1965 жылдың қоңыр күзі еді…
Шыңғыстай ауылына аудан орталығынан келетін автобустан бір күні керіскедей сұр ит жетектеген сұңғақ бойлы орыс қызы түсті де, аңтарылып тұрып қалды. Сосын егделеу бір адамнан жөн сұрап алған соң, тура мектепті бетке алды. Осы сәтте ауыл адамдары оған сырттай сұқтана қарай қалды. Бұны қыз да сезді. Сезді де қарадай қысылып, аяғын имене басты. Көрген көздің бәрі оның әр қадамын қалт жібермей бағып тұрғандай. Артынша терезелерден сығалаған әйелдерді көргенде жол бойы лепірген көңілі су сепкендей басылды. Алыстан іздеп келген ауылы, міне, баласына дейін жатырқап қарайтын сияқты. Адам көрмегендей бәрі тайлы-таяғымен үдірейгені несі? Мүмкін, өзіне емес итіне таңырқайтын шығар?… Кенет қыздың есіне соңында сумка тістеген Лиса түсті. Артына қымсына бұрылып, иттің аузындағы сумканы қолына алды. Енді біраз жүргеннен кейін өзімен бірге шұбыра ілескен балалар қала бастады. Жұрттың да манағыдай қарамағанын сезіп, көңілі қайта қалпына келді.
Май топырақты туфлиімен еппен басып, Балтықтан келген бойжеткен төңірегіне қызыға көз салумен мектепті бетке алып жүре берді. Қаз-қатар ағаш үйлі көше іші жым-жырт – қаланың тынымсыз абыр-дүбіріне үйренген құлағы қазір саңырау болып қалғандай. Төңірегі сыңсыған орман болғанымен ауылдың өзі жасыл желекке жүдеулігі байқалады.
Алыстан іздеп келген ауылы, міне, осы. Бес жыл бойы тынбай іздеген жері де осы. Бес жылда туған елдің қай түкпірінде болмады? Демалыс айларында сапарын Балтықтан бастап, Байқалға дейін барып қайтып жүрді. Бес жылда Украина мен Молдавияның ну орманын да, Түркменияның құмы мен Маңқыстаудың маң даласын да, Сібірдің ұзақ жолдарын да көрді. Туған елдің кең байтақ жері ол қайда барса да ыстық құшағына алды. Қайда жүрсе де жақсы елге, жақсы жерге кезікті. Бірақ, оқуын бітіргеннен кейін тұрақтап қалатын мекенді бәрібір іздей берді. Ақыры тапты. Өткен жылы Шығыс Қазақстанды көрді де, болашақта осы облыстың бір жеріне шыбық шаншуға бекіп қайтты. Биыл университетті бітірісімен Алтайға асыға аттанды. Жетісімен облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне келіп, жұмыс сұрады. Жұмыс болғанда, бір ауыл клубына меңгеруші етіп жіберулерін өтінді.
– Бұныңыз қалай? – деді бөлім меңгерушісі таңданып, – Мамандығыңыз журналист қой. Біз сізді бір газетке жіберейік?
– Жоқ, – Кира Михайловна үзілді-кесілді келіспей. – Бүгінге дейін сегіз жыл газетте істедім. Енді басқа мамандықта жүріп те жазғым келеді. Журналист болу үшін тек редакция қызметкері болу мақсат емес қой.
Бұған бөлім меңгерушісі көнгенмен клуб меңгерушісі болуына тағы келіспеді, мұғалімдік қызметті ұсынды. Ертеңінде ол облыстық оқу бөлімінен ең шеткері ауданды өзі қалап алды да, Қатон-Қарағайға жол тартты. Аудан орталығынан да өзі сұранып келген ауылы, міне, осы.
Балтықтан келген бойжеткенді мектеп директоры жылы қарсы алды. Сол күні коллективпен түгел таныстырды. Сол күні пәтер үй тауып берді. Сол күні кешке ит жетектеген жұмбақ қыз туралы әңгіме үйден-үйге тарап жатты…
Содан бері он екі жыл өтті. Кира қазақ ауылына әбден сіңіп кетті. Содан бері қаншама күн мен түн ауысты. Кираның жаңа өмірінде қаншама өзгерістер болды. Көбі ұмытылып та қалды. Бірақ, алғашқы жыл әлі күнге қаз-қалпында есінде. Кейбір сәттерін қазір күле отырып ойға алатыны да бар.
Сол жылы пәтер үйде жалғыз тұрды. Қиындықтың барлығы осыдан басталды. Отын ұсақтауға шыққанда ағаштың бір басын шапса, екінші басы бұның маңдайына тиетін, немесе балтасын жер қаптырып алып, екпінімен өзі де құлайтын. Сиыр сауса сүті шелекке емес, жеңіне ағатын. Үй сыласа әгі сорғалап көзіне таматын. Суға қос шелекпен барып, бірін суға ағызып қайтқан кезі де бар. Осындайда оңаша бөлмеде емін-еркін жылап алушы еді. Қалада мұндай жұмысты қашан көріпті! Көретін ыңғайы да келмеген. Бір ауқатты семьяда жалғыз өсті. Әкесі Михаил Викентьевич Рига қаласындағы сіріңке фабрикасының директоры еді. Анасы Вера Владимировна опера театрының әншісі болды. Он бес жасында әкесі қайтыс болғанша тұрмыс тауқыметін білмеді. Одан кейін кешкі мектепке ауысып, мануфактураға жұмысқа тұрған еді. Бірақ, дәл мынадай «тілі қиын» тірлікке кезікпеген. Кейін Латвия мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, «Вефовец» көп тиражды газетінде сегіз жыл қызмет істегенде де ауыл өмірімен дәмдес болып көрмеген. Осы сапарына анасы қатты қарсылық білдірген еді. Осылай боларын оның аналық жүрегі күні бұрын сезген екен ғой… Оңашада жанын жегідей жеген бұл ойлар Кираны бәрібір алыстан іздеп келген ауылынан жеріте алмады – қиындыққа қарсы тұруға ұмтылды. Күн санап оны жеңе де бастады.
Күн артынан күн өтті. Ауылға тағы бір тосын жаңалық тез тарады. «Кира мен Тұрсынхан үйленеді екен». Бұған сенген де, сенбеген де көп. Тұрсынхан күзде ғана армиядан қайтқан момақан жігіт болатын. Былайғы жұртқа Кираның «екі тілде тең жорғалайтын» ешбір дипломдыға қарамай Тұрсынханды ғана таңдауы қызық сияқты. Бірақ, мұнда ешбір кездейсоқтық та, қызық та жоқ еді, Кира қателеспегеніне әбден көзін жеткізген. Сонымен көктем шыға Шыңғыстай орта мектебінің орыс тілінен беретін мұғалімі Кира Михайловна Драздовская мен «Алтай» совхозының тракторисі Асанов Тұрсынхан екеуі отау құрды.
Күн артынан күн өтті. Бұл уақытта Кира ауылдың тұрақты тұрғынына айналып еді. Көптен бері көкейінде жүрген бір игілікті істі қолға алудың да реті келді. Ол – ауылды көгалдандыру болатын… Ауылдың орналасқан жері өте әсем. Төңірегін түгел күрегейлей қоршаған ну орманды асқар тау. Жылға-жылғаның арнасы толған мөлдір бұлақ. Шіркін, осы байлықты керегінше пайдаланса! Мына таудың жап-жасыл шыршалары мен майысқан тал-қайыңын жағалата ауылға әкеп қондырса! Бұл да аз. Жеміс мұнда жоқтың қасы. Алма, алмұрт бұл өлкеде өніп көрген емес. Әттең, сол ағаштардың жас өскіндерін басқа жерден алып, отырғызса! Бұл қыруар жұмысты неден бастау керек?
Кира Михайловна оны ауылда табиғат қорғау қоғамын ұйымдастырудан бастауды ойлады. Тың бастаманы Зәбила Алпысова, Ұлықбек Бөктербаев, Сакко Қашқынбаев, Мәнсия Бөкеева сияқты мұғалімдер қуана құптады, ұйымның алғашқы мүшелері болды. Сөйтіп 1970 жылы Шыңғыстай ауылындағы көптеген ұйымдардың жанында елеусіздеу тағы бір ұйым құрылды. Мұндай ұйым аудан орталығында да болмағандықтан Кира мүшелік жарнаны басында облысқа өткізіп жүрді. Сол жылы көктемде ол Таулы Алтай өлкесінен қырық бір түп алманың жас өскінін алдырды. Ол оп-оңай қолға тигенмен енді оны үй-үйге тарату қиынға соқты, ешкімнің алғысы келер емес. Өнетініне ешкімнің сенгісі жоқ.
– Осындай алманы бұрын да алғамыз, қурап қалған, – деді бәрі.
Кира ол өскіндер жылы жердікі болғандықтан Алтай суығына төзбегенін, ал мыналар өскен ортаның ауа райы осы жерге сәйкес келетіндіктен сөзсіз өнетініне сенетінін айтты. Бірақ, бәрібір «аузы күйгендер» алғысы келмеді.
Болмаған соң алманы біраз мұғалімдер өздері бөліп алды да, отырғызды. Келесі көктемде бәрі жапырақ жайып шыға келді.
Осы игілікті істі бастағанына биыл жетінші жыл. Жеті жылда баяғы «өнбейді» деген жеміс ағаштары әжептәуір бойжетті, тамырлары терең тартты. Былтыр алғаш рет алма ағашы гүл атты. Осы көктемде шие де гүлдеді. Бұл жеті жылда аудандық «Луч» газетінің штаттан тыс тілшісі Кира Михайловна Драздовская тек табиғат жөніндегі ғана отызға жуық мақала жариялады. Соңғы бірінде Шыңғыстай ауылының бүгінгі көгалдануы 60 процентке жеткенін үлкен қуанышпен жазды.
…Биыл да Алтайға қар қарашаның басында түсті. Кесек-кесек ақ ұлпадан шыршалардың бұтағы иіліп майысты. Жеміс ағаштары жапырақтарын сілкіп тастап, қатал қысты қасқая қарап қарсы алды.
Кира Михайловнаның алыстан іздеп келген ауылы, міне, осы.
Дидахмет Әшімханұлы,
16.12.1977 жыл