Адамдық ыстық жүрекпен…

АДАМДЫҚ ЫСТЫҚ ЖҮРЕКПЕН…

Күнделікті өмірде достық, жолдастық, туысқандық деген сөздерді жиі айтатынымыз рас. Бұл сөздердің жүрегімізге жылы ұялайтыны да рас. Бірақ мен осылардың бәрінен де адамдық дегенді артық көретінім бар. Өйткені, адамдық асыл қасиеттерді бойына жинақтай алған адам ғана – адамдарға шын дос, шынайы жолдас, нағыз туыс болмақ. Ал адамдар дегеніміз – тек айналаңдағы ат төбеліндей ағайын—туыс, азғантай ғана дос—жаран емес – әрі—беріден соң жұмыр жердегі жұмыр басты пенденің барлығы деп білген жөн. Адамдығы үлкен, азаматтығы биік жандар қай жерде, қай заманда болмасын, «ала қойды бөле қырықпай», адам атаулыға адамзаттық көзқараспен қараған. Ондай адамдар жер бетіндегі бүкіл саналы тіршілік иесінің қуаныш—бақыт, қайғы—мұңынан да тыс қалмаған. Барша мүдде, мұратпен шындықты жоғары қоя білген олар әр халықтың жақсы—жаманын да адамдық тұрғыдан бағалап, ақылмен ажырата алған ғой. Айталық, ұлы Абай өз ағайындары Тәкежан мен Әзімбайдан гөрі орыс Долгополов пен неміс Михайлэске жуық жүргенін кім білмейді. Сондай—ақ, таулық Қажымұратты өз шығармасында қайсар қаһарман еткен Лев Толстой мен негр Тамангоны тамсана әңгімелеген Проспер Мерименің «өз» қарына бұра тартқаны кәнеи! Ұлылардың ұлылығы да осында болса керек. Дегенмен адамдық асыл қасиеттерді түп—түгел тек ұлылар мен әдебиет төңірегінен іздеу артық. Көре білсек, жүрек жылуымен жанымызды жылытып жүрген жайсаң жандар осынау өмірде, қарапайым адамдар арасында да аз емес. Төмендегі сөзім солар жөнінде.

Жетпісінші жылдардың ортасында Өскемен педагогикалық институтының филология факультетінде оқып жүрген кезіміз еді. Үшінші курстың басында семья құрып алған соң амалсыз жеке пәтер іздеуімізге тура келген. Iздедік. Жолдасым екеуіміз күн сайын сабақтан шығысымызбен қаланың түпкір—түпкірін түк қалдырмай шиырлап, шарлап шығатын болдық. Бірақ оңайлықпен пәтер табыла қоймады. Қай есікті қақсақ та еститініміз: «Жоқ, қабылдай алмаймыз!..» Ал кештетіп жатақханаға келгенде, коменданттың айтар сөзі: «Қашан шығасыңдар?!» Өстіп әбден қинала бастаған кезімізде ауылдан артынып—тартынып көкеміз келе қалғаны.

– Қиналмаңдар,– деді ол бізді алдарқатып. – Қаланың анау Пристань деген жағында елден ертерек кеткен бір құрдасым бар еді. Өткен жылы ауылға келгенде, шешелеріңнің қолынан дәм татып отырып, адресін тастап кеткен. Барып көрейік, бір көмегі тиер.

Ертістің сол жағындағы жатаған төбелердің етегіне қызыл кірпіштен өріп салған «баяғы ауылдастың» бес бөлмелі үйі кең сарайдан кем емес екен. Ауласының өзі ат шаптырым. Ол ауланы жағалай қоршаған қора-қопсы, қоймасы, қалалықтар «времянка» дейтін кішілеу жаздық үйі тағы бар. Обалы нешік, отағасы бізді жыла қабақпен қарсы алған. Қапшықтағы жарты қойдың етін көргенде, кемпірінің де көзі күлімдеп, дереу қазан көтеруге кіріскен… Қысқасы, сол күні біз екі чемоданды сүйретіп келіп, әлгі үйдің «времянкасына» жайғастық.

– Ары да емес, бері де емес, 30 сом,- деді отағасы.

– Рахмет!– деді көкеміз құрдасы қайырым жасағандай.

– Бірақ бір ай бұрын төлеп тұрсын,– деді отағасы.

– Тіпті екі айлығын бірден ал,– деп көкеміз 60 сомды құрдасының қолына қыстыра қойды.

– Рахмет!– деді құрдасы көкемізге риза болғандай.

Сонымен сөз бітті. Көкеміз елге көңілді қайтты. «Времянканың» түтінін түтетіп біз тәп—тәуір тұрып жаттық. Өстіп тәп—тәуір тұра да берер едік, арада он күн өтпей отағасы таңсәріде есігімізді тықылдатқан. Аштық.

– Сендерде осы электроплита бар ма? – деді ол.

– Жоқ. Бар болса, тәуір болар еді, асыққан кезде асымызды жылыта қоятын, – дедім мен ағымнан жарылып.

– Қылжақты қой, бала. Электроплиталарың болмаса, электро-шәйнектерің бар сендердің. Счетчиктің дөңгелегі кейде содан зыр қағып кетеді, – деді ол.

Мән—жайды сонда ғана түсіндік. Түсіндік те электроэнергияға деп, «ары да емес, бері де емес 30 сомның» үстіне тағы 3 сом қостық. Егер де бұдан да жоғарылап кетпесе, бұрынғыдай тәп—тәуір тұра берер едік, отағасы жаңа жыл басында есігімізді және тоқылдатқан. Аштық.

– Міне, бала, жаңа ғана налог төлеп келдім,- деп ол әртүрлі қағаз, квитанцияларын алдымызға жайып салды. – Көшедегі кір—қоқыс төгетін темір қорап үшін мынанша алды… газға төлегенім мінеки… жалпы участоктің налогы мынау… Ал осы жалпы участокте сендер де тұрмайсыңдар ма?

Бастан құлақ садаға, 33—ке тағы 2 сомды қосып, отағасыны шығарып салдық. Осымен бар бітімге келген сияқты едік, ендігі бәле «бәселкіден» шыққан. «Бәселкі» – почтамен бізге ай сайын қорап—қорап боп келіп жататын ет те. Отағасының кемпірі дәметіп қалар деп, жолдасым ол үйге жамбас, жілікті жеткізіп те жүретін. Бірде сондай бір «бәселкеміз» жолда көбірек жүріп қалған ба, қорап толы қып-қызыл етіміз қызыл иттің жемі болған. Бұны басқаға жорыған екі қарттың қабағы кілт түйілді. «Есік алдына кір суды кім төгеді осы?» деп кемпір бір келеді. «Түні бойы аулада кім жүреді?» деп отағасы екі келеді. Ең ақырында ауыз үйлеріндегі краннан су алуға барған жолдасыма олар сонау етектегі Ертісті нұсқаған ғой… Амал жоқ, қыстың көзі қырауда қайта пәтер іздеуге шықтық.

Бұл жолы қаланың батыс бөлігіндегі Мирный поселкасын адақтап қайту үшін автобусқа мінгенбіз. Жол ұзақ, салонның артқы жағында өзімізше күбірлесіп, сөйлесіп тұрдық. Алдымызда арқалығы теріс қараған орындықта екі орыс адамы отырған. Бірі – отыздар шамасындағы жігіт те, екіншісі – егделеу қарт. Жігіттің шашы жалбырап, көзі қызарып кеткен. Бұлғаң қағып жанындағы кісіге қайта—қайта сүйкене береді. Сөйтіп отырып бір сәт бізге:

– Неге өздеріңше былдырлайсыңдар! – деген ақиланып.

Біз бір—бірімізге таңдана қарадық та, күлдік. Аузынан суы ағып отырып біреуді мінегеніне күлдік.

– Мыналар күледі—ей!– деп ол енді қасындағы қартқа бұрылған.

– Ақымаққа күлмегенде, жылай ма? Сен сияқтылар үшін мен ұяламын, – деп қарт күрсінді де, тұруға ыңғайланды. Менің есіме көкем жиі қайталап отыратын бір сөз түскен. «Ағаштың бірер бұтағы қисық екен деп, бүкіл діңіне күмән келтірме» деуші еді ол кісі.

Біз түсетін аялдамадан әлгі қарт та түскен. Сосын бір көшеге де бірге бұрылғанбыз. Қарсылық білдіргеніне қарамай, жарты қаптай картобын көтерісе жүрдік. Жолай пәтер іздеп шыққанымызды сөз арасына қыстыра кетіп едік, ол:

– Қиындау шаруа екен… Бос үйі бар көршілерімізді білмеймін. Ал өзімнің кішкентай «времянкам» бар. Қыста оған қалай тұрасыңдар, – деп шынайы қиналыс білдірді. Сонан соң көше тұйығындағы көк қақпалы үйдің жанына келгенде:

– Үйіміз – осы, «времянкамыз» – анау, – деді үлкен үймен іргелес шағын жайды нұсқап. – Көрем десеңдер, жүріңдер.

Көрдік. Терезелері биік, аядай екі бөлме екен. Сол жақ бұрышта үш құдықты пеші бар. Байқаймыз, белі майысқан бұрынғы «баспанамызға» қарағанда, мынау кәдімгі үй секілді.

– Ұнаса, тұрыңдар, – деді қартпен ілесі кірген ақсары кемпір.

– Пәтер ақысы?..- дедік біз қипақтап.

Екі қарт бір—біріне қарасып, аз-кем тосылып қалды да:

– Бұрын жалға пәтер берген жоқ едік. Өздерің айтыңдар, – деген.

– 30 сом болса… Бұны азсынсаңыздар отын—су, энергияға да…– дей беріп едік:

– Жо—жоқ, жаңағыға тоқтайық, өздерің студент екенсіңдер, – деді ақсары кемпір аңқылдап.

Кейін «Петр Андреич», «Тетя Надя» атап кеткен қос қарияның үйіне біз осылай тап болдық.

Қызығы сол бір ауладан бірге шығып жүргенмен ол кісілерді сирек көретінбіз. Бұрынғыдай ұсақ—түйекке бола таң атпай есігімізді тоқылдатып тұратын адам жоқ. Артық-ауыс сөз де жоқ. Сөз шықпасын деп, өзіміз де шиімізді шығарғымыз келмейді. Қар жауған күні бүкіл ауланы тазартып тастаймыз. Отын ұсақтасақ, екі үйге жетерліктей етіп, үйіп қоямыз. Үй иелері аулада кездесе қалса, жылы амандасып, рахметін айтады. Бірде жолдасым кезекті «бәселкеден» бір—екі жілікті ала жүгіріп еді, олар оны таразыға тартып жіберіпті де, тура 9 сом 50 тиынды қолына ұстатыпты. Өстіп ол «времянкада» да қыстап шығар ма едік, ақпанның алай—түлей бір кешінде бөлмеге Петр Андреич кірген де, жағдай сұрастырып болған соң:

– Сендерге мұнда тұруға болмайтын шығар… Иә, болмас, – деген үзілді—кесілді.

Жүрегіміз зырқ ете түсті. Басымызға алғашқы келген ой: «Пәтерді енді қайдан іздейміз?»

– Иә, Надя солай деп отыр. Гуляға қиын ғой дейді, – деп Петр Андреич бір сәт аяғы ауырлап жүрген жолдасыма ұрлана көз салып өткен. – Бұдан былай сендер біздің үйге көшіңдер. Бір бөлмесін бүгін босатып та қойдық.

Жолдасымның бозара қалған өңіне лып етіп қан жүгірді. «Не істейміз?» дегендей жымиып маған қарайды. «Үй ішінен үй тіккеніміз қалай болар?» деп мен тұрмын. Бірақ Петр Андреич дегеніне көндірмей қоймайтынын сездік те, жүгімізді жинай бастадық.

Шіркін, үйдің жылысына не жетсін! Сырттан дірдек қағып кіргеніңде, алдыңнан ыстық леп есіп тұрса, рахат дегенің сол ғой. Бәрінен де адамдардың жан жылуын айтсаңшы! Бір есіктен кіріп, бір шаңырақтан өріп жүрген біздердің енді қуаныш—қызық, уайым—мұңымыз да бірігіп кеткендей еді. Әсіресе, жолдасымның ыңқыл—сыңқылы көбейген сайын екі қарт тіптен бәйек бола түскен.

– Гуля, сен ауырып қаласың, – деп Надежда Павловна жолдасымды шаруаға жуытқысы келмейді.

– Петр Андреич, көмірді мен әкелейін… отынды өзім ұсақтайын, – деп мен де зыр қағамын.

Бұным – пысықтығым емес, екі қарттың қайырымын қалай да қайтарғым кеп тұратындықтан еді. «Сыйлағанның құлы бол» дейді біздің халық. «Сыйға – сый…»  дейді тағы да. Біз оларды «жақпай қалсақ пәтерден шығарып жіберер» деп сыйлаған жоқпыз, адамдық істеріне адамдық қасиет көрсетуге тырысатынбыз. Және де, «жүзі бөлектің жүрегі де бөлек» деп ойламасыншы деп, зыр жүгіруші едік.

Жоқ, біздің жүрегіміз де, тілегіміз де бір болатын. Надежда Павловна болашақ нәрестеміздің аман—есен дүниеге келуін бізден кем тілеген жоқ. Петр Андреич қажет кезінде қолдан келер көмегін аяп қалмаған. Шұғыл бір жаққа жинала бастағанымызды сезсе ол қызыл «Москвичін» қыздырып, дайын тұрады. Оған ыңғайсыздық білдірсек, өзінің де сыртта шаруасы бар екенін сылтау ете қояды. Ал машинасына отыра қалсақ, алдымен бізді жеткізіп салмай ешқайда бұрылмайды да. Кейін жолдасымды түн ортасында перзентханаға ала жөнелген де, ең соңында қызылшақа қызымызды сол перзентханадан көтеріп шыққан да – осы екі қария еді.

Ол баламыздың атын біз Надежда шешейдің құрметіне Үміт қойғанбыз. Үмітіміз үйге келісімен бәрімізді «әлекке» салды. Әбігер көбейді. Ендігі сөзіміз де, көзіміз де жалғыз нәрсетеге ауған. Ол ұйықтап жатқанда, аяқ ұшымен ғана жүреміз. Ол жылаған сәтте, қолдан—қолға көшіреміз. Кей түндері оны Надежда Павловнаның өзі алақанға салып алып, ұзақ уақыт әлдилеп отырғанын да жиі көретінмін.

Әр халықтың әдет—дәстүрінде аздаған айырмашылық болатыны рас. Надежда Павловнаның тілегі бойынша, Үмітіміз қырқынан асқанға дейін ағайын—туыс, жора—жолдастың ешқайсысын шақырмадық. Өйткені олар бұл уақыт аралығында баланы көп көзге көрсетпеуге, ананы аса мазаламауға қатты мән береді екен. Сондай—ақ, ол: «баланың белі майысады, мүсіні бұзылады» – деп, оны төрт—бес айға дейін тік көтертпей, тек алақанға көлденең салып жүруді қалаған.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Петр Андреич пен Надежда Павловнаның адамдық қасиеттерін айтып жеткізу қиын. Сол екі қарияның арқасында жолдасым сабағынан шамалы уақыт қана қалып, үшінші курсты үзбей бітіріп шықты. Сол екі қарияның арқасында уайымсыз сыртқа шығып, жиі серпіліп те келуші едік. «Жассыңдар ғой, баратын жерлеріңе барып келіңдер», – деп, Надежда Павловна баланы көбінде өзі бағып қалатын. Жаз шыға олардың машинасымен сонау Быструха, Черемшанкаға барып, табиғат аясында дем алып қайтқан кезіміз қаншама.

Сырт көзге соншама бақытты көрінгенмен, сол қарттардың да іштерін жегідей жеп жататын мұңдары бар еді. Ол – балаларының жоқтығы да. «Жанымызға демеу, жыртығымызға жамау болған жалғыз қызымыз бар—тұғын. Қызығын енді көре бастағанда, қапыда көз жазып қалдық. Одан соң бала көтере алмадым. Жалғанда жалғызға сенуге болмайды екен», – деп Надежда Павловна кейде көзіне жас алатын. Сондағы алданыш ететіні – біздің кішкентай Үміт еді. Оны жазда көкем мен тәтем елге алып қайтарда, қос қария аэропортқа дейін шығарып салып тұрып, үнсіз егілгендері әлі есімде… Өмір заңдылығы солай – кездесу бар да, қоштасу бар. Бір жылдан соң оқу бітірген кезімізде, олар бізбен де солай қоштасқан…

Қазір кейде Пристаньдағы «көкемнің құрдасы» есіме түсетіні бар. Бірақ оған қарап, Көкемнің бүкіл құрдасына ренжімес едім. Өйткені әр халықтың көзге шыққан сүйелдей өз Гобсегі бар ғой.

Енді бірде, баяғыда, Мирный поселкасына алғаш бара жатқанымызда, автобуста аузынан суы ағып отырған жігіттің: «Өз тілдерінде неге былдырлайсыңдар», – дегені ойға оралар еді. Бірақ мен оған бола, бір ұлы халыққа күмәнмен қарай алмас едім. Өйткені, әр халықтың көңілі көлдария Атымтай Жомарты да жеткілікті ғой…

Бұл жазғанымды Петр Андреич пен Надежда Павловнаның оқи алмасын білемін. Алайда аз да болса көптің бір кәдесіне жараса, көңілге ол да медет.

1987 ж.

P.S. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін  мәжбүрлікпен жазылған, автордың аты-жөні ойдан шығарылған, шартты мақала. Бірақ 1975-76 жылдары Өскеменде өз басымнан кешірген жайларды (оқудан басқасын) сол қалпында қағазға түсіргенмін. Кейін Қырымға көшіп кеткен Петр Андреич пен Надежда Павловнадан 1988 жылға дейін хат алысып тұрдық.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo