Өлеңдер

Ақ бантик

Кіршіксіз мөлдірі жүректің,
Ақ бантик жаныма гүл ектің,
Самал боп бетімді желпідің,
Ең алғаш сонда мен дір еттім.

Сырыңды көзіңнен ұғатым,
Гүлің боп бантигің тұратын.
Өзімнің кеудемде тұрғандай,
Еріксіз мойнымды бұратын.

Ақ бантик сен қыздың көркі ме ең,
Әлде сен жас жүрек еркі ме ең.
Бір шоқ гүл секілді көктемдегі,
Жігіт ап бетіне желпіген.

22 желтоқсан, 1967

Алатаудың басынан
ақша бұлттар арылмас

Алатаудың басынан ақша бұлттар арылмас,
Алтайдағы сұлулық Алатаудан табылмас.
Арман қуап келдің де, қайттың енді ауылға
Мені жалғыз қалдырып кеткенің бе, қарындас?
Туған жерді сағынбашы, жүре тұршы, қарындас.

Келесің бе қайтадан мынау сұлу қалаға,
Келіп қайтшы болмаса жыл өткізіп араға.
Сағындырмай өзіңді хат жазып тұр, қарындас,
Есіңе алшы болмаса гүл тергенде далада,
Айтылмаған сырларым жүрегімде қала ма?

Тастап сұлу қаланы кетейін бе ауылға,
Өзіңменен қайтадан жетейін бе тауыма?
Бір өзіңмен қыдырып шықсам, шіркін, қырларға,
Қойдым мына қаланы кетейін бе ауылға.
 
1972 жыл

Алтайым менің

Қырау шалған міне бүгін басыңа,
Ақша бұлттар еніп астыңа.
О, Алтайым кәрі шыңым аяулы,
Өтер күнім күнде сенің қасыңда. 

Таң сәріде тұрып ерте әр дайым,
Мұнарланған ақбас шыңға қараймын.
Мол еңбектің қайнап жатқан етегі,
Бұл жырымды бір өзіңе арнаймын.

31 қазан, 1966жыл

Аңсадым сені бірде мен

Аңсадым сені бірде мен,
Жалғыздық кешкен шағымда.
Оранып ойлар сағымға,
Бой бермей жаным сабырға.
Оралдым жалғыз тағы да,
Бұлбұлдар ұшқан бағыма.

Айларды салып араға,
Жүргенде шалғай қалада
«Сағындым сені, жан аға»
–Деп жазған хатың өзіңнің,
Көрінді дархан даламдай,
Лебізің бір сәт бет шарпып
Қырлардан аққан самалдай,
Жанымды жайлап тербеді,
Жалындап жанды осы сәт.
Жүректе бір от мендегі,
Аңсадым сонда сені мен
Бір гүлдей туған жердегі.
 
Арманмен бір күн алданып,
Алысқа ұшып кеткенде,
Шөлдерден сусап өткенде,
Қайтатын мезгіл жеткенде,
Қанаты талып сал болып
Жете алмай жолға сан қонып,
Мекенін ыстық аңсаған
Көрмесе шыңын тұра алмай,
Сапардан қайтқан қырандай,
Аңсадым сонда сені мен.
 
Сусамай өтпес еш пенде,
Құмдардан керуен көшкенде,
Аруанадан қалған адасып,
Жазира дала тар болып,
Жүрекке сенім нәр болып,
Сахарада қалған ботадай
Бір жұтым суға зар болып,
Аңсадым сонда сені мен.  

1974 жыл

Арман

О,арман жетеледің мені бүгін,
Кезбексің меніменен жұлдыз нуын.
Жүресің біздер менен Марстада,
Адамзаттың қолға ұстап бірге туын. 

Армансыз болсақ егер сонау кезден,
Болар ек онда мүмкін түк сезбеген.
Ұшқыр ой арман менен ұштасқан соң,
Ғылымның шыңы бар ма біз кезбеген.

25 қыркүйек, 1966 жыл

Ғұсни хат

Әшімханның баласы,
Баласының данасы.
Ашық күнде аң қуып,
Алдағанын қарашы.
Тізе берсе жіпке егер,
Басынан асар жаласы.
Қашан Дидаш бересін,
Аласымды аласы.

7 желтоқсан, 1998
(ТұрсынЖұртбаевтың
маған редакцияға қалдырып
кеткен «запискасы»)

Дидашжан!

Құдамды мен Құдайдай дана көрем,
Ақ көңілін арамдықсыз бала дер ем...
Қолын қысып тұрмасам күнде-күнде,
Қоңылтақсып көңілім қала берем.
 
Есенбай. 19 шілде, 2006 жыл
(имппровизация)
(Ақын Есенбай Дүйсенбаевтің
маған әзілдеп жазып бергені).

Дидаш досқа

Жастық шақ жадыңда ма, Дидахмет,
Алтайдан алты алашқа тіл қатып ек.
Жүректі жырлатып ек, жырғатып ек,
Көңілде қалмасыншы кір даты деп.
Ұйқыны, күлкіні де ұрлатып ек,
Өйткені өрекпіген кіл батыр ек.
 
Дүрмек кез есіңде ме, Дидахмет,
Талпынып талай-талай түн қатып ек.
Қиялдың құрдымына шым батып ек,
Қомдадың қанатыңды шыңға түнеп.
Толғандың түреніңді тыңға тіреп.
«Жер аңсаған Сарыатан» боздағанда,
Біз сенің көз жасыңды құрғатып ек.
«Сары самауыр» секілді балқып кетем,
Бұл күнде сені оқысам, Дидахмет! 

Биіксің енді бүгін, Дидахмет,
Діңгексің қара сөзде тұлға тірек.
Үлкеннің, кішінің де сыйласы боп,
Алыстың, жақынның да қимасы боп,
Айтамыз «бар қазақтың Дидашы» деп.  

Ірілікте дарабозсың құрдасы жоқ,
Тірлікте Тура бисің тумасы жоқ.
«Атадан алтау» болып туғанменен
Жалғыздық бар, ол дағы бір қасірет.
Жалғыз өзің биікте тұрма шіреп,
Бізді ала кет қасыңа, Дидахмет! 

Аспандасаң Мұзтаудың сырласы боп,
Самырсынын ұмытпай сыйласып өт.
Бұл өмірде достықтан қымбаты жоқ,
Деген өзің, дауылпаз Дидахмет,  
Дидахмет, Дидахмет.  

18 маусым, 2010 жыл.
Алматы «Ритц-палас».
(Бұл – Ұлықбек Есдәулеттің
мен 60-қа толғанда
«Ритц-Палас» ресторанында оқыған өлеңі)

Д. Әшімханұлы 60 жаста!

Дидахмет дегенде, Дидахмет,
Бір арман кеудесінде күй тартып ед.
Жас кезінде жалындап, жазу жазып,
Қаламымен қамалды қиратып ед.

Дидахмет, баяғы Дидахмет,
Алпысыңда күлімдеп, жина тілек.
Мұқалмайтын мұнтаздай қалпың қандай,
Халқың айтар қашан да жинақы деп.

Дидахмет, тағы да Дидахмет,
Алпысыңа алқынбас сыйла жүрек.
Қалам ұстап қалада, тағы ұқсайсың,
Катонға бара қалсаң, қайла-күрек.

Оқырман «қайда, – дейді, – Дидахмет?»
Беліне прозаның жүк артып ек.
Бірер жыл шығармаңды жазбай кетсең,
Қаламың өзіңді аңсап тұрар жүдеп.

Дидахмет, құрдасым, Дидахмет,
Дарының баршамызды сыйлатып ед.
Ақ түйенің қарыны жарылған күн,
Қосылып Лизамен, жина күреп.

Нұрдәулет – Ботакөз, 18 маусым, 2010 жыл
P.S. Жазушы Нұрдәулет Ақышевтің
мен 60-қа толғанда«Ритц-Палас»
ресторанында оқыған өлеңі.

Қадірлі Дидаға!

Алпысқа келдіңіз:
Салмақтанған беделі, абыройы,
Ардақталған кемелді ақыл-ойы.
Алпысқа келдіңіз:
Елестетіп сарыала алтын күзді,
Сақтап қалған жігіттік қалпыңызды.

Алпысқа келдіңіз:
Көңілі мен өмірі қартаймаған,
Жүзіңіз – бек, шүкір, әр таймаған.
Айбатыңыз тұр әне желдей есіп,
Қайраты мен екпіні жантаймаған.

Құтты болсын, асулы Алпысыңыз!
Қазақшалап айтқанда – тал түсіңіз.
Сіз керексіз тағы бір алпыс жылға
Бітпей қалған күтіп тұр жарты ісіңіз!

10 маусым, 2010 жыл.
Құрметпен, «түркістандықтар».
P.S. «Түркістандықтар» бұл өлеңді
«Құттықтау папкісіне» арнап,
жамбылдық Толымбекке жаздыртса керек.
Жаңабектің маған «сыбырлап»
айтқаны солай.

Ассаламуалейукүм, Теңге!

Ассаламуалейукүм, Теңге!
Кенжелеп жүрер елге
Ғайыптан келдің демде,
Иншалла!

Сорлатқан сомды
Ұшырып желге,
Шығардық сені төрге,
Иншалла!

Бірақта...
«Ашаршылықта туған баланың
Екі көзі аста болар»,
Маңдай тісі қасқа болар,
Тәбеті басқа болар.
Ішсе – тойып бермес,
Деген қазақта сөз бар,
Иншалла!

Бақ болармысың,
Сор болармысың –
Ертеңгі күнің біледі,
Күніңді құның біледі.

20  қараша, 1994 жыл

Табиғатсаған үлкен
талант берді

Жаңаүлгі – кіші отаның, ата жұртың,
Сағынбай жүре алмайсың оны бір күн.
Маңдайға жазушылық жазылмаса,
Елге басшы болар ма ең, әкім, мүмкін?

Ізін басып катондық қос шебердің,
Тізгінін тұлпарыңның бос жібердің.
Үзеңгі қағыстырып Асқаровпен,
Мақтанына айналдың туған елдің.

Табиғат саған үлкен талант берді,
Биіктерге самғайтын қанат берді.
Түн ұйқыңды төрт бөліп қалам толғап,
Жырлаумен келесің жаннат жерді.

Отызға бабыңа кеп ағындадың,
Барға шалқып, жоқ болса тарылмадың.
Жанылмай тура мінез, әділдіктен,
Ешкімге көпшік қойып жағынбадың.

Жолдасты таңдамадың қалталы деп,
Шендіге шұлғымадың тартады деп.
Шындық іздеп шарқ ұрдың Алматыда,
Қарапайым халқыңа арқа тіреп.

Сол кезде жанына алды Қалтай ағаң,
Қазақта туа бермес ондай адам.
Жаны жаз, пейілі кең, дуалы ауыз,
Елінің келешегін көп ойлаған.

Сын садақтың тура атқан сұр жебесін,
Алаштың сөз мергенін кім білмесін.
Мұхаметжанов екеуің қаладыңдар,
«Түркістан» газетінің мықты іргесін.

Көтеріп көптің зарын, елдің мұңын,
Күндіз-түн еңбек еттің алмай тыным.
700-ден астам құнды еңбек жаздың,
Публицистиканың көтеріп ауыр жүгін.

Мұнымен де, Дидеке, шектелмедің,
Қанат қылып талапты көкке өрледің.
Көркем әдебиеттегі дәлелі қарымыңның –
Халықаралық сыйлықты бөктергенің.

Тайма, дос, сол биіктен, осы беттен,
Бұдан да зор жетістік халқың күткен.
Әлі сан повесть, роман береді деп,
Талғампаз оқырманың үміт еткен.

Мен саған ең алдымен бақ тілеймін,
Сонан соң жүйрік қалам, жақ тілеймін.
Жүре бер алашыңның еркесі боп,
Шығармаңмен зорайып даңқ, мерейін!

Жәнібек Қызыр 2010 жыл

Жақсылыққа жаным
құмар әрқашан

Жақсылыққа жаным құмар әрқашан
Көңілдердің көгін сонда дәл басам.
Игі қолдың шыққан тері зор бақыт
Сен әуелі жақсылыққа бастасаң.

Желтоқсан, 1966 жыл

Асықпайаяңдай бер, Нағашыбек!
(Құрдастық әзіл)

Елуге кім толмайды, Нағашыбек,
Дәл биыл ондайлардың қарасы көп.
Бірақ бізді кім айтар, құрдасым-ау,
Қымбат тонның құндызды жағасы деп.

Айта алмайды және елдің ағасы деп,
Сенсең – сен, сенбесең – қой, Нағашыбек.
Біреулер бізді сырттан мазақтайды:
«Бұлар өзі Хрущевтің баласы» деп.

Талас сөздің, әрине, тағасы жоқ,
Базыналы болса егер бағасы көп.
Хрущевтің баласы болмасақ та,
Брежневтің ұлы едік – шарасы көп.

Жұрт не десе, о десін, Нағашыбек,
Сансыз сөздің артық қой сарасы тек.
«Момын ұрпақ» десе де мойындай сал, –
«Қарасы көп... бірақ та дарасы жоқ».

Қайтейік, амал жоқ қой, Нағашыбек,
Бұны да соғыстың біл жарасы деп.
Майданнан шаршап қайтқан әкелердің,
Болбырлау, бостау туған баласы ек.

Ұлы өзен емеспіз саласы көп,
Мөп-мөлдір бұлақпыз біз жағасы көк.
Алатаудың басынан бастау алған
Сен де бір тұмасың ғой, Нағашыбек.

Жиырмада жас құрақтай жарасып ек,
Отызда қай сүйекке таласып ек.
«Қарасы көп» болса та «дарасы жоқ»,
Біз емеспіз ішінде аласы көп.

Бірақ... бірақ айта алман, Нағашыбек,
Бұл – тағдырдың біздерге табасы деп.
Құдайдың бергеніне шүкір дейік,
Басы аманның өмірден аласы көп.

Елуде жетпегенді жүзде алармыз
Оның да жап-жақын ғой арасы тек.
Қапаланба сондықтан, Қапалбеков,
Асықпай аяңдай бер, Нағшыбек! Нағашыбек!

Құрдасың Дидахмет.
Түркістангазеті, 21-27 сәуір, 2000 жыл

Аяз

Аязы тұрсын ысқырып
Түтесін көкті ақ боран.
Мейлі соқсын үскірік
Қорқа алмаймын мен одан.

Аязбен таңда алысып,
Ысынам қармен ертемен.
Жатамын аунап қар құшып,
Жанымды жалын өртеген.

Өзі де мазақ болғанға
Кетеді аяз жыраққа.
Қыс суық ызғар болса да,
Өмірім жылы бірақ та.

29 желтоқсан, 1966 жыл

Ат қойыпты Мұхтар деп
Пародия

Ат қоюға қазекем епті халық,
Епті халық сөйлейтін текті танып.
Бірақ кейде ақкөңіл аңқаулықпен
Жасығын да асыл ғой депті қалып.

Иә, кейде жабысын тұлпар деген,
Күйкентайын әспеттеп сұңқар деген.
Осы балам Әуезов бола ма деп,
Тумай жатып есімін Мұхтар деген.

Мұхтар болып шыққанмен әуелі көп,
Әуезовтей бірінің әуені жоқ.
Әуенімен әлемді тербемесе,
Амалың не, Мұхтар көп, Әуезов жоқ.

Болмағанмен тәттіге таңдай тапшы,
Әттеген-ай, мықтыға маңдай тапшы.
Аттарымен әркімді Ұлы дер ме ек,
Фамилияның болғаны қандай жақсы.

Бұл қазақтың япырай тегі тіпті
Есімімен қызы да, ері мықты.
Қопақардай қомпайтып Мұхтар дейміз
Сар балапан сатирик Шерімовті.

Кешіріңдер ұрынсам ұрынбасқа,
Бұрылдым-ау деймін мен бұрылмасқа.
О, Мұхтарлар, алайда Шахановтан
Түрің басқа, біріңнің жырың басқа.

Әлі есімде
Тәнті боп жаңа есімге
Жаттағанбыз жырларын ойға қанық.
Шырқағанбыз әндерін тойға барып,
Оның жазған кітабын менің досым
Евтушенканың жанына қойды апарып.

«Тіфә-тіфә! – деймін мен. – Тілім тасқа!»
(Кешір, аға, ұрынсам ұрынбасқа).
Біз ризамыз енді өлең қоя тұрып,
Бұрылғаның теңіздей бұрылмасқа.

Арал, Балқаш дегенде қайнап кетем
Айқай салғым келеді айбатпенен.
Ондай сәтте бойыма қайрат берген
Өзіңіздей айналдым қайраткерден.

Бір ақындар өзінше жампоз ақын
Енді бірі жел жетпес шандоз ақын
Бірақ сендей ақынды көргенім жоқ,
Мініп шыққан «Наурызда» ақбоз атын.

Мұхаң кім? Мұхаң – ақын, редактор,
Кім болса да орны оның бөлек-ақ тұр.
Иә, мейлі кім болсын «шайқастарда»
Мұхаңдай жалғыз танкі керек-ақ бір.

Ұзын сөздің қысқасын мен айтамын
Ұлды болсам егерде қайтередім?
Жердің жайын мінбеден толғасын деп
Елдің жайын ертерек қолға алсын деп
Ол өскенше тартылып кетер болса
Алакөл мен Зайсанды қорғасын деп,
Әуезовтей болуды кімге жазған
Шахановтай болсыншы болғасын деп,
Халқымның қадір тұтып қанағатын
Мұхтар қоям мен де енді балам атын.

17.12.1988 (сенбі)

Бір тамшы жас туралы баллада

Ақ сапарға аттанарда қимас достар кешегі
Нұр көктемнің, гүл көктемнің жанға жайлы кеші еді.

Ақ бантиктей самал сүйген ақ көйлектер желбіреп,
Дөңгеленіп билеп жүрміз, билеп жүрміз мөлдіреп.

Кеудеміздің баса алмай қуаныш пен шаттығын
Көк теңіздей көңіліміз толқын атып жатты мың.

Отты көздер ойнақ қағып, найзағайдай жарқылдап,
Билеп жүрміз ақ айдында ай нұрындай жалтылдап.

Кенет менің көзім түсті үнсіз тұрған бір қызға,
- Мұңға батып тұр ма қалай не болды екен бұл қызға?

Жетіп барсам Нұрила екен кластасым кешегі
Байқап тұрмын: ай жүзінен алаулы нұр көшеді.

– Неге келдің? Билесеңші менде нең бар досым-ау?
Мен де ортақпын қуаншықа баршамыздың осынау.

Деді де ол теріс қарап үнсіз қалды бір шама
«Неге құрбым мұңайды екен?» деп ойладым мұншама.  

– Асыл құрбым дегенімде – бізге мойын бұрсаңшы,
Жалт қарады ол жанарында мөлдіреп тұр бір тамшы.

Жасқа толған көздерінен жерге тамды бір моншақ,
Сол моншақты қимай қарап тұрып қалдық біз қоршап.

– Кейін айтам мұның сырын, қинамаңдар бүгін, – деп
Наздана бір қарады да қоя берді күлімдеп.

Жанары оның жадырады атқан таңдай шуақты
Бәрімізді жылатты да қайта өзі уатты.

Нұриланің жасы бізге сол бір кеште салды да ой
Жұмбақ болып тамдыдағы жұмбақ болып қалды ғой.

Сол көктемде алдымыздан отыз торап көрінді,
Сөйтіп біздің тағдырымыз отыз жолға бөлінді.

... Жылдар өтті, көріспедік сол бір күнгі достармен,
Күндер өтті, көзім талды хаттарыңды тосқанмен.

Сағынышпен біздер ұшқан үйге келдім бір күні,
Әр бұрыштан іздеп жүрмін сол бір түнгі күлкіні.

Іздедім мен мен сонда тамған жалғыз тамшы моншақты,
Сол моншағым жатыр, міне, біреу емес он шақты.

– Қайдан келді, кімнен тамды дегенімше болмады,
Бір тамшы жас жанарыма мөлдіреп кеп толғаны.

Тырс етті де жерге тамды, моншақ болып мөлдіреп,
Тұрып қалдым жерге қарап, жас жүрегім елжіреп.

Осы сәтте ғайып болды құрбым жайлы бөтен ой,
Бір тамшы жас қимастықтың пәк белгісі екен ғой.

1973 жыл

Дәулетке!

Менің ұлым... жаратылған өзгеше,
Атқан оғын дәл тигізер көздесе.
Дәулет – Дәулет болар ма еді, кім білсін,
Жатқан жылан жусағанын сезбесе.

Менің ұлым... ақыл-ойы өзгеше,
Төрт аяғы тең жорға ғой сөз десе.
Дәулет – Дәулет болар ма еді, кім білсін,
Әкесінің «ішкеніне» төзбесе.

Менің ұлым – арғы атасы Байғара,
Байғара ол қазақ емес қаймана.
Бір рудың басы болған ол кісі,
Түбі қалмақ демесеңіз жай ғана.
Тегін туған бала емес біздің ұл
Байғараға тартпады деп ойлама!

Менің ұлым – бір атасы Дүңгір-ді,
Дүңгір мінген кілең тұлпар, дүлдүлді.
Осы атаға тартты ма екен біздің ұл,
Бір-ақ жылда үш машина кім мінді!

Бабасы оның Төлепберді – қоңды адам,
Саудаменен мал айдаған Қобдадан.
Қосып алып, қосып сатып байыған
Байғарада ондай адам болмаған.
Сол бабаға тартты ма екен, кім білсін,
Біздің ұлдан сопылар да «сорлаған».

Менің ұлым – нағашысы Сая-ды,
Сая атасы есепші ғой баяғы.
Біздің ұл да есеппенен жүреді,
Әр қадамын санап басып аяғы.

Менің ұлым артық туған басқадан,
(Дәулет десе мен өзім де жасқанам).
Әшекеңнің бар ұрпағын бұл жігіт
Көк серкедей жалғыз өзі бастаған.

Біздің ұлдың бар болмысы күрделі,
Жетіп жатыр білімі мен білгені.
Ақыл-ойы бар жігіттен ілгері.
Бірақ, бірақ... қинайтыны бір мені –
Бұл баламның қатын алмай жүргені.
Қашан бітер, қашан бітер, япырай,
Бойдақтың ұзақ-сонар дүрмегі?!.

18 тамыз, 2010 жыл
(Туған күні қарсаңында әкесінің әзілі)

Д. ағаға!

Жазғырма мені, жан аға,
Жаманға мүлде балама.
Бұлаққа барсаң жалғыз түп
Талшыбық тұрар жағада,
Шыбық деп мені бағала.

Кеткенше қиып әлдекім,
Емен де, мейлің, тал дегін.
Әзірге менің бар демім,
Осындай аға халдемін.

Гүлжаз А. 2004 жыл

Дос туралы ой

Дос деген бір тамаша
Ақ ниетті жүрегі.
Доспен қалсаң оңаша,
Сыр деген бар тірегі.

Дос деген бір тамаша,
Айтпай сырды ұғатын.
Дос мінезді сынаса,
Шамам қарсы тұратын.

Дос деген бір тамаша,
Егер болса мәңгілік,
Таңдай біл досты ұнаса.
Жас жүректі ән қылып
Айтатұғын мәңгілік.

1967 жыл

Кейбір пасық адамдар

Кейбір пасық адамдар
Тез есейіп кетеді
«Жараспайды» оларға
Жас баланың секегі
Сондықтан да апайлар
Ойын-ойнап не етеді?
Жай жүргенде алысып
Көлбең-көлбең етеді.

Сонау шеттің қыздары
Кірсең шабар ызғары
Тұра қаш та бетті бас
Ондайлардан қатты сас
Сөзіңді олар сүймегені
Үшкір тілмен түйрегені.

20 қазан, 1966 жыл

Кінәңді артпа тек маған

Ойнақшып көзің күлімдеп,
Жалт етсе маған жанарың.
Жүрегім сені гүлім деп,
Масайрап бір сәт қалатын.

Өзіңнен басқа бақыт жоқ,
Мен үшін дара сен жұлдыз.
Зымырап өтті уақыт тек,
Талай бір сәтті күн мұңсыз.

Дел-сал боп жаным құлазып,
Еске алса сені бұл күнде!
Отырам кейде жыр жазып,
Сырымды шертем мен кімге.

Білемін жүрсің алаңсыз,
Әрине мені ұмыттың.
Жалыну саған жарамсыз,
Оты да сөнген үміттің.

Сүйдің деп өзге қинама,
Арзан ой менде жоқ әмән,
Мейлі мені сыйлама,
Кінәңді артпа тек маған.

1968 жыл

Домбыра сыры

Адамдардың жан сезімін сезем мен,
Ой тастадым күйімменен баршаға.
Ақындардың шабытымын ежелден,
Мен туралы жазылған жыр қаншама.

Серігімін, сырласым әншінің,
Ғашығына силар нәзік гүлі мен.
Хандардың да қаһарын мың жаншыдым,
Күмбірлеген мынау сырлы үніммен.

Тыңда мені, мен бабаңмен сырласқам,
Білем оның бар өмірін орасан.
Ол туралы жатыр менде мың дастан,
Көзбен емес, көңіліңмен қарасаң.

Шежіремін байтақ дала төсінде,
Қилы, қиын өмірлерді өткіздім.
Бабалардың шерткен сыры есімде,
Мен солардан асыл мұра жеткіздім.

1972 жыл

Достарыма

Он жыл өмір, он жылымыз бірге өткен,
Жүректерде достық деген тұрды өктем,
Сырға толы нұрлы көздің жанары,
Шын достықты, шын достықты жыр еткен.

Отты көздер маған таныс сырлары,
Он жыл ізі жанарымда тұр бәрі.
Әр біреуің алып бейне жүректе,
Тереңінен орын алған шыңдары.

Баршамызда бір мақсатты көздеген,
Баршамызда көп арман бар өздеген.
Бала қиял, асқар арман күлкінің,
Кеше ғана қымбаттығын сезбегем.

Он жыл өмір, он жылымыз бірге өткен,
Жүректерде достық деген тұрды өктем.
Әсем әнмен көңіл көзін толтырған,
Келерме енді жыл құсындай бұл көктем.

25 мамыр, 1968 жыл

Әкем менің

Ала жібін біреудің аттамаған,
Досын түгіл дұшпанын даттамаған.
Ұят, ынсап алдында падишадай
Қара шалым әлі де тақтағы адам.

Көкірегі кек пен зіл сақтамаған,
Бар ғұмыры белгілі жатқа маған.
Адамдықтың жолынан айнымаған,
Бұл өзі періштедей аппақ адам.

Көзді жұмып қараны ақтамаған,
Арды ұмытып жаманды жақтамаған.
Қара шаруа жағынан қалса дағы
Ақыл-оймен қашанда саптағы адам.

Шақтап алған өмірден алашағын,
Қанағатшыл, ынсапшыл қара шалым.
Өзге жерде көк тіреп жүрсем дағы,
Осы шалдың алдында аласамын.

5 қаңтар, 1998 жыл

Ерке (С-ға)

Жастығым аппақ таң болып,
Жаз болып жүрген кезімде.
Кеудеңе шалқар ән қонып,
Кезіктің бір күн өзің де.

Кезіктің маған ғайыптан,
Бақыт па ең әлде кеп тұрған.
Аққу ма ең ұшқан Жайықтан,
Алатау жаққа бет бұрған.

Арманға толы жаныңды,
Әлдилеп әуен аялап.
Төксеңші тағы әніңді
Тыңдасын мынау сая бақ.

Тыңдасын жүрек егілтіп,
Тынбасын үнің илигай.
Жанымды қойған төгілтіп,
Сиқырлы, сұлу дүние-ай!

Сылдырап аққан бұлақтай,
Сырлы үн сынсыр бақтарда.
Бақтарда ойнар лақтай,
Еркелеп жүрсің ақ таңда.

Қызғалдақ болып тербеліп,
Теңіздей көкшіл шайқалып.
Еркелеп сүйер жел келіп,
Еркесін қырдың жайқалтып.

«Ауылым әнім» сен бе едің,
Ауылым болып оралған.
Сағыныш болды-ау сендегі үн,
Сендегі үн маған мол арман.

Кеудемде бір құс мың қонып,
Жаныма мынау күй тұнған.
«Ауылым әнім» мұң болып,
Оятты бүгін ұйқымнан.

Жаныңды сенің мол ұқтым,
Кезіккен саған кешімде.
Ерке боп маған жолықтың,
Ерке боп қалшы есімде.

10 қараша,1974 жылы

Әбекеңе

Қойдан жуас қоңырым,
Жылқыдан торы момыным.
Шапан кидің түсімде –
Жақсылыққа жорыдым.

Тау суындай мөлдірім,
Тас бұлақтай тұнығым.
Ақ жолында Алланың –
Ұлықпандай ұлығым.
Жауға да шынын жасырмас –
Әбу-Бәкір сыдығым.

Қожекеңдей нәмартым,
Атымтайдай жомартым.
Әулием десем, әрине
Саған артық болар тым.

Көне салар көнгішім,
Сене салар сенгішім.
Пері ішінде періште –
О, Әбеке, сенбісің?

Одан-бұдан білгішім,
Ынты-шынты күлгішім.
Таңданбасқа таңырқап,
Таңдай қағып жүрмісің.

Заманы бір – мұңдасым,
Қаламы бір – сырласым.
Сенің мерей тойыңда
Тқмаш болып жырласын
Дидаш деген құрдасың.

Сөзден маржан терейін,
Терейін де берейін.
Құтты болсын елуің,
Жүзіңді де көрейін!

18 мамыр,2001 жыл

(Әбеке! (Әбдімүтәл)
Мерейтойың құтты болсын!
Өзіңе жазылған мына
бір әзілімді қабыл ал)

Әке туралы жыр

Әке, сенің аз ба еді көрмегенің,
Көрмегірге қай кезде көнбеп едің.
Замананың дауылы сан соқса да,  
Бұлттан шығар бір күнге сенген едің.

32-ні көргенсің – көнген едің,
Көз алдыңда – көмусіз өлген елің.
Көрдің, көндің бәріне, бірақтағы
Заманыңның бетіне сен демедің.

37-ні көргенсің – көнген едің,
Қаққан шығар періштең – өлмегенің.
Сынған арба секілді жаны сірі,
Ой мен қырда сықырлап дөңгеледің.

41-ді көргенсің – көнген едің,
Берген едің еліңнің бер дегенін.
Үмітіне өшпеген ұшқын болдың,
Қабырғасы қайысқан жеңгелердің.

Өтті жылдар, өтті ғой дауылменен,
Дауылменен, селдеткен жауынменен.
Көн терідей бәріне көне берер
Қандай ғана көмпіс ед қауым деген.

Сол қауыммен сен де, әке, көз ілмедің,
Көз ілмедің, япыр-ау, нені іздедің?
Нені іздедің, не күттің болашақтан?
Қайран үміт не деген төзімді едің!

Көк темірді жиырма жыл илегенің,
Бір ақ көйлек үстіңе кимегенің.
Отыз жыл қой баққанда қысы-жазы,
Жалғыз шекпен еді ғой сүйрегенің.

Отын жағып отыз жыл оңашаның,
Қалдың талай сыртында тамашаның.
Нәлет айтқан жоқ едің, бірақтағы
Тағдырыңа талқан боп қара шалым.

Кәрі емендей сынбаған, бүгілмеген,
Не зауалды көрсең де түңілмеген.
Қайран менің қайыспас, қара нарым,
Түңілдің де үгілдің бүгін неден?

Маусым, 2000жыл

Екі қатынның қарғысы
Пародия

– Ойбай-ау, ойбай!
Қара шашымды жайып,
Қара топырақты шашып,
Қарғадым сені, қар қатын:
Жапырағың солып, қуарып өл!
Жатырың кеуіп, суалып өл!
Қара жылан шағып ісініп өл!
Қарлы боранда үсігіп өл!
Өңешіңе жүн шығып өл!
Тіл қата алмай тұншығып өл!
Қол-аяғың кесіліп өл!
Төсекте жатып тесіліп өл!
Шөлің қанбай кезеріп өл!
Ұйқың қашып безеріп өл!
Иә, саған, тілерім – сол, сол –
Өл! Өл!
– Ал сен өлме!
Бірақ, жүз жасасаң да жақсылық көрме.
Заманың оңалмасын!
Қоғамың қоң алмасын!
Басынан «нарық» кетпесін,
Сан түрлі салық кетпесін!
Ақшаң көп болсын,
Құны жоқ болсын!
Қапшықтап алғаның
Көже-қатыққа да жетпесін!
Дүкеннен - дүкенге,
Жас базардан – жайма базарға
Аяғың безектеп өтсін!
Өмірің кезекпен өтсін!
Еш нәрсең артық болмасын,
Еш жерде тәртіп болмасын!
Көргенің – қорлық,
Естігенің – зорлық,
Маңайың – ұрлық-қарлық,
Оқығаның – орындалмайтын жарлық болсын!

Көшеде көліктен зарық,
Үйде тамақтан тарық.
Бүйткенше өлейін десең –
Сілейе салуға сіркесуың жоқ,
Асыла салуға арқан-жібің жоқ,
Бәрі де Тапшы болсын!
Тапшы болмаса, бағасы «жақсы» болсын!
Иә, сенің мұндай тірлігіңнен
Менің өлгенім дұрыс,
Жер бетінен көрдегім дұрыс!

1992 жыл

(Нарық қаттықысып тұрған
1992 жылы жазылды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің
4 қыркүйектегі (1992) санында
жарияланды).

Жетім жүрек

Жалғыз үйде жалғыз өзің бүгін дағы, кеше де,
Ғұмыр кешіп отырсың сен сонау тұйық көшеде.

Сұм тағдырдың көтеріп ап саған жазған үкімін,
Қаншама жыл қараша үйдің түтеттің-ау түтінін.

Төзім тозып мұқалса да қажыр-қайрат сендегі
Үзілмеген үмітіңдей үйіңнен от сөнбеді.

Оралмайды деуге оны жүрек шіркін сенбеді,
Бірақ, бірақ жуыр маңда жалғыз ұлың келмеді.

Күттің оны көзің талып, ұйқысыз таң атқанда,
Күттің оны сол екен деп біреу есік қаққанда.

Жолын тостың талай рет көзіңнен жас аққанда,
Сол екен деп қалдың кейде біреу есік қаққанда.

Сан көктемде таулар жылап жылғаға жас толғанда,
Сен таулардың сыңары боп жиі жүрдің сол маңда.

Таулар күткен жас шыбықтар бір күндері бүр жарды,
Сонда тағы жалғыз қайттың арқалап бір мұңдарды.

Сан көктемде Жер-ананың жүзі гүлге оранды,
Сағындырып дала күткен құстар қайта оралды.

Өзің күткен жалғыз ұлдан хабар бірақ жоғалды,
(Әлде оны саған бермей, қатыгез бір оқ алды).

Жо-жоқ, мүмкін емес!
Келер деген сенімің бар бойыңда бір жылылық,
Сол сеніммен қаншама жыл жүрдің өзің жылынып.

Сол сенімің қақ айырып қара аспаннан түнекті,
Келер күнге жетеледі жалғыз жетім жүректі.

...Кеше сені көрдім тағы қыр басынан кешкілік,
Сен демеуге сенбедім мен болғаңда жоқ еш күдік.

Дала жатты қарсы алдыңда көкірегіне күй еніп,
Сен далаға тұрдың қарап таяғыңа сүйеніп.

Жүрегіңді жылдар бойы жылыта алмай тұлданып,
Осы сәтте көкжиекке сіңіп кетті күн барып.

Тас мүсіндей тұрдың қарап жасқа жуып бетіңді,
Сұм соғыстың өзі орнатқан монументі секілді.

1975 жыл

Кестелі сәтен орамал

Кестелі сәтен орамал –
Әжемнен қалған көз еді...
...Оның да жастық кезі еді,
Өртеніп жүрек өзегі,
Сезімнің тасып өзені,
Гүлденіп жасыл кезеңі
Бойжеткен кезде булығып,
Айта алмай жүрген сөзі еді.
Сондағы тілсіз тіл болған
Кестелі аппақ бөз еді.

Кестелі сәтен орамал –
Атамнан қалған асыл-ды.
(Жиегі көкшіл жасыл-ды).
Махаббат деген ғажапқа
Имессің қалай басыңды,
Төкпессің қалай жасыңды.
Бұл орамал жылатқан,
Мағжанды да, Қасымды.
Бұл орамал жалғаған,
Ғасырлар мен ғасырды.
Жүрегі оттай маздаған,
Бар ма ақын оны жазбаған!

Кестелі сәтен орамал –
Жеңгемнен қалған мұра еді...
Ортасы қызыл гүл еді,
Гүл емес-ау – жеңгемнің
Лүпілдей соққан жүрегі.
Жеңгем де менің құлпырған
Қып-қызыл гүлдің бірі еді.
Серпілуші еді ол күлсе,
Қап-қара түннің түнегі.
Сол жеңгемнің тілегі
Кестелі аппақ бөз болып,
Құмар қанбас көз көріп,
Бақытына кез келіп
Қалтасында жүруші ед,
Қайран да менің ағамның
«Сүйемін» деген сөз болып...

Кестелі сәтен орамал –
Сыйладың, қалқам... бұл қалай?
Қоштасып кеткен жастығым
Қолын да кейін бұлғамай.
Төменге бүгін қараймын
Құз басындағы құлжадай.
Сыйыңа тартқан сыйлығым –
Осы өлең болсын, Гүлжан-ай!
Ерекше туған бір жан-ай,
Гүлжан-ай!..

7 наурыз, 2001 жыл  

Жолаушымын

Келемін мен келемін арман қуып,
Жатыр-ау бел-белеңдер алдан туып.
Өріменен биікке жетелеген,
Үмітімді үрлеймін қалған суып.

Жол жатыр биіктерге білек артып,
Балалығым барады сағым тартып.
Тершіген маңдайымды сүртіп тастап,
Келемін мен келешек жүгін артып.

Жолаушымын - көп әлі жетер жерім.
Балалықтың бал сыйы көтергенім
Өмірдің маған берген қарыздарын
Көрсем деймін соның бір өтелгенін.

 25 мамыр,1968 жыл

Көз алдымда қызық күндер кешегі

Көз алдымда қызық күндер кешегі,
Көңілімнен сағым бюолып көшеді.
Мен өзіңді көргенімде сол күні,
Сары аязды қыстың суық кеші еді.
Сағым қуып кеткенімде алысқа,
Ақ бантикті оқушы едің кешегі.

Мен өзіңді қарындас деп сыйладым,
Әзіл менен қалжыңды да қимадым.
Қарындасты аяулым деп мен бүгін,
Ұзақ түнде мен өзімді қинадым.
Ақ бантиктер мен кеткенде кешегі
Бүгін, міне, көңілімді теседі.

Жүрегімде жырларымменен жұбандым,
Сенің жарқын мінезіңе уандым.
Сен бір түнде кеттің менің досыммен,
Сен досымның қызы екен деп қуандым.
Кеше ғана ақ бантикті қыз едің,
Бүгін сені досымнан да қызғандым,
Қымбатын-ай қыздардың.

1972 жыл

Інілерге

Қырдың гүлін мен де тердім көктемде,
Бір гүл болып менде жүрдім бөктерде.
Бір шоқ гүлді ағаларға сыйладым,
Ойлы көзбен тұрған еді өткенде.

Бала қанат оқығанда жырларын,
Аңғармаппын сонда үлкен үн барын.
Жүректердің сонда тұрған толқуын,
Бүгін ұқтым, бүгін ұқтым сырларын.

Титтей жүрек кеудеге сен сыймадың,
Мен білемін өткен күнді қимадың.
О, сәбилер, ағалықпен айтамын,
Балалықты мен сендерге сыйладым.

25 мамыр,1968 жыл 

Кеудеме қонып мың арман

Кеудеме қонып мың арман,
Биікке бүгін самғадым.
Алдымда мына бұралған
Жолдармен жолды жалғадым.
Шыр етіп ұшқан бұлбұлға
Сыңсыған таңда бақтардан
Қиыла қарап тұрдым да
Жүректен жырды ақтарғам.

Сырласып аппақ қайыңмен,
Сырласып сұлу түндермен.
Қырды асып келіп көктемде
Дос болып өттім гүлдермен.
Алқоңыр желдер алқынып,
Сезімді селдей бұзғанда.
Іздедім гүлдер шар құрып,
Мен ғашық болған қыздарға.

Сол ғашық болған қыздарды,
Көңілім бір сәт тыншымай
Көзімнің жасы ыршымай
Төгіліп сүйдім барыммен,
Егіліп сүйдім арыммен
Беу, менің жайсаң жастығым!

Қиқу сап келген қаздарды,
Қарсы алып көкшіл көлдерде.
Дос еттім, сәулем, сендерге,
Қаздарды, жасыл жаздарды.
Қонаққа келіп жүр бүгін
Қоштасып кеткен бала кез.
Айтып жүр маған бір мұңын
Мен өзім сүйген «Танакөз».

Алдымда жатқан шартарап,
Алдымнан шыққан сан торап.
Жатады-ау, шіркін, жаңғырып,
Айтады-ау, шіркін, ән қылып.
Махаббат жырын таң қылып,
Беу, менің жайсаң жастығым!

1973 жыл

"Кеш" - соңғы өлеңі

Арпалыстым, айқастым өзімменен,
Жанталастым, шайқастым, көз ілмегем.
Сірі жанды сіңірдей соза түскен
Не деген итжанды еді төзім деген.

Мен келте емес, молынан пішілгемін,
Жай ойнақтар жарқылдап ішімде мың.
Алтын басты көтеріп шың басына
Бақыр қылып жерге де түсіргемін.

Мен от пен су, жалынның ішіндемін,
Ішімді у заһармен пісіргемін.
Мыңның жанын түсінген қайран басым,
Өз жанымды ешқашан түсінбедім.

Кетіп барам, бұлдырап көз көрмеске,
Қош, жаным!
Мен енді өңіңде емес, түсіңдемін.  

***
Мен тәнімді тірідей пісіргемін,
Шоққа қарып, отқа да түсіргемін.
Мыңның жанын түсінген қайран басым,
Өз жанымды жалғыз-ақ түсінбедім.

Сарқылып бітті-ау әбден күшім менің,
Сыртым, сау, түтіндейді ішім менің.
Бар тәнімді боршалап бітсем дағы
Бармағыма батпады-ау тісім менің.

От боп жанып жүрегім күндіз ысып,
Түнде жаным жүреді жұлдыз құшып.
Өздеріңмен өлеңім сан сырласар,
Көздеріңнен кеткенде бұл-бұл ұшып.

2013 жыл

«Кеш» дегенәңгімемнің бас кейіпкерінің
монологі, Ақын жігіт.
Талант. Бірақ... жағдайы,жеке өмірі – осы!

Кінәңді артпа тек маған

Ойнақшып көзің күлімдеп,
Жалт етсе маған жанарың.
Жүрегім сені гүлім деп,
Масайрап бір сәт қалатын.

Өзіңнен басқа бақыт жоқ,
Мен үшін дара сен жұлдыз.
Зымырап өтті уақыт тек,
Талай бір сәтті күн мұңсыз.

Дел-сал боп жаным құлазып,
Еске алса сені бұл күнде!
Отырам кейде жыр жазып,
Сырымды шертем мен кімге.

Білемін жүрсің алаңсыз,
Әрине мені ұмыттың.
Жалыну саған жарамсыз,
Оты да сөнген үміттің.

Сүйдің деп өзге қинама,
Арзан ой менде жоқ әмән,
Мейлі мені сыйлама,
Кінәңді артпа тек маған.

1968 жыл

Қысқы таң

Төмен құлап Алтайдың сәлдесінен
Келеді жымиып күн сәулесімен.
Қуалап қара түннің көлеңкесін
Орын ап көгілдір шың көк төсінен.

Буалдыр ақ тұманы жерге төніп
Сары аяз жортуылмен көкті шолып.
Қарсы алып әр таңын зор бақытпен
Жіберді шопан қойын қырға төгіп.

26 желтоқсан, 1966 жыл

Қайран! Қайран!
(Мұқағалиға)

«Қайран Қарасазым-ай!», қайран, қайран...
Өксіген ән естілер әлдеқайдан.
Ақын жатыр жете алмай туған жерге
Тірліктің басы – сайран, аяғы – ойран.

Қарасаз қарға адым жер Алматыдан,
Жете алмайды енді оған, алда – тұман.
Күндіз-түні туған жер көз алдында
Санасында сансыз ой шырматылған.

Нарынқол Алатаудың желкесінде,
Кешке шықсаң жетесің ертесінде.  
Ақын жатыр жастығын жасқа шылап,
Көрік кеуде тепкілеп көрпесін де.  

Қайран көңіл баяғы алып ұшқан,
Енді, міне, сарғайып сағым құшқан.
Аурудан бір өлу ештеңе емес,
Қандай қиын мың өлу сағыныштан.

17 қаңтар, 2008 жыл

Қайрау

Ертеңнің қамы – бүгінде, жаным,
Үмітіңді үзіп түңілме, жаным.
Шалқайып жүрер шағың да болар,
Бас көтер қазір, бүгілме, жаным.

Темірдей болшы, тегінде, жаным,  
Бордай бір босап егілме, жаным.
Сенгеніміз тек бір Алла ғана –
Сенің де, жаным, менің де, жаным.

Жақсылық алда - жабықпа, жаным,
Сенуден маған жалықпа, жаным.
Мұқалсаң мұңмен – қайрағың менмін,
Басқаға жігер жанытпа, жаным.

Жаныңда бармын, қорықпа, жаным,
Таусылып сөзбен торықпа, жаным.
Күйеуің - менмін, сүйеуің - менмін  
Еңсеңді көтер, соны ұқ та, жаным!

15 қыркүйек, 2011 жыл

«Құмдағы мұнаралар»

Биік едің, талайдан биік мұратың,
Армандарың асқақтап құз-шыңдарда тұратын.
Сен кішкентай кеудеңе сыйғыздың-ау әлемді,
Мөлдір еді жырларың жүрегіңде тұнатын.

Көргенім жоқ мен сені, көргенім жоқ жүзіңді,
Көріп тұрмын мен енді сенің өшпес ізіңді.
Жүрегіме нұр құйып сенің отты жырларың
Менің мынау жанарымнан ыстық жас боп үзілді.

Бұлбұл болып сайрадың, ақтарылдың теңіздей,
Ақтарылдың теңіз боп, ғұмырыңда көз ілмей.
Сенің мынау жырларың қара тасты балқытты,
Тынық жатқан теңізді дауыл болып шалқытты.

Өмір өзі сағыныш ет, сағыныш ет сен үшін,
Сағыныш боп жататын бүкіл сенің өрісің.
Жұлдыз еді көгімізде, бұл ғарышқа сыймады,
Талай жанның жүрегін сенің жырың қинады,
Бұл қатыгез табиғат сені де бізге қимады.

(Студенткезімде Т.Айбергенов өлеңдерін оқығаннан
кейін келген «өлең» болса керек.
Шамасы 1973 жыл). Д.Ә.

Қысқы түн

Қараңғыны түн қойнына сиырып,
Ай шығады шың үстінен жымиып.
Кең қойнауы кәрі Алтайдың бір сәтке,
Құшағында нұрлы түннің тұр ұйып.

Ақша бұлттар әсем қою кекілді,
Түн арудың орамалы секілді.
Ұялғандай ай бетіне түсіріп,
Жабайын-ақ дегендей бір бетімді.

Құзар шыңдар ақ тұманнан ашылып,
Шөгіп төмен қыраттарға асығып.
Ашуындай жас сәбидің бір сәтке
Қалды ұлпалар белестерге шашылып.

1 қаңтар, 1968 жыл

Мектебіме

Сонадайдан көрдім сенің келбетіңді тым биік,
Көрген сайын тебіренем көкіректі жыр сүйіп.

Жыр деген бір қалған шығар үлкен жүрек лебінен,
Орын алып кеткен соң Сұлтанмахмұт төрінен.

Қуат алып әр қабырғаң ұлы ақынның сөзінен,
Әр тұтқаңды ұстасам бір жылылық сезінем.

Күлімсіреп тұрғандай нақ сол бетімен бүгін де,
Естігендей боламын мен ұлы ақынның сөзін де.

Мектебіме ұстаз болып шәкірт жырын тербеттің,
Жүрегінде берік орнап қалыпты сол жыр көптің.

9 ақпан, 1967 жыл

(С.Торайғыроватындағы Шыңғыстай орта
мектебінің 60 жылдық торқалы тойына)

Мен ержеттім

Мен ержеттім,
Сен бойжеттің бір күндері,
Кеудеңді құшып сүйді қыр гүлдері.
Сырласып жүрегіңмен жүрді аялап,
Тұп-тұнық туған жердің нұр түндері.

Сапырып оңашада тұнығымды,
Сағынғам сенің назды қылығыңды.
Мен бүгін сезімімді мың алдадым
Көргенде кешке жақын сіңіліңді.

Аялсыз сыңсып жатыр жылдар көшкенінде,
Белгісіз қала берді өскенің де.
Қол бұлғап гүл көктемде кете бардың,
Алдыңнан жаз самалы ескенінде.

1973 жыл

Күпілдек

Бүгін де жиналыс
Тым қызу басталды.
Ең басты мәселе –
Бір жылдық жоспар-ды.
Жоспар – толқытты жастарды,
Қорқытты бастарды.
Күмән сөз тиылып тасталды,
Өйткені жиынды Күпілдек басқарды.
– Тише, жолдастар!
Көз қорқақ, қол батыр.
Өзіне сенгендер – сол батыр.
Мен айтсам қысқасын,
Әркім өз сөзін ұстасын.
Яки былай:
Межеден түспейміз,
Айтқанды істейміз.
Кім қарсы болса егер,
Несі бар күштейміз.
Так что, қысқасы,
Алдағы көктемде
Жүз қойдан жүз қозы,
Шығынсыз аламыз.
Ол үшін ертерек
Шөбіңді шабамыз,
Сүрлемді саламыз,
Егінді орамыз.
Суыққа жеткізбей
Сақадай сай болар қораңыз.
Ал қазір қараңыз:
Құрылыс жүріп жатыр,
Іс тынып жатыр.
Биыл ма, дәл биыл,
Бәрі де өңделеді,
Бәрі де жөнделеді.
Малшының үйін ертерек
Береміз ертең бүтіндеп –
Деп көпірді Күпілдек.
Бұл сөзді мақұлдады қасқалар,
Бас изеді басқалар.
Сөйтіп басалы лепіріп
Жоспармен жұртты мәз етті.
Артынша көктем, жаз өтті:
Не керек бірақ ертерек
Іс тынбады қажетті.
Биыл да әлгі Күпілдек
Сөзбенен желдей еседі.
Бірақ бәрін ертерек
Жоспарлап қойды деседі.

1975 жыл

Жақындарым туралы
жырлар...
Менің әжем

Менің әжем майданды көрген емен,
Бірақ берген екен берерін елге деген.
Заманының бетіне сен демеген
Заманымен тағдыры дөңгелеген.

Кірпік қапай ол да елін күзетіпті,
Киген екен ол дағы кирзі етікті.
Жауға кегі қабағын мұз етіпті,
Кегі үшін арқадан сыз өтіпті.

Жаяу жүріп далада мал айдапты,
Ел ырысын сөйтіп ол қарайлапты.
Тағдырдың да отында талай қапты,
Жүзін бірақ үміті арайлапты.

Менің әжем,
Басшы болып аулына төл алғызған,
Сиыр сауып ақпанда сел ағызған.
Тасқындатып тамызда су атыздан,
Моншақтатып маңдайдан тер тамызған.

Шөгір мен шөп қолдарын тілімдеген,
(Сірі жанда болсашы тыным деген).
Сол қолымен кешкілік дірілдеген,
Киім тігіп кірпігі ілінбеген.

(Япыр-ай, соғыс қашан бітеді екен!» –
Дей жүріп жеңіс күнін күтеді екен.
Тілеу болмай бұдан өзге түнде бөтен,
Ұйысқан ой шүйкесін түтеді екен.

... Менің әжем,
Кірпік қақпай ол да елін күзетіпті,
Киген екен ол дағы кирзі етікті.
Елі үшін еңіреп, қайран әжем,
Жарқын жазын сөйтіп ол күз етіпті.

6 мамыр,1976 жыл

Менің немерелерім

1. Айжанға
Немереде тұңғышым,
Сүт бетінде қаймағым.
Бөлекше ғой тумысың,
Ақжүректі Айжаным.
Көп оқитын білгішім,
Көп балаға үлгісің.
Мифті қойып, қиялға
Шын беріліп жүрмісің.
Кітап деген теңіздің
Теріп жүрсің маржанын,
Айналайын, Айжаным.

2. Әминаға
Апасының ай, күні,
Атасының байлығы.
Жолға қарап жүреміз
Кеп қалар деп қай күні.
Сенен бізге жақын кім,
Әминөшім – ақылдым.

3. Бекназарға
Ерке деген атың бар,
Еркек деген затың бар.
Не десең де хақың бар
Не істесең де еркің бар.
Өйткені сен еркексің,
Қыз емессің, әрине.
Бәрі дағы жарасар
Карина емес, Каринге!..

4. Зереге
Құлыншағым Зерешім,
Үйдегі үлкен төресің.
Папа, мама соңынан
Томпаң қағып ересің.
Көк айнадан күн бойы
Мультик-пультик көресің.
Бәрін қойып, тентек қыз,
Бізге қашан келесің?!.

2014 жыл

Мен сені қызғанам

Көктемнің гүліндей бойыңды түзедің,
Сәбидің мойнындай балауса білегің.
Қол жетпес жігіттің арманы,
Қиғаш қас бір назды қыз едің.

Мен саған сыйладым бір шоқ гүл көктемде
Екеуіміз жүргенде жап-жасыл бөктерде.
Мен сонда махаббат шырынын татқанмын,
Ал қызыл ерніңнен тұңғыш рет өпкенде.

Қызықпен талай бір атты таң, батты күн.
Ойладым шыңына шықтым деп бақыттың.
Мен сонда қуанбай мұңданып жылар ем,
Күштісін білгенде тәкаппар уақыттың.

Тез пісіп кеттің сен гүлдеп те үлгірмей,
Қауызын ұшырған қырдың ақ гүліндей.
Қатардан алыстап кеттің сен есейіп,
Бір үйге ие боп кетіпсің дүйімдей.

Уақыт өтсе де сертімді бұзбағам,
Болмаса өмірде аз ба екен қыз маған.
Мен үшін ең қымбат балалық махаббат,
Сол үшін өзгеден әлі де қызғанам.

1970 жыл

Н мен Р-ға

Бал шырынын өмірдің
Бірге татқан достар-ай!
Көк жиегін көңілдің
Күнге тартқан достар-ай!
Мәңгілікке қимаған
Шуақты қайран күндер-ай.
Сендерге әкеп сыйлаған
Қырдың сұлу гүлдері-ай.

Ұзақты күн жалықпай,
Асыр салып ойнаушы ек.
Өмір сырын дәл ұқпай,
Мәңгі деп бәрін ойлаушы ек.
Сөйтсек, достар, бірақ біз
Қателескен екенбіз.
Мың күн күліп жүріп біз,
Бір-ақ күнде жылаппыз.

Мектептегі думанды
Артта қалып көктем, жаз.
Бір-ақ күнде есейіп,
Алысқа ұшып кеткенбіз.
Сенім отын өшірмей,
Бақыттарын іздеген,
Үміттерін үзбеген,
Асыл құрбым сендермен
Мәңгіміз ғой біз деген.
Шертілмеген сырым да,
Айтылмаған мұңым да,
Жазылмаған жырым да
Сендердікі, достарым!

1974 жыл

Оңаша қалсам ойымнан бейнең кетпеген,

Оңаша қалсам ойымнан бейнең кетпеген,
Бір гүл боп өзің кеудемде менің көктеп ең.
Өзіңсіз көрсем көктемді мынау көгілдір,
Қуаныш болып жыл құсы маған жетпеген.
Сен болып маған жұлдыз да нұрын төкпеген,
Сен болып мені самал да құшып өппеген.

Талай бір түнде өзіңді ойлап жатқанда,
Қиялым сені ғайыптан іздеп тапқанда,
Мөлдіреп ұйықтап жатасың сонда сен мүмкін,
Сәулесі сүйіп бетіңді күннің ақ таңда.
Мен өстіп сені сағынам таңым атқанда,
Мен өстіп сені ойлаймын күнім батқанда.

Сәбидей мені егілтіп бір күн жылатып,
Сәбидей өзің аласың сонда уатып.
Махаббат деген құдіретті күшке бас иіп,
Сол сәтте менің көктемім тұрар гүл атып.

Махаббат бар дегенге жүрек сенбейтін,
Сол жүрек бүгін от болды мәңгі сөнбейтін.
Сол жүрек бүгін сағынса сені мың жылап,
Жұбатуларға көнбейтін болды-ау, көнбейтін.
Бір кезде жаным мұндай әсте көрмейтін,
Ал бүгін түсті бір күйге
Еш адам айтса сенбейтін.

Мөлдіреп келіп, жанарға кейде жас тұнып,
Қап-қатты етіп кеудеңе кетер тас тығып.
Жара боп қалған осы бір дерттен жас жүрек,
Барады, шіркін, күн санап міне асқынып.

1974 жыл

«Маңмаңгер»
(Әлібек достың 50 жылдығына
әзіл баллада)

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда»...
Әлібек ән салады «маңмаңгерлеп»,
Келеміз Алтай асып Ұраңқайға.

Ал маған өлең қайда, әнің қайда,
Аяқты аңдап бассам – соным пайда.
Ит өлгенге жаяулап нем бар деймін,
Әкем басы қалып па ед Ұраңқайда.

Елсіз жер, иесіз тау айналамыз,
Ну орман, қалың тоғай сай-салаңыз.
Адамды аю жеген талай рет,
Тегінде бұл Алтаймен ойнамаңыз.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда»...
Таусылмас осы екі жол ән боп келед,
Бұл шіркін қайталаудан жалықпай ма?..

Жалықпай ма, ән сөзін жалғамай ма,
Аһ ұрып Ақан салған «арман-айға».
Аса алмай «майда жал» мен «құлын, тайдан»,
Құрғыр-ай, жетпей қойды-ау қалқатайға.

Арқырап асау Қаба ағар сайда,
Бұл өзен атышулы Өр Алтайда.
Әлібек ән салғанда тербеледі,
Солқылдап Сайтан көпір сонадайда.

«Ай, Аспан, жаның қайда, малың қайда,
Қарманып ұстап қалған талың қайда?!»
Жазарда «Сайтан көпір»... осы сайда
Оралхан салып еді-ау бар айқайға.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда»...
Әлібек маң-маң басып ән салады,
Жете алмай «Маңмаңгерден» «Бурылтайға».

Ақыры, таудан астық жаяулатып,
Таудан асты күн-дағы баяу батып.
Жеткенде жағасына Марқакөлдің,
Әлібек әнін үзген баяулатып.

Әншейінде «әу» демес Әлекеңнің,
Сондағы өнеріне таң екенмін.
Қулығын түсінбеген достың-дағы,
Мен онда ашық ауыз бала екенмін.

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда»...
– Әлеке-ау, баяғыдағы әнің қайда? –
Дегенде Әлібегім күлсін келіп,
Сырымды айтайын деп осындайда.

– Жетіскеннен мен сонда салдым ба?
Еріккеннен тылсымға жан салдым ба?
Үнсіз келе жатқанда... аю, қасқыр
Шыға келсе қайтер ең қарсы алдыңда.

«Маңмаңгерге» басып бір барымменен,
Мен оларды үркіттім әнімменен.
Тау мен тасты жаңғыртып ән салмасам,
Қошатасар ең сол күні жаніңменен.

– Қауіп бар әр адамның қадамында,
Қан жылайсың Ай мен Күн аманында.
Ей, Әлеке, әніңмен қорғай жүрші,
Енді мені аюлар заманында.

21 қаңтар, 2001 жыл

Өскеменім – сүйіктім!

Дабылын қағып шығыстың,
Көтеріп жүгін ұлы істің,
Дүбірлеп сен оянсаң,
Ашылар көзі ырыстың.

Шуақты таңнан от алып,
Қойнауын таудың қопарып,
Ақтарып селін ағыздың
Қорғасын мен мырыштың.

Бас иіп асыл тастарға,
Түтінін өріп аспанға,
Шоқтығың болып мұржалар,
Заводтар таңда басты алға.
Еңбектің жырын бастауға.
Тауларды кесіп тыншыған,
Орманнан өтіп сыңсыған
Байлығын тиеп алыстың,
Барабанын қағып марштың
Келеді, әне, вагондар
Жан-жақтан күнде сабылып,
Құшағыңды сенің сағынып.

Сап түзеп сәнді үйлерің,
Ульбаң мен Ертіс жағасын.
Самсытып Ильич шамдарын,
Жұлдыз боп түнде жанасың.
Желекті менің гүл қалам
Күн сайын өстіп құлпырып,
Қанатыңды жайып барасың.
Үстіңе нұрды құйып күн,
Кемеріңді толқын сүйіп мың,
Оранып ылғи асылға
Құдіретті мына ғасырда,
Шыңына шырқап кеттің сен,
Замана деген биіктің,
Өскеменім – сүйіктім!

5 маусым,2000 жыл
(60 жылдық мерейтойымда
«Шақыру» билетіне жазған сөзім).

Күз көріністері

Өзгерді атрап
Сарғайды жапырақ
Алтын күз келді тағы да
Сойдиып салбырап.
Қалды әне қу сабақ
Тұр қайық сонау жағада
Ақырын гүрілдеп
Алыстан үні кеп
Барады шафёр қырманға
Атса таң сібірлеп
Жұрт тұрар гүілдеп
Аттанар қырман қырларға
Күз болар алтын ырысты
Сондықтан болмас тынышты.

10 қазан, 1966 жыл

Өсек сөздер егер
мені түйресең

Өсек сөздер егер мені түйресең
Адалдықтан ақ жүректі сүйресең
Өз жүрегім болса егер ақиқат
Жел сөзіңді быт-шыт етіп күйретем.

Желтоқсан, 1966 жыл

Сағынышым – Алтайым
Әні де, сөзі де – Д.Әшімханұлынікі

Алтайым менің – асқарым менің,
Армандай биік асқағым менің.
Сағынышқа жаным таппады дауа
Тапса да шіркін басқаның емін.
Сонда өткен менің балалық шағым –
Япыр-ай, неткен қас-қағым едің.

Алтайым менің – асылым менің,
Алысқа сенен асығып едім.
Жанарға енді жас толды неге
Жақұтты жердің жасығы ма едім.
Жастығым өтті, жалыным қайда
Жарқ етер қайда жасыным менің.

Алтайым менің, ақ күнімбісің,
Ақ күнім менің – шаттығымбысың.
Ұядан ұшып, қияға самғап,
Шалғайға қанат қақты бір құсың.
Шарықтап жүріп шалдықтым бүгін
Алтайым енді – тәтті мың түсім.

1997 жыл

Өмірді сүйген,
адамды сүйген жүрекпен

Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,
Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.
Қазақтың жанын қазақтың қарасөзімен
Бозала таңнан «талтүске» дейін жыр еткем.
Жыр ете берем намазшам, қоңыр кеште де
Әр сөзім көпке жетсе екен деген ниетпен.

5 маусым,2000 жыл
(60 жылдықмерейтойымда
«Шақыру» билетіне жазған сөзім).

(Аманхан Әлімов пен
Толымбек Әбдірайымов
«Қазақ әдебиеті»
газетінде пародияны
бірлесе жазып жүргенде...)

Аманхан мен Толымбек
Бір есекке мінгесіп:
«Ой, әкеңнің көрін!» деп,
Қамшы ұрады бірлесіп.

2000 жыл

Сақалдыға

Апаң болған басына хиджап кимеген,
Атаң болған басқаға бас имеген.
Бабаң болған балағын шорт кеспеген,
Әкең болған сақал-мұрты өспеген.

О байқұстар тозақта,
Жатыр дейді азапта.
Мініп алып пыраққа,
Сен жетерсің жұмаққа.

2013 жыл

Партбилет

Әкелердің билеті қойнындағы
Күш-қуаты, жалыны бойындағы.
От тәрізді күші де, түсі де оның
Партияның алға ұстар жолындағы.

Ол боялған қанменен сонау кезде,
Октябрьдің от күнінде, оқ көзінде.
Бірге жүріп арпалыс тар күндерде
Қаныққан ол Лениннің от сөзіне.

Жауменен айқасқанда табан асты,
Бар ма деп от жалынын төсін басты.
Қолға алып оны нықтап алға қарай
Отан үшін алға деп жанталасты.

Алып ту қолындағы қызыл түсті
Партбилеті қойнындағы алып күшті.
Барады бүгіндағы алғы шепте
Коммунизм нұрына бастап көшті.

7 қараша, 1966 жыл

Сағындым

Біз бір үйдің баласындай бәріміз,
Татулықпен жақын еді жанымыз.
Қызғалдақты қырда теріп көктемде,
Қалықтайтын биіктерде әніміз.

Жаздың күні жайлап кешке бататын,
Сағынышпен күздің таңы ататын.
Аз күн таса болған біздің достарды,
Қоңыр күздер табыстырып жататын.

Ойладық па солай күндер өтер деп,
Асығушы ек биіктерге жетем деп.
Арман деген алып ұшып біздерді,
Қым-қиғаш жол кетті алға жетелеп.

Өз күшіне уақыт бізді бағынтып,
Өте шықты-ау сол күндерді сағынтып.
Кеше ғана бітіруге асық боп,
Бүгін міне сол мектепті сағындық.

1970 жыл әскерде

Самарқандтық Сәлім Әбдірашовке

Бір мұңдылық жатыр сенің бетіңде
(Мынау елде жаның әлде жетім бе?)
Жиырма бес жыл, жиырма бес жыл жат жерде,
Тұрыпсың сен көне қала шетінде.

Сұрамадым сенің барлық сырыңды,
(Қозғамадым жан жараңды бұрынғы).
Оралмапсың туған жерге ұзақ жыл,
Не деп қана ойласам-ау мұныңды.

Туған жерге жетем деген үміттің
Әлдеқашан от жалынын суыттың.
Таптың ба әлде бақытыңлы іздеген
Осы жерден? Сонсоң бәрін ұмыттың.

Ұмытпаған жырларыңа жұбандым,
«Інім» деген бір сөзіңе қуандым.
Ана тілі жадыңда екен әлі де,
Кештім бәрін. Мен соныңа қуандым.

Мамыр, 1970 жыл

Солдат әзілі

Екі қыс өтті, екі жаз,
Кирзі етікті сүйретіп.
Түн ұйқыны төрт бөліп,
Ұйқыдан тұрдық күй кетіп.

Қара жолды шаңдатып,
Полигонға жүгірдік.
Қасымызға мұз қатып,
Қыста талай бүгілдік.

Айсыз түнда қараңғы,
Поста тұрдық әндетіп.
Екі сағат жүгірдік,
Жығылғанша әл кетіп.

Самарқандта көрдім мен,
Мынау күннің ыстығын.
Суыққа да көндім мен,
Өскеменде қысты күн.

Мойынға асып автомат,
Маршта жүрдік түн қатып.
Жиырма жасты артқа сап,
Жиырма бірді жылатып.

1967 жыл

Теректі

Жағасы жасыл желекті
Тау суы сұлу теректі
Сырға бір толған арнасын
Нұр көктем гүлге бөлепті.

Аққайың суға төнеді,
Дірілін судан көреді.
Жапырақ жайған сабағын
Самалы түннің өбеді.

Алыста жүріп аңсасам,
Сылдырын ерке бұлақтың
Сағыныш болып ән салсам,
Теректі мені жылаттың.

Көңілдің кірбің кірлерін
Жуамын мөлдір суыңмен.
Раушан болып гүлдедім,
Рахаттанып үніңмнен.

1968 жыл

Сыр

Мазасыз кейбір түндерде,
Еске алам өткен күндерді.
Терең ой батып кеткенде,
Өкінтпес, шіркін, кімдерді.

Оралмас қайта ағын боп,
Балалық шағым кешегі.
Бүгін де, міне, сағым боп,
Көңілден жөңкіп көшеді.

Көздедім талай биікті,
Балалық албырт арманмен.
Аңдамай соғып тұйықты,
Жарқ етіп өшіп қалғам мен.

Ауырға күшті қимадым,
(Білмеппін нағыз уақытын).
Қырқасын астым жиырманың,
Алыста әлі бақытым.

1972 жыл

Сыр

Шының ба осы сөзің айтшы маған,
Өңім бе, әлде түсім бе, қайтіп нанам.
Жанарың жалт етті де сөнді неге,
Ұшқынын ғайып болған қайдан табам.

Нәзіктік жарасатын жас жаныңа
Пердесін сыр бетінің ашқаныңда.
Көрмедім көктемнің мен қызғалдағын
Шынымен аяғыңа басқаның ба?

1967 жыл

Таңғы дауыл

Батыстан төнген қара бұлт,
Шығысқа айдап өкпе жел.
Батыстан күшті жел тұрып,
Қара құйын болды жер.

Теңізде толқын тулаған,
Көбігін шашып аспанға.
Жағада қамыс шулаған,
Толқынның қалып астында.

Әлгінде сепкен таң нұрын.
Жұтқандай болды айдаһар,
О, дауыл, сен бір жексұрын,
Шошытып жанды бейһабар.

Ұшырып басын жас гүлдің,
Таптап бір өттің сабағын.
Сындырып ағаш жас бүрін,
Өмірден үзіп арманын.

Күйреді деп бірақ ойламан
Ертең-ақ шығар қаулап ол
Гүл өсер ертең бойлаған
Өмірге өсер сонда ол.

23 мамыр, 1965

Шинельді күндердің
шежірелері
Хат күтемін өзіңнен

Қызғалдақ гүлдеді
Көктемде қырдағы.
Бұлбұлдар бақшада
Әсем ән жырлады.
Сағыныш таңдары
Атады арайлап.
Ұйқысыз талай таң атты
Аяулы қалқа сені ойлап.

Бұлақтың сылдырын
Күлкіңе балаймын.
Көз тастап алысқа
Сен жаққа қараймын.
Тағатсыз асығып
Хат күтем өзіңнен.
Жүректі тербеп жақсы үміт,
Күтемін деген сөзіңнен.

1970 жыл

Тойға шашу

Қайыңның қатқан безіндей,
Ұстаның темір тезіндей,
Тастүйін бидің сөзіндей,
Дәуіттің тірі көзіндей
Кімді көрдің, жігіттер,
Жолаушының өзіндей!

Ағаштан түйін түйгендей,
Мүйізден садақ игендей,
Домбырасы – көз құрты –
Оюлы шапан кигендей.
Кім сүйеді өнерді
Дәл Жолаушы сүйгендей!

Қайраты қара тоқпақтай,
Іздері дара соқпақтай.
Дәстүрді сара тоқтатпай,
Өнерді дана жоқтатпай
Ұл мұрасын кім іздер
Жолаушыдай қас қақпай!

Домбырасы үкілі –
Асылдың кесек бүтіні.
Шаңырағы шаттықты
Түзу ұшқан түтіні.
Көрінсе де көзіңе
Түр-тұлғасы жұпыны
Гүлнар жары тұрғанда,
Жаратқан аттай күтімі.
Мұндай жанның, беу қыздар,
Асыл болар тұқымы!

Байтақты сұлу жыр-әні,
Байрақты қазақ – ұраны!
Мөлдірлік – таза бұлағы
Адалдық – жарық шырағы.
Алтайдай асқар тауының
Шыңға біткен шынары.
Биікке қарай шырқай бер,
Марқакөлдің Қыраны,
Шеберліктің Пырағы!

(Жолаушыдос 50 жасқа
толғанда туған өлең)
Мамыр, 2000жыл

Туған жер

О, Туған жер, туған дала аяулы,
Табиғатың сан мың түрлі бояулы.
Шалқар көлің, дарқан далаң, орманың,
Бәрідағы о туған жер, аяулы.

Жылт-жылт еткен күміс қарлы қыстарың,
Әсте оның көргенім жоқ қыспағын.
Көрсемдағы шыдаймын мен, төзе алам,
О, туған жер, өзің мені шыңдадың.

Жайма шуақ көктемнің бір кештерін,
Сезсеңіз сіз самал желдің ескенін.
Қиял тербеп, бар бойыңды, рахат,
Байқамайсың қалай желпіп өткенін.

Туғанмын деп ақбас Алтай төсінде,
Жар саламын Бурабайға естірте.
Шабыт – қамшы, сезім – дізгін жыр қуып,
Шабам келіп көкбестіні көсілте.

5 мамыр, 1965 жыл

Түндерде талай түнеріп
аспан тұрғанда

Түндерде талай түнеріп аспан тұрғанда,
Сіркіреп жаңбыр терезе сыртын жуғанда.
Түнеріп мен де отырдым сұлу түндерде,
Қуандым сонда жаңадан жырлар туғанда.

Бір өзің едің шабыттың қайнар бұлағы
Елес боп бейнең алдымда мәңгі тұрады.
Ойладым сені түндерде ұзақ күнде де
Жанарың сенің кеудемде күй боп тұнады.

1972 жыл

Шырқал ән

Шырқалсын ән, шырқалсын,
Шырқалсын бүгін шалықтап.
Көңілді көктей ырғалсын,
Жүректе оты жалындап.

Кешегі күңгірт өмірде,
Айтылған ащы зар болып,
Қатқанда мұздар көңілде,
Нұр құйды бойға таң болып.

Өксіген өмір кешегі,
Бұғауы болды қыздардың.
Тек қана досы, серігі,
Әні еді – емі ызғардың.

Зар емес бүгін ол әндер,
Шаттық ән күнде шырқалсын.
Шарықтап бүгін ән, күйлер,
Мереке жыры жырлансын.

7 класс оқушысы
Шыңғыстай ауылы

Ыбырай жаққан
сол шырақ

Мейірбан жүзі күлімдеп
Көз тастап әрбір сәбиге
Қарайды алға шөліркеп
Отырған бөбек әр үйде.

Кешегі қара домалақ
Күлге аунар қазақ баласы
Қолына бүгін қалам қалам ап
От шашып көздің қарасы.

Қырандай ұшар қияға
Қомданып ұшқыр қанатын
Қаламын малып сияға
Көздері оттай жанатын.

Ыбырай жүзі ертемен
Ұялап сәби жүзіне
Алысқа қолын сілтеген
Ғылымның сонау түзіне.

Қараңғы қазақ көгіне
Шырағын жағып білімнің
Ыбырай қойған төріне
Алаулы отты нұрының.

Даласы отты Торғайға
Білімнің алтын нұрын сап
Бүгінде оты лаулайды
Ыбырай жаққан сол шырақ.

17 қараша, 1966 жыл

Яков Ушановескерткіші алдында

Тұр алаңда мәңгілік отта адам,
Кімдер бұған көз салып тоқтамаған.
Біздер үшін ол кеше шоққа түсіп,
Біздер үшін өз жанын отқа ораған.

Кім бұл жерден тебіренбей қайта алады,
Жүрек қалай тебіренсе жай табады.
Тірілердің тірісі емес пе ол,
Тас екен деп кім мұны айта алады.

Таулар бір кез мүжіліп қартаяды,
Кейде көлдер тартылып ортаяды.
Бірақ, бірақ мына адам мәңгі өлмейтін,
Тынысымен дәуірдің марқаяды.

Жалын құшқан жаулармен тірісінде,
Ердің аты өшпейді ел есінде.
Бүгін дағы ол, міне, тұр алдымда
От пен шоқты маздатып денесінде.

Жанып тұрып ұрпаққа тіл қатады,
Тіл қатқанда жүректі сыздатады.
Адам қолы жасаған зұлымдықты,
Ол айтқанда жаныңды мұздатады.

Ер қарызы ерлікке жетелейді,
Ер қарызын қашан да ел өтейді.
Салмай ма еске бұл адам, қараңдаршы,
Келе жатқан от ұрлап Прометейді.

Ерлер атын ұмытсаң тоқтығыңды,
Ей, адамдар, кешірім жоқ мұныңа.
Алдымдағы осы тұлға біздер үшін,
Түсті дейді пароход оттығына.

Жоқ!
Күйген жоқ ол пароход оттығында,
Тұр ол қазір замана шоқтығында.
Даңқы оның Данконың жүрегіндей,
Батырлыққа бастайды көпті мына.

1975 жыл

1987-нің мүшелтойлары  
(Эпиграммалар)

Әлжаппар Әбішевке!

«Бәріңе... бәріңе... бәріңе...»
Балаңа, жасыңа, кәріңе...
Әлжекеңнің жазары... базары...
Әлі де әріде... әріде...

Нұрлан Оразалинге!
(1947 жылы туған)

Жиырмада жазып жырыңды
Таныттың талант қырыңды.
Отызда көрдік сахнадан
«Шырақ жанған түніңді».
Сырық жалғап құрыққа
Қызметің өсті қырықта.

1987 жыл

Сабырхан Асановқа!

«Жазба деген әмір жоқ,
Жырдан артық жанр жоқ,
Жазғаныма әділ сыншы
Уақыттан асқан тәңір жоқ.
Марапатсыз, мансапсыз
Елуге кеп ақлдым», – деп
Сабырханда сабыр жоқ.

1987 жыл

Сағынғали Сейітовке!
(1917 жылы туған)

Октябрьмен құрдастығы рас,
Сырбаймен сырластығы рас,
Зерттеулерімен ғалымдығы рас,
Ақындығымен алымдығы рас,
Бәрінен де «С.Сейітов» деген
Аты-жөннің мәлімдігі рас.

1987 жыл

Тұрсынбек Кәкішевке!
(1927 жылы туған)

Он жыл кейін Октябрьден
Туса да ерте атқа мінген.
«Қызыл сұңқар» Сәкендерді
Көрмесе де жатқа білген.
«Садақ» іздеп, архив кезіп,
Көне-көне хатқа кірген.
Сөйте-сөйте ғалым аға
Жазушылық сапқа кірген.

1987 жыл

Достарымыз Самат
пен Мәдина отбасылық
альбом шығармақшыекен.
Соған эпиграф сияқты сөз
керек болған.
Төмендегіні жазып бердім:

Өткінші мына жалғанда,
Оңаша бір сәт қалғанда,
Сағынсаң туыс-туғанды
Қарай бер, қалқам, альбомға!

Беріліп тәтті арманға
Өткенді еске алғанда,
Қарай бер, қалқам, жалықпай,
Осы бір сурет альбомға.

25 маусым, 2014 жыл

Мадиярдың қырқын берді.
Ағасы маған бейіт басына
қоятын тасқа бір ауыз өлең
жазып беруімді өтінді.
Жаздым.
Ол эпитафия мынау:

Тағдыр саған жазбады
Ұзақ өмір сүруге.
Гүлдей солдың жаздағы
Толған күні елуге.

Ол тура елу жасқа толған күні
– 2 желтоқсанда троллейбус
қағып кетіп, дүниеден өткен еді
.

9 қаңтар (жұма),
1998 жылы

Дидахмет
Әшімханұлы