Ар алдында

Ар алдында

…Міне спектакль аяқталып та қалды. Сахнада қазір соңғы көрініс. Бір жарым сағат бойы тайталасып тартысқан ақ пен қара, дәлірек айтқанда, жақсы мен жамандық күресінің түйіні шешілер сәт енді тақады. Ғұмыр бойы жақсылықты жағадан алып, текедей тіресіп келген арамзалықтың әбден әлсіреген шағы – жеңілген шағы. Бұл – Ақтанның жеңген, Қаратанның жеңілген шағы… Иә, өмірде Ақтан іздеген әділет пен ақиқат бар. Ұлының жүрегіне жара салудан қорқып, жылдар бойы жалған мылқау болып көрінген кәрі ана да ақыры ақиқаттың алдында ащы да болса ашығын айтуға мәжбүр болды. Қара басының қамы үшін бәрін де құрбан етіп, жалғанды жалпағынан басып келген Қаратан да тұйыққа тірелді. Ақиқат пен әділет алдында одан бел баласы да безінді. Ақтан тазалықтың, ақ махаббаттың белгісі ретінде Айгүлден қалған бойтұмарларды соңғы демі біткенше ардақтап келіп еді. Бұл бойтұмар ізгіліктің де белгісі болатын. Енді сол асыл дүние Қаратан баласының мойнында қалды. Демек, Ақтанның ендігі адал жолын жалғастырушы жас ұрпақ.

Драматург Оралхан Бөкеевтің қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылып жатқан «Текетірес» аталатын драматикалық диалогі, міне, осындай шешіммен аяқталады. Мұнда ең бастысы салмақты ой бар. Кейіпкерлердің әр сөзі астарлы. Бәрінің түп мағынасын түсіну көрермендер үшін оңай да емес.

Сонда ол қандай ой? Драматург не айтқысы келген?

Адамдар мен табиғатты барынша сүйіп, сол жолда жанын шүберекке түйген Ақтан көкірегіндегі қасіреттің сыры тереңде. Бала жастан басталған Қаратан екеуінің арасындағы тартыс Ақтанның азаматтық бейнесін біртіндеп биіктете түсті.

Осы тұста айта кететін жай: үстірт қарағанда спектакльдегі негізгі тартыс Ақтан мен Қаратанның арасында өтетін сияқты. Шындығында, бұл жерде тағы бір тартыс бар. Ол – Ақтанның өз басындағы тартыс, өзі мен өзінің арпалысы. Спектакльдегі Ақтан-1, Ақтан-2 осы ойды мегзейді. Бұл көрініс, әсіресе, Ақтанның Тәңірқоймасына түскен сәттегі өзі мен өзінің арпалысынан анық көрінеді.

Рас, кез келген адам кез келген ситуация үстінде әртүрлі шешімге келеді. Өз басындағы мың сан ойдың қайсысы дұрыстығын білмей арпалысады. Демек, майдан дегеніміз тек екі адамның бір-біріне мылтық кезенуі емес, бір адамның өзі мен өзінің де айқасы болса керек. «Текетірестің» басқа қойылымдардан ерекшелігі де осында. Шығармадағы осы шешім автор мен жас режиссер Әубәкір Рахимовтың творчестволық ізденістерінің жемісі дер едік.

Ақтан – ішкі жан дүниесінің иірімі мол күрделі тұлға. Қаратанмен де, өзімен де тартысқан ол үміт пен торығудың, сенім мен сергелдеңнің, қуаныш пен қайғының екі ұдай ортасында жүреді. Мұндай жанның психологиясын жете меңгеріп, сахнада күрделі образ жасау актерге оңай түспейтіні белгілі. Бұл ретте жас актер Оразхан Кенебаев сәтті қадам жасаған. Алдымен ол Ақтан табиғатын жақсы игерген. Осының нәтижесінде Ақтанның сахнадағы бейнесі көркем образ дәрежесіне көтерілген.

Драматург Қаратан арқылы қара басының қамы үшін ғана өмір сүретін, қарсы келгеннің «қанын шығармай сойып, жүнін білдірмей жұлатын», дүниенің барлық асылын өңешімен ғана өлшейтін кейбір кертартпаларды сахнаға сүйреп шығарған. Бұл рольді театрдың белгілі актері, Қазақ ССР халық артисі Мүлік Сүртібаев мүлтіксіз ойнап шықты дей аламыз. Актер ойынынан үнемі қаталдық пен қатыгездік, қулық пен сұмдық қатар сезіліп тұрады. Ойын сәтіндегі шалт қимылдары мен өзін суық ұстауы да Қаратан образын аша түседі.

«Текетіресте» қатпары қалың астарлы сөз, көп мағына тастайтын диалогтар, түйіні берік философиялық ойлар баршылық. Бұлар Ақтан мен Қаратанның қақтығыстарында ғана емес, спектакльдегі басқа да кейіпкерлерден көрініп отырады.

Спектакльдегі көне көз қария Деліқұлды театр сахнасындағы бітімі бөлек тұлға десек ағат болмас. Бірақ, оның образдық ерекшелігін бағалай келе ешкімге де ұқсамайтын дара тұлға екеніне көзіміз жетеді. Ол сахнада көрермендердің көңілін аулап жүрген жан емес, талас-тартысқа өз бағасын беретін, соны әр көрініс соңында түйіндеп отыратын адам. Бұл образды жасауда Есболған Жайсаңбаевтың ізденісі мен еңбегін атап өткен жөн.

Ақтан мен Қаратанның текедей тіресетін жері – көпір. Тартысты тура осы жерде құру табылған шешім. «Тоқсан тоғыз жолдың түйісер жері» де осы көпір, символикаға үңілер болсақ, ар алдында соттасар жер де осы ара. Олай болса, театр декорациясы да сәтті дей аламыз. Шығарма кеңістігін жақсы сезінген суретшінің орман келбетін әдемі де әсерлі бейнелегенін атай отырып, көпірге аз көңіл бөлгенін де жасырмауымыз қажет. Драмадағы автор концепциясы осы көпірде шешілетіндіктен, ол көрермен көзіне бірден ілігуі керек еді. Екіншіден, мұндағы Тәңірқоймасының белгісі – тек бір ағаш баспалдақ қана. Ал Тәңірқоймасы Ақтанның ар алдындағы арпалысқан жері. Көрермен жұрттың жалғыз баспалдақты Тәңірқоймасы деп білуі неғайбыл.

Шағын мақалада актерлерге толық тоқтап өтудің реті келмеді. Бірақ, «Текетірес» жөніндегі пікірдің бұл соңы болмауы керек. О. Бөкеевтің драматургия саласындағы бұл жаңа шығармасына әлі де пікірлер айтылар. Спектакльде сәтті ойнаған Қазақ ССР халық артисі Б. Римова (мылқау кемпір), артистер Ұ. Сұлтанғазин (Жұмбақ адам), Ж. Қайырлиев (Ақтанның ұлы) табыстарын да айтуға тиіспіз.

Дидахмет Әшімханұлы,

1979 жыл. Қазақ әдебиеті.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo