Деген екен...

Дидекем деген...

Өмір бойы өзгелерге таңдана жүріп, өзің бір рет те біреуді таңдандыра алмасаң – өкініш!
Ақтан Нұрбаев ақын жайлы «Өкініш» мақаласы, 1997 жыл.

***

– Зеке, алтыннан тіс салдырсақ та, дәмді кейде өзіміз де сезбей қаламыз, – деп, Есағаң қалжыңдаған болды. Тегі Зекеңнің көңілін көтергісі келді-ау деймін. Осы сәтті пайдаланып қалған мен:

– Сіз дәмді қайдан сезесіз, Есаға. Алмалы-салмалы тісіңіз бірде қалтаңызда жүреді, бірде үйде қалып қояды, – дедім әзілді жандандыра түсейін деп. Сосын Зекеңе мына жайды айтып бердім.

– Өткен бір жолы Баспалар үйіне кіріп келе жатсам, есік аузында бүкіл қалтасын ақтарып мына Есенбай ініңіз тұр. «Ау, құда, не жоғалттыңыз, не іздеп жатырсыз?» – деймін. «Тісім жоқ, тісім. Стоматолог балам кеше ғана алтыннан бір тіс салдырып беріп еді. Аузыңыз жаттыға тұрсын деп, әлі цементке де отырғызбаған. Сол тісім таңертең ғана бір ұртымда тұрған сияқты еді. Сол жоқ!» деп, есі шыққан Есағам автобусқа қарай жүгіре жөнелгені.

Шіркін, сөздің, әзілдің құдіретін қойсаңшы! Манадан бері мұңайыңқырап, тұнжырап жатқан Зекеңнің қабағынан жылт еткен бір жылы ұшқын біліне қалды. Артынша басын көтеріп, диванға шалқалай отырды да:

– Тіс туралы сендерге бір қызық әңгіме айтып берейін, – деді жымиып. – Баяғыда маған дейін «Қазақстан» баспасында Жантекин деген кісі бас редактор болған. Сол кісі бірде қызмет бабымен Мәскеуге бара қалады. Дәл сол жерде тіс мәселесі есіне қайдан түскенін кім білсін, жөндетсем тура осы жолы жөндетейін, есі дұрыс емхана да, жөні түзу дәрігер де осында ғой деп, мүжілген, кетілген тістерінің бәрін суыртып, алмалы-салмалы тіс салдырып алады. Салғанда, тура алтыннан салдырады. Жарқырап тұр! Керемет! Айнаның алдында баяғы кетік Жантекин емес, аузы толған қазына, басқа Жантекин тұрғандай. Әттең, мынадай ауызды енді жора-жолдас, ағайын-туыс көрер ме еді дейді. Осы ойдың өзіне ұнап кеткені сондай, Алматыдағы әлгі жора-жолдас, ағайын-туыстың бәріне «Мен пәлен күні, пәлен поезбен, пәлен вагонға отырып, Мәскеуден шығамын. Қарсы алыңдар. Өздеріңнің Жантекиндерің» деген шұғыл телеграмманы шұғыл аттандырып жібереді. Сосын Алтын тістерін жарқыратып, поезға отырып, Алматы қайдасың деп, жүріп кетеді. Алмалы-салмалы тісті түнде жатарда ауыздан алып, бір ыдыстағы суға салып қоятынды өздерің де білесіңдер. Жантекин де жатарда ауызындағы бүкіл қазынасын суырып алып, купедегі кішкентай үстел үстіндегі бір стақан суға салып қояды. Сөйтеді де алаңсыз ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатқанда, кім білсін, түсінде алтын тістерін жарқыратып Алматы вокзалында вагоннан түсіп келе жатқанын, әлгі жора-жолдас, ағайын-туыстың бұның тісіне қызыға да қызғана қарап қалғанын көрген шығар. Дәл солай болар ма еді, бірақ... Әттеген-ай десеңші, таңертең ояна салып, үстелге қолын созса, стақан жоқ. Стақанмен бірге алтын тіс те жоқ. Орнынан тұрып іздейді, етбеттеп жатып іздейді. Жоқ! Осы әредікте купеге жолсерік кіреді.

– Ау, аға, не іздеп жүрсіз? – дейді ғой ол, үстел астында еңбектеп жүрген Жантекинге.

– Түнде тістерімді мына үстелдің үстіне қойып қойған едім. Сол жоқ! – дейді Жантекин әбіржіп.

– Қалай қойдыңыз? Қандай тіс еді?

– Стақандағы суға салып қойғам. Алтын тіс еді... алмалы-салмалы.

Амал жоқ, опырайған ауызбен ол Алматыға жетеді. Поезд вокзалға тақай бергенде, терезеден қараса, қолдарына гүл ұстаған жора-жолдас, ағайын-туыстары бұл отырған вагонға ілесіп, жүгіріп келеді екен. Оларға көрінуге тіпті бұрынғы мүжілген тісі де жоқ, Жантекин опырайған аузын теріс қаратып, ұрлана басып келесі вагонға өтеді де, байқатпай жерге түсіп, қалтарыс-қалтарыспен қалаға шығып кетеді... Иә, тіс жоғалту деген оңай емес, мен сені түсінем, Есенбай, – деп Зекең жымия отырып әңгімесін аяқтады да, диванға қайта қисайды. Сосын есіне әлдене түскендей, оң қолымен жастықты құшақтай жатқан күйі маған жайлап басын бұрып:

Зейнолла Серікқалиев туралы
«Соңғы жүздесу» еске алу мақаласынан.
2004 ж.

***

Адамдығы үлкен, азаматтығы биік жандар қай жерде, қай заманда болмасын, «ала қойды бөле қырықпай», адам атаулыға адамзаттық көзқараспен қараған. Адамдық асыл қасиеттерді түп-түгел тек ұлылар мен әдебиет төңірегінен іздеу артық. Көре білсек, жүрек жылуымен жанымызды жылытып жүрген жайсаң жандар осынау өмірде, қарапайым адамдар арасында да аз емес.

«Адамдық ыстық жүрекпен...» мақаласында,
Петр Андреич пен Надежда Павловна жайлы, 1978 ж.

***

Iздей білсең, бар дүние, әйтеуір, қолға түседі; магазинде болмаса, кітапханадан табасың. Мысалы, балаң сұраған бір нәрсені білмей қалсаң, орыс тілінде баяғыда шыққан көп томдық балалар энциклопедиясын қара, немесе тек бөбектер мен бастауыш класс оқушыларына арналған «Кто такой? Что такое?» атты екі томдыққа көз жүгірт. Мен бұл екі томдықты әрі энциклопедия, әрі анықтама, әрі әдеби шығармалар жинағы дер едім. Ал бізде ондай кітап бар ма? Жоқ. Балаларға арналған энциклопедия да жоқ...

– Өзіңіз қайда қызмет істейсіз? – дедік біз ыңғайсыз болса да.

Ол күлді. Күлді де:

– Қызық, кеше бір эстон жігіті маған тура осы сұрақты қойғаны бар. Драмтеатрда «Қаракөзді» көріп отырғанбыз. Құлағына наушник киген көршім қолымдағы Конрадтың «Восток и запад» деген кітабына қайта-қайта қарай берді. Сосын үзіліс кезінде ол «Көре тұрайыншы?» деп, кітабымды сұрап алды да, біраз парақтап шыққан соң: «Көптен іздеп жүрген дүнием еді, әттең, таптырмайды» деді. Сосын өзінің Тарту университетінде оқитынын, қазір мұнда практикада жүргенін айта келіп: «Өзіңіз қайда қызмет істейсіз?» деген. Мен оған құрылыста істейтінімді айтып едім, ол маған бір, кітабыма бір қараған... Мен бұл кітапты театрға бара жатып, жолай бір танысымнан үш-ақ күнге сұрап алғанмын. Сөйте тұра оны эстон жігітіне қиналмай-ақ бере салдым. Қазақтың қасиетті шаңырағын қастерлеп, ұлттық өнерімізді ыждахатпен көріп отырған өзге бір ұлттың өкіліне ат мінгізіп жіберсе де артық емес қой...

– Сонда құрылыста кім боп істейсіз?

– Жұмысшымын. Биыл политехникалық институтты сырттай бітірем. Сонан кейінгі кәсіпті тағы көре жатармыз... Ал ғафу етіңіз, вокзалға асығып бара жатқан жайымыз бар. Мына жаман қараны жыл сайын жазда елге апаратын әдетіміз еді... Тіл сындырсын деген ғой, тәйірі. Жүр, Мұратжан, кеттік, – деп ол сыртқа беттеді.

«Қала эскиздері» мақаласы, 1984 ж.

жүктеу
Әр кездегі ой түйіндері

(Дидахмет Әшімханұлы)

***

Билік басындағылар ойына келгенін істеген кезде, баспасөз аузына келгенін оттай бастайды.

***

Көктем әдемілігімен, жастығымен ғана көңіл көтермейді, ертең жаз шығады-ау, күн жылиды-ау, алыс-алыстарға жол ашылады-ау деген жақсы үміттерді оятуымен де жанға жайлы.

***

Еркектер еш уақытта әйелдей сүйе алмайды. Өйткені ақыл жүрген жерде ешкімді, еш нәрсені шын сүю мүмкін емес.

***

Сүю – интелект. Сүю мидан емес, жүректен. Ал жүрек ақылды аға тұтпайды.

***

Өз қызметін адал атқарған жердің бәрінде бірдей имандылық бола бермейді. Қызметтегі міндетін тым-тым адал атқарған адамдардан талай кезде, талай жандар зардап шеккен.

***

Тірі адам өлгенді мақтағанда да ұятты ұмытпау керек. Ұят өтіріктен.

***

Адам біреуге қайырымдылық, біреуге жақсылық жасап жүріп те ешуақытта өзін ұмытпайды.

***

Жер жаралғалы ең зор қасіреттің бәрін ақылдылар жасаған.

***

Адам ең болмағанда екі жерде өтірік сөйлемеу керек: алдымен – қаза үстінде, сосын ақ дастарқан басында. Ұятсыздыққа қарай, ең көп өтірік те қазір осы екі жерде айтылады.

***

Қырықтан асқаннан кейін жақсы көретін інілерің, сыйлайтын ағаларың ғана болады. Шын досың – Алла ғана.

***

Достық – алдамшы ұғым. Тұрлаусыздық, тұрақсыздық, баянсыздық дегендер көбінде төңірегінде жүреді. Қысқа күнде қырық құбылып жүрсе де қарындасқа (туысқа) шіркін не жетсін.

***

Әйелдер бір-бірімен жас кезінде де, жасамыс кезінде де ешуақытта адал дос бола алмайды.

***

Махаббат орнын адамгершілік ауыстырған кезде сыйластық қана қалады.

***

Сыйластық – ауылда, сүйіспеншілік – жүректе.

***

Тепсе кетпес бақ та жоқ,

Темірдей берік тақ та жоқ.

***

Қазақтың тілін аудармалар бұзады.

***

Ақылды адамдар өмірмен сүйіп табысып, жек көріп қоштасады. Жек көргенге жеткен кезде, одан әрі өмір сүрудің мәні де болмай қалады. «Қимай кету, сыймай кету» деген күлкілі мұндай жағдайда.

***

Дүние алашұбарлығымен сұлу.

***

Біреуге сауабы тиер болса, мен күнә жасауға да дайынмын.

***

Жастардың көбі үлкендерге менсінбей қарайды. Олар үшін үлкендер артта қалған (отсталые), түк білмейтін, мың рет түсіндірсе де жаңалық атаулы миына кірмейтін топастар, кещелер. Бір, бүгінгі ұрпақ, баяғы бабаларға да тура осылай қараймыз. Дәлірегінде, біздің ұғымымызша – ұрпақтар ауысқан сайын адамдар ақылды бола беретін сияқты. Бірақ, бір қызығы бәрі де керісінше...

***

Көктегі Құдай жазалауға асықпайды, жердегі құдайлар жарылқауға асықпайды.

***

Мәдениетті адамның мәдениеттілігін мәдениеттілер ғана түсінеді. Басқалар үшін ол – можантопай.

***

Еңбекті Құдай көреді, адам бағалайды.

***

Жақсы адам жақсы есімін тірі кезінде-ақ тірілердің жүрегіне жазып кетеді.

***

Әр сөздің мағынасымен қоса пиғылы да болады.

***

Адамша өмір сүрудің ең басты алғышарты – ойлауға, ойлануға ерінбеу керек! Ойлануға ерінбеген адам бір жағынан жақсы өмір сүреді. «Ей, адам баласы, ойлануға ерінбеңдер!» Осындай ұранды кез-келген жерге: көшеге, үйдің төбелеріне, маңдайшаларына жазып қойса ғой!

***

Абайдың рухын атом бомбасы да құрта алмаған екен.

***

Бейімбет ойланбай жазатын сияқты. Сөз орамдарының табиғылығы соны байқатады.
Шын таланттардың сөзі өзінен өзі төгіліп тұрады-ау.

***

Адам баласының ғұмыр бойы қолына шам алып іздейтіні – әділдік, шындық. Бірақ, бір қызығы, кім-кім де сол әділдік, шындықты алдымен өзінен іздемейтіні несі екен!

***

Үлкеннің ақымақтығы сол – кішіні ақымақ көруінде.

***

Ақылсыз, рухсыз, білімсіз адам «аворитет» алдында құдық ұрып тұрады. Сонысымен өзін бейшара етіп көрсетеді.

Өмір көбінде ақымақ адамдармен қызықты.

***

Қандай ақылды болсаң да дүниеге деген өз көзқарасың мен талғамыңды басқаға таңуға болмайды. Яки сенің талғамың басқаларға қалып емес.

***

Ғылыми деректерде әйел заты жақсы жинайды, еркектер жақсы қорытады.

***

Біз ылғи да алға кетіп бара жатқандай боламыз. Қараңдаршы, мүмкін артқа кетіп бара жатқан шығармыз? Адам да... Қоғам да...

жүктеу
Қанатты сөздер!

(Дидахмет Әшімханұлы)

1. Қазақтың тілін аудармалар бұзады.

2. Ақылды адамдар өмірмен сүйіп табысып, жек көріп қоштасады.

3. Дүние алашұбырлығымен сұлу.

4. Біреуге сауабы тиер болса, мен күнә жасауға да дайынмын.

5. Көктегі Құдай жазалауға асықпайды, жердегі құдайлар жарылқауға асықпайды.

6. Мәдениетті адамның мәдениеттілігін мәдениеттілер ғана түсінеді. Басқалар үшін ол – можантопай.

7. Еңбекті Құдай көреді, адам бағалайды.

8. Жақсы адам жақсы есімін тірі кезінде-ақ тірілердің жүрегіне жазып кетеді.

9. Әр сөздің мағынасымен қоса пиғылы да болады.

10. Адамша өмір сүрудің ең басты алғышарты – ойлауға, ойлануға ерінбеу керек. Ойлануға ерінбеген адам бар жағынан жақсы өмір сүреді. «Ей, адам баласы, ойлауға, ойлануға ерінбеңдер! Осындай ұранды кез-келген жерге: көшеге, үйдің төбелеріне, маңдайшаларына жазып қойса ғой!»

жүктеу
Дидахмет
Әшімханұлы