Қазақ әдебиеті № 17 саны,
27 көкек, жұма, 1990 жыл,
Дидахмет Әшімханұлы
СЫН БӨЛІМІНЕН: Сонымен өткен жылы кітап болып жарық көрген қазақ көркем туындылары туралы екі күн әңгіме болды. Он алты баяндама тыңдалып, он адам жарыссөзге шықты. Енді осы жиыннан не түйдік? Жыл сайын өтетін бұл дәстүрлі мәслихаттың биылғы сапалық көрінісі қандай? Оны өз мәнінде өтті, сөз мәйегі көпшілікке жетті, барымызды салиқалы бағалап, жоғымызды сабырмен сараладық, көңілде кірбің, көкіректе түйткіл қалған жоқ дей аламыз ба? Бұл сауалдарға жауап, жауапқа жауапкершілік – ащы да болса ақиқатын айту. Мақсат – өткен жиынға өкпе-наз білдіру емес, алдағы келелі кеңес, мерекелі мәжілістерде мынадай мәселелер ескерілсе дегенді еске салу.
Енді сөз жүйесіне турасынан көшейік. Осы әдеби жыл қорытындысында базбір баяндамашы «өткен жыл – әдебиетіміз үшін қатардағы жыл болды» дегенді айтты. Жоқ, келісе алмаймыз. Ұзақ жыл үздіге күткен Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек шығармалары жеке кітап болып шыққан жыл – ешқашан «қатардағы жыл» болып қалмаса керек. Егер Жүсіпбек Аймауытов шығармаларын аздап қана тілге тиек ете кеткен Т. Тоқбергенов,
Ә. Меңдекеев болмаса, басқа баяндамашылар Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев поэзиясын, әңгімелерін ауызға алмады демесек, айтулы жылға айтар назымыз аз болар.
«Әдебиеттің құрылыс материалы – тіл» болса, өткен жылы тіліміз мемлекеттік мәнге ие болды. Алдағы 1 шілдеден бастап ол өз күшіне енеді. Тіл жайын күні бұрын ойлайтын қаламгер қауым болуға тиіс. Оны күні бұрын ойлаған шын қаламгер-баяндамашы қазіргі әр әдеби жиында көркем тілдің көкейтесті проблемасына көбірек көңіл бөлсе керек-ті. Амал жоқ, бұл жолғы әдеби бас қосуда шығармалардың тілдік болмысы тағы да тасада қалды, ол жөнінде мардымды әңгіме болмады.
Әдебиеттің бақ-талайы – оның табиғи, еркін, ерікті дамуында дейміз. Науқаншыл, елгезек, «епсекті» әдебиеттің қаламгердің өзіне болмаса, қалың қауымға берері шамалы. Бұл орайда әдебиетіміз конюнктурадан әлі де толық арылып болды дей алмаймыз. Әдеби жыл қорытындысында бірден-бір әңгіме болатын мәселе осы еді…
Рас, баяндамаларда ірі әдеби жанрлар түгел қамтылды. Ол баяндамаларды жасауға негізінен танымал, талантты қаламгерлер, әсіресе жастар іріктеліп алынған. Олардың көпшілігі жүктелген міндетке жүрдім-бардым қарамай, шама-шарықтарынша дайындалып, мүмкіндігінше әділдік пен ақиқатқа жүгінгендері байқалды. Әрқайсысының баяндамасы – машинкалық есеппен 20 беттің о жақ, бұ жағында. Бұл – сөз жоқ, біраз еңбек пен біршама көз майдың жемісі. Ал осы еңбекті қаламгерлер қалай бағалады? Ондаған кітаптан тірнектеп жиып, ойда он-сан қорытып әкелген сөздерді қанша адам тыңдады?.. Залдың әр жерінде қадау-қадау отырған ондаған адамның нақты санын айту ыңғайсыз!.. Өкінішті!
Жарыссөзде Е. Домбаев әділін айтты. Бұл – ең бастысы, ұйымдастырудың кемшіндігі. Сосын жазушылардың салғырттығы.
Осы олқылықтарды есепке ала отырып, алдағы уақытта төмендегі шаралар ескерілсе дейміз:
Әдеби жыл қорытындысы – тереңірек ойласақ, қаламгер қауым үшін, «сабан той» болуға тиіс. Демек, ендігі жерде бұл жиынды шын мәнінде мерекелік сипатта өткізсек;
ол үшін жиын өтерден бұрынырақ оның хабарламасы «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Алматы ақшамы», «Өркен» газеттерінде жарияланса;
жиынға қаламгер қауыммен қатар студенттер, қазақ әдебиеті мен тілін тереңдетіп оқытатын Алматыдағы №2 мектеп-интернаттың біраз оқушысы арнайы шақырылса;
әдеби жыл қорытындысы өтетін күні Жазушылар үйінде кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылса;
ыңғайына қарай жиын соңында әдеби-музыкалық, поэзиялық кеш өткізілсе;
баяндамашылардың еңбегін бағалау, ынталандыру ретінде (бәлкім конкурс түрінде) СССР Әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің қаржылық есебінен қаламақы төленсе.
Бұның бәрі келер жылдың басында кірісетін шаруа шығар. Ал қазірден қолға алатын іс – келесі жылғы Әдеби жыл қорытындысында жасайтын баяндамаларды осы бірер айда бекіту, нақты баяндамашыларды белгілеу. Және оларға биылғы баспасөзде көрінген көркем шығармаларды да қадағалап отыруды тапсыру.
Қысқасы, келер жылғы Әдеби жыл қорытындысынан күтеріміз – биылғыдан басқаша!
Дидахмет Әшімханұлы,
Қазақ әдебиеті № 17 саны, 27 көкек, жұма, 1990 жыл