Сүйген ұл, сүйсінткен ғұмыр

Сағат жаны жалғаннан озғаннан бері ол туралы талай-талай тағлымды сөз айтылды, жүрек елжіретер небір естелік жазылды. Қазаның жолы жіңішке, әруақтың орны биікте деп білетін қазекең дүниеден өткен кім-кімін де аяулы көрген, аяулысынан ешбір жылы сөзін аяп қалмаған. Мұндай сәтте бақилық жанның бағасын тым асырып, абыройын аспандатып жіберетін де кезі болар, алайда өзгенің жөні бір басқа, ал Сағат атына айтылған ыстық лебіздің ешқайсысына мен күмән-күдікпен қарай алмаймын, қайта оның адамдық, кісілік қасиеті мен қайраткерлік тұлғасы әлі де әр қырынан ашылмай жатыр деймін. Көшпілікке көмескі-ау деген сондай бір қағаберіс қалтарыстарға әлсін-әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендер жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікірлерді толықтыра түсу, меніңше, ұрпаққа өнеге, ұлтқа ғибрат үшін қажет. Неге өнеге үшін? Дәл осы сөзге мән беріп отыру себебім неде? Жауап мынау: егер аңдап байқасақ, бүгінге дейін Сағат жөнінде жазылған естелік-еңбектердің барлығына дерлік негізгі дің, түп қазық болған дүние – адамгершілік: Сағаттың біреуге жасаған жақсылығы, біреуге көрсеткен көмегі, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты, ұлтын сүюі, тілін құрметтеуі. Ендеше осының барлығы өзекті жанға өнеге, ұлт мұраты үшін ұлағат емес пе екен. «Құдай дегеніміз сүйіспеншілік» болса, Сағат бойындағы барша қасиеттің қайнар көзі осы – өмірге іңкәрлік, адамға сүйіспеншілікте жатса керек. Ал іңкәрлік, сүйіспеншілік жүрегіне ұялаған жан үшін: арпалысты әрекет, итжығыс күрес, табантірес тартыс, қайғыру- да, қуану, мұңаю да жұбану, қате жіберу де түзету, шегіну де ілгерілеу секілді «адамға тән дүниенің ешқайсысы жат болмақ емес». Бұлар Сағатқа да жат болған жоқ. Ол өзінің ерік күшімен, сосын өмірдің сан қилы қайшылықты құбылыстары-мен жағаласа, жанталаса жүріп, өмір-теңіз жағалауынан нысана еткені тек жақсылық болып, қамшының сабындай қысқа ғұмырында талай биікке құлаш ұрды. Ерте гүлдеді, ерте пісті. Көп қатарластарынан гөрі көздегеніне де бұрын жетті. Шығармашылықтағы абырой, қызметтегі бедел, атақ, лауазым дегеннің көбіне түбіт иек кезінде-ақ ие болды. Бірақ адамдығын ұмытқан жоқ. Ал адамдық дегеніміз – табаны жерден екі елі көтерілсе екі рулы елге сәлем бермейтін тоңмойын емес, сұңғыла болсаң сыртымды көр де ішімді біл дейтін бітеулік те емес, ыңыранып отырып ыңырсып сөйлейтін зиялысымақ шенеуніктік те емес, ол – кәдімгі адамша жүру, адамша күлу, маңайындағылардың қай-қайсысына да жүрек жылуын бірдей шашу екенін ол жақсы білетін. Мұндай қасиеттен жандүниесі жадау біреулер Сағаттың кейбір қылығын «қызық», тіпті оғаштау да көретін. Қалай «оғаш» көрмейді, Сәкең Жазушылар одағының үлкен жиынында сөйлеп тұрып: «Қазақ әдебиетінен» Берік Шахановтың мынадай әңгімесін оқыдым. Осы әңгімесі үшін оған рахмет айтар едім». Тағы сол Одақтың бір мәжілісінде: «Құдай-ау, Алматыдан Алтынсаринге бұйырған көше 100-ақ метр екен ғой… Бұны бізге жеткізген жігітіміз бұдан кейін ештеме жазбаса да болады»,– дейді… Анау-мынау емес, Мемлекеттік бір комитеттің төрағасы, министр дәрежесіндегі Сағат Әшімбаев қара «Волгасымен» кетіп бара жатып, көшеде кезіккен көзтаныстарын көздеген жеріне жеткізіп салып жүреді… Кейбір адамды көпшілік ұнатпайды, ал Сағат аға-бауырын көргендей онымен емен-жарқын сөйлесіп тұрады. Жұмыссыз жүрген бір қаламдастарын іздеп-тауып, қызметке алады. Бұл не? Жалпақ-шешейлік пе, жақсы атты көріну ме? Әлде принципсіздік пе? Жоқ, бірі де емес! Бұл – адамды сүйе білген, кім-кімнің де жандүниесін түсінсем деген, өзгеге жақсылық жасау арқылы өз жаны рахат табатын адамның күнделікті тірлік, қарапайым қатынастағы ісі. Ал ұлттық мүдде, өнер мұраты, қызмет ыңғайы деген мәселелерге келгенде Сағат мінезі бөлек-ті: қажет жерінде қатал, сөзі тура, принципке берік, жұмысына тастүйін болатын. Сөйлесе сөзімді кім қалай түсінер, арты қалай болар деп бүгежектемей, нені айтса да жүрегін жалындатып, ойын жалаулатып айтатын. Жазса – мына ойымды қаламдас қалай қабылдар, жоғары жақ не дер деп қаламы қалтырамай, қандай дүниені нысанаға алса да пікір-тұжырымын батыл жеткізуге тырысатын….Жә, жетті осымен! Бұдан әрі сұранып тұрған сөз: Сағаттың сыншылығы, сындағы шыншылдығы, ұланғайыр білімдарлығы мен өре биіктігі, өріс кеңдігі шығар. Бұлар жөнінде бұрын да біраз айтылған, әлі де айтыла берер. Ал, қазір… Сағатты неге сағына бастадық? Әңгіме осында.

Ол туралы 1993 жылы «Күлкіңді жүрміз сағынып» деген естелік кітап та жарық көрді. Оқимыз да, рас, сағынамыз оны. Күллі тіршілігі еске түседі. Сағатпен бірге жүрген, бірге отырған, әңгімелесіп сырласқан, сыртынан көріп, сөзін тыңдаған сондай сәттер көз алдыңа келгенде, кешегіден гөрі бүгінгі күндер ойыңа көбірек оралады….Иә, бүгінгі күндер! Қай жағыңа қарасаң да – берекесі кеткен өмір… Қамқорлықсыз қалған мәдениет, өнер мен әдебиет. Кітаптың орнын – киім, қағаздың орнын бұйым басқан дүниелер… ұлттың тектік арнасы – сіңірі шығып, ыңыршығы айналған ауылдың түрі анау… Қайыршысы қалтаңдап, алыпсатары талтаңдап, біреуге – жұмақ, біреуге – тозақ болған қаланың сиқы мынау….Ау, бұ қалай? Жауап көп, нәтиже жоқ. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, биік мінбелерден ашына сөйлер азамат аз. Мұндай бір адам шыға қалса, он адам оның аузын жабуға ұмтылады. Ағайындар-ау, алауыздықты қояйық, мәселені бірігіп шешейік, бірлесіп қимылдайық дейтіндер жоқтың қасы… Осындайда Сағатты шынында сағынады екенсің.

Елдің жақсысы мен жайсаңы, білімдісі мен біліктісі әр төбенің басында жеке қиқулап жүргенін көргенде… Сағатты сағынады екенсің.

Таңертең қызметке тағайындалса, түсте әкесіне де сәлемін сатып беріп, кеше шыққан сақалын саумалап сөйлеп, көсемсіп, білгенсіп-бәлсіп қалатын інілерді жолықтырғанда… Сағатты сағынады екенсің…

«Ассаламуалейкум» десең, «әліксаламнан» бұрын жерің мен еліңді сұрайтын ағаларды көргенде… Сағатты сағынады екенсің.

Әрине, Сағат қазір жанымызда болса да бар жыртығымызға жалғыз өзі жамау бола алмас еді, алайда жақсылығы, шарапаты көп тиер еді.

Қалай десем де, тірліктегі Сағат бейнесі сағымданып алыстаған сайын оған деген сағыныш жақындай береді екен.

Сағатты сағынған кезде қолыңа қалам алғың келеді екен.

Ал мен қолыма қалам алсам… есіме түскен мына бір күндердің жылы шуағы жанымды жадыратар еді.

Ол өмірді ғажап сүюші еді.

– Қарашы, қандай сұлу, қандай мөлдір дүние!– деді ол бірде біздің үйдің балконында тұрып.

Мен қол созым жердегі қалың ағашқа иек көтердім.

Көкек айының соңы. Көрікті кеш. Батар күннің сәулесі жапырақтар арасынан жымың-жымың етеді. Алма ағашының аппақ гүлдері үп еткен желмен үлбіреп ұшады. Одан әрі… бала-бақша. Сыңғырлаған күлкі. Сыңсыған тіршілік:

– Ғажап қой, ғажап өмір! Осындай кереметті, сұлулықты көре тұрып қалай қателесуге болады? Қалай қисық басасың аяғыңды? Жо-жоқ, жығылғанды қойып, сүрінуге қақымыз жоқ! Ол үшін аңдап басу керек, әр қадамыңды аңдап басқан жөн. Біле тұрып өзіңе зиян жасау деген не? Түсінбеймін, мүлде түсінбеймін. Өмірді сүйген адам бұлай істемей-ді. Ал, өмір – қас-қағым сәт,– деді ол, иығыма қолын салған күйі.

Өз жанымды өзім жабырқатып жүрген кезім еді, біртүрлі сергіп, серпіліп қалғанымды сездім.

Кісіні тыңдау да кісіліктің белгісі шығар.

– Сағат аға,– дедім мен, 89-жылдың қысқы бір кешінде, оның ас үйінде әңгімелесіп отырып. – Шын мәнінде елге жаны ашитын адамдар бізде аз ғой. Бірақ мен олардың аздығына емес, бастарының бірікпейтініне ренжимін. Әрқайсысы әр жерде отырып шыр-пыр болады. Мұндай дауысты кім естиді? Жеке бастың ұсақ-түйек мәселесі бір басқа, ал кесек, ірі дүниеге келгенде….мысалы, ұлттық мүдде, халықтық мақсатқа келгенде, неге саналы деген санаулы азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармасқа?!  Басқаны білмеймін, неге дәл осындай сәтте бірікпеске? «Бөлінгенді бөрі жесе», дәл осы бізді жеген бөрі аз ба? Жиырмасыншы жылдардағы қазақ интеллигенциясының қасіреті осы болды. Отызыншы жылдары да ел мықтыларын, ең мықтыларын Мәскеуге дейін шашыратып жіберген осы бірліксіздік, бір-бірін түсінбестік емес пе! Бұл жайларды бүгінгі зиялылардың көбі біледі. Бірақ тарихтан тағлым алғаны аз. Әттең, саналыға сабақ болар дүние көп қой бізде, көп!– деп бір тоқтадым.

– Айт, айта бер,– деді Сәкең, көзілдірігінің аржағынан жымия қараған қалпы.

– Айтсам… Шерағаң мен сізді неге бір жерден көрмейміз біз?!– деп белінен бір-ақ бастым. – Басқаларды білмеймін, ал сіздер идеялас, мақсаттас адамдарсыздар ғой. Екеулеріңіздің араңыз жақын болса, біріңіз – аға, біріңіз – інідей болсаңыздар, бірлесе жүріп талай іс бітірмес пе едіңіздер. Сіз басқарып отырған көгілдір экран бетінен Шерағаңды, оның басшылығындағы «Қазақ әдебиеті» газетінен сізді жиі көріп тұрсақ – игілігін ел көрмей ме?

Қыза-қыза біраз сөз айтқан болуым керек. Айтарын айттым да, артынан ыңғайсызданып қалған жайым бар.

– Артық кетсем кешіріңіз,– дедім.

– Жо-жоқ, артық емес. Сен дұрыс айттың….Шәрбан, мына жігіт мені ойлантып тастады. Шәйіңді қоюлап құйшы… Япыр-ай, ә! Шын, мені ойлантып тастады-ау, ә?– деп Сәкең көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, маған қайта-қайта күле қарап отырды да:

– Жоқ, мен Шерағаңа барамын. Біздің арамызда пәлендей ештеме де болған емес. Бәрі ұсақ-түйек. Сен дұрыс айттың, Дүйкен. Мен Шерағаңа баяғыда баруым керек екен. Бірақ әлі де кеш емес. Иә, сен дұрыс айттың, ойлантып тастадың мені. Рахмет!– деді ризашылықпен.

Мен ол кезде «Қазақ әдебиетінің» сын бөлімінің меңгеру-шісімін. Ертеңінде таңертең әдеттегідей тоғыз жарымда редакцияға келе жатсам… үшінші қабатта… менің Сәкем, ақкөңіл де адал, қайран Сәкем Шерағаңның кабинетінен мәз болып шығып келе жатыр. Үстінде сұрғылт костюм, ақ көйлек, әдемі галстук.

– Шерағаңа кірдім. Айттым бәрін. Сені айттым… Кешегі сөздің бәрін айттым. Рахмет! Кешке жолығамыз. Тағы әңгімелесеміз,– деп шапшаң басып кете барды.

Осындай Сағатты қалай сағынбассың?!

Жақсының өкпе-реніші жібек орамал кепкенше ғой.

Жастықтың қызуы, мінездің қисықтығынан менің Сәкеңді ренжітіп алған да кездерім бар.

84—жылдың аяғы-ау деймін, «Жалын» баспасына бір шаруамен бара қалдым. Құрманғазы Қараманұлының кабинетіне кірсем, Сәкең отыр екен. Амандастым. Екеуі де жылы қабақ танытты. Асқазанымның температурасы 37—ден асыңқырап тұрған. Қалтамнан шылым алып тұтаттым.

– Кабинетте темекі тартуға болмайтын шығар,– деді Сәкең. Қай сайтан түрткенін қайдам:

– Сіздің кабинетіңіз емес қой,– дедім мен. Дедім де, қою түтінді будақтата түстім. Ол маған үнсіз қарап отырды. Мен темекімді әбден тартып болған соң ғана екеуін жеке қалдырып, жүре бердім. Ал сыртқа шыққан соң… қарадай қара терге түспеймін бе? «Құдай-ау, Сағат маған не жамандық істеді? Алғашқы әңгімелерімнен бастап жылы лебіз білдірген сол емес пе? Ендеше жаңағым қай қылық? Енді ол менімен амандаспайтын да шығар», деймін күйініп.

Бұл қысылғаным ештеңе емес екен. Арада алты ай өтпей жатып мен онымен көрші бола қалайын. Жүгімді түсірген күннің ертеңінде… үйден шыға беріп Сәкеңе жолыға қалғаным. Бетім ду ете түсті. Салқын қабақпен өте шығар деп түйдім. Жоқ, Сәкең жайраң қағып келіп, қолымды қысып:

– Үйің құтты болсын! Сен көрші болды дегенді естіп қуанып жатырмыз. Қазақтың бір баласы үй алып жатса, неге күллі қазақ шәпкесін аспанға атпасқа? Әсіресе, жазушының жөні бір бөлек. Сен енді жаз, көп жаз. Мұндай үйде жазуға жағдай бар,– дейді жарқын-жарқын сөйлеп. Сосын:

– Айтпақшы, жүр, мен саған өз үйімді көрсетіп жіберейін. Бауырын көргенде Шәрбан да қуанып қалсын,– деп, мені жетелей жөнелді. Есіме баяғы темекі түсті. Кірерге тесік таппадым.

Сөйткен Сағатты қалай қимастықпен еске алмайсың?!

«Ақтаңдақтарды» аршып жатқан кезіміз. Газет-журналдардың қайсысын қолыңа алсаң да, оқитының – 20-сыншы, 30-ншы жылдардың оқиғалары. Анау кінәлі, мынау кінәлі дейтіндер көп. Ал менен де бір кінәрат болды, қателік өтті дейтін ешкім жоқ. Сәкеңнің үйінде отырғанда мен осыны тілге тиек еттім.

– Әрине, барлық зобалаң-зұлматқа негізінен дем беріп, қолтықтан үрлеп отырған – мемлекеттік жойқын машина. Оның табанына түскендердің езілмей, кірлемей, ар-ұятына шаң жұқпай шығуы мүмкін емес. Ендеше осыны айта тұрып, кезінде өзінің де қателігі болғанын мойындайтын адам неге табылмайды? Ондайға рухы жеткен жанның кінәсі мен күнәсін кім кешірмейді? Сонда ғана ол бәрінен арылып, көкірегі сергіп шыға келмей ме? Сонысымен де оны кейінгі ұрпақ қадірлемес пе? Әлде біздің ағаларымыз Толстойдан артық па? Ол әлем таныған Толстой басымен өзінің «Исповедь» деген шығармасында: жастау, албырттау кезінде соғыста адам өлтіргенін, біреулерді өш алу үшін жекпе-жек атысқа шақырғанын, карта ойнағанын, біреуді алдап, біреуді арбағанын, тіпті әйелдермен көбірек ашына болғанына дейін жазады. Содан Толстой кішірейіп қалды ма? Қайта тәубаға келуімен, арылуымен ұлылығын тағы да таныта түскен жоқ па?– дедім.

– Мынау бір керемет дүние екен. Оқымаппын. Сенде сол кітап болса, маған берші,– деді Сәкең.

Мен үйден әкеліп бердім. Тура екі күннен кейін қайтарды. 600 беттен астам шығармалар жинағынан қара қарындашпен белгі салмаған жері аз екен.

– Толстойды мен тіпті сүйе түстім. Қателікті мойындаудың өзі қандай керемет қасиет!– деді ол кейін бір жолыққаңда.

Ал оның «оқымаппын» деген сөзінің өзінде қаншама қасиет жатыр десеңші!

87—нің салқын көктемі. Ой мен қырда Колбиннің «концерті» жүріп жатқан уақыт. Кешкісін үйге кіре бергенімде телефон шыр ете қалды. Сәкең екен.

– «Целинныйда» «Покаяние» деген фильм бар екен. Отызыншы жылдардың ойраны көрінеді. Көрмейміз бе?– дейді.

– Көрейік,– дедім.

Арада бір сағат өтер-өтпесте аталған театрдың алдында болдық. Есік аузында Иранбек жолыға қалды. Не нәрсеге екенін білмеймін, Сәкең екеуінің сөзі бірден жараса қоймады. Шегініңкіреп тұрдым. Ту сыртымнан құлағымның шалғаны – Сәкеңнің қызына сөйлеген дауысы.

– Мен сенің осы мінезіңді ұнатпаймын, Иранбек… Және әр сөзіңді шотқа да қағып жатпаймын… Бірақ сен анау дүниені оқы (бір жерде шыққан мақаласының атын айтты), сонда сенің өлеңдерің жөнінде тағы да жақсы пікір айтқанмын… Иә, сенің өлендерің жөнінде… ал өзің туралы әңгіме басқа!..

Сәкең осыны айтты да, жедел басып театрға кіріп кетті.

Қайтар жолда ол біразға дейін үндеген жоқ. Ой құшағында еді.

– Байқадыңыз ба, фильм Берия туралы ғой,– дедім мен, оны сөзге тартпақ болып.

– Ал мен Колбин туралы деймін,– деді ол күрсініп.

(Колбинге оның қаны қарсы екенін білетінмін. 31 желтоқсан күні сол жаңа хатшы жазушылармен кездескен соң… қаламгерлердің біразы оған сеніп қалған. Ал, әншейінде аңқау, аңғырт көрінетін Сәкең ол жөнінде:

– Барып тұрған аяр, қу! Айтпады деме, көресіні әлі осыдан көреміз,– деп бір-ақ түйген).

– Иранбекпен келіспей қалдыңыз-ау?– дедім театрдан біраз ұзаған соң тағы.

– Келіспесем, өзімен келіспеймін. Бірақ, өлеңі туралы сөзім басқа. Иранбек – ақын, арқалы ақын. Мұндай ақындарда әлгіндей мінез болады… Және есіңде болсын, шығарма жарыққа шыққанша ғана – автордікі, сосын – халықтікі. Халықтың дүниесіне қара пиғылмен қарау – қаскөйлік,– деді ол.

Сағат сол Иранбек, кешегі Кеңшілік, бүгінгі Жарасқан шығармашылығын ылғи да ризашылықпен айтып отырушы еді.

91—дің 16—тамызы. Сағат ауруханада жатыр дегенді естіп, көңілін сұрауға бардым. Палатада соңғы газет-журналдарды парақтап отыр екен.

– «Адал деген қазаннан шошқаның басы шықты»,– деді мақалдап. Түсінбегенімді айттым.

– Жүрегімнен ғана қорқушы ем, ауырмайтын жерім жоқ көрінеді. Бауыр, бүйрек, асқазан дейсің бе, бәрі-бәрі сыр берген,– деді көзілдірік астынан маған мұңая қарап. Осы арада бөлмеге бір дәрігер кіре қалды.

– Аға, тезірек жазылып шығыңыз,– деп сыртқа беттедім.

– Тоқтай тұршы…– деп мені сәл бөгемек болды да, сосын:

– Жә, кейін айтармын, кейін…– деді асығыс.

Кейін… арада тура он күн өткен соң… Сағат біз туралы емес, біз Сағат туралы айтуға көштік. Ал оның мен сияқты талай-талайға айта алмай кеткен сөзі көп еді. Өте көп еді…

1996 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo