып отырып, басын шайқап: «Қызық болды-ау өзі!» – деп бір қояды. Қызық болғанда қандай?! Бес жылдан бері өз кабинетінің алдында машинкасын тық-тық басып, тымпиып қана отыратын ақ сазандай әдемі келіншектің өзіне былай… кет әрі емес екенін бұл маубас сол кеше ғана сезбеді ме? Сезген жоқ-ау, оның өзі сездірмеді ме? Сездірген сәтте… осынау қырықтан асқан қырма сақал шағында қайран жиырма бесі қайта айналып келгендей, жүрегі құрғыр лүпілдей бір соқпады ма?.. Енді, міне, әншейінде қаланың қыр желкесінен жылт етіп шығып, бүйір тұсынан бүлк етіп түсіп кететін қыстың қысқа күнін батыра алмай, кешкі бесті сарғая күтіп, сабыры кетіп отырғаны мынау. Тек бүгін ғана емес, Есағаңның кеше де өстіп есі шыққан. Өйткені таңертең…

Жоқ, таңертең де қызметке келгенше бәз баяғы күйінде еді. Түндегі қайдағы-жайдағымен бас қатырып жатып, тым кеш көз ілгенмен, әдетінше алтыда атып тұрып, тура алты отызға дейін көшеде бүлкектеп қайтқан. Сосын жетіде жетінші класта оқитын жалғыз қызы Айгүлмен шай ішуге отырған. Шай ішіп отырып, радиодан күндегідей соңғы хабар тыңдаған. Тек сол ха бардың соңында, «таяудағы тәулікте республикамыздың сол түстік облыстарында қар жауып, бұрқасын тұратынын» есті генде ғана аздап алаңдап қалған-ды. Өйткені соңғы аптада бұл Мәрзияның курорттан қайтар мезгілін күн санап күтіп жүр еді. Түндегі қайдағы-жайдағы ой да сол құдай қосқан қосағын төңіректеп, ұйқысын шайдай ашқан ғой. Енді, әне, қар жауып, бұрқасын тұратын көрінеді. Бұрқасын тұрса, Мәрзиясы және бірер күн кешігіп келеді. Осыны ойлағанда, Есағаңның көңілі сәл бұзылғаны рас. Бірақ көңілі бұзылғанмен, уақыт кестесін бұзған тағы ол емес, жеті жарымда Айгүлін мектепке шығарып салып, жолай сатып алған газеттерін сегіз жарымға дейін оқып үлгеріп, тура бес минутсыз тоғызда қызметіне келіп жеткен. Сонда, қабылдау бөлмесінде, Қыдырбаеваның күн дегі Қыдырбаева қалпында машинкасын тық-тық басып, тымпиып отырғанын көрген. Бұл да күндегі Естай Нұркенович қалпын бұзбай, онымен бас изеп қана амандық білдіріп, емен есікті кабинетіне беттеген. Кабинетінен де еш өзгеріс бай қамады, үстелі сүртулі, қағаздары мұқият жинаулы, күн жақтағы терезе желдеткіші сәл ашулы, бәрі жарқырап, жұтынып тұр екен. Есағаң жуан қара папкасын үстел шетіне қойып, былғары креслосына қонжиып тұрып отырған соң… қызметіне күндегідей қызу кірісіп кетер ме еді, есік сықыр етіп ашылған да, Қыдырбаева қылымен басып келіп, қолына бір жапырақ қағаз ұстата бергені. Оған жылдам көз жүгіртіп өткен Есағаңның өңі күрт күреңітті. Жүрегі сыздап, қабағы түйілді… Мәрзия жолай Алматыға соғатын болыпты. «Сандалбай! – деді ернін жымқыра тістеп. – Жиырма күн жайлы төсекте жатқаны аздай, енді қыдырғаны қалыпты!..» Мәрзия Алматыға бір соқса, бір аптасыз қайта алмасы белгілі. Аға-бауыр, апа-сіңлі – бәрі сонда. Алдыңғы жылы да Алматыға екі-ақ күнге аттанып, жеті күнде әзер оралған. Жеті күнде жолын тоса-тоса Айгүл екеуінің де көзі кіртиіп қалған. Көзді кіртиткені ештеңе емесау, үйге келгенде айтқан сөзін қараңыз: «Жас кезінде «бала» дедің. Балаңды бағып, үйде отырдым. Сосын «ақша болсын» дедің. Қырыққа дейін ақшаңды күттім. Енді «жұмыс, қызмет» дейсің қиқаңдап. Жылында алар бір демалысыңды бірге өтк ізудің ыңғайын келтірмейтін ол не деген қызмет? Көшеден қиқым-сиқым жинаған бұндай қызметің құрсын сенің!..» Көрдің бе, қалай-қалай жанды жеріңді тырнайды, ә?! «Қиқым-сиқым жинаған» дейді. Жар дегенде жалғызыңның сөзі осы болса, өзгелерге не өкпе? Оның «қиқым-сиқымы» – кәдімгі қағаз қалдығы – макулатура, ескі-құсқы шүберек, сүйек-саяқ, тағысын-тағы… Бұлардың халық шаруашылығы үшін қандай маңызы барын Мәрзия сияқтылар осылай «бағалайды». Ал сол «қиқым-сиқым» үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Есағаңа ерік берсе, әр көше, әр мекеме, әр өндірістің алдында «Дүниеде шексіз байлық жоқ, бәрін үнемдейік, бәрін де қайта пайдаланайық!» деп өз бойындай әріптермен жағалата жазып қояр еді. Иә, Есағаң сенеді, түбінде… мұндай ұран жазылмаса да, «Тілдей қағаз, теңгедей темір қалдырмайық, жинайық!» деп ұрандайтын ұрпақ әлі туады. Өмірдің өзі туғызады оларды. Әзірге оны Мәрзияның миына жеткізем деу – бос әуре. Оған керегі – бірге демалу. Және жазда демалу. Ау, сонда, бұ-лардың тілімен айтқанда, қайталама шикізатты жер қарада жинамағанда, қар астынан іздеу керек пе? Әлде қол астындағы адамдарға «Сендер қыста демалыңдар, мен жазда жолдасыммен Қырымға барам» демек пе?.. От басындағы кикілжің осыдан басталатын. Бұл жолы да солай болған. Магазинде сатушы боп істейтін Мәрзия: «Аяқ-қолым қақсап жүр, путевка тап, Қырымға барып қайтайық», – деп жаз бойы құлақ етті жеген. Бұл үнсіз бас изеп қойып, жазды өткізді. «Ертең-бүрсігүнмен» күзді тауысты. Ақыры желтоқсанның басында: «Тапқаным – осы. Жаңақорғандағы балшыққа барып қайт», – деп жалғыз путевканы алдына тастай салған. «Барсам, барам», – деді де, қыстың көзі қырауда ол кетті. Шындығында, Есағаң оны Жаңақорғанға да жібергісі жоқтұғын. Онысы – сенбегені емес, Мәрзияны үйде күтіп үйренбегендігі еді. Қандай құдіреттің кү ші екенін кім білсін, отасқандарына он бес жылдан асса да, ол үйден қарға адым ұзап шықса, қатты алаңдап отыратын бұның қашанғы әдеті. Мүмкін, бұл Есағаңның сағатын санап, ми нутын есептеп басатын өз қасиетін өзгеден де күтетіндігі шығар. Немесе қырықтың өзін қырқа асырып тастаған ендігі жасында бар алданыш, қызығын от басынан іздейтіндігі болар. Қалай десе де, Мәрзия жоқта бір бүйірі бос, бір жақ тұсы олқы түсіп тұрғандай көрінеді. Әсіресе, кешкілік қара басын бір үйге сыйдыра алмай, қарадай құлази бастар еді. Ондай сәтте Айгүлдің сабағын қараған боп, қызықты әңгімеге тартқан боп, өзінше уақыт өткізуге тырысады. Бірақ шешеге жуық өскен бала бұдан тез жалығатын да, Есағаң тағы жалғыз қалатын.

Мәрзияның қайтар кезі жақындағаннан ба, әлде аз күнгі жалғыздықтан расында жалыққаны ма, өткен кеште де бұл екі бөлмелі үйінен тұрақ таппай, ары-бері сенделді де жүрді. Ары-бері сенделіп жүріп ойласа, шүкіршілік, тағдыр бұған ештеңеден таршылық жасап көрмепті. Айгүлден басқа баласы болмаса, ол – Мәрзияның Жаратқанға жасаған өз қысастығы шы ғар, ал қалған жағынан төрт құбыласы сай екені рас. Қаланың қақ ортасынан ойып тұрып алған үйі мынау, берері де, беделі де бар қызметі анау. Сөйте тұра көкірегінде үнемі бір нәрсе жетпей тұратынын сезеді. Оның не екенін өзі де дөп басып біле бермейді, бірақ осындай оңаша қалған кездерінде жанын жегідей жей бастайтын бір бәленің бары анық. Бұл бәле Есағаңды тіпті сонау бала кезінен үйірсектеп алған. Сол бала кезінде-ақ қаспағы қалыңдау боп, тағдыр бұған аға да беріпті, іні де сыйлапты. Аға-ініге шақтап берген ақылды бұл шіркінге молдап төге салыпты. Оны ерте сезген әкесі: «Ендігі бар үмітім – өзіңсің. Тек оқы, оқи бер», – деп құлағына құя түскен. Құймақұлақ бала жатып-тұрып оқи берген. Мектептегі бір мұғалімдер: «Ойыннан түсер пайда аз, оқыңдар!» – деп сәби санасына тағы сіңірген. Естай бала оқыды. Ойыннан үркіп қашып, жұмысқа тиіп-қашып оқыды. Кейін институтта да осы мінезінен айныған жоқ. Өйткені ондағы ұстаздары да: «Балтайшалтайды қойып, оқыңдар. Ойын-сауықты қысқартып, оқу жағын ұзартыңдар», – деген. Бұл екі есе ұзартты. Екі есе бола тыны – өңі бозарғанша жатақханада оқыды, көзі қызарғанша кітапханада отырды. Артынша жүрген жерінде бірдеме оқи алмаса, тұра алмайтын халге жеткен. Мәселен, биік үйге лифтімен көтеріліп бара жатып, қабырғадағы алақандай қаңыл тырға көзілдірігі астынан сүзіле қарап: «Самаркандский лиф тестроительный завод… Грузоподъемность – 500 кг…» – деп оқып тұрушы еді. Сөйтіп, не керек, аудитория мен кітапхананың ортасында студенттік күндері зыр етіп өте шыққан-ды. Есағаң ол күндерін еске алса: «Паһ, шіркін, дәурен-ай!» – деп таңдай қағып, тамсанатын сәті сирек. Көз алдында қалғаны: сөредегі том-том кітап… қалың-қалың қолжазба қағаз… Пешенесіне жазылғаны қағаз болды ма, тәйірі, қызметте де қағаз қалдығын жинайтын мекемеге тап болды… Иә, Есағаңның бүкіл өмірі қағазбен қабаттасып, астасып кеткен түрі осы. О бастан ағайынтуыс, жолдас-жорадан гөрі бұл қағазға жақын жүрген. Қазір де солай. Қағаз не десе – бұл соны істейді. Қағазда не жазылса – сол бұған заң. Бұның бәрі жөн шығар, бірақ осы қағаздан қолы босаса, жанын қоярға жер таппайтыны жаман-ақ. Сондағы бар сүйенері Мәрзия болса, Мәрзиясының өзі алыста жүрсе, бұл жабырқау жанына қайдан жұбаныш табады? Кімге сырын ақтарып, кіммен ойын бөліседі? Біреуге тұйық, біреуге бітеу көрінгенмен, бұның да ішінде сыздап жатар өз сыры, өз мұңы бар. Себебі, бір мекеменің білдей басшысы демесең, Есағаң да пенде еді. Пенде болған соң, бұл да күліп, күрсінетін, бұл да қайғырып, қуанатын. Оңашада тәтті сезімдерге беріліп, сағынышпен сарғаятын да кезі көп. Өткен кеште де өстіп, екі бөлмелі үйінде ары-бері сенделіп жүргенде, неге екені белгісіз, бір сәт жатын бөлмесіндегі қара шифоньердің қасында ұзағырақ бөгеліп қалған. Еш қажетті болмаса да оны ашқысы келген. Есігін сықыр еткізіп ашып жібергенде, көзі бірден Мәрзияның көк көйлегіне түскен. Оны ептеп иіскеп еді, өзіне таныс француз әтірінің иісі аңқып қоя берді. Сол иіс бүкіл жүйке тамырын босатып, қай-қайдағысын қозғады дейсің. Сол иісті жатарда көрпе-жастықтан да сезгенде, Мәрзияның қайтар күнін қайтақайта есептеді дейсің!.. Ал енді есептеп көр! Телеграмманы үйге салса, Айгүл ренжиді деді ме екен, бәтшағар? Сонда, екі көзі төрт болып отырған бұл ренжімей ме?.. Тфу, сандалбай!..

Есағаң ренжіді. Терезе сыртында қылаулай жауып тұрған қарға қарап, ұнжырғасы түсті. Таңертең Главторресурсқа соңғы айдың мәліметін телефон арқылы хабарлай салайыншы деп құлшынып келіп еді, онысы жайына қалды. Сөйтіп отырғанда, жаңа ғана телеграмма әкеліп тастаған Қыдырбаеваның кіріп келгені.

– Рұқсат па екен, Естай Нұркенович? – деп алдымен есік тұсында сызылып тұра қалған.

– Кіріңіз. Не шаруа? – деді бұл жаратпай. Жаратпағаны – алдына сызылып келетін адамның артына бір салмақ тастап кететінін Есағаң жақсы білетін.

– Айып етпесеңіз, сізге айтайын дегенім… – деп ол үстел жанына келгенде, сөзін тағы сыздықтата созған. Бұған Есағаңның тіптен жыны қозған. Бірақ қашанда сөздің артын бағатын әдетінен бұл жолы да жаңылмай:

– Айтыңыз, реті келсе, көмектесейік, – деді сабырмен.

– Айтайын дегенім… ертең кешке… – деп ол және жерге шұқ шиды.

– Ертең дегеніміз – сенбі емес пе? – деді Есағаң, демалыс күні қандай шаруа болуы мүмкін дегендей.

– Иә, ертең сенбі күні… кешке біздің үйден дәм татып кетіңіз, аға. Әрине, уақытыңыз болса.

Есағаң қапелімде не айтарын білмей қалды. Сосын құлағым қате естіп тұрған жоқ па дегендей, үстел шетін сұқ саусағымен сызғылап тұрған келіншекке:

– Дәм татып дейсіз бе? – деді таңдана дауыстап. Таңдана дауыс тағанмен үні біртүрлі жұмсақ шыққанын ол да сезе қойды ма:

– Иә, дәм татуға келіңіз. Өзіңізбен дастарқандас болудың бұрын реті келмепті, – деді батылдау.

«Баяғыдан қалай сезбегем, үні қандай әдемі?» деп ойлады Есағаң. Көзілдірік астынан оған ұрлана көз салып еді, аққұба өңі қызарып, жұқалау еріндері болмашы діріл қағып тұрғанын байқады. Кірпіктері ұп-ұзын, қап-қара. Ұп-ұзын, қап-қара кірпіктерінің астындағы қос жанары енді-енді төгіліп түсер таң ғы шықтай мөлтілдейді. «Япыр-ау, өзі әжептәуір әйел екен ғой» деген сөз көкейіне еріксіз оралған. Бұның ұрлана қараса да, сұқтана қарағанын келіншек сезіп үлгерсе керек, бір мезет бетін терезеге қарай бұрғанда… Есағаң тіптен қайран қалсын. Мойны құрғыр оқтаудай жұмыр, мәрмәрдай аппақ екен. Сол оқтаудай жұмыр, мәрмәрдай аппақ мойнының құлақ тұсындағы ноқаттай меңі де өзіне жарасып тұр. Бес жылдан бері бұлардың бірін көрмеген Есағаңның көзі – көз бе, без бе?

– Адресті жазып алыңыз, аға…

– Е-е, соны түртіп қояйын, – деп Есағаң календарына ұмтылған. Артынша есіне әлдене түскендей:

– Жо-жо, басқаға жазайын, – деп, қолы кенет қойын қалтасына сүңгіген.

Алақандай көк кітапшасын айқара ашып, диктант жазар баладай құлағын Қыдырбаеваға тіккенде, ол үстелге жақындай түсіп:

– Каменистая 17, – деді де, қымсына бұрылып, жүре берді.

Өң мен түстің арасында есеңгіреп Есағаң қалды. Беті дуылдап, маңдайы тершіді. Құдды ыңғайсыз қылық жасап қойғандай қипақтап отырып, көк кітапшасына қарады… «Каменистая 17». Әншейінде әр әрпін мөрдей етіп түсіретін бұл енді өз жазуынан өзі ұялған. Сойдақ-сойдақ, қиқы-жиқы бірдеме. Асыққандығы. Ал неге асықты? Күні бойы есік аузында отыратын келіншек бүгін бір жаққа қашып кетердей неге аптықты соншама? Расында, жаңағысы қай қылық бұның? Күндегі Қыдырбаеваны жаңа көргендей сұқтанып бетіне қарады маау?.. Тамсанып мойнына үңілді ме-ау?.. Оны да қойшы, адресін жазып аларда… елпілдеп календарына ұмтылғаны, одан асыпсасып қалтасына қол салғаны… түу, ұят-ай!.. Жә, болар іс болды, енді не істемек? Қыдырбаеваның үйіне баруы керек пе, жоқ па? Өзіне не барам, не бармаймын демеді, тек құнжың қағып, адресін жазып алғанын біледі. Қап, ә, қап! Ғұмыры әйел затын алғаш көргендей берекесі қашқанын. Дегенмен, ойлануы керек, жұмыс аяғына дейін ойлай берсе, сылтау тауып, сытылып кетуі әбден мүмкін. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Есағаң біледі, қызмет басындағы адамның желкесінде жеті көз тұрады. Сол көздердің бірі болмаса бірі Вторресурс мекемесінің бастығы Естай Нұркенович Нұркеновтің өз қол астында істейтін бойдақ келіншектің үйіне кештетіп кетіп бара жатқанын көрді дегенше, масқарадан өлді де. Ендеше, оған бармақ тұрмақ, баруды ойлаудың өзі әбес.

Есағаңның көңілі орнығып, сабасына түсті. Бұдан соң жұмыс істемей қайтеді, Главторресурсқа соңғы мәліметтерді хабарлай салмақ болғаны есіне түсіп, трубканы қолға алды. Бірақ…

– Рұқсат па екен, аға? – деп Қыдырбаеваның қайта есіктен бас сұққаны. Сайтан алғырдың «аға» дегені қандай әдемі?! Бір ауыз сөзбен бүкіл бойын босатып жіберді ме, қалай?.. Баяғыда деймін-ау, ол алғаш жұмысқа тұрған кезінде: «Аға», – деп кабинетке майыса кіргенде, Есағаң: «Жолдас Қыдырбаева, қызметте «аға-көке» деген жоқ, әркімнің өз аты-жөні бар», – деп қатал ескерткен ғой. Содан бастап, ол – Қыдырбаева, бұл – Естай Нұркенович боп қатаң қалыптасқан ғой. Ендеше, бүгінгі «ағалап», жағалап алғанында бір гәп бар, үлкен гәп бар.

– Кіріңіз… не шаруа? – деді Есағаң ақырын. Бірақ бетіне тура қараған жоқ, оң жағына тұқырая еңкейіп, үстел тартпасынан бірдеңе іздеген сыңай танытты.

– Мына қағаздарға қол қойып жіберсеңіз, аға…

Машинкамен тап-тұйнақтай басылған екі-үш парақтың алдына судырлап кеп қонғанын байқады. Қыдырбаеваның өзі үстелді айналып өтіп, тура сол жақ бүйірінде тұрғанын сезді. Манағыдай емес, мүлде тақап алыпты, пыс-пыс етіп дем алғанына дейін ап-анық естіледі. Мұрынға бір жағымды иісі де білінетін сияқты.. Таныс иіс… Француз әтірінің… Мәрзияның кешегі көк көйлегінен де осы иісті сезіп, түн ұйқысы төрт бөлініп еді, бәтшағардың тағы қай-қайдағыны еске салуын!.. Есағаңның басы айналды, көзі бұлдырады. Жүрегі лүпілдей соғып отырып, қағаздарға ойланбай-ақ қолын қонжитты да берді. Бұнысына Қыдырбаева да риза болған секілді.

– Рақмет, – деп сызыла тіл қатып есікке беттеді.

Еңсесін енді ғана көтерген Есағаң оның ту сыртына көз жүгірткен. Тоқыма көйлегі етіне ет боп жабысып, құмырсқа белі майысып, аяғын былқ-сылқ басып барады екен. Білектей етіп өрген жалғыз бұрымы қыр арқасын қуалап, үкідей ұшы қылтасын қағады.. Мұндай ұзын шашын бұрын қай жеріне жасырып жүргеніне таңы бар. Мүмкін, ол жасырған жоқ, бұл көрмеген шығар. Әйтеуір, көрмеген, білмеген дүниесінің көп екеніне бүгін ғана көзі жетіп отыр ғой. Басқасын былай қойғанда, Есағаң осы келіншектің шын есімін біле ме? Шамалауынша, әлде Сәния, әлде Сәфия болуы керек. Өйткені қабыл дау бөлмесімен қатар жалғанған көк телефон кейде безек қағып қоймағанда, трубканы бұл амалсыз өзі көтеретін. Сондай сәттің бірінде даусы қырылдаған біреу «Сәния» деді ме, «Сәфия» деді ме, осы Қыдырбаеваны шақырып бер деп, бұның жүйкесінде ойнаған. Қыдырбаеваны бұл шақырып алып: «Жұмыс уақытында не орныңызда отырыңыз, немесе көлденең көк аттыға телефон номерін бергенді қойыңыз!» – деп қатты ұрысқан. Ол кабинеттен көзін сүртіп шыққан. Кабинеттен көзін сүртіп шығуының бұл алғашқысы еді. Кейін де талай-талай… түу, ойлаудың өзі ыңғайсыз-ақ. Осындай ізетті, инабатты, сүйкімді жанға дауыс көтеріп, көңіл қалдырып жүрген бұның құдай сүйер қылығы кәне! Қайта өзі кек сақтамайтын секілді, әйтпесе қонаққа шақыра ма? Қонаққа шақырған соң, әрине, шамасынша дайындалады. Ақ дастарқанын жайып, үстелге бар дәмдісін толтырып, бұны тағатсыз күтіп отырады. Сонда бұл келмей қалса, масқара дегенің сол… Қой, баруы керек. Және құрқол сымпиып бармай, гүл, шампанын алып баруы керек. Көп болса, бірер сағат отырар. Ыңғайы келсе… біраз кешігуі де мүмкін…

Есағаңның өңіне лып етіп қан жүгірді. Шып етіп маңдайдан тер білінді. Оны бөз орамалымен бипаздап сүрте бергенде:

–       Ассалау… – деп Сәкеш кіріп келсін.

–       Әлейкүм… – деп бұл да орнынан ырғала қозғалсын.

Экспедитор қызметін атқаратын бұл жігіт Есағаңнан бесалты жас кіші болғанмен, бұның алдында өзін еркін ұстап, тең сөйлесе беретін әдеті еді. Реті келгенде, сөзін де өткізіп алатын өтімділігі бір басқа, іштегіңді сыртыңнан сезе қоятын сұңғылалығын қайтесің. Бұл жолы да Есағаңның қолын қос қолдай қысқан күйі, бетіне күлміңдей қарап:

– Жеңгей келген-ау, шамасы, – деп бір қойды.

– Жоғ-ә, әлі бірер күн кешігетін сыңайлы, – деді бұл күмілжіп. Сосын үстел шетінде жатқан Мәрзияның телеграммасын тартпаға тыға салды.

– Қайдам… жүзіңіз біртүрлі боп тұр екен, – деп ол тағы жымиған. Ұрлығының үстінен түскендей Есағаң қипақтап қалды да:

– Бос сөзді қайтесің, шаруаңа көшсей, – деді қабақ шытып.

Қабаққа қарап баспаса, Сәкеш – Сәкеш бола ма, жайылып бара жатқан аузы лезде жиылды, шаруасына бірден кірісті. Шаруасы – жүргенінен тұрғаны көп баяғы жүк машинасының жайы екен. Өткен күні ол тағы да гараждан шықпай қалған. Ал қағаз дегеніңіз қабылдау пункттерінде үйіліп-төгіліп, сыртта шашылып жатқан көрінеді. Оны қоймаға жеткізіп алатын машинаның сиқы анау дейді. Машинаны жөндеп-күтіп мінетін шофердің екі күннің бірінде ыңқыл-сыңқылмен жұмысқа шыға алмайтыны мынау дейді. Бұл жөнінде бұрын да талай айтылған. Тоқетері – не істейміз?

Есағаң ойланды. «Не істейміздің» арты белгілі. Дені дұрыс шофер табу керек. Қу жігіттің шыр айналдырып келіп, айтайын дегені осы. Іздесе, шофер табылады-ау, алайда сырқат адам ды жұмыстан сырғыта салу қандай заңға саяды? Оның үстіне… (Есағаң желкесін қасыды) ол шофердің фамилиясы – Қадырбаев. Анау әдемі келіншек… Қыдырбаева. Бұл – әншейін кездейсоқтық па? Кездейсоқтық болса, неге екеуі бір-бірін қолдан тартып, қолтықтан демеп жүреді? Қыдырбаеваның кейде қызметке алып келетін алты жасар ұлы қашанда Қадырбаевтың қасында. Қадырбаев ауырып қалса, алдымен оның хабарын жеткізетін адам – Қыдырбаева. Жиналыс болса, екеуі бір-бірінің төбесінен құс ұшырмауға тырысады. Бұл тегін болмаса керек. Бұл жөнінде, демек, ойланған жөн. Сәкешке ерік берсе, мұндағы кез келген жұмысшы, қызметкерді орнынан оп-оңай жұлып тастауы түк емес. Сонда олардың обалы, кәнеки? Обал демекші, жағы суалып, көзі шүңірейіп, ілініп-салынып жүретін жаңағы Қадырбаевтың жарымжан, дімкәс екенін екінің бірі біледі. Ал оған жанашырлық көрсеткен кім бар? Семья жағдайы қалай? Бала-шағасы не күйде? Қасапшының пышағындай жалаң қағып отырған мына жігіт осы жайларды біле ме екен?

– Сен осы профкомның председателісің ғой? – деді Есағаң Сәкешке сынай қарап.

–       Иә, жайша сұрадыңыз ба, Есаға?

–       Жайша емес.

– Жиналыс ашу керек шығар. Аш десеңіз, жұмыстан соң жұртты жинап жібереміз.

Сөзінің түрін! Жиналыс десе, көзі жайнап шыға келеді бұның. Жиналыста суырылып сөйлеп, Қадырбаевты сілкілепсілкілеп алып, түбіне су құя салмақ қой.

–       Жиналыстан басқа сен не білесің осы?

–       Түсінбедім…

–       Түсінбейсің. Өйткені ешкімді, еш нәрсені түсінгің келмейді сенің. Мен де солаймын. Екеуіміз тек жұмысты ғана білеміз, жұмыс жайын ғана түсінеміз. Басқадан мақрұмбыз. Осыны түсінесің бе, жолдас Түсіпбеков?

–       Сізге бүгін бірдеме болған шығар, Есаға… – Сәкештің көзі бақырайып, бұған таңдана қарай қалған. – Сонда маған не қыл дейсіз? – деді сосын бәсеңдеу үнмен.

–       Алдымен, мұндағы әр адамның жағдайын біліп жүр. «Не істеймізді» сосын айт маған. Мәселен, Қадырбаевтың қай жері ауырады? Қашаннан бері ауырады? Бұдан хабарың бар ма?

– Бар. Полиартрит дей ме, бірдеме…

– Ендеше, оған санаторий-курорттардың біріне путевка тауып беру керек еді.

–       Бір путевканы күзде әзер тапқанбыз.

–       Ол қайда? Көрмедік қой.

–       Сіздің үйдегі жеңгейге…

Сөз аяғын ол жұтты. Бұл да тілін тістеді. Қу сығырдың қуып әкеліп өзін торға түсіргені, міне. Есағаңның күйетіні – бұған путевка тап деген кім еді, тек бір оңаша әңгімеде Мәрзияның баяғы қыңқылын жай сыр етіп айта салған. Арада бес күн өтпей, Сәкештің бір жапырақ қағазды алдына тастай салғаны есінде. Енді менің кінәм не дегендей мүләйімсіп отырғанын көріңіз. Майлы қасықтай жылпылдаған осы жігіттің өзін қалай иектеп алғанын Есағаң білмейді, әйтеуір, жып-жылы боп, ішібауырына тым ерте кіріп кеткен. Бұл мекемеде бұған басакөктеп кіре алатын жалғыз адам сол. «Естай Нұркеновичтен» әлдеқашан құтылып, «Есаға» дегенді еркін айтатыны да сол. Араласпайтын ісі, кіріспейтін жұмысы да жоқ. «Ағалап» жүріп, үйдегі жыртық-тесігіне де жамау болып алған. Қонақ шақырар болса, Мәрзия алдымен Сәкешті шақырып алады. Сәкеш араласса, құс сүтінен басқасы үстелде тұрады. Өзі бір жаққа сапарлап қайтса, базарлығымен Мәрзияны тағы мәз қылады. Мұн дай адамды ол қалай ішке тартпайды? Тартады. Ол іш тарт қан адамды Есағаң іштен тебе ме? Тепкен жоқ. Айтқанын тың дады, дегенін істеді. Кейде кадр мәселесіне араласып кеткенде де бетін қаға алмаған. Айталық, бір кезде жалғызілікті деп, баласы бар, жағдайы қиын деп, Қыдырбаеваны қызметке алдырған да Сәкеш болатын. Дегенмен, бір түсінбейтіні, арала рынан қандай мысық өткені белгісіз, соңғы бірер жылда Сәкештің қырына алған адамының бірі – және сол Қыдырбаева. Есағаңа жеке айтатыны: «Қыдырбаеваның аузы жеңіл, пышпыш өсегі бар». Жиналыстағы сөзі: «Қыдырбаева еңбек тәртібін сақтамайды. Жұмысқа кеш келеді, ерте кетеді. Баласын қызмет орнына сүйреп жүреді…» Қыдырбаеваның қызметке анда-санда кешігіп келетіні рас еді, ал оның «пыш-пыш өсегін» Есағаң әлі естіген емес. Соған қарағанда, Сәкештің бар сөзіне бас шұлғи беру артық секілді. Бірақ, амал не, кезінде шұлғымас жерде шұлғыды басын Есағаң. Көпшіліктің алдында көзінен жасын ағызып, қызартты жүзін Қыдырбаеваның. Сондай сәттерде бір рет бұның бетінен алса, не дейсің? Тек бірде бұлар қатты қызып кеткенде, аяғымен жер сызып тұрып, Сәкешке: «Өшіңізді өстіп алайын дедіңіз бе?» – деп тұншыға тіл қатқан. Ол қандай өш? Ол сөзге сонда кім мән берді? Жоқ, жабулы қазан жабуымен қалды. Сәкеш те түк болмағандай, түрі жылтырап шыға берген. Қазір де, міне, бір бәленің шетін шығарып қойып, моп-момақан тымпиып отыр. Бүгін ептеп сес көрсетіп қоюдың реті келіп еді, одан да құп-құрғақ құтылып кетті. Бұған енді не дейсің? Жазғырудың жөні жоқ. Орынсыз айқайлауға және болмайды. Айқайламақ тұрсын, Есағаң бұл жігітке қаттырақ дауыстауға дәті жетпейді. Неге екені белгісіз, әлденеден сескенетін секілді. Әлгінде аздап өктемдеу сөйлегеніне енді өкініп отырғандай.

– Сол Қадырбаев дегенің неше жаста? – деді бұл алыстан орағытып.

–       Биыл елудің бесінде. Жайша сұрадыңыз ба?

–       Пенсиясына қашан шығады дегенім ғой.

– Денсаулығына байланысты ертерек шығуы да мүмкін. Ұзаса бірер жыл.

– Ендеше, сол бірер жылын күтейік. Жұмыс жайын ойлаған жақсы, алайда адам тағдырымен ойнауға болмас. Ыңғайына қарай бұларға кәсіподақ жағынан жәрдемдесіп тұру да артық етпейді. Менің есімде қалмапты, жаңа жыл қарсаңында Қадырбаев ақшалай сыйлық алып па еді?

–       Жоқ.

–       Қыдырбаева ше?

–       Ол да.

– Оқасы жоқ, – деді Есағаң, Сәкештің бір күнәсін кешкендей. – Алдағы уақытта да мереке-мейрам жеткілікті. Жиырма үшінші февраль иек астында дегендей. Одан әрі Сегізінші мартыңыз тұр. Сол кезде екеуін де ескере салу керек. Бәрі көңіл ғой.

– Қадырбаевты хош делік. Ал Қыдырбаеваны қай қылығымен маңдайынан сипаймыз? Жұмысқа тұтас бір күн шықпағаны үшін таяуда ғана қатаң сөгіс алды емес пе?

– Не себептен шықпап еді?

– Баламды ауылға апардым, қайтарда көлік таба алмадым дегені есіңізде шығар. Сол да себеп пе?

Есағаң елең ете түсті. Иә, Қыдырбаеваның солай дегені растұғын. Демек, қазір ол үйде жалғыз болғаны ғой… Жалғыз болған соң былай… Есағаңды шақырып… Сосын анау Мәрзияның телеграммасын көріп… Бұның да жалғыз екенін біліп… «Бәсе деймін-ау, бәсе!.. Бұрын шақырса, қайда қалды?..»

–       Құдай ақы, бүгін сізге бірдеме болған шығар, Есаға?!.

–       Не дейді? – деп бұл селк ете қалған.

– Білмеймін, Есаға, айта алмаймын. Қалай да қызық боп отырсыз өзі. Сәт сайын жүзіңіз құбыла ма? Күбірлеп сөйлейсіз бе?.. Қадырбаев пен Қыдырбаева жөнінде және қайдағыны сұрайсыз. Оларға дәл бүгін жаныңыз аши қалғанына да таңым бар. Мүмкін, денсаулығыңыз болмай отырған болар…

– Иә, түнде жайсыз ұйықтап едім, – деді Есағаң кіржиіп. – Таңертең басым сынып тұрғандай.

– Ыстық шай ішсеңіз сергіп шыға келесіз, Есаға. Жеңгей жоқта жайыңыз келіспей жүр-ау, – деп Сәкеш орнынан тұра бастады.

Айналмалы креслосына ары-бері ырғатылып Есағаң қалды. Ырғатыла түсіп, жүзін терезеге бұрды. Жапалақтай жауған қардың арты жаяу борасынға айналған, жартылай ашық желдеткіштен қылтанақтап қылау ұшқындайды. Шынымен, сырқаттың сызы біліне ме, көз тамыры солқылдап, шекесі шыңылдағандай болды. Жүрегі де шанышқақтап, сыздай бастаған. Әлгінде әжептәуір көңілі көтеріліп отыр еді, онысын Сәкеш су сепкендей етіп тынды ақыры. Көр де тұр, бұл жігіт әлі сау адамды ауру қылады. Әр сөзіңді бағып, әр қимылыңды аңдып, ұрымтал тұста ұстай алып, өстіп ес-ақылын шығара берсе, Есағаңда жүрек пен жүйкеден не қалсын? Бәрінен бұрын оған қай сөзімді артық айттым, қай сырымды білдіріп алдым деп, қашанда қарадай қиналатынын қайтесің? Қазір де, міне, соны ойлауға көшкен. Артық кеткен еш сөзі жоқ секілді. Кәсіподаққа қатысты әңгімеде даусын сәл көтеріп жіберсе, ол да керек еді. Бұл мәселе жөнінде ерте ме, кеш пе, бір бұлқыныс болатынын өзі іштей сезетін. Бірақ оны бұрыннан неге қозғамады? Ал қозғаған кезде тура Қадырбаев пен Қыдырбаевадан неге бастады? Ауызға алар басқа біреу болмады ма? Міне, бұның ұстал ған жері осы. Есағаңның жаман қулығы – Қадырбаевты қаз балай беру арқылы оның Қыдырбаевамен қандай туыстығы барын, реті келсе, тіпті Қыдырбаеваның шын атын ептеп біліп алу еді. Амал жоқ, реті келмеді. Келмегеніне шүкір де. Әйтпесе, бәрін білдіріп бір-ақ тынар еді бұл. Дегенмен… Сәкеш те дым сезбей кетті дейсің бе? Сезді. «Сәт сайын құбылған» жүзінен-ақ талай жайды аңғарды ол. Ендеше, одан сақ болуы керек. Бұдан былай Қыдырбаева екеуінің басқан ізін бағып жүрмесіне кім кепіл? Сол Қыдырбаевада бұның не жұмысы бар? Бойдақ әйел шақырды деп, шауып жетіп бармақ па? Қой, құрысын, намаздың қазасынан арттың тазасы артық…

– Рұқсат па екен, аға?..

Есағаңның айналмалы креслосы шиқ етіп бері айналғанда, беті есікке бұрылды… Бір шәугім шай мен бір кесені дөңгелек табаққа қондырып, Қыдырбаева мама қаздай мамырлап келеді екен. Құдды, ресторанның даяшысы сияқты.

–       Сіз ауырып отыр деген соң, шайға сүт іздеп… көшеде біраз бөгеліп қалғаным… Телефон мазаңызды алған жоқ па?

–       Жоқ, қалқам, тыныштық қой… тыныш бәрі, – деп Есағаң қалбалақ қағып, табақтағы ыдыстарды өзі түсіріп алмақ болып еді:

–       Жо-жо, мазаланбаңыз, аға, өзім-ақ реттеймін, – деді Қыдыр баева ақ шәугімді үстелге қойып жатып. Сонан соң иіліп тұрып, шайды да өзі құйды. Құйған шайын алдына да өзі жылжытып берді.

Есағаңнан ес кетті. Ойына әлдебір ән сөзі оралды… «Пайпай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!..» Ақындар да айтқыш-ау! Айтқанда, дәл осындай келіншекке арнап айтқан-ау! Үлкеннің алдына иіліп келген ибасы қандай?! Қызылы шығып, қымсына сызылып тұрғаны неткен әдемі?! Әлгі әндегі «көл-дария секілді пейілі» әнеки… Есағаңа шай қайнатқан зыр жүгіріп… Шайына сүт те тапқан жанұшырып… Онысын бипаздап, өзі құйып бергені мінеки. Құйып болған соң, мамықтай қалқып, ма йыса басып бара жатқаны анау, әне. Тал бойынан табар мінің қайсы енді? Осындай қыз қылықты, құлын мүсінді келін шекті еркектен бағы жанбады дегенге қалай сенесің? Әлде қыран көздердің қиығына ілінбей жүргені – бұрын есік көргендігі ме екен? Ал есік көрген басы есіктен неге шығып қалған? Күйеуінен өлі айырылды ма, тірідей қоштасты ма? Бұ жағын Есағаң, әрине білмейді. Білетіні – бес жылдан бері өз кабинетінің алдында Қыдырбаева деген біреудің машинкасын тық-тық басып, тымпиып отырғаны, қызмет бабымен жүзін талай қызартқаны. Оны ойлаудың өзі ыңғайсыз енді…

Есағаң құла шайды рахаттанып отырып ішті. Мәрзия кеткелі сүт қатқан шайға шөлі қанып, шекесінің қызғаны осы шығар. Әйел затының жөні бөлек, жаны жұмбақ қой, шіркін! Тек соны түсінер азамат қайда?! Басқадан бұрын, Есағаңның өзі түсініп көрді ме? Қызметте: «Неге кешігіп келдің?» – деп Қыдырбаеваға қырын қарайды. Үйде: «Қайда жүрсің?» – деп Мәрзияға көз алартады. Ау, екі үйдің отын жағып отыр демесең, бұл екеуі де әйел ғой. Әйелдің үйде, түзде шаруасы біте ме? Мәрзия таңертең жұмысына сәл кешігіп шықса, бұл үнде мес еді. Өйткені үй шаруасымен үлгере алмағанын біледі. Мұндай шаруа Қыдырбаевада жоқ па екен? Қыдырбаева қыз-мет соңында да машинкасын тық-тық басып отырғанын көрсе, бұл қуанбаса, тағы ренжімес еді. Өйткені сезеді – өзі тапсырған шаруаны ол жұмыс уақытында бітіре алмағаны. Ондай шаруа Мәрзияда болмай ма?.. Міне, түсінбестік деген осыдан шығады… Жә, бұның бәрін Есағаң бұдан былай түсінер, түсініп жүруге тырысар, ал мына Қыдырбаеваның ойда-жоқта үйге шақырғанын қалай түсінеді? Бұнысы әншейін дәм татып кетсін деген ниет пе? Ондай ниетін бұрын неге көрсетпеген? Рас, Мәрзия қазір үйде жоқ. Бір аптаға дейін болмайды да. Қыдырбаева оны телеграммадан біліп алғаны анық. Өзі үйде жалғыз… Баласын ауылға апарып тастапты. Ол – жалғыз. Бұл – жалғыз… Екеуі оңаша үйде… Бұның соңы қалай болар екен?..

Осы сұрақ Есағаңды ойландырған. Қатты ойландырған. Жұ мыс аяғында кабинеттен мең-зең боп шығып бара жатыр еді, Қыдырбаева алақандай айнасына қарап, ернін бояп отыр екен. Оның боянып-сыланғанын Есағаң бұрын көрген жоқ-ты: «Бұнысы несі?» деп тағы ойланған. Сол қас қағым сәтте бөлмеден бір хош иісті де сезіп қалған. Ол француз әтірінің иісі еді… Бұл иіс Есағаңды әлдебір тәтті сезімге бөлеп, қай-қайдағысын еске салып, баяғы жастық шағына, жігіттік дәуреніне жетелеп әкеткендей болған. Сосын есіктен шыға бергенде:

–       Ертең сағат алтыда ғой, қалқам? – деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді.

–       Иә, күтем, аға, – деген Қыдырбаеваның жұп-жұмсақ үні де жүрегін шымыр еткізіп еді…

Күн қызылмұрттанып қыр асқанда, Есағаң да сыланыпсипанып сыртқа шыққан. Басында – қаракөл папаха. Үстінде – қынама бел қара тон. Оның ішінде – тойға болмаса, «қойға» кимейтін қоңыр шибарқыт костюм. Сұңғақ бойында бәрі сымдай тартылып тұр.

–       Папа, кешікпе, жарай ма? Кешікпейсің ғой, иә? – дейді Айгүлі үшінші қабаттағы балконнан айқайлап.

–       Иә… иә, кешікпеспін… Есікті кілттеп отыр, – деді Ес ағаң соңына бұрылмастан. Бұрылуға жүзі шыдамады. «Кеш ке Сәкештікіне барам», – деп таңертеңнен оның құла ғына құя берген. Бір рет айтса да болатын еді, әлгінде тағы: «Сәкештікіне…» – дей бергенде, ол: «Ұқтым ғой, папа қайтала машы!» – деп бұның бетіне тік қараған. Адам баласына айт пайтын өті рік ті өз баласына айтты ақыры… «Япыр-ай, осы өтіріктің арты неге соғар екен?..»

Жұрт көбірек жүретін үлкен проспектіні қиып өтіп, жапы райған аласа үйлердің арасындағы иір-иір тар көшеге түсті. Күні бойы тұнжырап тұрған аспан асты ашылған. Аяқ асты ұлпа қар. Ұлпа қарды балағы сызып келеді. Пұшық мұржалардан будақтай көтерілген ақ түтінді құдды аппақ бу ма дейсің. Шыңылтыр ауадан көңірсіген ашқылтым иіс білінеді. Есағаңның мұрны тыржиып, қабағы кіржиіп кетті. Баяғыда… Мәрзия екеуі алғаш тұрмыс құрған жылдары дәл осындай жапырайған үйлердің бірінде тұрып еді. Жоқ, мұндай үй болса, арман не, қабырғаларын қамыстан қалқайта салған күркедей ғана қуыстұғын ол. Бастапқы кезде бұлар одан пәлендей қиындық көрмеген, қалың көрпе жамылып, құшақтары айқасып жата кетсе, әп-сәтте жұмақтың төрінен бір-ақ шығатын. Кейін… Айгүл дүниеге келген соң тартты ғой талай азапты. Қызыл шақа немені күніне неше уақыт жуындыру керек. Ол үшін неше уақыт от жағып, су ысытасың. Сумен бірге үй ысиды. Үй ысыса, монша болады. Ысытпасаң, сиыр қораға айналады… Е-е, ол күндердің қайсыбірін еске алсын?..

Есағаң тар көшені қуалай жылжып отырып, не заматта мұз құрсанып жатқан кішкентай сай табанына тірелді. Сай жағасы – сүрлеу жол. Есағаңның білуінше, бұл – демалыс үшін арнайы салынған жол. У-шудан алыс, тып-тыныш. Жазда, жасыл желек жамылған бұл өзекшенің бойында, біреулердің қолтықтасып-сырласып, енді біреудің жеңіл киініп, желдей есіп жүргенін Есағаң ертеректе көп көретін. Ол уақытта өзі де спорт костюмін үстіне іле салып, осы жолмен сонау биік үйлі Каменистая көшесіне дейін бүлкектеп барып қайтатын. Сонда небір адамдарды көруші еді. Олармен әңгімелесіп, сырласқан кезі қаншама?! Кейін бастық болды да, жеңіл-желпі жүрісті түгел ұмытты. Бәрі де енді сағыныш…

– Ағай… Ағай десе…

Есағаң ту сыртына жалт бұрылды. Бес-алты жасар баласын жетектеген бір жас келіншек бұны өкшелеп келеді екен. Қолында – бүйірі толық қоңыр сумка.

– Айтып жіберіңізші, уақыт қанша болды, ағай?

Есағаң қойнынан қалта сағатын шығарғанша, олар… да жанына тақау келген.

– Бес жарым, қалқам…

– Рақмет! Вокзалға асығып бара жатыр едік, – деп келіншек жүре сөйлеп оза берді.

Бұл да олардың ізіне түсті. Бұған да асығу керек. Қыдырбаева тұратын Каменистая көшесі осы жолдың ең тұйығында – екі шақырымдай жерде. Жаяулап оған жеткенше…

Иә, асығу керек!

Есағаң асыға басып, жеделдетіп келеді. Жеделдеткенмен бала жетектеген келіншекке жете алар емес, құстай ұшып бара ды байғұс! Баласының аяғы жерге бір тиіп, бір тимей дедек қағып барады бейшара! «Вокзалға асығып…» дейді?.. Шамасы, поезға үлгірулері керек-ау. Поезбен қай қиырға бет түзер екен? Мүмкін, Қыдырбаева сияқты бұл келіншек те баласын елге сүйреп баратын шығар? Сонан соң… бұл да кері жалғыз қайтатын болар? Ел демекші, Қыдырбаева баласын неге елге апарып тастады екен? Киер киім, ішер асқа зәру заман жоқ. Сылаңдап өзі сәнді киінеді, баласын да жұтындырып қояды. Бақшадан қиналса бірсәрі, төрт-бес жыл бұрын Сәкеш тура қызмет жанынан орын алып берген. Бірақ ол баланың бақшада болғанынан шешесінің жанында жүгіріп жүргені көп еді. Иә, тым көп жүгіретін. Ұзын дәліздің о шеті мен бұ шетіне тарсылдатып шапқанда, тыныштық сүйер Есағаңның төбе құйқасы шымырлайтын. Ақыры бірде шыдамаған да, шыдай алмайтынын Қыдырбаеваға айтып салған. «Қайтем, ауру, бақшаға қабылдамайды», – деген ол мұңайып. «Қабылдамаса, бюл летень алыңыз!» – деген бұл сызданып. Ол алды. Апталап бюллетеньмен отыратын болды. Сәкеш екеуі бұған да шыдамай, шыдай алмайтындарын Қыдырбаеваға тағы білдірген. Шүкіршілік, бұдан соң Есағаң бюллетень деген пәлені көрген жоқ, тек кейде дәліз жақтың тарсылдап кететінін ғана еститін болған… Рас, баласы тым тынышсыз ғой. Ауылға апарып тастауының бір себебі сол болуы мүмкін. Екіншіден, ес кірген баланың көзі бар, құлағы бар… Бойдақ әйелдің үйіне келетін әйел бар, еркек бар… Баласы үйде болса, Қыдырбаева бұны ша қырар ма еді дегендей…

Каменистая көшесіне жеткенде, бала жетектеген әйел солға, Есағаң оңға бұрылды. Екі қапталы – қаздай тізілген зәулім үйлер. Иық тұсындағы шынылы дүкеннің бұрышынан «197»-ні оқыды. Қыдырбаеваның үйіне дейін әлі талай жер… Не істесе екен? Уақыт болса, алтыға тақап қалды. Есағаң алаң қағып артына бұрылғанда, өкпе тұсынан зулай аққан бір таксиді көрді. Бұл қол көтергенше, ол да тоқтап үлгерді.

Такси біраз жүрген соң көше аясы тарылып, биік үйлер біртіндеп кішірейе бастаған Есағаң қалада қанша жыл тұрса да Каменистаяның бұл жағына алғаш аяқ басқан секілді… Алды түгел, аулалы, бақшалы аласа үйлер… Түтіні бықсыған пұшық мұржалар… Терезеден гулеп үрген суық ауадан таскөмірдің көңірсіген иісі сезіледі. Үй нөмірлеріне үңіліп келе жатқан таксист жігіт кенет, «17»-ңіз міне дегендей, сол жағына иек қақты да, машинасын тоқтата қойды. Ақысын төлеп, бұл сыртқа шыққан.

Сұрғылт кірпіштен өрген екі қабатты еңселі үй. Көше жаққа қараған бүкіл терезесі жарқырап тұр. Есағаңның жүрегі лүпілдей соқты. Бойы шымырлады. Темір қақпаны ақырын ашып, аулаға кірді де, сәл бөгеліп қалды. Жым-жырт. Ептеп басып, бақ жаққа қараған жатаған баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді де және кідірді. Сосын сұқ саусағының сыртымен қара дермантинмен қапталған есікті жайлап тықылдата бастады… Жарқ етіп аулада шам жанды… Іле… шиқ етіп ашылған есіктен бұл шегініп кетті… Ортан жілікті аузына көлденең тістеген иттей, мұрты едірейген біреу тұр.

–       Не керек?! – деді ол гүр етіп.

–       Қ-қыдырбаева… – деді бұл тұтығып.

– Анда! – деп ол үй бүйірін нұсқады да, есігін сарт жауып алды.

Есағаң сүйретіле басып, үй сыртын айналғанда… бұрышта жарбиып тұрған тауық қорадай күркені көрді. Қырау басқан алақандай терезесінен болмашы жарық бозарады. Есағаң оның есігін қаққан жоқ, тұтқаға бірден қол салды… Іштен бұрқ ете түскен ыстық леп бетін шарпып өтті… Табалдырықты аттай бере көргені… аласа үстелге итіне төнген он шақты адам…

Шофер Қадырбаев… Кәсіподақ комитетінің председателі Сәкеш… Бәрі өз мекемесінің адамдары. Есік аузында шай құ йып отырған Қыдырбаева бұны шешіндіруге ұмтылды:

– Төрлетіңіз, аға! Бүгін бір коллективтің басын қосайын деп… мен де бір шаңырақпын ғой… Сәкеш қипақтап жерге қарады. Ол да бұны күтпесе керек…

Дидахмет
Әшімханұлы