Дидахмет Әшімханұлы, 1981 жыл,
Қазақ әдебиеті газеті
РЕЦЕНЗИЯ
ШЫРАЙЫ – ШҰРАЙЛЫ ТІЛІНДЕ
Ж. Кәрменов. Ақылбайдың әні. Повесть және әңгімелер.
«Жалын» баспасы, 1980 ж.
Жәнібек Кәрменовтың «Ақылбайдың әні» атты тұңғыш повесть пен әңгімелер жинағын оқып шықтық. Тұтастай алғанда бұл жинақтың шырайы тілінде дер едік. Сол себепті де пікірімізді дәстүрлі мазмұн мен идеядан бастамай, бірден тілі жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік.
Жас автордың тіл жағынан жетістігі неде? Алдымен, оның халқымыздың ән-күй өнеріне, қарапайым тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына қатысты сөз қырын тәп-тәуір игергені байқалады. Мәселен, бірінші әңгімедегі («Қорлан») алғашқы сөйлемді оқып көрелік. «Шөп басы қауызын жарып, бағлан қозы құйрығын ауырлады». Осы қысқа бір сөйлемнен жасыл шалғын жетіліп, мал өрісін ұзартқан мамыражай шақ көз алдыңа келеді. Бұны үйреншікті сөздермен тәптіштемей, бағлан қозының күйімен-ақ жеткізгеніне риза боласың. Бұл сөйлемде аз сөздің аясына көп мағына сыйды десек, келесі бірінде автор сөзбен сурет салуға ұмтылады. «Қалың шілікті, шалғынды сайдың басында қаздың жұмыртқасындай шаңқан тартып, елеусіз жатқан үш қазақ үй, үш шаңырақ, мүлгіген тыныштықтың бауырына еміне кіріп, баяу тыныстайды» (1-бет). Мұндағы бояуы қанық әдемі де, нақты сурет көңіл күйімен де, қабаттасып жатыр. Үш шаңырақтың мүлгіген тыныштықтың бауырына еміне кіріп, баяу тыныстауы манаурап жатқан, момын тірлікті еске түсірері хақ. Жас автордың сөз қолданудағы бір мінезі: машық сөздерден қашқақтап, ажарлау, бейнелеу, теңеу арқылы тіл тынысын кеңейте түсуге тырысады. Онысы сәтсіз де емес. Мысалы, «ірімшік сарғаяр ұзақ күн», «мойнынан қамыт түспейтін тірлік», «бойы суып, тері құрғамайтын уақыт», «қалта қулығы бар пысық» деген образды сөздер ізденістің жемісі.
«Ақылбайдың әніндегі» жеті әңгіме, бір повесть тақырып жағынан әр қилы. Көбіне адамдардың тағдыры, адамгершілік, ізгілік қасиеттері, өнер иелерінің өмірі өзек болған. «Қорлан» әңгімесінде сырнайшы, әнші Жомарттың Қорланға деген махаббаты өзгеше. Балаң, ұялшақ ол сүйіспеншілігін сөзбен жеткізе алмаса да, жүрек лүпілімен сездіріп жүреді. Қорлан – жетім қыз. Оның өгей әкеден мейірім көрмей мұңайған сәттерін өзгеден бұрын Жомарт түсінеді. Өзгеден бұрын Жомарт қиналады. Қолдан келері – тек Қорлан сүйген әнді айтып, көңілін аулау. Әңгімеде Жомарт – қызды тек сүйіп қана қоймай, аялай да білетін адамгершілік иесі. Адам жанындағы осындай нәзік иірімдерге бойлау «Боздақ», «Көшім бала», «Ақылбайдың әні» әңгімелерінен де кездеседі.
Ал, «Директор», «Қат-қабат тірлік», «Әке көңілінің» бітім-болмысы олардан бөлектеу. Бұларда автор сын сағаттар кезіндегі адамдардың әр қилы әрекеті арқылы олардың табиғи тұрпатын танытуды мақсат тұтқан. Бұны, әсіресе, «Әке көңілінен» анық байқаймыз. Кемпірі дүниеден қайтып басына іс түскенше, Құдайқұл қария есейіп кеткен балаларының алдын – алтын, соңын мыс санайтын. Алтындары – оқып-тоқып жеткендері, мысы – маңдайына трактордан басқаны жазбаған жалғыз кенжесі. Бірақ, шын мәнінде бәрі де керісінше екен. Қартайған шалды қайсымыз қолға аламыз, деген сауалдың жауабына келгенде оқып-тоқығандар қатты қиналады. Әр қайсысы әр түрлі сылтау айтады. Ақыры «әз әкеге жаны ашыған» жалғыз Мұса (қаладағы ғалым ұлы) болып шығады да, оны қалаға алып қайтады. Дегенмен, шал қалада өткізген бірер айда ұл мен келінінің тоғышарлығына әбден көзі жетіп, елдегі момын, біртоға кенжесіне қайтуға мәжбүр болады.
Бұлардың барлығы аталған әңгіменің жетістігі десек, кемістігі схематиздік сипатында дер едік. Дәлірек айтқанда, әдебиетімізде «ғұмырсыз дәстүрге» айналып жүрген ауыл адамдарына тән бейкүнәлік пен қалалықтардың кірпияздығын қайталап айтудан автор абай болғаны жөн еді.
Жалпы жинақ бойынша жас қаламгерге айтарымыз: тілге ұсталықпен қатар ұстамдылық та қажет. Өйткені шағын жанр шалқуды көтере бермесе керек. Мұндағы кейбір әңгімелерде («Ақылбайдың әні», «Қорлан») негізгі оқиғаға келмес бұрын, кең көсіліп алушылық кездеседі. Бұл – әңгіме жанры үшін басы артық дүние. Және осы шағын жанр үстінде оқиғаны бір кейіпкердің көзімен көрсетіп отырып, енді бір мезетте екінші, үшінші адамның ішіне үңіле беру де келісе бермейді.
Жинақтағы «Соғыстан соңғы ән» повесінде композициялық селкеуліктері, көркемдік дәлелдеудің жетіспеуі сияқты кемшіліктер болғандықтан оған әзірге пікір айту да артық.