Әйел қырық жанды

Тұла бойы  аппақ қырау, көзi кiртиген бір ит үшкiр тұмсығымен шатыр есігін түртiп ашып, басын iшке сұғып жiберген.

– Е-ей, Сиваш!.. Әй, албастыдан туған малғұн, шық әрi, шық! – деп iштегiлер жамырай айқайлап, өре тұрды. Беттлз қалайы тәрелкемен тұмсықтан таңқ еткiзiп ұрып үлгергенi сол – әлгi кiртиген көз  бен үрпиген  бас қас-қағымда  жоқ болды.  Бұдан соң iле-шала Луи Савой шатырға  есiк ретiнде iлiнген қалың брезенттiң жан-жағын қымтай жауып  қойды да, пеш үстiндегi ыстық табаданды аяғымен аударып тастап, оның жалын шарпыған түбiне  қолын төсеп жылытуға кiрiстi.

Сыртта сақылдаған сары аяз. Екi күн бұрын спирттi термометр алпыс сегiз  градусты  көрсетiп тұрып, кенет сырт етiп сынып түскен, одан кейiн де суық күшейе түспесе бәсеңдеген емес, ал ендi оның қанша  күнге созылары  да белгiсiз. Мұндай түкiрiгiң жерге түспес аязда, жылы үй, жылы ұядан алыста, мұздай суық ауамен өзек қарып отыруды досың түгiл дұшпаныңа тiлемес едiң. Рас, дәл осындай  күндерi алды-артына қарамай жолға шығып кететiн көзсiз ерлер де болады, бiрақ  олардың кейiн дiн аман қалғандарын көрген ешкiм жоқ – екi өкпеден айырылып, күрк-күрк жөтелiп, ақыры мәңгiлiк тоңға жаңбасын мәңгi тигiзiп тынғандар қаншама. Бiр қызығы өстiп  өлгендердiң мәйiтiн мұздай көрге  салғанда, осындай бүлiнбеген, бұзылмаған қалпында Қиямет күнiне  жетсiн деген ұғыммен олардың бетiн мүкпен ғана  жауап кете барады. Ал мұндай  Ұлы Күнге сенбейтiндерге, әрине, ең кереметi – Клондайкке барып өлу деп көпiре алмайсың. Бiрақ бұдан Клондайкте өлу – жаман, тiршiлiк ету – тамаша деген ұғым тумаса керек.

Шатыр ішінде  дәл сырттағыдай суық болмағанымен оның да жетiсiп тұрғаны шамалы. Сондықтан iште отырғандардың бәрi ортадағы жалғыз пешке итiнiп жабыса  түседi. Аяқастындағы жердiң бiр бөлiгiне  қалыңдау  етiлiп самырсын бүрi  төселген.  Оның астында – қар да, үстiнде – түктi көрпе. Ал қарын мокасинмен  таптап тастаған шатырдың  екiншi бөлiгiнде  ыдыс-аяқ, киiм-кешек, құрал-жабдық сияқты  неше түрлi заттар қалай болса солай шашылып жатыр. Бүйiрiне дейiн  қызарып алған темiр пештiң iшiнде  қу отын күркiрей жанады. Ал одан үш-төрт  қадам  жерде құдды қазiр ғана өзен бетiнен ойып әкелгендей үлкен бiр мұз бөлiгi өңкиiп  тұр. Етек жақтан ескен суық ызғар шатыр  iшiндегi бар жылуды жоғары көтерiп әкеткен. Пеш мұржасының сыртқа шығар тесiгiнiң  айналасындағы брезенттiң  екi-үш қарыстай  жерi құп-құрғақ та, одан әрi дымданып,  тершiп… сосын бiртiндеп  ақ қырауға айналып кете барған. Бұл қырау шатырдың төрт қапталын  қуалай жылжып, пештен алыстаған сайын қалыңдай берген де, ақыры iргедегi  етекке жеткенде, жарты дюймнен бiр-ақ  асқан.

– О-о-о! О-ох!-О-ох! – Түктi көрпенiң астында ұйқысырап  жатқан жас жiгiт түсiнде ауырсына ыңқылдайды. Сақал-мұрты өскен, жұқалтаң, жадау жүзiнен әбден азып-тозып, қажығаны  байқалады. Тегi ауруы  жанына қатты батып жатса керек, ыңқылы уақыт өткен сайын күшейе түскен. Көрпе астынан жартылай шығып жатқан денесi құмырсқа илеуiне тастаған жыландай бiрде жиырылып, бiрде жазылып, тынымсыз тыпырши  бередi.

– Кәнеки, бұл батырды  сiлкiлеп жеберiңдер! – дедi Беттлз бұйыра сөйлеп. – Бейшараның тағы да  қояншығы ұстаған секiлдi.

Бұл бұйрық ауыздан шығысымен алты жiгiт  оны орнынан жұлып алып, әбден оянып ес жиғанша әрi-берi жұлқылап, сiлкiлей берген.

          – Сайтан алғыр, осы қарғыс атқан  өлкеде  нем бар едi, – дедi жас жiгiт, шамалы өзiне-өзi келген  соң. Сосын үстiндегi көрпесiн сырып тастап, төсекке жүрелей отырды. – Мен қатарымен үш жыл  бойы  бүкiл Американы тұтастай  шарлап шықтым. Және көбiнде қыста. Құдай-ау, сонда  шынығатын кезiм болған шығар. Жоқ, мына өлкеге келдiм де, қайдағыбiр қатын тектес афиналық сияқты, үп еткен аязға ұшып түсетiн болдым. Ешқандай еркекке тән қасиетiм қалмаған. Өкiнiштi! Өт-те өкiнiштi!

Ол отқа жақындай отырып, темекiсiн орай бастады.

– Менi бiр босбелбеу  деп ойлап қалмаңыздар! Жоқ, мен бәрiне де төзе  аламын. Бiрақ дәл қазiр  ұяттан бетiм өртенiп  тұр. Жүрiп өткен  жолым – небәрi отыз-ақ  миль, соның өзiнде мiне жүндей түтiлiп, бүкiл сүйектерiм шашылып қалған сияқты. Айтуға ыңғайсыз тiптi!… Кiмде сiрiңке бар? Берiңдершi, түге?!

– Қызбаланбай-ақ қой, бауырым! – Беттлз оған сiрiңкенiң орнына пеш аузынан лапылдай жанған   шаланы суырып бердi де,  әкелiк қамқор дауыспен сөзiн әрi  қарай жалғаған. – Бұл саған  кешiрiмдi, әр адамның басында мұндай-мұндай бола бередi. Бәрiмiз де шаршап, қажып көргенбiз. Мұнда алғаш келген жылы жол азабын мен де талай тартқам. Сонда деймiн-ау, шөлдеп келе жатып мұзды суатқа  бас қойғаннан кейiн он минут бойы  ес жия алмай шайқалақтап тұратын кезiм әлi есiмде. Одан кешкiсiн бүкiл  буындарым сырқырап, сүйек-сүйегiм қақсап, жанымды қоярға жер таппаған күндерiм қаншама. Кейде, тiптi, жаңағы өзiң секiлдi құрысып-тырысып, екi бүктетiлiп қалған сәтiмде, менi “түзетiп” жiберу үшiн  лагердегiлердiң бәрi аяғынан тiк тұрушы едi. Ал сен жас болсаң да мiнезiң бар екен. Маған алдымен соның  ұнайды. Көр де тұр, бiр жылдан кейiн сен бiз сияқты кәрi-құртаңдарға   қараңды да  көрсетпей кететiн боласың. Бұған қазiрдiң  өзiнде негiзiң бар, ең бастысы – денеңде  бiр түйiр артық ет жоқ. Бар бәле – майда. Осы майдың кесiрiнен   небiр тепсе темiр үзетiн жiгiттер баяғы ата-бабасының  жанына  ертерек аттанып кеткен ғой.

– Май дейсiз бе?

– Иә, иә, майды айтамын. Кiмнiң бойында май көбiрек болса, сол жол азабын да көбiрек тартады.

–  Бұны бiлмейдi екенмiн!

– Бiлмесең, бiлiп ал. Бұл – факт. Бұған  ешқандай күмәндануға болмайды. Алыптар алып-ұруға ғана мықты, ал  төзiмдiлiкке келгенде – боркемiк. Сондықтан оларға сену  қиын. Ал өзiңдей арық, сiңiрлi адамдардың   қай уақытта, қандай жағдайда да жаны сiрі болады.  Ондай адамдар және тырнағы  iлiккен жерден бiрдеме алмай шықпайды да. Ал жуандар мен семiздерге  бұл тек арман ғана.

– Дұрыс айтасың,– деп осы тұста әңгiмеге  Луи Савой килiккен. – Мен де кезiнде өгiздей өңкиген бiреудi бiлетiнмiн. Мiне сол адам – анау Солтүстiк  Бастау бойында баған  тұрғыза бастаған уақытта – Лон Мак-Фэймен бiрге сонда аттанған ғой.  Лонды сендер де бiлетiн шығарсыңдар? Анау әлгi ылғи да екi езуi  екi құлағында жүретiн жирен-сары  ирландық ше? Жә, сөйтiп сол екеуi жолға түсiп жүре бередi, жүре бередi, – түн жүредi, күн жүредi. Ақыры әлгi өгiздей жiгiттiң шамасы бiтiп, дымы құрып, жол жиегiндегi  қарға жата кетедi. Ал шынашақтай ирландық оны тұрғызам деп ары тартады, берi тартады, жұлқылап көредi – жоқ, ол қозғалғысы келмейдi, тек балаша өкiрiп жылай  бередi. Амал жоқ,  Лон оны бiрде сүйреп, бiрде итермелеп, менiң үйшiгiме жеткiзгенше әбден ит болған ғой, қысқасы… 

– Сосын? – дедi пештiң төменгi шетiнде  отырған бiреу шыдамсызданып.

– Сосын  үш күн бойы менiң төрiмде үйелеп жатып алған. Мен ондай  қатын бөкселi еркектi ешқашан көрген емеспiн. Мiне, қайда семiздiктiң қорлығы!

– Ал Аксель Гундерсон ше? – дедi Принс. Бұл жас инженерге кезiнде   бiр скандинав аңшының таудай денесi мен оның  кейiнгi  қайғылы қазасы  қатты әсер еткен-дi. – Бейшараның сүйегi анау жерде қалды ғой. – Принс қолын сонау шығыс  жаққа қарай  белгiсiздеу сiлтей салды.

– Iрi адам едi ғой ол! Иә, осы өлкеге Тұзды Су жағалауларынан келiп, бұлан  аулағандардың iшiнде ең iрiсi сол болатын, – дедi Беттлз да келiсiп. – Алайда ол – Құдай қуат берген мыңнан бiреу ғана ғой. Ал оның әйелi естерiңде ме? Унгу деген? Жүзiктiң  тесiгiнен өткендей жiңiшке, ап-арық әйел ше анау? Тал бойында қырып аларға қызылы жоқ сол әйелдiң   төзiмдiлiгi мен қажыр-қайратына мен әлi күнге дейiн  таңғаламын. Ең кереметi сол – құдайдың  осы берген ғажап сыйын  ол түп-түгел бiр-ақ нәрсеге жұмсайтын. Неге дейсiз ғой? Күйеуiн күтiп-баптауға. Несiн айтасың, расында ол күйеуi үшiн тiрiдей отқа түсуге дайын едi ғой.

– Е, адам шын сүйсе, не iстемейдi, – деп қойды инженер.

– Мәселе тек сонда ғана дейсiң бе! Ол…

– Жiгiттер, берi  қараңдар! – Сөзге кенет тамақ салынған  жәшiк үстiнде отырған Ситка Чарли араласқан.– Сендер бұл жерде небiр кесек бiтiмдi адамның өзiн бейшара етiп, қор етiп жiберетiн денедегi артық май туралы, одан соң мықты еркек, ер мiнездi әйел  жөнiнде әңгiме қозғадыңдар; бәрi дұрыс, бәрi жақсы. Ал ендi осыған ұқсас бiр әңгiменi мен де сендерге айтып берейiн. – Ол сөздi  неден бастасам екен дегендей шамалы ойланып отырды да, сосын жайлап сөйлей бастаған. – Ертеректе, мына өлкенiң бөтен-баспақтардан  таза, қыз мүсiндi жас кезiнде, бiр ерлi-байлы екi адаммен жақсы  таныс болғаным бар-ды. Еркегi  – кесек тұлғалы, мығым денелi,  бет-пiшiнi де келiстi адам едi. Тек бар айыбы – бойына аздап артық май жинағандығы. Ал әйел, керiсiнше, жiп-жiңiшке, ап-арық, үп еткен желге  ұшып түсердей тым нәзiк жан-тұғын, бiрақ… оған бiткен жүрек еш еркекке бiтпеген шығар. Иә, кейiн де мен қаншама адаммен жолдас бола жүрiп, дәл сол  әйелдiң мәрттiгiндей мәрттiктi бiр еркектiң бойынан көрмедiм десем, сенесiңдер ме!… Сонымен, бiз  Тұзды Суды бетке алып, күндiз-түнi жүрiп келе жатқанбыз. Жол тым ауыр едi. Қар қалың, қақаған аяз, өзегтi талдырған аштық. Осы азаптың бәрiн  бiзбен бiрдей көрiп келе жатқан әйелдiң не бiр қимылынан, не бiр ауыз сөзiнен шаршау, қажу дегендi байқамаймыз, тек көретiнмiз – қай уақытта да  күйеуiнiң қас-қабағына қарап, құрақ ұшып тұратыны ғана. Неткен махаббат десеңшi!

Ситка бiр  мезет әңгемесiн доғарып, жанында жатқан үлкен мұздың бiр кесегiн балтасымен шауып алды да, оны пеш үстiнде  тұрған алтын жуатын қаңылтыр науаға тарс еткiзiп тастай салды, – ауызсуды олар  осылайша алатын. Жiгiттер бiр-бiрiне   жымдаса жақындады, ал ауыру бозбала: тағы да  дiрiлдеп-қалшылдай бастасам құлап қалмайын, деген оймен неғұрлым орнықты отыруға ыңғайланған.

– Бауырлар, – дедi Ситка сөзiн әрi жалғастырып, – менiң бойымда сиваштардың қызыл қаны ойнайды, ал жүрегiмде сендер сияқты  ақтардың  асқақ рухы шалқиды. Бiрiншiсi – әрине, ата-бабамның ұрпаққа  берген ұлы сыйы да, екiншiсi – менiң өздерiңдей ақ нәсiлдi адамдармен дос  болуымның арқасы. Мен сонау бала кезiмнiң  өзiнде бiр сұмдық ақиқатты бiлуіме тура келген. Сонда не бiлдi дейсiздер? Бүкiл жер бетiнiң қожасы сендер екенсiңдер, ал сендермен күресуге  сиваштардың  дәрменi жоқ екен; сондықтан ит пен құс қар үстiнде  қалай өлсе, бiз де солай  өлуге тиiс екенбiз.  Иә, сөйтiп мен, мiне,  сендердiң, араларыңа, жылы жерге, ошақтарыңның басына келiп отырмын. Еншқандай бөтендiгiм жоқ. Бұл өмiрде адамның басынан не өтпейдi. Мен де  мына шақшадай басымнан небiр жайды өткiзген  жанмын. Соқпақты да, сонарды да көрдiм. Талайлармен тағдырымды да табыстырдым. Қаншама тайпа адамдарымен тамаша дос та болдым.  Сондай адамдар жөнiнде  сендер қалай ойлап, қалай бағаласаңдар – мен де  солай ойлап, солай бағалайтын жағдайға жеттiм. Сондықтан мен әлдебiр ақ адам жөнiнде қатал пiкiр айтсам, сендер  маған ренжiмейтiндерiңдi бiлем. Немесе керiсiнше өз тайпамның бiр адамын артық мақтап жiберсем, сендер: “Ситка Чарли – сиваш қой. Бұның көзi мен тiлiне сенiм бар ма!” демейтiндерiœе де сенем. Солай емес пе?

– “Иә солай” дегендей отырғандар үнсiз бас изесiп қойды.

– Ол әйелдiң аты Пассук едi, – деп бастады ол  әңгiмесiнiң жалғасын. – Оның тайпасы тұзды теңiз  жағалауларын  мекендейтiн. Мен  Пассукты  олардан адал түрде сатып алғам. Жасырары жоқ, мен оны шын сүйдiм деп айта алмаймын, оған көз  тоқтатып қараудың өзi мен үшiн жағымсыз едi, ал оның  өзi ылғи да  көзiн төмен салып жүретiн. Бұнысы – жасқаншақтығы шығар немесе тым ұяңдығы болар, деп ойлайтынмын мен. Бұлай ойлаудың жөнi де бар ғой, өйткенi бұрын ешуақытта көрмеген-бiлмеген адамға тұрмысқа шыға салу оған оңай тидi дейсiз бе?  Сосын, жаңа сендерге айттым ғой, менiң жүрегiм оны тым қалаған жоқ, деп – дәл  сол уақытта мен алыс жолға жиналып жүргем, ал жолда менi күтетiн, иттерiме мезгiлiнде тамақ берiп тұратын адам керек болды. Сөйтiп бiр адамның арысы не, берiсi не, екеуара  бiр көрпе жетер  дедiм де, Пассукты алып жүре бергем ғой алысқа.

– Ұмытпасам, бiрде мен сендерге  кезiнде үкiметтiк қызметте болғанымды айттым-ау деймiн? Сондықтан маған әскери кемеге өзiммен бiрге иттерiмдi, шанамды, қап-қап азық-түлiгiмдi тиеп алудың еш қиындығы болған жоқ. Жанымда және Пассук бар. Кеме солтүстiктi  бетке алып, күнi-түнi жүрiп отырып, ақыры қысқы Беринг  теңiзiне жеткенде, бiздi сең-сең болып сiресiп  жатқан аппақ  қардың үстiне  қалдырып кете барған. Үкiмет жұмысымен жүрген маған олардың бар қалдырғаны – азын-аулақ ақша мен өмiрi адам  аяғы баспаған  жергiлiктi жердiң қартасы және бiрнеше хат. Хаттардың сырты мықтап желiмделген әрi су  өткiзбейтiн материалмен оралған, – мен оларды ұлы Маккензиге  таяу жерде, мұзда  қыстырылып қалған, кит аулайтын кемеге жеткiзуiм керек-тi. Егер өзен атаулының  анасы – бiздiң Юконды есептемегенде, жер жүзiнде Маккензиден үлке өзен жоқ шығар.

Бiрақ бұның бәрi әншейiн сөз арасындағы әңгiме ғой, әйтпесе мен айтайын деп отырған негiзгi мәселеге кит аулайтын кеменiң де, өзім Маккензидiң жағасында  өткiзген аса қатал қыстың да ешқандай қатысы жоқ.

Көктемде, күн ұзарып, жыли берген кезде, бiз – Пассук екеуiмiз – оңтүстiкке, Юкон жағалауларына қарай жүрiп кеттiк. Бұл бiр жанды жеген  ауыр жол болды, тек күнге қарап қана бағытымызды айырып отырдық. әлгiнде айтып өткенiмдей, ол уақытта бұл өлке иен-тегiн жатқан бос жер едi, бiз сонау ит арқасы қияндағы  Қырқыншы Мильге жеткенше бiрде ескектi, бiрде ұзын таяқты пайдаланып, ағысқа қарсы  тырбаңдап жүзе бергенбiз. Сонан соң күндердi күнiнде аяғымыз қара жерге тиiп, ол жердегi өздерiң сияқты ақ адамдармен қауышып, бiр жасап қалдық қой, әйтеуiр.

Алайда  ондай рахат күндерiмiз ұзаққа созылған жоқ, көп өтпей-ақ қылышын сүйретiп қыс келдi. Бұрын-соңды  болмаған қатал қыс! Көз аштырмас ақ боран. Одан қалса қызылшұнақ аяз.  Бұл да аз екен, артынша  бұған  аштық келiп қосылған. Компания Агентi әр адамға бүкiл қыса  бар-жоғы қырық фунт ұн мен жиырма фунт шошқаның  сүрленген етiн берген. Басқадай  тамақ жоқ. Иттер ұлиды да тұрады, адамдар ашқұрсақтан әбден қажып бiткен – беттерi айғыз-айғыз әжiм. Күштiлер әлсiреген,әлсiздер  өлiп тынған. Оның үстiне поселканы тұтастай қырқұлақ жайлаған.

Өстiп жүргенде бiр күнi кешкiсiн бәрiмiз поселка ортасындағы дүкенге жинала қалғанбыз. Ондағы жылан жалағандай бос сөрелердi көргенде, жанымыз құлазып, iшегiмiз шұрылдап қоя берген. Ошақтағы бықси жанған  оттың  алакөлеңке жарығында сыбыр-күбiр әңгiмелесiп тұрдық. Шырақ жағуға аяймыз,  ол ертеңгi күндерi мәйiт  басына  да керек. Сонымен  әңгiмелесе келе бiз мынадай шешiмге келдiк: бұл жерде қандай  жағдайға тап болғанымызды тезiрек Тұзды Суға  жеткiзуiмiз керек. Ал оған кiмдi жiберемiз? Осы сұраққа тiрелген жұрттың бәрi құдды   бұрыннан келiсiп алғандай-ақ бiр сәт маған қараған. Мөлиген көздер бұл тек сенiң қолыңнан ғана келедi, дейтiн сияқты. Әйткенi олардың арасында ең көп жол жүретiн  адам мен екенiмдi  бәрi бiлетiн.

– Теңiз жағасындағы Хейнс миссиясына дейiн жетi жүз миль, – дедiм мен. – Ал жол бойындағы бүкiл қарды  шаңғымен таптап отырмаса, итшаналар жүре алмайды. Яки бұл жол – өте ауыр деген сөз. Сондықтан маған  иттердiң ең мықтысын, тамақтың бар тәуiрiн бересiңдер. Басқа сендерден сұрарым жоқ. Қалғанын Пассук  екеуiмiз өзiмiз  көре жатармыз.

Отырғандар  келiстi. Осы тұста “Ұзынтұра Джефф” деп аталып кеткен еңгезердей янки жiгiтi  орнынан атып тұрған. Мен буйволдың сүтiн iшiп өскен адаммын, сондықтан жолға менен  өткен мықты, төзiмдi жанды  шам алып iздесеңдер таппайсыңдар, оның үстiне  шаңғымен де өте жақсы  жүремiн, дейдi. Қықсқасы, ол да менiмен барғысы келетiнiн, әгәрәкiм мен жолай  өлiм  кетсем… қалған жолды ол өзi  жалғастырып, миссияға дейiн аман-есен жетiп ,аманатты орындап  бiр-ақ қайтатынын жайып салған. Мен ол кезде жас едiм, янкилер туралы бiлетiнiм де шамалы болатын. Осалдықтың бiрiншi  белгiсi – көпiрме  сөз екенiн, ал шын мықтылар үлкен iстi үнсiз тындыратынын, рас, ол уақытта мен қайдан бiлейiн. Сонымен бiз  ең таңдаулы иттердi, ең жақсы деген азық-түлiктi алып, үшеуiмiз – Пассук, Ұзынтұра Джефф және мен – тәуекелмен  ұзақ жолға шықтық та кеттiк.

Осы отырған сендердiң барлықтарың ұлпа қарды шаңғымен талай  таптап, тыңнан жол салып көргенсiңдер, сондай-ақ суықтан сiресiп қалған шаналарды сәт сайын күтiр-күтiр  қозғап отыру да ешқайсыңа  таңсық емес, ендеше жол азабының  бәрiн тағы да сендерге ежiктей  беру артық шығар. Бұл жерде тек мынаны ғана айтқан жөн:  сол күндерi бiз күнi бойы тырбаңдап небәрi  он-ақ миль  жол жүрсек, ендi бiрде оны отызға әрең жеткiзетiнбiз. Алайда көбiнде сол онмен  ғана шектеулiушi  едiк. Ең жақсы деп  таңдап алған  тамағымыз да аса жақсы бола қойған жоқ, оның үстiне алғашқы күннен бастап  оны өте үнемдеп  пайдалануға тура келген. Сонымен қатар мықты  иттердiң өзi де бiртiндеп қажи бастаған, кешкiлiк тәлтiректеп қалған бейшараларды тек таяқтың ырқымен, зорлықтың  күшiмен ғана  жүргiземiз.  Әстiп  жүрiп Ақ Өзенге жеткенде жегiмдегi үш топтың екеуi ғана қалған, – ал жүрiп өткен  жолымыз – небәрi екi-ақ жүз миль! Рас, аса жоғалтқан да ештемемiз жоқ: өлген иттер  тiрiлерге  жем болған.

Пеллиге жеткенше жолай қыбырлаған не бiр қараны, не бiр сыздықтай шыққан   түтiндi  көре алмадық. Мен осы жерде бiраз азық-түлiк қорын жинап алам ба деп үмiттенгем, сосын және қатты қалжырап, ыңқылдап-сұңқылдап келе жатқан  Ұзынтұра Джеффтi  осында қалдырып кету де ойымда бар-ды. Алайда фактория қоймасында iлiп аларға ештеме болмай шықты; компания агентi күрк-күрк  жөтелiп, дем ала алмай ентiгiп тұрып бiзге  миссионердiң  қаңырап қалған жаман лашығы мен оның ит жеп  кетпесiн деп тастармен бастырып  тастаған бейiтiн көрсеткен. Сол жерде тағы бiраз үндiстердi де көрiп қалдық, бiрақ олардың  арасынан бiрде-бiр кәрi адам мен жас баланы көрмедiк. Тiрi дейтiн мыналардың  да көктемге  аман-есен жететiндерi аз көрiнген бiзге.

Қысқасы, бұл  жерден бiз не қарынға, не  көңiлге  еш жұбаныш таппай әрi қарай жүрiп кеттiк.  Ал Хейнс миссиясына  дейiн әлi алдымызда бес жүз миль жол жатыр едi. Оның өзi тұтастай мәңгiлiк  қар мен аппақ мұнардан ғана тұрады. Бұл өзi және… жылдың ең  қараңқы маусымы-тұғын, талматүстiң өзiнде  күннiң  көзi оңтүстiк көкжиектi әзер-әзер қызарта алады. Дегенмен  алға озған сайын мұз қорымдары  сиреп, жүру  жеңiлдей түскен. Мен иттердiң үстiне  бишiктi үстi-үстiне  үйiре беремiн – осындай жеңiлдеу жерде  жолдан бiраз ұтып қалғым келедi. Аяқ суыту, бел жазу дегендi мүлде ұмытқанбыз. Үнемi шаңғымен жүру де оңай  тиiп келе жатқан жоқ, аяқтың басы удай ашиды, тобықтың үстi қажала-қажала әбден жара боп  қалған. Күн өткен сайын бұл жаралар ушығып, қақсап ауырғанда жанымызды  көзiмiзге көрсетедi. Мiне, сондай бiр күнi  таңертең бiз  шаңғыны аяққа  iле басаған кезде, Ұзынтұра Джефф еңкiлдеп  жылап жiберсін. Мен оны аяп, кiшiрек шаналардың жолын  ашуға жiбердiм, бiрақ ол жүрудiң жеңiлдеу жағын ойлап, шаңғысын шешiп тастап еді. Сол үшiн де жол тапталмай, мокасин ойып  түскен қарға иттер қайта-қайта сүрiнiп, жығыла берген. Иттердiң арықтығы сондай, қабырғалары ырсиып, арқа сүйектері шодырайып-шодырайып сыртқа шығып тұр едi – байқұстардың аттап басуы  мұңға айналған. Мен Джеффке айқайлап тұрып ұрсып едiм, ол ендi қайтiп шаңғысын шешпеуге  уәде берген, бiрақ сөзiнде тұрған жоқ. Мен сосын оны амалсыз бір-екі рет бишiкпен ұрып жібердім. Иттер содан кейiн ғана дұрыс жүре бастаған-ды. Жалпы, күннен күнге  Джеффтiң жайы баладан қиын болып бара  жатса, соның барлығы  әлгiнде Беттлз айтқан денедегi артық майдың  “арқасы” едi.

Ал Пассук! Еркек атымен бiреу оттың жанында мырс-мырс  жылап жатқанда, ол таң атпай тұрып бiзге тамақ дайындап, сосын маған иттердi  жегуге көмектесiп, ал кешкiсiн жатар орынды дайындап, әйтеуiр, күнi бойы бiр дамыл таппайды. Егер иттерiмiз аман жүрсе, бұл тек Пассуктың  еңбегi. Әйткенi иттердiң алдына шығып ұлпа қарды шаңғымен  таптап отыратын да – көбiнде  Пассуктың өзi болатын. Пассук… не десем екен сендерге! Ол уақытта бұның  бәрiн мен солай болуға тиiс деп қабылдайтынмын және басқадай ойлауға құлқым да жоқ-ты: басым басқада жүредi, екiншiден – жаспын, әйелдер жөнiнде де өте  аз бiлемiн. Тек кейiн сол күндердi еске алғанда ғана кезiнде менiң қандай  әйелiм болғанын бiлiп, талай-талай бармақ тiстедiм ғой.

Джефф ендi бiзге тек масыл боп қалған.Иттердiң жүгi онсыз да ауыр екенiне қарамай, ол кейде артта қалған кезде, итшанаға ұрланып жатып алады. Оны біз бәрібір бұдан соң Пассук барлық жегiмдi өз қолына алған да, Джефф мүлде бос қалып едi. Күн сайын таңертең мен оған тамақтан өз үлесiн қылдай қып бөлiп беремiн, ол оны iшiп-жеп алады да, бiзден бұрын жолға шығып кетедi. Ал Пассук екеуiмiз  жүктердi жинап, шанаға тиеп, иттердi жегiп болған соң, тағы да  жүрiп кетемiз. Содан түске жақын күн көзi сәл  жыли бастаған кезде, бiз оны қуып жетемiз де, тоқтамай кете барамыз– ол көз жасын көлдей төгiп қала бередi. Бiз жүре беремiз… жүре беремiз… сосын  әбден қараңғы түскен уақытта  түнемелiкке  тоқтап, отты лаулатып жағып, Джеффтың тамағын жеке бөлiп қойып, төсегiн салып, өзiн сарғая күтiп отырамыз.Түннiң бiр уағында  ақсаңдай басып, сүйретiлiп ол да жетедi. Жетедi де өзiне тиесiлi тамақты қомағайлана  жеп алып, күңк-күңк  сөйлеген  күйi  тоңқайып жата кетедi. Күндегi  жағдай – осы. Оның  ауру дейтiн  ауруы да жоқ-ты – бәрi  де әншейiн  қатты қажу мен ашыққандықтан едi. Бiрақ дәл сол секiлдi Пассук  екеуiмiз де қатты қажып, шаршағанбыз,  бiздiң де iшегiмiз аштықтан әбден бұралып бiткен, дегенмен бiз  бүкiл жұмысты  атқарып келмiз ғой – ал ол болса, қара басын алып жүруге де жарамайды. Шындығына келгенде, барлық бәле  манағы Беттлз айтқан  артық майда жатса керек, әйтпесе, оны азын-аулақ тамақтан қағып жүрген бiз жоқ қой.

Бiр күнi алдымыздан… аппақ Меңiреу Мекенде iлби басып келе жатқан  екi кiсiнi  кездестiрдiк. әкелi-балалы ақ адамдар екен. Ле-Барж көлiнде  сең бұзылып, барлық киiм-кешек, жүктерi  суға батып кетiптi, қолдарында бар қалғаны – екi  жеңiл жамылғы ғана. Айтуларына қарағанда, жол бойы түнде  лаулатып от жағып отырыпты да, таңға дейiн соның  жанында бой жылытып жатыпты.

Жандарында аздап  ұн да қалған көрiнедi, соны  анда-санда жылы суға езiп iшiп, жан шақыратын секiлдi. Баланың әкесi маған дорбасынан  оны да көрсеткен – бар жоғы  жетi-сегiз  уыстай ғана  екен. Ал олар бетке ұстаған Пеллиге дейiн әлi  екi жүз мильдей жер бар едi. Оның үстiне ол жерде  де аштық  басталып кеткен. Олар бiзге  өздерiмен бiрге бiр үндiстiң де жолдас  болып  шыққанын, онымен тамақты ылғи  да тең бөлiскендерiн, бiрақ оның бiртiндеп бұларға iлесе алмай қалғанын әңгiме еткен. Бiрақ мен бұған сенгем жоқ,  егер тамақты тең бөлiсiп  отырса, ол неге бұларға iлесе алмай қалады?

         Мен ол екеуiне ештеме бөлiп бере алмадым. Ал олар  бiздiң ең жарамды итiмiздi (оның да  ыңыршағы айналып тұрған) ұрлап алуға тырысып едi, мен тапаншаммен қорқытып, табандарын жалтыратуды талап еттiм. Олар мас адамдай  сенделектеп жүрiп кеттi. Адам деген аттары ғана, әйтпесе тiрi әруақтан еш айырмасы жоқ едi бейшаралардың. Соңдарына ұзақ  қарап тұрдым: бiрiн-бiрi сүйеген әкелi-балалы екi әруақ Пеллидi  маңдайға алып, аппақ меңiреу қойнына бiртiндеп сiңе бердi. Бiзде ендiгi қалғаны  – үш ит пен бiр шана едi, құр сүйек пен терiден басқа ол иттерде  де ештеме қалмаған. Отын аз болса оттың да қызуы аз болатыны белгiлi ғой – бiздiң де жағдайымыз тура сол сияқты едi. Тамақты тым аз жегендiктен бойымыз да өте  аз жылиды, суықтан бетiмiздiң қап-қара боп  үсiп кепткенi сондай, бiздi ендi туған анамыздың тануы  екi талай-ды. Аяғымыз солқылдап ауырып шыдатпайды. Таңертең  жолға жиналған кезде шаңғыдан қажалған аяғымның  ауырғанына шыдай алмай жылап жiбере жаздаймын. Пассук астыңғы  ернiн жымқыра тiстеп алып, ылғи  да алда  қалың қарды  таптап бара жатады.

Отызмильдiк дейтiн өзеннiң ағысы тым қатты едi, бiз жеткен уақытта  ол мұз үстiне бiраз  жайылып алған екен, тiптi кей тұстарының  жарылып жатқанын да көрдiк. Мiне, бiрде бiз әдеттегiдей таңертең ертерек жолға  шығып кеткен Джеффтi  қуып жетiп алғанбыз. Ол бiр шоқайған мұз үстiнде  құс сияқты қонақтап  отыр екен. Екi арамыз – үлкен мұздың жарығы. Яки ортада – су. Джефф оны қабыршық мұз арқылы айналып өткені байқалады. Әрине, жалғыз жаяуға бұл аса қауiптi емес, ал жүгi бар итшанаға? Тәуекелден басқа амал жоқ. Пассук қолына ұзын сырық ұстап, бiрiншi боп аяғын алға  аттады. Оның салмағы жеңiл, әрi шаңғысының табаны жалпақ болатын – сөйтiп ол арғы жаққа сәтiмен  өте шығып, сосын  иттердi өзiне  шақырды. Бiрақ не сырығы, не шаңғысы жоқ ол бейшаралар  төрт-бес қадам аттасымен бұрқ етiп ойыққа түсiп кеткен де,  асау ағыс оларды  бiрден жұлып ала жөнелген. Мен шана артынан шап берiп  ұстай алғам, бiрақ, амал не, иттердiң әбзел жiптерi  сыпырылып кетiп едi… Егер тым ашығып бара  жатсақ, арық та болса сол иттерге  ауыз салармыз  деген үмiтіміз бар-ды. Ол да ендi көзден бұлбұл ұшты.

Келесi күнi таңертең мен азын-аулақ тамақты тең бөлдiм де, Ұзынтұра Джеффке: егер жүрем десең бiзбен жүр, әйтпесе қала бер, ендi саған  қарайтын  шамамыз жоқ, дедiм. Ол бiрден айқайға басып шыға келген де, сосын  аяғының ауыратынын айтып, басқа  да көрiп келе жатқан азап-бейнетiн алға тартып, соның бәрiн ескермей тұрған мына менiң “ит” екенiмдi бетiме басып салған. Шындығында, оның  аяғына қарағанда бiздiң аяғымыз әлдеқайда қатты ауыратын, өйткенi жол бойы қарды  таптап отырған  бiз –  Пассук екеуiмiз ғой. Сонда бiзге жеңiл тидi дейсiз бе! Ұзынтұра Джефф ақыр-соңында маған ендi  жүргеннен гөрi  өлген оңай, деп жатып алды. Бұдан соң  бiз жүктерiмiздi тез жинап алып, жүруге ыңғайланғанбыз. Бiрақ Пассук Ұзынтұра  Джеффке қалдырған тамаққа сәл ойлана қарап тұрды да: “Бұ жiгiтке осыншама азық қалдыру  ақымақтық болады. Оған тезiрек өлген дұрыс” дедi. Мен басымды шайқап: “Жоқ, жолдас қашан да жолдас боп қалуға тиiс” дедiм. Сонда Пассук  маған  Қырқыншы Мильдегi  адамдарды еске салып, – нағыз  еркектердiң сонда қалғанын, және олардың өте көп екенiн, ал қазiр бәрi де менен көмек күтiп отырғанын айтқан. Мен тағы да “жоқ” деп едiм, ол белдiгiмнен тапаншамды суырып алып, қас пен көздiң арасында шүрiппенi  басып салып едi. Сөйтiп бiздiң Беттлз дос айтқандай Ұзынтұра Джефф ата-бабасының жанына мезгiлiнен бұрын аттанып кете бердi. Мен Пассукке  ұрыстым, бiрақ ол  ешқандай  өкiнген де, опынған да сыңай  танытқан жоқ. Мен iштей оның дұрыс iстегенiн түсiндiм.

Ситка Чарли бiр мезет үнсiз отырып, пеш үстiндегi қаңылтыр науаға тағы да бiрер кесек мұз  тастаған. Басқалар да үнсiз. Сыртта төбе құйқаны шымыртлатып ит ұлыды, тегi суыққа шыдай алмай тұрса керек.

Күн сайын жол бойынан мана алдымыздан шыққан екi   әруатың   қар үстiне қонып шыққан iзiн  көрiп отырдық: Тұзды Суға жеткенше өзiмiздiң де сан рет сондай iз қалдыратынымызға  мен еш күмәнданғам жоқ. Сосын, бiрер күннен  кейiн, жолда үшiншi әруақты  – алдындағы екi адамға iлесе  алмай қалған үндiстi де  жолықтырдық. Оның да бағыты – Пелли екен. Ол бiзге  өзiнен озып кеткен әкелi-балалы екеудiң қаралық  жасағанын, яки жол азығын тең  бөлiспегенiн, ендi мiне үш күннен берi  өзiнiœ нәр  сызбай келе жатқанын  айтты. Күн де кешкiсiн ол  аяғындағы  мокасиннiң  бiр тiлiмiн  суға қайнатып алып, соны шықпас жанға  талғажау етiп келетiн көрiнедi.  Қазiр ендi мокасиннен де ештеме қалмапты.  Бұл үндiс  шыққан тегi жағынан  жағалаулық екен, ал мен олардың тiлiн бiлмеушi едiм, сондықтан Пассук арқылы түсiнiскем онымен. Ол Юкон жақта  ешқашан болмапты, тiптi жолын да бiлмейдi. Дегенмен бәрiбiр  солай қарай  кетiп барады екен. Оған дейiн неше түнемелiк? Екi ме? Он ба? әлде жүз? Бiлмейдi. Бiрақ кетiп барады… Пеллиге. Әйткенi керi қайтуға ендi кеш – тым алыс, сондықтан  өлiп кетсе де алға ұмтыла бергеннен басқа амалы жоқ-ты оның.

Ол бiзден тамақ сұраған жоқ, өйткенi бiздiң де  битiмiздi сығып келе жатқанымызды ол сезген. Ал Пассук не iстесем екен деп қиналғандай маған бiр, үндiске бiр жәпектеп қарай берген-ді. Мен оған бұрылып:

– Бұл адам онсыз да алдыңғылардан зәбiр  көрiп келедi екен. Тамағымыздан  аздап берсек қайтедi бұған? – дедiм ақырын.

Пассуктың көзiнен бiр жылы  ұшқын жылт ете  қалғандай болды. Сосын үндiске де, маған да қимай қарап ұзақ тұрды да, ақыры ернiн жымқыра тiстеген күйi батыл түрде:

– Жоқ. Тұзды Суға дейiн әлi  талай жер бар, бiздiң әр қадамымызды ажал аңдып жатыр. Ол  алам десе мына бөтендi  алсын, ал менiң күйеуiмнен аулақ  жүрсiн! – дедi.

Сөйтiп  ол үндiс те сүйретiле басып, Пеллидi бетке алып, түпсiз тұңғиық  меңiреу мекеннiң қойнына сiңе берген.

Ал түнде  Пассук өксiп-өксiп жыласын кеп. Мен  бұған дейiн еш уақытта оның көзiнен жас көрген жоқ едiм.  Бұл да жол азабынан  мүлде қажыған екен, әйтпесе менiң алдымда мұндай осалдық көрсетер ме едi деп ойладым мен.

Өмiр деген бiр жұмбақ  құбылыс қой. Мен бұл туралы көп ойладым, көп толғандым, бiрақ күн өткен сайын ол маған тiптен түсiнiксiз бола түскен. Бiз бәрiмiз  неге оған соншама құлай беремiз. Шындығында,бiз өлiп-өшiп сүйген  өмiр дегенiмiз – әншейiн бiр ойын емес пе, ол ойыннан түптiң түбiнде ұтып шыққан кiм бар! Өмiр  сүру  атымен  ғұмыр бойы ит болып еңбек етесiң, жаныңды шүберекке түйiп тәуекелге барасың, бұның  ортасында қаншама қайғы-қасiретiң, азабың мен бейнетiң бар. Осы да қызық па? Осы да өмiр ме? Жоқ, өмiр сүру – тозақ.  Туғаннан – өлгенге дейiн. Өйткенi адам жылап туады, жылап өледi. Сөйте тұра және ешкiм оңайлықпен,  өз еркiмен өлгiсi  келмейдi. Егер көзiңдi ашып қарасаң, мұндай  ит тiрлiктен өлiм  әлдеқайда  артық қой. Жоқ, бәрiбiр бiз өмiрдi жақсы көрiп, өлiмге  нәлет айтамыз. Бұны қалай түсiнемiз өзi!? Бұл  неткен жұмбақ  сонда!

Бiз Пассук екеуiмiз, өте сирек сөйлесетiн едiк. Түнде бiз өлген адамша қар үстiне  сұлық түсiп жата кетемiз, ал  таңертең тағы да жолға шығамыз – үнемi  сол өлген адамдардай  жақ кiрiсiн ашуды  бiлмеймiз. Маңайымыз да – тұтастай өлi тiрлiк, өлi дүние. Қыбыр еткен не бiр аң, не бiр құс көрiнбейдi. Ақ көрпесiн айқара жамылып, үнсiз мелшиiп жатқан  өзен. Тұла бойы тоң боп  қатып қалған меңiреу орман. Дәл қазiргi мына сырттағыдай  сақылдаған сары аяз. Түнде жұлдыздар  үп-үлкен боп, жерге жақындап кеп, секек-секек билеп тұрады, күндiз күн көзiмiзге мың сан  сәулесiн  жiберiп, жыбыр-жыбыр қытықтаудан танбайды: ауада жылт-жылт   етiп ұщқындар ұшады,ал қар бетi уыс-уыс шашып тастаған жақұт  тозаңындай жарқырайды. Төңiректе жылт еткен  от, тырс еткен дыбыс жоқ – тек сықырлаған суық пен Ақ Меңiреу   тыныштық қана. Бiз уақыт есебiнен баяғыда  жаңылғанбыз – күннiң де, аптаның да бiзге түкке керегi жоқ  едi, – жүрсек болды, басқа да жұмысымыз жоқ.  Ал бiз жүрiп келемiз, бiрақ өлген адамдай… Көзiмiз тек Тұзды Су жаққа қараған, ойымыз сол  Тұзды Суға ғана байланған, ал аяғымыз бiздi Тұзды Суға қарай өзi сүйреген.  Бiз Тахкинаның  тура түбiне  тоқтағамыз – бiрақ  оны танығымыз жоқ. Бiздiң көзiмiз Ақбозатқа қараған – алайда оны көрмеген. Бiздiң  аяғымыз  Каньон жерiн басып жүрген – дегенмен  оны сезбеген.  Иә, бiз ештеменi сезуден қалғанбыз. Бiз жиi-жиi құлап та қаламыз, бiрақ құлап бара жатып та Тұзды Су жаққа қараймыз.

Бiз ылғи да тең бөлiсiп  келе жатқан  тамағымыз да ақыры  таусылып едi, – бiрақ, неге екенi белгiсiз, соңғы күндерi маған  қарағанда Пассуктiң  жиi құлайтыны байқалған. Содан ақыры… Бұғылы таудың  етегiне жеткенде оның соңғы күшi, соңғы қайрат-жiгерi  мүлде сарқылып бiткенi бiлiндi. Таңертең жалғыз жамылғының  астында екеуiмiз  де қыбырсыз жаттық – ендi жолға шығу  миымызға да кiрмеген. Мен ажалды  Пассуктың ып-ыстық құшағында жатып қарсы алғым келiп едi,  өйткенi осы санаулы  күнде мен талай дүниеге көзiм жетiп, әйел махаббаты дегеннiң не екенiн ендi-ендi түсiне бастағандай болғам. Хейнс миссиясына дейiн әлi де сексен  мильдей  қалған,  бiрақ алыстан әйгiлi  Чилкуттың мәңгiлiк боран жұлмалаған таз төбесi көрiнiп те қалып едi. Мiне ендi Пасукке де тiл  бiткендей – мен естiсiн дегендей  ерiндерiн құлағыма тақап , сыбыр-сыбыр сөйлейдi. Сыбырлап сөйлесе де мен бұрын  мән бермеген небiр жайлар мен өзiнiң  маған деген махаббатын бүкпесiз , түп-түгел ақтарып салған. әрине, қазiр ол артық бiрдеме айтсам барқ ете қалама деп, бұрынғыдай менен қорықпаған да бүгежектемеген .

– Сен  менiң күйеуiм болдың, ал мен саған адал жар болдым, Чарли.  Мен әрқашанда сенiң  отыңды лаулатып жағуға тырыстым, барымды салып тамағыңды iстедiм, иттерiңдi шанаға шегiп, қарыңа дейiн қыңқ етпей таптап жүрдiм – бiрақ  еш уақытта қабақ шытып көргем жоқ. Және ешқашан төркiн жұртымның төсегiн  мақтап, асын әспеттеп те көрмедiм. Сен не айтсаң да  –көнгем. Көне бергем де. Айтшы, осы сөзiм өтiрiк пе?

– Бәрi рас , – дедiм мен.

– Иә, солай болған, – дедiм мен. – Саған дегенде менiң жүрегiмнiң салқын болғаны рас.  Сен күткен орын онда болған жоқ. Ал қазiр менiң жүрегiм Күн  қайта оралған кездегi  көктемгi қар секiлдi. Онда ендi бәрi ерiп жатыр, түкпiр-түкпiрiнде сылдырап  ақ бұлақтар ағады, жағасында жасыл құрақ желкiлдеп, төрiнде  қызғалдақтар құлпырады. Мен одан бұлбұлдың сайрағанын, құрлардың құрқылдап ойнағанын, алыстан әупiлдеп елiктiң  шақырғанын  естимiн, өйткенi менiң жүрегiмнен мұз  ерiдi, тоң жiбiдi, Пассук. Мен қазiр әйел махаббатының  құдiретiне бас иiп жатырмын, Пассук.

Ол жымиып, менiң қойныма тығыла түстi. Сосын бiр сәт:

– Қуаныштымын, – дедi сыбырлап.

Бұдан соң ол  менiң кеудеме басын салған күйi ақырын тыныстап, ұзақ үнсiз  жатты. Тек не заматтан соң:

– Менiң жолым осы жерде таусылады, шаршадым, – дедi  күрсiнiп. – Бiрақ әлi де бiр нәрселер айтқым келедi. Баяғыда, менiң  кiшкентай қыз кезiмде, Чилкуттағы әкемнiң итарқа  қосында мен жиi-жиi  жалғыз қалатынмын,  себебi  ер азаматтар аң аулауға кететiн де, ал әйелдер мен балалар  атып алған аң-құстарды орманнан үйге таситын. Мiне, сондай күндердiң бiрiнде, көктемде, қос iшiнде жалғыз өзiм  ойнап отырғам. Кенет… қысқы ұйқыдан  жаңа оянған аш-арық бiр қоңыр аю қосқа басын тығып, “у-ух!” деп  өкiрiп жiберсiн!  Орманнан аң-құсты шанамен  тасып жүрген ағам осының алдында ғана  қосқа кiрген болатын. Ол ошақта жанып жатқан  бiр шаланы жұлып алып, дереу аюмен айқасқа түстi де кеттi, бiр жағынан оған  шаналарын сүйрете-мүйрете иттер де жеткен көмекке. Қос iшi бiр-ақ сәтте астан-кестең, қара құйын боп  шыға келдi… У-шу, ырылдаған, ырсылдаған дыбыс… Бiр мезетте олар ұмар-жұмар отқа құлаған да, артынша қос та жерге жалп ете түскен. Ақыр-соңында  әйтеуiр аю жан тапсырып, менiң ағам аман қалып едi, бiрақ  аюдың аузына түсiп кеткен бiр саусағы мен әп-әдемi бет ажарынан айрылып шыға келген – өткiр тырнақ балғын жүздi пышақтай  осып түскен  ғой. Ал сен… әлгi Пеллиге кетiп бара жатқан  үндiс қолын отқа жылытып отырғанда … байқадың ба, бiр саусағы жоқ едi ғой оның. Сол менiң ағам едi. Мен оған   қолымдағы бар тамақты бере алмадым, ол Меңiреу Мекенге аш қалпында сенделiп кете барды.

Мiне, достар Бұғылы тауда мәңгiге мұз жастанып қалған Пассуктың махаббаты осындай болған. Бұл ұлы махаббат едi. Көрдiңдер ме, өмiр бойы азапты жолмен сүйреп-сүйреп келiп, ең ақырында басын құрдымға тiреген күйеуi үшiн ол, әне, туған ағасын құрбан еттi ғой! Махаббатының  күштiлiгi сондай, ол тiптi өзiн де аяп қалған жоқ.  Көз жұмарынан сәл бұрын  ол менiң қолымды  өзiне тартып, қоян терiсiнен тiгiлген  белдемшесiнiң iшiне қарай жылжытқан. Сол сºтте саусақтарым iшiне қарай  қатты тартып тастаған кiшiрек  бiр қапшыққа iлiккен. Бiрден түсiне қойдым. Бейшара Пассук күн сайын  екеуiмiз тең бөлiсiп жүрген тамақтың өзiне  тиесiлi жартысын ылғи да сол қапшыққа тыға берген ғой. Сонда кiмге дейсiң? Әрине, маған.

– Пассуктың жолы осымен бiттi, мiне, – дедi Пассук құлақ  түбiмнен. – Ал сенiң жолың бiткен жоқ, ол жол әйгiлi Чилкут  асуынан асып, талай-талай  қырқа-белдердi басып, сонау теңiз жағасындағы Хейнс миссиясына қарай жалғаса бередi. Ол одан кейiн де бiтiп қалмайды, бiр қиырдан бiр қиырға құлаш ұрып, мың  бұралып, жат елдерге, жарқын күндерге ұмтылады; бұл жолда сенi ұзақ ғұмыр, үлкен құрмет, зор даңқтар күтiп тұрады. Ол сенi асқан сұлу әйелдердiң, ақылды әйелдердiң отауына да алып  барады, бiрақ өзiңдi Пассуктей сүйген ешкiмдi кезiктiре алмайсың.

Мен оның дұрыс айтып жатқанын бiлдiм. Бiр сәт жын қаққандай жұлқынып, Пассуктың  белдемшесiнен алған қапшықты  лақтырып тастап: менiң де жолым бiттi осымен, ендi мен де сенiмен бiрге өлемiн, деп аласұрдым. Алайда Пассуктың  шаршай қараған  жанарына жас толып:

– Адамдар  кез-келген ортада Ситка Чарлидi адал деп  бiлген, оның әрбiр сөзi  шыншылдығымен құрметтелген де. Ал қазiр ол Бұғылы таудың  етегiнде бос сөздi  мыжып  тұрғанын бiле ме? Бұл  абырой ма оған? Ол кешегi күнi бiздi құтқарады деп, ең мықты итiн, ең дәмдi тамағын берiп  аттандырған Қырқыншы Мильдегi  адамдарды ұмытқаны ма қазiр? Пассук  әрқашан өзiнiң күйеуімен мақтана бiлген. Пассук сол мақтанышынан  әлi де айырылғысы келмейдi; ендеше ол қазiр орнынан тұрып, шаңғысын киiп, дереу жолға шығады.

Оның өлi денесi менiң құшағымда  әбден суып болған уақытта, мен орнымнан тұрып, мана лақтырып  жiберген қапшықты қайта тауып алып, аяғыма шаңғымды iлiп, қалт-құлт етiп жүрiп кеттiм. Тiземнен соншама бiр әлсiздiк  сеземiн; басым айналып, құлағым шу-шу етедi, көз алдымда қызылды-жасылды ұшқындар ойнайды. Баяғы өткен  балалық шағым бұлдырап алдыма келедi… әлдебiр той үстiнде отырмын. Алдымда – лаулай жанған от. Отта – бұрқ-бұрқ қайнаған қара қазан.   Мен ән саламын, қыз-жiгiттер сыңсытқан ән ырғағымен  би билеймiн.  Бiр шетте морж терiсiмен  қаптаған дауылпаздар даңғырлайды – ал Пассук менiң  қолымнан ұстап алып, үнемi жанымда жүредi. Иә, үнемi жанымда… Ұйықтап кеткен кезiмде, оятып алады. Сүрiне жығылсам, демеп тұрғызып жiбередi. Қалың  қарды омбылап адасып бара жатсам, ол дұрыс жолға әкелiп салады… әрине, ақылынан адасқан адам ғана осындай  елестерге үйiр болса керек-тi. Ол күндерi менiң де есiм кiресiлi-шығасы едi. Бiрақ, әйтеуiр, күндердiң күнiнде  жығылып-тұрып жүрiп, Хейнс миссиясына да жеттiм-ау.

Ситка Чарли орнынан  тұрып,  шатырдың етегiн көтерiп, сыртқа шыққан. Талтүс едi. Оңтүстiкте, Гендерсон қыраттарының үстiнде  жез табақ Күн суық қана жымиып  көз салады. Ауада мың-сан инелер жылтылдап ұшып жүргендей. Ал алдыңғы жақта, жолдың жиегiнде, жүнiн аппақ қырау басқан қасқыртұмсық бiр ит танауын көкке көтерiп, сай сүйектi сырқырата ұлып отырды. 

Дидахмет
Әшімханұлы
logo