Арнау. Сәрсен Кадыр

Дидахмет Әшімханұлына

               Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені.

                Бота күнгі мекенін боздап, іздеп келеді,

                жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.

                                      Д.Әшімханұлының «Жер аңсаған Сарыатан»

                                          повестінен.

Қайран, Дидақаң-ай, қайран аға,

Жүрегін пәктің нұры шайған аға!

Бір жұлдыз өзің ең ғой, қаракөкте,

Адасқан қазақ сынды қайманаға.

Емініп жер аңсаған Сарыатаның,

Біздің де, оятып ед, дала таңын.

Біз сені күтуші ек ғой, бір соғар деп,

Сағынған шыңдарынан Манатаның.

Алаштың түбін түптеп, бел Тұраннан,

Төркі жұрт түбін қуып кетіп әрман,

Мәз болып қалушы едік, қуанысып,

Біз сені көрген шақта экраннан.

Іш тартып бізге жүрдің, неге сендің,

Бауырдай араластық ел есен күн,

Содан соң құда болып шықтың ақыр,

Жездесі болып шығып жеңешемнің.

Жалған-ай, соның бәрі елес пе еді,

Сағымдай жоқ болатын белестегі,

Неге осы бес күн жалған, үш күніндей –  

Жақсының аз болады кеңестері?

Қош енді,  бұл пәниден озды ағам-дүр!

Жүректің қыл-пернесін қозғаған жыр.

Қосылып Катондағы Қарағайға

Маңғыстау егіледі, боздаған Қыр!

Сәрсен Қадір, Маңғыстау.

2015.

Дидахмет
Әшімханұлы