ПРИСЯЖНЫЙ

Аударған: Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ

Джон ГОЛСУОРСИ

ПРИСЯЖНЫЙ

«Ұлы соғыстың» жүріп жатқан кезі еді.

Сол күні таңертең лондондық биржаның делдалы мистер Генри Босенгейт жекеменшік машинасына ызалана келіп отырған. Ол Еріктілер корпусының майоры, бұған қоса барлық жергілікті комитеттердің мүшесі еді, осыған қарамастан мына астындағы машинасын корпусқа көршілес орналасқан госпитальдың пайдалануына жиі беріп тұратын, қажет кезінде кейде оның жүргізушісі де өзі болып кетеді; азайып кеткен табыс-кірісінің мүмкіндігіне қарай займге де жазылады, сондықтан да ол өзін елге аса қажетті азаматпын деп есептейтін де, арзымас жұмыстармен уақытын алғандарды ұнатпайтын.

Ал қазір оны қосалқы заседатель болуға округтік сотқа шақырған! Оның өзінде присяжныйлардың жай ғана бір кеңесіне!

Бұл дегеніңіз енді нағыз бағынғандық!

Ол мығым денелі, қызыл шырайлы, қасқа бас, самайы мен желке шашы бурыл тарта бастаған, қасы қара, көзі қоңыр, кең маңдайлы, келісті азамат еді. Әдемілеп басқан қияқ мұрты да өзіне сондай жарасатын. Осы түрімен оны майордан гөрі полковникке көбірек ұқсатасың, көп ұзамай оған да жетіп қалуы әбден мүмкін.

Үстіне көк көйлек киген, сәмбі талдай майысқан әйелі де оның соңынан іле-шала есік алдына шыққан. Қою қара шашына қып-қызыл райхан гүлдерін шеңберлей өріп, шекесіне қарай баса киіп алыпты. Піл сүйегіндей ақ сұрлау өңі аздап жапон қыздарын еске түсіреді.

Мистер Босенгейт гүрілдеген мотор үнімен аралас:

– Көп кешікпеспін деп ойлаймын, қымбаттым. Осының бәрі бос дүние де. Әйтпесе, мұндай уақытта қандай қылмыс бола қалды дейсің! – деді әдеттегіден қаттырақ дауыстап.

Әйелі қасын керіп, жымиып қойды. «Кэтлин… Менің Кэтлинім! Қандай сұлу және қандай салқын еді!» деп ойлады ол машина ішінде отырып.

Осындай көңілсіз де көк мылжың кеңеске кетіп бара жатқан адамға төңіректегі көрініс көз қызықтырғандай еді: қиыршық құм себілген саяжол жанында масатыдай құлпырған райхан гүлдері; қабырғасын шырмауық пен жабайы жүзім көмкерген ұзын кірпіш үй; қазір гаражға айналған атқора үстіндегі сағатты биік мұнара; парникпен жапсарлас салынған ақшаңқан шатырлы көгершіндер үйшігі…

Оның балалары Кэйт пен Гарри қақпашы әйел тұратын кірпіш үйдің жанындағы акация ішінен жүгіріп шығып, жалаңаяқтары жарқылдап, шырмауық көмкерген аласа қабырғаға қарай өрмелей жөнелді де, бір сәт бұған қарап, қолдарын бұлғап қойды. Мистер Босенгейт те қолын бұлғап тұрып: «Құдайым-ау, қандай сүйкімді балалар!» деп ойлады. Олардың төбесіндегі тарам-тарам ағаш бұтақтарының арасынан сонау алыстағы ақшыл жоталарға дейінгі барлық көрініс – осының шілде күнінде таң атпай сағым кілкіген сайын дала, жазиралы жалпақ өңір – бәрі-бәрі бұған алақанындағыдай анық көрінді. «Қалаға жақын мұндай әдемі жерді еш жерден іздеп таппасың!» деді ол іштей тамсана сыбырлап.

Соғыс жүріп жатқанына қарамастан, соңғы он жыл ішіндегі бұның ең бір бақытты өткізген күндері – жас әйелімен осында көшіп келіп, Чармлей тұрғызып, жартылай деревнялық тірлік кешкен кейінгі екі жыл еді.

Ел басына қауіп төнген кезде, жеке басқа қатысты қаншама дүниені құрбан қылып, қаншама қоғамдық жұмыс атқаруға тура келді десеңізші! Сол уақытта өмір де өзгеше бір ырғаққа түсіп еді: шопыр деген атымен болған жоқ, үш адамның жұмысын жалғыз бағбан істейтін. Босенгейттің өзі де әр түрлі комитеттердің жұмысына араласқанына қынжылып көрген жоқ, қайта бұған қуанатын да. Елдегі қиын жағдайды еш уақытта естен шығармай, осындай сәттегі өз орнын анық сезіне білген адамға тіпті жеке шаруасының құлдырап кетуі мен салықтың өсе түсуі де үлкен қайғы болған емес. Елге баяғыдан-ақ бір сілкініс, бар күшті жұмылдыру, бар жағынан үнемдеу керек еді. Осындай қиын жағдайда қалайда ел қажетіне жарасам деген ой бұның жасындағы арлы азаматтардың қай-қайсысын да саналы әрекеттерге жетелеген. Соғыс басталысымен ол жаңа киім сатып алу, Кэтлин мен балаларға әр түрлі сыйлықтар жасау, саяхаттарға бару, ананас өсіру үшін жылыжай салу сияқты артық-ауыс шығындардың бәрін қойған; сондай-ақ бұрын лық толып тұратын жертөледегі шарап кеспегі мен темекі жәшігі де енді бос қалған. Иә, бұдан былайғы жерде оның әр күні, әр сағаты қызу жұмыс, қызған еңбекпен өтетін болып еді. Қызық, қажеттілік туа қалса, қаншама дүниеден айналып өтуге болады екен ғой!

Ол бұрылып тас жолға түскен  кезде, жүрісін ақырындата берді, өйткені уақыты әлі жеткілікті еді. Соңғы айларда майдандағы жағдай оңала түскен; ол, әрине, қайдағы бір бос үміттің адамы емес, бірақ дәл қазір жалпыға ортақ әскери міндеттілік заңы күшіне енген уақытта бұл соғыстың енді көп болса бір-ақ жылға созылатынына толық үміті бар еді. Ал сосын жағдай да оңалады, шаруа да қалпына келеді. Сонда әйелімен бірге театрға барып, одан соң «Савой» мейрамханасынан тамақ ішіп, сосын машина рөліне жеке шопырын отырғызып қойып, түннің бір уақытында рақаттана мүлгіп жатқан деревняларына қайтады, – осындай тәтті көріністер тіпті оны қазірдің өзінде отбасылық ертеңгі қызықтарға жетелей жөнелген. Ол, ең алдымен, өз әйелін Джейден тігілген жаңа көйлекпен елестетіп көрді. Ал әйелі бұдан 15 жас кіші еді, мұндай әйелді, әрине, қалай киіндірсең де артықтығы жоқ. Әйелінен көп үлкен барлық еркектер сияқты ол да «жас иісін» аялауды өте жақсы көретін. Шындығында, мұндай бақыттан мақұрым қалғандар қаншама! Кэтлин өзінің біршама кекесін де кербез сұлулығымен және салқындау кейіптегі мінсіз мінезімен әр дайым оның жүрегіне жұбаныш, көңіліне қуаныш бола білген. Ал енді сол ақ жарылқап күн туған кезде, олар тағы да қаладағы ескі достарын шақырып, мол дастарқандарын жаяды, ол тағы да баяғыдай үстел басында шалқайып отырады, сонда, үстелдің екінші басында, шоқ-шоқ гүлдің ортасында, өздері жылыжайда өсірген неше түрлі жеміс-жидекті қонақтардың алдына сырып қойып, әйелі де жайраң қағып отыратын болады. Ол сонда тағы да шарапқа заңды түрде құрметпен қарау мүмкіндігіне ие болып, оны мөлтілдетіп қонақтарына құяды; ол сонда тағы да өзінің қытай жәшігіне әр түрлі темекілерді толтырып қояды. Иә… осы бір қысылшаң күндердің мұндай ләззатты шақтарды күттіруінің өзі бір қызық қой!

Жолдың екі жағында қаздай тізілген виллалар бірінен соң бірі артта қалып барады, көшеде дүкендерге асыққан әйелдер, үйлерге азық-түлік таратып жүрген балалар, әскери киім киген жас жігіттер көрінеді. Олардың арасынан арагідік ақсаңдай басқан немесе басын ақ дәкемен таңып алған адамдар да байқалып қалады – қарғыс атқыр, қу соғыстың құрбандары! «Ол да осындай құрбандардың бірі! – деп ойлады мистер Босенгейт бүгін өздері қарайтын бір істі еске алып. – Қызық, біз оның ісін әділ қарай алдық па осы?..»

Машинасын қаладағы ең жақсы гаражға қалдырып, ол асықпай сотқа беттеді. Сот үйі базар артына орналасқан еді. Оның ішін таң атпай қайдағы бір жөнсіз, ауыздарынан арақ иісі мүңкіген, жандарынан жүріп өтуге жиіркенішті мол тобыр жайлап алыпты. Ол алдын ала сақтықпен беторамалын лаванда суымен шылап алды, бәлкім осы үшін де оны присяжныйлардың старшинасы етіп сайламаған болар, өйткені қалай дегенмен ағылшындардың мұрны тым иіс сезгіш қой.

Ол «Санитас» иісі бұрқырап, присяжныйлар отыратын бірінші қатарда екінші болып отырды. Екі көзі – парик киген гипс мүсін сиқты тастай қатып тұрған судьяда. Босенгейтті әріптестері сырттай қарағанда присяжныйлардың екі түрлі болмысына жататын. Мистер Босенгейт оларға тым мән бере қойған жоқ. Оның жанында – қалада Джентльмен Лис деп аталып кеткен белгілі обойшы, старшина отырды. Қарапайым жұрттың арасынан баяғыда-ақ бөліп алған бұл адамның жылмита тарап, жылтырата бояп алған қап-қара шашы мен мұрты, оның аппақ көйлегі, шынжыр баулы алтын сағаты, жилетінің аппақ жағасы, сондай-ақ оның қалыптасқан әдеті клиенттерді «сэр» деп атауға ешқашан жол бермеуші еді; бұл жүмысымен қатар ол марқұм боп кеткендерді жерлеу ісіне бас-көз болып, олардың туған-туысқандарын көп машақаттан құтқарып та жүретін; бір сөзбен айтқанда, ол бөлекше жаратылған адам еді. Ал мистер Босенгейттің екінші жағында отырған кісі присяжныйлық қызметінен басқа уақыттың бәрінде қолынан қоңыр саквояжын тастамайтын адамдардың сортынан-тұғын, сонымен қатар оның бет-әлпетіне қарап, бұл шіркінді қай кабактан сүйреп әкелді екен деп ойлағандай едің. Өңі бір түрлі бозарған, үлкен көздері ары-бері ойнақшып тұратын, қатпар-қатпар әжімді қолдары да бір орнында тоқтап тұрмайтын осы адаммен қатар отыруды мистер Босенгейт сондай ұнатпайтын. Ал коммивояжердің жанында – көзілдірікті ақ құба жігіт, оның артында – сақал-мұрты ақшулан тартқан, аласа бойлы шал жайғасқан; присяжныйлар отырған бұл қатардың ең соңында – дәріханашы. Мистер Босенгейттура өзінің желке тұсындағы үшеуді дұрыстап көре алмады, бірақ соңғы қатардағы қалған үшеудің әр қайсысын қалай отырғандарына қарай есінде қалдырды: сұрғылт костюмді егделеу адам, неге екені белгісіз, көзін жыпылықтата береді; одан соң төбесінде бір-ақ уыс дымқыл шашы бар, түр-пішінінде тірі адамның белгісі жоқ біреу мылқияды; ал ең соңында… шашын машинкамен алдырған, ширақ қимылды, тырли арық адам отыр, оның езуінен бір жымысқы күлкі байқалады.

Бірінші және екінші үкімді шығару үшін бұларға жеке бөлмеге барып кеңесудің қажеті болған жоқ, сосын үшінші істі қарауға көшкен кезде, мистер Босенгейттің ұйқысы келген, бірақ айыптының үстінен әскери киім көргенде, бірден сергіп кеткендей болып еді. Қандай аянышты кейіп десеңші!

Айыпталушыныңтүрі адам қарағысыз қажыған, тозған; соншама қайғы-мұңға берілгені жабырқау көзінен анық көрініп тұр. Егер бір кезде сымдай тартылған сымбатты әскери жігіт болса, онысын түрмеде жоғалтып тынған. Үстіндегі жылтыр түймелі қоңыр френчі мистер Босенгейтке тым қысқа боп көрінгені сондай, еріксіз езу тартуға мәжбүр болып еді. «Кеще, – деп ойлады ол. – Нағыз ишиас, әйтпесе өзіне шақтау бірдеңе кимей ме!» Бірақ артынша офицерлік және джентльмендік намысы қозып шыға келді де: «Бірақ бәрібір қандайда бір айырмашылығы болуға тиіс қой» дегенді іштей қосып қойды. Бұл солдатсымақтың бет-жүзі кезінде қара-торы болғаны байқалады, ал қазір ашыған қамырдай бозарып кеткен; қарасынан аласы көп үлкен қоңыр көздері жүйкелеп біткен барлық адамға тән жасқаншақтықпен бірде сотқа, бірде адвокатқа, енді бірде присяжныйлар мен залда отырғандарға жалтақ-жалтақ қарай береді. Жағы суалып, беті ішіне кірген, шашы дымқылдау сияқты, мойны ақ дәкемен шандып байланған. Мистер Босенгейттің сол жағындағы коммивояжер бұған бұрылып: «Өзін-өзіөлтіргісі келген! Құдай-ау, бұл неткен сілімтік!»- деп сыбыр ете қалды. Мистер Босенгейт өтірік естімеген болды: бұл адамды ол иттің етінен жек көретін, – сосын бір жапырақ қағазға асықпай:»Оуэн Льюис» деп жазып қойды. Оуэн Льюис! Валлилік болғаны. Бірақ бұнда тұрған не бар, есесіне сыртқы пішіні ағылшыннан айнымайды. Алайда өзін-өзі өлтіруге ұмтылуы – ағылшынға тән қасиет емес. Мұндай қадамға бару – мәселенің діни жағын былай қойғанда, Тағдыр алдында тізе бүгу, жазмышқа мойынсұну деген сөз. Ал әскери адамның өзіне-өзі қол жұмсауын

мистер Босенгейт ең кешірімсіз дүние деп есептейтін. Иә, бұл дегеніңіз жаудан қашумен пара-пар нәрсе, ендеше мына солдаттың қылығын қашқынсың деп бағалау да артық емес. Ол айыпталушыға «мен тек әділдік жағындамын» дегендей сыңайда қарады. Осы мезетте айыпталушы да тура бұған көз салып отырғандай болды, дәлірегінде, солай көрінген.

Прокурор – ширақ қимылды, батыл мінезді, бурыл шашты, жасы егде тартқан, жұдырықтай ғана адам еді – болған істің мән-жайын ол байыппен баяндай бастады. Әдетте жан-жағына аса назар аудара бермейтін мистер Босенгейт енді залдан әлдебір мазасыз қозғалысты аңғарған. Байқауынша, присяжныйлар да, залда отырған жұрт та айыпталушы туралы мына өзі сияқты күні бұрын тон пішіп үлгіргендей. Тіпті анау биікте Цезарьдың мүсініндей боп, еш нәрсеге құлықсыз отырған соттың өзі де көпшіліктің ойына қосыла түскен секілді.

– Присяжный мырзалар мен куәларды ортаға шақырмас бұрын сіздердің назарларыңызды алдымен айыпталушының мойнында әлі күнге дейін ораулы жүрген ақ дәкеге бұрғым келеді. Ол өзіне бұл жарақатты салу үшін қазынаның ұстарасын пайдаланған, егер біз мәселенің осы жағына көңіл бөлер болсақ, ол, біріншіден – өз еліне материалдық шығын келтірген, екіншіден – оны қорлаған. Сөйте тұра ол өзін айыптымын деп есептемейді, бұл істі алыста қалған әйелімді қатты сағынғаннан істедім дейді сотқа. – Ернін жымқыра тістеген прокурордың көзінен мысқылды күлкі сезілген. – Ал, мырзалар, қазіргі уақытта осындай уәжге түсіністікпен қарайтын болсақ, ертеңгі күні біздің империяны не күтіп тұрғанын мен тіпті айтудан қорқамын.

«Иә, бұдан мен де қорқар едім» деп ойлады мистер Босенгейт.

Айыпталушының қолын дер кезінде ұстап қалған төсектес көршісі – бірінші куәгердің, сонымен қатар оқиға болған жерге бірден шақырылып алынған сержанттың сөзі тәмам болған кезде, мистер Босенгейт:» Үкімді қазір шығарып жіберсек сағат беске дейін үйге де барып қалармын», – деп тәтті үмітке берілген. Бірақ күтпеген жерде бір кедергінің шыға келгені! Куәлікке енді полк дәрігерін шақырғанда, ол орнынан табылмай қалды да, сосын сот бұл күні алғаш рет адамдық танытып, отырысты ертеңгі күнге қалдыратынын мәлім етіп еді.

Мистер Босенгейт бұған аса қынжыла қойған жоқ. Несі бар, үйге тіпті ерте қайтатын болды. Ол жазып отырған қағаздарын жинап алып, орнынан тұрған. Осы мезетте әлгі өзін-өзі өлтіргісі келген бейшараны – екі иіні түсіп, үстіндегі кір-кір әскери киімі сөлбірейіп, аяғын әзер басқан солдатты – залдан әкетіп бара жатыр еді. Қазіргі уақытта мынадай адамдар кімді қарқ қылады? Кімге қажет? Айыпталушы басын көтерді де, мистер Босенгейт оның қарасынан аласы көп үлкен қоңыр көздерімен ұшырасып қалды. Қандай аянышты, қасіретті, мұңға толы жүз еді! Мынадай жүзімен адамдардың бетіне қалай қарайды екен! Айыпталушы басқышпен төмен түсе бастады да, артынша ғайып болды. Мистер Босенгейт те сыртқа шығып, машинасын қойып кеткен гаражға беттеді. Күн күйіп тұр екен: «Бақтағы ағаштарды суғару керек» деп ойлады. Ол машинасын гараждан шығарып, маторын енді от алдыра бергенде, әлдебір жүргінші бұған бұрылып:

–  Қараңызшы! – деді. – Жаңағы соңғы айыпталушы – біткен адам ғой, ә? Мұндай бейшаралардың бізге қажеті жоқ қой.

Бұл – әлгінде өзімен қатар отырған коммивояжер екен; қолында әдеттегі қоңыр саквояж, басында шетен қалпақ, мұртында ішіп үлгірмеген сыраның көбігі. Мистер Босенгейт:

– Жақсы, сау болыңыз! – деді салқын ғана. Сосын ішінен: «Сен сияқтылардың да бізге ешқандай қажеті жоқ» деп қойды да, машинасын гүр еткізіп, жүріп кетті. Алайда коммивояжердің сөзі ой-сезімін қайта оятқандай болып, айыпталушының аянышты бейнесі тағы да көз алдына келген. Әйелінен алыстап кеткені жанына қатты батқан! Соған шыдай алмай өзіне қол жұмсаған! Сол әрекетімен оны көру мүмкіндігінен өзін мәңгі айырғысы келгенін қалай түсінуге болады? Қызық уәж! Бір түйір нәрсіз қалғанша бір тілімнен үміт үзбегені жөн еді ғой. Құдайға шүкір, біздің армияда мұндай босбелбеулер аз, әйтеуір. Мұңлы сұлба жоғалды да, мистер Босенгейт оның орнына гүл көшеттігінде «Дижон даңқы» райхан гүлін күтіп-баптап жүрген өз әйелін елестетті. Көбінде оны қалай көріп жүрсе, солай елестетті: міне, ол еңсесін тік көтеріп, басын бір жағына сәл қисайтып, қолғап киген оң қолымен бүйірін таянып, япырау, бұл неге мезгілінде бас жармайды дегендей гүл түйнектеріне ойлана қарап тұр. Бұның ойына француздың СаІіпе (ерке) сөзі оралып: «Кэтлин-Калин» деп сыбырлай берді. Егер үйге жеткен кезде оны дәл сол жерден көрсе, бұл арт жағынан байқатпай келіп бас салады. Бах! Бірақ шашы мен киімін бүлдіріп алмау үшін өте абайлау керек! «Әттең, оның мінезі сондай тұйық болмаса ғой! деп ойлады бұл. – Әйтпесе, асау ат сияқты үркектеп, маңайына жуытпай тұратынын қайтерсің!»

Таңертең қалаға келе жатқанда кегежесі кейін тартқандай шабандау қозғалған машинасы енді қайтар жолда жол апшысын қуырып, көзді ашып-жұмғанша белден белге асып, жасыл алқаптар мен алма бақтарын артқа тастап, Чармлейдегі ыстық қонысына тез-ақ жетіп келген. Сосын өз саяжолына бұрылған кезде, мистер Босенгейт сәл таңданыспен: «Қызық, әйтсе де ол не туралы ойлайды екен осы? Қызық!» деді.

Қолғабы мен қалпағын кіре беріске қалдырды да, беті-қолын салқын сумен шылап, иіс сабынмен жуынып аздап бой сергітіп алу үшін бірден жуынатын бөлмеге кірді, осы арқылы күні бойғы ауыр отырыстан өш алғысы келгендей еді. Ол кіре беріске қайта шыққанда, сабын көзін ашытып, күңгірттеу бөлмеде ештеңе көрмей қалды. Оның кішкентай қызы жоғарғы басқыштың орта тұсында, бір қолымен сүйеніштен ұстап тұр еді. Міне, ол артымен сырғып, төмен түсе бастады. Көйлегі басына қарай сыпырылып кеткен, голланд матасынан тігілген үлбіреген ішкиімі де сырғып қолтығына жеткендей.

–  Ау, мынауың керемет қой! – деді мистер Босенгейт елжірей тіл қатып.

– Мамам, шайді үйшікке жасап қойды. Жүр кеттік, папатай!

Мистер Босенгейт оны қолынан жетелеп алып, ұзын да салқын қонақ бөлмесінен өтіп, одан әрі бильярд бөлмесі арқылы оранжереяға шығып, сосын террасты жанай жүріп жоғарыдағы көгалға қарай беттеді. Майдай еріген шілде күнінің астында жап-жасыл боп тамылжып тұрған өз иелігіне ол ешқашан дәл қазіргідей сырттай сүйсіне, іштей риза күйде қарамаған шығар. Өстіп келе жатып ол:

– Ал, Кит, айтшы, мен жоқ кезде мұнда немен айналыстыңдар? – деді құйтақандай қызына.

– Мен өзімнің қояндарым мен Гарридің қояндарына шөп жұлып бердім, сосын біз шатырға шықтық, Гарри шыны жаппаның қуысына аяғын тығып алды!

Мистер Босенгейт өкінішті өкінді.

–  Одан қорқатын түк жоқ, папатай, біз аяқты ептеп суырып алдық, тобығын сәл-пәл жырып кеткен екен. Біз оған тампон бастық, мен он жеті рет бастым, ал мамам он үш рет, сосын мамам госпитальға кетті. Ал сен түрмеге көп адамды отырғыздың ба?

Мистер Босенгейт жөтелді. Бұл сұрақ оған орынсыз көрінген.

–  Екі адамды ғана.

– Ал түрмеде жаман ба, папатай?

Мистер Босенгейт бұл туралы осы құйтақандай қызынан артық білмейтін, сондықтан абыржып қалды да:

– Аса жақсы емес, – дей салды.

Олар жас емендердің арасынан өтіп, одан әрі гүлзар мен үйшікке бастайтын жіңішке соқпаққа түсті. Бас жағында бірдеңе ербең ете қалды да, мистер Босенгейттің мойнына іліне кетті. Кішкентай қызы секіріп-ыршып, мәз болған.

– Ой, папатай, біз сені қалай алдадық десеңші! Мен сені мұнда әдейі әкелдім ғой!

Мистер Босенгейт басын көтергенде, леопард сияқты бұтаққа жабысып тұрған өзінің тырнақтай ұлын көрді. «Құйтақандай болып қандай епті бала!» деп ойлады ол көңілдене тұрып.

–  Мен сенің иығыңа секірейінші, папатай! Мен сонда елікке ыршыған леопард сияқты боламын ғой!

–  Иә, иә! Сен елік болшы, папатай!

Мистер Босенгейт елік болудан қашқақтай берді, өйткені ол жаңа ғана таранып алып еді. Оның орнына мама қаздай болып екі баласын ертіп гүлзарға қарай аяңдаған. Үстіне ашық көк көйлек, бүрмелі белдемше киген әйелі дәл мана бұл елестеткен қалыпта – оң қолымен бүйірін таянып, құдай-ау, бұлар неге бас жармай жатыр дегендей, гүл түйнектеріне ойлана қарап тұр екен. Бүгін ол әдеттегіден де салқындау көрінген. Ол мистер Босенгейтке сен қайдан келіп қалдың дегендей бір жұмбақ жымиыспен мойын бұрған.

Бұл оның бетіне ернін жақындата берді. Тіпті осы беттің өзінен де райхан гүлінің иісі білінеді. Балалар шешесін айнала асыр салып жүр, олармен бірге мистер Босенгейтте қорбаңдай бастаған.

– Ойнап болған соң, үйге жүріңдер, шәй ішеміз, – деді әйелі кенет асығыс түрде.

Ол машинада келе жатқанда әйелімен мұндай ыңғайда кездесемін деп тіпті де ойлаған жоқ еді. Бұлар жылына екі-ақ рет пайдаланып жүрген, бірақ кез келген усадьба үшін міндетті түрде қажетті осы үйшік-беседкада құрт-құмырсқа өріп жүретін, сондықтан мистер Босенгейт таза ауаға шығуға сылтау табылғанына қуанып қалған. Дегенмен бұдан артық жағдайды күтпесе де, ол өзін бір түрлі мазасыз сезініп, тынысы тарыла түскен. Ол трубкасын тартқан күйі райхан гүлдерін аралап жүріп, жәндіктерге қарсы темекі түтінін салды – соғыс уақытында адамның әрбір минуты пайдалы іске жұмсалуы керек қой. Сосын күтпеген жерден ол:

– Біз бір бейшара солдатты соттағалы жатырмыз, – деді. Райхан гүліне еңкейе қарап тұрған әйелі басын көтеріп алды.

–  Не үшін?

– Өзін-өзі өлтірмек болған.

– Ал неге?

– Әйелінен алыстап кеткеніне шыдай алмапты. Әйелі бұған қарап, ақырын күліп қойды да:

– Япырай, ә! – деді таңданғандай болып.

Мистер Босенгейт абдырап қалды. Неге күлді бұл? Маңайына қарап еді, балалары ұзап кетіпті, аузынан темекісін алып әйеліне жақындай түсті.

– Бүгін сен қандай әдемі боп тұрсың, – деді ол. – Сүйші мені.

Әйелі оған жақындап, мұртына ернін тигізді. Мистер Босенгейт өзін құдды таңғы дастарқаннан ең тәтті бірдеңені жей алмай тұрып кеткен сияқты сезінді. Бірақ ол бұл жайсыз сезімін білдіргісі келмей:

– Осы присяжный дегендер бір қызық адамдар, – деді әңгімені бірден басқа жаққа бұрып.

Әйелінің қабағы дір ете қалды.

–  Мен әйелдерден де присяжныйлар шығуын қатты қалар едім.

 – Неге?

–Өйткені кейін еске алып жүретін де бір қызық керек қой.

Осы бір далбаса сөзді ол бірінші рет айтып тұрған жоқ! Мұндай ойға берілетіндей оның өмірі тым қызықсыз да емес қой; соғыс оған жаңа жұмыстар тауып берді; сондай-ақ бәкүн-шүкін үй шаруасы да жеткілікті, демек оған ерігіп-зерігетіндей ештеңе жоқ. Осы сәтте бұның басында:»Бірақ ол менімен ешқашан сыр бөлісіп көрді ме?» деген ой тағы да жылт ете қалып еді. Сосын кенет райхан гүлдерінің арғы жағынан әскери киімді жігіттің мұңды жүзі көрініс берген.

– Бізге мұнсыз да не үшін құдайға мың шүкіршілік айтатын мәселе жеткілікті, – деді бұл сөзін үзе сөйлеп.– Алайда маған енді жұмыс істеу керек.

Әйелі бір жақ қасын көтеріп, жымиып қойды:

– Ал маған  көз жасымды төгу!

Мистер Босенгейт күлді; бұны сөзден жеңе алмайсың! Ол жаңа ғана әйелі ернін тигізген сұлу мұртын сипап қойып, күн көзіне шықты.

Ендігі қалған күнде істейтін жұмысы ат-көпір болып шықты, сотта зая кеткен уақытының орнын толтыру үшін оған қазір біраз терлеуге тура келген. Бірақ қандай жұмыс істесе де төңірегіндегі тамашаны қызықтаудан бір жалыққан емес. Ағаштар арасында сұлбасы ағараңдап тұрған әдемі үйін тамашалау үшін шауып жатқан шөбін бір сәт қоя тұрады; немесе жұпар иісі аңқыған ауасымен тыныс алу үшін комитет қағаздарын ысырып тастап, кабинеттен қонақ бөлмесіне шығады; балаларына тек «қайырлы түн» айту үшін олар кешкі астарын ішіп жатқан класс бөлмесіне кіріп шығуды да ұмытқан жоқ, ал бұның алдында… жатын бөлмесінде киім ауыстырып тұрған әйеліне де бірнеше рет көз салып өткен. Сосын дастарқан басында соғыстағы жағдай туралы өз білгендерін беріле айтып отырды. Тіпті дастарқаннан тұрып кеткеннен кейін де бір орнында байыз тауып отыра алмады: трубкасын енді темекіге ауыстырып, қою түтінді құшырлана жұтып, бильярд бөлмесінде біраз сенделіп жүрді де, сосын оранжереяны аралады, одан қайтып келіп, әйелі мен гувернант қыз тампон жасап жатқан қонақ бөлмесіне кірді. Әйтеуір, не нәрсеге де көңілі тыныш таппағаны рас. Ал сағат он бірлер шамасында серуендеп қайтуға сыртқа шыққан – күн көзі жарқырап тұрды. Жаңа декрет бойынша сағат алға жылжытылғандықтан қараңғы түсуге әлі біраз уақыт бар еді, сондықтан ол терраса жанындағы кішкентай тоғанға қарай беттеді. Құлағына роял үні естіледі – әйелі ойнап отыр. Мистер Босенгейт су бетіне қалқып шығып жатқан лилия жапырақтарына қызыға көз салды, сонан соң назарын үй жаққа аударған. Көзіне тек ағараңдаған жіңішке жолақтар ғана көрінді. Сол жолақтар арасынан арманшыл музыка әуені асқақтай көтеріліп, жүрек қылын тартады, төңіректен гелиотроптың иісі аңқиды. Ол кейін бұрылып келіп, үлкен жөке ағашының түбіндегі балалар ойнайтын тербелмелі орындыққа отырды. Жанға жайлы осындай алакөлеңке кеште сыртта демалып отыру қандай рақат! Сірә, күні бойы қарбалас тіршіліктің ішінде осы бір ұйқы алдындағы сәттен тәттісі жоқ шығар. Ол қонақ бөлмесінде әйелінің шамды қалай жаққанын, пердесіз терезеде бұл шамның қалай бір минут бойы жанып тұрғанын көріп отырып:»Аһа! Егер мен кезекшілік еткен болсам, бұл үшін оған айып салған болар едім», – деп қойды. Әйелі «мені көрдің бе» дегендей бүкіл денесін жарқыратып, терезе алдына келді де, қолдарын желкесіне қарай көтерді, қараңғыда бұған осы қолдардың өзі ақ балықтың бауырындай жарқ ете қалғандай болды. Мистер Босенгейт өзін ешкімнің көріп тұрмағанын біле тұра оған «алыстан сүйісудің» рәсімін жасап қойды.

«Мен бақыттымын, – деп ойлады ол. – Менің әйелім – сирек кездесетін бақыт!» Әйелі қолдарын әлі де жоғары көтере түскенде, терезе пердесі жайлап төмен сырғи берді… Бұл терең күрсінді.

«Тағы бір он минут, – деді ол, – ал сосын барып жатамын. О, тәңірім! Жөкенің иісі аңқи бастапты-ау!» Ол әйтеуір рақатқа батқан соң аяғына дейін батайын дегендей аяғын жерден көтеріп, жоғары созыла тұрып жөке гүлдерін құмары қанғанша иіскеді. Осы бір хош иіспен бірге тұла бойы еріп бара жатқандай көзін жұма берді. Көзін жұмған сәтте… қызық, өзі көргісі келген отбасындағы мамыражай көріністерден бұрын қап-қараңғы тұңғиықтың ішінен қап-қара боп түнерген валлилік солдаттың аянышты, қорқынышты түрі елес берген. Бұл елестің соншама анық көрінгені сондай, мистер Босенгейттің жүрегі дір ете қалған да, көзін ашып жіберген. Сайтан алғыр! Сол жігіттің бұны аруақтай айналшықтай бергені несі? Бейшара қазір қайда екен? Камерада сарғайып… сары уайымға батып, әйелін ойлап, тек қана әйелін ойлап жатқан шығар. Мистер Босенгейт бір түрлі боп кетті де, тербеліп тұрған орындықты тоқтатып, жерге түсті. Қайдағы бір дүниеге қайдан тап болды екен! Жаңағы рақат, жаңағы ләззаттың бәрі енді адыра қалған.»Қарғыс атқан өмір! – деді ол. – Қаншама қасірет! Ал сол бейбақты мен неге соттап, түрмеде сарғайтуға тиіспін?» Ол осы бір жайсыз ойларды бойынан сілкіп тастағысы келіп, терраса бойымен үйіне қарай жылдам адымдай жөнелді. «Ал анау коммивояжер? – деп ойлады ол. – Тіпті онда отырған басқалар да ештеңені түсінбейді». Ол тас баспалдақтармен жылдам көтеріліп, оранжерея ішіне кірді, оның есігін жауып бильярд бөлмесіне өтті де, арпа тұнбасын ішті. Қабырғадағы бір сурет қисайыңқырап қалған екен, оны түзетіп қойды. Натюрморт! Жүзім, алма және… омаршаян! Мұнда омаршаянның не қатысы бар? Бұны ол бірінші рет ойлап еді. Сурет оған жансыз, мән-мағынасыз көрінді. Шамды сөндіріп, ол жоғары көтерілді, сосын әйелінің есік аузынан өтіп, өз бөлмесіне жетті де, шешіне бастады.

Міне, енді ол жеңіл киімдерін киіп келіп екеуінің жатын бөлмелері арасындағы есікті ашты. Өз бөлмесінен түсіп тұрған жарық арқылы ол жастықта жайыла түскен әйелінің қою қара шашын аңғарған. Ұйықтап жатырма екен? Жоқ… ұйықтамағаны анық. Нағыз ләззаттың бал шырынын тататын сәт енді келді – ер көңілдің еліретін, сұңқар сезімнің тоят табатын шағы. Бірақ ол, неге екені белгісіз, табалдырықтан әрі аттай алмай тұрып қалды. Жаңағы елірген көңіл, өрекпіген сезім, ынтығу – бәрі су сепкендей басылғанда, көкіректе тек құлазу, дүниедегі бар қызық-шыжықтан тек жеріну ғана қалған. Ол үнсіз кейін бұрылып кетті де, соңынан есікті тарс жауып алып, ашық тұрған терезе мен ауыр перденің алдына келіп,тұңғиық түнге көз салды. «Бұл фәни толған қасірет! – деді ол іштей. – Қарғыс атқыр, бәрі де қасірет!..»

II

Келесі күні таңертең ол присяжныйлар отыратын орындыққа өтіп бара жатып, өзінен бұрынырақ жайғасып үлгірген аласа бойлы төртбақ адамды ақырын қағып кеткен. Байқауынша, ол ашуланып қалған сияқты, «Қандай көргенсіз адам», – деп ойлады мистер Босенгейт.

Ол тезірек орнына отырып, әріптестерімен артық-ауыс әңгімеге бармау үшін бірден назарын тура қарсы алдына аударды. Сенбі күндері ол нағыз әскери адам қалпында көрінетін, өйткені бұл күні түстен кейін Еріктілер корпусы жаттығу еткізуші еді. Бұл сияқты Еріктілер корпусында қызмет ететін Джентльмен Лис те әлдебір жаққа мән-мағынасыз көз тігеді, ал мистер Босенгейттің жанында отырған коммивояжер құдды біреуді тура қылмыс үстінде ұстап алғандай кешегіден де күдікті пішін аңғартады. Осы бір жексұрын адамнан әрірек отырайын десе,оң жағындағы Джентльмен Листі қыса беру ыңғайсыз. Міне, енді айыпталушыны да алып келді, бейшараның күреңіткен жүдеу жүзіне тек үстіндегі френчтің жылтыраған түймелері ғана өң беріп түрғандай. Мистер Босенгейт дір ете қалды: ол бірнеше рет бұған тура осы қалпында елес берген. Неге екені белгісіз, бұл оны қайта көрген кезде сол бір жайсыз елес пен көңілсіз ойлардан бірден арылып шыға келетін шығармын деп үміттеніп еді. Сол  кезде оны өз жан дүниемнің бір бөлшегі емес, көшедегі көптің бірі ретінде қабылдаймын деп те үміттенген. Мас адам бір нәрсеге беріле қараса, теңселіп тұрған бойын тіктей қоятыны болады ғой, мистер Босенгейт те сол сияқты ес жиып алайын дегендей, тас мүсіндей қатып отырған сотқа бір сәт қадала қараған. Полк дәрігері, кешегі күні бұл мәжіліске келмегені үшін соттан ескерту естігеніне титтей де шімірікпестен, бұнсыз да менің жұмысым жеткілікті дегендей ыңғайда тұрып, айыпталушыға қатысты өз көрген-білгендерін айтып шықты. Бұдан соң сот қысқа ғана сөз сөйледі. Мәселе, – деді ол, айдан анық. Ұлы Мәртебелінің әскери киімін киген және мойнына зор жауапкершілік алған, сондай-ақ өз отанын қорғауды қасиетті борышы деп білген адам өзін-өзі өлтіруге, немесе осы сияқты кез келген әрекетпен армиядан қашуға ешқандай қақысы жоқ. Сот осыны айтты да, айыпталушыны кінәлі деп табуды талап етті. Бүкіл зал бұны қолдағандай әр тұстан абыр-дабыр қозғалыс, ашулы дауыстар естілген.

–  Айыпталушы, сізге мынадай тандау беріледі, – деді сот. – Не  куәгерлер отырған орындыққа ауысып, ант беру арқылы куәлік етесіз, мұндай жағдайда сіз екіжақты тергеуге алынасыз, не айтар сөзіңізді осы отырған орныңызда – айыпталушының орындығында отырып-ақ айта бересіз, мұндай жағдайда сіз екіжақты тергеуге алынбайсыз. Қайсысын таңдайсыз?

– Соңғысын, милорд.

Бойындағы бар сезімін сөзбен жеткізуге тырысып, кенет сергіп, серпіліп шыға келген айыпталушыға тура қарап отырып, мистер Босенгейт бұл адамды енді күптеген жерде мүлде басқа қырынан көргендей болды. Ол осы сәтте құдды әскери киімін шешіп тастап, о бастағы табиғи болмысы мен өзіне ғана тән жан дүние жаратылысын жарқырата жайып салғандай еді. Қажыған, қалжыраған, бірақ сот алдында тап-таза етіп қырынып алған беті тотығып, топырақтана түскені байқалады. Ашына, қызбалана сөйлеген кезде қолдары ербеңдеп, бүкіл денесі қозғалақтап кетеді, бейне бір ұзақ уақыт үстінен түспеген темір сауытын иығынан сілкіп тастап, енді бір еркін қимылға көшкендей. Әр сөзі нық, дауысы ширақ, сөйлеу мәнерінен нағыз уэльстіктерге тән дауысты дыбыстарға көбірек екпін түсіре сөйлейтіні аңғарылады.

– Милорд судья және присяжный мырзалар, – деді ол. – Мен армияға шақырылғанға дейін шаштараз болып жұмыс істедім. Менің кішкентай үйім және әйелім болды. Олардан алыстап кеткенде қандай күй кешетінімді ешқашан ойлаған емеспін, ешқашан… Ал мұндай жағдайға тап болған кезде, адамның, әсіресе мен сияқты жаны нәзік адамның қалай күйреп, қалай жүнжіп кететінін сіздерге айтып жатудың өзі ыңғайсыз-ақ… Өмірде өз отбасы үшін тым алаңдай бермейтіндер көп; үйден қарға адым ұзаса сүйген жарын мүлде ұмытып кететіндер де бар, ал мен үшін бұл – торда отырған торғайдың күнімен бірдей.

Ол қолын сермей сөйлеген бір мезетте, мистер Босенгейт оның саусағынан жылт ете түскен бір затты байқап қалды.

–  Армияда жүргенде амалсыз отбасыңнан, әйеліңнен алыстап кетесің. Мұндайда өзіңді, расында, торда отырған торғайдай сезінеді екенсің. Бұған мен шыдай алмадым. Сол күні таңертең қолыма ұстара үстаған кезде, мен өзімнің не істеп, не қойғанымды білмей қалдым, егер жанымдағы жігіт қолымды қағып жібермесе, қазір сіздердің алдарыңызда тұруымның өзі екіталай еді. Өзіңді-өзің өлтіруге бұның себеп емес екенін мен мойындаймын. Бұл, әрине, ақымақтық болды. Бірақ, бері қараңыздаршы, егер сол сәтте мені билеген сезімге сіздер де бір күні ғайыптан тап болсаңыздар, оның қандай құдіретті күш екенін жан дүниелеріңізбен сезінер едіңіздер! Присяжный мырзалар, мені қайтадан түрмеге тықпаңыздаршы: ол жерде тіпті жаман. Егер сіздердің де әйелдеріңіз болса, бұны түсінерсіздер. Бірақ, әркімнің жүйкесі мұндайға шыдай бермес. Оллаһи, мырзалар, менің басқадай арам ойым болған жоқ, тек өзімді ұстауға ешқандай дәрменім болмай қалды. – Ол сақиналы саусағын жылт еткізіп, қолын тағы да алға созған, ал мистер Босенгейт сол күні итті басып кеткендей бір аянышты сезімге түскен. – Присяжный мырзалар, менің тартқан бар азабым мен ауыртпалығымды Құдай сіздердің бастарыңызға бермесін! Мен осыны тілеймін!

Кішкентай төртбақ адам тіс жарған жоқ, көздері ұясына кіріп, жылтыр түймелі қоңыр-қара пенжагына мойнын тыға түсті. Мистер Босенгейт соттың присяжныйларға қарата: «Жолдарыңыз болсын! Барып кеңесіңіздер» дегенін бұлдыр-салдыр ғана естіген, ал сосын кеңес бөлмесіне келіп, ұзын үстел басына жайғасқан сәтте, жирен шашты адамның: «Оттайды-ақ екен, мырың неме!» дегенін құлағы шалып қалды. Ал мұрын астынан мүңкіген арақ иісін сезгенде, сол жағында – тағы да сол жағында! – шып-шып терлеген маңдайын сүртіп қойып: «Фу, күннің күйіп тұрғанын қарашы!» деп коммивояжердің отырғанын көрді. Сосын қара мұртты төбелтаз адам:

– Бұл бөлмеге не үшін келгенімізді түсінбедім, старшина мырза! – деді.

Мистер Босенгейт үстел басында ақ жилеті жарқырап, ақсүйектік мінезбен мұнтаздай сіресіп отырған Джентльмен Лиске қараған.

–  Мен сіздердің пікірлеріңізді естігім келеді, присяжный мырзалар, – деді ол қысқа ғана.

Аз үнсіздік орнады, содан кейін дәріханашы:

– Бұл өзі анау… клайстрофобия деген бәлеге ұшыраған сияқты, – деді.

– Бос сөз! Оныкі әншейін жалтарудың амалы ғана. Басқа ештеңе де емес. Әйелімді сағындым дейді! Сол да сөз бе екен!

Бұны айтқан әлгі шашы тікірейген ең кішкентай адам; мистер Босенгейттің жыны қозып шыға келді. Қандай надан! Екі қолымен кресло таянышын қыса ұстаған ол:

– Меніңше, бұны сан саққа жүгіртудің түкке де қажеті жоқ, – деді. – Бәрі де табиғи жағдай!

Осы сөз тісінен шығар-шықпаста-ақ: «Не дейді мына Еріктілер корпусының бес минутсыз полковнигі! Бұнысы мынадай антипатриоттық әрекетті ақтағаны ма?» деген бір сұмдықты сезе қалған. Артынша коммивояжердің бұны қостап: «Дұрыс-ақ!»деген сөзін естігенде, ол қып-қызыл болып кетіп еді.

Шашы тікірейген кішкентай адам:

–  Армиядан жалтарғысы келетін мұндай сүмелектер тым көбейіп кетті! – деді дүрдиіп. – Ал оларды біз әлпештегіміз келеді.

Мистер Босенгейт тіптен мазасыздана түскен.

–  Оны қайтадан түрмеге отырғызуға шығарылған кез келген үкімге мен қарсы дауыс беремін, – деді ол мұздай суық  дауыспен.

Үстел басында отырғандардың барлығы бір демде елең ете қалған. Сосын көзін жыпылықтата беретін ұзын бойлы бурыл шашты адам:

– Ау, жаңағы соттың сөзінен кейін сіз не деп отырсыз, сэр! Бұныңыз не? Ал сіздің пікіріңіз қалай, старшина мырза? – деді.

«Бұл керемет тауар, бірақ оны сізге ала қойыңыз деп айта алмаймын» дегендей кейіпте отырған Джентльмен Лис:

–  Біз тек фактіге ғана жүгінуіміз керек, – деді. – Ол өзін өлтіргісі келді ме, жоқ па? Мәселе осында.

–  Иә, әрине. Мәселеге осы жағынан келсек, ол бұны мойнына алып отыр ғой. – Шашы тікірейген адамның бұл сөзі мистер Босенгейттің тағы да жүйкесіне тиген. Байқауынша, өзінен басқаның бәрі бейшара солдатты орға итере түскісі келеді. Неге? Расында, ол кінәлі ме? Иә, кінәлі. Бұны мойындамау тіпті мүмкін емес, бірақ бұның бүкіл болмысы осы бір сорлы жігітті ағылшындық әділ соттың қолына беріп жіберуге қарсы. Сондықтан да ол жаңағы наданның сөзімен де, мына әрекеті әріптестерінің ниетімен де келісе алмай отыр. Ол бір мезет орнынан атып тұрып: «Не істегілерің келсе, соны істеңдер!» деп, бөлмеден шыға жөнелгісі келді.

– Менің байқауымша, сэр, – деді Джентльмен Лис бұған қарап, – сізден басқамыздың бәріміз оны айыпты есептейміз. Айыпталушының өзі мойындап отырған нәрсені сіздің қалай жоққа шығарғыңыз келетінін мен түсінбей-ақ отырмын.

Өз пікірін қалайда қорғап қалуға тырысқан мистер Босенгейт қолын қалтасына салып тұрып, тура алдына қасқая қараған қалпы:

– Жақсы, – деді бас изеп. – Ендеше мынадай үкім шығаруды ұсынамын: айыпты, бірақ кешірім жасауға болады.

–  Сіздер қалай ойлайсыздар, мырзалар: айыпты, бірақ кешірім жасауға болады?

–  Дұрыс, дұрыс! – деп айқайлады коммивояжер, ал дәріханашы ақырын ғана:

–  Бұдан келіп-кетер дәнеңе жоқ, – деді.

–  Ал мен бар деп ойлаймын. Соғыс кезінде майданнан қашқандарды атып тастайды, ал біз сондай жігітті босатып жібергелі отырмыз. Мен оны иттей қып атып тастаған болар едім.

Мистер Босенгейт шашы тікірейген адамға тесіле қарады. «Шынымен-ақ сіздің бойыңызда адамға деген мысқалдай аяушылық болмағаны ма? Бейшараның соншама күйзелісін қалайша түсінбейсіз ?» деген сөз көмейіне тіреліп-ақ қалып еді, алайда көптің көзінше бұны айтып салуды артық көрген. Бірақ күтпеген жерде мандайынан суық тер бұрқ ете қалды да, өзін-өзі ұста алмай үстелді жұдырығымен бір қойды. Бұл іс барысын бірден өзгертіп жіберіп еді. Отырғандардың бәрі: «Осы сен қандай адамсың?» дегендей шашы тікірейген адамға қарай қалған. Ол сәл үнсіз түнеріп отырды да:

–  Қайтеміз, солай-ақ болсын, кешіруге болады. Маған айран ішкенмен бірдей.

–  Дұрыс! Бұл пайымдамаға бәрібір ешқашан көңіл аударылмайды, – деді бурыл шашты адам кең пейілмен, әдеттегідей көзін жыпылықтата отырып. Сосын бәрі орындарынан тұрып, сот залына беттеген.

Алайда ол присяжныйлардың орындығына отырып, айыпталушыға қайта көзі түскен сәтте өзін жаңағыдан да жаман сезініп еді. Қазір бұлар, осы отырған мистер Босенгейт те, басқалар да – қабағынан қар жауған анау прокурор мен Цезарь типтес сот та – тезірек істі бітіреді де, әр қайсысыөз үйіне, өз әйелінің жанына аттанады. Сосын бұл оқиғаны бірер күннен кейін мүлде ұмытып та кетеді. Ал сонда, мына бейшара бостан босқа, жазықсыздан жазықсыз неге жапа шегуге тиіс?

Күтпеген жерде бұның ойын соттың даусы бұзып жіберді.

– Сіз өз полкіңізге қайтатын болдыңыз, өз отаныңызға қалтқысыз қызмет ету үшін ендігі жерде бар күш-жігеріңізді жұмылдыруға тиіссіз. Сізді түрмеден құтқарып қалғаны үшін присяжныйларға рақмет айтыңыз және майданда болмағаныңыз үшін тағдырыңызға шүкіршілік деңіз, әйтпесе, мұндай қылығыңыз үшін атылып кетер едіңіз. Періштеңіз қақты, сіз тірі қалдыңыз!

Полисмен солдаттың жеңінен ұстай берді, ал ол көзін төмен салған күйі жоғарыдан түсіп, залдан шығуға бет алды. Мистер Босенгейт шарбақ қоршаудан оған иіліп тұрып, бүкіл жан-жүрегімен: «Өкінбе! Қайғырма! Мен сені түсінем!»дегісі келген.

Ол үйіне әскери-саптық дайындықтан соң бір-ақ оралған, бұл уақытта сағат он бірге жақындап қалып еді. Қонақ үйден аздап дәм татып, сода қосып бір стақан виски ішіп, қарын жағын қанағаттандырған, бірақ көңіл күйі жағынан өзін бір түрлі қызық сезінгені бар. Иә, қарын тоқ, көңіл аш. Бұл күні түнде ол әйелінің сүйгенін емес, көңіл хошын тілеп еді. Ал қазір оның жанына барып, ақтарылып тұрып былай дегісі келген: «Мен бүгін көп дүниені үйрендім, бұрын еш уақытта ойлап көрмеген нәрсенің байыбына жеттім. Өмір дегеніміз – таңғажайып тылсым екен, Кэйт; тек өз қамыңды ғана емес, өзгелердің де жайын ойлап, өзгенің қайғысын өз қайғындай көріп өмір сүру керек екен, Кэйт. Мен енді ғана білдім: адамға ең маңыздысы – өз жаныңды күйттеуден бұрын өзгелердің жанын жан-тәніңмен түсінуге тырысу екен. Мен бұны анау солдаттың торға түскен торғайдай болып, сот алдында қалай жанталасқанын көргенде соншама анық түсіндім. Білесің бе, Кэйт, мен сонда өмірімде тұңғыш рет Христің нағыз рухын сезіндім. Бұл дегеніңіз ғажап емес пе, Кэйт!.. Ғажап қой! Біз, сен екеуміз, бір-бірімізді түсінетіндей еш уақытта жақын болып, етене жақын болып көрдік пе? Ал білесің бе, ең бастысы осы ғой – түсіну, сезіну дегеніңіз сый-құрметтің көкесі ғой! Мен анау солдатты өз бөліміне қайта әкетіп бара жатқанын көрген сәтте: бұл бейшара ол жерге барғанда тағы да әйелін ойлап сарғаяды ғой, тағы да торға түскен торғайдай болып жанталасады ғой, ал оның орнында өзім болсам қайтер едім, сөз жоқ, мен де әйелімді сағынар едім, сағына отырып мынаны байыптар едім: біз осы бір-бірімізді түсінетімізге, сезінетінімізге көз жеткізе алмай, бір-біріміздің жан дүниемізді бір арнаға тоғыстыра алмай қаншама жыл ғұмыр кешіп келеміз-ау деп ойладым. Ал сол солдат пен оның әйелі бір-бірінен ештеңені жасырмай, сыры мен жырын да, жаны мен тәнін де әрдайым бірге қосып өмір сүргендеріне мен кәміл сенемін. Біз де енді осылай өмір сүруіміз керек. Ең маңыздысы – жаныңдағыны жақсы көру мен оны түсіне білу екенін, бұны айтып қана қоймай солай істеу керек екенін шын мәнінде сезінетін кез жетті бізге. Ал бізді присяжныйлар да, ана бейшара сот та біреулерді соттауға, айыптауға қашан да әзір тұрады. Бұл сұмдық қой! Бүгін таңертең солдатты соңғы рет көрген сәттен бастап, мен күні бойы үйге жетуге асықтым, тезірек сенің жаныңа келіп, көкірегімдегінің бәрін ақтарып салып, жаңа өмірдің, жақсы өмірдің басын өстіп бастасам дедім. Осы бір сезімде әлдебір құдірет бар, осындай сезімге сенің де берілгенінді қалар едім, өйткені мен үшін сенің орның қашан да бөлек қой.

Осының бәрін ол әйелін қүшақтап, сүйіп, аймаламай-ақ көзіне елжірей қарап отырып, оны сол көзқарасымен-ақ ерітіп, жібітіп жіберетіндей етіп айтқысы келген және солай істегенде оның еріп, жібіп сала беретініне сенген де. Бірақ осы ойларын түп-түгел жүрек шымырлатар шынайы сезіммен қысқа да нақты түрде қалай жеткізе алам деген ойдың басына келуі мұң екен, аяқтарынан әл кетіп құлап қала жаздап еді.

Дәліз шамы жағылмаған, өйткені әлі қараңғы түсіп үлгірмеген еді. Ол қонақ бөлмесіне қарай бара жатты да, бірақ тура есік тұсына жеткенде, әлденеден үріккендей шұғыл өз бөлмесіне бұрылып, әкесінен мұраға қалған «Бүрге аулаған адам» (голланд мектебі) деген сурет-картинаның астына келіп тоқтады. Қазір әйелі онда үй күтуші қызбен отыр. Күте тұру керек. Әрине, оған бірден барып, ұмытып қалмай тұрғанда ойындағысын түп-түгел ақтарып салғаны жөн болар еді. Амал не, енді емтихан тапсыратын баладай көңілі қобалжып, тықыршып тұрғаны мынау. Ал оған айтайын дегені соншама маңызды, соншама ауқымды дүние еді ғой. Ол кенет әрдайым өзі сүйсіне қарайтын әйелінің жапон қыздарына тән салқынқанды сұлулығы алдында аузына сөз түспей қала ма деп қорқа бастаған. Жоқ, бәрінен бұрын оның әсершілдігінен қорыққан. Бүгін ол өзін жас сезінген… тым жас, он сегіз жасар жігіттей сезінген. Ол осыны қалайша көрмеуі мүмкін? Ол бұның иелігіндегі барша заттың тек әншейін бір бөлшегі емес, өліп-өшіп рухани жақындық іздеген адамның жан серігі екенін осы жолы да түсінбес пе екен?

Осындай мазасыз ойлардан жаны жай таппаған ол орнында отыра алмай, үй ішін кезіп кетіп еді. Ары-бері сенделіп жүріп ақыры ас бөлмесіне кіргенде, үстел үстінен неше түрлі тәтті-дәмдіні көрді… Бутерброд, бір кесек торт, виски, темекі… және тіпті ерте піскен шабдалы. Мистер Босенгейт шабдалыға бір түрлі мұңдана көз салған. Жемістің осы бір түрі бүкіл өзінің жаратылысымен бұның жаңа бір сезімдерін қытықтағандай еді. Оның сыртындағы ал қоңыр жұмсақ түгі үйдің бүкіл қабырғасында сықап тұрған, ұзақ жылдар бойы бұның көз қуанышына айналған барша дүниенің тек өзінікі екенін тіптен сезіндіре түскендей болған. Тамаққа тәбеті шаппады да, терезе алдына келді. Бұл ылғи да рақаттана қарап тұратын сырттағы бұрқақ, оның жанындағы ескі жөке ағашы, гүлзар, бұның джерсей сиырлары, дәлірегінде өз сиырлары жайылып жүретін әдемі көгал – бәрі-бәрі де қараңғылық құшағында. Сол қараңғылық құшағына, міне, енді үйдегі қабырғалар да біртіндеп сіңіп барады, жоғалып барады… бар байлығымен, дәлірегінде бұның байлығымен…

Қонақ бөлмесінің есігі ашылып, демалуға шыққан әйелі мен үй күтуші қыздың дауысы естілді. Тек олар мұнда кірмей-ақ қойса екен! Кірмей-ақ қойса! Дауыстар естілмей кетті. Бәрі дұрыс. Ендігі қалғаны тек сәлден кейін жайлап барып, жалғыз отырған Кэтлиннің үстінен түсу. Ол ту сыртына бұрылып, асүйдің есігінен көрініп тұрған сервант үстіндегі айнаға алыстан көз салды. Сосын өз жүзін анық байқай алмаған соң ортадағы үстелді жағалап келіп, айнаның тура алдына жеткен. Толқығаннан тамағы мен ауызы құрғап қалыпты. Айнадағы жүзіне сұқ саусағын кезей түсіп: «Ау, не ғып тұрсың?! – деді өзін қайрағандай болып. – Бармайсың ба енді! Айтпайсың ба оған айтайын дегенінді. Әлде түсінбейді деп ойлайсың ба? Жо-жоқ, түсінгенде қандай!» Ол мұртын түзеп, жұтынып қойып, бөлмеден шықты. Баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқанда жүрегі дүрсілдей соғып кеткен, бірақ енді шегінуге кеш еді, аяғын нық басып, әйелінің бөлмесіне кіре берді.

Көгілдір түсті кең халат киген ол айна алдында мөлдір қара шашын баптап тарап тұр екен. Мистер Босенгейт оның жанына тақап келді де, басынан аяғына дейін үнсіз шолып тұрып қалды. Күні бұрын дайындап келген сөздері көкірегінде араның ұясындай гулеп тұр еді, енді соның бірі де ерін ұшына жақындар емес. Әйелі шашын тарап тұра берді, аппақ қолтығы қолын көтерген сайын ақ балықтың бауырындай жарқ-жұрқ етеді. Сосын бір мезет ол қасын сәл көтеріп, бұған жымия көз салған.

– Не, жаным? Шаршадың ба?

– Жоқ. – Мистер Босенгейт осы бір ауыз сөзді айтуға әзер шамасы жеткен. Әйелінің жүзінен әлдебір кекесін күлкі болар-болмас жылт ете қалды. Сосын иығын биязы түрде, өте биязы түрде қиқаң еткізген. Бұл оның осындай оғаштау қимылын бұрын да бірнеше рет көрген-ді. Мистер Босенгейт лажсыз оны өзіне қаратқысы келіп, тарақ ұстаған аппақ қолдың үстіне өз алақанын қойды.

– Кэтлин, тоқташы… Тындашы мені!

Оған өзінің көкірек көзі ашылғаны жөнінде қалай жыр қылып айтып берсем деген ойдан толқи түскен ол саусақтарын сытырлата қыса берді. Алайда бір сөз айтқанша болған жоқ, әйелінің осы бір салқындау аппақ қолы, осы бір жартылай жұмылған көздері, осы бір үлбіреген қып-қызыл еріндері өзіне қарай икемделе бергенін аңғарып қалды.

– Мен саған… айтайын дегенім… Кэтлин, мен… Ол тағы да иығын сәл ғана қозғап қойды.

– Иә…білем мен…білем ғой бәрін…

Мистер Босенгейттің тұла бойын ұяттың ыстық өрті шарпып өткендей болды. Кенет тізерлей отыра қалып, маңдайын жып-жылы алақанға сүйей берді. Үнсіз. Аузына бір сөз түсер емес, тек көкірек кере тыныс алады. Енді бір сәтте әйелінің жұп-жұмсақ, жып-жылы алақандары бетін аялай сипай бастағанын сезді. Әлдебір мұңмен, қамығумен сипайтын секілді. Сосын… оның өзі құшақтай бергенін… ерінге еріннің төне түскенін біледі… Басқа ештеңе!..

Ал сосын мистер Босенгейт өз бөлмесінде, айқара ашып тастаған терезе алдында рақаттана темекі тартып отырды. Бөлме іші қараңғы еді. Терезені айнала жалп-жалп етіп сайтан көбелектер ұшып жүрді, қара көк аспанда баяу қалқып, ай жүзіп бара жатты. Ол иығынан үлкен жүк түскендей еркін тыныстап, темекісін құшырлана сорған. Өмір деген таңғажайып құбылыс қой! Таңғажайып! Ойға алған, істегің келген дүниені керісінше істеуте мәжбүр ететін онда бір күш бар, құдіретті күш бар. Иә, әрдайым керісінше істеуге! Ағаш жапырақтарының арасынан ұрлана сығалаған ай жарығы бақ ішіне біртіндеп кең жайыла түскен.

«Еш уақытта көңіл қалауыңа қарай босқа тыраштануға болмайды, – деп ойлады ол. – Мен де өстіп тыраштандым, тырыстым… Алайда адам бірден өзгере салмайды екен. Иә, өмір деген таңғажайып құбылыс қой! Дегенмен, бәрібір, мен кешегі қалпымда емеспін, бүгін мен мүлде басқа адаммын». Бойы бойкүйез тартып отырып ол бір мезет көзін жұмған… Сол сәтте… кенет өзін сона-а-ау төменнен, заңғар биік үйлердің арасындағы таспадай тар көшенің бойынан, құмырсқадай қыбыр-қыбыр етіп жүрген титімдей адамдардың арасынан көрді: ергежейлідей кішкентай адамдар – өзі де, әйелі де, анау присяжныйлар мен соттар да… «Сұмдық қой! – деп ойлады ол. – Қандай кішкентаймыз! Сөйте тұрып мынадай заңғар үйлердің төбесіне шыққымыз келеді. Бәріміздің орнымыз биікте болсын дейміз. Жоқ, бұл мүмкін емес! Біз қал-қадірімізше өз орнымызда өмір сүруіміз керек. Біз бір-бірімізді түсінуіміз керек. Өмірдің мәні сол ғой! Ендеше қол жетпеске қол созудың, бой жетпеске бой ұрудың қажеті не!»

Ол темекісін сөндіріп, бір-екі рет терең тыныстап алды да, төсегіне беттеді.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo