Алтай аңғарларында

Дидахмет Әшімханұлы, 1982 жыл,

Қазақ әдебиеті

Алтай аңғарларында

1. СЕЗІК ПЕН СЕНІМ

Егер Оралғазы болмаса, жайлауға бару-бармасым екі талай еді…

Мен онымен ойда жоқта аудан орталығында кездестім. Сегіз жылдан бері көріп тұрғаным осы. Мысқалдай да өзгермеген екен; жасы қырықтан асса да, не қарны шықпаған, не бетіне қаны шықпаған баяғы тырли арық қалпы. Салмақтап, сабырлы сөйлегісі келгенмен кейде бала сияқты ұшып-қонып, қалбалақтап кететін мінезінен де арылмапты. Көрген жерде мені бассалып құшақтап, қатты қысып, біраз тұрып алды. Кеуде сүйегі кеудеме батып бара жатқан соң, қолын ақырын босаттым да:

– Қазір қайда істеп жүрсің? – дедім қапелімде.

– Қайда істегені қалай?.. Сол «Сарымсақты» мал бордақылау пунктінде. Өгіз семіртемін, – деді ол байыппен.

– Қашаннан бері? – деймін мен қазбалап.

– Қашаннан қалай?.. Сегіз жылдан бері, – дейді ол «сен білмеуші ме едің?» дегендей таңданып.

Ол менің сұрағыма таңданса, мен оның бір совхозда сегіз жыл істегеніне таңданып тұрмын. Таңданатын жөнім де бар. Неге дейсіз ғой? Айтайын, (шындықтан аздап сыр шертсем, Орекең ренжи қоймас). Орекең задында елгезек, пысық жігіт болғанмен жұмысқа баянсыздау еді. Әлі есімде, әскери міндетін өтеп қайтысымен ол әлдебіреулер сияқты сандалып жүріп алмай, бес күннен кейін «Алтай» совхозына әмбебап жұмысқа тұрған. «Өмірі күрек ұстап өтпеспін, жазда бір отар қой аламын» деген ол сонда. Бірақ, жазда оның қолынан таяқ емес, белінен пистолет көрдік. Оны неге тағып жүр десеңіз, Орекең аудандық байланыс бөліміне почта жүктерін жеткізуші болып орналасыпты. Енді күз айында біз оның үйленіп, бір қора қой алғанын естідік. Ал келесі жылы күзде… «Верхкатон» марал совхозының жерімен жайлауға шығып бара жатсақ, бөркінің екі құлағы құс қанатындай желпілдеп, біреу бір үйір жылқыны құрықтап қуып келеді. Қарасақ, өзіміздің Орекең. «Екі айдан бері осы совхоздамын. Жеңгелерің омарташы. Үйге жүріңдер» дейді ол аңқылдап. Біз оның үйінен қымыз ішіп, бал жеп, «Орекең орнын енді тауыпты» деп, аттанып кете бардық… Дегенмен Орекең ол жерден де өз орнын таппаған екен. Арада бірер жыл өткенде, аудан орталығында келе жатсақ, көшенің кір-қоқысын жинайтын машинаның жанында күрек ұстап біреу тұр… Орекең. Бізді көргенде қысылып қалған ол «шопырмын, шопырмын» дей берген. Сөйтсек, ол алты айлық шоферлік курсты бітіріп жіберіп, жуықта ғана аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесіне орналасыпты… Бұдан кейін де ол бір орында тұрақтай алмаған, бір жұмыстан екінші жұмысқа, бір совхоздан екінші совхозға сынаптай сырғи беріп еді. Қысқа мерзімдік тракторшылар курсын бітіріп, тракторшы да болған, оны тастап қайтадан қойшы, одан сиыршы… әйтеуір, Қатонқарағай ауданында ол қайырмаған жұмыстың басы аз. Тіпті, бір жылдары бұл ауданның «орбитасынан да тайып» кетіп, көрші Большенарым ауданының Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздағы Юбилейный селосында да бірер жыл болып қайтқан. Ең соңғы рет көргенімде, ол аудандық дайындау кеңсесіне ауыл-ауылдан мал жинап жүрген.

…Сол Орекең бүгін таңертең мені қояр да-қоймай атқа мінгізген де, жайлауға ала жөнелген. Қазір, міне, теріскейі қалың қарағайлы биік тауды қапталдай өрлеп келеміз. Жанымызда бес айлық баласын қойнына тығып, белін орамалмен шарт буып алған Күлза жеңгей де бар.

– Енді осы «Сарымсақтыда» тұрақтайтын шығарсың, – деймін мен оған әлі де сеніңкіремей.

– Тұрақтамай қайтем, жас болса келіп қалды, – дейді ол алпыстан асқан қариядай. – Күрегің келсе, күрекке тезек қай жерден болсын табылады ғой. Бірақ, пәлен жерде бақыр бар деп, шаба бергеннен пайда не? Осы жасыма дейін бір байқағаным, жұмыстан жұмыстың жорғасы жоқ екен, еңбек ете білген ер жігітке жұмыстың жаманы жоқ көрінеді. Тек өзің жаман болмасаң бопты да. Мен өз өмірімнен білемін; жұмысында тұрағы болмағанның үйінде құрамы болмайды, көше берген жан шаруасын шайқалтпаса, оңалтпайды. Солай ма, Күлза?

– Өзің де аз шайқалтқан жоқсың ғой.

– Қойшы тілмәрсімей, мен шайқалтсам, қайта түзедім емес пе. Міне, сегіз жылдан бері «жұмыс ауыстырам, бір жаққа көшем» деп, қопаңдадым ба? Жоқ… Баққан малымды жыл сайын артық салмақпен өткіземін. Басшылардан еститінім: қашан да «молодец Тікебаев!». Енді маған не дейсің?

– Мақтанба деймін.

– Әне, бұл өстеді енді. Мен мақтансам, істеген ісіме мақтанамын, бауырым. Ал істеген ісімде мысқалдай жалғандық та, жамандық та болған жоқ.

– Әй, Оралғазы, тоқташы! Баланы орап алайық. Күн суытып кетті ғой.

Жеңгей тепең қағып, біздің жанымызға жетіп алды. Орекең аттан түсті де, баланы орауға көмектесе бастады. Шудалы қара бұлттар тау басын көмкере көшіп жатыр. Баданадай-баданадай алғашқы тамшылар бетке тамады. Ауада салқын ызғар бар. «Алтай екені рас болса, қазір бұршақтататын шығар» деп мен тұрмын.

– Қорықпа, – дейді Орекең баланы жайлап, атына қайта мінген соң: – Біздің Алтайда «қол шатырым қолымда, жан торсығым жанымда» деген сөз бар екенін өзің де білесің. Жаңбыр жауса, бір самырсынның түбін паналаймыз, шөлдесек бір бұлақтан су ішеміз. Тек мына балаға суық тигізіп алмасақ бопты да. Айтпақшы, бұл баланың хикаясын саған айтпағам екен ғой. Осыдан он бес күн бұрын ол қатты ауырған. Не болғанын білмейміз, түні бойы шырқырағанда, шыбын жанымыз шығып кете жаздап еді. Бір-ақ күннің ішінде ыстығы да қырық градусқа жетті. Енді не істейміз? Жақын маңда дәрігер жоқ. Дереу баланы көтеріп, он бес шақырым жердегі Фадиха селосына шаба жөнелдік. Онда келсек, медпунктте істейтін қыз: «Мен ештеме істей алмаймын. Ауданға жеткізу керек» дейді. Оған қалай жеткіземіз? Машина табылған күннің өзінде, жетпіс шақырым жерге барғанша бала тірі тұра ма, жоқ па деп қиналған сәтімізде, әлгі қыз телефонның құлағын біраз бұрап тұрды да, кенет «қазір вертолет келеді» демесі бар ма? Бұған сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Менің бес айлық қызыл шақама бола сонау аудан орталығынан вертолет шығады деген ой мен үшін қиял сияқты еді. Жоқ, қиял емес екен, жарты сағат өтпей-ақ вертолет ұшып келіп, баланы жеңгеңмен қоса алды да кетті. Кеше естідім, барлық шаруаны шұғыл ұйымдастырған аудандық аурухананың бастығы Шәкірт Дусіпов екен. Бауырым, адамға деген қамқорлық осындай болсын!..

Адамға деген қамқорлық… Қандай жылы сөз! Шәкірттің бұл жақсылығын Орекең ғұмыры ұмытар деймісің.

– Қой, жаңбыр үдемей тұрғанда, анау жылқышының үйіне жетіп алайық, – деп Орекең менің ойымды аяқтатпай екі-үш шақырым жердегі киіз үйге қарай шоқыта жөнелді.

…Біз киіз үйге жеткенше жер бетіне сұп-суық ақ тұман шөгіп үлгерді. Дірілдеп-қалшылдап, үйге сүріне кірсек, үш-төрт адам ортадағы дөңгелек столға жағалай жайғасып, сары қымызды сүйсіне сіміріп отыр екен. Жасы қырықтар шамасындағы, аласа бойлы толықтау жігіт орнынан жедел тұрып, бізге төрден орын босатты да, арқамызға бір-бір тонды жаба салды.

– Солтанбек Әбеков деген кісі бұл. «Катонқарағай» совхозының жылқышысы, – деп Орекең маған сыбыр ете қалды.

– Қап, баланы тоңдырып алдыңдар-ау! Әй, Әнөшкө, тезірек пешті гулетші, – дейді Солтанбек жүре сөйлеп.

– Гулемейді. Қанша үрлесем де пысылдай береді, – дейді үлкен темір пештің алдында жүрелей отырған он бестер шамасындағы қыз бала.

– Япыр-ай, осы пештен-ақ қорлық көрдік-ау. Өзі сондай ауыр. Ауа тартатын тесіктері де жоқ. Жайлауға шығар кезде, бұны бір жігіт дәнекерлеп істеп жатыр еді, главный механик келді де: «Мен саған жылқышыға пеш жаса дедім бе? Лақтыр әрі бықсытпай!» деп, біткелі тұрған дүниені домалата салған. Жігіттер-ау, осы да адамгершілік пе? Мына жауын-шашынның астында жарғақ құлағым жастыққа тимей қымызды кімге дайындап отырмын, а?.. Адамға деген қамқорлық қайда бұл?.. Жә, Әнөшкө, үрле отыңды, үрлей бер!

Әнөшкө аузын томпитып, пешті деміге үрлеп жатқанда, сырттан бір бала жүгіріп кірді де:

– Биенің сауыны болды, аға. Үйірлерді иіріп қойдым, – деді шапшаңдау сөйлеп.

Үй иелері дастарқан билігін бізге тастап, өздері сауынға шығып кетті. Билік өз еркімізге тигенмен бір тегеш қымызға біріміздің қолымыз жүгірер емес, пыс-пыс еткен пұшық пешке үнсіз қадалып отырып қалыппыз. Менің есіме бір сәт Большенарым ауданы түсті. Осы жерден жүз-ақ шақырым жердегі сол ауданның малшылары газ пештің рахатын алпысыншы жылдарда-ақ көре бастаған. Жаңа киіз үй мен электр движоктерін де олар сол уақыттан бері пайдаланып келеді. Сол ауданда қазір жайлауға телевизор апарып, күнделікті жаңалыққа елең қағып отырған малшы да аз емес. Ал Катонқарағай ауданының бір қойшысына «космонавтар жерге оралыпты» десең, «қашан ұшып еді?» деп, аңқияды да тұрады. Күлмеңіз, жағдай тура осындай. Олар әлі күнге таудан тауға шойын пеш сүйреп, білте шамның жарығымен отыр. Қош, бұрын жол болмағандықтан жайлауға техника шыға алмады, ауыр жүкті малшылардың өзі алып жүргісі келмеді десек, қазір бұл өлкеде трактордың табаны жетпейтін жер жоқ. Сонда енді қандай кедергі бар?

– Сіздерге газ пешін бермей ме? – дедік біз отырғандарға жорта сауал тастап.

– Берсе, қашамыз ба? Оның өзі совхозда да жоқ қой, – деді төрдегі мосқалдау адам.

– Ал электр движогі ше?

– Оны сұрай-сұрай жағымыз қарысатын болды. Совхоз басшыларынан қашан да «жоқ-жоқ» дегеннен басқа сөз естімейміз. Ол неге жоқ болсын, совхозда болмаса ауданда, ауданда болмаса облыста бар ғой. Тек сұрайтын ауыз, жылайтын көз жоқ десеңші.

– Берген дүниелерінің өзі де сапасыз, – деді Орекең де сөзге араласып. – Солтанбек осы киіз үйді былтыр ғана алған. Киізінің қалыңдығы бір елі. Бірақ, амал не, жаңбыр көбірек жауса, тамшы тамады да тұрады. Баяғы киіз үйлердің не құдіреті барын кім білсін, киізі қабыршақтай болса да, шелектеп құйған жаңбырға мыңқ етпеуші еді.

– Оның ешқандай құдіреті жоқ, – деді әлгі мосқалдау адам. – Тамшының тамуы киіздің қалыңдығы мен тығыздығына емес, қылшығының ұзындығына байланысты. Бұрынғы киіз үйлердің киізін ақ тоқтының күзгі тірі жүнінен басқан. Тірі жүннің қылшығы бір-біріне жақсы байланады, тығыз да болады.

– Ол киізді неге тек ақ тоқтының жүнінен басқан? Әдемілік үшін бе? – деп жастау жылқышы тосын сұрақ қойды.

– Жоқ, тек әдемілік үшін емес. Ақ киізден жасаған үй жазда салқын болады. Өйткені, ақ зат күн сәулесін сындырады ғой.

– Ендеше, ежелгі қазақтар физиканы жақсы білген-ау?

Жастау жылқышы қулана жымиды. Мосқалдау адам қабақ шытты.

– Сенің бизикаңның пайда болғанына көп болса үш мың жыл шығар. Ал көшпелі халықтар мүлиан жыл өмір сүріп келеді, шырағым. Есіңде болсын, адамды бизика жаратпаған, бизиканы адам жаратқан… Сонан кейін ескі заттардың бәріне мұрын шүйіре қарауға болмас. Өйткені, олар қазіргі кейбір заттай бірер күнде, бірер адамның қолынан туа салмаған, сондықтан олардың ақауы аз болады, шырағым.

Бұл сөзі мені үлкен ойға қалдырды. Бір мезет Алматыдағы өнер музейін еске алдым. Сол музейге мезгілінен бұрын барған қанша ма құнды заттар тұр. Әсіресе, анау неше түрлі қазақы ерлерді айтсаңшы. Ондай ерлер аттың арқасын ешуақытта жауыр етпес еді. Ондай ерге мініп, қанша жол жүрсең де белің талып, бөксең сыздамас еді. Себебі, олар адамның дене мүшесіне қарай алдыңғы қасы биік те сүйір, артқы қасы аласа, әрі жалпақ етіп жасалған. Егер осы айтылғандарды ескерсек, қазақы ерлерді неге қайта жасамасқа? Жасап алып, неге малшыларға бермеске? Сол сияқты мына қара саба мен торсықтың қадір-қасиетін білетіндер де кемде-кем. Бұларға құйылған сусын жуық арада бұзылмайды да, жылып та кетпейді. Алып жүруге де сондай ыңғайлы. Өкінішке орай, бүгінде бұл дүниелерді де сирек көріп жүрміз.

Солтанбектің үйінен кіші бесінде шыққан біз Қаумыш көлінің жағасындағы Орекеңнің қонысына түн ортасында жеткенбіз.

* * *

Күн көтеріліп қалған шақ. Орекеңнің кешегі алабажақ атымен таң сәріде жолға шыққанмын. Енді, міне, бетін шөп жасыра бастаған тарам-тарам ескі сүрлеуге түсіп, Марал көлін жиектеп жүріп келемін. Бұл сүрлеумен жүрмегеніме маған табаны күректей он екі жыл болған. Он екі жыл былай қарағанда, ауыз толтырып айтатын уақыт та емес. Бірақ, осы уақыт аралығында ел мен жерде көп өзгеріс болғанын байқар едің. Бұрын осынау Марал көлі, Науа, Түйіскен жайлауларына малшылар жүктерін атқа артып, жолда үш қонып, төртінші түнемелікте әзер жететін. Ал қазір таңертең ауылдан аттанған трактор түн жарымда «жер түбіндегі» Түйіскеннің төрінен бір-ақ шығатын көрінеді. Бұған малшылар өте қуанышты. Бұған бір кезде біз де қуанып, Алматыдағы бір жерлес жазушыға: «Алтайда трактордың бармайтын жері жоқ екен» дегенімізде, ол: «Оған несіне мәз боласыңдар, бүгін шынжыр табан жеткен жерге ертеңгі күні кім көрінгеннің қолы жетіп, мына сыңсыған ну орманды шетінен қия бастамасына кім кепіл?» дегені бар. Қисын, пайдалансын делік (бәрі де халықтың игілігі үшін), бірақ, анау Тарбағатай жайлауы сияқты (Тарбағатай ауданы емес) біраз жылдың ішінде жұлған тырнадай жұлым-жұлым етпесе болды да. Ол жайлаудың қазір әбден жүдегені рас. Бір кездегі қыз келбетті көгілдір өлке бүгінде теңге қотырдан түсіп қалған шаштай теңбіл-теңбіл болып, қараған көзді мұңайтып, көкірегіңді құлазытар еді. Сол орман учаскесінде, есепсіз қиған жүздеген текше метр ағаштың босқа шіріп жатқанын өткен жылы өз көзімізбен көргенбіз де.

Ескі сүрлеумен жүріп келемін. Ойдан ой туады. Тағы да он шақты жыл бұрынғы Алтай табиғаты көз алдыма келеді. Он шақты жыл – ұлы цивилизациямен салыстырғанда қас-қағым ғана сәт. Алайда, осы қас-қағым сәтте сан ғасырда мұртына қылау түспеген табиғат күрт мүжіле бастаған. Бүгінде Алтайдан аң-құсты да сирек көретінің рас. Көре қалсаң, адамдардан запыс болғаны сондай, жандарын қоярға жер таппай андыздап қаша жөнелер еді. Неге? Бұл өлкеде айтулы аң шаруашылығы да жоқ қой?.. Шындығында, гәп мынада. Бүгінде Алтайдың кез-келген малшысында бір-бір мылтық бар. Бүгінде Алтай малшыларының арасында суыр, тиін бөрік кимейтіні кемде-кем. Жалғыз малшы ғана емес, қыста мұндағы үш адамның екеуінің басынан үш суыр, жиырма бес тиін көресіз. Бұл да ештеңе емес, өткен қыста аудан орталығында бір толықтау әйелдің үстінен тиін ішік те көргеніміз бар. Сол ішік кем дегенде жүз елу тиіннің терісінен тігілген еді. Сол ішік әлгі әйелдің ар-ұятынан да сыр беріп тұрғандай еді.

Ар-ұят дегенде еске түседі, алты-жеті жыл бұрын Тарбағатай жайлауына ауып келген екі бұланды «Өрел» совхозының екі қойшысы ұялмай-ақ атып алғанын естігенбіз.

Ар-ұят дегенде еске түседі, баяғыда балығы тайдай тулаған Маралқашқан өзеніне «Чернова» совхозының малшылары креолин ағызып құрт шабағына дейін құртып жібергенін білеміз.

Ар-ұят дегенде еске түседі, 1976 жылы «Алтай» совхозының бір механизаторы жер ошағындағы отты өшірмей кетіп, Шабанбай жайлауындағы жүздеген гектар шабындық пен орманды өрт шалғанын білеміз.

…Ескі сүрлеумен елге қайтып келемін. Жарықтық, жазира жайлау артта қалып барады. Енді бұл жаққа қай уақытта келер екенмін? Келгенде, қандай күйде көрер екенмін? Бірақ, бір дүниеге сеніп те барамын: Алтайды саялай білген жұрт аялай да білетін болар.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo