АЛТЫНСАРИН КӨШЕСІ.
ҰЗЫНДЫҒЫ 100 МЕТР
Бұдан біраз жыл бұрын республикалық мерзімді баспасөз-дердің бірінен «Бейімбетті іздеген Мырқымбайға» кезігіп едік, енді өзіміз Ыбырайды іздеген Қыпшақ Сейітқұл болдық. Ыбырай деп отырғанымыз – ХIХ ғасырдағы Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев сынды қазақтың ұлы ағартушыларымен есімі қатар аталатын кәдімгі Ыбырай Алтынсарин. Оның кім болғанын, халқына қалай қызмет істеп, артына қандай із қалдырғанын, әдебиет, педагогика тарихындағы бүгінгі орнын осы газетті оқи алатын жұртқа түсіндіріп жату ағаттық қана емес, әбестік. Өйткені «Ана тілінің» алғашқы бетін «Кел, балалар, оқылық» деп бастаған қазіргі кез-келген саналы азаматқа: «Ыбырай Алтынсарин кім?» деу, «хат танисың ба?» дегенмен пара-пар. Сөйте тұра, жасырары жоқ, бүгінге дейін астанамызда Ы.Алтынсарин атында көше барын өзіміз де білмеппіз. Білмей де жүре берер ме едік, жуық-та редакциямызға үш-ақ сөйлемнен тұратын мынадай хат түскен. Алдымен соны «кел, адамдар, оқылық…»
«Құрметті редакция! Алматыда Ыбырай Алтынсарин атындағы көше бар. Келіп көріп кетіңіздер, ұзындығы – 150 метр. Сәлеммен Б.Ж.»
Б.Ж. жолдас бізді бір сандалтқысы келді-ау деймін, аталған көше қаланың қай тұсында екендігі, оған қандай транспортпен бару керектігі жөнінде нақты ештеме жазбапты. Бірақ сонау Ыбырай заманында біреулер «сұрай-сұрай Меккеге де жеткен» ғой, ендеше бүгінгі «өнер-білім бар жұртқа» бір қаладан бір көшені табу қиын ба? Сенбі күні салып-ұрып Баспочтаның жанындағы «Қалалық анықтамаға» жетіп барсақ, оған «сенбі, жексенбі күндері демалыс» екен. Енді не істеу керек? Көшедегі көлденең көк аттыдан сұрастыра бастадық. Алтынсарин атын тұңғыш естігендей бірі басын шайқады, бірі сыңар езулеп, «тыһ» деп жүре берді. Таксистерді тоқтатсаң, олар: «Точно қаланың қай тұсында?» дейді бажырайып. «Точноны» қойып, «примерно» да білмейтінімізді айтсақ, машина есігі сарт жабылады. Амалсыз Пушкин кітапханасына келдік те, «Алматы» атты анықтама кітапты парақтауға кірістік. Онда Алтынсарин көшесі («перулок» емес, туралы былай деп жазылған екен. Енді соны «кел, адамдар, оқылық».
«Алтынсарин көшесі Ленин ауданында, Филатов және Успенский көшелері аралығында орналасқан, Сейфуллин проспек-тісімен қиылысады. Көше соғыс жылдарына дейін (қай соғыс – ?) ірге тасын қалап, бір этажды үйлер салына бастады. Мұндағы кішігірім үйлерге депо жұмысшыларының семьясы қоныстанды. Бүгінгі күндер Алтынсарин көшесі көркейіп, кеңіп, көгалданып, көп этажды үйлермен бой түзеуде. Алтынсарин көшесінде М.Горький атындағы №107 мектеп орналасқан».
Өте жақсы! Есімі Шоқан, Абаймен қатар аталатын ұлы ағартушы атындағы көше осындай болса, тіпті ірге тасы сонау Ұлы Отан соғысы жылдарына дейін-ақ қаланса, шамасы Б.Ж. жолдас қателескен шығар. Әйтпесе, жарты ғасырда оның ұзындығы 150 метрден аспауы мүмкін емес қой. Дегенмен хат фактісін анықтау керек.
– Алтынсарин көшесі!– дедік алғашқы кезіккен таксистке.
– Ондай көшені білмеймін,– деді мұрты едірейген жігіт.
– Ендеше Филатов пен Успенский көшелерін білетін шығарсыз?– дедік жаңағы анықтама кітап бойынша.
Жігіт аз-кем ойланып отырды да:
– Содис!– деді гүр етіп.
Такси Сейфуллин проспектісімен (Сейфуллин атындағы емес) төмен қарай зулап жөнелді. Октябрьдің 50 жылдығы атындағы (біздіңше, осы «атындағы» дұрыс) көшені қиып өткен кезде:
– Қайда барамыз?– дедік таксистке.
– Бірінші Алматыға. Саған Филатов керек пе, әлде Успенский ме?– деді ол бірден «сенге» көшіп.
– Екеуі де емес. Сол маңдағы Алтынсарин көшесі керек.
– Алтынсарин?.. Осы қалада жеті жыл такси айдасам да, ондай көшені көрген де, естіген де емеспін. Кстати, кім ол Алтынсарин деген?
– Өзіңнің ұлтың кім?– дедік біз оған қарсы сұрақ қойып.
– Осетин,– деді ол аузын толтырып.
– Осетин болсаң, Коста Хетагуровты білесің бе?
– А как же? Сіз оны қайдан білесіз?
Біз бала кезімізде-ақ Хетагуровтың «Фатима» поэмасы бойынша түсірілген кинофильмді қызыға көріп, кейін оның өлең-жырларын іздеп жүріп оқығанымызды және Хетагуров есімі жалғыз осетиндер үшін ғана емес, еліміздің өнер сүйер бар жұртына ыстық екенін айтып едік, таксисіміз алқым түймесін ағытты, желпінді, жымиды.
– Сол Хетагуров осетин әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі болса, Алтынсарин қазақ жазба әдебиетінің негізін салған аз шоғырдың бірі,– дедік біз. – Ол да Хетагуров сияқты қоғам қайраткері, қазақтарды орыс мәдениетіне тартушы. Ол да Коста сияқты орыс демократ-ақындарының ықпалында болған, халыққа білім беру жағын алға қойған.
– Біздің Осетияның орталығы Орджоникидзе қаласында Хетагуров атында үлкен көше бар. Оны сол қалада кез-келген адам көзін жұмып табады… Кстати, міне, Филатовқа келіп қалдық, енді Алтынсаринді қалай табамыз?
– Өзіміз іздеп көрейік,– дедік біз тар көшелерде таксиді «қинағымыз» келмей.
– Жақсы. Сау болыңыз,– деп таксист қол ұсынды. Қол қысып қоштасқан таксисті көргеніміз осы. Хетагуровты білгеніміздің арқасы шығар.
… Тағы да сұрау басталды. Сол маңайда кезіккен адамдардың бірі де іздеген көшемізді тұспалдай алмаған. Ақыл қиналғанда кіреді дегендей, кенет есімізге «Алматы» анықтамасында жазылған «Алтынсарин көшесінде М.Горький атындағы №107 мектеп орналасқан» деген сөз түсе кетті де, бірер адамның сілтеуімен оны оп-оңай таптық. Бірақ бұл мектеп Успенский көшесінің бойына орналасқан екен. Япыр-ау, сонда Ыбырай атамыздың көшесі қайда болғаны? Мектептің төмен жағында иық тиістіріп үш үй тұр. Мүмкін осылардың тұрғыны білетін болар?
Сейфуллин проспектісі жағынан санағанда бірінші үйдің жанында бір орыс жігіті күншуақтап отыр екен.
– Алтынсарин көшесін білесіз бе?– дедік біз оған. Ол жауап беруден бұрын күлді. Күлді де:
– Сізге қай номерлі үй керек?– деді.
– Бізге тұтастай Алтынсарин көшесі керек?
– Тұтастай осы.
– Сонда қалай? Оның басы қайда, аяғы қайда?
– Басы – осы бірінші үй, аяғы – анау үшінші үй.
– Бар болғаны сол-ақ па?
– Сол-ақ.
Не дерімізді білмей, тұрып қалдық. Жабырқап жан-жағымызға қараймыз. Сол тұсымызда биік бетон дуал. Оның арғы беті мектептің спорт алаңы. Оң тұсымызда жаңадан салып жат-қан жалғыз екі этажды үйдің қабырғасы қалқаяды. Оны да есепке алсақ, Алтынсарин көшесінде төрт үй болмақшы. Бұның өзі «Алматы» анықтамасында айтылғандай «бүгінгі күндері Алтынсарин көшесінің көркейіп, кеңіп, көгалданып, көп қабатты үйлермен бой түзеп» келе жатқанының белгісі сияқты.
– Бұрын бұл көшеде бес үй бар еді,– деді жігіт орнынан тұрып. – Өткен жылдары екеуін бұзып, орнына мына екі этажды үйді сала бастады. Ал көшенің сол жағында ешуақытта үй болған жоқ.
– Ал сіз Алтынсариннің кім екенін білесіз ба?
– Әрине, білемін. Оның жазушы екеніне осы көшедегі үш үй түгел қанық.
– Үш үйде қанша пәтер бар?
– Бесеу.
– Рахмет!– деп аяғымызды санап басып кете бардық. Санап басатын себебіміз: көшенің ұзындығын шығару да, тәйірі… Сонда қанша болды дейсіз? Жүз метрге жуық. Көрдіңіз бе, Б.Ж. жолдас 150 деп қалай қателескен!..
Міне, ХIХ ғасырдағы Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев сынды қазақтың ұлы ағартушыларымен есімі қатар аталатын Ыбырай Алтынсарин атына берілген көшеңіз.
Енді осы мәселе төңірегінде ой өрбітіп көрейік.
Сүйікті астанамыз күн сайын көркейіп, көгалданып, көп этажды үйлерімен қанатын кең жайып бара жатқаны рас. Бір кездегі Бас арық, Лагерь, Дұңған сияқты иір-иір тар көшелердің бойында бүгінде зәулім үйлер бой түзеп, сәнді көшелер салтанат құрып, оларға Абай, Шевченко, Масанчи секілді көпке қымбат есімдер берілген. Бұдан он-он бес жыл бұрын ашық дала болған немесе жапырайған ескі үйлер қоныс тепкен жерлерде қазір Әл-Фараби, Тұрар Рысқұлов көшелері көз тартады. Сондай-ақ бұрын 5-ші, 6-шы…10-шы деп белгілене салған көптеген «линиялар» енді Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, тағы басқа да әйгілі адамдардың есіміне ие болған. Бұл – астанамыздың әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана өркендеуі емес, мәдениетінің де гүлденіп, өскендігінің белгісі.
Мәдениеттің осындай гүлденуі нәтижесінде, Алматы жылдан-жылға тарихи қалаға айналып бара жатқаны да белгілі. Мәселен, архитектуралық құрылысын сақтап қалу үшін соңғы жылдары ғана біршама тарихи үй («Қызыл таң» магазині, Қазақ ССР мемлекеттік музейі т.б.) реставрациядан өтіп, қабыр-ғаларына мемориалдық тақта ілінді. Олар – көшеге тек сән емес, жас ұрпаққа тағлым да. Сонымен қатар бір кезде хал-қымыздың асыл азаматтары тұрған үйлерге орнатылған жаңағыдай тақта қаншама! Тақта демекші, кейінгі уақытта астанамыз тағы бір игілікті істі қолға алғанын байқаймыз. Айталық, М.Горький атындағы мәдени және демалыс паркінің жанындағы Куратов көшесіне бастайтын алғашқы үйдің сыртынан мынадай жазуды оқисыз.
«Көше коми халқы әдебиетінің негізін қалаушы, 1866–1875 жыл-дары Алматыда тұрған Иван Алексеевич Куратов есімімен аталады».
Қандай жарасымды! Бұның өзі алдымен, тұрғындар үшін мәлімет, сосын бір халыққа көрсетілген құрмет емес пе? Осы тұста мына мәселе еске түседі… Бұдан төрт-бес жыл бұрын Горный-Гигант совхозы қала есебіне кіргенде, мұндағы көше аттары түгелдей өзгеріп, оларға Сызғанов, Игишев, Искендеров, Ахмедияров, Тайманов, Әзірбаев есімдері берілген. Бірақ әлі күнге дейін осы азаматтардың нақты кім екенін жергілікті тұрғындардың көпшілігі біле бермейді. Білгендердің өзі оларды әркіммен шатастырып әуре. Себебі, қай-қайсысы да бір-бір көшеге есімдері лайық, тарихта үш Әзірбаев, үш Тайманов болғаны бұрын да газетімізде жазылған. Оны тағы қайталамас едік… Осы Тайманов (қай Тайманов атындағы екенін білмейміз) көшенің басындағы жазушылардың творчестволық үйіне келген москвалық бір жазушы: «Марктің атына да көше берілген екен» деп қатты риза болғаны бар. Оның «Марк» деп отырғаны белгілі шахматшы Марк Тайманов болатын. Сонда бұл төртінші Тайманов. «Бір оқпен төрт қоян ату» деген осы… Егер мұндағы (Горный-Гиганттағы) Маршал Жуков көшесі тек Жуков көшесі аталса, бір оқпен неше қоян атуға болар еді?.. Ендеше жоғарыда аталған есімдердің алдына кісі аттары қажет-ақ. Өйткені Сызғанов, Игишев, Искендиров жұрттың бәрі білетін Абай, Гоголь, Горький емес қой. Осындай көпке белгісіздеу адамдар атына берілген көше басына Куратов көшесіндегідей тақта орнатылып жатса, тіптен құба-құп.
Біз ілгеріде аталған көшелердің біріне де «атындағы» деген сөзді тіркеген жоқпыз. Өйткені осы сөз төңірегінде аздап ойласып алған жөн болар. Мәселен, орталық қалаларда белгілі есімдерге берілген көшелер «Пәленнің атындағы көше» деп жазылмайтын көрінеді. Мысалы, Москвада Академик Королев, Пушкин алаңы, Добролюбов көшелерінің барлығына да «атындағы» тіркелмеген. Бұның өзі тек көп сөздіктен қашу емес, тіркес мәніне тереңірек үңілуден туса керек. Айталық «Академик Королев атындағы көше» дегеннен гөрі «Академик Королев көшесі» деу жүрекке қандай жылы! Ал Алматыдағы Сейфуллин, Фурманов, т.б. көшелерге көз салы-ңыз. Олардың бір жерінде «атындағы», ендібір тұсында «ат» боп кете барады. Соларды «Сейфуллин проспектісі», «Фурма-нов көшесі» деп бір ізге неге түсірмеске?.. Біздіңше, «атындағыны» тек Октябрьдің 50 жылдығы, Правда, Ленинская смена» көшелеріне ғана тіркеген дұрыс тәрізді.
Қаланың сәні – көше. «Театр киім ілгіштен басталса», қала мәдениеті көшеден басталады. Ендеше көше бойындағы ұрандардың, көше аттарының, әр түрлі қоғамдық үй, мекеме маңдайшаларының қай тілде болмасын қатесіз жазылуы да өз алдына проблема. Өкініштісі сол, кейде кісі бойындай сөздерден кісі күлерліктей қате көрсек те енжарлықпен үнсіз жүре береміз.
Көше атауларының адрестік, анықтамалық сипатынан бұрын олардың ең алдымен саяси, сонан соң тәрбиелік, танымдық мәні бар. Қазір Алматыда қазақ Амангелді, дұнған Масанчи, ұйғыр Розыбакиев, венгер Мате Залканы білмейтін адам аз. Бұл – интернационализм. Бұл ұлттардың бірін-бірі тани түсуі, бір-біріне құрметпен қарауы. Көше атауларының саяси мәні осы. Қазір Алматыда Жандосовтың революционер, Фурмановтың комиссар, Төлебаевтың композитор болғанынан хабарсыз жан кемде-кем және олардың ісіне сүйсінбейтін, таланттарына табынбайтын ұрпақ та ілуде біреу. Бұл – көше атау-ларының әрі тәрбиелік, әрі танымдық мәні. Демек, көшеге ат бергенде «жеті рет ойлап, бір рет кескен» дұрыс-ау…
Көше аттарын жиі өзгерту жеңіл де емес, жөн де емес. Сондай-ақ көше мәдениетін көңілдегідей көтеру де бірер жылдың шаруасы болмаса керек. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта мына бір мәселелер ескерілсе деп ойлаймыз:
… Әркім өзіне шақ киім киеді, Ыбырай Алтынсарин атамызға да өзіне лайық шапан жапсақ…
… маңдайымызға сауатсыздықты жазған жоқ, маңдайшаларға да мән берсек…
… небір транспорт тұрғанда «ат. көшесінде» атқа мінбесек…
… Алматының әр жерінде «Алматылықтар, Алматыны үлгілі қалаға айналдырайық!» деген ұран бар. Барлық ұран, безендірулер осындай қатесіз, әдемі жазылса…
… осыларды бір ретке келтірген соң: «Ау, облыс орталықтары, жағдайларың қалай?» десек…
Iске сәт!
1984 ж.