ДАМУ МЕН ДАҒДАРЫС

Небір тайғақты тағдыр кешкен еліміздің ұлы тарихын, тарих бетіндегі аламыш-аламыш ақтаңдақтарды, санамызда сан жылдар бойы сарытап болып сіңіп қалған кейбір тұрақты тұжырымдар мен біржақты қағидаларды Қайта құру қайта қарап, бәріне жаңаша баға беруге жол ашты. Жалпы Одақтағы жаңаруларды былай қойғанда, республикамыздағы рухани-мәдени өзгерістердің өзін тағы да тәптіштей айту артық. Бұл мақалада біз тек әдебиет туралы, оның ішінде қазақ совет әдебиетінің белгілі бір кезеңдердегі сипаты хақында қадау-қадау ой-пікірімізді ортаға салмақпыз. Сабырмен саралап, байыппен бағамдай білсек, бұл ыңғайда айтылар сөз аз болмаса керек. Жалғыз мақалада оны түбірінен тартып, түп-түгел таратып шығу және мүмкін емес. Демек, біздің төмендегі ойларымызды – негізінен әдебиет зерттеушілері мен қаламгерлерді, сосын қалың оқырман қауымды келелі кеңеске шақыру, кеңесе отырып, «ақиқаттың ақ сәулесі түспей жатқан мынадай мәселе-лердің бетін ашсақ, сөйтіп туған әдебиетіміз төңірегіндегі көп түйткілдің түйінін бірігіп шешсек» деген ниет деп түсінген жөн.

1.

Бір ақсақалдық ғұмыры бар қазақ совет әдебиеті жөнінде бүгінге дейін көбірек оқып-естігеніміз: Октябрьден кейінгі жаңа дәуірде жазба әдебиетіміз жан-жақты дамып, гүлденді; жанр жағынан байыды, пішін-бітімі түрленді, «екі-ақ проценті сауатты» халық жарты ғасырда эпостан эпопеяға дейін өсті; әлемге әйгілі «Абай жолы» дүниеге келді, т.б. Бұдан әрі сандық көрсеткіштер: қазір Қазақстанда мынадай баспа, баспасөз орындары бар: жыл сайын олар қазақ тілінде осынша миллион өнім шығарады; қазақ қаламгерлерінің шығармалары мынанша тілге аударылды!.. Бәрі рас. Бірін де жоққа шығара алмаймыз. Сөйте тұра… халқымыздың 40 процентке жуығы ана тілін білмейді деп жылаймыз. Марапаты – анау, ақиқаты – мынау!

Бүгінгі біздер үшін ақиқатты біліп, қасіретті айтып жылау да – жұбаныш. Бәрінен де марапатқа мәз болып, қолпаш сөзге қол соғып, ұрандатып, уралап өте шыққан кешегі ұрпақты айтсаңызшы! «Бай менен молданы қойдай ду қамшымен…» Ура! «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» Ура! «Троцкийшіл-бухариншіл жау элементтерінің көзін құртайық!..» «Жасасын Сталин!..» «Бар күшімізді тың игеруге жұмсайық!..» «Коммунизм дегеніміз – химия!..» «Ел байлығы – елу миллион!..» Бәріне – ура!

Оларға неге ұрандадың, неге ураладың деу қиын. Оларды қойып, ең жоғарыдан жөн сілтеп, жол көрсетіп отырғандардың өзіне кейде кең түсінікпен қарағың келеді. Неге? Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған, табиғи дамудан тыс келген жаңа қоғамдық формация алдында жарқырап жатқан даңғыл жол жоқ еді. Бұл жолда соқтықпалы соқпақтан, иірімді өткелден өту, қиырдан қиын сүрлеу іздеу, шытырманда адасу, адас-қанда жоғалту, бәрі-бәрі заңды еді. Бұны біле тұра біреулерді жазғырып, тағы кіналап та жатырмыз. Бар былық пен шылықты әр түрлі «…шілдіктен» («Пәленовшілдік, Түгеновшілдік) іздейміз… Архивтерден іздейміз… Әруақтардан іздейміз. Iздейміз де жоғалтқанымызды жоқтаймыз… (Бүгінгіге – жұбаныш, ертеңгіге сабақ үшін бұл да мүмкін керек шығар. Тек кейде адамдығымызды, адалдығымызды ұмытпасақ)…

Иә, бүгін жоғалтқанымызды жоқтаймыз. Ал жоғалтқанымыз жеткілікті. Біз – ең әуелі, жарты ғасырға жуық уақытта жарты шындығымызды жоғалтқан халықпыз. Көпке жетпеген, көркем кестеленбеген әр кезеңнің келбеті ажарсыз. Қазақ совет әдебиеті үшін осындай кезең, біздіңше,1930 жылдардан басталады. Бұған кейінгі жолдарда тоқталармыз, алдымен сол 30жылдарға дейінгі даму барысына қысқаша барлау жасап көрейік.

Кей сәтте хронологиялық көрсеткіштер де көп жайдан сыр аңғартады. Осы орайда қазақ совет әдебиеті классиктерінің әр шығармасының соңына қараңыз. Қайсысы қай жылы жазылды екен? Олардың салыстырмалы сапасы, кезеңдік көрінісі қандай? Мысалды әуелі Бейімбеттен іздейік. Ұлы жазушының (осы сөзді бір жолы оған қияйықшы) 1986–88 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Оған поэзиясы, пьесасы, сценарийін қоспағанның өзінде 90 прозалық шығармасы енген. Сондағы 81 әңгіменің 61-і, 7 повестің 2-еуі, 2 романның (бірі – үзінді) 1-і 1930 жылға дейін жазылғаны нақты көрсетілген. 15—тен астамының аяқталған мерзімі белгісіз. Қалғаны 31–35 жылдардың жемісі болса, 36–37 жылдардың мәліметі мүлде жоқтың қасы…(?).

Бұдан шығатын қорытынды: біріншіден жазушының ең өнімді жазған кезеңі 20-жылдар. Екіншіден, ең көркем, ең шыншыл, ең ұлттық, халықтық шығармалар тудырған кезеңі де, негізінен осы аралық. Әйгілі «Шұғаның белгісін» жиырма бір жасында (1915) қара сөзбен жырлап берген қаламгер кейінгі он бес жылда қай заманда да қазақ әңгімесінің хас үлгісі болып қала беретін «Сексен сом», «Айранбай», «Түйебай», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» сияқты сырлы да сынды дүниелер ұсынды. Дүбірі көп, дүрбелеңі мол, аумалы да төкпелі жиырмасыншы жылдардағы ауыл өмірінің анық суретін, кімнің жау, кімнің дос екені белгісіз, алды мұнар, арты тұман кезеңдегі халықтық ауыр хал мен ұлттық қасіретті бір көрсек біз осы әңгімелерден көреміз. Елдің берекесін алған Мұқыш сынды «белсенділерді» де, жұртты «жынды» қылатын Желдібай Жынбаев сияқты шала сауатты атқамінерлер мен Құрымбайдай әпенді милиционерлерді де біз алғаш рет Бейімбеттен кездестіреміз. Бұл аралықта Бейімбет нені жазса да сескенбей, батыл, бар шындықты бүкпесіз, көркем жеткізеді. Сондай сом талантты, жүректі Бейімбет, жиырмасыншы жылдардың басындағы аштықты «Айт күндері» мен «Күлпашта» ах ұрып жеткізген Бейімбет 1932-нің ақ сүйегін көрмеуі мүмкін емес-ті…(?)

1916 жылғы қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілісті барынша шыншыл бейнелеген Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман», Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романдары, адамауи тақырыптағы Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» (дастан деп те аталады) романдары, Мағжан Жұмабаевтың барлық поэмасы мен ең негізгі өлеңдері сол отызыншы жылға дейін жазылып бітіпті. Олардың қалам қарымын, халық алдындағы жазушылық парызын, сонан кейін… ең бастысы – заманның ағын ақ, қарасын қара деп дәл танытқан да осы шығармалары болса керек. («Ау, Әуезовтің нағыз қалам қарымын танытқан дүниесі – «Абай жолы» емес пе?» дейтін пікір де болуы мүмкін. Біз оған төменде ораламыз).

Жоғарыда аталған әр шығарманы талдап, олардың қазақ совет әдебиетіндегі тұңғыштығын, тұмсалығын, көктемгі балаусадай көзге ыстық, көңілге тоқтығын ойтүрткі ретінде жазылып отырған бұл мақалада түгелдей таратып беру мүмкін емес. Негізгі ойымызды қолдаған сыншы, әдебиетші, қаламгер қауым болса, аталған кезең әдебиетіне жаңа көз, жаңа талғаммен жан-жақты баға беретін кез жетті. Біз тек мұндағы бір-ақ мәселеге – сол уақыттағы әдебиетіміздің ұлттық белгілеріне қысқаша тоқталып өткіміз келеді.

Алдымен, ұлттық әдебиет, әдебиеттегі ұлттық белгілер (сипат) дегеніміз не? Біздіңше, бұны үш аспектіде қарастырған жөн.

Бірінші, әдебиеттің тұтастай салалары бойынша. Мұнда кез—келген халықтың ауыз әдебиеті, оның барлық жанры сол халықтың тарихын, танымын, өзіне ғана тән тұрмыс—тіршілігін, әдет—ғұрып, салт дәстүрін танытатыны сөзсіз. Мәселен, бір ғана айтыс жөнінде қаншама әңгіме қозғауға болар еді. Демек ауыз әдебиетіндегі ұлттық сипатты ешкім жоққа шығара алмаса керек.

Екінші, мазмұндық жағынан. Кез—келген әдеби жанрдан әр халықтың басқаға ұқсамайтын тарихы, өзіне ғана сай тұрмыс—тіршілігі, тағы да сол әдет—ғұрып, салт—дәстүрі сезіліп тұрса – бұны да әдебиеттің бір ұлттық белгісі ме дейміз.

Үшінші, пішін, түр (формалық) жағынан. Бұл жөнінде сөз көп болуға тиіс. Біздің пікірге күмән—күдікпен қарайтын, тіпті мүлде келіспейтіндер де кездесуі мүмкін. Алайда ойымызды бүкпейік… Отызыншы жылдардан бастап төл әдебиетіміз ғасырлар бойы қалыптасқан кейбір пішіндік сымбатын біртіндеп жоғалта бастағандай. Жаңа өмір жаңа әдебиет жасауды алға қойды. «Социалистік реализм негізінде түрі ұлттық, мазмұны социалистік» шығармалар тудыруды талап етті. Қаламгерлер жаппай, жан—жақты іздене бастады. Оның өзіндік жеңісі де, жемісі де болғанын елемеу немесе бәрін жоққа шығару әділет емес. Әсіресе, поэзия саласындағы пішіндік тың көріністер мен халық ақындарының біраз жылғы өрлеуін әсте ұмытуға болмайды. Солай бола тұра жаңағы кезеңнен кейін баяғы еркін көсілетін қалам мен тілдің белгілі бір «қалыпқа» ыңғайлана бергенін байқаймыз. Бұны бәрінен бұрін прозаға қаратып айтқан жөн. Мәселе мынада. Қазақ жазба әдебиеті – бар халықтың әдебиеті секілді әуелгі бастауын ауыз әдебиетінен алған ғой. Ал қазақ ауыз әдебиетімен теңдесетін ауыз әдебиеті әлемде сирек екенін өзімізді қойып өзгелер әлдеқашан мойындаған. Түрмесі, зынданы, милициясы мен полициясы жоқ, кең сахараны еркін кезген халықты әмсе адамдыққа, тәртіпке шақыра білген ұлы күш осы әдебиет еді. Театры, клубы, баспасы мен басқасы жоқ, бала—шағасымен аттың жалы, түйенің қомында көшіп жүрген халыққа имандық, педагогикалық тәрбие болған да осы әдебиет еді. Оның мазмұнындағы философиялық ойдың тереңдігі, даналығы, қажет кезінде турап салар наркескендей өткірлігі, пішініндегі сұлулық, әуезділік, ән сазындай әдемі ырғақ осы әдебиеттің құдіреті еді. Ауыз әдебиетінің осындай элементтері жиырмасыншы жылдарға дейін әдебиетте ұлттық өрнек түрінде әдіптелгенін көреміз. Тіпті прозасында. Мәселен, «Шұғаның белгісіне» қараңыз: «Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп, оңтүстікке қарай жылжып-ұшып,  күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастады» деп, эпостық кең тыныспен, күшейтпелі майда ырғақпен басталатын шығарма ең соңында ғашықтық жыр үлгісімен – Шұғаның өлерде жазған хатымен, халықтық-жыр үлгісімен аяқталмай ма! Осы бір ғана тұңғыш туындыда арысы шығыстың, берісі ұлттық әдебиеттің қаншама белгілері қабысып, астасып жатыр! Күні бүгінге дейін «Шұғаның…» қолдан түспейтіні, қайталап оқи бергің келетіні мүмкін осыдан шығар. Немесе, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын еске алып көріңіз. Жанры проза болғанмен, жаратылысы поэзиядан кем оқыла ма оның? Ол аз десеңіз, осы автордың «Күнікейдің жазығын» алыңыз. «Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен—жексен шым қора, бейнеуі жоқ сұм қора» деп, билер сөзіндегі ырғақпен басталатын повестің тіл құнары өз алдына әңгіме, мұндағы бір ғана сурет – ел жайлауға аттанғанда ат жарыстырып, сөз қағыстырып, думан—дүрмекке бөленіп бара жатқан көш суреті ұлттық өнерден де, өрнектен де талай дүниені алға тартпай ма. Бұның өзі «Қыз Жібек» жырының прозадағы сарыны, әсері емес пе екен…

Қалай десек те, отызыншы жылға дейінгі әдебиеттің ұлттық нақышы мен бітімі бөлек. Бөлек болатын себебі мынада ма дейміз. Алдымен, әдебиет пен өнерде еркіндік болғанға ұқсайды. 1932 жылға дейін қаулымен қалыпқа салу, олай жазба, бұлай жаз, оны жазба, мынаны жаз дейтін нұсқау—сілтеу аз. Бұл уақытша бостандық өмірге, қоғамға сын көзбен қарауға, ойға алғанды оң сәтімен жазып шығуға жол ашқан. Нәтижесінде кейін жазу тұрмақ айтуға да қорқатын: ұлт мәселесіндегі қайшылықтар, жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, миграция, милиция, өкіл, «белсенді» сияқты «қауіпті» өріске қадам басуға екінің бірі сескене бермеген. Екіншіден, бұл тұстағы әдебиеттің ұлттық сипатының басым болуы: қазақ халқының тұрмыс—тіршілігіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктердің (шаруашылығындағы, рухани, мәдени, салт—дәстүріндегі) әлі көп ұмытылмауы, баяғы алфавитінің өзгермеуі, ұлт зиялыларының болашаққа сеніммен ұмтылысы, т.б. жайлы жағдайларға байланысты болуы әбден мүмкін.

Қысқасы, отызыншы жылдарға дейінгі әдебиетіміз – ұлттық бояуымен, шыншылдығымен, еркін дамуымен ерекшеленетін әдебиет деп білеміз. Бірақ, бұл – бұдан кейінгі жылдарда қазақ әдебиеті бар қасиетінен айрылды деген сөз емес. Әңгіме басқада.

2.

Қазақ зиялыларына алғашқы зобалаң 1929 жылы келеді. Сол жылы «байшыл, ескішіл» аталып жүрген олардың үш жүзден астамы қамауға алынады.

Сол жылы Мағжан Москвадағы Бутырка түрмесіне түседі…

Сол жылы Жүсіпбек те (Аймауытов) ұсталып, үш жылдан соң, 1931 жылы атылады…

1932 жылы Мұхтар Әуезов қамауға алынып, біраз ай абақтыда жатып шығады.

1932 жылы 23 сәуірде БК (б)П Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет және өнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы қабылданады. 50-жылдардың басына дейін әдебиет пен өнерді айналдырып алған сан қаулының ол басы еді.

Қай жағынан қарасақ та, мұндай жағдайлардан кейін әдебиете еркін даму болуға тиіс пе? Еркін дами алмаған, айтқанға көніп, айдағанға жүріп отырған әдебиет қай шындықтың бетіне тура қарауы мүмкін? Әлеуметтік ірі шындықтарды көркем жеткізуден қалған әдебиетті кім толық мәдениет дей алады? Халқымыздың қақ жартысын жалмап кеткен 32-нің апатын 1987 жылға дейін тек ұзынқұлақтан ғана естуіміз де талай сырды аңғартар еді…

Талай сырдың түбіне тереңірек үңілу үшін сөзді сол 30—жылдардағы кейбір құжаттар мен қағидалардан бастаған жөн. Соңғы жылдары «Литературная газетада» социалистік реализм жөнінде біршама пікір айтылды. Шындығында, бұл термин одақтық баспасөздерде тұңғыш рет 1932 жылы көрінген екен. Сонан соң Совет жазушыларының Жарғысына енді. Сөйтіп социалистік реализм бұдан былайғы жерде бұрынғы классикалық реализмнің орнын басады.

Әдебиет пен өнердің осы бір әдісі туралы біздің республика баспасөздері де байыпты пікір қозғауы керек болар. Сонда оның жарты ғасырдан астам уақытта мәдениетімізге не беріп, не қойғаны, оңы мен солы, күнгейі мен көлеңкесі біршама ашылар деген үміттеміз. Ал біздің әзірге айтарымыз: әдебиетімізді ұзақ уақыт бір шеңбердің ішіне қарай қақпайлап отырған көптеген қаулы—қарар сияқты «социалистік реализм әдісі» де кей сәтте еркіндік қағидасына кедергі болмады ма екен? Оның негізгі бағдарламасы дұрыс еді дегенмен, әдебиет сынына да тікелей қатысты осы әдісті кезінде біреулер бұра тартып, таланттыға таяқ, қарымдыға қару етіп пайдаланған жоқ па? Қалай десек те, ол бір жағынан жол көрсетушілік, нұсқаушылық қызмет атқарғаны анық. Ондай «бағыттамалар» бар жерде әдебиетте толық еркіндік болады дей аламыз ба?..

Ендігі әңгіме әдебиеттегі «таптық мәселе» хақында.

Революцияға бастаған – таптық қайшылық, оны жасаған – таптық күрес дейміз. 20–30 жылдардағы қоғамдық-әлеуметтік ірі оқиғалардың көбі осы «мәселе» төңірегінде өрбігені даусыз. Әдебиет сол қоғамдық—әлеуметтік өмірдің айнасы қызметін атқарғандықтан оның кең өрісінде жаңағы уақыт шындығы көрінуі заңды еді. Ол көрінді де. Бірақ қалай көрінді?

Қазақстан жағдайында: үстем тап – мал иесі, бай; езілген тап – малшы, кедей шаруа. Үкімет – кедейдікі. Оған дау жоқ. Бірақ әдебиет те кедейдікі болу керек пе еді?! Айтайық деге-німіз: отызыншы жылдардың басынан бастап (сәл әріден де) әдебиеттегі көркемдік шындықтың көп жағдайда біржақты кө-рінуі. Оның түпкі негізі – материалдық игіліктерден алатын үлесіне қарай адамдарды екі топқа бөліп тастау, яки қалың қауымның бір бөлегіне – бай, екіншісіне кедей деп қарау, бар түйінді осы тұрғыдан шешу, бар құбылысты осылайша бағалау. Заманына орай бұл мәселенің тарихи қажеттілігі мен саяси мәнінде шаруамыз жоқ, біз тек әдебиетте де адамдарды әлеуметтік тегіне қарай жіктеп, адамдық-имандық қасиеттерді соған сәйкес салмақтау, сол бойынша ұнамды, ұнамсыз кейіпкер жасауға күмәнды қараймыз. Бұның өзі әдебиетті «қалыпқа» салуға жетеледі ме екен деген ой туады. «Қалыпқа» түскен әдебиет әлеуметтік шындықтарды қыртыс—қыртысымен терең, әділетті ашып беруге мүмкіндігі бола ма дейміз. Сөзімізді қате десеңіздер, ұзақ жылғы төл әдебиетіміздегі конфискация, коллективтендіру, елді индустрияландыру, т. б. тақырыптарға арналған шығармаларды, ол шығармалардағы бай, болыс, старшын, шабарман, қожа—молдалар бейнесін еске түсіріп көріңіз. Тым тереңге бармай—ақ қоялық, олардың кәдімгі жұмыр басты пенде ретіндегі қайғысы, қуанышы, жан дүниесіндегі бұлқыныс—серпілісі, өзінің ішкі тартыс-күресі, бір сөзбен айтқанда, жеке бастарындағы драматизмі көптеген шығармада қандай деңгейде және қалай көрінген? Бұны өздеріңіз салмақтаңыздар?..

Өмірдегі, өнердегі үлкен әділетсіздік – тұтастай бір дүниені жоққа шығару. Біржақты бағалау да осыдан шығады. Ондаған жыл бойы діннің тек зиянды жағын ғана көрдік. Бірқатар ғылым саласын (генетика, кибернетика, т.б.) мүлде мойындамадық. Мойындаған дүниелеріміздің барлығын дерлік тек қоғамдық ғылымдар тұрғысынан таразылауға бейімделдік. Ұтқанымыз шамалы. Ендеше біз де осы мақалада әдебиетіміздің үш—төрт он жылдықты қамтитын үлкен бір кезеңін тұтастай жоққа шығарудан аулақпыз, шығара да алмаймыз. Және жоғарыдағы жағдайлар аталған кезеңдегі бүкіл шығармаға тән де емес. Яки біздің мақсатымызды белгілі бір аралықтағы әдебиеттің жалпы сипатын айту деп түсінген орынды. Сондай-ақ аға ұрпақты – қырық-елу жыл бойы әдебиеттің ауыр жүгін қара нардай арқалап келген алып тұлғаларды неге олай жазбады, неге тарихи  шындықтарды түгел ашып бермеді, неге көптеген құбылыс-қа біржақты қарады деп кінәлау – ыңғайсыз ғана емес, сорақылық. Сорақылықтың басы, алдымен қоғам тарихын білмеуден, сосын сол тарихқа сын көзбен қарамаудан, мәселенің тек бетін ғана көруден шығады. Әдеби шындықтың түбіне терең бойлау үшін бірінші қоғамдық шындықтар ашылуы керек—ті. Әдебиетті бағалау үшін бірінші сол қоғамдық тарихи оқиғаларды бағалап алу керек—ті. Шүкіршілік, қайта құрудың арқасында біз оған қазір жетіңкіреп қалдық. Қайта құру қағидасы – белгілі бір уақыттағы адамзаттық игіліктерді түгелдей ревизиялау емес, бәріне жаңаша қарау, адамгершілік, ар—ожданмен қарау деп білеміз. Әр кезеңдегі қоғамдық көш тізгіні кімдердің қолында, қандай саясаттың ыңғайында болғанын ескере отырып, әдебиетімізге кең түсінікпен қарасақ, аға ұрпақтың тұлғасын төменнен емес, керісінше сонау төбеден (биіктен), қаламгер ғана емес, қаһарман ретінде көреміз. Бұл сөзіміз әсіресе 50—жылдардың ортасына дейін әдебиет майданының алдыңғы қатарында болған қаламгерлерге қатысты. Неге?

Ұзақ жыл зоотехникалық-малдәрігерлік қызмет атқарып жүріп, ел ішінен 10 мың жолдай әдеби мұра жинаған Сейітқали Қарамендин ағамыз айтады: «Жас кезімде өзім де өлең жазуға үйір едім. Кейін ана ақынды ұстапты, мына жазушыны қамапты деген әңгіме көбейіп кетті. Сонда әкеміз: «Өлең-жырдың енді мұратқа жеткізер түрі жоқ. Сәкеннен артық емессің, бұл өнеріңді қой, шырағым!» деп кесіп тастаған. Қой дегенмен қоймайсың-ау, бірақ жігерің жасып қалған соң, өлеңде мән болмайды екен»…

Өнерден өстіп қол үзгендер аз ба? Өлеңнен өстіп «мән» кете бастағаны өтірік пе? «Миллиондар аштан өліп, мың-мыңдаған жан түрмеде шіріп жатқанда «ұлы жеңістер» туралы, «ұлы жеңістерге» бастаған «ұлы Сталин» мен оның нөкерлері туралы жазылған марапат, мадақ жырларды шындығында «мәнді» дүниелер дей аламыз ба? Алайда ақындардың жазығы не деп тағы ойлайсыз. Көпшілігінің түсінігі, сенімі солай болды. Жоғарыдан солай деп түсіндірді, сендірді. Екіншіден, сондай жырларымен де олар белгілі бір дәрежеде халқына қызмет етті, мұқалған жігерді жаныды, жасыған рухты көтерді… Қалам қайраткерлерінің енді бір үлкен тобы заманның ыңғайына, заңның күшіне, саясаттың ықпалына қарай еріксіз икемделіп, «шабуылдан» қорғанысқа көшті. «Шабуылдаған» Аймауытовтардың басы айдалада қалған, қорғанбаса болмайтын еді. «Бас-қа пәле – тілден», жазушыға «пәле» – хатқа түскен, хатталып—тіркеліп отыратын жазған—сызғанынан, ақыл—ойы мен қоғамға деген көзқарасынан, жоғары идеялары мен көрегендігінен. Отызыншы жылдардың басына дейін олардың біразы тасқа басылып үлгеріп, кімнің кім екені аңғарылып та қалды. Ес жиып, айла іздегенше талайлар айдалып кетті. Одан бірінші жолы аман қайтқан Мағжан сынды азаматтар жаңа заман идеяларына әлде шынымен сенді, әлде ендігі жерде бас амандығын ойлады, әйтеуір өздерінің «байшыл», «ұлтшыл» екендігін, «қателескендерін» ашық түрде мойындады. Дәлірек айтқанда, мойындауға мәж-бүр болды. Бұны – сақтың сынуы, қайраттың мұқалуы демей не дейміз?

1932 жылғы абақтыдан кейін өзінің ең қымбаты мен ардақтысы – Абайынан алғаш рет «айнып шыққан» Мұхтар Әуезовтің кейінгі бүкіл ғұмыры осы ұлы ақын төңірегіндегі ұлы күрестен; жазу мен өшіруден, өзгерту мен түзетуден, қорғау мен қорғаныстан тұратынын әдебиет зерттеушілері жақсы біледі. Сондай заманда соқтықпалы-соқпақты жолдан- Абайды аман—сау алып өтіп, Абаймен бірге халқын да әлемге танытқан Әуезовтің талантына тағзым етіп қою аз, оның күрес жолындағы тактикасына да табыну керек. Отызға жетер—жетпес жасында «Қилы замандай» өткір, шыншыл шығарма жаза білген Әуезов кейінгі ұлы дүниелерінде табиғат берген бар таланты мен құдіретін, білімі мен білгенін, күш—қуатын толық көрсете алды ма екен? Егер оған барша еркіндік берілсе, жоғарыдан қақпайлау, төменнен түртпектеу болмаса, тек бір Абайдың айналасында ғана қаншама ақиқаттың бетін ашып беруі мүмкін еді? Белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов осы ұлы жазушының бір автоцензурасы бойынша ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде «Патшалық Россияның ұлт аймақтарындағы саясаты» атты (№4-5) үш баспа табаққа жуық ғылыми еңбек жариялады. Мұнда айтылатын, Абай өмір сүрген заманның өзінде қазақ жеріне ендеп кіріп, бойлап тамыр жая бастаған миссионерлік, отаршылдық іс—әрекетті Әуезов білмеді дейміз бе? Білген. Білген соң оларды «Абай» романының қолжазба нұсқаларының бірінде сездіріп, көрсетіңкіреп жазған да, кейін оны заманның ыңғайына қарай қайта өзгертіп, жұмсартып, тұспалдап жеткізген. Аталған мақала содан сыр аңғартады. Аталған мақаладан кейін мынадай ой да туады. Әуезовтің өзін-өзі «түзеуі» осы ғана ма? «Абай жолындағы» Барлас, Байкөкше, Шұбар секілді кейіп-керлер нақты өмірде (прототиптері) кімдер? Тура өз есімде-рімен алынған Құнанбай, Көкбай, т. б. тарихи адамдардың романдағы тұлғалары өмірдегі болмыстарымен сәйкес келе ме? Сәйкес келу міндетті емес десек те, «сәл обал», «сәл қиянат» жағынан біреулер шығармаға реніш білдірер болса, автордан бұрын заманын кінәлау орынды болар. Әйтпесе, романның – қолжазбасы, не алғашқы нұсқасынан кейбір кейіпкерлер мен оқиғалардың кейін өзгеріп, өзгеріңкіреп шығуы тек әдеби көркемдікті көздеуінен тумағаны айдан анық. Шығармашылық жұмыс үстінде мұндай өзгерту—түзетулер совет әдебиетінің басқа да ірі өкілдерінде көп болған. Қолымызда толық академиялық басылымы болса, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» (бұрынғы «Адасқандар»), «Ботагөз» («Жұмбақ жалау») романдарын алғашқы басылымдарымен салыстыра отырып, олардың неге қайта жазылғанын, қай жері қалай, не үшін өзгергенін анықтау уақыт шындығын ашуға көп септігін тигізер еді. Әрине, бұл жөнінде Сәбеңнің өзі әр жаңа басылымның алғы сөзінде түсінік берген. Бірақ олар қай уақытта жазылды? Автор ол түсініктерінің өзін де заман тынысына қарай ыңғайламады ма екен?.. Әдебиетші Құлбек Ергөбеков «Алматы ақшамы» газетінде биылғы жылы (№94–107) «Адасқандар» төңіре-гінде біраз ой қозғады. Әдебиет үшін, ақиқат үшін ендігі кезеңде осындай зерттеулер керек-ақ. Ғабит Мүсірепов те «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының бірнеше нұсқасын жасаған көрінеді. Неге? Негенің сыры көп болуға тиіс.

Қысқасы, 30–60 жылдар аралығындағы әдебиетке бүгінгі қайта құру идеяларымен, кең түсінікпен, үлкен адамгершілікпен қарап, оны зор талғаммен бағалау – әдеби өмірдегі ғана- емес, қоғамдық өмірдегі де көптеген шындық түбіне терең үңілуге мүмкіндік туғызары сөзсіз. Бірақ қайталап айтамыз, бұны – әдебиеттің үлкен бір кезеңін тұтастай сызып тастау, оның танымдық, тәрбиелік жақтарын жоққа шығару, аға буын қаламгерлердің қайраткерлік, күрескерлік қызметіне күмәнмен қарау деп түсінуге әсте болмайды. Біз қайта ақиқатты аршу арқылы қылышынан қан тамған заманда қолынан қаламы түспеген ағалардың қаһармандық рухын кейінгі ұрпаққа үлгі еткіміз келеді. Біз шындықпен ғана шыңға өрмелер биік мақсаттарды көздейміз!

3.

Әдебиетіміздің келесі кезеңін біз шартты түрде 60–85 жылдар деп бөлгіміз келеді. Бұны біреулер «Тоқырау кезеңіндегі әдебиет» деп те атағысы келер. Алайда кім қалай атап, қалай бағаласа да, бір шындықты мойындамасқа болмайды. Бұл кезең аралығында әдебиетіміз пішін жағынан да, мазмұн жағынан да басқаша сипат ала бастағаны анық. Бұның мынадай себептері бар деп білеміз.

Бірінші, 1956 жылғы СОКП ХХ съезінен кейін қоғамдық өмірдің бар саласында бір жылымық есе бастады. «Халық жауларының» біразы ақталды. 50—жылдардың аяғында Сәкен, Iлияс, Бейімбет шығармаларының көбі қайта жарық көріп үлгерді. ХIХ ғасырдағы орыс жазушыларының үлкен бір тобы Гогольдің «Шинелінен» шықты десек, әдебиетімізге алпысыншы жылдары келген жас қаламгерлердің бір қатары жалғыз «Шұғаның…» – сұлу «Шұғаның…» соңынан ермегеніне кім кепіл! «Құлагердің» шабысы, «Даланың» кең тынысы, «Көкшетаудың» сымбаты шабытқа шабыт қоспады дейсіз бе?!

Екінші, бұл кезеңде әдебиет пен өнерге жоғарыдан әр түрлі бағыт-бағдарлар көрсетілгенмен дәл баяғыдай қаһарлы қаулылар болмады. Әдебиет сәл де болсын еркін дамыды.

Үшінші, өнер әлеміне балалық шақтары небір қысылшаң да қиын жолдан өткен (репрессия, соғыс, т.б.), көргені мен түйгені мол, білімді жастар көп келді.

Төртінші, қоғамдық өмірде де бір қоңыржай күндер туды. Бейнелеп айтқанда, әсіресе алпысыншы жылдар – ұзаққа созылған жауын-шашыннан кейін арқа-басы бусанып, бәйшешегі шешек атып, гүлденіп, құлпыра бастаған көктемгі кең даланы елестетер еді. Мұндай сәтте адамның махаббатты да, тұрмысты да ойға алуға, өткен бір күндерін өкінішпен, сағынышпен еске түсіріп, болашаққа үлкен үмітпен қарауы – заңды ғой. Алпысынша жылдардағы әдебиеттен алдымен осы жайлар көрінді. Жылы, шуақты көрінді!.. Содан кейінгі жылдарда ой айтуға ұмтылыс байқалды. Ойды ашық айту орға жығуы мүмкін. Ендеше оны айтудың, жеткізудің жолы қандай? Форма іздеу керек. Iздеді, талпынды. Символизм, романтизм элементтерін пайдаланып көрді. «Қауіпті» ойды астарлап, тұспалдап, мысалдап жеткізуге ұмтылды. Нәтижесіз болған жоқ. Пішіндік ізденіс жағынан кейбір талантты жазушылар тіпті шеберленіп алды. Сәкен Жүнісовтің «Өліара» пьесасында Күләнданың Ленинге қаратып айтқан сөзіне қараңыз: «… Сіз тұрғанда… біз аш та, жалаңаш та болмаймыз». Ой астары нені меңзейді? Халық кім «тұрғанда» аштан қырылды? Бұл пьеса жазылған уақытта аштық туралы ашық айту мүмкін бе еді?.. Сондай-ақ осы автордың «Қос анар» пьесасында «Қарабет» аталатын Қарасайдың тыңға байланысты айтылатын мына сөздерінің мәніне үңіліп көріңізші.

«… Әттең, не керек, осы тіршіліктің бәрі ертең асты—үстіне келіп, қара топыраққа айналайын деп тұрған жоқ па?..»

«… Бүкіл ауданның бар жері тас-талқан жыртылып жатыр. Ертең көбелек тұрмақ, тіпті тірі құсты көрмессің мына түрлеріне қарағанда…»

«… Ал осы сендер, сапаның сары даласын бас—көзге төпелеп айдап—ақ жатырсыңдар, сонда, осы мал қайда жайылмақ?» Автор алпысыншы жылдары «Жапандағы жалғыз үй» романында сездірген ойларын сексенінші жылдары пьесасында қайта білдіреді. (Бұл екі аралықта тың жөнінде қаншама мадақ шығармалар туды десеңізші!)

Біз белгілеген ширек ғасырлық кезеңде әдебиеттің бар саласында өнімді еңбек болғаны рас. Тек тарихи тақырыпта ғана ондаған романның жарық көруі – соның айғағы. Ол шығармалар халықтың өткенін танытумен бірге сан ұрпақтың рухын көтерді. Бұлармен қатар имандық—адамгершілік, экологиялық, әлеуметтік—тұрмыстық мәселелерді өзек еткен туындылардың да көпшілікке бергені көп.

Дегенмен бұл кезеңде де қалам қуаты бар күшімен, құді-ретімен танылды дей алмаймыз. Желкесінен жеті көз қарап тұрғандай екі жазып, бір сызу, Комитеттен сескеніп, Литоға жалтақтау, редакторлармен тіл табысуға ұмтылу сияқты қорғаншақтық болмай қойған жоқ. Қорғанбағандардың «артық—ауыс» сөздері жол ортада сызылып кетті. Бар кінәні сол «сызғыштар» мен білгіштерге, Комитет пен Литоға аудару – әрине, әділет емес. Ол уақытта идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттары қандай болғаны, кімдердің қолында болғаны, олар нені қалай бұрам десе, солай бұрып отырғаны белгілі. Бұның өзі, бір жағынан, әдебиеттегі кәсіпқойларға ыңғайлы жағдай да туғызды. Олар уақытша ұрандарды ураға айналдырды, баспадан, басылымнан кедергісіз өтетін тақырыптарды «таңдай» білді. Ол тақырыптар: жоғарыда айтқан тың игеру, мал шаруашылығындағы комсомол жастар бригадасы, Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу, ауыр өндіріс… тағысын тағы. Жаза білсе, тақырып байқұста жазық не, «әттеген—ай-дың» өзі марапат пен мадақта, өмірдің күнгейлі жағын көбірек көрсетуде, қолдан қақтығыс құруда, табиғатынан таныс емес тақырыптарға баруда, жазып отырғанда-ақ кедергісіз шығарудың амалын іздеуде ғой. Әдебиетті конъюнктураға, жартыкеш шындық пен айқайшыл публицистикаға апаратын төте жолдың бірі осы емес пе? Өткен күндерімізде бұның бәрі де болғанын қазір екінің бірі біледі. Бірақ үндемейді. Үндейтін кез жетті деп білеміз. Мақсат – біреудің бетін жырту емес, әр кезеңнің бет пердесін ашу.

Қорыта айтқанда, 60–85 жылдардағы әдебиетімізге тән негізгі белгілер – сілкіністер мен іркілістер осы болар.

4.

Әр кезеңнің әдеби сипаты көркем сынға да қатысты. Кез-келген шығармашылық еңбекпен бірге ол да бір «теплицада» өсіп-өнді: атмосфера, топырақ, ылғал ортақ. Сондықтан сынға кезінде әдебиетті дұрыс жолға бағыттамадың, қисайған көшті түземедің деу қиын. Көп жыл бойы ол саясаттың ығымен, уақыттың ыңғайымен жүріп отырды. Ағартушылықтан гөрі атқарушылық, көсемдіктен гөрі елшілік қызметі басым болды. Бұны амалсыздық дейміз. Амалсыздық болатыны: сыннан Белинскийді іздеу үшін алдымен әдебиеттен Гогольді ізде. Гогольді тапсаң, бір қоғамның бүкіл ішек—қарнына дейін ақтарып, аршып берген «Өлі жандар» секілді шығарманы ізде. Ондай шығарма жазылса, басатын баспаны ізде!.. Сынның өткірлігі дегеніміз, кешіріңіздер, аты-жөні белгілі бір жазушыны тіл жағынан сойып салу, іреп тастау емес, оның қаһармандығы сонда, ол жазушы қоғамды қай жағынан сойып салды, ақиқатты қалай ашты немесе қалай ашуы керек – соны көрсетуінде. Оған қауқары жоқ сын амалсыз тілді төңіректейді, пішінді сөз етеді, шығармадан аласұрып идея іздейді, қаулы—қарарды басшылыққа алады, сөзін «измдермен» тұздықтайды, ақыр соңында ойын «анасы жақсы, мынасы жаманмен» түйіндейді. Әдеиет сынында мұндай жағдайлардың көп болғанын білеміз. Кең түсінікпен қарасақ, оған ренжу де артық шығар. Біз ренжісек, әдеби  сынның кейде асыра сілтеу мен арандатуға, солақайлық пен сорақылыққа, өш алу мен есе қайтаруға жол бергеніне ренжиміз. Бұлардың құны қаншама қымбатқа түскенін де білеміз. Біле тұра енді кінәлілерді іздеп, ескі жараның аузын қайта тырнағанымыз қалай болар екен? Оның өзі әдеби ортадағы бірлігімізге, үлкен мақсат жолындағы жұмысымызға нұқсан келтірмес пе? Бұған жол бермес үшін ендігі жерде сынға зор мәдениет керек, біліммен қоса біліктілік керек. Мәдениетті, байыпты, сыпайы сынмен де көп шындықты айтуға болады. Ал айтылатын шындық аз емес. Оларды неден бастау керек?

Қайта құру өз жұмысын өткенге баға беруден бастады. Нәтижесінде қоғамдық-саяси өмірдегі талай—талай тарихи шындық ашылды. Ол ашылмай тұрып әдебиттің өткенін әділ бағалау қиын-ды. Енді жол ашық. Демек, таяу арадағы әдебиет сынының басты міндеттерінің бірі – ең алдымен жоғарыда біз сөз еткен әдебиет кезеңдеріне жеке—жеке баға беру.

Әр кезеңнің сипатын (қоғамдық-саяси жағдайлармен байланыстыра отырып) нақты мысалдармен ашу;

Қазақ совет әдебиеті классиктерінің негізгі-негізгі шығармаларын хронологиялық жағынан салыстыра зерттеу;

«социалистік реализм әдісі», «көркем әдебиетті таптық тұрғыдан бағалау» деген қағидалар бойынша ой қозғау;

«әлеуметтік тапсырма», «маңызды (актуальды) тақырып» төңірегінде пікір алысу;

«ұлттық әдебиет», «әдебиеттегі ұлттық белгілер», «әдеби көркем тіл мәселелерін кеңінен сөз ету».

Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағы алдағы уақытта «Әдебиетіміздің әр кезеңдегі ахуалы» деген немесе осы мазмұндас тақырыпта теориялық—практикалық конференция ұйымдастырса да артық етпес.

«Қазақ әдебиеті» газеті бүгінгі нөмірінен бастап, «Уақыт: ақиқат және әдебиет» деген жаңа айдар ашып отыр. Жоғарыда сөз болған барлық мәселе оның бағдарламасына кіреді.

Сөз соңында айтарымыз: әдебиет туралы әңгімеде қағаберіс қателесу, абайсызда сүріну, қайшы пікірге барып қалу әбден мүмкін. Қарама-қайшылық – диалектика заңы. Ол – дамудың қозғаушы күші. Әдебиетті дамытатын, ақиқатты ашатын да – осы пікір қайшылығы. Тек бәрі де жоғары мәдениетпен, жөнімен айтылса бопты да.

1990 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo