ТЕҢІЗ ҚОРҚАУЫ

Дидахмет Әшімханұлы

ДЖЕК ЛОНДОН

ТЕҢІЗ ҚОРҚАУЫ

Роман

Бірінші тарау

Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.

Мен мініп шыққан “Мартинес” кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, өйткені ол уақытта мен теңізде жүзудің тылсым сырларынан мүлде бейхабар болатынмын. Әлі есімде, мен үстіңгі палубада, жүргізу рубкасының дәл түбінде, пароходтың тұмсық тұсында жайбарақат, көңілді тұрдым, теңіз бетін бүркеген қара тұманның қалың  пердесі де маған аса әсер ете қойған жоқ. Жеңіл ғана ескен теңіз желіне бетімді тосып, біраз уақыт сызды ымыртта жалғыз тұрдым – дегенмен жалғыз деуге де болмас, менің бас жағымдағы шынылы рубкада тұрған жүргізушіні, сосын тағы біреуді (менімше, ол капитан болар) сырттай сезінгенім бар.

Сонда мен “еңбек бөлінісі деген қандай жақсы, егер шығанақтың арғы жағындағы досыма барғым келсе, маған тұман мен желді, судың тасуы мен қайтуын, сондай-ақ бүкіл теңіз ғылымын оқып-үйренудің түкке де қажеті жоқ” деп ой түйгенім де есімде. Жүргізуші мен капитан сияқты арнайы мамандардың болғаны қандай керемет, олардың кәсіптік білімі теңіз иісі мұрнына да бармайтын мен секілді мыңдаған дым сезбестерге игілікті қызмет етеді, деп толғанғаным және бар. Есесіне, деймін мен, көди-сөди заттарды оқып-үйренуге бас қатырғанша, бар күш-қуатымды өзіме қажетті мәселелерге жұмсамаймын ба, мысалы, Америка әдебиетінің тарихындағы Эдгар Поның ролі дегендей. Тіпті осыған сәйкес айта кету де артық етпес, “Атлантиканың” соңғы санында оған  арналған менің мақалам да жарық көрген ғой. Пароходқа келіп отырып, салонға көз қиығымды салғанда, “Атлантикадағы” дәл менің мақалам шыққан бетке үңіліп отырған сымбатты бір джентелменді көргенде, ішім қандай жылып кетті десеңші. Бұның өзі де еңбек бөлінісінің тым пайдалы жағын еске түсіргендей еді; жүргізуші мен капитанның арнайы білімі осы бір сымбатты джентелменді Саусалитодан Сан-Францискоға шаршатпай жеткізумен қатар оған Эдгар По жөніндегі менің арнайы біліміммен танысуға да мүмкіндік жасап отыр.

Менің желке тұсымдағы салон есігі сықыр етіп ашылды да, әлдебір қызыл шырайлы адам палубаға шығып, ойымды күрт бұзып жіберді. Соның алдында ғана мен келесі кезекте жазатын мақаламның тақырыбын іштей пісіріп тұрғанмын, тіпті оған “Бостандықтың қажеттігі. Суреткерді қорғау туралы сөз” деген ат да қойып үлгергенмін. Қызыл шырайлы адам жүргізу рубкасына көз салды, сосын бізді тұмшалаған тұманға қарап біраз тұрды да, палуба үстінде сылти басып ары-бері жүріп келіп (бір аяғы ағаш екені сезіліп тұр), ақыры менің қарсы алдыма талтайып тұра қалды; жүзі жылы көрінді. Бұл адам бүкіл ғұмырын теңізде өткізген болар деген менің болжамым расқа шыққандай.

– Жасыңа жетпей шашыңды ағартатын-ақ күн ғой мынау,– деп ол жүргізу рубкасы жаққа иек қағып, күңк ете қалды.

– Не, сонда бұл ерекше бір қиыншылық туғыза ма?– дедім мен.– Әрі-беріден соң екі жерде екі – төрт дегендей қарапайым ғана нәрсе емес пе! Бағытты компас көрсетіп тұрады, қашықтық пен жылдамдық ол да белгілі. Мұнда қарапайым арифметикалық есептен басқа не бар.

– Ерекше қиыншылық! – деп ол ызалы мырс етті. – Екі жерде екі – төрт дегендей қарапайым! Арифметикалық есеп!.. Сөзінің түрін!

Ол сәл шегіне түсіп, маған сынай қарады.

– Ал сіз Алтын Қақпаға қарай ақтарыла құлайтын судың тасуы туралы не айтасыз?– Бұнысы қарапайым сұрақтан гөрі тергеуге ұқсап еді.– Ағыстың жылдамдығы қанша? Ал оның бұра тартуы қалай? Ал мынау не – тыңдаңызшы! Қоңырау ма? Біз тура қоңыраулы дабылға сұғына кіріп барамыз! Қараңыз – бағытты өзгерттік.

Тұман ішінен азынай ышқынған дыбыс естілді. Артынша… біздің кеменің жүргізушісі штурвалды жанталаса бір жағына бұрып үлгерді. Қоңырау үні енді алдыңғы жақтан емес, бүйірден естілген. Осы мезетте біздің пароходтың да гудогы қырылдап қоя берді де, іле-шала оған басқа гудоктар қосылды.

– Міне, тағы бір пароходсымақ! – деді қызыл шырайлы адам, гудок дыбысы шыққан оң жаққа қарай иек көтеріп. – Ал мынау! Естисіз бе? Жай ғана кернеймен белгі беріп келеді. Соған қарағанда, қайдағы бір шаланда болу керек… Е-ей, шаландада отырған байқұстар, сақ болыңдар! Иә, біліп едім-ау! Қазір біреулер әкесінің атын ұмытатын болады!

Көзге шалынбаған пароход гудок үстіне гудок басты, оған керней қосылды, бәрінің есі шығып кеткен сияқты.

– Міне, енді бір-бірін түсінгендей, бұдан соң әркім өз жолын табады,– деді қызыл шырайлы адам, төңірек тып-тыныш бола қалған кезде.

Ол маған дабылдар мен кернейлердің бір-біріне не деп белгі бергенін түсіндіріп берді. Түсіндіріп тұрған кезде көздері ұшқын атып, жүзі нұрланып кеткендей болған.

– Сол жақта – пароход дабылы, ал анау жерде, естисіз бе, қырылдаған тағы бірдеменің даусы шығады, – бұл бумен жүретін шхуна болу керек, байқаймын, ол мына тұйықтан сытылып шығып, енді шығанаққа қарай лықсыған ағысқа қарсы тырбаңдап бара жатыр.

Алдымыздағы тым таяу жерден төбе құйқаны шымырлатар бір белгісіз ысқырық жын қаққандай азынап қоя берді. Оған дауылпазын даңғырлатып “Мартинес” те жауап қатып қойды. Біздің пароходтың доңғалағы бір сәт айналмай қалып, оның су сабалаған қалақшалары біразға дейін тастай қатып тұрды да, сосын біртіндеп қайта қозғалысқа келе бастады. Төбе құйқаны шымырлатар жаңағы өткір ысқырық уақыт өткен сайын бізден алыстай берген де, тағы бір мезетте қалың тұманның сонау бір түкпірінен тек құмыға ғана жеткен. Мен жанымдағы серігіме сұраулы пішінмен көз салдым.

– Әлдебір жүрекжұтқан кішкентай катерсымақ қой. Мұндайларды суға батырып жіберсе, обалы жоқ. Бұлардан келер бәле де жеткілікті, ал ондай бәле кімге керек? Қайдағы бір миғұла осындай итаяққа отырады да, көзді жұмып, ашық теңізге шығып кетеді. Онымен қоймай ысқырады және. Неге ысқыратынын ол есуастың өзі де білмейтін шығар. Теңіз тәртібінде, кемелердің бәрі бір-біріне жол беруі керек, ал әлгіні байқаған шығарсың, басқаларды ысқырып жолдан шығарып келеді. ¤ңмеңдеп тек алға ұмтылады. Жол берудің міндетті екенін білмейді. Қарапайым сыйластықтың өзі де осы жол беруден тұратынын олар кәперге де алмайды.

Осы бір түсініксіз ашу-ызаның өзі менің де ой-қиялыма біраз қанат байлаған; жанымдағы серігім ашулана сызданып, ары-бері сылти басып жүргенде, мен тағы да тұман турасында әдемі бір романтикаға беріліп кеткем. Иә, бұл тұманның да, сөзсіз өз романтикасы бар екені рас қой. Түпсіз тұңғиық ғарыш кеңістігінде шыр айналып жүрген кішкентай ғана Жер шарының үстінде ол тұла бойын жұмбаққа толтырып, әруақтай сұп-сұр күйге түсіп, аттың құйрық-жалындай сонау биіктен салбырай төніп тұрғандай. Ал осынау шексіз ғаламда тозаңның бір түйіріндей немесе болмашы ұшқындай ғана болып көрінетін адамдар ағаштан ат, темірден көлік мініп, тойымсыз, қанағатсыз қызық қуып, Көзкөрместің ішінен тынымсыз жол іздейді, әркім өзінікін жөн көріп, айқайлайды, шулайды, сөйте тұрып сенімсіздік пен үрейден әмсе жүректері қалтырап тұрады.

Күтпеген жерде шыққан жанымдағы серігімнің даусы менің қаңғыған ойымды қайтарып алғандай болды да, мырс етіп күліп жібердім. ¤зімнің де, міне, желдей есіп, желік қуып келе жатқаным есіме түскен.

– О, о! Тағы біреу бізге қарсы келе жатыр,– деді қызыл шырайлы адам.– Естисіз бе? Тыңдаңызшы? Тура ұшып келеді бізге қарай. Жел айдаған бірдеме.

Бетімді жеңіл жел желпи берді; мен бір бүйірден және сәл алдыңғы жақтан гудок үнін ап-анық естідім.

– Бұл да жолаушылар кемесі ме?– дедім мен.

Қызыл шырайлы адам бас изеп қойды.

– Иә, әйтпесе бүйтіп жын қаққандай жүре ме! Біздің кеме де сасып қалды-ау деймін.

Мен жоғарыға көз салдым. Капитан кеудесіне дейін жүргізу рубкасынан шығарып алып, қалың тұман ішіне абыржи қарап тұр екен. Палубада ары-бері ақсай басып жүрген менің серігімнің жүзінен де бір үрей байқалған; мына қара түнек арасынан көзге көрінбес әлдебір қауіптің жақындап келе жатқанын ол да сезгендей.

Бәрі де көзді ашып жұмғанша болды. Қою тұман пышақ кесіп түскендей қақ жарылды да, соңынан құдды теңіз балдырын шұбатқандай қара тұманды будақтатып, бір пароход дәл алдымыздан шыға келді. Қас қағым сәтте мен оның жүргізу рубкасын, одан басын шығарып тұрған бурыл сақал қарт адамды көзім шалып қалды. Ол үстіне көкшіл форма киіпті, онысы өзіне сондай қонымды да көрінген, дегенмен бәрінен бұрын менің есімде қалғаны – оның соншама салқынқанды, сабырлы түрі еді. ¤лім мен өмір бетпе-бет келген дәл осындай сәттегі оның ұстамдылығы кімді де болсын қайран қалдырғандай болатын. Көрдім, көндім тағдырдың жазғанына, енді не де болса қарсы тұрам дегендей еді ол сонда. Сөйтіп қасқая тұрып ол бізге аса сабырлы да салмақты көз тастаған, сөйте тұрып біздің жүргізушінің: “Құрттың, қақбас!” деген жанайқайына да селт етпеген.

Сол сәт енді есіме түскенде ойлаймын, жүргізушінің бұл айқайына жауап қату да мүмкін емес еді ғой онда.

– Тез! Тезірек ұстап қалыңыз бірдемені, және қатты ұстаңыз!– деді маған қызыл шырайлы адам жандәрменде.

Алғашында абыржып қалған ол артынша жылдам ес жиып, еріктен тыс сабырға түскендей еді.

– Ал қазір әйелдер ойбайға басады,– деді ол осы оқиғаны бұрын да бастан кешкендей ызалана күңк етіп.

Мен бірдемеден ұстап үлгергенше кемелер де соқтығысып бір-ақ тынды. Алдыңғы кеме бізді ортаңғы борттан соққан болуға тиіс, бірақ оқиға көз алдымнан  тыс өткендіктен мен оны дәл байқай алмай қалдым. “Мартинес” қатты шайқалып кетті де, қапталдың гүтір-гүтір сынғаны білінді. Мен сызды палубаға етбетімнен түстім, сосын қайта тұрғанша әйелдердің құлақ тұндырар ойбайын естідім. Бұл өзі жантүршігерлік дауыс болғаны сонша, жүрегім тас төбеме шыққандай болды. Құтқару белдіктері салонда жатқаны есіме түсті де, солай қарай жанұшыра ұмтылдым, бірақ есік аузында есі шыққан жолаушыларға соқтығысып олардың арасында тырбаңдадым да қалдым. Бұдан кейін не болғаны есімде жоқ – тек еміс-еміс білетінім: әйтеуір салонға жетіп, бас жағымдағы сөреден құтқару белдіктерін бірінен соң бірін түсіре бергенім, оларды қызыл шырайлы адамның улап-шулаған әйелдерге кигізе бастағаны… Сонан кейінгі көрініс тағы да ап-анық көз алдымда: үңірейіп тесіліп қалған салонның қабырғасы, одан бұрқырай кіріп жатқан сұрғылт тұман буы; үстінде әртүрлі заттар шашылып жатқан жұмсақ төсектер; еденде аяқ алып жүргісіз киім-кешек, шүберек, ыдыс-аяқ; беліне құтқару белдігін байлап алып, менің мақалам шыққан журналды қолына ұстаған күйі көзі атыздай болып, алдымнан шыға келген кешегі сымбатты джентелмен; ағаш аяғын сүйрете бастап, каютада алдынан шыққан адамның бәріне белдік кигізіп жүрген қызыл шырайлы адам… Дода-додасы шығып жылаған әйелдер…

Бәрінен бұрын әйелдердің осы бір шыңғырған даусы менің жүйкеме қатты тиген. Байқауымша, қызыл-шырайлы адам да бұған өте күйзелсе керек, өйткені мына бір сурет жадымда мәңгі қалып қойыпты: тығыршықтай денелі, сұлу джентелмен журналын пальто қалтасына салып жатып, төңірегіне алақ-жұлақ қарай береді; әйелдер беттерін жыртып айқайлап, бейне өліп бара жатқандай жамыраса шыңғырып, салон іші азан-қазан боп кеткен, ал қызыл шырайлы адам енді ашудан түтіге булығып, найзағайдан от шашқан құдайдай қаћарланып, екі жұдырығын жоғары түйген күйі қалш-қалш етіп айқайға басқан.

– Жабыңдар ауыздарыңды! Жап деймін сендерге!

Мен осы көрініске қарап тұрып, кенет өзімді бір күлкі қысқанын сезіндім, артынша бұл күлкімнің есіріктің белгісі, қояншықтың нышаны екенін де түсіндім; өйткені менің алдымдағы әйелдер – үйдегі өз анам мен қарындастарым сияқты әйелдер – өлімнен қорыққан, өлгісі келмей жанталасқан бейшара жандар еді. Олардың ащы үні менің есіме сойғалы жатқан шошқалардың шыңғырғанын түсірген – бұл да менің иманымды ұшырып еді. Жандары нәзік, жүректері асқан сезімтал бұл әйелдердің түрі енді адам шошырлық болатын. Олар өмір сүргісі келген, бірақ қақпанға түскен тышқандай дәрменсіз еді, тек шыр-шыр еткенмен басқа амалдары да жоқ-ты.

Бұл сұмдық еді, мұндай сұмдықты көріп тұруға жаным шыдамай, мен енді палубаға қарай атылдым. Ары-бері андызған адамдардың сұлбасын ғана көргендеймін, тек айқайын ғана естимін,– біреулер шлюпкаларды түсіруге ұмтылған… Бәрі де кітапта суреттелгендей. Жүк көтергіштер құрысып, тістесіп қалған. Бәрі де жарамсыз. Бір шлюпканы түсіріп еді, оның тығынын жабуды ұмытып кетіпті: әйелдер мен балалар отырған кезде, ішіне бірден су толып кетті де, лезде тұңғиыққа бата жөнелді. Екінші шлюпканы тек бір басымен ғана түсірудің мүмкіндігі болған: екінші басы жүк көтергіште ілініп қалған да, ақыры бос өзін суға шалп  еткізген. Ал бізді апатқа ұшыратып кеткен кеменің ізі де суып үлгерген-ді, бірақ біздің адамдардың бәрі “ол міндетті түрде құтқарушы шлюпкалар жібереді” деп үміттенген болатын.

Мен төменгі палубаға түстім. “Мартинес” жылдам бата бастаған, су борттың кемеріне дейін көтеріліп қалып еді. Көптеген жолаушы борттан секіре бастады. Енді біреулер суда малтыға жүріп, өздерін қайта палубаға көтеруді сұрайды. Оларды тыңдап жатқан да ешкім жоқ. Төңіректен тек: “¤лдік! Құтқара көріңдер!”– деген жанайқайлар ғана шығады. ‡рей билеген өзгелермен бірге мен де борттан секіріп кеттім. Бұны ойлап істедім бе, әлде көзді жұмып, қойып кеттім бе – өзім де білмеймін, бірақ суға бір батып, бір шығып жүріп, неге жұрттың палубаға қайта көтеруді өтінгенін түсінгендей болдым. Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық  сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Абайсыздық пен қорқыныштан суға қалай шашалып қалғанымды да білмеймін, құтқару белдігінің көмегімен қақалып-шашалып су бетіне қайта шықтым. Аузымнан теңіздің кермек дәмі білінді, кеудем мен өкпемді бір нәрсе күйдіре тұншықтырып бара жатқандай.

Бірақ бәрінен де суық дегенің сұмдық екен. Мен енді оған бұдан әрі төзе алмайтындай, татар дәмім таусылғандай сезіндім. Маңайымдағы адамдар да суда тырбаңдап жүр. Олар әлдене деп бір-біріне айқайлайды. Бұнымен қоса ескектің шылпылын да естимін. Байқауымша, бізді суда батырып кеткен пароход құтқарушы шлюпкалар жіберген сияқты. Уаыт өтіп жатыр, мен өзімнің әлі де тірі екеніме таң қаламын. Бірақ аяқтарымнан жан кетіп қалған секілді, бұл жансыздық біртіндеп жоғары өрлей түскендей. Көбікті майда толқындар мені қайта-қайта суға көміп өтеді; мен тағы да қақалып-шашалып қаламын.

Айқай-шу ақырындап бәсеңдей берген; ең соңғы шыңғырған дауыс маған алысырақтан жеткенде, “Мартинестің” мүлде суға батып кеткенін сездім. Сонан соң – қанша уақыт өткенін білмеймін – есімді жиған сәтте бойымды тағы үрей билей жөнелген. Мен жалғыз қалған екенмін. Жалына көмек сұраған ешкімнің даусын естігем жоқ, тек құлағыма тұман ішінде тылсым бір сырды жасырған майда толқындардың шуылы ғана шалынған. Көппен бірге бөліскен үрейден гөрі жалғыз қалғанда бойды билеген қорқыныштың салмағы әлдеқайда ауыр көрінді маған. Толқындар қайда алып кеткен мені? Қызыл шырайлы адам судың ағысы Алтын Қақпа арқылы өтеді деп еді. Мені сонда ашық теңізге қарай алып шыққан ба? Ал менің құтқару белдігім кез-келген минутта істен шығып қалуы мүмкін ғой! Мұндай белдікті кейде қатты қағаз бен қамыстан да жасайды дегенді естігем, егер сондай болып шықса, суға езілген бұл белдік те мені алысқа жеткізе қоймас. Ал өзім мүлде жүзе алмаймын. Және жападан-жалғызбын, ұшы-қиырсыз мына көк теңізде толқындардың мені қайда сүйреп бара жатқаны да белгісіз. Жасырары жоқ, мен ақылымнан адасып бара жатқандаймын, қарадан қарап айқай саламын, құдды манағы әйелдер сияқты шыңғырамын, тас боп қатып қалған қолдарыммен жын ұрғандай суды сабалаймын.

Бұның қаншама уақытқа созылғанын білмеймін. Бір мезет қалың ұйқыға кеткендей есімнен айрылып қалған екенмін, көзімді ашқан сәтте, арада соншама ұзақ уақыт өткен сияқты сезіндім. Басымның тура жоғарғы жағында тұман ішінен сұғына шығып тұрған кеменің тұмсығын, одан жоғарыда бірінен соң бірі желге керіліп тұрған үшбұрышты үш желкенді көрдім. Кеме тұмсығы қақ жарып өткен су көбіктеніп, толқындар екі жаққа жиырыла қашып  барады, ал мен оның дәл осы жолында жатқанымды байқадым. Айқайлағым келеді, бірақ оған күшім жетпейді. Кеме тұмсығы мені сүйкеп өте жаздап, еңкейе алға жылжыған. Таудай толқындар басымнан ақтарыла құлады. Сосын кеменің қап-қара борты жанымнан жанап өте берді – оның тым жақындағаны сондай, қолым тие жаздаған. Қалайда ұстап үлгерейін деп, ышқына ұмтылдым, бірақ қатып қалған қолдарым икемге  келмеді. Тағы да айқайлайын дедім, алайда дауысым шықпады.

Қара-бұйра толқындарды жанымнан кесіп өте берген кеменің  корм дейтін артқы жағы маған ап-анық көрінді де, штурвалда тұрған жүргізуші мен оның жанында жайбарақат сигар тартып тұрған адам көзіме оттай басылды. Ол ақырын ғана басын бұрып, мен жақтағы суға көз қиығын салғанда, аузынан сигар түтіні бұрқ-бұрқ ете қалған-ды. Бұл өзі адамның еріккен бір сәттегі ойсыз, мақсатсыз, қарай салсам нем кетеді дегендей әншейін ғана кездейсоқ мойын бұру мен кездейсоқ қимылдан туған жай еді.

Бірақ мен үшін осы әншейін ғана мойын бұра салудың өзі я өмір, я өліммен бірдей болған. Қою тұман кемені тағы да жұтып бара жатты. Оның артынан жүргізушінің арқасын және мен жаққа еріне көз салған, өте еріне көз салған анау сигарлы адамның басын байқап қалдым. Бұл ойға батқан адамның жай ғана жалаң көзқарасы еді, мен оның көз аясына іліккен күннің өзінде ол мені көрмей кетеді-ау деп, жүрегім тас төбеме шыққан. Бірақ… міне оның да көзі маған түсті. Ол штурвалға секіріп шықты да, жүргізушіні итеріп тастап, әлдене деп айқайлап жіберіп, дөңгелекті шапшаң бұрай бастады. Кеме бір жағына қарай бұрыла берді де, тура сол сәттің өзінде тұман ішіне сіңіп кетті.

Мен және есімнен айрылып бара жатқанымды сезіп, түнек қойнауына мүлде батып кетпес үшін бар күшімді жиып, арпалыса бастадым. Бірақ көп өтпей-ақ ескектердің сылпылы мен біреулердің даусы дәл жанымнан естілген… сосын тағы бірер секунт өткенде:

– Ау, неге дыбысыңды шығармайсың сен!– деген ашулы дауысты құлағым шалып еді.

“Бұлар маған айқайлайды, маған!” деп ойладым. Артынша көз алдым тағы да қарауытып кеткен еді…

Дидахмет
Әшімханұлы