ГОЛОЩЕКИНГЕ ЕСКЕРТКІШ КЕРЕК ПЕ?

ГОЛОЩЕКИНГЕ ЕСКЕРТКІШ КЕРЕК ПЕ?

«Не дейд! Голощекинге ескерткіш? Жетпегені осы еді» дейсіз ғой. Деңіз. Бірақ, бізді де сәл тыңдаңыз.

Рас, айналасы бірер жылда ғана (1931-32) үш миллионға жуық халқыңнан айырған әйгілі әпербақан, қараниет хатшыға «ескерткіш керек пе?» дегеннің өзі есі дұрыс адамның сөзі емес сияқты. Алайда, атың өшкір, сол Филипп Исаевичпен бірге бізді де тескен тау асырып жібермес бұрын мынадай бір ескерткіш жобасын ойша, елестетіп көріңізші:

…Кең, ашық алаң. Алаң ортасында – зәулім биік ескерткіш. Көзіңіз алдымен оның бұжыр-бұжыр тұғырына түседі. Тұғыр деп тұрғаныңыз – тау-төбе етіп үйілген өліктер. Ең астында: неше түрлі малдың сүйектері… жал-құйрықтар, тұяқтар, мүйіздер. Одан кейін адамның: қарттардың… әйелдердің… балалардың өліктері. Сидиған сирақтар… шілбиген қолдар… үңірейген көздер… ырсиған қабырғалар… Иә, бәрі де тау-төбе етіп үйілген. Ал осы өліктерден ғана бой көтерген алып тұғырдың үстінде – міз бақпай, селт етпей, оң қолын алысқа соза нұсқап, тістеніп тұрған бір адамның қатігез де жексұрын сұлбасы…

Бұл – миллиондаған бейкүнә құрбандардың аруағына Тағзым-ескерткіш.

Бұл және – сол миллиондардың қанын мойнына жүктеген зұлымдардың атына Нәлет-ескерткіш.

Тұғыр үстіндегі «адамның» міндетті түрде Голощекинге ұқсауы да аса қажет бола қоймас. Өйткені, бүкіл «қызыл қырғынға» жалғыз ол кінәлі дей алмайсыз. Сондай-ақ, нәубет, зұлмат, зобалаң жылдар құрбандарына репрессия боздақтарын және қосыңыз. Демек, бұл тұғыр үстіндегі «адамның» жеке-жеке детальдарына қарай, біреулер оны Сталинге, біреулер Ягодаға, енді біреулер Вышинский мен Берияға да жоруы мүмкін. Яки айтайық дегеніміз: әр кезеңнің сұмдық топалаңына арнап әр жерде шошайған-шошайған шолақ белгі қоя бергенше осындай монументальды жалғыз ескерткіш неге тұрғызбасқа. Оның тұғыры жоғарыда айтылғандай кескінделсе, сан ұрпақ сан боздақтың рухына жылап тұрып тағзым етпес пе. Ал сосын… өліктер-тұғыры үстінде міз бақпай тұрған тұрпайы «тұлғаға» қарап, зұлымдық атаулыға жирене нәлет айтпас па.

Қазақ – қадымнан бері қазаны өте қасиеттеген халық. Ол көп күнәға кешіріммен қараған, бірақ қазаны сыйламаған адамға қара тастай жібімеген. Басқаны қойып, қаралы үйдің қасына ат алқынтып жеткенді ат құйрығына сүйреткен де кезі болған деседі. Сөйткен халық, сондай елдің ұрпағы қабат-қабат өлікті табанымен таптап, қасиеттінің қасиеттісін арсыздықпен қорлап тұрған қорқау жанды кешіре ала ма?…

Голощекин секілді қараниет хатшылар мен басқа да айяр басшыларға күн сайын мың-мың қарғыс айту үшін де осындай бір ескерткіш керек шығар.

Жә, бұл біздің жеке ойымыз. Енді осы ойымызға түрткі болған басты мәселеге көшейік. Дәлірегінде, бұл материалды жазуға негізінен мынадай жайлар себепші.

Турасын айтайық, қәзіргі кейбір оқиғалар бізді үрейлен-діреді. Үрейленетініміз сол: Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы «пролеткульшілдер» мен нигилистердің, жас коммунарлар мен жергілікті белсенділердің бәзбір әумесерлігі еске түседі. Олар «жасаймыз жаңа дүние» ұранымен ғасырлар бойы жасап келген қандай ғажайып мұраларды қалай қиратып, құлатқанын бүгінде баршамыз жақсы білеміз. Біле тұрып тас мүсіндердің мойнына арқан лақтырамыз. Өкінішті! Саналы деген азаматтардың тарихтан сабақ алмағаны өкінішті! Әйтпесе, Ермак, Дзержинский үшін қимамыз қышып тұрған жоқ, тарихи мұралардың тас-талқаны шық-қанына қиналамыз. Иә, біз күні өткен дүниелерді алып қоюға қарсы емеспіз, қиратып тастауға қарсымыз. Және біз алдырып тастауды емес, алып тастауды қолдамаймыз. Кімді кімдердің қолымен алдыруды да білу керек.

Қызық! Ермак ескерткіші ондаған жыл бойы қаншама қазаққа да танымдық, тағылымдық қызмет атқарды дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз өз еркіңіз. Бірақ, осы ескерткішті көрген сайын әр қазақтың бойында баскесер, басқыншы атаулыға әлдебір кек пен ызаның ылғи тұтана бергеніне біз сенеміз. Сол кек, сол ыза талай жанды тарихты білуге жетелегені де анық. Бұл «Ермакты» бекер құлаттық-ау деген сөз емес: ескерткіш те – ел тарихы, оны тек құрмет деп түсінбе, «ескерткіш» сөзінің түп мағынасы еске алу, еске түсіру, әр тұлғаға арнап тұрғызылған ескерткішке қарап, сол тұлғаның алғысты-қарғысты істерін үнемі ойға алып отырсақ қайтер деген сөз.

Сорақылықтың соңы «Ермак», «Дзержинский» оқиғаларымен біте қалса, біз де сөзді доғара қояр едік. Алайда, ендігі нысанаға «Фрунзе», «Фурманов», «Емелев» (Алматы), «Куйбышевтер» де (Көкшетау) іліге бастағандай. Қош, бұларды да құрттық делік, сонда біреулер: ау, әйтеуір революционер атаулының «көзін» жояды екенсіңдер, ендеше анау «Амангелді» мен «Тоқаш Бокин», «Жандосов» неге тұр демесіне кім кепіл… Айтпақшы, «алып тастаудың» арасында генерал «Панфилов» та бар. Оның кінәсі не? Отан үшін опат болғаны ма? Әлде соғыс жылдарында қазақ жауынгерлерінің даңқы ең алдымен «панфиловшылар» атымен шыққандығы ма? Бауыржанды құрметтейміз, ал Бауыржан құрметтеген адамға басқаша қарағымыз келеді. Әділеттік емес.

Асыққан – шайтанның ісі. Әзірге төріңді бермей, төбеңнен қарап тұрған талай «тұлғаны» уақыттың өзі-ақ біртіндеп тұғырынан түсіреді. Бір ғана мысал. Ертеңгі күні Алматыда Абылай ханға ескерткіш керек. Оны қай жерге тұрғызамыз? Әрине, өз даңғылының (бұрынғы Коммунистік даңғылы) бойына. Ондағы ең лайықты жер – II вокзалдың алды, кәзіргі «Калинин» тұрған тұғыр. Ал, «Калинин» қайда бару керек? Қазірше шартты түрде атайтын, Алаң-музейге.

Иә, алдымен Алматыға, сосын облыс орталықтарына осындай бір ашық аспан астындағы музей керек. Тұғырдан түскен ескерткіштердің барлығы сол музейге жинақталып, әрқайсысының астына қысқаша тарихы: авторы, қай жылдар аралығында қай жерде тұрғаны түгел жазылып, мәдени мұра ретінде мұнтаздай сақталса дейміз. Тарихымызды есте тұтудың бұл да бір әдемі үлгісі. Ал тарих – тек игіліктердің ғана емес, кесепаттықтың да тағдырлық беттері.

Үлгі дегенде еске түседі, біз көп жыл бойы сырттағы «үлкен ағаларды» үлгі тұтып келдік. Олар не істесе, бәрін жөн кердік. Ендігі жерде Мәскеуде біреулер Тарихқа тапанша кезеді екен деп, біз өткенімізге зеңбірек бұрсақ, жеке ел болып, өркеніміз өсіп, өреміздің биіктегені қайсы. Бірер жыл бұрын Польшада Ленин ескерткіші төңірегінде шу көтерілгенде, итальяндықтар оны сатып алуға ниет білдірді. Сонда оларға (итальяндықтарға) «Ленин» төріне тұрғызу үшін керек болды дейсіз бе? Жоқ, әрине, өнер туындысын қастерлеу – өркениетті елдердің ежелгі салты да. Бізге үлгі – сол әне.

Ескерткіштер. Ескерткіштер… Есіңе қай-қайдағыны түсіреді… Кейде ішіңнің удай ашитын да кезі бар. Неге? Айтайық, әйтеуір бұл туралы әңгіме бастаған соң… Киевтегі тұла бойы күншілік жерден көрінетін Отан-Ана монументін, Ригадағы төбесі көк тіреген Бостандық ескерткішін, Башқұртстан жерінен ары-бері өткенде алыстан андағайлап тұратын «Салауат Юлаевты», Бішкекте ұшаққа мінгенде өзіңмен бірге ұшып бара жатқандай болатын «Манасты» көргенде, көзіңе жас тығылады. Елдің елдігіне бас иіп тұрып, өз қалаңды ойлайсың. Оны ойлағанда:

«Шіркін-ай, Ереван десе – көзіңе «Давид Сосунский», Санкт-Петербург десе – «Мыс салт атты» (I Петр ескерткіші), Тбилиси десе – «Жолбарыс терісін жамылған батыр» (Шота Руставели) елестейді. Бұлар әлде қашан әлгі қалалардың елтаңбасы (эмблемасы) болып кеткен. Ал сырттағы ел біздің Алматыны несімен еске түсіреді екен?» деп қиналасың.

Расында, несімен? Басына тәж киген, жиырма бес қабатты «Қазақстан» қонақ үйімен бе? Солай шығар. Өйткені, қазақ теледидары да Алматыға бұрылса, алдымен керсететіні сол ғой. Сезесіздер ме, сол тәж киген «Қазақстан» қонақ үйі біртіндеп бүкіл Қазақстанның елтаңбасына айналып бара жатқандай… Тәж – Қазақстанның елтаңбасы?.. Қайда ұлттық белгі? Қайда «Абай?» Мүмкін, «Ол» «тәждің» көлеңкесінде қалып қойған болар? «Мыс салт аттының» жанынан кейін Исааки соборы ғимаратын салғанда, «Петр» тасада қалды деп көп адам оған ренішпен қараған ғой.

Жасырып қайтеміз, жалпы Алматы ескерткішке жарыған қала емес. Бар дүниенің көбі бірінің ішінен бірін суырып ала беретін «матрешка» қуыршағы секілді бюстер: «Емелев», «Виноградов», «Фурманов», «Жамбыл», т.б. Бейне бар, образ жоқ бұларда.

Енді бір тәп-тәуір ескерткіштер не дұрыс орнын таппаған, немесе тұғырынан шоңқиған. Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының алдындағы Мұқаңның тұлғасы төрт тұстықтан түгел көріне ме? Жоқ. Оны кемінде 15 – 20 метр алға жылжытса, сөз басқаша болар еді. Соған жетер  алаң бар сол жерде… Бұны сөз сыңайында ауызға алдық-ау,  ал Ленин даңғылы бойындағы, Оқушылар сарайының бұрышында, «жерде» тұрған Ғани Мұратбаев мүсіні туралы ашынып айтпасқа лаж жоқ. Мұндай тұғыры аласа ескерткішті ешкім еш жерден көрмеген шығар. Осы тұғырды болмағанда екі-үш метр көтеруге қалайтын тас жетпеді ме, ойлайтын бас жетпеді ме? Әлде біреулер комсомол партиядан биіктеп кетеді деп қорықты ма? Таяуда Ғанидың туғанына 90 жыл толды. Ол жөнінде газеттер жарыса жазды. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж» артық көзге көрінетін нақты іс қане? Жастар комитеті қайда?

Сондай-ақ «Арасан» моншасының шығыс жағында, 28 панфиловшылар паркінің бұрышында – «Тоқаш Бокин», Гагарин даңғылының бойында – «Ораз Жандосов» өз орнында тұр ма? О баста ойланбаған дүниеге кәзір лайықты орын тауып беру де қиын. Жиырма жыл бұрын салынған шағын аудандардан бастап, бүгінде құрылыс жүріп жатқан жерлердің бәрінде бұл жағы ескерілмеген. Ендеше бұны несіне сөз етіп отырмыз? Болашақ үшін. Болашақта әр нәрсені ескеру үшін.

Өркениетті елдер Барон Мюнхгаузеннің «Жарты бел атына» дейін ескерткіш орнатса, мына өзіміздің өзбектер Бұқарада Қожанасырға да әдемі белгі қоя білген. Осындай әдеби кейіпкерлерді де құрметтеу өрелі елдердің өркенді дәстүрі. Ал біздің Аяз би, Жиренше, Тазша бала, Алдар-көсеміз кімдерден кем? Жә, бұлар да, Алпамыс, Қобыланды, Қыз Жібек те оңдай құрметтен әзірге аулақ шығар, дәл кәзіргі сетте бізді жерге қарататыны – бүкіл Орта Азия мен Қазақстаннан Батыр атағын алған екі-ақ қызымызға, Әлия мен Мәншүкке әлі күнге Алматыда бір белгі қоя алмауымыз. Бұл – ұят қана емес – күнә. Елдігімізге сын. Ең «қызығы»: бұларға ескерткіш орнату жөнінде Қазақ ССР Министрлер Советі Отан соғысы біте салып, қаулы шығарған екен. Обалы нешік, осы мәселе хақында кезінде «Қазақ әдебиеті» газеті біраз дабыл қақты. Бірақ, амал не, айқай да, ойбай да аю басып кеткен құлақтарға жеткен жоқ.

Сөз соңында бір сырды аша кетейік. 80-жылдары баспасөзде істеп жүрген кезімізде ескерткіш туралы ептеп сөйлеуге, тіпті, лажы болса мүлде сөйлемеуге мәжбүр болғанбыз. Неге десек, алдағы біраз уақытқа (мүмкін біраз жылға) дейін мұндай құрылыстарға бөлінген мемлекеттік қаржы жоқ екен. Амал жоқ, ауызды жапқанбыз. Енді оны қайта аша бастағанда, көрдіңіздер ме, мынадай кезеңге тап болдық. Ендеше, «ақсағын қойып, сауын түгендеп алайық» дегендей, барымызға бағаммен, сауымызға салауатпен қарасақ қайтер…

1992 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo