Балықтар қалай қырылады

Дидахмет Әшімханұлы,

1980 жыл, Қазақ әдебиеті газеті

Балықтар қалай қырылады

Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған төмендегі хат. Автор оны өз қолымен табыс етіп тұрып: «Мен көргенімді жаздым. Көрген көзде жазық жоқ. Керолиннен сасыған Қарасудың тағдыры қинайды» деген еді.

«Кеген ауданының малшыларына мәдени қызмет көрсетіп жүр едік, – деп басталыпты хат. – Июньнің бір шыжыған күнінде аудан орталығының жанындағы кішкентай өзеннен шөл қандырмақ болып, автоклубымызды кілт тоқтаттық… Суға жақындай бергенімізде бір жағымсыз иіс аңқып қоя берді… Керолиннің иісі! Өзеңге үңілсек, әншейінде түбіндегі бір тал балдыры көрініп жататын мөп-мөлдір суы бөздей бозарып кетіпті. Жағасындағы құмдауытта өліп жатқан балықтар да көрінеді. Бауырлары ағарған кейбіреулері бұлқынып-бұлқынып қояды. «Япыр-ау бұл қайдан келген індет?» дегендей маңайымызға көз саламыз. Сонау ұзын ақ көпірдің арғы жағынан қою шаң көрінеді… Шаңның арасында иіріле айдалған қой… «Шәй-шәйлаған» шопандар. Оның бергі жағында гүрілдеген мотор үні… Анықтап қарасақ, сол тұста қой тоғытылып жатыр. Дәу де болса керолин қалдығы осы Қарасуға құйылатын шығар деп түйдік те, пунктке жүріп кеттік.

Ойлағанымыз расқа шықты. Қой тоғыту пунктінен қойлар сілкініп, үстеріндегі керолиндерін сорғалатып шығып жатыр екен. Пункттің солтүстік ернеуінен терең жыра қазылыпты. Одан аққан керолиннің аппақ қалдығы төмендегі Қарасуға бет алған.

Сұрастыра келсек, бұл пункт «Қызылту» қой совхозынікі болып шықты. Білекті сыбанып, жұмысты қыздырып жатқандардың бәрінің көзі қойларда… керолинде. Қарасуға қарауға тіпті уақыттары жоқ сияқты. Бұл қалай? Совхоз басшылары да бұны көрмегені ме? Қойдың қамын ойлау – халықтың қамын ойлау екені рас. Ал сонда Қарасудың қамын кім ойлайды?»

Мәжит Күдерин, автоклуб меңгерушісі.

Хат бізге де ой салды. «Мұндағы фактілер рас па? Рас болса Қарасуға қашанғы керолин құйыла бермек?» деген сұрақтар да көкейге оралды. Сосын дереу жолға шықтық.

Біз отырған Алматы – Кеген автобусы Кеген селосына тақай берді. Осы мезетте жанымызда күн ұзақ қалғып-мүлгіп отырған ши қалпақты жігіт ағасынан «Қызылту» совхозының кеңсесі қайда орналасқанын сұрадық.

– «Қызылту» дейсіз бе? – деп ол бізге ырғала бұрылды. – Жәйша сұрадыңыз ба?

Біз оған жәйша емес екендігін айта келіп, жұмысымыздың мән-жайын түсіндірген болдық. Ол «һі» деп, басын шайқап қойды.

– Қызық екен! Соған бола сонау Алматыдан келе жатырмын деңіз… Қарасу дегенді бір үлкен өзен деп ойлаған шығарсыз-ау. Ол өзі бір кішкентай бұлақ қой… Соған бола… һі.

Мына «соған боласы» бізді қысылтайын деді. Сонау Алматыдан арнайы сапармен келе жатқан осы жұмысымыз ол үшін түкке тұрғысыз сияқты. Мүмкін, шынында түкке тұрғысыз шығар?

– Сол Қарасуға керолин құйыла ма? – дедік сосын.

– Көргем жоқ, – дейді ол иығын қиқаң еткізіп.

– Сол Қарасуда балық бар ма? – дейміз біз тағы.

– Одан кім балық аулапты! – дейді ол мырс етіп.

Және біраз сөйлескен соң, ол өзінің сол «Қызылту» совхозының кіші басшыларының бірі екенін айтты. Бірақ өз айтуынша «мал шаруашылығында қатысы болмағандықтан керолин-меролинде» шаруасы жоқ көрінеді. (Сондықтан «соған бола» дегендей, бір сөзіне бола аты-жөнін атап қайтеміз).

Ертеңінде таңертең қой тоғыту пунктіне жаяу жүріп кеттік. Пункт аудан орталығының оңтүстік батыс жағында екі жарым шақырымдай жерде екен. Біз оның жанына келгенде арғы жағынан бір жап-жас жігіт шапқылап кеп, алдымызға тоқтады… Таныстық. Осы қой тоғыту пункті мен жүн қырқу пунктінің күзетшісі Бақытжан Кәкеев деген жігіт екен. Біраз әңгімеге де тарттық.

– Қой тоғыту аяқталғалы қанша уақыт болды?

– Бір айдай болды.

– Сол кезде мына пункттен аққан керолин Қарасуға қосылушы ма еді?

– Қосылушы еді.

– Жөн-ақ… Ал Қарасуда балық бар ма?

– Ұсақ балық бар. Баяғыда бала кезімізде көйлекпен сүзіп, бір қарыстайын да ұстайтынбыз. Одан бері балық аулап көрген жоқпыз… Жүріңіз, суға барайық, мүмкін сізге де кезігіп қалар.

Бұлақты жағалай бастадық. Айтса айтқандай-ақ Қарасудың суы бір құлақтық қана екен. Арғы жағына секіріп өтуге болады. Мөп-мөлдір суы сылдыр-сылдыр ағып жатыр. Жағасы батпақты-сазды. Жиегінде қаулап өскен мық, қараған. Ақ көпірден недәуір төмен барып, қайта жоғары өрледік. Томарлардың үстіне шығып, басып-басып қаламыз да суға қараймыз. Үркіп шыққан балық жоқ. Сосын тағы жоғары өрлей түсіп, кішкентай иірімдерге үңілеміз. Ештеме көрінбейді. Өстіп қой тоғыту пунктінің тұсына дейін келдік.

– Пунктке таза суды мына насоспен алады, – дейді Бақытжан диаметрі 8 сантиметрге жуық ұзын құбырды нұсқап.

Құбырдың бір ұшы суға малынған екен де, екінші ұшы 70-80 метрдей жердегі (сәл жоталау) пунктке жалғасады екен. Несі бар, өте жақсы! Шаруашылыққа техниканы пайдаланғанға не жетсін… Осыны ойлап тұрып, кенет суға көзіміз түсіп кетіп еді, сұқ саусақтай екі-үш шабақ су ішінде зу-зу ете түсті. Сонан кейін бір томарды сілкілеп едік, тағы бір-екеуі көрінді. Кішкентай демесең аты балық. Демек, Қарасуда мүлде балық жоқ деп айту ағат болады ғой.

Құбырды бойлап пункттің тура өзіне келдік. Әдеттегі қой тоғыту пункттерінен бұның құрылысы бөлектеу болып шықты. Мұндағы жұмыстың бәрі техника күшімен атқарылатын сияқты.

– Керолин ваннасының сыйымдылығы қанша? – дейміз Бақытжаннан.

– Оны басшылар біледі ғой. Әйтеуір күніне алты отарды тоғытып шығарады.

– Ваннадағы керолинді неше күнде бір жаңалайды?

– Оны да басшылар біледі ғой.

Бұдан соң біз жұмысымыздың негізгісіне көштік те, пункттен ағатын керолиннің (отходтың) жолымен төмен бойладық. Бұл өзі тереңдігі де, ені де бір метрдей терең жыра екен. Қой тоғыту науқаны аяқталғанына біраз уақыт болса да жыра ішіндегі керолин қалдығы әлі құрғамапты. Көңірсіген иісі мұрын жарады… Жүріп келеміз… Керолин жырасы жетпіс метрге жуық созылып барып, кілт тұйықталыпты. Тұйықталып та емес-ау, шұғыл имек жасап, кері бұрылыпты. Яки сым темірдің басын игендей параллель жыра түзілген. Тегі жыраны қазғандар жаңағы доғалға толған су бұдан асып кете алмас деп ойласа керек. Амал не, тура сол доғалдан асып-төгілген керолин етектегі қырық қадам Қарасуға құлаған. Ізі сайрап жатыр. Иісі әлі де бұрқырап тұр. Керолинмен бірге ілесіп келген қойдың жүн-жұрқасы суалған арнада жабысып жатыр. Осы ізбен біз Қарасуға құяр жерге дейін барғанда Мәжит Күдерин жолдастың сөзіне иланғандай болдық. Керолиннің суға құйылатыны рас екен.

Енді мынаған қараңыз. Жаңағы керолин асып-төгілген доғалдың батыс жағында небәрі жиырма-ақ метр жерде үй орнындай үлкен шұңқыр жатыр. Арнасы түгел қиыршық тас. Егер осы екі ортаны жырып тастаса, керолин сарқырап сонда құйылар еді. Ол керолин қиыршық тастың арасына қандай тез сіңер еді. Соны істемегендіктен, «соған бола» Қарасу қаншама ластанды? Міне, «соған бола» қаншама сөз туып отыр.

«Соған бола» түс әлетінде қауырт шаруамен отырған совхоздың бас мал дәрігері Болат Бекпентаевты мазалауға тура келді. Қой тоғыту пунктінде болып қайтқанымызды айттық.

– Пункттің құрылысы қалай, ұнады ма? – деді ол.

– Ұнады, – дедік. Басқа не дейміз, ұнағаны рас. Бәрі механикаландырылған. Бұның өзі шаруашылыққа аса тиімді ғой.

– Мұндай пункт бүкіл аудан бойынша біреу-ақ, – деді ол. – «Полтава» деп аталады. Науқан кезінде онда екі-ақ адам жұмыс істейді. Сол екі адамның өзі күніне алты қора қойды оп-оңай тоғытып шығарады. Бір отарда қозысымен есептегенде мыңнан астам бас бар. Сонда әлгі пункттен күніне 6 – 7 мың қойды шығаруға болады.

– Өте жақсы дейміз біз. Егер әрбір совхозда жұмыс күші осылай үнемделсе нұр үстіне нұр емес пе?

Бас мал дәрігері бұдан әрі сол пункттердің керолин ваннасының сыйымдылығы 24 тонна екенін, оны екі күнде бір жаңалап отыратынын айтты. Сонан соң оның «отход» керолині Қарасуға қосылатынына күмән да білдірді. Бірақ біз көріп келген жағдайды толық түсіне келе, сөзімізге құлақ асуына тура келді.

…Ендігі әңгіме балық хақында. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, Кеген селосы төңірегінде төрт Қарасу бар екен. Бәрі де бір құлақтық қана. Шағын. Соның төртеуінде де балық бар көрінеді. Балық болғанда, әрине, білектей-білектей табан емес, ұзындығы бір қарысқа жуын аған, итен атты балықтар. Бұны селоның көпшілігі айтады. Ал кейбір басшы жолдастар бергі Қарасудан (керолин қосылған Қарасуда) балық көргеміз жоқ дейді. Ал енді осыны ой сарабына салайықшы. Біріншіден, бергі Қарасудың керолин қосылмаған жоғарғы ағысынан ұсақ шабақты біз өз көзімізбен көрдік. Екіншіден, жоғарыдағы хатты жолдаған Мәжит Күдерин балықтардың өліп жатқанын, өлгелі жатқанын өзімен бірге жүрген автоклуб шофері А. Оразалиев пен М. Узировтың да көргенін айтады. Үшіншіден, жоғарғы төрт Қарасу да Кеген өзеніне құяды. Кеген өзенінде балық бары әмбеге аян. Ендеше үш Қарасуға өрлеген балық бергі Қарасудан неге үркеді?… Үркуі де мүмкін-ау. Өйткені бір маусымда совхоздың 80 мың қойы керолинге түссе, олар түсетін ваннадағы лас су 10 – 15 күнде (бір маусымда) 3 – 4 рет Қарасуға қосылса, қазір одан кезек балық күту де қиын ғой. Және бір ескертетін жағдай: июнь айында балықтар уылдырық шашуға жоғары өрлейді екен. Дәл сол уақытта «сорларына» қой тоғытуда басталатын көрінеді. (М. Күдериннің автоклубы Қарасуға тура осы уақытта барған).

Керолин тек балыққа ғана зиянды ма? Жоқ. Тағы да тұрғындардың сөзіне қарағанда, бергі Қарасуда терісі аса бағалы ондатра бұрынғыдай емес сирек ұшырасатын сияқты. Ол неден үрікті?..

Кеген жерінде аң, балық шаруашылықтары жоқ. Демек Қарасуға құйылған керолиннен мемлекет айтарлықтай зиян да шегіп жатқан жоқ. Бірақ өстіп туған табиғатты аяламаудан, басшылардың тек шаруашылық қамын ойлаудан республикамыздың бір жерлерінде қоғам байлығы кеміп те отырған шығар?.. Кегеннен қайтарда біз осыны ойладық та, астанадағы «Казахрыбвод» басқармасына баруды жөн көрдік.

Басқарма бастығы Ысқақ Махмұтұлы Өтеғалиев жолдас сөзімізді ықыласпен тыңдаған соң:

– Балықтардың уланып өлуі соңғы жылдары республикамыздың біраз жерінде кездесіп отыр, – деді. – Бұған басты себеп – жаңағы «Қызылту» совхозы сияқты кейбір шаруашылықтар мен өнеркәсіп орындарының улы химикаттарды абайлап пайдаланбауы дер едік. Мәселен, бір совхоз химиялық тыңайтқышты өзен бойына шашады. Ол тыңайтқыш жауын, қар суымен ериді де, өзенге қосылады. Енді бір завод суды зиянды қалдықтарымен былғаса, тағы біреуі мұнай өнімдерімен ластайды. Нәтижесінде балық көптеп қырылады да, балық шаруашылықтары үлкен зиян шегеді. Осының бәрі әлгіндей совхоз, завод басшыларының қырсыздығынан туындаса керек. Бірақ барлық кінәні оларға да артуға болмайды. Егер кәсіпорын дұрыс жерге орналастырылмаса, балыққа одан да келер зиян көп. Демек, оны орналастыруға қатысқан адамдар да айыпты. Бұл айтқандарымызды дәлелдейтін мекемемізде документтер де бар. Танысуыңызға болады.

Таныстық. Міне, алдымызда бума-бума папкалар… Папкалардың ішінде толып жатқан актілер… актілерде қызық-қызық фактілер… Оқимыз. Оқимыз да ойланамыз. Мысалы мынаған қараңыз.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Күршім» совхозы орналасқан төңіректегі Бұхтырма су қоймасында 1977 – 1979 жылдары табандар (лещь) жаппай қырылған. Тек өткен жылдың 11 июнінде ғана 200 мың өлі балық жағаға шығып қалыпты. Ихтиология мамандары оларды зерттегенде ішкі органдарынан амин тұзы мен метафос (улы химикаттар) табылыпты. Ол қайдан келген? Бұған жауап мынау.

«Күршім» совхозы балықтар уылдырық шашуға шығатын июнь айында амин тұзы мен метафосты көп мөлшерде суға жіберіп алған. Соның нәтижесінде аталған совхоз балық шаруашылығына үш жылда 1304360 сом зиян келтірген. Бір қызығы, осы совхоздың үш жыл қатарымен «қателесе» бергені таң қалдырады.

Тағы бір факт.

Ақтөбе облысы Ленин ауданындағы Қосістек өзені 1979 жылдың 13 – 19 июнь аралығында аппақ болып ағыпты. Себебі Ленинск селосындағы май заводының орталық канализация жүйесі жарылып кетеді де, оны тез қалпына келтірмегендіктен заводтың бар шіріндісі өзенге құйылады. Бұдан балық шаруашылығының шеккен зияны 300582 сом.

Сондай-ақ тағы осы облыстағы С.М. Киров атындағы Ақтөбе химия заводының фенальдық насос станциясы 1978 жылдың декабрінде жұмыс істемей қалу салдарынан 610000 сомның балығы қырылған.

Алдымызда әлі де папкалар көп. Папкаларда актілер мен фактілер де көп. Оның бірі жанармайдан қырылған Қарағандыдағы Самарқант су қоймасындағы балықтар жайлы айтса, енді бірі Солтүстік Қазақстандағы Пестрое көліндегі оқиғаны баяндайды.

Жоғарыдағы оқиғалардан байқаған шығарсыз, балық неден қырылған? Керолиннен де, амин тұзы мен метафостан да, қыл аяғы май заводының шірінділерінен де қырылған. Ал түбін қуып келгенде, сол балықтар кейбір басшылардың қырсыздығынан шіріген, қырылған.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo