Темірқазық (Съезд делегаты туралы очерк)

Темір – қазық

(Съезд делегаты туралы очерк)

Қарғалыға барып қайтқалы шұға деген матаға көзім түсе береді. Иә, кәдімгі шұға бар ғой, әдемі пальто, жылы костюм тігетін қалың мата бар емес пе, соған қарай беремін. Үйде отырсам жұмсақ диван, орындықтан іздейтінім – сол шұға. Көшеге шықсам көпшіліктің киімінен іздейтінім де – сол шұға. Ал шұға көрсем болды, «осыны тоқыған Күлдария емес пе екен?» деп ойлаймын. Тіпті, өз үстімдегі пальтоның тысын тоқыған да сол Күлдария сияқты болып көрінеді…

* * *

Бұрын түнгі сменаның қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалушы еді. Қалай аңғарсын, алдындағы мына алты тоқыма станогы шық-шық етіп, жіп оралған катушкалары шыр айналып тұрғанда «таң тезірек атса екен» деп, асығатындай уақыты болды ма? Жұмыстың аяқталғанын тек цех қоңырауы безілдеп қоя бергенде бір-ақ сезбеуші ме еді. Міне, бүгін де түнгі смена. Бүгінде алдындағы алты станогы шық-шық етіп, жіп оралған катушкалары шыр айналып тұр. «Қай станок тоқтап қалды, қай жерінде жіп үзілді?» деп, Күлдария да алты станогын шыр айналып жүр. Бірақ, уақыт өтер емес. Иә, дәл бүгін уақыт деген табандап тұрып алған сияқты. Есіне қайта-қайта ертеңгі сапары түсе береді. Ертеңгі сапары есіне түссе, көзіне Москва елестейді… Жұлдызы жарқыраған Кремль… Қызыл туы желбіреген Съездер сарайы… Сол сарайда XXVI съезге делегат болып отырған өзі… Бұдан өткен қуаныш, бұдан өткен бақыт бар ма! Осыдан аттай жиырма төрт жыл бұрын мұндай бақытқа кенелемін деп ойлап па еді? Тіпті, осы бір комбинатта, бір цехта бүгінге дейін істейтінін де білген жоқ-ты.

Бала кездегі арманда шек жоқ қой. Ол кездегі арман айнымалы да. Бір үлкен адамның бойынан жақсы қасиет көрсең, сондай болғың келеді. Бір мамандыққа қызыға қалсаң, есейгенде соған ие болуды көксейсің. Мұндай күйді Күлдария да кешті. Бастауыш кластарда оқып жүргенінде мұғалімдікке қатты қызықты. Кейін өсе келе дәрігер болуды қалады. Өстіп әр мамандыққа бір қызығып жүргенде мектептегі күндер де өте шыққан. Енді не істеу керек? Қандай маман болған жөн? Осы ойлардың шешіміне келгенше күтпеген семья жағдайына кезікті де, амалсыз бір жылдай қол қусыра тұруға тура келді. Күлдарияның өміріндегі ең көңілсіз шақ та сол бір күндер болды. Жалғанда жұмыссыз отырғаннан ауыр не бар? Ондай уақытта таңды атырып, күнді батыра алармысың, Ондай уақытта көңілің көтеріліп, көкірегің серпілер ме? Біреудің: «мен пәлен жерде істеп жүрмін» деген бір ауыз сөзі де жаныңа батады. Өйткені, ол сол сөзімен-ақ ойландырып кететін сияқты еді. «Қой, – деп ойлады бір күні Күлдария, – бір жерге жұмысқа орналасайын». Осы ойдың жетегімен үй іргесіндегі шұға комбинатына келді де, тоқыма цехына оқушы болып орналасты. Сол күн әлі есінде. Жұмысқа тойға баратындай-ақ асығып келген. Бірақ, цехқа кіріп барғанда қайдан келіп, қайдан тұрғанын сезбей қалды. Кішкентайынан көріп жүрсе де, бұл комбинаттың ішінде мынадай жұмыс бар екенін кім білген… Зірк-зірк еткен машиналар… Өне бойы жыбыр-жыбыр еткен қаз-қатар станоктар… Шу-шу… Шық-шық… Басы айналғандай болған Күлдария жанындағы тәрбиешісіне:

– Үнемі осындай ма? – деді таңырқап. Бұның не айтқысы келгенін түсінген Мая апай:

– Әлі-ақ үйреніп кетесің, – деп жымиып қойды. «Әй, кім білсін, бәрін де үйренермін-ау, бірақ, мына шуды қалай естімей тұрарсың» деген сонда Күлдария ішінен. Деген де тәрбиешісіне ілесіп жүре берген. Сол бетімен күні бойы оның жанынан қалған жоқ. Зыр жүгіріп жүріп, цехтағы барлық жағдаймен танысты. Шыр айналып жүріп, станоктың барлық тетігін қызықтап көрді. Әр нәрсені сұрай беруден бұл да жалықпады, айтудан Мая апай да зерікпеген. Соның бәрі білсем, үйренсем деген құштарлық та баяғы. Оның үстіне ертең ұятқа қалмасам екен деген де ойы бар. Сөйтіп, қалай күннің батқанын байқамай қалыпты. Бір заматта Мая апай:

– Ал қызым, үйге қайт. Сенің уақытын осымен бітті, – деген.

– Жоқ апай, сізбен бірге қайтам. Екі-ақ сағат қалды ғой, – деді бұл.

– Өзің біл ендеше. Кейбір оқушыға қайт десең қаша жөнелетіні бар, – деп Мая апай тағы да жымиды.

Жұмыс аяқталып, Күлдария сыртқа шыққанында өзін таскерең болып қалғандай сезінді. Төңірегі түгел жым-жырт. Күнде жанынан өткенде жерді солқылдатып, құлағын жарып жібере жаздайтын алып машиналар да енді үнсіз зулайды. Әншейінде комбинаттың іргесінде арқырап-күркіреп жататын Қарғалы өзені де үнсіз ағады. Күні бойы сарғыш одеял тоқығандікі ме (бұлар ол кезде одеял да тоқитын), жоғары жақтағы тау жоталары да енді бұған сарғыш одеял сияқты болып көрінеді… Сол күні үйге келгенде көптен бері жүк арасында жиюлы тұрған сарғыш одеялды алды да, жылы бүркеніп дем алуға кіріскен. Сонда ол алғаш рет өз комбинатының иісін үйде жатып та сезініп еді.

«Әлі-ақ үйреніп кетесің» деген Мая апайдың сөзі рас екен. Біраз күннен кейін баяғы шу мен қайнаған қозғалысқа еті үйрене бастады. Бұрынғыдай цехқа кіргенде құлағы тұнып, маңайына үрке қарауын да қойды. Әріптестерінің бірі апа, бірі ағаға айналған. Дегенмен… дегенмен жұмысты бірден ұршықтай иіріп әкеттім демес еді. Өйткені, жұмысты үйрену бар да, игеру бар ғой. Осының соңғысы Күлдарияға жеңіл тимеді. Былай қарағанда бәрі оп-оңай сияқты… Станоктарды іске қосасың. Селкеу шыққан, не үзілген жіптерді байлайсың. Байлайсың де келесі станоктарды аралап, тоқылып жатқан матаның сапасын қадағалайсың. Ал осында тұрған не қиындық бар? Е-е, бұл айтуға ғана жеп-жеңіл. Шын мәнісінде бүкіл смена бойы бір минут отырып, дамыл табармысың. Бір станокта жіп үзілсе, екіншісінде селкеу шығып жатады. Мыңдаған жіптің арасынан оларды жылдам табу да қиын. Ондайда Мая апай:

– Асықпа, қызым, Асыққанмен іс өнбейді, – дейді де бұның таба алмай жатқан жібін оп-оңай қолына ұстатады. Әттең, сонда асыққысы келмейді-ау, асықпаса станоктары бірінен-соң бірі тоқтап қалатындай болушы еді. Ал қазір ойласа, сол күндері асығып-жүгіргені, қысылып-қызарғаны, бәрі де керек екен. Себебі: соның барлығы өзінің жұмысқа деген ынталылығы мен құштарлығының белгісі екен ғой…

… Міне, алдында алты станогы ақырын шық-шық етіп, жіп оралған катушкалары шыр айналып тұр. Күлдария да оларды шыр айналып, жіптерін реттеп жүр. Бірақ, уақыт өтер емес. Мұндайда ойға не оралмайды. Ойлап кетсең тағы да сонау жылдардың соқпағына түсесің.

Арада үш ай өткенде Күлдария жұмысты үйреніп қана қоймай игеріп те алған. Игергеннің белгісі сол: алты айға белгіленген оқу курсын ол үш-ақ айда бітіріп, маман тоқымашы қатарына қосылды. Жұмыс та енді бұған оң бетін беріп, қызықтыра түсті. Бастапқыдай емес матасына да өң кіріп, жіп жиілігі маржандай тізіле берді. Оны көргенде бұл қарадай қуанып қалатын да, тағы да тоқи бергісі келетін. Қызық-ау, сонда Күлдария «алатын ақшам өссе, біреу мені мақтаса, награда алсам» деп мақсат тұтқан емес-ті. Әйтеуір, жұмысын зыр жүгіріп істеді. Неге жүгіргенін өзі де білмейді. Мүмкін, намысы қамшы болған шығар, әлде қатардан қалып қызарғысы келмеді ме? Ол да мүмкін. Өйткені, бір күн нормасын орындай алмаса біразға дейін қарадай қысылып, өз-өзінен ыңғайсызданған кездері де көп.

Бір қызығы: еңбегің өнсе көптің көзіне түспей де қалмайды екенсің. Өзің байқамағанмен жаныңдағы көршіңнен бастап, коллектив басшыларына дейін әр қимылыңды бақылап, бағалап отыратын көрінеді. Уақыт өткен сайын Күлдарияның көзі бұған да жетті. Жиналыс-жиындарда аты атаусыз, еңбегі ескерусіз қалмады. Жасырып керегі не, соның өзіне бұл қандай қуанушы еді. Шындығында, бүгінге дейін еңбегі қаншама қуантты десеңші! Әр жыл, әр бесжылдық сайын грамота, значоктарды былай қойғанда, 1971, 1974 жылдары екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталып, мерейі өссе, бұдан төрт жыл бұрын Ленин орденін омырауына тағып, тағы да қуанышқа кенелді. Күлдария осындай абыройға бөленетінін сонау күндері, әлгі мазасыз шуылдан құлағы тұнып жүрген күндері білді ме? Жо-оқ, ол уақытта бұл бір-ақ дүниені білген. Ол – еңбек ету, ар-ұятпен еңбек ету еді. Еңбек ете жүріп, өз өніміне сүйсіне білу еді.

Сүйсіну дегеннен еске түседі, Күлдария осыдан бес-алты жыл бұрын кәсіподақ комитетінің көмегімен Молдавия жерін аралап қайтқаны бар. Сонда бір күні Кишинев қаласын аралап келе жатқанда жанынан бір бойжеткен жедел басып өте берді. Неге екені белгісіз, оның ту сыртына көзі түскенде жүрегі лүпілдеп-ақ кетті. Бір таныс адамы сияқты. Әйтеуір, көзіне жылы ұшырап барады. Сосын бұл да жедел басып, әлгі қызға жетіп алуға асықты. Жете бере кілт тоқтады… Таныс деп келе жатқаны қыз емес, қыздың үстіндегі костюм екен. Ол костюм шұғадан тігіліпті. Сонау Қарғалыда өздері тоқыған шақпақты қызыл шұғадан тігіліпті. Жүрегін лүпілдетіп, жүрісін жылдамдатқан да сол екен.

… Міне, алдында алты станогы ақырын шық-шық етіп, жіп оралған катушкалары шыр айналып тұр. Күлдария да оларды шыр айналып, жіптерін реттеп жүр. Тоқылған мата орамы недәуір қалыңдай түскен. Енді әр станоктан он метрден шұға шығарса, бүгінгі бар тоқығаны 300 метрден асары сөзсіз. Иә, күніне орта есеппен 300 метр!.. Жылына 100 мың метр. Ал он жылда? Он жылда Күлдарияның тек осы жаңа станогымен тоқыған матасының ұзындығы ғана Алматы мен Ташкенттің арасынан асып кетер еді…

– Апай!

Ту сыртынан естілген тосын дауысқа Күлдария жалт бұрылды. Күлпара. Бір кезде өзі тәрбиелеп, тоқымашылар қатарына қосқан Күлпара Жетпісбаева екен. Қазір бұның өзі де тәрбиеші. Өткен жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған.

– Апай, Москваға қашан жүрмексіз?

– Ертең таңертең, қалқам… Өз жағдайларың қалай? Күйеу баланың мазасы кетіп жүрген жоқ па? – деп бұл әзілдеп, Күлпараның таяуда ғана тұрмысқа шыққанын еске алды.

– Жоға, жұмыс жайын түсінеді ғой… Айтпақшы, апай, Таняның комбинаттан кетіп қалғанын естідіңіз бе?

– Қалай? – деп Күлдария таңданып қалды. – Күйеуі ақыры дегеніне жеткен ғой.

– Иә, «не менімен бол, не жұмысыңмен бол» деген көрінеді.

– Солай де… Енді қайда орналаспақшы екен?

– Кім білсін. Күйеуі «жеңілдеу бірдеме тауып берем» десе керек.

Күлдария үнсіз қабақ шытты. Бәрінен де «жеңілдеу бірдеме» деген сөз жанына батты. Сонда ең ауыр жұмыс бұлардікі болғаны ма? Білген жанға тоқыма жұмысы жылдан жылға жақсарып келеді емес пе? Баяғыдай құлақ етіңді жеп, зіркілдеп тұратын ескі станоктар азайғалы қашан! Баяғыдай зілдей катушкаларды қара күшпен ауыстыратын күндер алыстағалы қай заман!.. Обалы нешік, Таня бұның бәрін түсінетін. Комбинатта істеген бір жылында жұмысына ренжіп, қиналған да емес. Пысық та елгезек қызды Күлдария да жақсы көретін. Тек тұрмысқа шыққан соңғы үш айында қатты өзгеріп еді. Оның сырын бұлар жуықта ғана білді.

Бұған не дейсіз! Егер ерлі-зайыпты адамдар бір-бірін түсінбесе, бір-бірінің жұмысымен санаспаса, үйді қойып түздегі тірліктен не береке! Күлдария ойлап қараса, өзінің бүгінге дейінгі жемісті еңбегінде халық сотында адвокат болып жұмыс істейтін жолдасы Асанның да зор үлесі бар екен. Жиырма төрт жылда бұл қаншама рет кешкі, түнгі сменаларға барды. Жиырма төрт жылда ол қаншама рет бұны комбинатқа шығарып салып, қарсы алды. Үйге келсе қашан да тамағын әзірлеп, балаларын оқытып отырғаны, шаршап келсе қабағына қарап, қамкөңіл боп жүргені. Оның көмегімен бұл кешкілік Қарғалы технологиялық техникумын бітіріп алды. Оның кеңесімен бұл бірнеше санаторий, курорттың дәмін татты. Оны үйде қалдырып, комбинаттың жолдамасымен ГДР, Австрия жерін де саяхаттап оралды. Соның біріне қарсылық білдіріп, қабақ шытқан Асан жоқ. Папаларының тәрбиесі арқасында үш баласы да жақсы оқып, өмірден өз орындарын тапты. Үлкені Гүлнар КазГУ-дің биология факультетін бітіріп қазір Топырақ зерттеу институтында ғылыми қызметкер. Ал Гүлбаршын мен Ерлан КазГУ-дің студенттері.

Қызық, Күлдария жас кезін ойласа көбіне Асанның бір сөзі есіне түседі де тұрады. Бірде екеуі айсыз қараңғыда комбинаттан қайтып келе жатқанда, жастығы ма екен, Күлдария аспанға қарап, «анау не? мынау не?» деп, әр жұлдыздың атын сұрай берген. Сонда Асан: «Сонау төбедегі жарық жұлдызды көрдің бе?.. Ол Темірқазық деп аталады. Темірқазықты нысанаға алсаң, қалғанын табу қиын емес. Өйткені, ол қашан да бір орнында тұрады» деген еді.

Сол Темірқазықтай Күлдарияда да ширек ғасырға жуық бір комбинат, бір цехтан орын ауыстырмапты-ау.

… Міне, алдында алты станогы ақырын шық-шық етіп, жіп орайтын катушкалары шыр айналып тұр. Кенет… цех қоңырауы безілдеп қоя берді. Сменаның аяқталғаны ғой. Осыны күткендей-ақ сыртқа беттеген әріптестері Күлдарияны қоршай жүрген.

– Жолыңыз болсын! – дейді олар кезек-кезек. – Ұзақ жолда жолыңыз болсын!

* * *

Қарғалыға барып қайтқалы шұға деген матаға көзім түсе береді. Иә, кәдімгі шұға бар ғой, осы очерктегі Күлдария Тоқсейітова тоқитын анау қалың мата бар емес пе, соған қарай беремін.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo