ҚАЛА ЭСКИЗДЕРІ

Қалада қарға адым жер жаяу жүрмейсің. Қаласаң келесі көшедегі көршіңнің үйіне де көлікке мініп баруыңа болады. Автобус дейсің бе, троллейбус дейсің бе – көліктің мұнда түрі көп. Бірақ қазіргі әңгіме көлікте емес, сол көлікке мінер көзтаныстарда.

Біз біраз жылдан бері қаланың оңтүстік бөлігінен орнын ойып алған «Горный- Гигант» атты жасыл желекті саялы мекенде тұрамыз. Обалы нешік, автобустар бұл жерде бір—бірінен қара үзбейді, аяңдай басып, аялдамаға жетсең болды, №2 автобус қағып алады да, еңіске қарай еңірей жөнеледі. Жайланып отырған соң, жан—жағыңа қарайсың. Көршілеріңнің көбінің жүзі таныс болып шығады. Кейбіреуінің, тіпті, аты—жөні де есіңе түседі. Алайда амандаспайсың. Егер біреу бетіңе тым қадалып қоймаса, «тілегенің осы—ау» деп, ерніңді жыбыр еткізе салсаң болғаны – амандасқаның. Амал жоқ, қаланың аты солай. Десек те автобуста біз ерекше ілтипат көрсететін екі адам бар. Бірі – қолына үнемі қара портфель  ұстап жүретін, қырықтар шамасындағы жігіт ағасы да, екіншісі – төрт—бес жасар бала. Қара портфельді ағамыз оны жетелеп келетін де, Қажымұқан аялдамасында (кейбір қара көздердің «Хаджи—Мукана» дейтін «астоновкасы» да осы) автобусқа мінетін. Қаланың бір жақсы салты – кез—келген көлікке бала көтеріп кірсең, сенен сыйлы адам жоқ, селкілдеген кемпір де орнынан секіріп тұрады. Сол салттың арқасында қара портфельді ағамызға орын әмсе әзір болатын. Бір қызығы, ол баласымен отырған орынға біз қашан да жақырынақ барып тұруға тырысатынбыз. Иә, дәл солай! Ол кісінің бізді өзіне тарта беретін бір құдіреті бар сияқты еді. Сонда қандай құдірет дейсіз ғой. Әкелі—балалы екеуі «былдыр—былдыр» сөйлесіп отыратын да, біз оларды қызыға тыңдайтынбыз. Баланың аты – бала, «ана емене? Мына емене?» деп әкесіне сұрақты қоя береді. Әкесі де жауап беруден жалықпайды… Әлі есімізде, бірде көктемде бала автобус терезесінен Абай ескерткішін көріп қалды да:

– Папа, қара кісі емене? – деді саусағын шошайтып.

– Ол – Абай атаң ғой, балам. Абай атаң бір кезде көп өлең жазған. Жақсы өлең жазған. Сонан соң ол кісіге ескерткіш орнатқан, – деді әкесі.

– Ескерткіш деген емене? – деп бала тағы сұраған.

– Ескерткіш пе?.. Жақсы адамдарды ұмытпау үшін, олардың бейнесін өстіп үлкен етіп жасап қояды.

– Сенің де ескерткішің бар ма, папа? – деп бала енді әкесіне қараған. Біз күліп жібердік. Әкесі де жымиып қойды. Әрине, бала үшін әкесінен жақсы кісі жоқ қой… Осы Абайға байланысты олардың және бір сөздері есімізде. Өткен жылы күзде бұл екеуімен автобуста тағы кездейсоқ кездескенбіз. Бала бір сәт әкесіне:

– Папа, біз Абаядан түсеміз бе? – деген сонда.

– Жоқ, Абаядан түспейміз, Абай аялдамасынан түсеміз. Бұдан кейін ұмытпа, біздің тілімізде «Абая» деген сөз жоқ! – деді әкесі. Біздің бетіміз ду ете қалды. Өйткені, өзіміз де талай рет «Абаядан» түсіп қалғанбыз…

Әкелі—балалы бұл екеуін кейін де жиі көріп жүрдік. (Қазір де солай). Көрген сайын, әйтеуір ішің біртүрлі жылып кетеді. Сөздерінен мысқалдай болсын сыр түйіп те қалғың келеді. Бірақ қазір оларға қатысты бір ғана оқиғаға толығырақ тоқталуды орынды көріп отырмыз.

Биылғы июль айының басында сол екеуін Октябрьдің 50 жылдығы атындағы көше мен Коммунистік проспектісінің қиылысындағы кітап магазинінен ұшыратқанымыз бар. Көзтаныс ағамыз ұлын жетектеп, «Қазақ тіліндегі әдебиеттер» бөлімінде жүр екен. Танысудың ыңғайлы сәтін пайдаланып, біз онымен қол беріп амандастық. Тегі автобустағы «танысын» шырамытса керек:

– Ә, сіз екенсіз ғой, жүзіңіз жақсы таныс, – деді ол сыпайы түрде.

– Шамасы, балаңызға кітап қарап жүрсіз—ау,– дедік біз.

– Е, сондай бір шаруа да…– деп ол ұлының кекіл шашын сипап қойды. – Бұл жаман қарамыз биыл бірінші класты бітірген, әдеби кітапты ежіктеп тәп—тәуір оқыған боп жүр. Бірақ оқығанының бәрін түсіне де бермейді. Қаланың баласын білесіз ғой, «өгіз» деген немене? «егіз» деген немене? деп, екі шоқып, бір қарап тұрады. Балаларға лайықтап жасаған «Қазақша—орысша сөздік» те жоқ. Ол сөздік қалада қазақша оқыған баланы қойып, орыс мектебінің оқушысына да қажет-ақ.

– Иә—ә,– дедік біз өкінішпен. – Бұдан біраз жыл бұрын осындай бір сөздік шыққан. Оған көп сөз кірмей қалғаны да рас. Жалпы жұртқа арнап шығарған жалғыз сөздіктің жағдайы сонымен тынды да.

– Меніңше, мұндай мәселеде, жалпы жұрттан бұрын балаларды ойлаған жөн. Мен қазір бойымнан бір кем—кетік көрсем, кілтипанын бала күнімнен іздеймін,– деді ол сөз төркінін өзің түсін дегендей.

Ол – әр сөзін іштей «редакциялап» артық-ауыс жұрнақ, жалғауын «сызып» сөйлейтін жігіт көрінді. «Дәу де болса бір жерде ірі қызмет істейтін шығарсың» деп біз тұрмыз.

– Орыс тіліндегі балалар әдебиеті қандай бай, қандай мазмұнды! – деді ол бір сәт.

– Iздей білсең, бар дүние, әйтеуір, қолға түседі; магазинде болмаса, кітапханадан табасың. Мысалы, балаң сұраған бір нәрсені білмей қалсаң, орыс тілінде баяғыда шыққан көп томдық балалар энциклопедиясын қара, немесе тек бөбектер мен бастауыш класс оқушыларына арналған «Кто такой? Что такое?» атты екі томдыққа көз жүгірт. Мен бұл екі томдықты әрі энциклопедия, әрі анықтама, әрі әдеби шығармалар жинағы дер едім. Ал бізде ондай кітап бар ма? Жоқ. Балаларға арналған энциклопедия да жоқ…

– Өзіңіз қайда қызмет істейсіз?– дедік біз ыңғайсыз болса да.

Ол күлді. Күлді де:

– Қызық, кеше бір эстон жігіті маған тура осы сұрақты қойғаны бар. Драмтеатрда «Қаракөзді» көріп отырғанбыз. Құлағына наушник киген көршім қолымдағы Конрадтың «Восток и запад» деген кітабына қайта—қайта қарай берді. Сосын үзіліс кезінде ол «Көре тұрайыншы?» деп, кітабымды сұрап алды да, біраз парақтап шыққан соң: «Көптен іздеп жүрген дүнием еді, әттең, таптырмайды» деді. Сосын өзінің Тарту университетінде оқитынын, қазір мұнда практикада жүргенін айта келіп: «Өзіңіз қайда қызмет істейсіз?» деген. Мен оған құрылыста істейтінімді айтып едім, ол маған бір, кітабыма бір қараған… Мен бұл кітапты театрға бара жатып, жолай бір танысымнан үш—ақ күнге сұрап алғанмын. Сөйте тұра оны эстон жігітіне қиналмай—ақ бере салдым. Қазақтың қасиетті шаңырағын қастерлеп, ұлттық өнерімізді ыждахатпен көріп отырған өзге бір ұлттың өкіліне ат мінгізіп жіберсе де артық емес қой…

– Сонда құрылыста кім боп істейсіз?

– Жұмысшымын. Биыл политехникалық институтты сырттай бітірем. Сонан кейінгі кәсіпті тағы көре жатармыз… Ал ғафу етіңіз, вокзалға асығып бара жатқан жайымыз бар. Мына жаман қараны жыл сайын жазда елге апаратын әдетіміз еді… Тіл сындырсын деген ғой, тәйірі. Жүр, Мұратжан, кеттік, – деп ол сыртқа беттеді.

Осынау аз ғана әңгіме үстінде ол тағы: «Бүгінгі жұмысшы туралы не білесіз? Оның жан дүниесіне барлау жасап көрдіңіз бе?» деген сияқты көшелі сауал да тастап кеткендей еді. Рас, бұл сауалдар төңірегінде өзіміз де көп пікір түйіп жүргенбіз. Сол пікірлерімізді жинақтап, топшылап, ой қоламтасын қоздатар кез енді келген секілді.

Жете таныспай тұрып, қаладағы адамның киімі мен сөзіне, жүрісі мен жүзіне қарап, оның қай әлеуметтік ортадан екенін анықтау қиын. Мәселен, көшеде галстук тағып, қолына дипломат ұстап бара жатқанның бәрін қызметкер деп ойлайсыз ба? Немесе үлкен кітапханаларда көз майын тауысып, қағаздан қамал жасап отырғанның бәрін ғалым, я студент дейсіз бе?.. Олардың арасында қаншама құрылысшы, мата тоқушы, жіп иіруші, ағаш шебері бар демеңізші! Азды—көпті өмір жолымызда біз ондай еңбек адамдарымен талай рет жүздескенбіз. Керек кезінде олардан ақыл—кеңес те сұрағанымыз рас. Осы тұста бір фактіге жүгіне кету артық болмас. 1972 жылы Алматы үй құрылысы комбинатында Бейсембай деген құрылысшы болған. Бейсембай ол уақытта Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тіл—әдебиет факультетінде сырттай оқитын. Сол азамат кешкілік жұмыстан шаршап келгеніне қарамастан оқуға түсуге дайындалып жүрген жас құрылысшыларды жатақханадағы өз бөлмесіне жинап алып, ерінбей—жалықпай үнемі дәріс беретін. Өзі тым көп білуші еді. «Өтірік десең, атамнан сұра» дегендей Бейсембайдың білімдарлығы, ғылымға құмарлығы жөнінде филология ғылымының кандидаты Мекемтас Мырзахметов қазір де жиі айтады. Сол Бейсембай бірде жатақханаға қатты қуанып келгені есімізде: «Араб алфавитін үйрететін адам таппай жүр едім. Бүгін таптым. Ақысын төлеп, енді үйренем» деген ол сонда. Айтқанында тұрды. Үйренді.

Сол уақытта аталған комбинаттың қыз-жігіттерінің қажыр-қайратына еріксіз қызығатынбыз. Олар жұмыстан келісімен түннің бір уақытына дейін кешкі мектептегі, жоғары және арнаулы оқу орындарының кешкі, сырттай бөлімдеріндегі оқуларымен шұғылданатын. Қала берсе көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорт секцияларына қатысатын, әр түрлі қоғамдық жұмыстарға араласатын. Бұл – айтқанға, жаза салғанға оңай. Шын мәнінде, құрылыс жұмысының оңай еместігі әркімге белгілі… Кейбір ауыл адамының: «Ей, тәйір—ай, пәленшенің баласы қалада әншейін қара жұмыс істейді екен» дейтіні бар. Ал «пәленшенің баласы қара жұмыста» қандай мақсатпен жүр, қандай азамат ретінде шыңдалып келе жатыр? Бұл сұраққа жауап бермей тұрып, жұмысшы жөнінде жөнсіз пікір түймесек қайтер.

Кейін… университетте және бір шындыққа көзім жеткен. Оқуға өндірістен келіп түскен студенттер қандай істе болмасын қабілетті еді; қандай іске болмасын белсене кірісуші еді. Қоғамдық жұмыстардың алдында солар жүретін, құрылыс отрядтарының көшін солар бастайтын. Мектепті жаңа бітіріп келгендерге қарағанда, оларға оқу да жеңіл—тұғын. Дәлірегінде, түсіну, игеру оңай—тұғын. Неге? Өйткені, «танымның көзі – практика» десек, олар үлкен практикадан өтіп келген—ді. Қарапайым ғана мысал: «Жетісу» фабрикасының кешегі етікшісіне (бүгінгі студентке) «өзіндік құн», «баға», «рентабельді» деген ұғымдарды түсіну – аса қиын болмаса керек…

Әңгімеміз әлеуметтік мәселелер төңірегінде болғандықтан тақырыбымызды талдап, тарата түсейік. Қазіргі қаланың әлеуметтік құрылымы әр түрлі. Қалада тек жұмысшылар ғана тұрмайтыны тағы белгілі – олардан басқа ірі—ірі қоғамдық топтар (таптар емес) да бар. Солар туралы сыр қозғағанда, студент деген жұртқа соқпай кетуге болмас. Өйткені, олар – бүгінгі білімді жас ұрпақ, ертеңгі интеллигент. Ертеңгі интеллигенттің болмыс—бітімін көз алдымызға елестетсек, бүгінгі студентке қараймыз. Ал олардан болашақ интеллектуалды азамат – мазмұнына формасы сай интеллигент болуға бүгінгі әзірлігі қандай? Дәлірек айтқанда, студенттердің оқу орындарынан алған білімімен қоса бойларына дарытқан тәлім—тәрбиесі қандай? Осы сауалдар төңірегінде қазіргі жұртшылық, әсіресе, егде адамдар көбірек ойланатын секілді.

Редакциямызға жиі келіп жүретін бір қарт ағамыз биыл жазда бізге мынадай әңгіме айтқан—ды. «Осындай күйіп тұрған күнде… қырық градус ыстықта шіреніп костюм киген кімді көрдіңдер?– деді ол әдетінше қуақыланып. – Көрмедім, білмедім дейсіңдер, ә? Ендеше, мен айтайын. Жаңа осы жаққа келе жатып, стадионнан 5—ші троллейбусқа мінгем. Iште адам көп екен. Алдыңғы жақта әлде біреулердің өз тілімізде даурыға сөйлеген үндерін естіп, жақындай түстім. Жастар болса, орын бере ме деген дәме де менікі. Қара костюм киіп, шоқпардай галстук байлаған екі жігітіміз орындыққа шалқая түсіп, есіп отыр екен, шіркін! Бұлар неге ыстық күнде «күпі» киген десем, костюмдерінің жағасына ромбик тағып алыпты—ау. Әдетте, көйлек жағасына ромбик тақпайды ғой… Ромбик тақпаса, институт бітіргендерін ешкім білмейді ғой. Мені көрсе де, – көрмеген болады. Жылтыңдаған көздері жандарындағы бойжеткенде. «Қарындас, қайда оқисың?» дейді бірі қутыңдап. Оқымаған қыз жігіт таппас дей ме, бәтшағарлар. «Қарындас үндемейді, аузынан маржаны түседі білем» дейді екіншісі қуланып. Маржаны түссе, теріп алайық дей ме, шіркіндер… Келесі бір аялдамада олар тағы бір достарын кезіктірді де, үшеуі қарқылдап күлді ме, дарылдап сөйледі ме, әйтеуір, жұртты мезі етті. Құдды бір троллейбуста өздері ғана кетіп бара жатқандай. Құдды жапан түзде жалғыз өздері қой қайырып жүргендей… Күлеміз—ау! Осы да күлетін нәрсе ме? Бес жыл бойы бұлар не оқыған сонда? Кімдер тәрбие берген?!»

Ағамыз күлдіріп бастаған әңгімесін өстіп күйініп аяқтаған. Әсіресе, «кімдер тәрбие берген?» деген сөзіне мән бере сөйлеген. Бұл сөзге тағы бір жіптің ұшын ұстатып отыр. Бұл сөз, бұл мәселе жөнінде күңкілдеп айтқаны болмаса, баспасөзде өз ойын ортаға салғандары сирек. Сондықтан, реті келіп тұрғанда, ой арнасын осы жаққа бұрсақ дейміз.

Рас, жоғары оқу орындарында ұланқайыр білімімен, ұлағатты сөзімен, сегіз қырлы сырбаздығымен жас ұрпаққа мол өнеге берген ұстаздар кеше де болған, бүгін де жеткілікті. Олардан дәріс алып, тәрбие көргенін әр азамат мақтан тұтып, есімдерін құрметпен атар еді. Мысалы, елуінші жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген аға ұрпақ Мұхтар Әуезов туралы сөз болса: «Ой, шіркін, түпсіз теңіз еді ғой. Ой легі арнасынан асып-төгіліп жатушы еді-ау!» деп қалай тамсанады десеңізші. Сондай-ақ университеттің кейінгі толқын түлектері, әсіресе, әдебиет ауылына ат байлаған жастар кешегі Мәлік Ғабдуллиннің, бүгінгі Зейнолла Қабдолов пен Рымғали Нұрғалиевтің есімдерін әрқашан ілтипатпен атайтыны ақиқат. Аудиторияға кіргеннен-ақ тыңдаушыларын өзге бір сұлу дүниеге жетелей жөнелетін ұстаздар басқа оқу орындарында да аз емес. Дей тұрғанмен тоқсан минуттық дәрісінің тобықтай түйіні аз оқытушылардың да «санатта» жүргені шындық. Лекциясының әл-қиссасында әр студентті аты-жөнімен атап түгендеп, оларды қай облыс, қай ауданнан келгенін анықтап сұрап, баз біреуіне: «Иә, баяғыда бізбен оқыған Пәленше деген курстасымыз сол ауданға кетіп еді» деп (біздіңше: «Пәленше» дұрыс істеген), он-он бес минутын өткізіп, сосын өзінің өткен күндерін еске алып, құрғақ ақыл айтып тағы біраз уақытын майып қылған лектордың «лекциясында» не мән болмақ? Немесе сабақ үстінде: «Әсемкүл, алтын сырғаңның құны неше құнажын?..» «Есенқұл, әшкиіңнің апрабасы жақсы екен» деп ұсақтап кеткен «ұстаздан» шәкірт қандай үлгі алмақ? Ащы да болса, ашығын айту керек; кейде тіпті, көзілдірігінің сабын тістеп тұрып, студенттің дене мүшесіндегі кемістікті бетіне басатындар да бар. Жоқ! Студентті кемсітіп қорлауға, жас баладай жекіріп, жәбірлеуге, кекеп-мұқауға ешкімнің қақысы жоқ. Студент – кәмелеттік жастан асқан, сайлауға-сайлануға правосы бар кез-келген әлеуметтік мәселелерге араласуға құхы және бар қоғамымыздың белсенді бір мүшесі. «Баладай жекірмеңіз, өзімнің де балам бар деп құрбымыз айтқандай, әрі-беріден соң, студент біреуге ана… Және бір өкінішті жағдай – біраз оқытушылар аудиторияның психологиясын аңғара бермейтін секілді. Студенттердің арасында жан-жақты білімді, өмір көрген, сезімтал, сыншыл жастар көп. Осыны білген, өзінің ұстаз екенін сезінген лектор әр сөзіне жауапкершілікпен қарар еді. Біз күнделікті өмірде «оқулықты жетілді-рейік», «оқулықты жақсартайық», «оқулық жайы ойландырады» деп айтып та, жазып та жүрміз. Ал, бірақ «оқытушы жайы ойландырады» дедік пе? Неге демейміз?..

*  *  *

Біз қалада күніне қаншама оқиға, қаншама құбылысқа кез боламыз. Соның әрқайсысына өзімізше баға беріп, шамамызша түйін де түйе жүреміз. Бүгін осы түйіндерді қуалай келіп, мынадай сауалдарға тірелген тәріздіміз.

Қалада «ассалаумағалейкүм!» дейтін адамның «қай жерден-сің?» дейтін дәстүрлі сұрағы бар. Сонда қанша жыл қалада тұрсақ та «қалалықпын» деуге көбіміз қысыламыз. Неден қысыламыз?..

Бір интеллигенттің «монамахтың бөркі» деп киіп жүргені Аязбидің жыртық тымағы емес пе екен?..

Сонау бір кезде қалаға даланың жусан иісін ала келген бәтіңкеміз ауылдың аздаған шаңын да жұқтыра келген сияқты. Соны кейбіріміз теуіп түсіре алмай, қырып кетіре алмай жүрген жоқпыз ба??

Қала – қайнап жатқан үлкен қазан іспетті. Оның бетінде қаймағы да, көбігі де бар. Соның қайсысын қалқып жүрміз біз?..

«Біз деймін-ау?.. Мен осы шағын дүниені неге бастан—аяқ «біз» деп жазып отырмын?» «Біз» деген сөз туралы ойланайықшы осы? Ойланатын кез жетті ғой…

1984 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo