Қазіргі қазақ филология ғылымы төңірегіндегі кейбір ойларымды қағазға түсіруге түрткі болған – белгілі өнер зерттеушісі, журналист, аудармашы әрі эстет-ғалым Сауытбек Абдрахмановтың бұдан бірер жыл бұрын жарық көрген «Біздің Пушкин» атты ғылыми зерттеу кітабы. Бұл еңбек жөнінде кезінде баспасөз беттерінде біраз материал жарияланған. Рецензия сипатындағы ол материалдарда кітаптың құндылығы, маңызы, мазмұндық-пішіндік болмысы хақында әділ баға, оңды пікірлер болғаны есімде. Ал енді одан қалған масақты мен терейін деп отырғам жоқ. Жарық көрісімен оқып шыққан кітапқа араға уақыт салып, қайта оралуымның мынадай себептері бар.
Шүкіршілік, қазір мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, қазақ тілінде өнім шығаратын баспалар мен баспасөздер жеткілікті. Олар шама-шарқынша көпшіліктің рухани сұранысын бар жағынан өтеуге барынша күш салып жатқаны бір жағынан қуантады, екіншіден ойлантады. Қуантатыны – із түспеген өріс, түрен тимеген тақырып жоқтың қасы. Шөп болсын, шөңге болсын мейлі, сан жағынан жыл сайын ортақ қазынамызға қаншама дүниенің құйылып жатқаны көзі қарақты көпшілікке белгілі. «Сан» дегеннен үрікпеңіз, қазақ тілінің, қазақ рух-ділінің мәселесіне келгенде, менімше (!), дәл қазір бізге сан да керек. Өйткені… құлаққа тосындау естілсе де айтайық, удың бетін у қайтарады, жел екпінін жел басады. Арысы мұхиттың ар жағынан, берісі көршілес елдер мен өз жерімізден аткөпір боп шығып жатқан, кіріп жатқан орыс тіліндегі баспа өнімдерінің барлығы бірдей «бал» татымасын білеміз. Соларға таудай тосқауыл болмаса да, төбедей кедергі болатын ең басты күштеріміздің бірі – өз өнімдеріміз. Ұлттың рухани тарихында мұндай жайлар бұрын да болғанын екінің бірі біле бермейді. Мәселен, ХIХ ғасырдың екінші жартысында орыс миссионерлері христиан дінін уағыздайтын кітаптарды молынан шығарып, қазақ даласына жаппай тоғыта бастаған тұста (не үшін екені түсінікті), екінші жақтан араб әрпімен қазақ тілінде басылып шыққан діни сарындағы (ислам), сосын ғашықтық, батырлық тақырыбындағы дастанкітаптар кең сахараға кеңінен тарап үлгерген (М.Мырзахметов). Бұл үлкен оймен, жоспармен істелген іс пе, әлде стихиялы түрде солай болып шықты ма, кім білсін, алайда патшалық Ресейдің бұратана халықтарды жедел орыстандыру саясатына оның зор кедергі болғаны рас. Осы жағы-нан біз татар баспагерлері мен халық әдебиетін жинап-теріп, оларға жіберуші өз жыршы жанашырларымызға қарыздар шығармыз.
Демек қазіргі қазақ тіліндегі баспа өнімдерінің көптігінен пайданы біз алдымен осы жағынан көрсек керек. Ал ойлантаты-ны – осынау қалың нөпір мол кітап қандай талғаммен қалай шығып жатыр? Қайбір олқылығымыздың орнын толтырып, қай жыртық-тесігімізге жамау болғаны байқалады? Көркем дүниелер туралы сөз бір басқа, ал беллетристикалық, оқулық, танымдық, ғылыми-эстетикалық басылымдардың жайы қалай? Оларды жазудағы авторлардың білім-білігін, мәдениетін, шеберлігін қай деңгейден көреміз?
Осы сауалдарға келгенде қарын ашатын, көңіл жабырқайтын- тұстарымыз көп. Ең бастысы, тұшынып оқитын, оқығанда я танымдық жағынан өзіңе бірдеме алатын дүниелердің аздығына қынжыласың.
Иә, қандай шығарма болмасын, ол – алдымен оқылуы керек. Ал оқылатын шығарма жазу үшін, меніңше, бір ғана шеберлік аздық етеді. Автордың жандүние болмысы, табиғаты, өзінің жазып отырған тақырыбына деген сүйіспеншілігі шығармамен бірге өріліп, біте қайнасып кеткенде ғана нағыз бойында жаны мен қаны бар, танымды дүние келмек. Жүсіпбек Аймауытовтың жырға бергісіз «Мағжанның ақындығы туралы» әдеби сын еңбегін былай қойғанда, «Психология» оқулығының өзі көркем шығармадай оқылуы осының айғағы болар. Бір қызығы, осы еңбектермен танысу үстінде Жүсіпбектің өзін көріп, сырласып отырғандай сезінетінің және бар.
«Біздің Пушкинді» де мен осылай оқып шыққанмын. Оқып отырып, автор Сауытбектің бұдан біраз уақыт бұрын маған айтқан бір әңгімесі де есіме түскен-ді.
– Адамзатқа ортақ рухани, мәдени игіліктерге деген сұранысымызды ұзақ жыл бойы Орталық өтеп келді. Бұл жағынан уайымымыз аз еді. Енді одақ ыдырағаннан кейін бар салмақ өзімізге түскелі тұр. Мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін қажетті оқулықтар мен көмекші құралдарды, зерттеу еңбектерді бұдан былай өзіміз жазуымыз керек. Жазғанда және, шамамыз жеткенше, бұрынғы Орталық ұсынған дүниелерден кем түсірмеуіміз керек,– деп еді ол сонда.
Төл мәдениетіміздің алдында тұрған осы бір үлкен жұмыс, тың істі, міне алдымен Сәкеңнің өзі бастаған секілді. Мақсатты, жоспарлы түрде. Бұған кітаптағы мына сөз де дәлел. «…біз тек туған ұлтымыздың жоғын жоқтап, жыртысын жыртуды қанағат тұтып қалмай, әлемдік өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға хал-хадірімізше пікір қосып жатсақ, тым болмаса соған ұмтылсақ, еш әбестігі жоқ. Тәуелсіздіктің басты белгісі – ой тәуелсіздігі».
«Дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстар» төңірегінде этнология, этнография, тарих жағынан «пікір қосу», ой қорыту, жан-жақты ғылыми зерттеулер жасау тұрғысында, иншалла, біздің ғалымдарымыз бен қаламгерлеріміз, әсіресе, соңғы он жылдықта біраз жұмыстың басын қайырғандай. Ал ғылымның басқа салаларында, солардың ішінде филологияда, аталған кең өріске ендеп болмаса да ептеп кіре алдық па? Бұл сұрақтың жауабын қаузағанда, бәрін айтпай бірін айтсақ, қазақ әдебиетінің басқа халықтар әдебиетімен тарихи байланысы, жалпы осы әдебиеттер арасындағы алыс-беріс, ауыс-түйіс дәстүрі тек аударма әлемі мен жазба әдебиет нұсқаларынан ғана көріне ме? Бұл орайда мына бір мәселені баса айтып, батыл қозғауымыз керек-ақ. Бұған дейін әр түрлі себептермен қалыптасқан ұғымның ең намысқа тиген жері – біз тек бар жағынан басқалардан «алушы» халықпыз, ХIХ ғасырда қазақ даласын аралаған белгілі бір саяхатшының сөзімен атқанда, біздің адамзаттық ұлы өркениетке қосқан ешбір үлесіміз жоқ, өзгенің жемісін еңбексіз жеген арамтамақ «трутеньбіз». Жоқ, олай емес десек, дәлеліміз қайсы? Ал дәлел іздеуге тырыссақ, біздің мына игіліктеріміздің қызығын басқалар да көрген дейтіндей қай қымбатымызды алға тартуымыз керек? Бұған заттық мәдениет негізінде археологтар өз дәлел-дәйегін айта жатар, ал филологтардың тілге тиек, ойға сүйек етері, біздіңше, ең алдымен – сөз өнері. Бұл жағынан еуразиялық рухани мәдениетке тигізген ықпал-әсеріміз, қосқан үлесіміз аз болмаса керек. Ал оған қандай жағдайлар себепкер болуы мүмкін? Біріншіден, Шыңғыс хан дәуірі, Алтын Орда заманы тұсында екі құрлық халықтарының көбірек араласа түсуі екі мәдениеттің де жақындасып, бір-бірінен нәр алуына алғы шарт жасамай қойған жоқ; екіншіден, ХVIII–ХIХ ғасырлардағы Еуропа, Ресей ориенталистерінің Орталық Азия мен қазақ даласынан жинап-теріп жазып алған ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын сапар соңында мерзімді баспасөздерде жариялап отыруы да рухани жұғыстыққа дәнекер болғаны сөзсіз. Бір ғана мысал: В.Гаршиннің «Тәкаппар Аггей туралы аңыз» атты шығармасы мен қазақтың «Көңіліңе астамшылық алма» деген ертегісі мазмұндық, сюжеттік жағынан бір анадан туған екі егіздей көрінер еді. Сондай-ақ ауыз әдебиетіміздің басқа да үлгілерінің біраз белгі-бедерлері орыс әдебиетінен анық байқалып тұратыны бар. Бұны әншейін бір кездейсоқтыққа сүйей салуға болмас. Бірақ ойға дәлел керек. Және ғылыми дәлел! Құдайға шүкір, қазір кеңестік идеология кезінде толық уланып үлгермеген, күшігінде таланбаған, қандай да бір қатып-семіп қалған қағидаларды бұзып-жарып шығуға жүрегі де, жігері де жетерлік ғалымдар бар. Соларды енді ұлттың рухын көтеруге септігін тигізер ғылыми жұмыстарға жұмылдыру жөн секілді!
Рас, өзгелерден үйренгеніміз, алғанымыз көп, алайда әдеби байланысымызды тек осы ыңғайда ғана қарастыру әділетсіздік болар еді. Амал не, белгілі себептермен жылдар бойы бұл тенденцияның шылауынан шыға алмадық. Шыққысы келген «басбұзарлардың» мойнына қыл шылбырдың орала кетуі оп-оңай еді. (Бұған Олжастың «Аз и Я»-сы бастан кешкен шырғалаң да дәлел).
Әдеби байланыс дәстүрі ХХ ғасырдың өн бойында… және ең соңына дейін қалай зерттелгенін мына деректерден де аңғаруға болады. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясының (1999 ж. Алматы) соңғы беттерінде «Филология ғылымының әдебиеттану, фольклортану және журналистика салалары бойынша қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялар» тізімі беріліпті. Осы тізімге қарап отырсақ, 98 докторлық диссертацияның 6-уы, 400 кандидаттық жұмыстың 15-і ғана әдеби байланыс мәселесіне арналғанын көреміз. Бұлардың өзінде де тақырыбын оқығанда-ақ елең еткізетін еңбек бірен-саран…
Сол бірен-саранның бірі – «Біздің Пушкинге» негіз болған «А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының қазақ әдеби және фольклорлық дәстүріндегі орны». Менің ой-ниетім бұл еңбектің ғылыми құндылығы жөнінде бұрын айтылып-жазылып кеткен пікірлерді толықтыру, жақсының жақсылығына тағы да тыңнан дәлел айту емес, осы еңбекті негізге ала отырып, қазіргі ғылыми жұмыстарда қандай басты мәселелерге көңіл аудару керек және оны қалай жазу керек деген сұрақтар барысында өзімнің кейбір жеке ойларымды ортаға салу еді. Бұның біразын жоғарыда айттым да.
«Тәуелсіздіктің басты белгісі – ой тәуелсіздігі» болса, ой тәуелсіздігінің негізгі күш-қуаты батылдықта болар. Екіұшты пікір, солқылдақ тұжырым, бұл ойымды жұрт қалай қабылдар екен деген қорғаншақтық, жалтақтық, жалпақ шешейлік – ғылымның соры. Нағыз батыл ойларға өзінің білім-білігіне, ақыл-зердесіне сенген, ғылымдық, ұлттық мәселелерді жеке бас мүддесінен жоғары қоя білген, қай жағынан да кесек бітімді азаматтар бара алады. «Біздің Пушкиндегі» «Телтуманы төлтумадан асырып жіберу тек Абайдай құдіретті тұлғаның ғана қолынан келмек. Иә, Абай аудармаларында түпнұсқадан да асып түсетін тұстар ұшырасады» деген сөзді батылдық демей көріңіз! Өйткені Абайды біз құдірет тұтсақ та, әмәнда өзгеге табынып үйренген құлдық санада – Пушкиннің орны қашан да жоғары, одан ешкімнің еш жерде «асып түсуі» мүмкін емес. Автор осыны қаперге алғандай жаңағы пікір алдында оқырманын мынадай сөзбен дайындап алуды да ұмытпаған: «Данышпандықтың бір белгісі – адамның (қолбасының, қайраткердің, суреткердің, ғалымның, т.б.) ешқандай беделге бас имеуі, өзін ешкімнен кем сезінбеуі». Есімізге Лев Толстой түседі. Кемеңгер жазушының Шекспирден бастап Достоевскийге дейін сын көзбен қарауы осы сөздің дәлелі ғой. Дәлел демекші, дәлел-дәйектің мықтылығы – ой-тұжырымның нықтылығы мен сенімділігінің кепілі. «Біздің Пушкинде» ұсынылған екі үзіндіні салыстыра отырып, төлтуманың қай тұста «асып түскенін» зерт-теушінің дәл тауып, дөп басқанына тәнті боласыз.
Шындығында Пушкин де, Абай да – ет пен сүйектен жаралған кәдімгі адам. Ал шын Құдірет – көпшілік санасына сіңіп қалған ұғым ғана. Ал біздің санамызда Құдіретке айналып кеткен ұғымдар қаншама. Ең қиыны да қияметі – осы ұғымдарға қарсы уәж айту. Бұдан да қиыны – сол уәжіне «ұғыммен уланғандарды» сендіру. Екінің бірі данышпан емес, «ешқандай беделге бас имеу» –тек данышпанға ғана тән ұлылық емес, көзі жетіп тұрған ақты ақ, қараны қара деу, ақиқат алдында ешкімге құлдық ұрып, құламау әрбір парасатты ой иесі ұстанған берік принцип болуға тиіс. Бұның да бір нышанын «Біздің Пушкиннен» көреміз.
1990 жылы Мәскеуде «Пушкин в русской философской критике» деген кітап жарық көрген екен. Осы кітапта орыстың көрнекті діндар философы Владимир Соловьевтің «Значение поэзии в стихотворениях Пушкина» деген көлемді мақаласы жарияланған. Елу беттік мақаланың басынан аяғына дейін тартылып жатқан бір желі – Пушкин шығармашылығында Мұхаммед пайғамбарға орын жоқ, болуы да мүмкін емес деген ой. «Біздің Пушкин» авторы «көрнекті философтың» осы ой, осы тұжырымның қате екенін, ақынның «Пайғамбар» өлеңі шын мәнінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға арналып жазылғанын жан-жақты дәлелдеп шығуының өзі азаматтық өренің қаншалықты биіктігінен сыр білдірсе керек. Екіншіден, бұны қазақ пушкинтану ғылымына қосылған үлес деп білген жөн.
Сондай-ақ автор қазақтың белгілі ғалым әдебиетшілері Мұхамеджан Қаратаев пен Мұратбек Бөжеевтің Абай аудармасына (Евгений Онегин, жазушы Дүкенбай Досжановтың Пушкин романына қатысты айтылған кейбір ойларының қонымсыздығын, кейде тіпті ұшқырлығын жеткілікті дәлелмен, сыпайы мәдениетпен әдемі көрсете білген.
Қазіргі қазақ филология ғылымында қандай басты мәселелерге көңіл аудару керек, оны қалай жазу керек деген сұрақтар бойынша «Біздің Пушкин» хақында әлі де біраз дүниені тілге тиек етуге болар еді. Алайда газеттің, шағын мақаланың мүмкіндігіне қарай сөзімді қысқаша түйіндер болсам, бұл еңбек аталған ғылымға қосылған үлес қана емес, ғалым қаламгерлерге, әсіресе жас ізденушілерге көп жағынан үлгі боларлық, үйренуге тұрарлық дүние дер едім.
2002 ж.