ҚАЛАМГЕРГЕ ҚАЙРАТКЕРЛІК ТЕ КЕРЕК

Ақын болу міндет емес,

Азамат болу парызың.

Н.А.Некрасов.

«Дүниеде өлмейтін – жақсының аты, ақынның хаты» дейді халық. «Жақсының атына» дау жоқ, ал ақын атаулының хаты мәңгі екеніне күмән бар. Күмәндігі – өткенге көз жіберуден, өмір мен өнер шежіресіне қайта үңілуден шығады. Қай заманға зер салсақ та «өлең жазған қазақтың бәрі де ақын» (Мұқағали) болғаны рас, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан сан саңлақтың сахараны өлең-жырға бөлегені және рас. Бірақ кезінде жарық дүниені жалпағынан басып өткен сол саңлақтың бәрін біз неге біле бермейміз? Қазақ әдебиетінің кешегі кезеңдерін еске салсақ, аузымызға неге алдымен Абай мен Махамбет түседі? Одан әрі бойласақ… Бұқар жырау, Ақтамберді, Асан қайғы… деп саусақпен ғана санай алатын себебіміз не? Бұның түпкі сырын сауаттың аздығынан, көп қазынаның хатқа түспей қалуынан іздейміз бе? Әрине, әдебиет тарихында жазу-сызудың қашан да басты қызмет атқаратыны, ертеректе оның кемшін-дігінен небір аяулы асылымыздан айрылып қалғанымыз ақиқат. Дей тұрғанмен, халықтан қалың шежіре, ұрпақтан ұлы сарапшы жоқ екенін тағы мойындамасқа лажың аз. Халық ең алдымен елі үшін еңіреп өткен ерлерін ардақ тұтқан, солардың атын жырға қосып, солардың өнерін биікке көтерген. Бұдан мың жылдан астам бұрын көптің зарын күңірентіп қобызға қосқан Қорқыт ата туралы әдемі эфсаналар мен ХV ғасырлар арасында жалпақ жұрты үшін жайлы жер іздеп, төрт құбыласын түгел шарлап шыққан Асан қайғы хақындағы аңыз әңгімелердің біздің ұрпаққа уыздай ұйып жетуі де сондықтан. Сүйген ұлына деген халық махаббатының тағы бір белгісі – кешегі Абай мен Махамбеттің өздері жазып үлгермеген өмір шежірелерінің жыл өткен сайын толығып, жаңа қырлары ашылып, күрескер тұлғалары заманамен бірге заңғарлап бара жатқандығынан көрінсе керек. Осының нәтижесінде олар бүгінгі ұрпақ үшін тек «ұлы ақын» деген ұғымнан шығып, өз заманындағы ірі құбылыстардың көпшілігіне белсене атсалысқан айтулы қайраткер ретінде танылып отырғаны белгілі.

Туысқан халықтар әдебиетінің тарихынан да мұндай мысалдар молынан келтіруге болар еді. Әсіресе, ХVIII–ХIХ ғасырлардағы орыс қаламгерлерінің қоғамдық қызметі мен азаматтық іс-әрекеттері кез-келген уақытта кімге де болсын үлгі. Мәселен, қазіргі қалың оқырманға ең белгілі деген есімдер төңі-регінде ой өрбітсек, И.А.Крылов, А.Н.Радищев, Н.А. Некрасов, А.И.Герцен, Н.А.Добролюбов сияқты ұлы ойшылдардың бүкіл өмірі тынымсыз күреспен, азапты арпалыспен өткенін көреміз. Олар осындай мәнді ғұмырдың нәтижесінде ғана мәңгі өлмес шығармалар тудырған ғой. Бұдан шығатын қорытынды – нағыз шығарма нағыз адамдық ғұмырдың, арлы жүректің ғана жемісі болса керек. Бұл – бір. Екіншіден, біздің негізгі айтайық дегеніміз – бүгінгі ұрпақ И.А.Крыловты ең алды-мен мысалшы, Н.А.Некрасовты ақын, А.И.Герценді сыншы деп танығанмен, кезінде олардың әрқайсысы «Трутень», «Современник», «Колокол» секілді журналдар шығарып, қоғамдық қордалы ойларын халықтық биік мінбеден қозғаған белгілі журналистпублицист болғанын әдебиетшілер жақсы біледі. Мұндай мысалдарға көбірек үңілген сайын бұқаралық баспасөзге деген құрметің тіптен артып, құдіретіне тағы бас игендей боласың. Сондайақ оның ұшқыр да ұтымды нәтижесін бағалай отырып, шын таланттар үшін тек «ақындық қызмет» аздық еткенін және байқайсың.

Сөзімізді осы тұрғыдан сабақтасақ, М.Шолохов, А.Твардовский, К.Симонов, Ю.Казаков сынды орыссовет әдебиетінің кешегі классиктері де бір ғана әдеби творчествомен айналыспаған, өмірдегі өзекті деген мәселелерге мерзімді баспасөз арқылы үнемі өз үндерін білдіріп тұрған. Мүмкін, олардың жеке әдеби туындыларының тым өміршеңдігінің өзі бір себеппен бұған да байланысты шығар. Өйткені публицистикалық шығармалар нағыз шынайы өмірдің өзінен ғана шығатын болса, өмірге тікелей араласа білгендердің дүниесі неге шынайы, неге өміршең болмасқа!.. Орыс қаламгерлерінің сол озық дәстүрлерін бүгінде Ш.Айтматов, Д.Гранин, Б.Олейник, В.Астафьев, С.Залыгин, В.Распутин, т.б. жарасымды жалғастырып отырғаны және аян. Бұлар моральдықэтикалық ахуалдар мен экологиялық проблемаларды тек көркем шығармаларына ғана арқау етіп қоймай, мерзімді баспасөздерде де жиі-жиі жазып, үлкен мінбелерден сан қайталап айтудан еш жалыққан емес. Бұдан біз, біріншіден: олар көркем туындыларына өмірлік фактілерді қандай ыстық жүрекпен қалай тірнектеп жинайтынын білсек, екіншіден, ел мен жердің тағдырын қара бастың қамынан әлдеқайда жоғары қоятынын сезер едік.

Ғылымитехникалық прогресс пен ғылымның барлық саласы жанжақты дамуына сәйкес творчестволық ойдың да өзгеше сипат алғаны рас. Бұған бір ғана мысал. Өзбекстан Жазушылар одағы басқармасының органы «Узбекистон адабиети ва саньати» газетінің биылғы 13 апрельдегі номерінде Арал теңізінің тағдыры жөнінде көпұлтты совет әдебиетінің бірнеше ірі өкілі өз ойларын ортаға салды. Олардың арасында өзбек У.Умарбеков, белорус А.Адамович, украин М.Танк, және Аралдың алғашқы арашашыларының бірі – қазақ Ә.Нұрпейісов пен Сібір мен Байкалдың байырғы жанашыры – орыс С.Залыгин бар. Бұл нені көрсетеді? Бұл байтақ Отанымыз үшін барлық проблема ортақ екенін байқатады. Біз жыл өткен сайын табиғат деген құдіреттің адам сияқты аса күрделі организмнен тұратынын, бір жердегі жарақатынан оның да бүкіл тәні сыздап, қаны біртіндеп бұзылатынын сезе- бастадық. Дәлірегінде, табиғаттың өзі бізге сездіре бастады. Табиғат керемет кеңпейіл болғанмен ол соншама «кекшіл» де. Бірақ ұрпақтан көрген зәбірі үшін ол келер ұрпақтың ешқайсысын кешпеуі мүмкін. Ал жұмыр жерде табиғат біреу-ақ. Жұмыр жердегі жұмыр басты пенденің жұтар ауа, ішер суы да – біреу. Ендеше анау арғы беттегі Невадада жарылып жатқан сұмдық бомбалардың сұрғылт бұлттары жердің қай түпкіріне ұшып бармайды екен?! Немесе, бергі беттегі Сібірдің бір орманы өртенсе, ол өзге бір елде қуаңшылық туғызбасына кімнің көзі жетіпті?! Демек «Сібір сіздікі, Арал біздікі» дейтін емес, тұтастай табиғат деген ғана барын жоғарыдағы жазушылар жаңаша ойлаумен түйіндеп отырса, біз неге оларды құптамасқа! Жазушылардың қоғам, уақыт алдындағы жауапкершілігі де, міне, сондай ірі істерден, қарымды қаракеттен көрінсе керек.

Ендігі сөзіміз де осыған тіреледі.

Әрине, қазақ қаламгерлерінің барлығы қазір тек жеке творчествоның қамымен әлек дей алмаймыз. Уақыт алдындағы, ұрпақ алдындағы міндетін түсіне білетін және онысы күнделікті тынысында тынымсыз істерімен білініп жүретін жазушыларымыз жеткілікті болмаса да баршылық. Әлқиссада мына жағдайды айта кеткен жөн сияқты. Ғұмыр бойы адамдарды жақсылыққа баулитын жазушы деген қауымның өз жақсы қасиеттерін айтуда көбінде біз тартыншақтай беретініміз бар. Алдымен мүшел тойын күтеміз. Ол тойға орай мақала жазсақ, әуелде тағы жақсы шығармаларына тоқталамыз. Ау, жақсы шығарманың өзі көп жағдайда жақсы қасиеттерден тумай ма екен. Ал жақсы қасиет дегеніміз біреуге біреудің жақсылық жасауы, қол ұшын беруі ғана емес, ол – ерен еңбек, тамаша талғампаздық, белсенді әрекет емес пе… Иә, сосын… талай қаламгердің тағылымды өмірін жылдар өткен соң «еңіреген» естеліктерден бірақ білетініміз өкініштіақ! Ең бастысы, жанындағы адамның жақсылығын біліп, жан жылуын сезініп, сыртынан болсын сүйсініп жүргенге не жетсін!

Сондай ағаларымыздың бірі – ақын Ғафу Қайырбеков. Ақын ғана емес, бұл кісі – шебер аудармашы, қара сөздің өзін қара өлеңге айналдырып жіберетін деректі прозашы, бәрінен бұрын ұшқыр публицист. Жә, бұның бәрі баспасөзден белгілі. Және, Ғафекеңе қатысты әңгімені баяндаудан гөрі оқиғаға құрған тартымды сияқты. Оқиғамыз мынау… Өткен май мерекесінің алдында ақын ағамен автобуста кездесіп қалғанбыз. Аялдамада бірге түстік. Бағытымыз бір екен.

– Сендер Мәжит ағаларыңмен қоштасуға неге келме-діңдер?– деді Ғафаң республикалық дәрежедегі пенсионер, марқұм Мәжит Сейфуллин жөнінде. Үнінен сәлпәл реніш әрі аздап шаршағандық білінген. Біз уақытты сылтау етіп едік:

– Е, ол кімге жетер дейсің, бірақ мұндайда ыңғайын табу керек. Мәжитті танымасаңдар, Сәкенді білмейсіңдер ме?.. Сәкен үшін келмедіңдер ме?– деп бір тоқтады аға. – Қазір, міне, қабір басынан келемін. Қаламгерлер атынан сөз сөйледім. Мәжікең бірнеше жыл біздің Литфондыны басқарған адам ғой,– деген.

Осы мезетте алдымыздан белгілі бір драматург ағамыз жолыға қалсын. Амансаулықтан соң Ғафаң оған:

– Бүгін түске дейін анау дәрігерге барып, сенің балаңның жағдайын айттым. Келсін, көрейік деді. Сен кешіктірмей соған апар,– деген.

Қатты қуанып қалған драматург ағамыз бізді іргедегі үйіне икемдеп еді, Ғафаң:

– Рахмет, үйде өз қонағым күтіп отыр. Кешкілік оны театрға апаруым керек,– деген.

Жасырары жоқ, Ғафаңа сонда қызығып тұрып, өзімізден қысылдық. Елуді еңсеріп тастаған адамның осындай елгезек те ширақтығына қызықтық, өзіміздің қырыққа жетпей уақытты тым «қысып» алғанымызға қысылдық. Қараңызшы, ол бір күнде қаншама жұмыс тындырған! Біреудің жағдайы үшін түске дейін дәрігерге барыпты… (Таңертең Жазушылар одағында кезіккен әр адамға Мәжікеңнің үйін сілтеп жүргенін өзіміз көрдік)… Түстен кейін қабір басына барған… Онда сөйлеген… Енді кешкісін қонағын театрға апармақшы. Еріксіз риза боласың. Бірақ бұл да аз екен…

Ертеңінде, 1 май күні таңертең «Социалистік Қазақстан» газетінен Ғафаңның өлеңін, қолыңыздағы осы газеттен публицистикалық шалқымасын және оқыдық. Бұл да аз екен, түске таяу телевизордан мерекелік шеруді қызықтап отырғанда… қалың топтың арасында шалқыта сөйлеп, шалқи өлең оқып тұрған Ғафаңды тағы көрдік…

Адамға деген ризашылығымызды кейде өзіне айтқанның артықшылығы жоқ шығар, мерекеден соң біз де жоғарыдағы ризашылығымызды Ғафаңа жіпке тізгендей айтып беріп едік, ол:

– Сен бала, ести алмаған екенсің ғой, 1 май күні кешке мен радиодан да сөйледім ғой,– деген.

Міне, қаламгер атаулыға қажетті азаматтық белсенділік осындайақ болсын!

«Ақырын жүрсе де анығырақ басатын», басқан жерінде аз да болса із қалатын бір қаламгеріміз – Қалмұқан Исабаев. Әсіресе, оның халықтар достығын нығайту бағытында жұмсаған біраз еңбегін ескермей өтуге болмайды. Көркем творчествосында ол бұл тақырыпқа жанамалап болсын соқпай өтпейтінін былай қойғанда, күнделікті ісәрекетінің өзі көпке тәрбие дер едік. Мәселен, бұдан біраз жыл бұрын Герман Демократиялық Республикасының Ильменау қаласындағы Гете музейіне Абайдың суретін табыс етіп, «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін неміс жұртына қазақша тыңдатып қайтқан кім? Қалекең. Сол неміс жұртының кешегі, бүгінгі мәдени тынысын, ерен ұлдарының өмірін, оларға қатысты тарихи деректерді біздің оқырмандарға жиі таныстырып отыратын тағы Қалекең.

Қалай десек те, Қалмұқан ағаның бойынан қашан да бір сергек қимыл байқайсыз. Ертеректе бұл кісі жазушылығын бұлдамай-ақ қарапайым комбайншыға көмекші болып кеткені де бар. Одан біраз жыл бұрын Ертіс–Қарағанды каналы туралы роман жазу үстінде ұзақұзақ жолдарды жаяу басып өткенін де білеміз. Нәтижесінде жаңа роман жазылды. Сапасы жөнінде әңгіме өз алдына, ал оған сіңірілген еңбек жаңағыдай. Өкініштісі сол, кейін республикалық баспасөздердің бірінде бұл хақында мына тәрізді әзілсымақ жарияланып еді: сөздік қорында небәрі жүз елу-ақ сөзі болса да жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс–Қарағанды каналын жаяу аралап, жаңа роман жазып, Еңбек Қызыл Ту орденін алды!.. Осы әзіл ме, әлде әзәзілдік пе? Адамның бір мініне бола бірегей еңбегін жоққа шығарудан өткен қиянат жоқ шығар.

Азаматтық іс – ар-ожданның жемісі, қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білу дейміз. Бұл – ең қарапайым түсініктеме, таптаурын трактовка. Нағыз қоғамдық қызмет – жүректің ыстық лүпілінен, адамға деген риясыз сүйіспеншілік пен маздаған махаббаттан, аяу, түсіну, сезіну сияқты асыл сезімдерден туындаса керек. Бойында мұндай сезімі бар адамдар қолынан келген ізгілікті жасайын деп жасамайды, оны жасай алмаса жаны жай таппайтын жағдайға жетер еді. Бұны бастан кешпегендер үшін және кеше алмайтындар үшін бұл сөзіміз нанымсыз көрінуі әбден мүмкін. Оларды нандырайық деп кейбір Орталық баспасөз қаламгерлері өмірінен небір қызық оқиғаларды алға тартпай-ақ қояйық, шамашарқынша қоғамға өз шапағатын тигізіп жүрген жазушы-журналистер бізде де бар. Мәселен, жетпісінші жылдар аралығында әдеби сын, өлеңдерімен көпке танылып қалған Жұмаш Сомжүреков деген жігіт бар еді. Сол азамат соңғы уақытта (алтыжеті жыл көлемінде) әлгі әдеби қызметтерін екінші планға ығыстырып, негізгі жұмысын Арқалықтағы аула клубтарына ауыстырған. Мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақытын қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылдыру. Дәлірегінде, балаларды еңбекпен тәрбиелеу. Бұл жөнінде оның өткен жылғы апрель айында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ұстаздық арман» атты көлемді мақаласы жарияланды. Онда аталған жұмыс барысында авторға кезіккен кедергілер мен қиындықтар да біршама сезіліп тұрады. Редакциядағы бір жүздесуде біз бұрынғы «сыншыақыннан» осы қиын қызметті неге қалап алғанын сұрағанымызда ол:

– Қарны тоқ, көйлегі көк болса да, мен кейбір балаларды аяймын. Болашағынан қорқамын олардың. Еңбекпен шыңдалмаған баланың ертеңі не болмақ?! – деген.

Бұл сөзінде көп сыр, көп мағына жатыр еді. Амал не, оны дер кезінде көбіміз «түсінбедік», түсінбегендіктен де тың бастаманы бәріміз бірдей қолдап кете алмадық…

Ұрпақ тәрбиесі дегенде еске түседі, біреулер арнайы шақырмаса да бос уақытында мектептерге, сәбилер мен балалар үйіне барып, бүлдіршіндердің жағдайымен танысып, жүрегінен жылу шашып жүретін азаматтарымыздың алды – сықақшы Үмбетбай Уайдин. Не, ол сонда бейкүнә сәбилердің арасынан сатираға сюжет іздеп жүр ме екен? Немесе, ол моральдықэтикалық тақырыпта жиі мақалалар жазса, сатирасын сарқып алғаны ма? Жоқ, азаматтық арожданның құзыры да барлығы. Бұны түсінудің орнына: «Үмбекең сықағын сиретіп, «Инабат иіріміне» батып кетті» деп әзілдеген боламыз.

Бар арамызда ісін үлгі тұтар азаматтар. Творчестволық жұмысынан бұрын тікелей мектеп, балабақша, туған тіл мәселелерімен айналысып жүрген де, повесть, әңгімелерін қоя тұрып, инженерлікрационализаторлық жұмыспен шұғылданып кеткен де, қаламақыларының бір бөлегін сәбилер үйінің (дом молютка) есебіне аударып отыратын да қаламдастарымыз бар. (Бір қызығы, атыжөнін өзіміз ғана білетін бұлардың қайқайсысы да қарапайым ғана тұрмыстың адамдары)…

Біріңғай жазушылық қызмет пен көркем шығармаға көлеңке түсірейік деген ойдан аулақпыз. Мәселе барлығына уақыт табуда. Табиғат жазушыға берген ыстық жүректі кезкелгенге үлестіре салмаған. Ендеше сол жүректің отқызуымен қолдан келгенше жұрттың жанын жылыта білгенге не жетсін! Ал өмірде қай жерде проблема болса, сол жерде жұрттың жаны сыздайтыны белгілі. Сондай проблеманың біреуін шешуге мыс-қалдай әрекет жасасаңыз, қаншама жүректі қуанышқа бөлер едіңіз. Шүкіршілік, бұған жазушының шамасы жетеді.

Қазіргі уақыттың алға қойып отырған міндеттері жеткілікті. Проблемалар да аз емес. Оларды жазуға, шындықты айтуға мүмкіндік мол. Бірақ осы мүмкіндікті қаламгерлеріміздің көпшілігі аз пайдаланып отыр десек, артық айтқандық болмас. Ең өкініштісі, уақыттан кешігу бар. Бұны мына мағынада түсінген жөн. Қандай оқиғаның болмасын «болары болып, бояуы сіңіп» қойған соң байбалам салудың нәтижесі шамалы. Бастысы – «сырқаттың» алдын алу. Сезіне білсек, республикамызда қазірдің өзінде моральдық-психологиялық, экологиялық кейбір «сырқаттар» сыр бере бастаған сияқты. Сөзімізді соң-ғысынан өрбітейік. Арал теңізінің жағдайы баршаға мәлім, ал Каспий мен Балқаштың да жыл өткен сайын тартылып бара жатқанын жазушылар жақсы біледі. Бірақ үндемейді, биік мінбелерден айтпайды. Көл әбден құрғап біткен соң, көлдей-көлдей мақала жазудың пайдасы қанша? Сондайақ қазіргі жас-тардың біразы батыстың жеңіл-желпі музыкасы мен биіне тым еліктей түсуі байқалады. «Ау, осының түбі қайда апарады? Жеңілжелпі музыка жастарды жеңіл өмірге бейімдемесе не қылсын! Кейде олардың төбесін бұқаралық-насихат құралдарынан қылтың-қылтың еткізуіміз қалай?»– деп басу айтқан кімді білеміз? Одақ қаламгерлері бұл жөнінде талай пікір білдіріп жүр. СССР Жазушылар одағы басқармасының таяуда өткен пленумында осы тәрізді көптеген көкейкесті мәселелер айтылған. Бізде үн жоқ. Пленум, конференция сияқты үлкен жиындар бізде де болып тұрады. Мұндай кезде кейбір жолдастар (әрине, бәрі емес) аталы сөз, салиқалы пікір айтудың орнына биік мінбені есеп айырысу мен есе қайтарудың, жақынын жалған мақтау мен біреуді орынсыз даттаудың құралына айналдырғысы келеді. Бірақ айналдыра алмайды. Өйткені, мінбе мен президиум қанша биік көрінгенмен залдан биік емес. Зал – халық, көпшілік. Көпшілік қай сөзді қабылдап, қайсысын «қағып» тастайтынын өзі біледі. Мінбеге «бедел» алам деп шығып, бетіне қорасан түсіріп қайту осыдан шығады…

Әдеби өмірімізге қатысты бір маңызды мәселелер төңіре-гінде ойпікір білдіруде де салғыртпыз. Мысалы, мынадай әңгімеге ғана тоқталайықшы. Соңғы кезде туған әдеби-етімізде бірұлттық сипат байқалады деген сөз бар. Бұған келісе аламыз ба? Келіссек, мысалдәлелдеріміз қане? Келісе алмасақ, оған қандай уәж айтамыз? Жауап жоқ. Әсіресе, сыншыларда… Біздіңше, кейінгі жылдардағы әдебиетімізді тұтастай бұлай бағалау артық сияқты. Өйткені, бір үлкен әдебиет-ке мұндай пікір білдіру үшін ол әдебиеттің этюд жанрынан бастап эпопеясына дейін оқып шығу керек. Бұл өте қиын. Ал, біраз шолып шыққанның өзінде, бізде қаншама аударма кітаптың бар екенін, төл жазушыларымыздың, әсіресе, өндіріс тақырыбына жазатын жазушыларымыздың шығармаларында аз да болса басқа ұлт өкілдерінің қатыспай қоймайтынын және олардың үнемі ұнамды кейіпкер боп бейнеленуін көрер едік. Егер біріңғай ауыл өмірі туралы, соның ішінде шопан, бақташы туралы шығармаларда жаңағы сипат тым аз байқалса, оның да объективті себептері бар. Екіншіден, біраз жазушы характерлер мен типтердің шынайы шығуы үшін өзге ұлт өкілдерін таза қазақ тілінде сөйлетуді жасандылық көретін секілді. Көп көркем туындыда тек бір ұлт кейіпкерлері топтасуының бір себебі осы ма дейміз. Ұлттық характер, ұлттық ерекшелік ескерілмеген шығарма толыққанды көркем туынды болып шығуы да қиын шығар. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясында француздарға қатысты диалогтар мен кейбір монологтардың сол тілде берілуі тегін болмаса керек. Қалихан Ысқақов өз шығармаларын осы ыңғайда жазғаны үшін кезінде жөнсіз сынға ұшырағанын да білеміз.

Интернационалдық тәрбие ісінде жазушылар мен журналистер қызметінің ролі зор. Жауапкершіліктері және мол. Үлкен тақырыпты ұсақтатып, ұлттық ерекшеліктерді жете білмей қалам тарту, негізгі оқиғаларда «аты бөлек кейіпкерді» көлеңкеде көрсету қай ұлт қаламгеріне де абырой әпермейтіндей. Сондайақ кінәмшілдік пен күмәншілдік те жарасымсыз. Ұлттарды жақындастырып, достықты жарастыратын – олардың бірбіріне жасаған жақсылығы, ізгі істері, сан жағынан кіші халықтың үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ілтипаты. Егер біздің Жазушылар үйіндегі үлкен бір жиында алдыңғы сөздердің бірі корей жазушысына берілсе, ілтипат деген сол. Және де әлгі жиында бір қазақ жазушысы ұйғыр әдебиеті мен ұйғыр тілі жөнінде жанашырлық білдірсе, шын достық деген осы.

Біздер, жаз жазушылар қазіргі қайта құруды, замана талаптары мен уақыт жүктеген міндеттерді, азаматтық пен адамгершілікті, достық пен туысқандықты осы тұрғыдан түсінер едік.

1989 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы