Юрий Смолич. Қоңырау сылдыры

Қазақ әдебиеті, 1980 жыл,
авторы Юрий Смолич,
аударған Дидахмет Әшімханұлы.


ҚОҢЫРАУ СЫЛДЫРЫ


7 июльде украин совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі,
Социалистік Еңбек Ері Юрий Корнеевич Смоличтің туғанына 80 жыл
толады. Өзінің жарты ғасырға жуық творчестволық еңбегінде ол
«Лашықтармен ымыра, сарайлармен соғыс», «Ғажайып апат»,
«Балалық шақ», «Бақытты он сегіз жас», «Теңіз бетіндегі шапақ»
сияқты роман, повесть, публицистикалық және мемуарлық
шығармалар тудырды. Бүгін біз жазушының «Менің достарым» атты
циклді естеліктерінен украинның белгілі драматургы А.Е. Корнейчукке
қатысты бір бөлімін жариялап отырмыз.


Бұл – елуінші жылдары болған еді. Днепрдің бір қолтығындағы Плюта
атты деревняда біз Корнейчукпен біраз жыл көрші тұрдық. Александр
Евдокимович жұбайы Ванда Львовнамен сол жердегі құм төбешікте саяжай
тұрғызды да, ал біз семьямызбен әр жаз сайын олардың қатарындағы Микола
Бельди деген қарияның үйінде дем алатынбыз.
Біздің арамыздағы кикілжің де, сол кикілжіңнің өзі дәнекер болған ұзақ
жылғы достығымыз да, міне, сонда басталған-ды.
Александр Евдокимович аса балық құмар адам болатын. Ал мен балық
аулау мен балықшы атаулыны ғұмыры ұнатпайтынмын.
Өзіңіз елестетіп көріңізші: Александр Евдокимович жағада отырып
алып, қармағымен алабұға, шабақ, қайдағы бір титімдей таутанды бірінен соң
бірін суырды. Мен болсам, оның желке тұсында тұрам да, су бетіндегі дірілге
оқты көзіммен қараймын. Үндемеймін. Өстіп үндемей тұрсам ғана оған деген
ызамды тереңірек жеткізетін сияқтымын.
Өйткені, сондай талантты да танымал драматург, бүкіл әлемде
бейбітшілік орнату жолындағы белсенді қайраткер, сонымен қатар сол
кездегі мемлекеттік жоғарғы орында отырған адам осы бір алабұға, шабақ,
таутан сияқты ұсақ дүниемен айналысып, ұзақты күн суға телміріп
отырғанына мен қайран қалатынмын.
Менің бұл қылығымды ол да алғашында үнсіз қабылдауға тырысып,
қармақтарын жинап алып, тұқырайып жүріп кетуші еді. Бірақ, біраздан соң
тағы да жағада тұрған мені көргенде ашуы бұрқ ете түседі. Әр түрлі
сөздермен балағаттай бастайды. Әрине, мені емес, қаппай жатқан балықты…
Сонан соң «құдай ақына, қарамды батыруымды» өтінеді.
Міне, сол сәтте біздің арамызда қызу әңгіме өрбиді, әңгіме емес-ау қыпқызыл талас басталады. Ол балықшылықты жан-тәнімен қорғап, бұл істің
қызықтығын барынша дәлелдемек болады.
Оның айтуынша: балықшылық – біріншіден, табиғатпен етене табысу.
Адам суға қармақ сала отырып, табиғатпен тілсіз байланысқа келеді.
Қалтқының сәл дірілі жан дүниесіне әсер етіп, сезімін қытықтайды. Бұл
адамды, әсіресе, жазушыны эмоционалдық жағынан да, интеллектуалдық
жағынан да байыта түседі. Екіншіден, ол – тамаша демалыс. Бір сөзбен
айтқанда, балықшылықтың өзі денсаулығыңды қалыпқа келтіреді, жүйке
тамырыңның жұмысын реттеп, жаныңды рахатқа бөлейді. Сонымен қатар ол
– спорт, айызың қанбас құмарлық.
Көзге түртсе көргісіз қараңғы еді, қайықтың сүйір тұмсығынан басқа
ештеме білінбейді. Александр Евдокимович сол сүйір тұмсықтың ұшына
кішкентай қоңырау қондырып қойған. Балық қапқан кезде әлгі қоңырау
шылдыр ете түседі де, ұйқыдағы балықшы ұшып тұрады. Біздің арамыздағы
реніш те осы қоңыраудан туды.
Оның сыры мынада: бір мәжілісте Украин ССР Министрлер Советі
Председателінің орынбасары Дмитрий Захарович Мануильский өз сөзінде
Корнейчуктің творчествосын бағалай келіп, оның драматургиясы біздің
заманымыздағы қоғамдық актуальды проблемаларды қайық тұмсығындағы
қоңыраудай шапшаң да сезімтал қабылдайтындығын атап өткен болатын.
Бұл теңеу, меніңше, аса сәтті болғанымен творчестволық бағасы тым
асқақ көрінді.
Осы жерде бұны мен Корнейчукке айтқанымда оның жанына қандай
батқаны, әрине, түсінікті. Неден тілімнің қышығанын кім білсін, бас жоқ, көз
жоқ, бірден досымның драматургиясы жөнінде пікір айтып нем бас десеңші.
Меніңше, Корнейчуктің драматургиясы «Эскадронның күйреуінен»
басталады, ал бұрынғы анау «Көгілдір шортандар», немесе «Тасты аралдар»
– әншейін, үйрену жолындағы алғашқы «тәй-тәйлар», дәлірегінде, қарапайым
ғана үгіттік дүниелер дегенімде Александр Евдокимовичтің бетіне лып етіп
қан теуіп шыға келді. Бірақ, дауыс көтерген жоқ, ашумен уытты сөз де
төкпеді, тек су бетінде баяу қалқып тұрған қайығы он екі балдық шторм
ұрғандай қабырғалары теңселіп, қоңыраулары күмбірлеп ала жөнелді.
Қаракөк аспан аясынан бәрін де көріп отырмын: Александр Евдокимович
қайықтың алдыңғы жағына ыршып түсті. Қоңыраулары да дамылсыз
сыңғырлады. Бірақ, ол өз ашуын білдірмес үшін қармақтары мен жіптерін
бірінен соң бірін тарта бастады. Мүмкін, алабұға іліккен шығар? Әлде,
жарықтық жайынның өзі қоңырау қақты ма? Әрине, бұлардың ешқайсысы
жоқ еді…
Бұдан соң біз күні бойы сөйлеспедік. Ертеңінде де бірауыз тілге
келмедік. Әдетте, кешкілік Александр Евдокимович үйге қайтуға белгі беріп,
қаңылтыр даңғырлатушы еді, бұл жолы оны да істемеді, ымырт үйіріле Ванда
Львовна екеуі үнсіз жүріп кетті.
Біздің осы үнсіздігіміз, кешкілік үйге жеке қайтуымыз үш күнге
созылды. Үшінші күні екеуміз де ұнататын бір жерде қайықтарымыз
кездейсоқ қатар келіп қалды да, әлгі айтысты қайта қозғаудың реті келді.
Александр Евдокимович сөзін бірден өз драматургиясы жайындағы
өткендегі менің пікірімнен бастады. Ондағы әңгіме нақпа-нақ есімде жоқ,
жалпы мазмұны былай еді. Ол маған: «Қалай сен творчестволық процестің
өсу жолын еске алғың келмейді? Әрине, пьесадан пьесаға көшкен сайын
драматургтің шеберлігі арта түсетіні табиғи. Бұның өзі сыншылардың
талабын да арттыра түсетіні белгілі. Бірақ, әр дәуірдің өзіндік шығармасы бар
емес пе? Өткенде сен пікір айтқан менің алғашқы пьесаларым тура сол
уақытына орай туған шығармалар… Иә, біз «үгіт» деп есептейтін ондай
пьесалар сол заман үшін аса қажет еді» деді.
Бұл сөзді мен еріксіз мойындауға мәжбүр болдым да, өз қателігімді
қалай да айтуға тырысып: «Сен маған ренжіме, Сашко. Мен тым ұшқары
пікір түйген екенмін. Қоңыраулар сол себепті күмбірлей жөнеліпті» дедім.
Иә, сондағы қоңыраудың сылдыры әлі есімде…
Ықшамдап аударған:
Дидахмет ӘШІМХАНОВ.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo