Окопта. Хизмет Абдуллин

Хизмет Абдуллин, ұйғыр жазушысы,
Аударған – Дидахмет Әшімханұлы,
Қазақ әдебиеті, 1981 жыл.


ОКОПТА


Сержант Хетбаки Низамов таң алдында күзеттегі пулеметшіні
ауыстырды да, орнына өзі тұрды. Бұл уақытта кешегі шайқастан кейін бір
мезет дамыл тапқан алдыңғы шептің үстінде қою түн әлі де қонақтап жатыр
еді.
Қазір жерге бозғылт сәуле ұялап, түн түндігі біртіндеп түріліп келеді.
Көңірсіген оқ-дәрі иісінен ауа тазарған. Алдыңғы жақтан Хетбакидің
жауынгерлері қиратқан танктер мен сыйдиған ағаш діңдері, бір апта бұрын
немістер басып алған орыс деревнясының сұлбасы қарауытады. Снарядтар
бетін шұрқ-шұрқ тескен көз жетер жердің бәрі жарық молайған сайын
біртүрлі құлази түсетін тәрізді.
Күлге көмілген осынау қу далаға бинокльмен қарап тұрған Хетбакидің
жүрегі бір ысып, бір суиды. Кеше бұл жерде қаншама адамның қаны төгілді?
Қаншама боздақ қыршынынан қиылды? Енді соған мына қасиетті жер қасірет
шеккендей сұлқ түсіп, сұрланып жатыр. Табиғат жарықтықта атар таң, көрер
күн алдында бір жадыраңқы қабақ болушы еді. Ол жоқ. Төңірек түгел жымжырт бұйыға түскен. Немістер жағы да тып-тыныш.
Өткен күні олар аласұрып, алты рет шабуылған шыққан. Алтауына да
Хетбакидің жауынгерлері төтеп берді. Бұрын мұндай шайқастан соң, тірі
қалғанына Хетбаки іштей шүкіршілік ететін. Бұл жолы оны да ойлаған жоқ.
Несіне ойлайды? Взводындағы отыз солдаттың жетеуі-ақ тірі қалды. Олар,
әне, винтовкаларын тізелеріне қойып, жылыну үшін бір-біріне тығыла түсіп,
орда бұйыға мүлгіп отыр.
Бірнеше күнгі шала ұйқыдан әбден шаршағандікі ме, Хетбаки алдыңғы
шепке көз салып отырған күйі өзінің де кірпігі ілініп кеткенін сезбей
қалыпты. Бір уақытта әлдебір құйқылжыған сазды үннен селк етіп ояна
келді… «Бұл не? Түсіме әлгі…» Жоқ, жақын маңнан құстың сайрағаны апанық естіліп тұр. Бұл окоптан басын қылтита шығарып, төңірегіне қарап тұр
еді, тура қарсысында құлап жатқан алма ағашының бұтақтарында бір топ құс
отыр екен… Қара торғай! Сыйдиған бұтақтарды дір-дір еткізіп, үндерін
құбылта созады… Сонау көкжиектен алаулап күн көтеріліп келеді. Сол
күннің жылы шуағына жүздерін тосып, қара торғайлар сайрайды. «Тириктирик, көктем келді… тирик-тирик, көктем келді» дейтін сияқты.
Хетбакидің өнебойы ысып сала берді. Жүрегі де елжіреп бара
жатқандай. Мұндай күйге түспегелі қашан? Бұл ненің құдіреті өзі?.. Кенет
күбірлеп сөйлеп те жіберді.
– Келіп қалдыңдар ма, балапандарым? Біздің оңтүстіктен келдіңдер ме?
Енді бір мезет окопта ұйықтап отырған жігіттерді оятқысы келді. Қара
торғайларды көріп, олар да қуансын деп ойлады. Бірақ күн көзіне маужырап,
бұйыға түскен түрлерін аяп кетті де, қайта алға бұрылды. Осы сәтте бұның
тықырын сезіп қалды ма, қара торғайлар ду көтеріліп, алдыңғы шепке қарай
ұша жөнелді.
Жаңағы жылы әсерден Хетбакидің бойы әлі де суыған жоқ еді. Ұшып
бара жатқан қара торғайларға қарап отырып, Іле Алатауының бөктеріндегі өз
колхозын еске алды. Бұның үйі сол колхоздың ең шетінде еді. Терезесінің
алдындағы қос терекке көктем сайын қара торғайлар қонақтап, әлгіндей
әдемі сайраушы еді.
Туған жерін ойлағанда Хетбакидің көкірегін бір тәтті сезім тағы да
қытықтай түсті. Артынша денесін болмашы діріл билеп алды да, кеудесіне
бір қап-қатты зат кептеліп қалғандай болды. Жұтынайын деп еді, жұтына
алмады. Сәл болмаса жылап жіберетін тәрізді.
Елжіреуік сезімге берілген солдатты Хетбакидің өзі ұнатпайды.
Болмашы нәрсені жүрегіне жеңіл қабылдап, сары уайымға салынған
солдаттың несі солдат! Ендеше өзінің мына мөлт-мөлт етіп отырғаны несі?..
Бұл күйімен алдағы шайқаста… Жоқ, Хетбаки ондай бос белбеу жан емес. Ол
қашанда батыл жауынгер бола білген, әлі де болады…
Хетбаки күрт ширығып шыға келді де, окопты бойлай жүріп кетті. Алда
тағы да шайқас, әзірлікті мұқият тексеріп шыққаны жөн… Позицияны
ауыстырған кезде кедергі болмай ма деп, алдымен орды түгел шолып өтті.
Бұдан кейін оңтайлы жерге оқ-дәрілерді жақындатып қойды да, енді
жауынгерлерді оятайын дей бергенде… күтпеген жерден үстінен сусылдай
ұшқан бір топ құсты көрді. Қара торғайлар… Манағы қара торғайлар! Бұл
жолы олар окопқа тіптен жақын жерге, қара топыраққа қонды. Қонысымен
снаряд қопарып тастаған шұңқырдың жиегінде жорғалай жүгіріп, құртқұмырсқа тере бастады.
Хетбаки оларға нанның қоқымын шашпақ болып, жүк қапшығына қол
салғаны сол… жау бекінісі жақтан қараң-құраң қозғалысты көзі шалып
қалып, дереу қолына биноклін алды. Немістер шабуылға әзірленгені ме, әлде
шегінбекші ме, әйтеуір, топтасып жатқан секілді. Бұл жылдам жауынгерлерге
бұрылды.
– Тұрыңдар! Қара торғайлар келді.
Соңғы сөзді неге айтқанын өзі де аңғармады. Сонан соң:
– Атысқа әзірленіңдер! – деді салмақты түрде.
Жауынгерлер қас қағымда атып тұрып, қару-жарақтарын алды да,
окопқа иек артты. Бірақ бұлар күткендей немістер шабуылға шыға қойған
жоқ, жаңағы абыр-сабыр қозғалыстары біртіндеп басылып қалды. Хетбакидің
де көңілі жайланып, жауынгерлерге шұғыл бұйрықтар беруге кірісті.
– Сауаров, бақылауға тұр! Алдыңғы шепке мұқият қара. Ал, Стрехов,
сен кухнядан ас әкелуге бар. Жолай ротныйдай ПТР мен гранат сұрауды да
ұмытпа!
– Минеев, өзіміздің ПТР-ды жөндеуге кіріс.
– Кеше кешке-ақ жөндеп қойғам, жолдас сержант.
– Танкіге қарсы пайдалануға бола ма?
– Болады, жолдас сержант.
Хетбаки осы бұйрықтарды берген соң, аз да болса дем алғысы келіп,
сызды окопқа арқасын сүйей отырды. Күн сәулесі терең орға қиғаштай түсіп
тұр. Аппақ шуағы маңдайға жып-жылы тиеді. Көктем келді деген осы. Бұл
майданға аттанарда да дәл осындай көктем еді. Күн нұры да өстіп төңірекке
елжіреп төгіліп тұрған. Иә, бәрі де есінде, бәрі де қазіргідей көз алдында…
Колхоз басқармасының алды сеңдей соғылысқан қалың адам. Майданға
аттанғалы тұрған жігіттерді кезек-кезек бауырына басқан аналар… Әр жерде
бір көзін сүрткен әйелдер. Жаңа бүрлеп келе жатқан ағаш бұтақтарында қара
торғайлар сайрайды. Қарсы беттегі наубайханадан жаңа пісірген таба нанның
иісі аңқиды. Алатаудың сонау бір иығынан күн көтеріліп келеді.
– Ал, Хетбаки, аман-сау жеңіспен орал, – дейді бұның иығына қол салып
тұрған колхоз председателі Мұхтар аға. – Сен бүгінге дейін жақсы колхозшы
болдың. Оны мына жұрттың бәрі біледі. Сол үшін де олар сені жақсы
көретін, сыйлайтын. Енді сен майданда да сыйлы азамат бол. Туған
колхозыңның атына кір келтірме… Еліңді қорғағаның – ол бізді де
қорғағаның. Осыны еске тұт. Ал, қайыр хош!..
Мұхтар ағаның сол сөзі Хетбакидің қазір де есінде. Оны, тіпті, ең
сұрапыл шайқастарда да ұмытқан жоқ. Әлі де ұмытпайды. Өйткені ол жалғыз
Мұхтар ағаның ғана сөзі емес, елдегі барлық ата-ананың, халықтың тілегі
ғой. Оларды ұмыту мүмкін бе?
Міне, арайлап және бір таң атты. Сәлден сол мынау қасиетті жер үшін
тағы да қантөгіс майдан басталады. Тағы да біреулер мәңгі көз жұмады. Бәрі
де Отан үшін, қасиетті атамекен үшін…


Дәл осы түнде қарсы жақтағы жау шебінде жиырма екі жасар неміс
солдаты Ганс Вурцель де атар таңды ұйқысыз атқызып еді.
Ол мергендер ротасының солдаты болатын. Оң құлағы түбінен жоқ
болса да, қазір де сол ротаның сапында. Алғашында бір құлағынан абайсыз
айрылып қалғанына қуанғаны да рас. Бірақ ол қуанышы ұзаққа бармаған.
Бұл оқиға Москва түбіндегі қиянкескі шайқаста болған еді. Бұлар
жанталасып қанша ұмтылғанмен орыстардың қарсылығына тап келіп, бір
адым алға жылжи алмаған. Жылжымақ тұрсын, күннен күнге шегіне берді.
Шегінген сайын бұрынғы лепірген көңілдері су сепкендей басыла түсті.
Сөйтіп күйлері кете бастаған кезде, тура рождество мерекесі күні Ганстың
құлағын граната жарықшағы жұлып әкетті. Сонда оның кеудесінде бір үміт
ұшқыны жылт ете қалды. «Енді мені үйге қайтаратын шығар» деп ойлаған.
Осы ойдың жылуымен дәрі иісі аңқыған далалық госпитальға да түсті. Онда
біраз күн жатып, жарасы жазылған уақытта бас доктор құлағын қарап шықты
да:
– Қалай, көзіңіз көре ме? – деді.
– Көреді, – деді бұл таңданып, – Тек… құлағым аздап…
– Сіз снайперсіз ғой. Снайперге құлақтан бұрын көз керек. Сіздің көзіңіз
сау. Демек соғысқа жарамдысыз. Құлақсыз да соғыса алатыныңызды
дәлелдеуіңіз қажет… Фюрердің солдаты екеніңізді ұмытпаңыз. Иә, сіз
Фюрердің солдатысыз…
Сонымен Ганс қайтадан майданға оралды. Бұл уақытта өз бөлімі недәуір
шегіне түскен екен. Соған қарамастан Геббельс күн сайын радиодан
орыстардың сөзсіз жеңілетіндігі жөнінде барынша айқайлап жатты. Бірақ
Ганс оған бұрынғыдай сенуді қойған. Себебі орыстардың бір қадам жер үшін
қалай қан төгіп, қалай жандарын қиғанын бұл талай көрді. Кейде тіпті, оқты
қардай боратып тұрған дзотты кеудесімен жапқандарының да куәсі болды.
Оларға қарағанда қайта өздерінің күн санап жіптері босай түскенін де сезген.
Ол бүгін түнде окопта отырғанда осының барлығын тағы да ой
сарабынан өткізіп еді. Сонан кейін алыстағы өз үйін де сағына еске алған.
Онда қазір қандай рахат десеңші. Жып-жылы кең бөлме. Буы бұрқыраған
ыстық ас. Жантая кетсең, былқ ете түсетін құс төсек.
Ганстың еріндері дір-дір етіп, окоптың қабырғасын пышағымен осып
жіберді. Осы сәтте жерге сау ете түскен топырақтың арасынан белгісіз бір
затты көзі шалды. Қолына ұстап көріп еді, садақтың оғы екен. Ганс оны біраз
қызықтап отырды да, жаңағы пышақпен осып жіберген жерін қайта үңги
қазды. Бір сүйемнен соң пышақ ұшы және бір қатты нәрсеге тірелді.
Маңайын аршып, суырып алғанда жүрегі дір ете қалды… Адамның бас
сүйегі. Көз шұңқырына топырақ толып қалыпты. Сөз жоқ, бұл да бір
замандағы жауынгердің басы. Мүмкін Шыңғыс ханның баһадүрлерінің бірі
шығар. Әлде крест жорығынан қалған жауынгер ме екен? Кім болса да көзіне
құм құйылған жері осы болыпты. Ертеңгі күні Ганстың басы да өстіп
топыраққа көміліп қалмасына кіп кепіл. Бұны ойлағанда оның жүрегі қарадай
түршікті. Егер… егер шынымен сондай күйге ұшыраса, талай жыл өткен соң
бұның қу басын әлдекім тауып алып, өзі сияқты көзін шұқып, топырағын
қырып отырар еді. Ол бастың иесі бір кезде Германиядағы аса бай фермердің
баласы болғанын; Берлин университетінің археология факультетінде
оқығанын, сосын соғысқа өзі сұранып келіп, тура осы жерде оққа ұшқанын
да білмес еді. Бұдан өткен бақытсыздық бар ма? Түбін қуып келгенде, кезкелген басқыншының бөгде елден алар сыйы осы да.
Ганс бас сүйекті қайта орнына тықты да, бетін топырақпен жасыра
салды. Сонан соң оптикалы винтовкасын ұстап, окоптан басын көтерген
кезде, бір топ қара торғай тура алдына келіп қона қалды. Қонды да жыбыржыбыр жүгіріп, жемтік тере бастады. Қара, әне біреуі бері қарай жорғалап
келеді. Ганс оларды үркітіп алмас үшін төрт-бес қадам жердегі окоптың
екінші басына барып отырды. Қара торғайлар бұл арадан да жақсы көрінеді
екен. Міне, әлгі біреуі жаңа өзі тұрған топырақ үйіндісіне де жетті. Жетісімен
бұның төңкеріп қойған каскасына ыршып шығып, «тирик-тирик» деп сайрай
жөнелді. Құдды бұны мазақ еткендей. Ганстың күрт ашуы келді. Орыстың
жаман торғайына дейін бұларды басынайын деген сияқты. «Мен сені
басындырайын қазір!..» Ганс бір кесек топырақты қара торғайға атып
жіберді. Ол пыр етіп ұшып кетті. Ганс еңкейе жүгіріп келіп, каскасын қолына
алып еді, әлгі торғай дәл төбесіне саңғытып кетіпті. Ол бұдан әрі не істегенін
өзі де сезбеді, орыстар жаққа ұшып бара жатқан торғайлардың соңынан
шүріппені басып-басып жіберді. Винтовка үні таңғы тымық ауаны дір еткізді.
Артынша алдыңғы жақтан автомат үні де сарнап қоя берді. Оның соңынан
екі жақтан бірдей ауыр артиллерия зіркілдеп ала жөнелді. Бұлай боларын
білмеген Ганс мана өзі бас сүйек тауып алған окоптың қуысына тығыла
түскен. Төбесінен снарядтар ысқырына зулайды. Кенет… Кенет ол қатты
дүмпуден етбетінен түсті. Сосын ақтық рет сезгені: үстіне таудай
топырақтың қопарыла құлағаны болды…
Жарты сағаттан соң бұл жерден «Уралап» жүгіріп бара жатқан совет
жауынгерлері мына жас топырақтың астында Берлин университетінің
бұрынғы студенті, кейін өзі сұранып соғысқа аттанған Ганс Вурцель деген
мерген солдаттың жатқанын білген жоқ еді.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo