«Шераға»

Дидахмет Әшімханұлы,

1994 жыл, рецензия,

Қазақ әдебиеті газеті

ЖИНАҚ АТЫ – «ШЕРАҒА»

«Шераға». «Атамұра» баспасы. 1994 ж.

Шераға – әрине, Шерхан Мұртаза. Әринесі сол – көптің аузындағы «Шераға» – ресми белгіленбеген, құжатта мөрленбеген – сол көптің азамат Шерхан Мұртазаға көрсеткен құрмет белгісі де іспетті. Содан да болар, бұл есімнің алдында тіркер небір анықтауыш, атақ, лауазымдардан гөрі «Шераға» деген жалғыз сөз талайдың жанына жақын, жүрегіне жылы көрінсе керек. Демек, жинақ атының өзі-ақ оқырманын шақырып, шуақты ойға жетелеп, сырсандықтың кілтін нұсқап тұрғаны анық.

Бұл жинақ – әдеттегі дәстүр, көзқарас жағынан тосындау дүние. Өйткені, бұған Шерағаңның «…60 жылдық мерейтойы кезінде жолданған құттықтаулар, аға буын өкілдерінің тілектері, замандастарының лебіздері мен іні-қарындастарының ізеттері топтастырылған». Қызық! «50»-ден бастап – «95»-ке дейінгі мүшелтойларын бұрын кімдер тойламаған. Осындай той үстінде оларға кімдер «құттықтау» жолдап, кім жылы лебіз айтпаған. Бәрі де болған. Бірақ… сол «лебіз», «ізеттер» түп-түгел жинақталып, кейін жеке кітап болып шыққаны жоқтың қасы. Неге? Әлде бұрынғы мүшелтой иелерінің ешқайсысы мұндай жинаққа лайық емес пе еді? Жоқ, олай деуге ауыз бармайды. Бір адамның абыройын көтеру үшін басқалардың биігін аласарту адамдық та, адалдық та емес. Мәселен – алдымен, уақыттың ыңғайында. Қазір қандай жинақ, қандай кітап шығарам десе де баспагерлердің өз қалауында. Екіншіден, кез келген игілікті дүниенің өмірге жолдама алуы жеке бір адамдардың білім-білігі мен іскерлік қарымына, ой ұшқырлығына да байланысты. Мәселен, бұл жинақтың жарыққа шығуына барлық жағынан бас-көздік жасап, тікелей мұрындық болған – баспасөздегі алғашқы қадамынан-ақ Шерағаңның өзі болашағынан зор үміт күткен шәкірттерінің бірі, бүгінгі баспа директоры – Мұхтар Құлмұхаммед. Шәкірт дегенде, осы тұста мына жағдайды да айта кеткен жөн. Жинаққа абзал аға туралы ағынан жарылып, ақтарыла сыр қозғаған авторлардың басым көпшілігі де өздерін Шерағаңның шәкірті есептейді. Есептеп қоймайды, «Шерағаңның шекпенінен шыққандарын» мақтан тұтады. Қалам ұстаған әр азаматтың баспасөзде де, басқа жерде де ұстаз тұтар, тәлімгер көрер ағалары аз болмауы мүмкін, алайда «Шераға» десе солардың шешіле сөйлеп кетер себебі неде? Бұған жауап ретінде белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының мына сөзін оқыңыз: «…Шерхан аға! Көке! Осыдан 20-30 жыл бұрын Сіз «Лен. жасқа» Алтайдан, Атыраудан, Сарыарқа мен Жетісудан кіл талантты іні-қарындас жиғансыз. Күні бүгінге дейін солардың бірде-бірін шашау шығармай, әлі баяғыша сыйлы аға, ісі мен сөзі бір жерден шығатын сенімді серіктесі, тілеулесі болып келесіз. Қазақтың халқым деген қай баласын да алаламайтындығыңызға күллі қызметіңіз бен қылығыңыз куә. «Таспен атқанды аспен атқан» кезіңізді де білеміз. Азаматтары өзді-өзі сыйласа алмаған елде, ұлтта жарқын болашақ бола қоймайтынын Сіз өз тірлігіңізбен уағыздаудай уағыздап-ақ жүрсіз. Ағасы қисықтың інісі түзік болмайды. Сіз өз түзіктігіңізбен ел басын біріктіруге ұмтылатын қазақтың әр ұл-қызына жалықпай-талмай тәлім көрсеттіңіз. Сіздей аға көп болса, елімізде ертең-ақ ауызбірлікті іні-қарындас қаулап, қаптап кететіндей көрінеді маған» (117-бет).

Сөз білетін, жөн білетін, ұстазына шын адал шәкірттің ой-ниеті осындай-ақ болсын. Және Бексұлтанның бұл сөзі – бүгінде жасы елуден асқан орта буын ағаларының ғана емес, ыстық лебізі ішінде жатқан қазіргі қырықтың о жақ, бұ жағындағы талай таланттың да сөзі. Иә, шын мәнінде, қай буынның өкілі болмасын, сөз өнерінде шыңдалған тек таланттар ғана Шерағаң жөнінде осылай дер еді. Өйткені Шерағаң өз маңайына ең алдымен рухани іні-қарындастарын топтастыратыны бізге белгілі. Соның арқасында 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың арасында өнерге қанат қаққандардың бір легі де «Шерағаңның шекпенінен» жылу тапқан. Оларға да Шерағаң: «сен Алтайдансың, сен Атыраудансың» деген жоқ, кез келгенге қояр талабы біреу еді: қаламың жүрдек, арың таза, ойлағаның халықтың қамы болсын! Бұл талаптан шыққандар Шерағаңнан шеттік көрмеген болар. Бұл талаптан шығам деп жүріп, өз халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ұлт-ұрпақтың болашағы үшін біраз тер төккендер де жеткілікті. Демек, Бексұлтанның сөзі – қалам ұстаған көптің сөзі дейтініміз осыдан.

Әрине, «көп» дегеніміз – «бәрі» емес. Жұрттың бәріне жағу, баршаның бірдей көңілін табу мүмкін бе? Мұндай адам табылса, оның жалпақшешейден айырмасы не?! Ал, Шерағаңның табиғатына жалпақшешейлік жат дүние. Сондықтан жоғарыдағы Бексұлтанның сөзі де, оны біздің қоштауымызбен қоса, тіпті осы жинақтың жарық көруі де біреулерге ұнамауы кәдік. Бірақ кім не десе, о десін, «Шераға» жинағы өмірге жолдама алып үлгерді. Мұндағы қошемет лебіздер, іш жылытар ілтипат, мерейтой үстіндегі халықтың үлкен құрметі, ағалық әдемі сүйініш, інілік ыстық ықылас – бәрі-бәрі де енді Шерағаңның жеке абырой-беделі үшін аса қажет бола қоймас. Шерағаң шығар биігіне көпшіксіз де көтеріле білген. Ендеше, бұл жинақ кім үшін керек? Оқырман үшін. Бүгінгі жастар, ертеңгі ұрпақ үшін. Оларға берер тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге үшін. Аға ұрпақтан қалған базбір арлы, азаматтық дәстүрлерді жалғастыру үшін. Мәселен, жинақта мынадай қызық ой қайталаулар бар.

«Әсіресе, Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмірі мен қызметі туралы жазған іргелі еңбегіңіз өз халқының жарқын болашағы жолында ғазиз жанын пида еткен есіл ерлерімізге арналған лайықты ескерткіш болды (Н.Назарбаевтың құттықтауынан. 5-бет).

«Торқалы тойы өтіп жатқан Шерхан ағамыз туралы толғанған тұста ойға алдымен оралатын екі адам бар. Олардың бірі – Тұрар Рысқұлов, екіншісі – Бауыржан Момышұлы. Шерхан Мұртазаның өмірі мен өнеріне осы екі асыл ағамыздың біртуар болмыс-бітіміне ұқсастықты, ортақ белгілерді көп көруге болады» (М. Жолдасбеков. 8-бет).

«Көп адамдар айтып, жазып жүргендей, Шерхан Мұртаза бейнесінен бір қазақ халқының аяулы перзенті, елім деп еңіреп өткен асыл адам… әділетсіздіктің құрбаны болып, халқы, ұлты үшін күйіп кеткен Тұрар Рысқұловтың тұлғасын танығандай әсерге жиі-жиі бөленетінімізді қайталап айтқымыз келеді» (М. Үркімбаев. 20-бет).

«Шерағада» осыған жуық ойды басқа да біраз автор айтқан. Әлдекімдер: той үстінде кім не демейді, деуі де мүмкін. Бірақ әр жерде, әр түрлі баспасөзде айтылған пікір кезінде біреудің аузына біреу сөз салып берген жоқ қой. Олай болса, көптің бір жерден шыққаны ғой. Бұдан шығатын қорытынды, егер жазушы Шерхан Мұртаза жалындап өткен жанкешті ғұмыр – Тұрар Рысқұлов өмірін бізге өнеге етіп ұсынса, сондай роман жазып қана қоймай ұзақ жылғы редакторлық, басшылық жұмысында халқы үшін қара нардың жүгін көтерген, ал соңғы жылдардағы депутаттық қызметінде елдің мұңы, жұрттың қамына бола үнемі ердің сөзін сөйлей білген қайраткер Шерхан Мұртазаның өз ісін де өзгелерге өнеге етсе, бұның несі артық. Міне, «Шераға» жинағы бізге осы үшін де керек.

«Қайта құру» деп басталып, «жариялылық» атымен жар салып жеткен кейінгі сегіз-тоғыз жылдың рухани өмірімізге берген жемісі жеткілікті, өкініші де баршылық. Жемісі, әрине, белгілі, ал өкініші?.. Жылдар бойы жадымызда жарқын тұлғаланып келген көп идеалдарға көлеңкенің түскені. «Ақиқатын айтамыз, ақтаңдақтардың бетін ашамыз» деп, бұрынғы арыстардың абырой-атағын аспандатумен қатар кейінгі алыптардың біразын тұқыртуға, тұғырын аласартуға ұмтылдық. Нәтижесінде, бір кездері өз заманының сөзін сөйлесе де, әдебиет пен өнердің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген талай тарланбозға оқырманның өзі де күмән-күдікпен қарай бастады. Өкініштің үлкені де – сол. Жалпақ жұрт үшін «жазушы» – қасиетті ұғым. Ол ұғымға сызат түссе – сөзден қадір, тілден бедел кеткені де. Демек «Шераға» сияқты жинақ жалпы жазушы атаулының абыройын көтеру үшін де керек шығар.

Иә, бұл – ең алдымен, Жазушы туралы кітап. Сосын… Азамат, Басшы, Қайраткер жөніндегі сыр. Мұндай биікке көтерілу үшін Адам қандай болу керек деген сұраққа біраз жауапты да оқырман осы кітаптан табады.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo