Он бес дән – он бес ән

Дидахмет Әшімханұлы,

«Қазақ әдебиеті» газетінің арнаулы тілшісі,

1985 жыл,

Сырдария ауданы, Қызылорда облысы.

Он бес дән – он бес ән

Орақ кезінде менен он бес баламмен бірге он бес түйір дән жайында сұраңыз.

Нағима апай.

Түс ауған шақ. Күннің көзі шаңыт. Екілене ескен жел канал жиегіндегі қалың қамысты ысқырына шулатып, танаптағы жаңа орылған күріш дестелерін де жұлмалай түседі. Күріш дестелерінің балақ-балағын комбайн жаткалары жалаңаштап қайырып келеді. Комбайн соңында, егістіктің әр жерінде қол орақ ұстаған қыз-жігіттер жерден түртпектеп әлденені іздеп жүр.

Біз шахмат тақтасындай шаршы танаптың бір жиегінде отырмыз. Нағима апай күні бойы осы танапты шыр айналумен әбден шаршап, діңкелеп, бір сәт тыныс алғаны жаңа ғана, орақтың қайқы тұмсығымен керзі етігін тық-тық ұрып қойып, сонау көкжиекке көз талдыра қарайды. Мен бір тал күріш сабағын тістелеп отырып езу тартамын. Езу тартамын да, жанымдағы елуге жақындап қалған етжеңді адамның елгезек мінезіне риза да боламын. Ол бүгін мені де біраз дедектеткені бар.

…Екеуіміз танапты аралап жүріп келе жатырмыз. Ол кісі менен қашан да бір адым алда жүреді, мен бір адым артта қала беремін. Ол кісі масақ жинап жүрген студенттердің «халтурасын» көздеріне шұқып көрсетіп те үлгіреді, бір адым артта келе жатқан менімен де сөйлесіп отырады. Дестенің астын орақ ұшымен аударып жіберіп, тасада қалған масақты тауып алады да:

– Әй, шырағым, – дейді студент жігіттің біріне, – Мына бес тал масақты неге көрмей кеттің? Бұл бес талдың басында кемінде сегіз жүз түйір дән бар. Сен оны жап-жарық мезетте көрмейсің. Тоқтығың-ау, сірә! Өзегің талып, өліп бара жатсаң, айсыз қараңғыда жерден жалғыз дән тауып жер едің, бәлем.

– Иә, солай, – деп сосын маған мойын бұрады… – Ондай да заман болған. Енді оның бетін аулақ қылсын!… Жаз бойы жарғақ құлағымыз жастыққа тимей суға түсіп, саз кешіп жүргеніміз кім үшін, не үшін екенін жаңағы сияқты жастар түсінбейді-ау, не керек. Қып-қызыл еңбек қой бұл. Күріш деген жарықтық тоқсан күн бойы сусыз болмайды. Бірақ су керек екен деп оны үнемі бөктіріп қоюға да болмайды. Ол да қызыл шақа нәресте секілді. Әйтеуір, бесік жақсы екен деп, сәбиді күн ұзақ бөлеп тастасаң, ол өсе ме, денесі пісе ме? Сондай-ақ ана өз баласын қай уақытта, қанша сағаттан кейін емізуді де білу керек болса, күріш те сондай. Суын дер кезінде ауыстырып, дер кезінде түптеп…

– Арам шөбін отап… – деп қалдым мен абайсыз.

– Тәйір-ай, – деді ол. – Күріштің арқасында күрмек су ішкенді қойғалы қашан. Күріш науқаны жаңа басталып, жерді өңдеп суарар алдында гербицид деген сұйық тыңайтқыш шашып тастаса, қамыс, қоға сияқты арам шөптер түгел құрдымға кетпей ме?… Жаңа не деп келе жатыр едім өзі?… Е, күріш суын дер кезінде ауыстырып отырмасаң, күзде мол өнім аламын деп иегің қышымай-ақ қойсын. Менің звеномда жетпіс бес гектар жер бар. Оның өзі бес танапқа бөлінген. Осындағы әр танапқа дәл қай күні су жіберіп, қашан оны ағытып жіберіп отырғанымды қағазға мұқият жазып қоямын. Жаз бойы тек сол жұмыс кестесімен ғана жүремін. Сонда бес танап та суды бойына бірдей сіңіреді. Басқа күрішшілер суғару кезінде қандай жұмыс тәсілін пайдаланатынын білмеймін, өз басым, әйтеуір, күріш жұмысына шыққалы жаңағы есеп жүйесінен бір жаңылып көргем жоқ… Әй, мына комбайнның көзі жоқ па, немене! Танаптың шетіне аттың жалындай масақ қалдырғаны несі!

Нағима апай кенет мені де, өзінің мол денесін де ұмытып, қиғаш қашып бара жатқан комбайнды қуып берді. Керзі етігі танап үстінде құстай ұшып бара жатқандай. Қандай қимылы ширақ еді деп риза болып мен тұрмын. Он бес балалы әйел осылай жүгіреді дегенге қала адамы (дәлірегінде, қала әйелі) сене қояр ма екен? Сенбесе қойсын, он бес баланың анасы, қырық сегіз жастағы Нағима апай, әне, комбайнды келесі танапқа жеткізбей қуып жетті де, дереу кері бұрды.

– Қарап, қадағалап тұрмасаң, бұлардың істейтін ісі осы. Сосын бір тұтам масақ үшін біреулердің күні бойы күйбеңдеп жүргені, – деді менің жаныма қайта келген соң.

Біз тағы ілгері жүріп кеттік. Әңгімелесіп келеміз. Ол алда, мен соңында.

– Мен неге бүйтіп бес-алты масаққа бола шыр-пыр боп жүр дейсің, інім. Тоқсан күн бойы тобығыңды етік қажап, алқынған аптапта тұла бойыңды тер жуып, мәпелеп өсірген бұ жарықтықтың бір дәні көзге ыстық көрінеді екен. Әйтпесе, бірер сабақ масақ үшін біреулерге жеккөрінішті болып нем бар. Оның үстіне звеномдағы осы тоқымдай жерде балаларымның төгілген тері және бар. Асыр сап ойнар бар қызығын ұмытып, бүкіл жаз осында жүрді емес пе тырбаңдап. Мектепті былтыр бітірген қыз балам Жеңіс екеуміз биыл бір звено құрғанбыз. Еңбекке биыл ғана араласқан Гауһарым да біздің бригадада. Өзім су жіберіп жүрсем, Берік пен Меруерт жерді малдан торуылдап жүреді. Түске жақын Мира деген қызым Гүлжанар мен Еркінді ертіп, бізге сусын әкеледі. Қалада институтта оқитын Бақыт пен Әлия да каникул күндерінде бізге қолғабыс етіп тұрады. Үйдегі кішкентай Гүлжанат пен Гүлжанардан не пайда!… Қой, үйбай, балаларымды санап кеттім бе, қайттім, танаптың арғы жағына шығайық.

Біз танаптың арғы жағына беттейміз. Жаңағы айтқан балаларын іштей санап та келемін. Кейде санынан жаңылып та қаламын. Дегенмен он беске жеткізе алар емеспін.

– Қалғаны қайда? – деппін оқыс, сатушыға «сдачым қайда?» деп ренжігендей.

– Ненің? – деп ол да маған оқыс бұрылған.

– Тұрмыс құрған балаларыңыз бар ма дегенім ғой, – дедім енді жай ғана.

– Е, неге болмасын, – деді ол, – Тұңғыш қызым Оразкүл Қызылорданың пединститутын бітірген соң сонда тұрмысқа шыққан. Жамбылдың гидромелиоративтік институтын бітірген Серігім де сонда тұрады. Семьялы. Алтын – Қазалыда отау құрған. Жұмагүлім Қызылорда пединститутында оқиды. Шүкіршілік, еңбегімді үкімет бағалап та жатыр. Өткен жылы Қызылордаға барып, жағдайымды айтып, жайлы пәтер сұрап едім, қаланың ортасынан ойып тұрып үш бөлмелі пәтер берген. Қазір Серігім сонда тұрады.

Таңертең мектепте физика пәнінің оқытушысы Гүлсапа Жақсыбаеваға жолыққанымда, ол кісі: «Нағима апайдың балалары өте тәрбиелі, сабақтары да жақсы. Ол өзі бір ұйып тұрған ұя ғой. Ағаштың діңі түзу болса, бұтақтары да сәнді болмай ма», – деп еді. Айтқаны рас екен.

– Енді танаптың арғы бетіне шығып демалайық, – деді ол бір мезет.

…Танаптың арғы бетіне шығып, демалып отырған түріміз осы. Бұл кісі туралы біршама мәліметті тағы да сол таңертең совхоз партия ұйымының секретары Есенғали Айтбаевтан жазып алғанмын. Совхоздың ең озат күрішшісі Нағима Аймағамбетова ІІ және ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің кавалері екен. Жыл сайын жоспарын артығымен орындайтын көрінеді. Соңғы екі жылда ғана жерінің әр гектарынан 90 центнерден астам таза өнім алып отырыпты. Міне, солай апаңыз!..

Айтпақшы, Есенғалидың айтуына қарағанда: «Абай атындағы бұл күріш совхозы күріш өсірумен қатар бала өсіруден де алдыңғы қатарға шыққан іргелі шаруашылық көрінеді. Тіпті, ауыл интеллигенциясының өзі жұмысшы-шаруадан қалыспаған. Мәселен, мектеп директоры Ш. Бимырзаев пен совхоз кәсіподақ комитетінің председателі Шілманов және бас агроном К. Сыдықов семьялары 10 баладан тәрбиелеп өсіріпті. Қалғандарын айтпай-ақ қояйық. Өйткені Есенғали: «Совхоз директоры екеуіміз бала жағынан ұяттымыз. Бестен ғана» деп ыңғайсызданып қалған…

– Жер-судың жағдайы қалай, апай? – дедім мен оны әңгімеге тартып.

– Судың жайы мәз емес. Сырдарияның суы жылдан жылға тартылып барады. Әсіресе, бізге жақын арнасы тым сарқыла бастағандай. Жарытпаған соң не істейміз, күрішті бидай сияқты өсіріп жүрген жайымыз бар. Әйтпесе, бұған су көлкілдеп тұруы қажет қой. Кейде таза суды қашыртқы сумен араластырып пайдалануға да тура келеді. Жеріміз тұзды. Су жетпей қалса күріштің жас өскіні тез күйіп кетеді… Ал жер жағдайына келсек, танабымыз теп-тегіс болуға тиіс. Өйткені су барлық жерде бір деңгейде тұруы керек. Амал жоқ, ПМК тегістеген жеріміздің суы кейде теңбіл таздың басындай боп тұрады. Сондай жұмысты гидротехниктердің қалай қабылдап алатынына таңым бар.

– Өзіңіз осы жерде туып-өстіңіз бе?

– Иә, – деп ол сәл ойланып отырып қалды. Сосын жерге қол орағын қадап қойып, әңгімесін бастап кетті.

– Әкем марқұм ғұмыр бойы осы жердің топырағын тырмалап, шөбін жұлмалап өткен тобанаяқ қара шал еді. Қыздан жалғыз болдым. Сондықтан ба, әлде ірілеу біткен денеме бола ма, әкем мені үнемі «осы қызым батыр болады» деп отыратын. Еңбекке ерте араластым. Соғыс бітер жылдары қаршадай бала кезімізде ертелі-кеш қырманда жұмыс істейтінбіз. Кейде астық тазалап отырып… көзіміз ілініп кететін… Жә, оның бәрін айтып қайтем… 1974 жылға дейін медпунктте қарапайым жұмыс істедім. Жолдасым Қаппар Байболов сол медпункттің меңгерушісі болды. Әлі де сол қызметінде… Е, інім-ай, ішіңнен он бес балалы әйел қалай еңбек етіп жүр деп отырған шығарсың. Бәрі де сол жолдасым Қаппар мен енем Сафураның арқасы ғой. Әсіресе, енемді айтам да, өзі шүйкедей болғанмен жүрегі таудай ғой оның. Ширек ғасыр келін боп тұрған кезде «шәй» дескенді қойып, бір рет қабақ түйгенін көрмедім десем, сенесің бе? Сол кісінің арқасында бірде-бір рет декреттік демалыс алып көрген жан емеспін. Тіпті, осы соңғы кішкентайлы болған кезімде екі айдан кейін күріш басында жүрдім. Қыста да қол қусырып отырып көргем жоқ. Орақ аяқталысымен совхоз фермасынан біраз бұзау алам да, жаныма бір қызымды ертіп, көктемге дейін соларды бағып шығамын. Сол уақытта да үй шаруасын дөңгелентіп отыратын жан – енем. Шаршап келсем қашан да шәйым әзір, үйім жиюлы, киімім жуулы. Соның бәрін жетпіс бестегі аяулы енем атқарып жүреді. Атқармаса, балаларға атқартады. Қысқасы, үйдегі бас қолбасшы сол кісі… Інім, сен үйге барып, сол аяулы әжеңе сәлем бере кет, сөйткенің жөн шығар.

Қарсылық білдіре алмадым да, жолға түстім.

Неге екені белгісіз, совхоз орталығына жеткенше мені қазіргі ауыл әйелдері туралы ой мазалай берген. Иә, таңның атысынан күннің батысына дейін шаруаның торшолағынан бір түспейтін, қайда салсаң да қарсылық білдірмей қара қайыстай көнбіс мінез танытатын, үйге келсе қажыдым деп қабақ шытпай ерінің де, балаларының да бабын таба білетін осынау ізгі жүректі, ілтипатты жандарды қандай қасиетімен бағалаймыз осы? Меніңше, ең алдымен, адамгершілігімен, ұлттық мінезді сақтай білуімен. Осы адамгершілік қасиеттерімен олар қоғамға да қаншама пайда келтіріп отыр десеңізші! Қоғам үшін баланың өзі қандай байлық! Осы байлыққа бір Нағима апай қаншама үлес қосып отыр. Ерлік жасап отыр. Және ерліктің ең Үлкенін жасап отыр. Мұндай адамдарды қанша құрметтесек те, артық емес-ау.

Үйге жақындай бергеннен-ақ жүрегім жылып сала берді. Абажадай ақ үйдің айналасы тап-тұйнақтай. Көлденең жатқан шөп-шалам көрінбейді. Тіпті, ауыз үйде жинаулы тұрған он шақты бәтеңкенің барлығының тұмсығы қаз-қатар құбылаға қарап тұр. Адамды сәлемінен таны дейді қазақ. Олар қалай сәлемдесті дейсіз бе? Аулада кезіккен шүйкедей әжем «Күйлі-қуаттысыз ба?» дейді. Отағасы Қапекеңнің өзі ашық-жарқын «Ассалаумағалейкүм!» – десе, балалары «Сәлематсыз ба?» – деп сызылып тұр, шіркін!… Ендігі олардың тірліктеріне қараңыз… Шүйкедей әжеміз күйбеңдеп қазан көтеріп жатыр… Қапекеңнің өзі құлаштап отын дайындауда… Кішкентай екі қыз картоп тазалап отыр… Ересектеу екі қыз екі бөлмені жуып жатса, енді екеуі кір шайқауға кіріскен… Ананы қара, бір тырнақтай бала өзінен де кішкентай бір бүлдіршінді жетектеп келеді. Шаң-шұң дауыс, ыңырсыған дыбыс жоқ-ау, жоқ! Міне, ұйыған бірлік! Міне, нағыз бақыт! Бақыттарың баянды болсын, айналайындар!

* * *

Жыр өлкесінен қайтып бара жатып ойладым: есігін қағусыз кіретін елдің бесігі жөргекті болады екен-ау!

Дидахмет
Әшімханұлы
logo