АҚЫЛ ТІС

Дені дұрыс баланың қасқа тісі алты айлығында-ақ қасқайып шыға келуші еді. Ал Алматик алты жасқа келсе де аузында не қасқа тіс жоқ, не басқа тіс жоқ – әлі қызылиек қалпы. Қызылиек баланың қызыл өңешінен тәтті торт болмаса, қатты құрттың өте бермесі белгілі. Торт деген не тәйірі, тәтті тағамдар дүкенінде істейтін мамасы маңдайына басқан жалғыз ұлына торт тұрмақ пейіштің асын да тауып берер еді, бірақ алты жасқа келгенше баланың қызылиек болып жүруі жанға батады да. Жанға бататын және бір жағдай – Алматиктің тісі шықпаған соң, тілі де шықпай жүр. Мамасымен дүкенге барса, ол бір нәрсені «сатып әпер» деуге тілі келмей, «шатып әпей» дейді де тұрады. «Шатып» деген сөз мамасының шамына да тиеді. Ақыры бір күн әбден қиналған мамасы Алматикті тіс дәрігеріне алып келді.

– Жаман, жаман, – деді дәрігер баланың қызылиегін көрген соң.

– Шаман, шаман, – деп қойды баланың өзі де «ж»-ға тілі келмей.

– Мына қызылиекпен қалай аштан өлмей жүрсің? – дейді дәрігер балаға.

– Өймейім. Мамам тойт шатып бейеді, – дейді бала.

– Кішкентай кезінде не тамақ бердіңдер? – дейді дәрігер енді оның мамасына.

–       Бір жасқа келгенше емшек емді.

–       Сосын?

–       Екі жасқа келгенше құйрық май сорды.

–       Сосын?

–       Үш жасқа келгенше қаймақ, кілегей жұтты.

–       Сосын?

–       Сосын, міне, алты жасқа келгенше тек торт жеп жүр.

–       Қатты құрт жеп көрді ме?

–       Қызылиек құртты не қылсын?..

–       Қатты нан жеді ме?

–       Торт тұрғанда қатты нанды қайтеміз?..

– Жаман, жаман… Бала қатты бірдеңе жесе, қызылиегі жарылып, тісі баяғыда шығар еді. Енді мынаны шайнап жүрсе, бір-ақ жылда аузы тіске толады, – деп дәрігер кесенің түбіндей каучук сақинаны Алматиктің қызылиегіне қыстырды.

* * *

Айтқандай-ақ, Алматиктің қызыл иегіне бір-ақ жылда тіс тізіліп шыға келді. Тіс шыққан соң тілі де шықты. Бір қызығы, баланың тілі былдырлап шығушы еді, Алматиктің тілі мылжыңдап шықты. Бухгалтер әкесі үйде есеп-шотының тастарын сарт-сұрт соғып: «Дебит», «кредит», – десе, Алматик қасығын столға тарс-тарс ұрып: «Дебит-кредит – папа бредит», – деп қояды. «Молодец! Алматик әлі зор поэт болады», – дейді әкесі баласының арқасынан қағып. «Әрине, бұл зор поэт болмағанда, дармоед болады дейсің бе?..» – деп мамасы ұлының маңдайынан иіскейді.

* * *

Дені дұрыс баланың сүт тісі жетіге келгенде түсіп, сүйек тісі қылтиюшы еді. Ал Алматиктің сүт тісі он екіге келгенде ғана түсті де, сүйек тісі көрінбей-ақ қойғаны. Сүйек тісі болмаған адам сүйек кеміріп, сүйекті сөз сөйлей ме, Алматик тағы да папасы мен мамасына: «Мотошикл шатып бей, гитая шатып бей», – деп тілін шайнаған да қалған. Өстіп он төртке келгенде, мамасы оны тағы да дәрігерге алып келді.

– Жаман, жаман, – деді дәрігер Алматиктің аузына қарап тұрып. – Алманы көп жеуші ме едің?

– Көп шейтін едім, – дейді ол.

– Балаға алманы көп жегізуге болмайды. Өйткені алманың құрамында темір өте көп болады, – дейді дәрігер Алматиктің мамасына. – Ал қаттыдан не жеуші еді?

– Грек жаңғағын… Қытырлақ мәмпәсиді.

– Япыр-ай, ащы астан аузы құр қалған екен. Енді қызылиегі қуырылып қалса да бұған пияз, сарымсақ беру керек. Бұл екеуі де тіске өте пайдалы.

* * *

Дені дұрыс адам жиырмадан асқанда азу түбіндегі ақыл тісі қылтиюшы еді. Ал Алматик жиырма жетіден асса да да әлі ақыл тісі жоқ. Ақыл тісі болмағандікі ме, ақылы да жоқ. Жиырма беске толғанында папасы «шатып» берген «мотошикліне» мініп, «гитаясын» асынып, ерте кетеді, кеш келеді. Істеп жүрген жұмысы жоқ. «Япыр-ай, осы бала зор поэт болмай, дармоед болмаса етті!» – дейді енді әкесі қиналып. «Қойшы әрі, ақыл тісі шыққан соң ақылы да кірер», – дейді мамасы ертеңінен үміттеніп. Дегенмен, және бірер жыл өтсе де, Алматиктің ақыл тісі көрінбейді. Сосын шыдамы таусылған мамасы оны тағы да дәрігерге жетелеп жетті.

Дәрігер жиырма сегіздегі Алматиктің аузын ұзақ қарады. Сосын ұзақ басын шайқап тұрып:

– Балаңыздың ақыл тісі баяғыда шығыпты. Бірақ… қанқұрт

кеміріп қойыпты, – деді. Мамасы күрсінді. Баласы ыржиып күлді.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo