Қияда құлаған қыран. Хизмет Абдуллин

Хизмет Абдуллин, ұйғыр жазушысы,
Аударған – Дидахмет Әшімханұлы,
Қазақ әдебиеті, 1981 жыл.


ҚИЯДА ҚҰЛАҒАН ҚЫРАН


Таңғы бестегі тосын дабыл батальонды өре тұрғызған. Соғыста
мұндайға еті әбден үйренген сақа жауынгерлер үрейленіп-үрікпей-ақ бірер
минутта казарма алдына сапқа тұрып та үлгерді. Тек әскери өмірдің дәмтұзын енді тата бастағандар ғана «Не боп қалды? Шынымен, тағы соғыс па?»
дегендей үрпиісе қалған.
Расында, бұл уақытта тұтқиыл соғыстың жөні жоқ еді. Жуықта ғана,
екінші октябрьде Жапония сөзсіз берілгендіктері жөніндегі актіге қол қойған
болатын. Сөйтіп басқа бөлімдер сияқты біздің Забайкалье әскери округі де
сызды окоптардан казармаға оралып, бір мезет еркін тыныстай бастаған.
Төрт жыл қар жастанып, мұз төсенген жауынгерлердің алды үйлеріне де
қайтып жатқан-ды. Ол күнді бізде асыға күтіп жүргенде, мына күтпеген
дабыл жүректі тағы дір еткізгені де рас. Бірақ бір-бірімізге сыр бермей қаружарақтарымызды тез жинап алып, кезекті бұйрықты асыға күттік. Арада көп
өтпей-ақ:
– По маши-и-нам! – деген комбаттың қарлығыңқы үні таңғы ауаны тіліп
өткендей болды. Біз абыр-сабыр жүгіріп, жүк машиналарына жылдам
жайғастық та, қаланың сыртына қарай жүріп кеттік.
Бір апта бойы Байкалдың оңтүстік жағалауын сілікпеге салған ақ түтек
әлі де басылмаған, ішін тарта ұлыған суық жел қарды бұрқырата ұшырып,
жер бетін түтіп жердей алас ұрады. Сол ақ түтектің арасында машиналар
қарды сықырлата бұзып, тауға қарай ышқына көтеріле түседі. Кейде
малтығып тоқтап қалған кезде, қораптан қарғып түсеміз де, жолдың қары мен
тастарын тазалай бастаймыз. Енді бірде тік қиялардан итеріп шығарамыз.
Соғыста мұндай әуре-сарсаңның талайын көрген біз, бұған көп қиналғамыз
жоқ, жанымызды қинаған тек мына жұмбақ сапардың сыры ғана. Әр
қайсымыздың көкірегімізде «осы біз қайда барамыз, неге барамыз?» деген
сұрақтардың мазалап жатқаны анық еді. Біреулер радиостанцияларының
құлағын бұрап, әлде қандай ұзынқұлақ сыбыс тыңдаған болады. Бірақ,
әншейінде шөптің басы дір етсе дауыл соқты деп көпіртетін шетел
журналистері де қазір жым-жырт.
Осы жұмбақтың шешуін таба алмай көңіліміз алабұртып келе жатқанда,
түске жақын машиналар таудың бір қойнауына жетті де, кілт тоқтады. Бұл
уақытта ала қаншық боран да ұлығанын қойып, төңірек құлаққа ұрған
танадай тып-тыныш күйге түскен. Бұлттың арасынан жарқ етіп шыққан
шағырмақ күннің сәулесімен қар беті жылт-жылт етеді.
Біз келгенше ит азу шыңдардың бір бауырына альпинистер мен
саперлердің лагері де шатыр тігіп үлгеріпті. Батальон сапқа тұрып болған
соң, комбат ешкім күтпеген оқыс оқиғаны баян етті… Кешегі ала құйын
боранда мына тауға бір самолет құлапты. Дәл қай жерге екені белгісіз…
Апатқа ұшырағандарды тауып, шұғыл көмек көрсету қажет.
Бір сәт бәріміздің көкірегіміз құлазып сала берді. Көз алдымызда
бықсып жанған самолет, қиналып жатқан адамдар елестегендей болды.
«Оларды қалай да құтқару керек!» Сол мезетте әркімнің көкірегіндегі ой осы
еді.
Дереу үштен-төрттен бөлініп, таудың жықпыл-жықпыл тар
қуыстарымен биікке өрлей жөнелдік. Біз үшеу едік. Топ басшымыз
алматылық аға сержант Шәріпбек деген жігіт. Сосын Сергей және мен. Қаружарақтарымыз – радиостанция, арқан, мұз шапқыш шот, бинокль… Ауа-райы
ашылғанмен күн суық, шың басынан ескен ызғар сүйегіңді сырқыратады.
Алдымыз тік қия, бір апта құтырына желіккен ақ боран тау басындағы қарды
сай-салаға сырып, қасаттап тастаған. Жоғары өрлеген сайын жолымыз
қиындай түседі, аяқты мүлт бассаң, шырқырап шыңнан бір-ақ ұшатын
сияқтысың. Кейде абайсыз құлатып алған тасымыз салдыр-гүлдір домалай
жөнеледі де, құз-шатқалдар біразға дейін күмбір-күмбір жаңғырығып тұрады.
Беліне арқан байлап алған Шәріпбек сырғыма соқпақтарда аяғын еппен
басып, алға ақырын жылжи береді. Арқанның екінші ұшынан мықтап ұстап
алған Сергей екеуіміз де көк тайғаққа тақамызды гірш-гірш қадап, үнсіз
жүріп келеміз. Тар соқпақ, тас қиялардан шыққан кезде бір мезет аяқ суытып
аламыз. Сол сәтте әлгі апатқа ұшыраған адамдардың тағдыры бізді тағы да
ойландырады… Олар кім болды екен? Не үшін апатқа ұшырады? Мына
түнере төнген құз-шыңдардың қай түкпірінде жатыр олар?
Осы ойлардың жетегімен және алға аттаймыз…
Өстіп алғашқы күні таудың қуыс-қуыс қойнау, қолтығын біраз адақтап
шықсақ та, ештеме көре алмай қайттық. Екінші, үшінші күн де солай болды.
Ал төртінші күні… біздің дымымыз әбден құрыды. Әрбір қиядан шыққан
сайын «табамыз-ау» деген үмітіміз боркеміктей үгіле берді. Ақыры түс ауа
топ басшымыз аппақ боп күдірейіп жатқан бір тік асуды нұсқады да:
– Егер анау қыр арқадан таба алмасақ, кері қайтамыз, – деді.
Соңғы күшімізді жинақтап, солай қарай тағы өршелене ұмтылдық.
Асуға шығуға біраз жер қалғанда екі биік құздың аузына тірелдік те,
алдымыздан өткір суық жел гулеп ала жөнелді. Біз одан қорғанып, жақпар
тастарға жабысып тұра қалдық. Өстіп тіреніш таппасақ жаңа ғана өзіміз өліпталып шыққан қиядан қайта құлап кетуіміз де мүмкін еді. Сосын оң
жағымыздағы төрт-бес қадам жердегі тастың жадағай қуысына тырмысып
жеттік те, отыра кеттік. Бұл ара желден де ықтасын екен. Сәл дем алып,
ентігімізді басқан соң, маңайымызға зер сала бастадық. Кенет… әлгі асудың
үстінде жыпылықтай ұшып жүрген бір топ құсқа көзіміз түсті. Шәріпбек
дереу биноклін алып қарады да:
– Сауысқандар, – деді күбірлеп.
Олардың әлдебір жемтіктің үстінде бір ұшып, бір қонып жүргені анық
байқалды.
– Қашан өлерін күтіп жүр, – деді Сергей күрсініп.
– Кімнің? – дедім мен жұлып алғандай.
– Барған соң көреміз ғой.
Мүмкін іздегеніміз де осы болар, штабқа хабар беру керек, – деп
Шәріпбек рацияны қолға алды.
Штаб бізге асуға дереу шығуды және қараңғы түспей лагерьге қайтуды
бұйырды. Сонан соң жылдам жиналдық та, тағы да биікті бетке алдық. Екі
құздың арасынан көтерілу аса қиынға соқты. Суық жел бет қаратпайды.
Тастарға кеудемізбен жабыса жылжып келеміз. Биіктеген сайын жүрісіміз
өнер емес. Мүлт бассаң төменде үңірейіп жатқан шыңырауға жұлдыздай
ағарың белгілі.
Әйтеуір, біраз жерден кейін тас соқпақ таусылып, табанымыз қатты
қасатқа ілікті де, жарты сағаттан соң асудың үстіне тақадық… Тақай бере
алдымыздан сауысқандар ду көтеріліп, жан-жаққа шықылықтай ұша жөнелді.
Олар ұшқан қой тастардың арасынан әлдененің қарайғаны байқалды. Менің
жүрегім дір ете қалды. Төртінші күн тынбай іздеп жүргеніміздің дәл үстінен
түскен тәріздіміз… Жоқ, жақындай келе біз мүлде басқа жайға тап болдық.
Адам деп келе жатқанымыз қанаттары құлаштай алып құс екен. Бізді
көргенде бір қанатымен қарды сабалап, орнынан шыр айналды. Әбден
әлсіреген бе, сосын жер бауырлай жатып, қып-қызыл өткір көздерін бізге
оқтай қадады.
– Қыран, – деді Шәріпбек сенімді түрде.
– Осы өлімтікке бола ит өлген жерден келгенімізді… – деп Сергей өкініш
білдірді. – Атып тастау керек. Көрмейсіңдер ме, оң қанаты сынып қалғанын.
Иә, босқа азаптағанша сөйткен жөн.
Ал, маған бұл құс соншама аянышты көрінді. Атып тастау да, мына
қалпымен қалдыру да обал секілді. Және ол менің көзіме біртүрлі жылы
ұшырай берді. Баяғыда өзімнің Тянь-Шаньмның қарлы шыңдарынан дәл
осындай алып құсты талай көргенмін. Мүмкін бұл шынында, сол жақтан
келген болар?.. Кенет плащпалаткамды оның үстіне бүркей салдым да,
жаялыққа ораған баладай қолыма көтеріп алдым. Ол бір-екі рет ащы шаңқ
етті де, басылды. Көздері қоламтадай қоздап тұр. Әзірге өлетін емес.
– Мен аламын бұны, – дедім сосын. – Қанатын емдетемін…
Топ басшымыз маған ойлана қарап тұрды да:
– Жақсы. Тек жол-жөнекей азаптанбасаң болды, – деді жаратпаған
пішінмен.
Расында, қайтар жолда оның азабын көп көрдім. «Тышқан ініне кіре
алмай жүріп, құйрығына қылжуыр байлапты» дегендей, өзім әзер өтетін тар
соқпақтарда ол маған үнемі кедергі болып отырды. Бірақ жігіттердің
көмегімен лагерьге аман-есен алып келдім.
Құлаған самолетті басқа топтың жауынгерлері де таба алмапты.
Сонымен соңғы күнгі еңбегіміз де зая кетті. Алайда, мен енді самолет
жайына көңіл аударуды қойдым да, өзімнің құсыммен әлек боп кеттім.
Қалайда оны аман сақтап қалғым келді.
Ертеңінде іздегенімізден әбден күдер үзіп, бөлімге қайттық. Жолай
машинада отырған жігіттер апатқа ұшырағандарды таба алмағандарын
өкінішпен еске алды. Мен олардың сөзіне көп қосылмай, алдыма құшақтап
алған құсты енді не істесем екен деген оймен болдым (Сол күндері сол
апатқа ұшыраған самолет біздің ұйғыр халқына тағы бір мұң әкелгенін мен
ол кезде білмеген едім)…
Бөлімге келген соң, комбат мені шақырып алды да, қалада бір орнитолог
шал бар екенін айтып, соны тауып алуға бір күнге ұлықсат қағаз берді.
Мен ол шалды қиналмай-ақ тауып алдым. Ол өзі шынашақтай кішкене,
шашы аппақ, ақырын сөйлейтін жылы жүзді қарт екен. Құсты мұқият қарап
шықты да:
– Қыран дейсіз, ә!.. Қыран екенін қайдан білдіңіз? Бұл кәдімгі бүркіт
қой. Тянь-Шаньның қара бүркіті ғой, – деді жымиып. Өзі әбден жүдеген
екен… Топшысы шорт сыныпты, бітіп кетуі екі талай. Дегенмен көрейік…


Арада екі ай өткенде қайта қалаға баруға ұлықсат алдым. Оған
көмектескен тағы комбаттың өзі еді. Өйткені өткен жолы орнитолог шалды
тауып алғаныма разы болып қалған. Және «қыранның» қазіргі күйін білуге
ол да қызыққан сияқты…
– Біз сізді күтіп отырмыз, – деді шал мені көргенде әдетінше жылы
жымиып. Сөйтті де қолтығымнан ұстаған күйі жұмыс бөлмесіне қарай
бастады.
Менің құсым үлкен тордың ішінде, самырсынның білектей бір
бұтағында қомданып қойып отыр екен. Біз жақындаған кезде қанаттарын
жайып жіберіп, дүр сілкініп алды. Онысы маған «Көрдің бе, қанатым қалай
қалпына келгенін» дегені тәрізді болды. Бұрынғыдай емес қауырсындары
жылтылдап, нағыз қырандай бабына келіп қалыпты.
– Сіз қателеспепсіз, бұл шын қыран екен, – деді шал салмақты түрде. –
Неге дейсіз ғой… қазір көресіз.
Ол осыны айтты да, алдыңғы үйден бір кесек етті әкеліп, құстың алдына
тастай салды. Құс жемек тұрсын, оған көз қиығын да салмады.
– Міне, нағыз қыранның белгісі осы. Бұлар кез-келген өлексені
құзғындай қылғыта бермейді, тек тазасын, таза болғанда ең жаңасын ғана
жейді, – деп, шалдың өзі де мәз болып қалды. Артынша және:
– Бірақ есіңізде болсын, қыран деген құс жоқ. Бұлардың бәрі де бүркіт.
Тек араларындағы ең алғырларын ғана қыран дейді. Нағыз қырандардың өлер
жері де қияда. Міне, сіздер бұны сол жерден тауып алғансыздар, – деді ол.
– Ал, Тянь-Шаньнан бұл жаққа қалай келіп жүр? – дедім мен тосыннан.
– Кім білсін… Өткен жолғы боран себепші болды ма? Әлде табиғаттың
басқа бір қаһарына ұшырады ма, әйтеуір, босқа босып кетпегені ақиқат. Бірақ
бір дүниеге мен анық сенемін, егер қанаты сынбаса Тянь-Шанына бұл қалай
да жетер еді. Өйткені қырандар отанын, ұрпағын ешуақытта ұмытпайды…
Иә, жігітім, солай, – деп шал, «бұны сен де ұғып ал» дегендей маған сұқ
саусағын шошайтты.
Қайтар сәтімде ол мені аулаға дейін шығарып салып тұрып:
– Екі аптадан кейін қайта оралыңыз… Иә, екі аптадан кейін. Тамашаны
сонда көресіз, – деді.


Қаланың шетіндегі сол қарт орнитологтың үйі әлі есімде. Қалың қарды
көтере алмай белі майысқан итарқа шатыры, жақтаулары көк сырмен
сырланған терезелері, кірпіш дуалдың қызыл қоңыр қақпасы көзіме оттай
басылатын. Оны көрсем болды, табаныма шоқ басқандай жүгіре жөнелуші
едім… Бұл үйге екі апта өткеннен кейін де өстіп өкпем өшіп жетіп келдім.
Өзіме таныс ет-жеңді сары кемпір бұл жолы да мені ауыз үйде кезіктірді
де, шалдың жұмыс бөлмесіне бастады. Ол әлдебір құстың терісін сыпырып,
тұлыбын жасап отыр екен. Мені көргенде орнынан қалбалақтай тұрып,
қолымды қайта-қайта қысып қойды.
– Иә, келіп қалғаныңыз жөн болған екен, өте жөн болған. Кәні,
шинеліңізді шешіп жайласыңыз, – деп бәйек болып жатыр.
Мен сықырлауық ағаш креслоға жайғастым да, шал сыртқа шығып
кеткен кезде бөлмеге көз жүгірттім. Бірден байқағаным, құсым бұрынғы
орнында жоқ боп шықты. «Қайда кетті? Мүмкін ұшырып жіберген шығар?»
деген ой басыма келгенде, жүрегім зырқ ете түсті. Алайда бұл мүмкін емес
сияқты көрінді де өзімді сабама түсіру үшін бөлмедегі әр затқа зер сала
қарадым. Есік жақтағы бұрышқа қойылған торларда торғайдың неше түрі
тұр. Бірі шиқ-шиқ етеді, енді бірі жыпылық қағып, ұшып-қонады. Одан
жоғарғы қабырғалардан бұтаққа жабысып тұрған жапалақ, үкі, қырғи, лашын
тәрізді құстар көрінеді. Оларды қызықтап отырып, бұл бөлмені шағын
музейге де ұқсаттым.
Бірер минут өткенде шал қайта кірді де, маған бір аппақ сақинаны
көрсетіп:
– Мынаны қазір аяғына кигіземіз де, алыс сапарға аттандырып саламыз,
кәні, жүріңіз, – деді.
Екеуіміз келесі бір жап-жарық бөлмеге кірдік. Бүркіт сол өткен жолғы
торының ішінде терезе алдында тұр екен.
– Бұл жерге әдейі орналастырдым. Өйткені, қараңызшы, мына
терезелерден сонау қарлы шыңдар анық көрінбей ме? Бүркітіңіз оған қарап
отырғанда ғана өзін жақсы сезінетінін мен білгем… Бұны қоя берсек, бірер
күнде Тянь-Шанына да жетеді, – дейді шал жүре сөйлеп.
– Жуықта сол Тянь-Шаньға қайтатын солдаттардың біріне беріп жіберсе
қайтер еді, – деймін мен.
– Қажеті не оның? Нағыз қыранға жердің алыс, жақыны бар ма? Өзі-ақ
жетеді, – дейді ол.
Шал бүркіттің аяғына сақинасын салып, торымен сыртқа алып шықты.
Тегі бұл күнді көптен аңсап жүрсе керек, сыртқа шығысымен ол шаңқ-шаңқ
етіп, қанаттарымен торды сілкілей қағып жіберді. Сонан соң шал оны қос
қанатынан қыса ұстап, бірер салмақтап алды да, аспанға қарай сермеп қалды.
Сол-ақ екен, тау қыраны биікке қарай бірден зулай жөнелді. Бұл уақытта
орнитологтың семьясы мен көршілері де далаға шыққан. Бәріміздің көзіміз
түпсіз аспанға көк сүңгідей сүңгіп бара жатқан қыранда. Аспан көкпеңбек,
бір шөкім бұлт жоқ. Сол көгілдір дүниенің бетінде жалғыз қара ноқат боп,
менің қыраным зымырап барады, туған мекеніне асығып барады. Сөз жоқ, ол
менің сүйікті Тянь-Шаныма кетіп барады.
Оның қарасы мүлде үзілген соң ғана біз көзімізді аспаннан айырдық.
Мен осы мезетте өте көңілсіз күйде едім. Бейне жаңағы құспен бірге менің
екі-үш айдан бергі алданышым мен қуанышым қоса ұшып кеткендей. Оның
орнында тек ел мен жерге деген бір ыстық сағынышым ғана қалғандай. Ол
сағынышым өзегімді өрт боп, жандырып бара жатқандай. Төрт жылғы
соғыста да көкірегімнің дәл өстіп сыздамағаны рас еді.


Арада талай жыл өтті. Баяғы қыранның жайын да мүлде ұмыта
бастағанмын. Бірақ кейін оны тағы еске алудың реті келді.
Бірде достарыммен отырғанда біздің ұйғыр халқының адал
перзенттерінің бірі Ахметжан Кәсими жөнінде әңгіме қозғалды. Оның
құлаған самолетте опат болғанын естігенде:
– Қашан? Қай жерде? – дедім мен таңырқап.
– Соғыс біткен жылы күзде, – деді бір досым. – Синьцзяндағы ұлтазаттық көтерілісіне басшылық жасауға бара жатқанда Байкал маңында…
Мен селк ете қалдым. Артынша көк жүзінде көк сүңгідей зымырап бара
жатқан баяғы қыраным елестеді. Сосын бір сәт «Нағыз қыранның өлер жері
де қияда» деген орнитолог шалдың сөзі есіме түсті.

Дидахмет
Әшімханұлы