Ұлттығымыздың кепілі тек дін болмаса керек

Дидахмет Әшімханұлы,

1997 жыл, Қазақ әдебиеті

Ұлттығымыздың кепілі тек дін болмаса керек

Құрметті Әмірхан дос! Екеуіміз – көп жылдан бері бір-біріміздің жарық көрген дүниемізді қадағалап қарап, қалдырмай оқып отыратын әріптес доспыз. Сенің қарапайым мақаланың өзін әдемі тілмен, әуезді ырғақпен, тұщымды ой, тұжырымды пікірмен жазатының мені әрқашан да тәнті етеді. бұған қоса әр саладан, әсіресе: тарих, әдебиет, лингвистика, этнография, философия секілді гуманитарлық ғылымдардан өзіңе жеткілікті білімің, білгеніңді ұқсатып пайдалануың, зерделі түйер пайымың және, ең бастысы, өз ұлтыңа деген ыстық жүрек лүпілің кез-келген шығармаңнан аңғарылып тұрады. Қалам ұстаған қазақтың бойынан осындай қасиеттер табылып жатса, рухани тірлігіміздің көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңи бермек қой.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған соңғы екі мақалаңды да («Қазақ әдебиетінің қасіреті неде?, №4, 5; «Ұлттығымыздың кепілі неде?» №6) әдеттегідей ыждаһатпен оқып шықтым. Біріншісі жөнінде әдебиетші-сыншылар өз пікірін білдіре жатар, менің сөзім екіншісінде. Қаламды кейде еріксіз ұстататын көзқарас қайшылықтары болады. Еріксіздікке мені итермелеген сол.

«Ұлттығымыздың кепілі неде?» деген басты сауалға «дінде» деп батыл жауап бергендейсің. Бұған ежелгі Египет пирамидаларынан, еврейлер тарихынан, бұрынғы Ресей патриархы Пимен сөзімен ойлы мысалдар келтіресің. Дерек, дәйектеріңнің дәнегі зор, айтары мол. Осыдан барып мақаланың негізгі түйіні, ұлттығымыздың басты кепілі – дінде болып шығады. Өз басым бұған келісе алмаймын. Рас, сен айтқандай, «дінге деген сенім елге, жерге, тілге деген сенімді нығайтада». Бірақ бұл – басты кепіл, басты фактор бола алмаса керек. Оның салалы, дүмді бұтақтарының бірі десең – сөз басқа. Бұл жөнінде әр түрлі халықтар мен ұлттардың тарихынан, арғы-бергі ғұламалардың жазғанынан мен де біраз мысал дәйектерді алға тартар едім, алайда қазір «айтпаса сөздің атасы өледінің» кері сенің мына бір тұжырымдамаңнан туып отыр.

«Көрші отырған өзбек халқының арасынан өз тілін ұмытқан, я болмаса өз тілінде сөйлей алмайтын мүгедек-мүсәпірді іздеп таба алмайсыз (кезінде Ташкент халқының 60 процентке жуығы орыстар болғаны да шындық). Осының мәнісін бір тілші-ғалымнан сұрағанымда «Ойбай-ау, өзбектер отырықшы халық емес пе, ал біз болсақ көшпелі елміз. Отырықшы ел көшпеліге қарағанда жинақырақ келеді…» деп шұбырта жөнелсін.

Өтірік! Түгел өтірік! Марксизмнің өтірігі! Ұлтқа, тілге деген сенімді ешуақытта шаруашылықтың түрі, тұрмыстың сипаты анықтамайды. Анықтай да алмайды» дейсің.

Анықтайды, Әмірхан! Меніңше, анықтағанда тайға таңба, қағазға мөр басқандай анықтайды. Бұл жағынан сен пікірлескен тілші-ғалымның сөзі өтірік емес.

«Шаруашылықтың түрі, тұрмыстың сипаты» дегенің – түптеп келгенде бір-ақ сөз ғой. Ол – кәсіп. Ал осы кәсіп туралы Л.Н. Толстой не деген? Мен ертеректе бір шығармасынан жазып алған сөзінде ол: «Бір халық, бір ұлтты жойып жіберу үшін зеңбірек те, мылтық та керек жоқ, оны атакәсібінен айырып жіберсе – өзі-ақ құрып бітеді» – депті.

Міне, «шаруашылықтың түрі, тұрмыстың сипаты» деген Кәсіптің маңызы қайда!

80-жылдардың аяғында «Литературная газетаның» бір санында Виталий Шаров Сібірдегі ұсақ халықтардың тағдыры туралы өте әдемі материал жазды. Сонда ол осынау халықтардың алды жойылып, соңы бейшара-мүскін күйге түсуінің басты себептерінің бірі деп атакәсіптен ажырауды атаған.

Ұлттың ұлттық сипатын анықтайтын негізгі-негізгі мынандай факторлар бар: Тілі, түрі, салт-дәстүрі. Бұны баршамыз мойындаймыз, көзді жұмып қол қоямыз. Ал осы үшеуінің тірелер табаны не? Ол – жер. Жер болғанда – кәдімгі атамекен, ғылыми тілде – география. Әйгілі ғұлама Лев Гумилев этностар тарихын зерттегенде оны географиядан тыс қалдырмайды. Ғұламаның пайымдауынша, бір дәуірде, бір ұзақ кезеңде белгілі бір ұлт-халықтың я дәуірлеп дамуы, я құлдырап табанға түсуі – сол дәуір, сол кезеңдегі климаттық өзгерістерге де байланысты екен.

Бұл пайымды бұдан әрі былай жалғастыруға болар.

Бір халық немесе бір ұлт мекендеп отырған жердің (атамекеннің) болмыс-бітімі, ауа-райы (климаты), құнар-қыртысы сол халық, ұлттың ең алдымен кәсібін анықтайды. Мысалы, өзің қара. Жаңағы Сібір халықтарының негізгі атакәсібі – аң, балық аулау, бұғы бағу. Осы кәсібіне орай олардың өздеріне ғана тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті қалыптасқан. Кеңес одағы кезінде «Сібірді игеру», «Сібірді мәдениеттендіру» (ұсақ шаруашылықтарды біріктіру, техниканы кең қолдану, табиғат байлықтарын аяусыз пайдалану, т.б.) салдарынан қазір ондаған халықтардың көбі ұлттық болмысынан ажырап қалғаны – адамзат ар-ұятына түскен тағы бір қара дақ дер едік.

Жә, өз жеріміз, өз тағдырымыз туралы толғанайық! Тұтастай алғанда, қазақ жері мал өсіруге өте қолайлы аймақ. Әсіресе, жылқыға. Төрт түліктің басқасына да жер несібесі жеткілікті. Осыған орай халқымыздың негізгі шаруашылық уклады, тіршілік көзі мал болды. Мал шаруашылығы көшпелі укладты қалыптастырды.

Ұлттың ұлттық белгісі оның тілінен, салт-дәстүрінен, әдебиеті мен мәдениетінде көрінер болса, қазақтың кім екенін рухани өміріміздегі төрт түлікке қатысты «байлығымыз» танытпай ма? Тілдің жақұты – ауыз әдебиетінің кез келген түріне, тұрақты сөз тіркестеріне, эпостық жырларға, архаизмдерге қара – бәрі-бәрінде малға байланысты тілге тиек болған қазына аз ба? Ендеше, «ұлтқа, тілге деген сенімді ешуақытта шаруашылықтың түрі, тұрмыстың сипаты анықтамайтыны» қалай?

Ал, өзбек халқы қоныстанған жер жағдайы қандай шаруашылық түріне ыңғайлы екенін екінің бірі біледі. Жылы климат. Бау-бақша. Жеміс-жидек. Мұндай жерге халық тығыз қоныстанады. (Жиделі Байсынмен Бетпақдаланы салыстырып көрші). Диқаншылық, бағбандықпен айналысады. Бұл саудаға жол ашады. Сауда тұрмысқа ықпал жасайды. Тұрмыс сананы билейді. Тығыз қоныстану халықты бірлікке бастайды. Бірлік – ұлтқа ұйтқы, тірлікке тірек болады. Тығыз орналасқан ортаға басқаның тұмсық тығуы, жаппай кіріп алуы және қиын.

«Біздер сияқты емес, өзбектер дінге берік» дейсің. Ол рас. Бірақ неге? Діннің ұйытқысы – Алланың жердегі үйі – мешіт. Мешіт дегеніміз – құрылыс. Құрылысты кім салады? Мал тісіне еріп қыста – қыстауға, жазда – жайлауға, сахараның о жақ, бұ жағына көшіп жүрмейтін ел салады. Тегінде мешіт – тек Құдайға құлшылық ететін жер деуге болмайды, ол және – пікір алысатын, ой бөлісетін, кейде тіпті мәселе шешетін орын. Демек ол діннің ғана емес – бірліктің де ұйтқысы.

Осы айтылған мәселелерден менің шығаратын қорытындым: ұлттығымыздың кепілі – дінмен қатар атакәсібіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз және демографиялық ахуалымыз. Сапа саннан шығады. Өз Отанымызда өзіміз көпшілікке жетпей – ертеңгі ұлттығымызға сену қиын.

Ал сен емеурін білдіргендей бар мәселе дінге тіреліп тұрса, Қазақстандағы қазіргі исламның жағдайымен қарасақ, қазақтың болашағынан түңілдім ендеше.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo