ТАС МОНША

Осы ит өлген жерге биыл да бір монша салам деп Әзімхан ойлаған жоқ-ты. Ашумен аяқ асты кіріскен. Жылдағыдай қарағайды да қойып, тек тастан тұрғызуды жөн көрген. Сұғанақ қолдардың шеңгелі сонда ғана оған батпайтын тәрізді. Сеңсең қабырғалары қамалдай қасқайып тұрса ғана Әзімханның көңілі көншитін секілді. Осы тәкаппар ойдың от қызуымен тас моншадан бірер аптада бұрқыратып бу шығаратынына да шүбәсіз сенген. Бірақ онысы күпіршілік болғанына көп өтпейақ көзі жетті. Көкіректегені қолдың қары талғанша екен. Қол дың қары талысымен бұрқ-сарқ ашудың да беті қайтты. Сонан кейін «бұрқыраған бу» да Әзімханның көңілінен бұлдырай қашты. Артынша бұл құрғырды қайдан бастап едімге де келген. Аяқсыз қалдыруға тағы дәті шыдамаған. Енді, міне, өнбес жұмыс талма түсте тұралатуға айналды.

Ай жарым азапқа салған төрт қабырғаның соңғы тасын кеше қойды. Бір сәт бел босатуға отырғаны жаңа ғана.

Қарағайды қақтап, төсеген тақтайшалардың ара жігіне жаққан саз балшықтың бір түйірін шымшып алып уатып көрді. Тобарсып қалыпты. Бұның үстіне енді күрек бойы топырақ төгіп тастаса, тағы да бір жұмыстың басы қайрылғалы тұр. Соған жерге түсіп, күрек ұстауға бел құрғыры беттетер емес, сәл қозғалса удай ашиды жазған. Дәл биылғы ұстамасының беті жаман, алып жықпаса не қылсын?.. Күннен-күнге шамшыл да болып барады. Кім білсін, кәріліктің құрығына ілінгені осы шығар. Бірақ елудің бесі ер адамға жас па? Күш-қайраттың қайтатын кезі ме бұл? Құнан қойды Әзімхан қазір де ат үстінен оп-оңай өңгеріп алып жүр. Сірә, адамның түбіне астам жұмсаған күші жететін болар. Кешегі қимылы есіне түссе қарадай сүйегі сырқырайды. Мына зілдей қабырғалардың тасы да тым кесек еді, қолын қаусыра салып, ырғай қозғағанда, уатылып бара жатқандай жіліншектері күтір-күтір ететін. Әуп деп көтеріп алғанда жуан білектерінің тамырлары білеуленіп шыға келді. Аюдай қорбаңдап, енді оны қаланған тастың бетіне тақ еткізгенде, тақыр басынан аққан тер жып-жылы боп шұңғыл самайына құйылады. Күректей алақанымен сүйекті бетін кесек мұрнымен қоса сипап тастап, тағы кері бұрылады. Өстіп сорайған бойы бірде бүгіліп, бірде жазылып, мұрттай ұшқанша тыным көрсеші. Бұған белді қойып, темір шыдар ма?.. Әзімхан шаршай қараған көзін тас қабырғадан аулаққа салды.

Күн төбеден ауып барады. Кешегі арқаны шыжғырар ашуының беті қайтқан, қазіргі қызуы денеге жып-жылы алақандай тиеді. Жайлаудың қашанғы мінезі осы, тамыздың аяғында сағы сынып, салқын қабақ таныта бастайды. Жердің де қазір құты қашқан. Сай-салада ұйып тұратын кешегі жасыл құрақ жоқ, сарғайып, жығылып жатыр. Қырдың қысқа шөбі де күл гін тартып көрінеді. Бір-екі аптадан соң бұл жер малға қоныс болмасы анық. Мына Астаушаға қар да ерте түседі – биік жер. Төңірегін түгел күргейлей қоршаған жалаңаш таулар, сойдиған шыңдар. Алтайдың арқа-басы шіріген орман болса да, Астаушаға соның бір пұшпағы бұйырмапты. Ағаш атаулыдан тек сонау күнгей беттегі қылшықты сүйелдей бір топ самырсын ғана. Төменгі қаптал – Қарашоқының күнгейі. Оның терістігіндегі сыңсыған орманның қылтиып төбесі ғана көрінеді. Былтырғы жазда Әзімхан сол Қарашоқыны жайлаған. Биыл да ойдан көздеп келген жайылымы еді ол. Бірақ келген бойда ат айылын босатпай өте шықты. Не керек, малға да, жанға да жайлы мекен еді ғой.

Әзімхан жеңіл күрсініп қойды. Көзіне қарағайдан қиып са лынған еңселі қызыл монша елестеді. Иә, кәдімгі өткен жылғы құдайдан зауал келмесе адамның көзі қиып, қолы батар демеген өзінің қызыл моншасы. Шіркіннің, пошымы да келісті-тін. Қарашоқының иығына шыға келгенде, аршыған жұмыртқадай көзге жарқ етуші еді. Тумысында бастаған ісін лекерлей салуды білмейтін Әзімхан оған да бар күшін салған, шеберлігін көрсеткен. Бұрынғыдай емес, үлкен пейілмен де кіріскен. Өйткені бұдан кейінгі жазда балта ұстамасқа бекінгенді. Соңғы жылдары осы жұмыстан қатты шаршағанын сезетін. Ғұмырында аз монша салды ма? Қайсысының рахатын көрді көшіп-қонып жүргенде? Рахатын көрмедім деп қиналмас та еді, келер жылы орнында тұрса. Соны көре тұра өзі де жалықпайақ қойды. Қол қусырып отыра берейін десе, бір шайынып қайту үшін елу шақырым етекке түсу ол да мұң. Әйтпесе ағаш қию ата кәсібі емес қой. Өзге малшылардай жаз қызығын көріп жүрген бұл жоқ. Жасы болса ұлғайып барады. Осыны ойлаған ол «соңғы рет» деп білек түрген. «Соңғысы болса неге қатырмасқа?..» деген бір әзәзіл ойға да тап болған.

Сөйтіп Әзімхан Қарашоқыдағы моншаны тезірек бітіруге асықпады, көңілден шығатындай етіп салғысы келді. Биылғыдай мал мен жанға да қараған жоқ, жаз бойғы күні моншамен өтті… Ай жарымда ақыры түтінін де көрді. Сол күні ай жарым ат ізін салмаған төңіректегі малшыларды да тегіс көрді. Монша алды гу-гу әңгіме, кеу-кеу мақтауға толған.

– Әзеке, мынауыңыз Күркіремедегі моншаңыздан да керемет екен! – дейді бірі басын шайқап.

– Ә… әлгі былтыр өртеніп кеткенді айтасың ғой. О да нешауа еді, – дейді бірі қостап.

– Тасқорадағыңыз әлі қаз-қалпында.

– Шұбарағаштағы жер моншаңыздың жұрты ғана бар, – деп біреулері өткен-кеткенді еске алса, енді бірі:

– Жаныңыз темір ғой, Әзеке. Өзіміз болсақ баяғыда тұралап қалар едік, – деп көпшік қоя сөйлейді.

Әзімхан үндемеген, жаңа моншаға кіріп-шығып таңдай қағысып жүргендерге жалықпай қарады да отырды. Ұнатпады да. Жылдағы әдеттері осы. Бұдан былай мұндай сөздерді жиі еститінін біледі. Түтін шықпай тұрғанда түстеніп өтпегендер енді түнеп қалуға бар. Көмек сұрай барғанда «Әзімхан» деп қарсы алғандар енді «Әзекелеп» келіседі. Әсіресе Жаппасқа ыза болған. Үй іргелес отырып бір бөрененің басын көтеруге кежегесі кейін тартып еді, қазір осы жұрттың бәрінен пысық боп шыға келген. Қашанғы сөзуарлығына салып, көбік сөзді көбірек көпірткен де сол. Желдей ескенде беті бүлк етсеші:

– Апыр-ай, алдына сенек те тұрғызыпсыз-ау, Әзеке? – дейді салып жатқанда көрмегендей аңқайып. – Төбесіне шатырдың қажеті не еді, әншейін өзіңізді босқа қинағансыз, – деп бірде жаны ашыған болады. – Дегенмен, қатырдыңыз, Әзеке. Құдай риза, біз риза сізге, – деп бір қояды. Ауыз өзіңдікі ғой деп бұл отырды. Әзімханға оның өзгесінен «сізі» жақпады. Кейде өстіп сызыла қалатынын қайтерсің? Жасы бұдан аса кіші де емес. Осындай кей адамның «сізінің» астарында кекесін, мысқыл жататынын Әзімхан сезетін. Сезсе де кекеймін деп өздері келеке боп тұрғандарын көріп намыстанбайтын да. Сөйтсе де, сол күні үндемей қала алмады, Жаппасты сөзбен бір іліп өтті:

– Мен де ризамын саған, Жаппас, мақтауымды жеткіздің. Құдай біледі, Дөненбаев та сенен мұндай қолпаш естімеген шығар, – деп күле сөйлеп, өзгелерге көзін қысты. Олар да жымыңдап қалды. Упрдың алдында Жаппастың қалай жалпақтайтыны бәріне белгілі. Ол қызарақтап теріс бұрылды. Әлгінде мінезі кілт өзгерген, қипақтап сәл тұрды да, сенектің бұрышын көрген болды… Әбден ел тарқағанда ғана Әзімханның жанына келіп:

– Әй, Әзімхан-ай, аптаритетті төктің ғой жұрттың алдында, – деді сосын жылтыңдаған кішкене көзін жыпылықта тып, – Дөненбаев деген кім со құрлы? Упр болса өзіне упр ол, маған та шо. «Қолпашың» не, Әзеке-ау?.. – Осыдан кейін Жаппас бір дем мұңын да шыққан. – Мен байғұсқа несіне ренжисің? Жал ғыз басымды қай тесікке жамау етейін? Анау шүйкедей кемпірім сенің Бағилаңдай үй мен түзді қатар жайғап отыр ма? Сенің Мұ ратың сияқты табанын тіліп мал соңына салатын балам қайсы? Қарасан келгір, сиыр деген мал сенің қойың сияқты жу сап жатпайды, күн ысыса құйрықты шаншып кеткені… Шаба-шаба артымнан тесілуге айналдым…

Әзімхан оны шынымен аяды. Несіне қағытып едім деп өзін кінәлаған. Несіне мүсәпір көрдім соны дейді қазір Қарашоқыдағы монша есіне түскенде.

…Әзімхан еңкейе созылып, жанындағы торсығына қол салды. Тостаған толы айранды дем алмай төңкеріп тастады да, ту сыртына ырғала бұрылып күнге қарады. Недәуір құлдилап қалыпты. Терістіктен салқын желемік тұрған, төңіректегі селдір-селдір қанжапырақтардың қураған басы изең қағады. Астаушаға батысынан қасқая қараған ит азу шыңдардың бауырына шолақ құйрық көлеңке түсіп үлгерген. Әне, құлама қапталдың сол шыңдарға тұмсығы тірелген тұсында ақ тастардай шашылып, қой жайылып жүр. Жоғарғы басында тепеңдеген Мұраттың қарасы көрінеді. Салқын түсе қой баласының құрты қозатыны белгілі, қотанға құлатқанша Мұрат та енді тыным таппайды. «Қарғам-ай, сен де қажыдың-ау! Шыда, тағы бір-екі күн шыда! Жанымыз сосын жай табар».

Орнынан қайраттана ұшып тұрды. Белі де әдеттегідей шағып алмады, біраз демалғанға қайтадан күш алған секілді. Тек жүрелеп отырғаннан аяғы ұйып қалыпты, тәлтіректей басып күрегін ұстады. Осы мезетте төменнен ат дүбірі естілді. Елеңдей қараған Әзімхан өбектеп шауып келе жатқан Жаппасты жазбай таныды. Үстінде қысы-жазы тастамайтын баяғы ақ шекпені – алдын ағытып тастапты, аты шоқырақтаған сайын етегі желп-желп етеді. Осы қалпында оның бойынан көлденеңі бұрын көзге түседі. «Жау қуғандай далақтауын сығырдың…» – деп қойды бұл. Неге екені белгісіз, көптен күткен қонағын көргендей көңілденіп те қалды.

Мәстек торы ырс-ырс етіп, төрт тағандап кілт тоқтады.

–       Моншаңыздың мұржасы екен десем, өзіңіз екенсіз ғой, Әзеке? Ассалоумалейкө-ө-өм! – деді Жаппас ерге бір жамбастай отыра қалып.

–       Бәсе, менен бұрын түтінін түтете қояйын деп шапқан екенсің ғой ентігіп. Уағалейкүмассалам!

–       Әзілім, Әзеке… Мұны да бітіріп қалған екенсіз, ә? Өзі Қара-шоқыдағыдан да керемет болайын деп тұр ғой. Түу, қабырғалары қандай тегіс?! Астаушада да мұндай қолмен құйғандай кірпіш тастар барын кім білген, қайтіп қана тапқансыз? Бұрыштары да оқтай түзу…

Жаппас тоқтаусыз есе жөнелді. Жақтырмаса да Әзімхан басу айтпады, жалғыздықтан жалыққандығы ма, тыңдай бергісі келді. Ол алдымен сыртын сыпыра мақтап шықты. Сонан соң оның тамаша жерге орналасқанын, биыл да малшылардың қуанатынын, бұдан былай олардың осы төңірекке таласа қос тігетінін демікпей сыдырта соқсын кеп.

–       Ал, ішіне бас сұқпайсың ба? – деді Әзімхан бір уақытта.

–       Қазір, Әзекесі, қазір.

Жаппас қалбалақтай жерге түсіп, шылбырмен атын тұсағанша монша үстіндегі бұл да жанына келді. Ішке бірге кірді. Жаппас тағы сөйлеуге ыңғайланда Әзімхан өзі іліп әкетті:

–       Жә, мұнда сені мақтанайын деп кіргізгем жоқ. Көрдің бе, бәрі дайын, тек едендік тақтайы жоқ. Былтырғы моншаның ағашы тұтас сенің сиыр қораңда. Соның біразы керек еді маған, – деп белінен бір-ақ басты.

–       Апыр-ай, тақтай дейсің, ә… Қиын болды ғой. Бірақ саған тақ тай керек. Не істесем екен? Жоқ, сен оны алмай-ақ қой, бір он шақты сырғауылды өзім-ақ жығып қақтап қояйын. Ертең алып кет. Тақтайымды аяп тұрғаным жоқ, Әзеке, менікі әншейін моншаңыз сплашной жаңа болсын деген ғой.

«Тақтайымды аяп тұрғам жоқ деуін! Қайдағы сенің тақтайың ол?!» деп Әзімхан ыза болды. Бірақ онысын білдірмеді, орнына тақтай тауып қоям дегеніне де шүкіршілік етті.

Екеуі монша алдындағы жұмсақ шөптің үстіне малдас құрды. Жаппас мыжырайған қара елтірі бөркін шешіп, тақымына

басты. Өңіріне кір сіңіп, жылтырап тұрған қара бешпентінің қалтасынан құнжыңдап махорка дорбасы мен қағаз алып, бір қарыс темекі орады да, сіріңке тұтатты.

– Тыныштық па, жүрісің тым суыт қой, – деді Әзімхан бетіне шапқан ащы түтінді алақанымен қақпайлап.

– Тәйірі, тыныштық болғасын да осылай отырғаны. Өлмеген қу жанды құдай бұл күнге де жеткізді. Күн қызуы қайтты дегенше, сиырдың жыланы қайтты де. Тыныштық дегенің осы да.

– Е, бәрінен мал басының түгелдігін айтсаңшы. Жоқ-жітіктің беті аулақ.

– О жағынан аманбыз әзірге… Дегенмен… – Жаппас есіне әл дене түскендей кілт мазасызданды. Жаңағы жайбарақат қалпы да лезде өзгерген, сабырсыздана иек астын түгел бір шолып өтті. Содан кейін төңіректі біршама қарап отырып, көзін ақыры баяғы шоқ самырсынға тоқтатты. Көмейінде оның бір нәрсе кептеліп тұрғанын Әзімхан да сезді. Соны артынан түртіп жібергісі келді.

– Иә, сөйтіп, «дегенмен»…

– Дегенмен, тыныштық дегенім ғой. Әзімхан езу тартты. «Бір бармағың қашанда бүгулі қусың ғой».

– Жаз бойы малдан басқаға мойын бұруға мұрсат болмады, – деді Жаппас сол шоқ самырсынға қадалған қалпы. – Іргелес отырып жүз көрсетпеген ыңғайсыз екен проста. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей мысыңды құртады емес пе?

– Оқасы жоқ, өзі де бітіп қалды, міне.

– Әйтсе де, қол ұшын тигізуім керек еді. Соны ойлап көмектесейін деп шауып жетсем, өзіңізден де асатын шаруа қалмапты ғой мұнда.

– Көмегің – жаңағы уәдең болсын. Өзім дайындап қоям деген.

– Тақтай ма әлгі? Қатырамын оны. Қашан келсең де алып ке тесің. Айттым, все – орындалады, – деп ол сөз соңында бе тін қайта моншаға бұрды. Сәл ойланып отырды да, бұған түсініксіздеу күлмің-күлмің етті.

–       Неңді көңірсітейін деп отырсың тағы, айт?!

–       Ештеңе, әншейін бір есепке түсіп кеткенім өзімше.

–       О қандай есеп?

– Әзеке, бері айтқанда мың сомды қалтаға басқалы отырсыз, ә?

–       Қайдағы мың сом?

– Нәрәд жапса қып-қызыл ақша емес пе мынауыңыз.

– Әй, антұрған, бұл қай тантығаның сенің?! Ақшаң не? Сеніңше мен еңбегімді сатқалы жүр екем ғой. – Әзімханның шатынай қалған көзі Жаппасқа тік қадалды. Қапелімде мұндай ашу күтпеген ол жерге қарап тұқырая берді. – Одан басқа тағы не ойлайсың сен? Мүмкін, мен атымды шығарғым, мақтау естігім келетін шығар?! Мүмкін, мен сеніңше…

– Ашуланбаңыз, Әзеке, менікі жай әзіл де…

Жаппас Әзімханға тура қарауға әлі де бата алмай манағы жаққа қайта көз салды. Сосын кенет:

–       Ойпырмай, қарасан келгірлер-ай, бәсе, біліп едім тығылған жерлеріңді, сезіп едім! – деп қалбалақтай тұрып, сүріне-қабынып атына жүгірді. Жете бергенінде, мәстек торы қос аяқтай қарғып, жалт бұрылды. Осы сәтте тұсауы шешіліп үл герсе керек, одыраңдап қаша жөнелді.

–       Тоқта деймін, тоқта, ойбай! Қап, аяғын жаңа екі шалып байламағанымды қарашы! Қасқыр жегір ит-ай. Тоқта, ойбай!

Мәстек торы Жаппасты біраз жерге дейін ойбайлатып ба рып тоқтады. Ол тізгінге қолы тиісімен атын шықпыртып-шықпыртып алып, шоқ сымырсын жаққа тұра шапты. Әзімхан енді ғана байқады – сол шоқ самырсынның ішінен шыққан бесалты сиыр терістік бетке қарай бел асып барады екен. Жаңағы бұрқ-сарқ ашуы әп-сәтте жоқ болған бұл желп-желп еткен Жаппастың соңынан күле тұрып қолына күрек алды.

* * *

Моншаның төбесін бітіріп, қосқа оралғанда намаздыгер шақ болған. Әлгіндегі көкпеңбек батыс көкжиек лезде түнере қалыпты, будақ-будақ қара бұлттардың шоқтығы қобырап, шың үстінен үдірейе көтеріліп келеді. Түстен кейінгі салқын желеміктің арты қазір ызғарға айналған. Ертеңгі күннен бір жайсыздық сезгендей Әзімханның көңілі де бұзылып тұр. Кейде қар жауар алдында жайлаудың осындай қырын қабақ таныта бастайтыны болушы еді. Баяғы бір жылы кең тұсаумен отырғанда, ойға қар бұзып көшкені бар. Кім білсін, тағы сондай күн туғалы тұр ма?..

– Шай-шай! Ой, мыналар қайтеді-ей сумаңдап, қайт кейін! Ой, қайт деймін кейін! Шай-шай!

Қой өрістен келсе де бырт-бырт оттап, қотанға жоламай шетте жүр. Мұрат айнала шауып, иіре алмай әуре, бір жағын жинап алса, екінші жағы шашырай береді.

– Қайтеді-ей өздері, адам сөзін түсінбей ме немене?! Шайшай былай!

– Мұрат! Әй, Мұратжа-а-ан, болды енді қуа берме. Қазір өзім иірейін. – Әзімхан қостың ішіндегі жарты қап тұзды мықшыңдай көтеріп, қотанның ортасындағы науаға әкеп төккенде, қойлар да бері жамырай ұмтылды.

Мұрат ерден домалай түсіп, тізгінді діңгекке лақтыра салды да, қосқа бүрсеңдей жүгірді. Кемсеңдеп сөйлеп барады:

– Бақпаймын енді қойыңды! Әбден тоңып болдым. Рас айтам, бақпай-мын! И-и-й, суық-ай!

– О не, тау қопарып келгендей едіреңдегенің? – Бағиланың даусы. Сыртта бәрі естіліп тұр. – Әкеңнің өзі де қарық болып жүрген жоқ, шаршап келгенде құлақ етін жеме, түге! Үш-төрт күнде мектебіңе қайтасың, шыда қыңқылдамай.

Мұрат жым болды. Есейіп кеткен балалардан қалған жалғыз тұяқ қой деп Бағила да еркелете бермейді, жаңағыдай зекіп тастап отырғаны – баланы тек ұйықтағанда ғана иіскеп, сүйетін әдеті. Сонысына қарамай өзін Мұраттың жақсы көретінін қайтерсің? «Апалап» құрақ ұшып жүргенде, Бағиладан бұл кейде ұлын кәдімгідей қызғанып та қалады.

Мұраттың қыңқылдайтын да жөні бар, елсіз, иен далада күннің батуын сарғая күтіп, қой соңында салпақтап жүру ойын баласына оңай ма? Мұндай бесінші класс оқушысының қазір қызық қуар дәл шағы. Осыны ойлағанда, Әзімхан оны іштей аяйды да. Бірер күн қолын босатайын десе, моншаға қарап тағы амалы құриды. Тарамыстай тыртысып өзі де шаруаға тым көнпіс. Жаңағысы әкесіне жай еркелігі тек, ертең-ақ бәрін ұмытып, өріске қарап оянатыны белгілі. Қаршадай болып мал жайын да жақсы біледі, жердің отына қарай үнемі өріс ауыстырып, ұзатып жайғандықтан, шүкіршілік, қойдың қоңы жаман емес.

Әзімхан сырттағы ұсақ-түйек шаруаның күйбеңімен кешкі асқа күндегідей кеш отырды. Ақшыл брезент жабылған қостың іші керосин шамның жарығымен алакөлеңке тартып тұр. Есік тұсындағы қаңылтыр пештің танауы қызарып, күш ала алмай пыс-пыс етеді, алдында Мұрат шынтақтай тізерлеп дем салып жатыр.

– Қоян шабан – от жүйрік, қоян шабан – от жүйрік, қоян шабан – от жүйрік! – Ұрты томпайып, шоқты деміккенше үрлейді кеп. От лап беріп, қайта өшеді. Мұрат даусын қайта әндете созады. – Қоян шабан – от жүйрік…

Әзімхан қан жылым шайды үнсіз сораптайды. Күнде келген бойда моншаның жай-жапсарын сұрайтын Бағила да қазір үнсіз. Еңкейген сайын қараторы жүзіне қобырап түсе берген бір уыс ақбуырыл шашын қайта-қайта жаулығына тыққыштайды. Бір сәт жеңіл күрсініп қойды. Әзімхан енді оған анықтап қарады. Өңі сынық тәрізді. Жағы суалып, көзі де шүңірейе қалыпты. «Ауырып отырғаннан сау ма?..»

– Құдайың келіп кетті, – деді ол бір мезет Әзімханды қинағысы келмегендей.

– Ә-ә… түске таяу қосқа соғып өткен көк атты сол Дөненбаев де. Тез аттанды ғой. Не деп кетті? Жаппастың да жаны алқымына келіп жүргені тегін болмады ғой.

– Не деуші еді, шалыңа айт, ертең осы жерде жұрты ғана қал сын, Көкжотаға көшсін деп кетті.

Әзімхан кесесін төңкеріп қоя салды. Іші мұздап жүре берді. Қабағы түсіп, ұрты жыбырлады. Көкжота осы жерден тағы он шақырым әріде – Астауша сияқты жылан жалағандай тақыр таз, әрі таудың үсті. Жайлауда ең бірінші қар түсетін де сол Көкжота. Енді соған күзге қарай көш дейді…

– Көшпесе атгонге төлейтін прасентін қосқызбаймын деп кетті…

«Қойнынан шығарған заңымен қалтасынан ақша төлемейақ қойсын». Әзімхан кекесін жымиды. Заң-паңды бұл да жақсы біледі, отыз жыл ұстаған ақ таяқ нені үйретпеді? Әрі-беріден соң заң-нұсқау дегендер Әзімхан сияқты малмен көзін ашқан тобанаяқтардың тәжірибесімен санаспаса, оның несі заң, несі нұсқау? Қолдағы биліктің қызуымен жөн-жосықсыз нұсқау бергеннен мал жайы жақсарушы ма еді? Малшымен ақыл қосу ол үшін ар сияқты… Әзімханның Дөненбаевқа деген басқа да өкпесі жеткілікті. Қазір іштей бәрін салмақтап отыр. Ертеңдер түгел алдына ақтарып салуға бекінген.

– Не істейміз енді? – деді бұның да бір шешімін тағатсыз күткен Бағила.

– Ешқайда көшпейміз. Өзін күтеміз. – Әзімхан осыны айтты да, керегедегі ілулі тонын жұлып алып, қой күзетуге шығып кетті.

…Таң. Аспанды бұлт тұтас торлап алған. Жәрмеңкесі тарқағанына бүгін ғана иланғандай Астаушаның өңі күреңітіп, тұнжырай көсіліп жатыр. Жауып тұрған жаңбыр болмаса да, төңірек тым көңілсіз. Төбеден төнген буаз қарын бұлттардың салмағы адам еңсесін езе түседі.

Әзімхан өріске қойды шығарып салған соң, ат басын тура Қарашоқыға бұрды. Уәде бойынша кешегі сырғауылды алып қайтпақшы.

Бұл салып-ұрып Жаппастікіне келгенде, кемпірі үйінің бұрышынан сала құлаш шығып тұрған көлденең бөренені қол арамен тырт-тырт кесіп тұрғанын көрді. Аман-саулықтан кейін Жаппасты сұрады.

–       Ауырып жатыр, – деді ол есікті нұсқап.

–       Е, не боп қалды?

–       Үйге кірсеңші, көресің ғой.

Басы бір жақ көзімен қоса ақ дәкемен шандылған ол төрдегі ағаш нарда арс-гүрс ыңқылдап жатыр екен. Беті көлкілдеп ісіп кетіпті.

– Кеше аттан құ-ұ-лап…

– Мұндар-ау, шындығыңды неге айтпайсың? – деді Әзімханның артынан іле-шала кірген кемпірі. – Жалған сөйлегенше жалқаулығымнан жазамды тарттым десеңші… Түнде ит үріп, асыға жүгіргенде, жаңағы бөренеге маңдайын тағы оңбай соқты мына жазған.

Әзімхан не күлерін, не жыларын білмей, біраз бейжай отырды да, сыртқа беттеді. Жаппастан қайыр болмады, енді не істеу керек? Бұзылған күн райы мынау, қазір себезгілей де бастаған. Едендік тақтайдың әлегімен тағы бір күні майып болғалы тұр… Міне, былтырғы қызыл моншаның орны – бүгін сиырдың көңі… Қазан-ошақ тастары быт-шыт… Сонау Көкалайғырдан өңгеріп әкеліп, осы тастардың үстіне өрген шөп машинасының доңғалағы да төртке бөлініп жатыр… Ағашы түп-түгел, әне, сиыр қорада. Ол да бүгін Жаппастікі. «Тақтайымды аяп тұрғам жоқ» деді-ау кеше ұялмастан.

– «Тақтайымды…» Хе-хе-хе! – Әзімхан аттан қалай түсіп, қалай балтасын ұстағанын сезбей қалды. Жерге бір түкіріп тастап, адымдап қораға ұмтылды.

* * *

Аспан ап-ашық, шыныдай мөлдіреп тұр. Жер беті жылтылдаған аппақ қар – шың басынан жаңа ғана шашырай құлаған күн сәулесімен шағылысып көз қарықтырады. Тәулік бойы денеге желімдей жабысып, еңсені басқан дымқыл ауа да қазір сүрі қардай сыңғырлайды.

Осы аппақ даланың бетін ала шұбарлап өткен жалғыз аттың ізі тура Қарашоқыға қарай асқан. Ат тұяғынан аршылып қалған қардың орны теңбіл-теңбіл боп қарайып көрінеді. Бұл – кеше кешкісін Астаушадан суыт аттанған Дөненбаевтың ізі.

Әзімхан қосын жығып, жүгін артып жатыр. Қой қотанның сазын бырш-бырш езіп, айдау күтіп тықыршиды. Мезгілсіз жауған қар көш басын мезгілсіз ойға бұрған ақыры. Дегенмен, Әзімханның көңілі жай. Буына терлеп, рахатын бір көрмей аттанғалы отырса да, моншасының біткеніне разы. Өткен кеште бораған қарға қарамай қазан-ошағын орнатып бір-ақ тынған. Сөйтіп жанға батқан бір уайымнан құтылып, қосқа желпініп қайтып еді. Бірақ онысы табалдырықты аттай бере су сепкендей басылған.

…Төрде қос жастыққа шірене шалқайып Дөненбаев жатыр екен. Бұны көргенде, басын ептеп көтеріп алды. Берген сәлемді де алмады, шу дегеннен дүрсе қоя берсін?

– Әй, шал, жүгенсіз жүрген кімсің сен? – деді Әзімханға дөңгелек көзін оқтай қадап. – Жаппастың мүлкін неге тонайсың, ә?

– Кімнің мүлкін кім тонағаны алдымен саған белгілі. Дайын моншаның ағашынан қора салғызған кім еді? – Әзімхан да шатынап шықты.

– Бәрі де қоғамдық малдың қамы. Ертеңгі күні сиырға укол берілмесе, бірінші саған жауап бергізем, білдің бе?

– Ал адамның қамы ше?..

– Енді мен қайтейін?.. – Дөненбаевтың даусы жаңағыдай емес, бәсең шықты.

Дөненбаев бір сәт тікірейген қысқа шашып саусақтай тарап, ойланған пішін танытты. Әзімхан оған әлденеге дәмелене қараған.

– Сол моншаны бұзайық деген жоқ едік, – деді сәлден соң ол. Бағила үнсіз теріс бұрылды. – Бұзбауға болмады. Сендер көшсімен өстіп қар жауып… Сиырға укол беруге қора табылмай… Бірақ Жаппасқа қайта-қайта тапсырып едім… Қалпына келтіріп аттан, бұзған да өзің ғой деп едім. Он жылдан бері қора сала алмай жүрген адам оған қайдан шамасы келсін… Айтпақшы, ертең көшіңдер енді сендер.

–       Көкжотаға ма? – деді бір бұрыштан Мұрат. Әзімхан мырс етті.

–       Жоқ, ойға жақын дегенім ғой. – Дөненбаев қостың ішін тінте қарап шықты да, плащын түймелей бастады. Сонан кейін:

–       Жә, ертерек жатар жерге жетіп жығылайын, – деп асыға сыртқа беттеді. Бұл уақытта күн де айығып еді. Екі кештің арасында ол атын борбайға алған.

…Көш Астаушаның басына шыққанда артына бұрылған Әзімхан шалт тоқтады. Тас моншаның мұржасынан түтін будақтай көтеріліп, көкке тік шаншылыпты. Жаңа етектен ат ұстап қайтқан Мұрат жолай Жаппасқа жолыққанын айтқан. Дө ненбаевқа суық тиіп сырқаттанып қалған көрінеді. Шықпай тұрған бір тері болса керек…

Әзімханның көзі боталап ұзақ тұрды. Не заматта ғана сауырға қамшыны аямай сілтеді. Бірақ шаба жөнелген атын еріктен тыс қайта тежеп, аяңға салды.

Көз алдында бұлдырап қалып бара жатқан көк түтін. Көкірегінде бір қуаныш, бір мұң…

Дидахмет
Әшімханұлы