БІРСОМДЫҚТЫҢ МҰҢЫ

Аса мәртебелі мырзалар!

Сіздерге ашық хат жазып отырған – бүгінде қара бақырлық құны жоқ, қан жылытар мұңы көп Бірсомдық деген пақырларыңыз. Әу дегеннен «қан жылау» деп ащы айқайға басқаныма айып етпеңіздер. Осы хаттың өзін қандай жерде жазып отырғанымды айтсам, қан жылаудың қалай боларын білер едіңіздер, бәлем! Бірақ, оны қайтіп айтам, қалай аузым барады?.. Е-е, дүние, дүние! Опасыз сұм, қу жалған! Кеше ғана баршамызды жұмаққа жеткізетіндей болған «Қайта құру!», «Демократия!», «Еркін валюта айналымы!» деген ұлы ұрандардың соңында өстіп иттей ұлып қалатынымызды кім білген? Бұл қорлықты көргенше Тиын-тебен бауырым секілді өткен жылы-ақ неге жым-жырт жоғалып кетпедім екен мен сорлы?! Е-е, дүние, дүние! Опасыз сұм, қу жалған!.. Тәкаппарлығым, тоңмойындығым үшін құдай мені атты ғой. Кешегі күні азын-аулақ құныма көзім қызарып, сол Тиын-тебен бауырымды да сан рет сыртқа теппедім бе мен?.. Төс қалтада сап-сары болып жатып алып, шалбардың сонау бір қуысында сылдыр-сылдыр етіп жүретін оған: «Майдасың, мелочсың! Ұсақтүйек сдачтан басқа неменеге жарайсың сен? Қайыршының қалпағы, студенттің қалтасы болмаса, өзге жерде орын жоқ саған», – деп жер-жебіріне жетуші едім байғұстың. Сондай сөзімді де кек тұтпай, соңымнан елпең қағып дөңгелеп жүретін қайран інім-ай, жалғаннан жарқырап сен де өте шықтың-ау бір күні. Ерте ме, кеш пе, «реформа» деген бәле келгенде, мен де жетермін соңыңнан. Сонда екеуіміз кездесерміз архивтің ақ туының астында! Ну, пока!

Орысшалап жібергеніме ренжімеңіздер, мырзалар. Тіршілік иесі тегіне тартпай тұра ма? Ал менің түпкі тегім, шыққан жерім өздеріңізге белгілі. Қанша құным түскенмен, Ресей деген Отаным тұрғанда, Ельциннен басқаларыңызға мен әлі де бас ие қоймаспын. Бас имейтінімді мынадан-ақ сезе беріңіздер: соңғы жаңа нұсқамда түйе табанындай «Один рубльден» басқа не бар? Түк жоқ. Бұрын, әйтеуір, бір бұрышымда бүргенің ізіндей болып «…бир сум… бір сом… бир манат…» дегендер тұратын. Енді пішту! Мықты болсаңыздар, өз ақшаларыңызды шығарып алыңыздар. Оның сыртына «манат» дейсіз бе, «теңге» дейсіз бе, не жазсаңыз да еркіңізде. Оған жетпей «тәуелсізбіз» деп шірену – далбаса!

Ау, мен неменеме жетісіп күшене, күшейе сөйлеп барам осы? Хат жазып отырған жерімнің сиқы болса – мынау. Оның қандай жер екенін айтсам… ой-ой-ой, бұл хатты басқаңызды қойып, Ельциннің өзі оқымай-ақ урнаға лақтырар еді. Ал ол кісі біле-білсе, менің дәл осындай міскін де, мүшкіл күйге түсуіме Ресейдің кінәсі аз ба? «Рынок», «свободная цена», «конвертируемая валюта» деген бәле-батырдың бәрін тапқан да, солардың ырқымен бағаны бастан асыра көтеруді алғаш бастаған да, енді түймедей «піскен» затына басқалардан түйе көтерер құн сұрап отырған да Ресей емес пе? Мұндай құдіретті қолына ұстаған Ельцин көкем қалай түшкірмей тұра алады? Түшкіреді. Сіздер «Жәрәкімалла!» дейсіздер. Тағы түшкіреді. Тағы «Жәрәкімалла!» Өстіп сіздер орамалдарыңызды дайындап, мұрны енді қашан жыбырлайды деп күтесіздер де отырасыздар… Бірақ сіздерге күлетіндей менің де бетім жоқ қой. Өйткені, қараңыздаршы, өздері шығарып отырып, өздері маған не істегенін, соңғы нұсқамның бел ортасына сақиналапсақиналап ағаш бедерін салып қойған. Бұнысы «ты – не денег, а деревяшка» дегені де. Сұмдық-ай! Қорлығы-ай!

Е-е, мырзалар, «Тірі жүрсең – көре бересің, көргеніне көне бе ре сің» деген рас екен. Осы бірер жылда менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Күндегі күнім – бір үрей. Күткенім – ылғи бір қатер. «Әне, инфляция!», «Міне, реформа!», «Доллардың құны – бәлен сом» дегенді естіген сайын зәрем зәр түбіне кетеді. Әсіресе, былтыр көктемде… әлгі ескі Елусомдық, Жүзсомдықты бір-ақ күнде репрессиялап жібергенде, жүрегім зу етіп бақай-шағымның басына түсіп кеткенін қалай ұмытайын? Сонда дей мін-ау, қалтырап қалта түбінде жатқанымда, ау зыңнан айна лайын Үшсомдық келіп құлағыма сыбыр ете түс сін. «Тс-с, қорықпа, бауырым. Павлов кез келген жерде ыбырсып жатқан сені мен мені не қылады? Оның айқасатыны – анау Лениннің басы бар алпауыттар. Одан кейін ажалын күтіп Жиырма бес, Онсомдық тұр. Ал бізге жеткенше, атаңа нәлет, кірпішаштың өзі де бір жағына шығып қалар», – деген ол. Ойпырмай, қандай көрегендік?! Айтқанындай-ақ, сол кірпішаш Павловтарыңыз жылға жетпей темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты емес пе?! Егер үкімет басында ол отыра бергенде, мына мендей макулатураны қойып, өз жағдайларыңыз не болар еді, а? Бұдан шығатын қорытынды: байқаңыздар, ақшамен ойнау «опасно», тегінде…

Жә, Павловы да, басқасы да құрысын, өз жайымды айта берейін де. Ал өз жайымды айтсам сіздерге, жазып отырған осы хатым хат емес – өлер алдындағы ақырғы зарым ба деп қорқамын. Өйткені… өткенде бір жаман түс көрдім. Түсімде… баяғыда 1960 жылы Хрущев деген қу құртып жіберген ескі нұсқам банкке келіп жүр екен. Үстінде – ақ кебін. Мені жетелеп сыртқа шығарып алды да: «Қалқам-ау, қандай күйге түскенсің, қалай құлдырап кеткенсің? Кеше ғана бір өзің жүз сіріңкеге татитын қымбаттым-ау, енді бір стақан «Таласқа» жетпей қалғаның не? Қой, бүйтіп сені тірі қойғанша өзіммен бірге ала кетейін», – деп қала сыртындағы ақ күмбездерге қарай ала жөнеледі. «Бармаймын-ау, бармаймын!» – деп ойбай салып жатып оянып кеттім. Оянған сәтте байқағаным: бір салтақсалтақ кір дорбаның ішінде әлдеқайда кетіп барады екенмін. Таныс дорба! Моншада істейтін сары шаш апамның дорбасы. Қуанып қалдым. «Қазір мені арақ-шарап дүкеніне өткізеді. Ол жерде «сдач» ретінде біреудің қалтасына түсем де, кең дүниені тағы кезіп кетем…» – деймін іштей. Сөйткенше болған жоқ, әлгі апамның тарамыс саусақтары бір бұрышымнан шымши ұстап, дорба ішінен суырып алды да, жол жиегінде отырған бір қарасақал қайыршының қолына ұстата берді. Ол: «Алла жар болсын», – деді естіртіп, сосын естіртпей: «Жарымағырдың бір сом бергені несі? Осыны да ақша деп…» – деді мұрнын тыржитып. Деді де, мытып-мытып шалбар ішіне сүңгіте салды. Ол жерде қанша жатқанымды білмеймін, не заматта қайыршының қағынып-сілкініп орнынан тұрғанын сездім. Тегі, қарны ашқан болар, буфетке барар деп түйдім. Қайда барса да мені таза ауаға тезірек шығарса екен деймін. Өйткені… шалбардың иісі… сұмдық енді! Тұншығып өліп барамын. Ол бірақ асығар емес, ағаш аяғын сықыр-сықыр еткізіп ұз-ақ жүрді… Ақыры әлдебір бетон баспалдақпен сүйретіліп төменге-е, тереңге-е түсе бастады. Түскен сайын… көзім ашып ба рады. Шалбардың манағы иісі иіс емес, әтір екен ғой деймін енді. Тағы бір мезетте әр бұрыштан дар етіп газет жыртылып, сар етіп су аққанын естігенде… мен байғұс бір-ақ білдім ғой, қара сақалдың қайда келгенін. Сонымен несін айтасың, әлден уақыттан кейін құнжың қағып, қойын қалтасынан бірдемені баптап суырды да: «Ә, бұл реклама екен ғой. Бір керегі болар», – деді… Сонан соң қолын мен жатқан шалбарға соза бергені есім де… «Осыдан басқа сен неменеге жарайсың?..» – дегені де есім де… Бұдан әрі не боп кеткенімді білмеймін. Білсем де айта алмаймын. Е-е, сұм дүние, дүние! Опасыз жалған деген осы да.

Жағдайым менің осындай, мырзалар! Шамаларыңыз келсе, мүлдем реформа жасап құртып жіберіңіздер. Қайыр-хош!

Сәлеммен Бірсомдық.

Дидахмет
Әшімханұлы