ТАСҚАЛА

Ауылда айдарынан жел ескен бала еді, қалаға келіп бір-ақ күнде қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып. Бірдің атын, мыңның түсін білмейтін мына қайнаған қалың ортада иесінен адасқан күшіктей қаңғып қалса – қор болмаған, сорламаған несі қалды Сәнтайдың? Таңертеңнен бері табанынан таусылып жүріп таба алмаған үйін, енді екі кештің арасында таба қояр деймісің? Сонда бүгін қайда барып түнейді? Қара түнде қай есікті қағып тұрады? Есігін қаққанмен ешкім бұны есіркей қоймасы белгілі. Түсіндіріп айтуға не «тілі» жоқ, не «тілін» түсінетін тірі пенде жоқ. Жаутаң қағып кімге жолықса да, еститіні – «Че? Че?.. Говори по-русски…» Бұның бар «по-рускиі» – «Там-там… Дом нет…» Біреулер иығын қиқаң еткізіп жүре береді. Енді бірі маңайына бажайлап қарап алады да, бұ шіркіннің тілін сен түсінетін шығарсың дегендей «қаракөздердің» біріне жөн сілтей салады. Сәнтайдың одан да еститіні – «Че? Че?.. Говори по русскому…» Әй, қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып. Амал не, бар кінә өзінен. Осы қала деген бәлеге қызығып иесі бар еді? Атасы айтқандай, «қалада атасының басы жоқ», ауылда көйлегі көк, қарны тоқ, шаң-топырақта шапқылап жүре бермеді ме?.. Жо-оқ, «барамбарам» деп қиғылықты салды дейсің. «Ала кетші» деп Омаш ағасының аяғына оралды дейсің жалынып. Сондағы жұмақтай көрген қаласының сиқы осы ма? Бәрі сұрғылт, бәрі сұсты, Тасқала десе – тас қала. Бензин иісі мүңкіген көшесі де, біріне бірі мінгескен биік үйлері де, жапырағын шаң басқан ағаштары да, тіпті екі иықты басып тұрған аспандағы бұлттары да сұпсұр. Неге екені белгісіз, күн кешкірген сайын адамдардың бетжүзі де Сәнтайға біртүрлі сұрғылт, сұсты көріне түскендей. Манағыдай емес, оларға маңайлауға да жасқанады. Бойында әлдеқандай үрей бар. Тосын шыққан әр дыбыс жүрегін дір еткізеді де, артынша арқа-басы сұп-суық болып кетеді. Қазіргі жайы осындай, ал түндегі күйі не болмақ? Япыр-ау, бүгін қайда түнейді, қай жерден бір қуыс табылады бұған?.. Әй, қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып!

Ары-бері машиналар зулап жатқан кең көшенің жиегіндегі жіңішке тораппен ілбіп жүріп келеді. Таң атқалы бұл көшемен қанша жүргені есінде жоқ. Әйтеуір, айналып-айналып келіп тағы осы жерге тап болғанын анау оң жақтағы дүкеннен біледі. Ол дүкеннің маңдайшасында «…ан-хлеб» деп жазылған. Дұрысында «Нан-нлеб» болса керек. Көк шыныдан қиып жасаған білектей үлкен әріптердің біріншісін қай қағынғанның қағып тастағаны белгісіз. «Н»-ның тек көмескі ғана ізі бар. Таңертең алғаш көргенде, Сәнтай бұған күлген. Күліп тұрып: «Ешкім бұны көрмей ме?» – деп таңғалған. Ал қазір сырттағы «…аннан» бұрын іштегі нанның жайы жанға батқаны ма, тамағына тас кептелгендей кеудесі ашып, жылағысы келеді. Расында, сол дүкен жақтан нанның ашқылтым иісі аңқиды. Мұрын қы тықтайтын жылы иіс. Құдды пештен жаңа суырғандай… Әне, аңырайтып ашып тастаған кең есіктен әйелдер таба-таба нанды қолтықтап шығып келеді. Таба-таба нан! Ал Сәнтай күні бойы бір түйір нәр татқан жоқ. Не қалтасында қара тиын ақшасы жоқ. Адасқанымен қоймай, аштан бұралып өлейін деген түрі осы. Магазиннен жүзін әдейі бұрып әкетіп еді, нан иісі бәрібір қолқасын қаба берді. Тәтті иіс! Жып-жылы нанның иісі! Кеудесі тағы аши бастады да, аузына қара су толып кетті. Іле ішегі шұр-шұр етіп, іші төмен тарта жөнелгендей болды. Су ішу керек. Су ішсе ғана сергіп шыға келетін секілді. Ұмытпаса, анау қараторғайдың ұясы сияқты көк үйшіктің жанында мана жіңішке түтіктен шүмектеп су ағып тұрған.

Көк үйшікке жете бере көшенің арғы бетіне көзі түсті де, кілт тоқтады. Екі үйдің ортасындағы жас теректер арасында екі шал арқалы ұзын орындыққа шалқая түсіп, әңгімелесіп отыр. Қолдарында таяқ. Бергі шеттегісінің шошайған қара сақалы мен дөңгелек көк тақиясына дейін ап-анық көрінеді. Атасының да дәл осындай қара сақалы мен көк тақиясы бар еді. Әлденеге жүрегі ысып жүре берді. Күні бойы іздегенін енді ғана тапқандай. Күні бойы ешкім түсінбеген тілін осы шалдар ғана түсінетіндей. «Түсінеді, – деп түйді ішінен, – әрине, түсінеді. Тақия киген адамдар бәрін де түсінуге тиіс…» Қазір оған барады да: «Ата-ау, – дейді. – Ата-ау, мен Сәнтай деген баламын… Ауылдан келдім… Шопырлар жататын жатақхананы білесіз бе?» – дейді. Тек осы сөзін түсінсе екен? Әйтпесе қарапайым ғана қазақтың сөзін талай қазаққа түсіндіре алмай жігері құм болды ғой бұның. Бірақ олар жастар ғой, ағайлар мен апайлар ғой. Олардан әбден көңілі қалған кезде іздегені осы аталар емес пе еді? Сол аталар, міне, отыр. Бірі ши қалпақ, бірі тақия киген. Тақия киген шал, әне, еңкейе созылып таяғына сүйенді. «Түу, кетіп қалар ма екен!..»

Жол жиегіне шұғыл секіріп түсті де, оң жағында азынап келе жатқан екі-үш машинаны алдынан өткізіп жіберіп, арғы бетке қарай жанұшыра жүгірді. Бірақ жол ортаға жете бергенде… бір жүк машинасы сол жағынан шыға келгені. Алға ұмсына түсіп, жалт бұрылды. Жалт бұрылғанда… және бір қызыл ма шина өзіне төніп қалғанын көрді. Қашайын десе, қаша алмайды. Айқайлайын десе, даусы шықпайды. Дүние түгел қыпқызыл болып кеткендей. Қып-қызыл дүние шыр айналып бара жатқандай. Шөке түсіп отыра қалғанын өзі де сезген жоқ. Артынша еріктен тыс етпетінен түскенін біледі… Етпеттеген күйі естіп жатыр: қазан қырған пышақтай доңғалақтар шиқ-шиқ етеді… Айқай-шу… сарт-сұрт жабылған машина есігі…

Етпеттеген күйі біліп те жатыр: әйтеуір, доңғалақ астында тапталып қалмаған секілді, тірі секілді. Орнынан қалай атып тұрғанын тағы сезбеді… Екі жағы толы машина. Бәрі қаздай тізіліп тоқтап тұр. Жаңағы қызыл машина тура бұның беліне тұмсық тіреген. Оның ішінен қорбаңдай шыққан көзілдірікті біреу бері ұмтылып келеді. Ақ көйлегінің жеңін білегіне дейін түріп алыпты. Ұрғалы келе ме, немене?.. Сәнтай қаша жөнелді. Әлгі шалдар отырған жаққа қарай қашқан. Мына қызылкөз пәледен солар ғана құтқарып қалатын сияқты.

Машиналар арасынан сынаптай сырғып, әп-сәтте арғы беттегі ұзын орындықтың жанынан бір-ақ шықты. Жаңа ғана жайбарақат отырған шалдар да енді бүкірейіп-бүкірейіп тұ рып кетіпті. Еліктің лағындай ебелек қағып жетіп келген бұ ған бажырая қарайды. Жоқ, ашулана қарайтындай. Сәнтай алқына демігіп «атай» дегенше болмады, көк тақиялы шал тая ғын жерге тоқ-тоқ еткізіп:

– Ты че, слепой что-ли? – деді қырылдап.

Сәнтай сілейді де қалды. Шалдың қолындағы қара таяқ қапе лімде қақ маңдайына тигендей. «Атай-атай» дегісі келді демігіп. Бірақ дей алмады. Дей алмаған сөзі көмейіне кептеліп, өзегін өртеп барады. Сосын жаутаң қағып жанындағы ши қалпаққа бұрылған. Ол тұздай шегір көздерін көк тақияға қадап «Ау, өз тіліңде бірдеме сұрасай…» дегендей болады. Сәнтай сәл дәмелене қалып еді, көк тақия қыртыс-қыртыс мойнын жерге ілмите созып, тамақ жырта қақырынып алды да:

– Из-за таких шалопаев не за что шофера страдают, – деді.

Бұл жалт бұрылып жүре берді. Жүріп бара жатып өксіпөксіп жылап жіберді. Жылап бара жатып: «Имансыз!» – деді. Атасының сөзі аузына қайдан түскені белгісіз. Сосын: «Атаау! – деді дауыс шығарып. – Ата-ау, мен адастым ғой…» Бұны неге айтқанын тағы білмейді. Бұны арттағы екі шал да естіп қал ды ма, әне, өздерінше қауқылдасып жатыр. Айтқандай-ақ, ұзамай:

– Әй, бала, тоқташы! – деген дауыс естіді. Көк тақияның даусы. Құлағы елең ете қалғанмен, тоқтағысы келмеді. Тоқтамақ түгілі, барынша жүгіре жөнелді. Бетін айғыздай аққан жасы аузына құйылады. Аузына құйылған жасты ызалана жұтына береді. Манағы кең көшенің жай жақта қалғаны белгісіз. Алды кілең биік үйлер. Биік үйлердің табанын ораған тарам-тарам жолдармен тапырақтап келеді. Дода-додасы шығып жылап келе жатқан бұған көңіл аударатын да ешкім жоқ. Неткен суық адамдар?! Ауылда бірі болмаса бірі: «Әй, шырағым, не бол ды?» – дер еді.

Биік үйлердің табанын ораған таспа жолдармен өстіп ұзақ жүгірген. Өкпесі өшіп, аяғы талып, жүрісін сәл тежей берген сәтте… бүйір тұстан бір ақ күшік шәу-шәу үріп шыға келді де, балағына жармаса кетті. Көз жоқ, тұмсық жоқ, жалп-жалп еткен жабағы бірдеме. Алды-артын орап жүргізбейді құрғыр. Арт жағында біреулер сықылықтап күліп тұр. Сәнтайдың ызасы келді. Көресіні бүгін иттен-ақ көрді ғой Ит қумаса таңер тең үйден адасып несі бар? Мына жаман жабағы да енді жармасып қалар емес. Мә, саған ендеше! Ақ күшік алдын тағы орағыта бергенде бұзау тұмсық бәтеңкесімен іштен теуіп кеп жіберді. Күшік қаңқ етіп домалап түсті. Сол-ақ екен, алды-арты айқайшуға толып кетсін. Алды-артына қарамай бұл да сосын зытсын. Соңында неше түрлі сөз: «Хулиган!» – дейді… «Мерзавец!» – дейді. Биік үйдің терезесінен біреу тіпті: «Держите его!» – дейді барылдап. «Держитесі» – ұстаңдар дегені ғой. Атасының басы! Зымыраған күйі қарсы алдындағы қалың ағаштың ішіне зып беріп кірді де, қуыс-қуысты қуалай жүгіріп, не заматта келесі көшеден шыға келді.

Көшенің арғы беті ұзыннан созылған бетон қабырға екен. Қа бырға түбін жиектен қаз-қатар балапан қайың өсіпті. Онымен жарыса созылып жатқан жіңішке жолдың екі жағы – ұшын шырпып тастаған қалың бұта. Осы бұталардың ортасымен біршама ұзап барған соң, Сәнтай бір мезет артына бұрылған. Қуғын көрінбеді. Адамдар ары-бері бейғам жүріп жатыр. Қаланың бұл тұсында биік үйлер аз көрінеді. Құлақ етті жер манағы шуыл да жоқ. Анда-санда оң жағынан жеңіл машиналар зу етіп өте шығады да, артынша тып-тыныш бола қалады. Әлде қуаныш, әлде мақтаныш екені белгісіз, өз бойынан болмашы бір жылылық сезген, есінде әлгі күшік тұр. Шәушәу үріп қоймайды, ей, тегі, жабысып. Тепті де жіберді ыңқитып. Әрине, итті тепкен жақсы емес, бірақ бұның өзін адам деп, тілін тіл деп түсінген кім бар? Адам тілін түсінбейтін бұл қандай қызық адамдар?

Кең балақ қара шалбарының қалтасына қолын салып, үнсіз тұқырайып жүре берген. Бір уақытта маңайы күңгірт тарта бастағанын байқап, басын жоғары көтеріп алғанда, жолдың тұйықталар тұсынан көк сырмен боялған үлкен қақпаны көрді. Қақпа сыртына ағаш қасықпен бал жеп отырған қонжықтың суреті салыныпты. Одан әрі темір шарбақ арасынан екі этажды үйдің тоқал төбесі қарауытады. Таныс үй!.. Балабақшаға ұқсайды. Ұқсайды емес, дәл өзі! Балалар ойнайтын кішкентай үйшіктер… аспалы әткеншектер… тербелмелі темір орындықтар… Бәрі-бәрі өз ауылындағыдай. Міне, таң атқанша паналап шығатын жер! Сәнтай біледі, мұндай жерде бейсауат адам жүрмейді, жасырынатын қалтарыстары да көп болады.

Үлкен қақпа жанындағы айналмалы есіктен ептеп ішке кірген соң, алдымен төңіректі көзбен шолып шықты. Көлденең жан көрінбейді. Аула іші тыныш. Балалар әлдеқашан тарап кет се керек. Бұл дуал түбін жағалап, қалың ағаш арасында төбесі ғана қылтиып тұрған ең шеткі үйшікке келіп кірді…

Төрт қабырғаның төргісі ғана тұтастай жабық, қалған үшеуі жартылай шарбақпен қоршалыпты. Іргені айналдыра ұзын орындықтар қойылған. Едені – тақтай. Мұндай үйшікті ауылдағы бақшада «беседка» дейтін. Сәнтай сүйретіле басып, жоғарғы бұрышқа барды да, арқасын діңгекке сүйеп отырды. Отырған сәтте… үйшік дөңгелей жылжып жүре берді де, жүрегі айнып, лоқсып-лоқсып жіберді. Лоқсыған сайын іші солқ-солқ ұрып, қолқа тамыры үзіліп кете жаздайды, бірақ қара судан басқа ауызға құйылар ештеңе жоқ. Еңіреп тұрып жылағысы келді. Жылайын десе, көзінен жас шығар емес, жолда бәрін сарқып-таусып алғандай. Бәріне кінәлі жаңағы шал. Соған бола суға баратын жолынан да қалды. Енді, міне, кенезесі ке-уіп, таңдайы қаңсып, бір жұтым суға зар болып отыр.

…Жапырақтар арасынан жымың қағып жұлдыздар сығалайды. Жапырақтарды сыбдыр-сыбдыр еткізіп қоңырсалқын жел еседі. Май тоңғысыз жылы түн. Үйде болса, Сәнтай қазір қалың көрпеге оранып, пыр-пыр ұйықтап жатар еді. Ал таңертең оянғанда… ортадағы дөңгелек үстелде екі құлағы делдиіп, екі иіні демігіп, бұрқ-бұрқ қайнап тұрған сары самауырды көреді. Оның жанында ақ шәугімнен сыздықтата шай құйып апасы, төрде түннен қалған тоңазыған етті бипаздап турап ата сы отырады. Мен ояндым ғой дегендей бұл төсекті әдейі сықыр-сықыр еткізеді. Олар бұған: «Тұра ғой, құлыным, шай іш», – дейді жалынып. Бұл тұрмайды. Тағы біраз жалындыра түскісі келеді. Сонан кейін керіліп-созылып, сыртқа шығып жуынып қайтады да, атасының тізесіне шынтақтай қисаяды. «Іш құлыным, же, құлыным», – деп екеуі және бәйек болады. Сонда дастарқанда не тұрмайды?! Майы сыртына шыққан жұды рықтай-жұдырықтай бауырсақ… Жапырақ-жапырақ етіп туралған ет… Мені жеші деп домалап жатқан өрік-мейіз, құртірімшік. Бұл шіркін әуелде соның біріне қол созбай, атасы мен апасын тағы әуреге салады ғой. Әбден ыза болғанда атасы: «Әй, кепиет атқыр-ай! Бұ жазғанды кепиет ататын шығар», – деуші еді. Сол кепиеттің атқаны осы шығар. «Жұдырықтай бо лып қулық сенің не теңің? Қуланам деп жүріп, бір күні оңбай сорлайсың», – дейтіні де есінде. Сорлағаны да осы болар. Ал кеше: «Қалада атаңның басы жоқ, қаңғимын деп адасып кетесің», – деді. Оны да Сәнтай тыңдады ма?..

…Таңертең күндегідей атасының тізесіне шынтақтап қисайып, құла шайды сораптай ішіп жатқан. Күтпеген жерде сыртқы есік сықыр етіп ашылды да, жылдам басып Омаш ағасы кіріп келді. Кішкентай дөңгелек көздері жымың-жымың етеді. Көбінде керзі етікпен салпылдап жүретін ол енді жеңіл тифли киіп алыпты. Үстінде тік жағалы сұр костюм. Мұнтаздай таптаза. Қара бұйра шашын тікірейте тарап, иектегі бес тал түгін де қырып тастаған.

–       Таң атпай қайын жұртыңа жиналдың ба? – деді атасы күліп.

–       Қызы қолда, қайын жұртты қайтем? – деді Омаш ағасы үстел шетіне тізе бүге беріп.

–       Өй, өңшең көргенсіз! – деп апасы жаратпай қалды. – Қазақ-тың қай салтында әке мен бала сөз жарыстырушы еді?!

Шешенің сөзі шекеден тигендей болды ма, Омаш ағасы кібір-тіктей отырып:

– Тасқалаға бара жатырмын. Не тапсырасыңдар? – деді.

Атасы үндеген жоқ, апасы есіне бірдеме түскендей Сәнтай жақ қа бұрылған.

– Мына жаман ұлға мектепке киер киім керек еді. Бұ жерден жөні түзу дүние табыла ма, түге.

– Қандай размер? – деді Омаш ағасы. Атасы мырс етті:

– Бізден размер сұрап тұрған сен де… Былай, бойына қарамайсың ба?

– Бойыма қарап алғандарың ылғи атама шақ келеді, – деп Сәнтай ұртын томпайтты.

Атасы күліп, бұның кекіл шашынан сипап қойды. Осы сәтте Омаш ағасы әлдебір қулық ойлағандай, бұған көз қысып қалып еді:

– Көке, бұны өзіммен бірге ала кетпеймін бе? Қаланы көреді. Киімін таңдап киеді. Ұзақ жолда маған серік те болады. Мұнда сандалып жүріп, тағы бір бәлеге соқтығып қалар сотқар неме.

– Ура, қалаға барам! – деп Сәнтай орнынан атып тұрған.

– Шошаңдама! – деп атасы балағынан тартып қалғанда, шал бары бұтынан сыпырылып қала жаздады. Бұл жартылай жалаңаш құйрығына ышқырын көтеріп жатып:

– Барам, – деді. – Барам қалаға.

– Қалада атаңның басы жоқ, қаңғып қаласың бір жерде. Айт қанға көніп, айдағанға жүретін бала сен емессің.

– Жоқ, айтқанға көнем. Омаш ағамның жанында тып-тыныш жүрем.

–       Бармайсың дедім ғой саған, бармайсың!

–       Жоқ, барам.

Сәнтай торсаңдап сыртқа шыға жөнелді. Есік алдында Омаш ағасының дәу қорапты көкқасқа машинасы тұр екен. Маң дай шынысы күнге шағылысып, жылт-жылт етеді. Есік қапталында «Межколхозстрой» деген жазуы бар. Омаш ағасы бұл машинамен кейде қалаға қатынап, әр түрлі темір-терсек әкеледі. Ол жақта көп айналмайды да. Бүгін кетсе, ертең қайтып оралады. Әттең, атасы рұқсат етсе ғой, Сәнтай да бұнымен небір қызықты көріп келер еді. Сонда қалаға барған балалар сияқты бұл да: «Балмұздақ жедім, көпіршіген тәтті су іштім, зоопарктен жираф пен піл көрдім» деп талайды тамсандырар еді. Соның оп-оңай сәті түсіп тұрғанда, атасының қырсыға қалғанын!.. Мүмкін қашып кетуге болар?.. Ал қалай қашады? Егер ана қораптың үстіне шығып алып, жасырынып жата қалса, сосын ауылдан әбден ұзағанда бір-ақ көрінсе… Сәнтай жымиды. Жымиды да, кабина баспалдағына ыршып шықты. Сонан кейін бензобактың өңешіне аяғын тіреп тұрып, серпіліп қалғанда, қорап ішіне дік ете түсті.

Ыңырси қозғалып, үйдің сыртқы есігі ашылды. Тақтай бас-палдақтан таяқ тоқылы естілді. Сәнтай көрмесе де біліп отыр – атасы.

– Сәнтай!.. Уа, Сәнтай! Үйге жүре ғой, құлыным.

«Иә, саған. Жүр дегенге жүріп кетеді екем ғой. Үйге барғанда айтатының белгілі».

–       Сәнтай деймін, қайдасың сен?.. Жерге кіріп кетті ме, жү-гермек?

–       Жә, үйге кір, көке. Жаман ұлың қайда кетер дейсің (Омаш ағасының даусы).

– Құдай-ау, осы бала-ақ шашымды ағартып болды-ау! Есік ыңырсып, қайта жабылды. Омаш ағасы ысқыра әндетіп келіп, кабинаға кірді. Гүр етіп мотор от алды. Қорап ішінде жымыңдап Сәнтай отырды.

Ауыл сыртына шығысымен, машина зулай жөнелген. Бұл қораптан басын сәл қылтитса болды, кекіл шашын жел жұлып әкете жаздайды. Көйлегінің іші де гулеген жел, ысылдап жеңнен кіріп, дарылдап етектен шығады. Өткен күні ескі сабан тасыса керек, қорап қоқаңдаған сайын ұсақ қылтанақтар ұйтқи ұшып, көзге кіреді.

Машина бел асты. Сәнтайға таныс тау-жоталардың барлығы артта қалды. Әлгінде етегін орай өткен үкілі төбелердің қазір төбесі ғана көрінеді. Бұдан әрі жасырына берудің керегі не? Мұн да дірдек қақпай, жылы кабинаға кіріп алмай ма? Енді бәрі бір қайта апарып тастамайды.

Сәнтай орнынан жайлап тұрды да, кабина төбесін ақырын шертіп-шертіп қойды. Машина тоқтаған жоқ. Сәлден соң жұ-дырығымен тоқ-тоқ ұрып еді, артқы доңғалағы сырғанап барып кілт тоқтағанда, бұл кабина төбесінен асып түсе жаздады. Ытып сыртқа шыққан Омаш ағасы желкесінен жымия төніп тұр ған бұны көрді де:

–       Өй, сен қайдан жүрсің, ей?! – деді аңырып.

–       Ауылдан келем, – деді бұл қулықсыз.

– Өй, ішіңді!.. – Омаш ағасы кабина баспалдағынан төмен түс ті де, жол жиегіне жүрелей отырды.

– Бұл оңбағанға не дерсің енді?! Не істерсің?! Қап, мана кузовқа бір үңіле салмағанымды қарашы!.. Әй, неғып тұрсың енді селтиіп?!

–       Тоңып тұрмын.

–       Тфу, көксоққан неме!.. Отыр, кәне, кабинаға.

Бұл жерге жылдам түсіп, кабинаға кіріп алды. Жып-жылы. Аздап бензин иісі білінеді. Бірақ бәрібір қорап ішіне қарағанда жұмақ. Орындығы жайлы, жұмсақ.

Омаш ағасы талай жерге дейін тіл қатқан жоқ. Рульді сығымдай ұстаған қалпы доңғалақ астына зулап кіріп жатқан асфальт жолға үнсіз үңілді де отырды. Содан не заматта ғана:

– Бұның жарамады, Сәнтай, – деді. – Атаң мен апаңды зарлата бергеннің несі жақсы? Бүгін ауылды шарқ ұрып, тағы сені іздейтін болды. Әй-әй-әй!

Сәнтайдың басы салбырай түсті. Атасынан бұрын осы ағасының сөзі батады. Көр де тұр, қазір ақыл айта бастайды: «Ананы істеме, мынаған жолама… ұят болады… сен үшін біз жерге кіреміз…» тағысын-тағы… Былтыр питомниктің тере зе сін сындырып кеткенде де өстіп миын ашытқан. Бірақ кейін милициядан құтқарып қалған да өзі. Және бір қызығы, үлкендер кейде «Омаштың баласы» дейді. Сәнтай оған сенгісі жоқ. Сенбейтіні – еш уақытта ол бұны «балам» деп басынан сипа ған емес. Тек анда-санда: «Өй, қара пұшық», – деп танауынан еркелете қысып қоятыны бар. Қалай десең де Омаш ағасы жақсы ғой. Бірде машинасына отырғызады, енді бірде уыс-уыс кәмпит беріп кетеді. Ондайда бірақ ауызға ие болу керек. Омаштан кәмпит алғаныңды естіді бар ғой, атасы «әкесіне көрістіреді…»

–       Сәнтай!

–       Ау.

–       Не ойлап отырсың?

–       Атамды.

–       Сол жаман шалды несіне ойлайсың?

–       Иә, саған! Атам жаман емес.

–       Сонда… мен жаманмын ба?

–       Жоқ, сен де жақсысың.

– Өй, танауың құрғыр! Танауын қарашы, ей, тура өзімдікі сияқты. Келші, маңдайыңнан иіскейін.

Ол жуан түкті білегімен бұның мойнынан қапсыра құшақтап, өзіне тұқырта тартып алды да, маңдайынан құшырлана иіскеді. Содан соң қарқ-қарқ күлсін. Оған қарап бұл да күледі. Неге күлгенін өзі де білмейді. Әйтеуір, мәз. Үйден қашып шық қаным дұрыс болды-ау деп түйді ішінен. Көрдің бе, ағасы ұрыс қан жоқ. Ендеше кейін атасы да ұрыспайды. Азар болса, «Ешкінің сіңірін жеген нәлет!» дейді де қояды.

Терезеден гуілдеп жел еседі тынымсыз. Доңғалақтар зырылдап зымырай түседі алға қарай. Неткен-неткен ұзақ жол?! Жол емес, бейне жіп пе дейсің созылған. Доңғалақтар ұршық дейсің иірген. Бірақ ұршық толмайды, жіп таусылып бітпейді. Бүйрек-бүйрек жоталар… Бетегелі белестер… Ақ шағала ауылдар… Біріне жетсең, бірі тұрады қол бұлғап. Бәрі сондай әдемі! Әсіресе, Бұқтырма теңізін айтсаңшы! Мұндай да үлкен су болады екен ғой. Арғы шеті әзер көрінеді бұлыңдап. Бергі шеті жалт-жұлт етеді күн көзіне шағылып. Ортасында шалқи жүзген кемелер. Толқындарды қақ жарып, артына аппақ із тастап, биік-биік үйлер көшіп бара жатқандай. Кәдімгі кинодағы секілді. Паром дейтін сондай үлкен кемеге бұлар да сосын отырды. Он шақты машинаны шопақ құрлы көрмей көтере жөнелген ол суды бұрқ-бұрқ қайнатып, көз ұшындағы көгілдір жа ғалауға жарты-ақ сағатта жеткізіп салды. Бұдан әрі машина жол танабын тағы қуыра түскенін біледі. Омаш ағасы екі бүктеп салып берген күпәйкеге маужырай бас қойғаны есінде…

Оянған сәтте машинаның тоқтап тұрғанын байқады. Қапқара түн.

– Келдік, – деді Омаш ағасы. – Қала деген осы.

Сүйретіліп жерге түскен Сәнтай алдындағы төрт қабатты сұрғылт үйден басқа «үлкен қаланы» көре алмады. Аулада бірінің артын бірі иіскеп, бірнеше жүк машинасы тұрды. Төңірек түгел бетон дуалмен қоршалған. Бұны үйге қарай жетелей жүрген Омаш ағасы:

– Сырттан келген шоферлар осында жатады. Жатақхана, – деді қысқа ғана.

…Сәнтай өстіп сәтімен жетті-ау қалаға. Ал ертеңінде… иә, бар қырсыққа ертеңінде жолықты ғой.

Омаш ағасы таңертең құлағына ақылды құйып-құйып, «ремзавод» деген жерге жүріп кеткен. «Тез келем, желпілдемей үйде отыр», – деген шығарында. Алғашында, рас, «желпілдемей үйде отырды». Бір сағат өтті… екі сағат өтті – Омаш ағасы келмеді. Күте-күте шаршады. Уақыт өткен сайын тықырши түсті елеңдеп. Есік пен төрі екі аттамдай бөлменің ауасы да тар еді. «Әттең, сыртқа бір шықсам, таза ауада ойнасам» дейді демігіп. Терезеге үңілсе, дегбірі тіптен қашады. Көше толы машина… Сап түзеген сәнді үйлер… Қайнаған қалың тіршілік… Бар қызықтан құр қалып, тар бөлмеде қысылып отырған өзі ғана. Терең тыныстап алып, тағы сенделіп кетеді. Сенделіп жүріп тө сек астынан жарты парақ қағаз тауып алған да, бүктеп-бүктеп «самолет» жасаған. Ал оны ұшырайын десе – бөлме тар. Шір кін, далада қандай қалықтар еді?! Кенет басына бір ой келе қалды. Бөлмеге бұны байлап кеткен ешкім жоқ. Аяқ-қолы бос. Есік ашық. Сыртқа шығып сәл ойнайды да, қайтып келеді. Ендеше не тұрыс?.. Есікті нұқып ашып жіберді.

Сыртта ши сыпырғы ұстаған бір жуан әйел аула сыпырып жүр екен. Сәнтай «самолетін» енді ұшыра бергенде:

– Бумагами не сорить! – деді ол сұқ саусағын шошайтып. Сән тайдың жоғары созған қолы күрт төмен түсіп кетті. Жалғыз ауыз сөзден жігері жасып қалғандай. Сосын жасқана басып, дуал сыртына шыққанда, алдынан үй орнындай дөңгелек көгал көрді. Көгал үсті көкпеңбек шөп. Шөп арасында мойын жібін сүйретіп, тайыншадай көк ит жүр. Шетте Сәнтай шамалас бір бала тұр ыздиып. Бұтында – шолақ шалбар, басында – күнқағарлы қызыл панама. Қолын созып, итке бірдеме дейді. Ит қып-қызыл тілін салақтатып, шөп ішін тіміскілей жүгіреді. Тіміскілеп-тіміскілеп алып, бір сәт жалғыз түп бұтаның түбіне тоқтады да, артқы аяғын көтеріп, сарып жіберді. Сонымен «жұмысы» бітті ме, арсалаңдай орғып баланың алдына келді. Ол мойын жібінен жетелеп, жүріп кетті. Бірақ алысқа ұзаған жоқ, таяқ тастам жердегі бес қабатты үйдің алдына барып отырған.

Сәнтай «самолетін» ары ұшырды самғатып, бері ұшырды қалықтатып. Сермеп қалса болды, әуелей жөнеледі. Әуелеп барып, құлдилай қонады. Тағы бірде тым биікке көтеріліп алды да, ұзақ қалықтаған күйі дөңгелек көгалдың ортасына түсті. Бұл көгалды аттап-бұттап келіп, шөп арасынан оны көтеріп жатқанда, арт жақтан бір оқыс айқай естілген. Жалт қараса, аула сыпырып жүрген әлгі әйел:

– Что ты топчешь траву! – деп сыпырғысын көтеріп, ұмтылып келеді. Сәнтай тұра қашты. Тұра қашқанда, жаңағы ит жетектеген бала да бұны тура қуды. Иті алдында, өзі соңында. Бұл шыбындай ұшып зымырасын. Аяғы жерге бір тиіп-бір тимейді, жан-жағына қарауға да шамасы жоқ, ойында тек иттен құтылу. Алайда одан оңайлықпен құтылар емес, бұл қалай бұрылса – ол да солай бұрылып, не қуып жетіп қауып алмай, не соңында қалып қоймай, әбден мазақ қылып келеді. Мазақ болған Сәнтай ызадан жарыла жаздайды. Иті болмаса, ана иттің баласын шаңға аунатып-аунатып кетер еді, амал не?! Ол балаға не қой дейтін адам жоқ, қасынан өткендер бұрылып бір қарайды да, кете барады. Әлде ойнап жүр деп ойлай ма? Ойнап жүрмегендерін білдіріп ойбай салайын десе – ұят. Адамдар көбірек жүретін кең көшелердің біріне шығып кетуге және дәрменсіз, ондай тұсқа жақындай бергенде, залым бала итін әдейі қапталдата оздырып, жықпыл-жықпыл қалтарыстарға қарай икемдей береді. Сөйтіп қақпақылдаумен қанша жүгіргенін кім білсін, не заматта өзегі өртеніп, мұрттай ұша бастағанда, қарсы ұшырасқан көгілдір көзді егде адам бұл қуғыннан бір шикілік сезді ме, тоқтай қалды да, ит соңындағы балаға өзінше зеки сөйлеген. Сәнтай оқ бойы ұзап барып, сыртына көз салып еді, «қуғыншылар» үлкен шаруа тындырып тастағандай кері бүлкектеп барады екен. «Хайуан! – деді тісін шықырлатып. – Хайуан! Ауылда кезіксең аузыңа жұдырықты асатар едім мен сенің!..» Көзіне құйылған ащы терді сұқ саусағымен сүйкеп тастап, кеуде кере дем алды. Жүрегі әлі дүрсілдей соғып тұр. «Ит-ай! – деді сосын тағы. – Итпен қуатындай не істеп едім?» Рас, көрінгенге көгал бастыруға болмайтын шығар, бірақ сонда біреу сыпырғымен, біреу итпен қуу керек пе? Ауылда көк шөп өскен көгалды қойып, жаз бойы баптап отырған бақшаның да жеміс-жидегін балалар отап кетеді. Оларды бұл итпен қуса, атасы хайуан демей не дейді? Сәнтай күрсінді. Күрсіне отырып атасын ойлады. Есіне қай-қайдағы түседі де. Бірде екеуі тауда шөп шауып жүргенде, бір уыс күреңсені ол құшырлана иіскеп отырып: «Жарықтық, қай бабамның қанына өсіп шықты екен?» – деген ойланып. Бұл түсінген жоқ. Түсінбегенін айтып еді, атасы: «Бұл жердің бәріне ата-бабаңның қаны төгілген. Қан төгілген жерге шөп қалың өседі», – деген шегелеп. Жаңағы дөңгелек көгалдың да шөбі тым қалың еді. Мүмкін, ол жерге де ата-бабаның қаны төгілген шығар.

Аяқ суытып, бой сергітіп алған соң, аяңдап қайтар жолға түскен. Алғашында жолынан жаңылмай-ақ келе жатқандай еді, біртіндеп алды бұлдырай бастағанын сезді. Екі машина әзер сыятын табан астындағы тар жолдар біраз жерге дейін түп-түзу тартылып барады да, кенет тұс-тұсқа таспадай тарқатылып кетеді. Ал біреуін «таңдап» көр!.. «Таңдаған» жолынан табатыны тағы да – бір-бірінен аумайтын, айнымайтын сұрғылт үйлер. Әр үйдің алды – желкілдеп өскен жас ағаш. Әр бұрышта – қалқайып-қалқайып тұрған кішкентай үйшіктер. Бәрі-бәрі құс балапанындай қатты ұқсас. Өзі іздеген үйдің тек төрт қабатты екенін біледі. Сосын дөңгелек көгал есінде. Ондай үй мен дөңгелек көгалдың талайын адақтап шықты, бірақ бірінің маңынан жүк машинасы кезікпеген. Адастым-ау дегенге сенгісі келмейді, табам деген үміті де үзіле түскен сәт санап. Өрмекшінің торындай мына мың сан шимайдың арасында адаспау тіпті мүмкін емес тәрізді. Оңы қайда, солы қайда – белгісіз. Қас қылғандай, күн көзін де тұп-тұтас сұрғылт бұлттар тұмшалап алған, еңсені езіп, екі иықты баса түседі. Соншама көңілсіз. Қай жағыңа қарасаң да – жанарыңды жасқап, мұздай құрсанып тұрған суық дүние. Төбеңнен төнген сеңсең үйлер. Безеріп, сіресіп жатқан асфальт жол. Ауада көңірсіген бір иіс бар, мотордан ескен ыстық лептей мұрын ашытады. Мұндай жерде адамдар қалай тұрады екен деп ойлады Сәнтай. Кинодан көрсең, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Біреулер айтқанда, таңдай қағып, тамсанып бітесің. Сөйткен қаланың түрін көр!.. Құрысын, ауылдан бекер-ақ келген екен бұл.

Маңайына қарай-қарай басы айналды. Үй біткенге үңілумен көзі талды. Алыстан, шіркін, бәрі алданыш, жақындап келсең – алдамшы. Ит қуып келе жатқанда байқамады ма, әлде бағыты басқа жаққа ауып кетті ме, жолай енді кең көшелер де кезі ге бастаған. Бірақ адасқанына әлі сенгісі жоқ-ты. Сенбей жүре берер еді… әлден уақытта мың сан шимайды шиырлапшиырлап келіп, әлгінде ғана алдынан өткен «Нан-хлеб» магазиніне қайта тірелгенде, төбеден таспен ұрғандай сілейіп қалды. «Бітті! – деді жанары жасқа толып. – Сорлаған деген – осы!»

Амалы құрыған бұл жол жиегіне шығып, мән-мағынасыз мәңгіріп ұзақ тұрды. Өз бетінше жүре беруден пайда жоқ. Жол көрсетіп, жөн сілтейтін кім бар? «Ағатай» деп кімнің етегіне жабысады? Жанынан өтіп жатқандардың түр-түсіне қарағанда, әзірге бұның «ағатайын» түсіне қоятын адам байқалмайды. Дегенмен, күту керек. Өз түріне ұқсастың біразы мана кезіккен. Әлі де кезігер.

Көп өтпей-ақ қолына сарғыш сандықша ұстаған ұзын бір жігіттің қара бұйра шашы сонадайдан көзіне оттай басылды. Тура Омаш ағасы сияқты. Сол ағасын көргендей бұл арсалаң қағып алдынан шыға келді де:

– Ағай! – деді оның қоңырқай көзіне тік қарап. – Ағай, осы маңнан шопырлар жатақханасын білесіз бе?

–       Че? – деді ол түк түсінбегендей.

–       Шопырлар жатақханасын білесіз бе деймін?

–       Не понимаю. Говори по русскому. Қапелімде бұның аузына түскені:

–       Там… там… дом нет.

Жігіт білмеймін дегендей басын шайқап, асығыс жүріп кетті. Сәнтай аң-таң. «Қалайша түсінбеді екен?» деп ойлады. Артынша: «Қазақ емес шығар. Қалада кәрей деген де халық тұрады деуші еді, соның бірі де» деп өзін жұбатып қойды.

Сәлден соң жаңағы жақтан және бір көзілдірікті қара шаш көрінген. Шолақ жең ақ көйлегіне шолтитып көк галстук байлапты. Ол жанына жеткенде Сәнтай:

– Аға! – деді тағы. – Шопырлар жатақханасын білесіз бе?

– Что ты говоришь?.. Жатакана айтады, да? – деп ол ойланған сыңай танытты.

– Иә, жатақхана деймін… Адасып жүрмін. Шопырлар жататын жатақхананың қайда екенін білмейсіз бе? – деп бұл аса бір үмітпен қарап еді, ол:

– Что такая «жатакана»?.. Ол кандай зат? – деді.

– Ол зат емес – жатақхана, ағай. Сырттан келген шопырлар жататын үй.

– Мен білмейды оны. Может ана екы қыз биледы, – деп бұл ағай алға қарай иек қағып, жүре берді.

Балағы қысқа кең шалбар киген екі апай қасына тақаған кезде Сәнтай сәл тосылып қалды. Қысыңқы қара көздерінің аумағы көкпеңбек бояу екен. Осы көздерінің өзі-ақ «мен билмейды, билмейды» деп тұрғандай еді. Дегенмен, батылдығы ұстап:

–       Апай!.. Апайлар! – деп жолды бөгей берді.

–       Чего?

–       Что тебе надо? – деді олар қосарлана дауыстап.

–       И-и, құрғыр-ай! – деді бұл таусылып. – Біліп едім…

Осымен сөзі біткендей шұғыл кері бұрылды. «Үлкендер болмаса, бұлардан үміт жоқ екен» деді сосын.

Үлкендер бірақ жуық арада көрінбеген. Тек сүт пісірім уақытта екі себет помидорды мықшия көтеріп келе жатқан то лықтау сары әйелді әзер жолықтырды. Бұл кісі де сөзімді түсін бей ме деп еді, шүкіршілік түсінеді екен. Түсінгенде тіпті көмейіндегіні көзбен ұғады.

– Ойбуй, құлыным-ай, жағдайың мүшкіл екен, – деп бұны алдымен біраз мүсіркеп алды. Сонан кейін:

– Мұнда жатақханадан көп дүние жоқ, оның қайсысы екен? – деп жуан мойнын жан-жаққа бұрып және біраз қиналыс біл дірді.

– Сырттан келген шопырлар жататын жатақхана, апа. Төрт қабатты сұрғылт үй. Алдында дөңгелек көгалы бар, – деп Сәнай сөзін толықтыра түсті.

–       Сырттан келген дейсің, ә?.. Сонда қай жерден келдің?

–       Қарағайлыдан.

– Ойбуй, құлыным-ай! – деді ол. – Ол жерде талай болдым ғой мен. Баяғыда машинамен барып, балқарағай жинайтынбыз. Сол кезде қызылдаған дәні бір сом еді, енді екі сом болды ғой. Базарға шығарсаң, одан да қымбат. Құдай-ау, сондағы смородинаны айтсаңшы, әншейін тауда теп-тегін жатушы еді. Су тегін ғой, су тегін! Қазір де оны теріп әкеліп, шелегін елу сомнан айдауға болады, бірақ кез келген адамды жібермейді емес пе онда. Пагронзона дей ме, немене…

–       Апа, мен не істеймін? – деді бұл шыдамсызданып.

–       Нені?

–       Жатақхананы…

– Е, сен адасып жүрмін деген екенсің ғой… Жә, былай істейік, құлыным, – деп ол екі себеттің бірін бұның аяғына қарай жылжытып қойды. – Қазір екеуіміз мына помидорларды көтеріп, базарға барайық. Сол жерде сені мелисаға апарайын. Іздеген үйіңе ол жетектеп кіргізіп жібереді.

– Жо-жоқ! – деп Сәнтай шегіне берді. Шегінген күйі – «апасынан» алыстап та кетті.

Қызық, ей! Іздесе милицияны өзі таба алмайды дей ме? Керек болса, әне, көрінген бұрышта тұр ала таяқ ұстап. Бірақ милицияны желкесінің шұңқыры көрсін. Былтыр питомниктің терезесін сындырып кеткенде, ай бойы соңынан сүмеңдеткені де жетеді. Онымен қоймай, атасына: «Балаға неге ие болмайсың?» – деп ұрысқан да. Қазір милицияға барсаң, тағы: «Қалай жоғал дың? Үйден қашан шықтың? Одан бері қайда жүрсің? Бұрын милицияға түстің бе?» – деп миды ашытуы мүмкін. Құрысын, басқа бір адам табылар.

Басқа бір адам табылмады Сәнтайға. «Ағай-ағай» деп кімнің алдына бармады? «Апай-апай» деп кімге жабыспады? Бәрінен естігені – манағы. Бірінен көңілі қалып, біреуінен жүйкесі тозып, кең дүние тарыла түскен кезде жалғыз үміті ақталар еді, ақыры көк тақияның сөзі анау болды… Әй, қор болды ғой, сорлады ғой Сәнтай сормаңдай болып.

…Енді, міне, әлдебір үйшікте иттей бұралып жатыр. Жамбасына тақтай батып, ары-бері аунақши береді. Аунақ шыған сайын жақтау сыртындағы ағаштарға көзі түседі. Жапы рақтар бозара бастапты. Таң жақын тәрізді. Таң жақындағанда адам талмаусырай бастайды деуші еді, Сәнтай да енді бір тұң ғиыққа шым батып бара жатқанын сезді.

Қанша ұйықтағанын білмейді, не заматта біреу иығынан түрткендей болды.

– Мальчик!.. Мальчик, вставай! – дейді ап-анық. Алғашында атасы екен деп ойлаған… Жаңа ғана екеуі тауда шөп шауып жүр еді… Бұл қашан орысша үйреніп алған дейді ішінен.

– Мальчик, вставай.

Көзін ашып еді, аппақ таң атыпты. Жанында… бурыл сақал біреу өзіне сығырая төніп тұр. Орыс шалы. Жүрегі зу ете түскен бұл орнынан атып тұрып, есікке тұра ұмтылғанда, ол қолынан ұстай алды. Сәнтай қорыққанынан жылап жіберген.

–       Там… там… дом нет! – деді дірілдеп.

–       Ә, сен орысша білмейсің бе?

Сәнтай таңдана қарады. Кәдімгі орыс шалы. Таза қазақша сөйлейді. Шүңірек шегір көздерінде біртүрлі жылылық бар.

–       Білмеймін, ата. Орысша білмеймін… Адасып жүрмін.

–       Солай де. – Шал бұның қолын босатып, өзі жақтауға отырды.

–       Кәне, әңгімеңді айтшы! Қалай адасып жүрсің?

– Әншейін… көшеге шығып… – деп бұл күмілжи тіл қатып еді, шал білегінен тартып, жанына жақындатып алды.

– Балам, сен менен қорықпа. Ауылдан келгеніңді байқап тұр мын. Мені де сол ауылдағы бір атаңдай көр.

– Сіз кім боласыз? – деді Сәнтай батылдау.

– Мен осында күзетшімін. Кирилл деген атаңмын. Кирилл атай десең де болады. Ал, айтшы әңгімеңді!

Сөзін кібіртіктеп бастаған Сәнтайдың біртіндеп бауыры жа зыла түсті. Қалай адасқанын, кімдерден қорлық көргенін, қазақша айтқан сөзін қазақтардың өзі түсінбегенін, бәрін-бәрін жіпке тізді, баян етті. Баяндап тұрып күрсінді. Күрсініп тұрып көзін жасқа шылап-шылап та алды. Бұны тыңдап отырған Кирилл атайдың да өңі бір ағарып, бір сұрланды.

– Ол жатақхананы мен білем, – деді ол Сәнтай сөзін аяқтағанда. – Осы арадан бір-екі-ақ шақырым жерде. Ауланы сыпырып тастаған соң өзім алып барамын сені. Қазір менімен жүр, алдымен жүрек жалғап алайық.

Шал Сәнтайды жетелеп, балабақша үйінің бір бөлмесіне алып келді. Терезе тұсында тұрған шағын үстелдің үсті неше түрлі тамақ. Жұқалап туралған қияр, помидор, сүрленген шұжық. Шал термостан буын бұрқыратып қызылкүрең шай құйды. Нағыз сүт қатқан қазақтың шайы.

– Нешінші класта оқисың? – деді шал ақ кружканы бұның алдына жылжытып қойып.

– Төртінші бітірдім.

– Әлі кішкентай екенсің ғой… Дегенмен, тым кіші деуге де болмас. Сендерді кішірейтіп жүрген замандарың ғой. Баяғыда қазақ ауылына мен де төртінші кластан кейін келгем. Қа лай келгенімді айтсам, бүгінде біреу сеніп, біреу сенбейді. Қаршадай бала бір үйдің қазан-ошағын бір өгіз арбаға тиеп, оның ортасына кәрі әжесін шоқитып отырғызып, жүздеген шақырым жерге делбені өзі ұстап келді дегенге, әрине, сену қиын. Әке-шешені кулак деп қаңғытқанымен қоймай, кәріқұртаң, бала-шағаны да сорлатқан заман болды ғой. Сол уақытта дәм-тұзын алға тартып, төрінен орын, іргесінен қоныс берген ауыл адамдары еді. Бүгінде бірі тілін, бірі құдайын ұмыта бастаса – тоқшылықты көтере алмағандары шығар.

Сәнтай құдды өз атасын көріп отырғандай. Ол да өстіп кейде арғы-бергіден сыр қозғаушы еді. Сондай сәтте оны бұрынғыдан да жақсы көріп кететін. Мына кісі де қандай жақсы адам еді?! Елдің бәрі неге осындай болмайды екен?

– Жә, балам, мен жұмысымды бітіріп тастайын. Сен аулада күте тұр, – деді Кирилл атай бұл әбден тойып алған соң.

Сәнтай сыртқа шығып, саңырауқұлақ секілді дөңгелек қал қайманың астына келіп отырды. Аспан мөп-мөлдір. Күн недәуір көтеріліп қалған. Желке тұсынан қоңыр салқын жел еседі. Рахат! Бұның алдында ағайлар мен апайлар балаларын жетектеп, бақшаға әкеліп жатыр. Әне, көк көйлекті бір қазақ апай үш-төрт жасар ұлын үй бұрышына дейін жеткізіп салды да, өзі кері бұрылды. Бала аяғын санап басып, бері қарай тыпыңдап келеді. Қолында бір тал бақбақ. Бақбақ басындай өзі де үлбіреп тұр. Қандай сүйкімді еді?!

–       Балақай, мұнда келші! Келе ғой… Бала Сәнтайға жақындап келді де, селтиіп тұрып қалды.

–       Кел, кел бері. Қорықпа.

–       Че? – деді бала көзі жыпылықтап. Сәнтайдың созған қолы сылқ етіп түсіп кетті… Іші іріп жүре берді… Ойына кешегі ағайлар мен апайлар оралды…

Дидахмет
Әшімханұлы
logo