ӘЛІБЕКТЕН ӘЛЕКЕҢЕ ДЕЙІН

Бала кезден бірге өскен, жас жағынан қатарлас, қан жағынан қарындас, жаны жақын қаламдас дос туралы қалай сыр қозғасаң да әбестігі жоқ шығар. Алайда, ол сыр көптің де көңіл пернесін басып, көз пердесін ашып, біреуге қоғам, біреуге заман туралы аз да болса ой салып жатса – шын мәніндегі пайдалы сөз сол болмақ.

Дос туралы сырды мен осы ыңғайда қозғаймын.

Дос!.. Әлібек!.. Бүгінде есіме қай-қайдағы түседі… Алыста қалған балалық шағым… Алтайдың алақандай бір жазығында түтіні сыздықтай көтеріліп жататын бейкүнә менің ауылым… Бір кездері жап-жасыл жағасында отырып Сұүлтанмахмұттың өзі небір арманға толы жырларын жазған, қысы-жазы сылқ-сылқ күліп, сылдырай ағып жататын кішкентай ғана Қызыл-қайың өзені… Сол өзеннің іргесінде коңыр күзден көктемнің аяғына дейін сыңғыр-сыңғыр қоңырау үні бір тынбайтын қара шатырлы қайран менің мектебім…

…Сол күні біздің класс елең ете түскен. «Бізге бір жаңа оқушы келетін бопты…Басқа мектептен ауысып кепті… Анау әлгі Бұқтырманың ар жағынан көшіп келген лесник бар ғой, соның үйінде тұрып оқиды дейді. Мұғалім табельдерін қараса, ылғи «5» көрінеді… Аты Әлібек дейді… Суретті өте жақсы салады дейді…»

Таңертең сабаққа келе салып естіген үлкен жаңалығым – осы. Байқаймын, қыздар жағы алақандай айналарына қарап, шаштарын тарап, бойларын түзеп, «өздерінше» боп қапты. Қайтсіндер-ай, «он бестен он алтыға келген кездері» ғой. Ал, үйірімізге сырттан біреу келе қалса қоқиланып шыға келетін біз, «сегізіншінің серілері»: «Кім де болса көрерміз әлі! Бірер жұдырық иіскеп алған соң алдымызда құрдай жорғалар» деп, желке жүнімізді күдірейте түсеміз. Сөйткенше болған жоқ, шашын сиырға жалатып алғандай жылтыратып жүретін мұғалім ағайымыз…үрлеп қалсаң ұшып түсетіндей бір кішкентай сары баланы сары балапандай ертіп, класқа кіре берген. Біз бір-бірімізге қарадық. Күлдік. «Е-е»,– дедік те қойдық. Ал, мұғалім: «Біздің қызыл қораздар шоқып тастамасын» дегендей, сары балапанды ең алдыңғы партаға әкеп қондырған. Ең соңғы партада отырып сеземін, сары баланың сабағы «5» болса «5» шығар, ал төртібі «6» секілді, бірінші кластың оқушысы сияқты партаға екі қолын бірінің үстіне бірін қойып, мұғалімге қарап аузы аңқайып, құлағы қалқайып, моп-момақан отырысынан бір танбайды екен шіркінің! Міне, қайда директор айтатын «үлгілі оқушы!» Міне, қайда әкем айтатын «елдің баласы!»… Ал біз болсақ…

– Әшімханов!

– Мен.

– Сен болсаң, не қиялға батып отырсың?

– Қалай адам болам деп…

– Сен адам болмайсың. Отыр, тіл мен жағыңа сүйенбей.

Осы тұста тәртіпті деген сары баланың тәртібі кілт бұзылып, мен жаққа шұғыл мойын бұрып үлгерді. Неге екені белгісіз, әлде менің қырыс сөзім қызық көрінді ме, жуастау қой көздерінен жылт еткен бір жылы ұшқын да сезіліп қалды. Бұл да ештеңе емес, артынша…мұғалім түсіндіріп жатқан «Бородино шайқасының» ең бір қызған сәтінде, қызғанда тіпті Россияның тағдыры қыл үстінде тұрғанда…сары баланың көз қиығы тағы да мен жаққа бұрылған. «Ау, бұл неге қарай береді? Адам болмас адамның түрі қандай болады деп отыр ма?» дедім де қойдым.

Жоқ, бұл қараудың, мәнісі басқада екен. Үзіліс кезінде ол жымиып келіп менің қолымды алған.

– Дидахмет Әшімханов деген сен екенсің ғой. Кызық… Сенімен бір мектепте, бір класста оқимын деп еш уақытга ойлаған жоқ едім.

– Мені қайдан білесің?– деймін таңданып.

– Сені ауданда кім білмейді. «Еңбек туы» газетін оқитындардың бәрі біледі. Мен оқыған Чернова мектебінде әдебиеттен сабақ беретін Омарбекова деген апай бар. Сол кісі сені «күшті жазады» деп отырады ылғи.

Жүрегім бір ысып, бір суып кеткендей болды. Бұл сары бала неткен жақсы бала деп ойлаймын. Газетке өлең жазып жүргенім қандай жақсы болған деп ойлаймын. Мені ауданның бәрі танып қалғанын қалай білмегем деп таң қаламын. Көрдің бе, әлдебір мектептің, әлдебір мұғалімнің өзі мені «күшті жазады» деп отырады екен. Ал мұнда?..

– Сені әлгі мұғалімнің «адам болмайсың» дегені несі?– дейді сары бала.

– Білмеймін…Тегі тұзым жеңіл болу керек,– деймін мен шынымен-ақ ұялып. – Бірақ барлық мұғалім олай демейді. Осында Жомарт, Есімжомарт дейтін ағайлар бар. Мен оларға жаңағыдай қырыс сөйлемеймін. Сөйлесем де олар «адам болмайсың, оңбағансың!» деп намысыма тимейді. Сондықтан олардың алдында өте тәртіпті болуға тырысам. Сабақтарын да жақсы оқимын,– деймін мен.

– Сенің жаныңдағы орын бос қой. Бірге отырайық,– дейді сары бала.

– Отырсақ отырайық… Бірақ…– деймін күмілжіп. Күмілжі-генім тегін емес-ті. Жүрек құрғыр сезгендей-ақ, ертеңінде таңертең шашым сиырға жалатып алғандай жылты-ратып жүретін мұғалім қатар отырған бізді көргенде, қасқырдың қасынан қой көргендей көзі аларып шыға келсін.

– Әй, сен неге андағы жерде отырсың!– дейді сары балаға тік қадалып.– Бұзылайын демесең, кәнеки, өз орныңа кел. Тапқан досының түрін!..

Сары бала маған жаутаңдай қарап кете барды. Көзім жасау-рап мен қалдым. Көмейге тығылған ащы запыранды төгіп-төгіп жібергім келген, бірақ ызаға булыққанда аузыңа сөз де түспей қалады екен… Одан бері, міне, табаны күректей отыз бес жыл өтті. Адам болғасын, пенде болғасын, өзің де адамдар мен пенделердің арасында жүргесін, әділетсіздіктің де, жөнсіздіктің де біразын көрдік. Алайда бала кезде «көргеннің» жөні бөлек екен.

Бала кездегі үлкеннің сені қорлауы, намысыңа тиер жалғыз ауыз сөзі ғүмыр бойы ұмытылмайды екен. Қазір ойлаймын, «адам болмайсың!»-ның соңында қаншама қазақ мектебін-де қаншама бала шынында да адам болмай кетті екен деп…

Шүкір, сары бала екеуіміздің арамызды мұғалім айырғанмен Құдай айырған жоқ. Әдебиетке деген құмарлық, жазуға деген құштарлық, жақсылыққа деген іңкәрлік әр уақытта бізді қос қарагердей бір күймеге жегіп, бір сүрлеуге салып отырған. Бұның басы сол жылы, сол сегізінші класта оқып жүрген күзде, бірігіп «повесть» жазудан басталып еді! Иә, «повесть!».. Бұны тырнақшаға алуымның себебі: он бес жасымызда бізден қайбір есі дұрыс повесть туды дейсіз. Екіншіден, ол аяқталмай да қалып еді. Оның жайы мынадай. Бірде сабақтан шыққан соң Әлібек маған:

– Дидахмет, екеуміз бірігіп бір повесть жазсақ қайтеді,– деген төбеден түскендей.

– Қалай? Не туралы?– деймін абдырап.

– Менің басымда жүрген бір қызық оқиғалар бар. Соны мен бастап жазамын, сен жалғастырып отырасың. Сөйтіп, кезектесіп жаза береміз, жаза береміз. Кім ойын қалай дамытамын- десе, өз еркі. Тек екеуімздің де жазғанымыз тұтастай бір дүние болу керек. Ол өте қызықты болу керек. Сосын… аяғын- күтпей-ақ бас жағын газетке жібере береміз. Олар баса береді. Ал, оқырмандар соңы немен бітер екен деп, күтеді де жүреді…

– Соны аудандық газетке қор қылмай, «Жұлдыз» журналына бір-ақ айдасақ қайтеді,– деймін мен.

– Сөйтсек, сөйтуге де болар,– деп қояды Әлібек. (Құдай сақтағанда, оны дереу орысшаға аударып, тура Мәскеуге, «Новый мирдың» өзіне аттандырайық демеппіз-ау сонда).

Арада екі күн өткенде «Боранда (повесть)» деп басталатын қалың көк дәптерді Әлібек менің колыма тигізген. Үш беттейін жазып тастапты. Көрініс мынадай: ұйытқи соққан, ұли соққан Алтайдың ақ бораны…Бір шана шөпті мықшия тартып келе жатқан тырақы торы ат… Шөп үстінде шоқайып отырған шал мен бала…Азынай соққан екпінді жел шанадағы шөпті жұлмалай суырып, кұшақ-құшағымен ұшырып, айдалаға алып қашып жатыр. Шал шөпті желге де бермеймін деп, жан-жақтан қаумалаған бөтен сиырларға да жегізбеймін деп, жанталасып келеді. Бірақ, амал не, шалды аяп жатқан жел де жоқ, сиырлар да жоқ… (Өстіп сонау бір қиырдағы қорада аш тұрған өз малына жеткізгенше шөптің  жартысы ғана қалады).

Адам мен табиғат арасындағы арпалысты күрестің алғашқы көрінісі осындай еді. Ол бұны жазғанда: адам еңбегі қайда қор болмаған, кім жемеген, өз несібеңді өзіңе қашан да жартылай ғана бұйыртып қойған қу тағдыр-ай дегенді айтқысы келді ме, келмеді ме, білмеймін, бірақ жас қаламның тұңғыш талпынысынан-ақ адамға деген аяушылық, сүйіспеншілік ап-анық аңғарылып тұрғаны рас-ты…(Кейін білдім, шана үстінде, шал жанында отырған жұдырықтай баланың көз алдынан көшіп жат-қан мұнарлы, мұңлы тіршілік – жұдырықтай кезінен бар қиындықты бастан кешірген Әлібектің өз мұңымен, өз көңіліндегі қаяумен егіздес дүние екен). Сонымен… екі қолға кезек ауысып жүрген көк дәптер көк сиялы жазуға енді-енді тола бастаған кезде… Әлібектің кластағы орны бір-ақ күнде бос қалған. Шыңғыстайда ол түрып жатқан үйдің иесі кенеттен қайтыс болыпты. Ауылдағы жалғыз жамағайыннан айырылған кішкен-тай сары бала тағы бір ауылдан жылы орын іздеп кеткен екен… Он бес жастың о жақ-бұ жағында Әлібек көшіп-қонған ол нешінші ауыл, нешінші мектеп екен? Қаршадай баланы ыстық ұясына бір қонақтатпай, жел айдаған қаңбақтай бір жерден бір жерге ұшыра берген не жағдай, не күш сонда? Бұл  сұрақтың жауабын «өзге емес, өзі айтқан» Әлібектің. Қай жерде? Қашан? Жазушы Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігінді» («Жазушы», 1998 жыл) атты бір хикаяттан тұратын кітабын оқырманның көбі «басынан аяғына дейін – юмор, нағыз сатира!» деп бағалап жүр. Бұған дауым жоқ. Шығармадағы әрбір штрих детальдің түйіні, әр оқиғаның астары, әрбір кейіпкердің іс-әрекет қимылы әдемі күлкі шақырып тұратыны рас. Күлкілі жайға жұрт әрине күледі. Әсіресе, Алтайды көрмеген, ондағы жағдайды білмеген адам күледі. Ал мен күлмеймін. Мен білетін «күлкіні» күңіреніп жазған марқұм Оралхан, Орекең еді. «Қар қызы» естеріңізде шығар, «Сайтан көпір» ойларыңызда болар. Сай-сүйегіңді сырқыратар сол шығармалардың қаһармандары (иә, шын мағынасындағы қаһарман!) мен «Өр Алтай…»-дың кейіпкерлері характер жағынан әр қалай сомдалғанымен, тағдыр жағынан бәрі де тамырлас екені маған аян. Әлібектің кейіпкерлері әпенді боп көрінеді. Шындығында, бірі де әпенді емес. Олардың тірлігін күлкілі, мінез-құлқын әпенді етіп қойған – күлкілі қоғам, әпенді саясат.

Ағаға қарап іні өсер. Оралханға қарап Әлібек ой түзеген, сөз жұптаған ертерек. Өнер басын суретшіліктен бастаған ол суреткерлікті мұрат тұтқан біртіндеп. 70-жылдырдың ортасында Гоголь атындағы Суретшілер училищесінің соңғы курсында оқып жүріп, диплом жұмысына алған Оралхан кітабын безендірумен қатар, «Маралдар маңып барады», «Жасыл орман шулайды» деп, екеуі бірігіп құлаш-құлаш очерк жазатын бұрқыратып. Орекеңнің өзін де, шығармашылығын да шексіз сүюші еді Әлібек. Бұның кейде өз шығармашылығына әсері тиіп кететінін де аңғармай қалушы еді Әлібек. Бірақ…ағасынан жолы басқа, жөні басқа, табиғаты мен болмысы басқа ол 80-жылдардың басында Әлібек болып, Асқаров боп келген қазақ прозасына.

Әсілі, өмірден орнын, өнерден өзін тапқаннан артық сәттілік жоқ шығар. Шүкір, бұл жағынан Әлібек қай уақытта да ойлағаны болған, көздегеніне жеткен азамат. Дәлірегінде не нәрсенің орайы өзі келіп тұрған Әлібекке. Бәрі есімде… Мектепте бес балаға бір «старшой» керек болса, мұғалімдер Әлібекті таңдаушы еді, кейін…ол қызмет етіп жүрген әскери бөлімге келсем… досым Бас штабта «писарь» боп шалқайып отыр… Ол оқып жатқан Суретшілер училищесіне барсам, досым тұтастай бір оқу орнының «профкомы» боп күшейіп тұр… «Білім және еңбекке» жарты айлықпен жұмысқа тұрып еді…жарты жылға жетпей бөлім меңгерушісі…одан жауапты хатшы…Одан «Өнер» баспасының бас редакторы…сөйтіп бір қабаттан бір қабатқа көтеріле келіп, департамент директорының кабинетіне жеткенде сәл демалып алған жайы бар. «Қызмет – қолдың кірі» дейді біреулер. Қолың таза болса, ол неге «кір» боп көрінуі керек! «Қызмет бүгін бар, ертен жоқ» дейді біреулер. Бүгінгі қызмет істеген жеріңде ертеңге жетер ізің қалса, ол неге «жоқ» болуға тиіс. Азамат қандай да бір қызметке өз күш-жігерімен, өз қарым-қабілетімен көтеріліп жатса, ол қызметі шын мәнінде көпке қызмет болса, оған неге біз тілеулес болмасқа…Бірақ…қалай десек те, өнер адамы болып туған адамға өнерден өміршең, өнерден ізгілікті не бар!.. Ендеше… ең алдымен, мен Әлібек достың ертеңінен «Өр Алтай, мен қайтейін биігінді» сияқты биік тұғырлы, ұзақ ғүмырлы туындылар күтер едім.

2001 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo