Дидахмет Әшімханұлы,
1992 жыл, Қазақ әдебиеті
«Сөзі де дәл өзіндей сырбаз торы»
Жазушы Қажығали
Мұханбетқалиев 50 жаста
Қажығали атын естісем немесе Қажығалимен өзім кезіге қалсам… есіме оның «Муратик» деген әңгімесі түседі: «Муратик» есіме түссе, көзіме «қап-қара кекіл көзіне түсіп тұратын, екі беті бүйректей бұлтиған, алты-жетілер шамасындағы сүп-сүйкімді жуас бала» елестейді. Қажыкемнің сол кіп-кішкентай кейіпкері менің көкірек сарайымның бір бұрышынан әлде қашан жылы ұясын салып алып, қалай берік орнығып қалғанына кейде қайран қаламын. Оның кереметі мынада деп, жазушы шеберлігін сипаттап, әдеттегі әдеби талдау жасауға мен «Муратикті» қимаймын да. Сыншылар оны қалай таразылаймын, қалай бағалаймын десе, әрине өз еріктері өздерінде. Ал оқырман мен үшін ең қымбаты – шығарманың шынайы әсері. Бір кезде жадымда тәп-тәтті болып ұйып, мөп-мөлдір күйі тұнып қалған дүнием сол дәмі, сол нәрімен әлі де сезім пернелерімді қытықтап тұратын секілді. Шындығында да оның шынайы әсері шығар, кейде бір жалғызілікті ана мен жарым көңіл баланы көрсем де «Муратик» ойыма оралатыны бар. Оқырманға осындай бір шығарма ұсынған Қажыкемнің қаламына сонда қызығам да. Жазушы мерейі үшін бұдан артық не керек! Қандай сый-құрмет қажет!
Сый-құрмет дегенде еске түседі. Әдеби ортада аракідік: Тоқаш та, Мұқағали да, Оспанхан мен кейінгі Кеңшілік те өз сыбағаларын ала алмай, бағаланбай кетті деген сөздер естіліп қалады. Сонда мұндай сөздердің мегзейтіні не? Құрметті атақ па, лауреаттық па? Әлде жоғары қызмет пе? Жоқ, біле-білген жанға оқырман махаббатынан, көпшілік сүйіспеншілігінен өткен ешқандай сыбаға да, сый-құрмет те болмақ емес. Жоғарыда аталған Тоқаң мен Мұқаң да, Осекең мен Кеңкең де көзінің тірісінде-ақ ол махаббат, сүйіспеншілікке молынан ие болған жандар еді. Біз, кейінгі ұрпақ олардың жырын бала кезден жаттап өстік, іздеп жүріп оқыдық. Жүздерін болмағанда бір көруді аңсадық. Хас таланттар үшін бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін! Әдетте, әдеби кітап, көркем шығармалардың бетіне Сапа белгісі соғылмайтыны белгілі. Бірақ кейбір рухани өнімдер маңдайынан мұндай белгіні тайға басқан таңбадай анық көрер едік. Ол не? Ол – мұқаба сыртына, шығарма шекесіне жазылар талант иесінің аты-жөні. Кітап дүкендерінен жаңа дүние сатып аларда да, қолға түскен баспасөз өнімдерін парақтай бастағанда да, көп жағдайда біз осы «белгіге» қарайтынымыз рас. Өз басым үшін «Қажығали Мұханбетқалиев» деген есімді де осындай белгіге жатқызамын. Ал құрметті атақ, лауреаттық жөнінде сөз бола қалса, мынадай бір оқиғаның ойыма оралатыны бар.
Бұдан бірер жыл бұрын біраз қаламгер дастарқан басында отырғанбыз. Кенет анау-мынау әңгімеміз сап тиылып, теледидар бетіне тесіле қарай қалдық. Көгілдір экраннан бәрімізге баяғыдан таныс бір әріптесіміз көрінген. Іле-шала титрдан оқығанымыз: «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы…» Ол сөйлеп отыр. Әдебиет туралы, тіл туралы толғақты мәселелер айтады. Халықтың болашағы үшін қам жейді. Есіліп, көсіліп сөйлегенде тағалаған жорғадай бір сүрінбейді. Бәрі де – дұрыс. Өстіп ол жанындағы екі-үш адамға есе бермей ұзақ сілтеген… Хабар бітті. Біз бір-бірімізге бет бұрдық.
– Қалай? – деді арамыздағы ақын ағамыз бізге сұраулы пішінмен.
– Жақсы, – дедік біз.
– Несімен жақсы?
– Әйтеуір, мүдірмей сөйлеп шықты ғой.
– Жөн-ақ. Бірақ не естеріңде қалды?
Иықтарын қиқаң еткізгеннен басқа ешкім ештеңе дей алмадық.
– Үндемейсіңдер. Өйткені, манадан естіп отырғандарыңның бәрі – жел сөз. Рас, татаусыз төгілген тілінде мін жоқ, алайда сөз түбінде бір түйін дән де жоқ. Барлығы – жаттанды, жауыр болған ойлар, жігітіміз оны актер түрінде әдемі айтып, орындап шықты. Міне, солай! – деді ақын ағамыз қызбаланып. Сосын бір мезет бізге қулана қарап тағы:
– Осы жігіттің өздеріне ұнаған, естеріңде қалған бір шығармасының атын тезірек атап жіберіңдерші. Иә, тезірек, – деп бізді асықтыра түсті.
Ойланып қалдық. «Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей бәріміз бір тығырыққа тірелгендейміз. Тек не заматта ғана бірер шығарманың атын аузымызға әзер іліктірдік-ау.
Бұл оқиғаны да әркім әр түрлі топшылай жатар. Дегенмен сол ақынның сөзінде аз да болса жан бар екенін мойындасақ керек. Сөйте тұра әдебиет деген мұхитқа көзкөрім жерден жоны жотадай болып көрінетін алып киттер де, таудай толқындар арасында бауыры жарқ-жұрқ етіп жүретін ірілі-уақты ақ балықтар да, тіпті жағалаудағы балдыр-батпақ ішінде жыбыр-жыбыр тірлігінен бір тынбайтын майда шабақтар да керек екенін ұмытпаған жөн. Яки талант, қабілетін қарай кез келген жазушының өнер әлемінде өз орны бар. Солардың арасынан қай оқырман кімді сүйіп оқиды, кімді құрметтейді, я ол жеке мәселе. Ал өз басым жылт етіп жарыққа шыққан әр шығармасын мүмкіндігімше оқып қалуға тырысатын өзін де, сөзін де сыйлайтын санаулы ғана жазушыларымның бірі – баяғы «Муратиктің» авторы – менің Қажыкем.
«Менің» дейтінім: біз осы қолыңыздағы газет редакциясында біраз жыл бірге қызмет істедік. Ағалы-інілі адамдардай сыйластық. Бұған мүмкін екеуіміздің өмір, өнер, әдебиет жөніндегі көзқарас, пікір-тұжырымдарымыздың көп жағдайда бір жерден шығатындығы, кей кездерде тіпті шығармашылық қызметіміздің де бір-бірімен үндестік тауып жатуы дәнекер болған шығар. Бұған қоса менің Қажыкемнің анау үлкен, мынау кіші демей, өзі қалаған адамның көбімен тең дәрежеде сырласып-сыйласып жүре беретін қарапайым да кішік қасиеттері және бар. Біз, бір топ жас қаламгер, сексенінші жылдардың басында «Қазақ әдебиетінің» редакциясында осындай ағамен табысқанбыз. Араға біраз уақыт салып, өткен жылы «Заман – Қазақстан» газетінде Қажыкеммен қайта басымыз қосылды. Бұл – азаматты, жазушыны тану үшін аз уақыт болмаса керек. Мен солай ойлайтынмын. Қажыкемнің қандай қаламгер екенін бір кісідей білетін сияқты едім. Жоқ, қателесіппін. Оның шығармашылық қарым-қуатына мен әлі де жете бойлай алмаған екенмін. Өйткені, әлгі сексенінші жылдары баспасөзде жарияланған баспадан шыққан туындылары болмаса, одан бұрынғыларының көбі көзімнен таса қалыпты. Ал, жазушы шығармаларын оқыған сайын оның қалам-қарымы мен жеке жан-дүниесінің жаңа бір қырлары ашыла беретіні ақиқат қой. Сонымен, соңғы бірер аптада (Қажыкем туралы жазуға дайындала бастағанда) осыған көзім тағы да жете түскендей. Мәселен, менің Қажыкем сонау 1972 жылы жарық көрген «Жұлдызды түндер» атты тұңғыш кітабында-ақ «Муратикке» ұқсас әдемі әңгімелерді дүниеге әкелген екен. Солардың біреуіне назар аударып байқайықшы.
«Жұмыс орнын былай қойғанда, атағының өзі біраз жұртқа белгілі, Тәнеке Жарасбаевич марқұмның денесі салынған табыт бір күннен соң өз ошағына әкелінді…» деп басталатын «Күн батып барады» әңгімесі соңғы нүктесіне дейін бір қалыпты сарынмен, бір қалыпты қаралы әуенмен өріліп шыққан. Әр сөйлемінен тұла бойыңды түршіктіріп, тітіркендіріп отыратын салқын ызғар сезесің. Көзің сөз, сөйлемдерді қуалап жүгірген сайын осы бір ызғар мынау жарық дүниенің бір-ақ күнде жанарыңнан желп етіп өшіп қалар баянсыздығы мен тұрлаусыздығын үнемі үрей тудыра сездіріп тұрады. Әңгіменің басты кейіпкері – «өмірінде қиналып көрмеген, дүниеден де қиналмай өте шыққан» бір адам. Сонда ол – қолында билігі, басында түйсігі бар, білімді де лауазымды адам – ғұмыр бойы не үшін, кім үшін өмір сүрген? Тек қана өзі үшін, жеке басының бір күндік қызығы мен рахаты үшін. Оның жолында адамдық, имандық, ағайын-бауырға деген туысқандық сезімнің бәрі садаға. Туған әкенің өліміне де бара алмауы – осының айғағы. Осы бір адамның тек отыз жылдан кейін ғана ес жиып, өлер алдында ғана иманын үйіргендей болуы оқырманға және ой салады. Ал енді қоғамдық өмірде осындай өз орны бар лауазымды, биік тұлғаның жақыннан да, жаттан да біртіндеп алшақтап, суып кетуіне не себеп деген сұрақ туады. Бұған жауапты кешеге дейін ұлттар достығының бір «ұйытқысы» деп насихатталып келген аралас некеден де іздеуге болар.
Адам тағдырына өстіп терең бойлау, не нәрсенің себептерін түпкі тамырдан іздеу, адамдық, имандық мәселелерді бәрінен де жоғары қою – Қажыкемнің «Бұралаң жол», («Жаңғырық» жинағындағы), «Мінез», «Ақырғы күн», «Сынық терезе» («Қайдасың сен, махаббат?» жинағындағы) сынды шығармаларынан анық көрінеді. Бұлардың қай-қайсысына да ол көз көрегендігін, жүрек сезімталдығын, ой ұшқырлығын танытады. Тілі кестелі. Бұнысы әсіресе, тарихи тақырыпқа қалам тартқанда тіптен жақсы сезіледі. Тарихи тақырып демекші Қажыкем қазір «Сырым батыр» туралы роман жазып жүр екен. (Алғашқы тараулары «Жалын» журналында жарияланған). Бұл романын ол өз деңгейіне жеткізіп, ойындағысын орындап шығатынына және оқырманға жаңа бір сүбелі дүние ұсына алатынына менің көзім жетеді (Тіфә, тіфә!). Оған үлкен дайындығы бар екенін мен Қажыкемнің Махамбет өмірінен алып жазылған бұрынғы бір повесі – «Ежелгі дұшпанды» оқығанда көзім жеткендей. Автор онда шығарма тақырыбына сәйкес халықтық тіл мен этнографиялық тұрмысты, сол кездегі сыртқы-ішкі жағдайларды тарихи тұрғыдан жетік білетіндігін аңғартқан-ды.
Менің Қажыкем біз секілді кейінгі жастарға аға болғанмен алдыңғы ұрпаққа іні ғой. Ендеше, Қажыке, біреуімізге аға, біреуімізге іні боп, осы сері де сырбаз мінезбен сілтей беріңіз алысқа. Қаламыңыз жүрдек, қадамыңыз аршынды болуын шын ниетпен қалайтын.
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ.