Шағыр. Ахметжан Аширов

Ахметжан Аширов,
ұйғыр жазушысы.
Аударған — Дидахмет Әшімханұлы.


Шағыр

Шағыр екеуміз бір жылда тумасақ та, тел қозыдай тең өстік. Екеуміз
дегенде, сіздер біздің кім екенімізді білмейсіздер ғой. Ендеше таныстырайын:
мен – он екі жастағы «жігітпін» де, Шағыр – екі жасар тана. Иә, кәдімгі
сынық сүйем мүйізі бар тана. Көздері шарасынан шығардай шатынап,
шағырмақтанып тұратындықтан, мен оны Шағыр атап кеткем. Өзі тым тез
өсті. Кеше ғана енесінің емшегін таба алмай, түртініп тұратын ол енді
табынның алдын бермей тапырақтап, арық-тұрақ бұзау, баспақты сүзіп-іреп,
тентек мінез таныта бастаған. Атамның орағындай үшкір мүйіздерін жерге
қадап жіберіп, топырақты бұрқ-бұрқ шашып, сосын қара жолды шаңдата
шапқылай жөнелетін кезі де көп. Өзіне тиіскен адамды да оңдырмайды,
шағыр көзі шатынап тіке ұмтылады. Ал еркелетіп арқа-басынан сипасаң,
одан жуас, одан сүйкімді жануар жоқ, сілекейі сыздықтап рахаттанып тұра
береді. Мен сонда «сиыр сипағанды білмес» дейтін ағайымның сөзі өтірік
шығар деп ойлаймын. Қалай десең де, Шағырдың кей қылығы адам мінезіне
көп ұқсайды. «Сен байқа, адамдарға сес көрсете берме! Олар саған қашан да
жануар деп қарайды, мүйізіңді қағып тастауы оп-оңай» деп мойнынан
сипасам, «түсінем» дегендей бас шұлғиды. «Адамға ұқсағаның рас болса, мә,
мынаны жеші» деп нан ұсынсам, ол ақжем тілімен бір-ақ орап тартып алады.
Себетке тұмсығын тығып тұрып, картопты да гүтірлетеді. Сол сәтте сабынды
судай сілекейі қалай шұбырады десеңші; көздері шапыраштанып, тіпті, мені
де танымай кетеді. «Өй, ашқарақ байқұс, асықпай жесең, аузыңдағыны біреу
тартып ала ма?» деймін мен ыза болып. Ол маған көз қиығын салмастан
артқы аяқтарын сырт-сырт еткізеді де, сәлден соң, бос себетті мүйізімен
төңкеріп тастайды. Онысы – «тағы бар ма?» дегені. Шағырдың мінезі қызық
қой, қызық!..
Біз, бір топ бала, ауыл сыртындағы Қарабұлақтың жиегінде күресіп
ойнап жүргенбіз. Мезгіл екіндіге тақап қалған кез еді. Батыс көкжиекті әпсәтте қара бұлт торлап алды да, шаң ұйтқыған қатты жел лезде бізге жетіп
келді. Алды-артымызға қарамай үйге зыта жөнелдік. Неге екені белгісіз,
жолай есіме Шағыр түскен. Бұл уақытта ол өрістен қайтып келетін. Шаңтопыраққа аунап, құйрығына ошаған жабыстырып, қап-қара боп келген оны
күнде мен тазалаймын. «Бүгін қалай жетті екен?» деймін ішімнен. Осы оймен
жүгіріп үйге келсем… міне, қызық! Әдетте ауланы емін-еркін кезіп жүретін
менің Шағырым, тентек Шағырым түнде өзім ұйықтайтын бір түп үйеңкінің
түбінде темір шынжырмен байлаулы тұр. Маған жаутаңдай қарайды.
Жанында сабағы да кеппеген жүгерінің собығы, тапталып, езілген қияр,
асқабақ, күнбағыс, түбінен жұлынған сарымсақ, сәбіз үйіліп жатыр. Шағыр
бақша ішінде бос жүргенше, бұларды отай жүрген сыңайы бар. Осы мезетте
қолына кетпен ұстаған ағайым үй сыртынан жүгіріп шықты. Аяғын сенделе
басады, көзі қып-қызыл. Шамасы, бүгін де ішіп алған сияқты.
– Сипағанды білмес, қу мүйіз, неге жемейсің, а! Же… же!… Өзің жұлып
сындырған екенсің, енді өзің же!.. Осының бәрін отырғызып-өсіру оңай
дейсің ғой, а?!! Жарып тастайын ба тұрған жеріңде! – деп ол Шағырға тұра
ұмтылды. Көзді ашып-жұмғанша кетпеннің темір басымен оны бір-екі салып
та жіберді. Байқұс Шағыр шынжырын жұлқа тартады. Бірақ үзілмейді.
Үзілмеген соң үйеңкіні айнала қашады. Бұрын-соңды адамнан мұндай зәбір
көретінін білмесе керек. Білсе, мана-ақ қашып кетпей ме?.. Ағайым оған тағы
ұмтылғанда, мен:
– Мені соқ, ака! Оның ешқандай кінәсі жоқ, мені соқ! – деп кетпеннің
сабынан ұстай алдым.
– Кет әрі, боқмұрын!.. Арашашылын бұның! – деп ағайым тісін
шықырлатып, тастай қатты жұмырығымен мені итеріп тастады.
Мен етпетімнен құладым. Осы сәтте Шағыр жердің шаңын тулақтай
қағып, тулап секіргенде темір шынжыр шылдыр етіп үзіліп кетті.
– Қаш, Шағыр, қаш! – дедім мен ағайымның кетпені тағы көтеріле
бергенде.
Бірақ Шағыр қашпады, мойнын тұқырайтып алып, ағайыма жер сүзе
жетіп барды да, оны мүйізімен іреген күйі дуал түбіне домалатып тастады.
– Тоқта, бәлем, сені ме?! Балтамен шауып тастайын, – деді ағайым
кетпеніне жармасып.
– Шамына тиме, ака… қарныңды жарып тастайды, – дедім мен
қауіптеніп.
– Жарып көрсін, бәлем…
Ағайым сөзін аяқтағанша Шағыр өкіре ұмтылып, «жауын» дуал
қабырғасына бір-ақ жапсырды. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті.
– Қой, Шағыр, қоя ғой!.. Кет енді! – деймін жалынышты. Ол менің
даусымды таныды ма, әлде сөзімді тыңдады ма, шегіншектеп аулаға қарай
беттеді. Көзі аларып, қабырғаға жабысып қалған ағайым да бір сәт қозғала
бастады. Құдды мастығынан айығып кеткендей.
– Білмеп едім… Шағырыңның ашуы қатты екен… жүдә, қатты екен.
Жануар да арақ иісін жек көретін болған ба?!, – деді ол міңгірлеп.
– Иә, жек көреді. Арақты да, сені де, – дедім мен.
– Олай деме, Нұрсадық, мен арақты қай бір жетіскенімнен ішіп жүр
дейсің, – деп ол теріс бұрыла берді.
Ағайымның әйелі биыл қыста ғана қайтыс болғаны есіме түсті. Мен оны
аяп кеттім. Аяй тұрып:
– Сен ішкенмен Зухра тәтем қайта тіріле ме? – деп салғанымды өзім де
аңғармай қалыппын. Бұл сөзімді ол естісе де естімегендей кете барды.
Алакөлеңке қорада Шағырдың екі көзі екі жұлдыздай жылтырап тұр
екен.
– Сен оған ренжіме. Ол енді сені соқпайды, – деймін оны жұбатқан боп.
Сосын жуан мойыны мен жұп-жұмыр жотасынан еркелете сипадым. Бойында
болымсыз діріл бар екен. Әдеттегідей жып-жылы қолтығына қол тығып едім,
артқы аяғын орай сермеп үлгерді. Тізем тыз ете түсті.
– Шағыр, саған не болды!? Менің жазығым не? – деймін мен таңданып.
«Сенің жазығың – сен де адамсың. Барлықтарың бізді тек жануар деп
қарайсыңдар» дегендей ол тұяқтарын сыртылдатып, сарайдың түкпіріне
қарай жылжыды.


Шағыр адамдарға «ренжігенмен», кек сақтамады. Көп өтпей-ақ екеуіміз
қайта «достасып» алдық. Найзағай жарқылдап, жаңбыр селдеткен күндері
бізден қуанышты ешкім жоқ. Мен оған мініп алып, ауыл сыртына шапқылай
жөнелем. Қарсы алдымызда неше түрлі шашбау тағып, кемпірқосақ тұрады
иіліп.
– Қарашы, Шағыр, қандай әдемі бояулар! Тез қарамасаң, қашып кетеді
олар, – деймін мен шаттанып. Сөзімді түсінгендей Шағыр тұмсығын көкке
көтереді. Сонан соң бір іс тындырғандай ауылға тағы шапқылап қайтамыз да,
біздің үйдің жанындағы кәрі үйеңкінің тұсына келгенде ғана аяқ суытамыз.
Естуімше, бұл үйеңкіні баяғыда-а бабайымның бабайы шыбық күйінде
шаншыпты. Қазір бабайым сияқты ол да қартайып, әжім торлаған қабықтары
мүжіліп, қураған бұтақтары сыйдиып, құлағалы әзер тұр. Оның бір
бұтағында екі жеңі салбырап бабайымның ескі тоны жаюлы тұрады. Жаз
айларында мен соған мінемін де, алысқа ұзақ-ұзақ қараймын, кейде кітап
оқимын. Бірде апам: «Құлайсың-ау бір күні!» деп кейігенде, бабайым
«Қорықпа, шырағым. Бұл ағашты құшақтаған адамды құдай алмайды» деп
күлген.
Бірде сол бабайымның тонын аспалы төсек етіп, ағаш басында
ұйықтағалы жатқанмын. Айсыз қараңғы түн еді. Әлден уақытта үйеңкі түбіне
сырықтай біреу келді де:
– Әй, Нұрсадық, түс төмен! – деді әмірлі. Даусынан бірден таныдым…
Өзімнен төрт-бес жас үлкен Сүлеймен-ака екен.
Мен жылдам киіндім де, жерге секіріп түстім.
– Не боп қалды? – дедім қапелімде.
– Кейін айтам, жүр тез. Мен жалғыз емеспін, – деп ол мені жетелеп аула
сыртына шығарды. Қараңғы көшеде есекке мінген екі жігіт тұр екен.
Жақындай келе бұлардың ағайынды Амут пен Тұрған екенін таныдым.
Жүрістері суыт, жүздері суық сияқты. Сүлеймен-ака мені есегінің артына
мінгестіріп алды да, жігіттерге:
– Бұл біздің інішек… Ал, тез кеттік. Ай туғанша істі тәмам қылайық, –
деді.
– Қайда кеттік? – деймін мен.
– Барған соң білесің, – дейді жігіттер күліп.
Олар ауыл шетіндегі биік дуалмен қоршалған Кәмердин-қапақтың
бақшасына тақағанда, есектерінен жылдам түсе бастады Кәмердин-қапақты
мен де жақсы білетінмін. Көктемде Шағырдың құйрығынан ұстап алып, осы
бақшаны жиектей жүгіріп келе жатқанымда, ол: «Егер бақшаға түскендеріңді
көрсем, көздеріңді шұқимын» деген.
– Нұрсадық, бұл қапақ – оңбаған қапақ. Колхозда жұмыс істемейді.
Біреуге бір алма бермейді. Бәрін базарға апарып сатады. Сол үшін бүгін біз
оны зар қақсатып кетейік, – деді Сүлеймен-ака.
– Жоқ, ұрлауға болмайды. Ұрлайтындарыңды білсем, жаңа үйден
шықпас едім, – дедім мен.
– Сен ұрламайсың. Бақшаға түсетін – біз. Сен тек қарауылдап тұрсаң,
болғаны. Кәмердин-қапақ көрінсе, ысқырып белгі бересің. Бар жұмысың –
сол, – деді Сүлеймен-ака.
Мен келістім. Олар бақша ішіне секіріп түсті де, лезде ғайып болды…
Арада қанша минут өткенін білмеймін, әлден уақытта жерден шыққандай
жаныма жетіп келген бір адам қолымнан шап берді.
– Не істеп тұрсың?! – деді ол зеки сөйлеп.
Амал жоқ, «не істеп тұрғанымды» жасыра алмадым.
– Кімнің баласысың? – деді ол тағы.
– Сайдулланың.
– Ә, ақсақ Сайдулланың ба?.. Ол ақсақтың маған қылмағаны жоқ еді.
Аяғыңды сындырып, сені де ақсақ қылсам ба екен…
Өлген әкемді неге бүйтіп қорлайды десеңші! Ол жамандығынан ақсақ
болды ма? Сап-сау аяғын соғыста берді емес пе? Соның зардабынан ақыры
өлді де… Кәмердин-қапақ кенет мылтығын оқтай бастады. Өне бойым сұпсуық болып кетті. Бақшадағы жігіттерге қалай белгі берсем екен? Мына
қапақтың адам аяр түрі жоқ, қазір олар қақпадан шыға бергенде, бір-бірлеп
атып тастауы мүмкін.
– Е-е-ей, сақтаныңдар! – деп жандәрмен айқай салдым да, тұра қаштым.
Бірақ әлденеге аяғым шалынып, етбетімнен құладым. Құлаған жерде үстіме
міне түскен Кәмердин-қапақ шалбарымды сыпырып жіберіп, тікенек
шыбықпен аяусыз осқыласын кеп. Не заматта ғана бұтының арасынан
сытылып шығып, ойбайлап қаша жөнелдім.
– Әкеңді танытам әлі… танытам! Әкең маған не қылмап еді, күшік неме!
– деп ол айқайлап қала берді.
Таңертең сырттан естілген қатты айқай-шудан ояндым. Жүгіріп тысқа
шықсам, араларында кемпір-шалдары бар біздің біраз туыстар мен көршілер
аулада жүр екен… Үйеңкінің жанында басы-көзін қан жауып кеткен
Шағырды көрдім. Екі құлағын біреу түбіне дейін кесіп тастапты. Жарақаты
жанына батса керек, аяғын баса алмай теңселе береді. Көзінен қан аралас жас
тамады. «Адамдар-ау, мен сендерге не жаздым? Сендер сияқты мен де
жаңбырдың тырсылын, бұлақтың сылдырын естуім керек еді ғой. Құлақсыз
енді қалай естимін» деп жылап тұрғандай.
Менің де жанарым жасқа толып, жұртқа кемсеңдей қараймын…
Мәссаған! Мына Кәмердин-қапақты қара! Қолындағы қан-қан пышағын
шөпке сүртіп отыр.
– Әй, Кәмердин, бұл қай қастығың! Тілі жоқ демесең, малдың да жаны
бар емес пе?.. Сені де біреу адам деп жүр-ау, – деді бабайлардың бірі.
– Адам емес, азғын ол!
– Малдан садағасы кетсін!
– Қараниет! Қаскүнем! – деген дауыстар тұс-тұстан естілді.
– Шағыр… Шағыр, не болды саған! – деп тананың жанына келіп едім, ол
басын шайқап жолатпады. Адам атаулыдан көңілі қалған секілді. Адамның
бәрінде қару бар деп сескенетін секілді.
Кәмердин-қапақ қолына жұққан қанды етігінің қонышына сүртті де,
орнынан жайбарақат тұрып:
– Болды! Шуламаңдар түге! Қара жамылатындай қара орманың құлаған
жоқ, – деді жұртқа. Сосын маған бұрылып: – Әй, қарауыл бала, Шағырың
семіз көрінеді, маған бер. Орнына сауын сиыр аласың. Сонда біріміз етті,
біріміз сүтті боламыз, – деп күлді. Мен шыдай алмай жылап жібердім:
– Дүниенің бар қызығы тек сенікі емес. Оған Шағыр да ортақ, Шағыр да,
– дедім өксік аралас.
Кәмердин-қапақ маған алара қарады.
– Мұрнының суын сүрте алмай жүріп, данышпанын бұның?!.
– Жұртты түгел арамдама сен. Арамдайтын бетің жоқ. Бұ қылығыңды
ертең-ақ бүкіл ел еститін болады. Көрерміз сонда… жер басып қалай
жүреріңді, – деді бір бабай.
– Сен, шал, көп сөзді қой да, мен «заказайт» еткен кеспекті жасадың ба,
соны айт. Жасасаң, әкел бермен, мына тананың етін салуға ыдыс керек маған.
Әлгі бабай ағаштан жасалған жап-жаңа кеспекті үйден домалатып
шығарды да, быт-шыт қып сындырып, жоңқаларын Кәмердинге лақтырып
тастады.
– Сен істейін деген дүниеңнің бәрі өстіп сынсын. Иллаийм!
Қарт алақандарын жайып, бетін сипады. Жұрт үнсіз үйлеріне тарады.
Ертеңінде мал дәрігері Шағырдың құлақ түбіне дәрі жағып, дәкемен
таңып тастады.
– Кәмердиннің ісін сотқа беру керек. Мен акт жазайын, – деді ол.
– Қажеті жоқ. Ар сотынан артық қандай сот бар? – деп ағайым көнбеді.
– Иә-ә, бұ танаға енді құлақ өспес… Кәмердиннің де қылығы ұмытылмас,
– деді ол.
Бірер айдан соң Шағырдың жарасы жазылып, құлақ түптерінен ұп-ұзын
аппақ жүн өсіп шықты.
Әрине, бұның «сырын» біздің ауыл түгел біледі. Ал, сырттан келген
біреулер, «Мына тананың құлағы неге жоқ?» десе: жұрт «Кәмердин деген
қапақ кескен» дейді бір ауыздан. Айтпақшы, ол менің әкемді неге жек
көретінін кейін білдім. Қысылтаяң жылдары бір арба астық ұрлап сатқаны
үшін Кәмердин абақтыда отырып қайтыпты да, соның кінәсін әлі күнге дейін
әкемнен көреді екен.
…Бірер жылдан кейін Шағыр емшегі күбідей сиыр болды. Баяғы ерке
мінезінің бәрі қалған. Маң-маң басып өрістен қайтады. Сүтін сауып алған
соң, қораға барып маңғаздана күйсеп жатады. Таңертең табынға қосарда мен
оны Кәмердиннің үйінің жанынан айдап өтем. Ол бізді көргенде, жүзі
шыдамай ма, теріс бұрылып кетеді… Ол туралы тағы бір қызық әңгіме бар.
Қызық деймін-ау, оның ешқандай қызықтығы да жоқ. Кәмердин бірер
жылдан бері таудан әлдебір шөптің тамырын қазып алып, сатып жүретін.
Сондай бір шаруа үстінде құлағын кене шағыпты. Ауруханадан жуықта ғана
оралған. Тас керең саңырау деседі…
Өткен айда көрші ауылдың бір адамы біздің үйге келіп, ағайыммен ұзақ
әңгімелесті. Сосын екеуі сыртқа шықты да, қораға беттеді. Соңдарынан мен
де ілестім. Бейтаныс адам Шағырды айналып алдынан қарады, бұрылып
бүйіріне көз салды, еңкейіп емшегін ұстады. Ең соңында аузын ашып тісін
көрді де:
– Рас, жас мал екен, сатып алам, – деді.
– Алыңыз, – деді ағайым.
Сол күні бейтаныс адам Шағырды жетектеді де кетті.
– Нұрсадық, сен ренжіме. Мал адамға ет те, сүт те береді. Қылығымен
қызыққа да бөлейді. Бірақ малдың бәрін мал деп білген жөн, – деп ағайым
шашымнан сипады.
– Адамның бәрін де адам деп білеміз бе? – дедім мен. Бұл сөзді неге
айтқанымды өзім де түсінбедім.
Қызық!.. Ертеңінде таңертең қатты мөңіреген сиыр даусынан ояндым.
Алғашында түсім бе деп ойлағам. Жоқ… кәдімгідей мөңіреп тұр… Шағырдың
үні сияқты. Жүгіріп үйден шыққанымда… шынында, аулада тұрған Шағырды
көрдім. Мүйізінен байлаған ұзын жіп аяқ астында ширатылып жатыр. Жолда
шалғын кешкен бе, шалшықтан өткен бе, бауырынан су тамшылайды,
құйрығы ұйысқан ошаған. Қиярдың қабығындай бұдыр-бұдыр тілімен
алақанымды жалап қояды. Еркелегені-ау, сірә!..
Кешегі бейтаныс адам түс ауа ашуланып келді де, Шағырды шықпырта
соғып, алдына сала жөнелді. Бұдан кейін біз оны көргеміз жоқ. Мүмкін, темір
шынжырмен байлап ұстайтын шығар. Мүмкін соғымға сойып, немесе сатып
жіберген болар. Өйткені біз малдың бәрін – мал, адамның бәрін – адам деп
білеміз ғой.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo