КӨКЕКТІҢ КҮНӘСІ

Соңғы командировкадан оралғалы, сол бала есімнен шықпай-ақ қойған. Шаруадан қолым сәл босаса-ақ, оның «ап-па, ап-поу» деген қарлығыңқы үнін естігендей боламын. Енді бір сәтте ол көз алдымда сіріңкенің қорабындай ойыншық машинасын сүйретіп бара жатады…

Ақпанның ақырып тұрған шағы еді. Сол күні түстен кейін терістіктен түстікке қарай жүйткіген жүрдек поезға мінгенбіз. Қыстың көзі қырауда жолға шығатындар да сирек, біз кірген купеде қырықтар шамасындағы толықтау сары әйел жалғыз өзі жайбарақат тоқыма тоқып отыр екен. Түстеп қарағанша тіл табысып үлгеретін біздің халықтың ежелгі салты емес пе, жайласып отырғанымызша, жаңа танысымыз да «Қайдан келесің? Қайда барасың?» деген сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алып тынған. Сонан соң сұратпай-ақ өз жайынан сыздықтатып сыр қозғай бастағаны бар… Сөз сыңайына қарағанда, сары жеңешеміз «сапарға аяқ-асты жиналыпты». Ат құлағы көрінбес мына ақ боранда аяқ-асты алыс-қа жиналғаны – Алматыда оқитын тұңғыш ұлынан «келіп кетсең қайтеді» деген шұғыл хат алғаны көрінеді…

– Мән-жайды телефонмен біліп салмадаңыз ба?– дедік біз.

– Тәйірі-ай, оның не мән-жайы бар дейсің? Балаңды бүгін үйлендірсең, ертең өз баласын алақаныңа тастай салмай ма қазір. Ұлымды өткен сентябрьде ғана үйлендіріп қайтып едім, санап отырсам, бес-ақ ай өткен сияқты. Тіпті тез дейсің… Бірақ сол тойда-ақ ішім сезіп еді,– деп жеңгей көңілді күліп алды. Оның осы күлкісінен жүректі жылытар аналық бір мейір де байқалғандай еді. Өзі сөйлеп отырса да саусақтары жып-жып етіп, тоқымасын да өндіріп барады. Үстел үстінде қоңыр түбіттен тоқылған кішкентай малақай жатыр. Жеңгейдің қазіргі қолға алып отырғаны – нәрестенің шұлығы секілді. «Қызық-ау,– деп ойладық біз. – Немересін әлі көрген жоқ. Бірақ киімін дайындап қойған».

Кейбір разъездерге сәл кідіргені болмаса, бір қалыпты жүйткіп келе жатқан поезымыз Қарағандыға таяу бір станцияда недәуір аялдаған. Осы арада купеге сүріне-жығылып кірген шүйкедей қара кемпір:

– Құдай-ау, жеттік пе, жетпедік пе? Стансасы, құрғыр, жүдә суық екен. Өзімді қойшы, баламды үсітетін болдым, тегі,– деп, қызыл ала сумкасын орындыққа тастай берді. Жылжымалы есік тұсында бізге бажырая қараған кішкентай бала әжесі пүліш шапаны мен қалың орамалын шешіп, әбден жайғасқанша қаққан қазықтай мелшиді де тұрды.

– Келе ғой, айналайын, келші,– деген сары жеңгейге де елең еткен жоқ. Сонан кейін кемпірдің өзі оны қолынан жетелеп әкеліп, пальтосы мен көзіне бастыра киген бөркін шешті де, қолтығынан көтеріп орындыққа отырғызды.

– Жасы нешеде?– деді жеңгей балаға күлімсірей қарап.

– Сегізге тақап қалды ғой,– деді кемпір күрсініп.

Біз елең ете қалдық. Баланың «сегізге тақағаны» білінбейді, көп болса алтыдан асқандай. Аяқ-қолы шидей, қып-қысқа. Кеудесі бір-ақ тұтам. Тек басы ғана ерепейсіз үл-кен. Шот маңдайы мен қалқиған құлақтары көзге бірден ілігеді екен.

– Атың кім, айналайын, айтшы?– деп ақ жарқын жеңгей оған бір уыс конфет ұсынды. Бала бүріскен саусақтарымен конфеттің біреуін аузына салды да, терезеге қарады.

– Аты – Кенжебай,– деді әжей жай ғана. «Кенжебай» деген ат та бізге қызық көрінді. Қазіргі балалардың есімі құрығанда Қайрат, Талғат, әйтпесе Алмас, Олжас қой. Ал мына баланы әншейін «Кенжебай» дей салған. «Дәу де болса мұндай есімді шал мен кемпір қойған шығар» деп біз отырмыз.

Ақ жарқын жеңгеміз шағын үстел үстін әр түрлі дәмге толтырып болған соң, әжейге кезекті сұрақтарын төпей бастады. Сұрақтары – манағы бізге қойған: «Қайдан келесіз? Қайда барасыз? Кімсіз?»

– Е, қайдан келе жатқанымды сұрап қайтесің, қалқам… Бара жатқан жағым – Түркістан… Сол маңдағы бір совхозда көп жыл көрмеген сіңлім тұрушы еді. Көзімнің тірісінде көріп қай-тайын деген ғой менікі. Сонан соң Түркістанның түбінде бір тәуіп бар дегенді естіп едім. Соған мына баламды да көрсетіп алсам деймін.

– Тәуіпті қайтесіз, дәрігерлерге көрсетпедіңіз бе?

– Көрсеткем.. Аудан, қаланың бәлінісіне де жатып қайтқан. Ем қонбады, түге.

– Сонда қай жері ауырады? Алматыға неге апармайсыз?– деп жеңгейдің жаны күйе түсті.

– Бұ неме шыр етіп жерге түскенде-ақ қолыма шала-жансар ілікті емес пе. Өліп қала ма деп едік, әйтеуір жер басып жүр де. Төртке келгенше мешел болды. Алтыдан асқанда «апаға» тілі әзер келді. Қазір де жетісіп тұрғаны шамалы.

– Әке-шешесі қайда?– деді жеңгей бір сәт.

– Олардың барынан жоғы,– деп, әжей біраз үнсіз отырып қалды. – Әкесі жүрген шығар бір жерде… Шешесі бізді шығарып салуға да жарамады ғой…

Жеңгей ернін тістеді. Ескі жараның аузын тырнап алғанын кеш сезген сияқты. Сол айыбын жуғысы келгендей:

– Шөлдедің бе, айналайын, мынаны ішші,– деп балаға бір стақан лимонад құйып, қолына ұстатқан. Бала оны сыздықтатып ұзақ ішті де, артынша тостағандай көздері бізге боталай қарады. Осы қарасында: «Бұлар мен туралы әңгіме айтып отыр-ау», деген нышан байқалатын емес. Тек әлден уақытта:

– Ап-па, ап-поу,– деп қолдарын жыбырлатып қыңқылдай бастады.

– Ойнағың келді ме, құлыным, ойнай ғой,– деп әжей қара қамзолының қалтасынан сіріңкенің қорабындай ойыншық машинаны еденге қойды да, баланы демеп, орындығынан түсірді. Сол-ақ екен, «сегізге тақап қалған» Кенжебай «бип-бип» деп, тар купенің ішінде жорғалай жөнелді. Оның еркіндеу ойнағанын жөн көріп, біз екінші сөреге көтерілдік те, демалуға кірістік. Неге екені белгісіз, сөзуар жеңгей де енді тоқымасын жиып-теріп сумкасына тығып, үнсіз ойланып отырып қалған.

Қара түнді қақ жарып, поезд жүйткіп келеді. Бір ауыл боп сыңсып ағып келеміз. Түн жарымынан ауған шақ. Ұйқы келер емес. Жеңгей де ояу сияқты, ары-бері дөңбекши береді, тегі, ол кісіні де кішкентай Кенжебайдың жайы мазалап жат-қандай. Ал әжей мен бала бірін-бірі құшақтап, әлдеқашан «пыс-пыс-қа» басқан. Біздің ойымызда әжейдің соңғы сөздері.- «Әкесі жүрген шығар бір жерде» дейді. Сонда әкесі кім болды екен? Селсоқ қол сілтей салғанына қарағанда, әжей ол туралы сөз еткісі де келмейтіндей. Әбден көңілі қалған-ау, шамасы… «Шешесі бізді шығарып салуға да жарамады ғой» дегенді қалай түсінуге болады? Айтпақшы ол «шешесі» кім? Мына кемпірдің қызы ма, келіні ме? Кім болсын, мейлі, ең алдымен ол ауру баланың анасы емес пе? Ендеше, ұлын алыс жолға шығарып салуға неге келе алмады?.. Ал мына құйтақандай бейбақты алдынан не күтіп тұр? Дәрігерден дәру таппаған бұл тәуіптен тәуір боп кете ме екен…

Не заматта көзіміз ілініп кетіпті. Шар ете қалған ащы дауыстан селк етіп ояна келдік.

– Ұйықтай ғой, құлыным, ұйықтай ғой. Мен оны қуып жібердім, енді келмейді,– дейді әжей үздіге сөйлеп.

Еңкейіп төменге үңілсек, бала әлдекімнен қашқандай, әлдекімге нәлет айтқандай, шидей қолдарын ербеңдетіп, шошына дірілдеп жатыр екен. Бірер минут ол өстіп тыныштала алмады да, біраздан соң «ап-па, ап-поу» деп, әжесінің қойнына тығылып, қалғып кетті.

Қара түнді қақ жарып, поезд жүйткіп келеді. Бір ауыл боп сыңсып ағып келеміз. Көзіміз ашық, көңіліміз ояу. Көкі-ректі бір нәрсе шымшып жатқандай болады. «Мен оны қуып жібердім, енді келмейді» деген әжейдің жаңағы сөзі тағы еске түседі. «Ауруды аластаған баяғы бақсылардай әжей кімді қуды екен?» деп ойлаймыз.

Таңертең шай ішіп отырып, жеңгей:

– Түнде немереңіз шошып оянды ма, қайтті?– деді әжейден сыр тартып.

– Сөйтті ғой,– деп ол ұйықтап жатқан балаға көз тастап қойды.– Осы ауруы болмаса, жылы орнымнан қозғалып нем бар. Үш жылдан бері өстіп қинап жүр де мені… Бес жасында жынды әкесі ит ішкірін ішіп келіп, ұйқыдағы баланы көрем деп, әлек салғаны бар. «Қой» десек қоймайды. Ақы-ры төсектен жұлып алғанда, бала шар етіп шошып оянды да, бір ауруының үстіне екіншісін жамады.

Бұдан әрі бір нәрсе сұраса, әжейдің жан жарасын тағы тырнап алатынын сезді ме, жеңгей оны қайтып қазбалағанын қойды. Әжейдің өзі де ашылып, сыр ақтарғысы келмеді. Бала оянған соң, тамақтың әр қайсысынан бір шұқып жеген болды да, тағы да «машинасымен» ойнауға кірісті. Содан кейін әлдебір станцияға жақындай бере әжесі киіндіре бастағанда ғана:

– Ап-па, қайда?– деп бір-ақ ауыз тіл қатқан.

Оның «қайда» дегені көмейінен булығып, көкірегінен тұншығып шыққандай болды…

Осы бір-ақ ауыз сөзі біздің де бүкіл жан-дүниемізді бордай босатып жібергендей еді…

Осынау ұзақ жолдың қайда апара жатқанын, кім оны қайда қалдырып, кімге жаутаңдатып кеткенін тек әжесі ғана білетіндей еді…

Бүгінде мойны қылқиып тұрар мөлдір шыны көрсем, екі көзі мөлт-мөлт еткен сол бала есіме түседі.

*  *  *

Қазақ педиатрлық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми секретары, медицина ғылымының кандидаты Эльмира Байғанқызы Әскеевамен әңгімелесіп отырмыз.

– Нәрестенің құрсақтан ауру, кейде тіпті кемтар боп тууы кездейсоқ нәрсе емес,– дейді ол. – Әсіресе, соңғы жылдары мұндай құбылыс жиі байқалып жүр. Мәселен, кейбір балалар аллергия, диотез, әр түрлі жүрек ауруларымен туғаннан ауырады. Орталық жұлын жүйесі зақымданып дүниеге келетіндер де аз емес. Мұның себептері көп. Ол себептердің нақты ғылыми дәлелденгендері де, болжамдар да баршылық. Осы тұста әңгімені мына мәселеден бастаған орынды болар… Біздің бәрімізге адамның өмірі жарық дүниеге көзін ашқаннан, яки туған күнінен басталатын сияқты. Шындығында, адам ғұмыры ана құрсағынан бастау алады. Дәлірек айтсақ, бала қай күні анасының бойына бітсе, сол күннен бастап, ол онымен бірге өмір сүреді. Ананың жұтқан ауасы, жеген тамағы, жүріс-тұрысы, тіпті жан дүниесіндегі көңіл-күйі құбылыстары, бәрі-бәрі құрсақтағы «адамға» әсер етіп отырады. Демек, баланың қалыпты, он екі мүшесі сау тууы – көп ретте ананың жүкті кезіндегі жағдайына байланысты. Сөз орайында, өзім куәсі болған бір оқиғаны айта кетейін. Бұдан үш-төрт жыл бұрын бір таныстың үйінен дәм татқанбыз. Сол үйдегі төрт жасар қыз бала тым мазасыз көрінді. Сонда баланың қылығынан ыңғайсызданған анасы: «Бұдан басқа үш баламның мінезі орнықты, тіпті салмақты десем де болады. Ал мына ортаншымның мінезі тым ерекше. Қаршадайынан тым қағылез. Қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз. Ұйықтап жатып та тыпырши беретінін қайтерсің»,– деп сыр ашқан-ды. Сөйлесе келе білсек, ол осы баласын көтерерде, әр нәрсені уайымдап, көңіл күйі көп бұзылған көрінеді…

– Баланың диотез, аллергиямен ауыру себептеріне тоқтала кетсеңіз?

– Бұл аурулар, негізінен, соңғы жылдардың «жемісі». Кім білсін, бұған кейбір жерлердегі ауаның ластануы, өмірімізге химияның көп араласуы кінәлі шығар. Аналардың дәрі-дәрмекті дәрігерлік кеңессіз, рецепсіз пайдалануының да зияны мол. Аналгин, аспирин сияқты күшті дәрілерді ана организмі көтергенмен, құрсақтағы қызылшақа көтере ала ма?

– Ақыл-есі, дене мүшесі кем туатын балалар жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұның да себеп-салдары көп. Солардың бірі – тұқым қуалаушылық. Аурудың түп тамырын адамның сонау ата-тегінен, тұқымынан, жақын-тумасынан бастап іздестіру – бүгінгі медицинаның бір тәсілі. Бұл жөнінде сөзді тереңдетпей-ақ, дәрігерлердің көзі әбден жеткен мәселелерді тілге тиек етсек деймін. Ең алдымен, жарымжан балалардың көбі босануға жарымкөңіл аналардан туатын сияқты. Яки, кейбір «жалғызбастылар» жүкті екенін жұрттан жасырғысы келеді. Қалай жасыратыны… былай… белгілі ғой. Табиғат заңдылығына бұлай қарсы тұру – көп жағдайда нәрестеге зиян. Мезгіліне жетпей босанудың бір себебі де осы. Әлгіндей «жалғызбастылардың» кейде семьялы әйелдердің құрсақтан ерте құтылмақ боп әртүрлі дәрі ішетіні бар. Бұндай жағдайда олардың «терекке атқан оғы бұтаққа тиетіні» және бар… Ең соңында, әңгімеміз тағы да спирттік ішімдікке тіреледі. «Iшімдік адамды семьясы мен қызметінен айырады, қоғамға, коллективке салқындығын тигізеді» дегенді біз күнде айтамыз. Білеміз, білгенмен аса мән бермейміз. Iшімдіктің іштегі балаға да кесапаты тиетінін адамдар ертеде-ақ білген.

– Ежелгі Рим аңызында Юпитер құдайдың өзі де «ішуді» тәуір көрген ғой.

– Нәтижесінде, оның баласы Вулкан анасынан ақсақ боп туған. Бұны аңыз десек, енді мына ақиқат деректерге көңіл аударып көріңіз. Бірнеше мың жыл бұрын Спартада семья құрған екі жасқа үйлену тойы күні арақ ішуге мүлде тыйым салынғаны, ал көне Карфагенде жастар осындай күні судан басқа ештеме татуға құқы болмағаны тарихи шындық. Қысқасы, алкого-лизмнің ұрпаққа зияндығы ерте заманнан белгілі болған дүние… Енді әңгімемізді бүгінгі күнге жақындатайық. Қазіргі медицинаның пайымдауынша, дүниеге келер баланың денсаулығына әкесінің қырық күн бұрын ішкендігі де әсер ететін көрінеді. Қырық күн! Бұл – біреулер үшін «арақты қойған» мерзім. Сонда күн сайын ауыз құрғатпайтындардан қандай бала тумақ? Иә, сосын, сіз көрген Кенжебай деген баланың әкесі де, меніңше, ішімдікке үйір адам болса керек. Өйткені, баланың жасына қарамай-ақ аяқ-қолының шидей, басының үлкен, ақыл-есінің кемдеу болуы – осындай тұжырым жасауға мәжбүр етеді. Біраз жылғы дәрігерлік қызметімізде ондай балалардың біршамасын көргеніміз бар.

– Меніңше, баланың жарымжан болып тууына тек әкесі ғана айыпты емес шығар…

– Әрине, оның кейбір салдарын әлгінде айттық та. Ал, алкоголизмге келер болсақ, ананың ішімдікке әуестігі – кінә ғана емес – күнә. Ол ұрпағының болашағы алдында күнәлі (қаттырақ айтқанымызға апа-сіңлілеріміз айып етпес). Себебі, ана ішкен арақ қан арқылы бірден баланың бойына сіңеді. Ертеңгі күні ол араққа уланған емшек сүтін де емеді. Есейгенде мұндай баланың өзі де ішімдікке үйір болмасына кім кепіл. Сондықтан да Аристотель: «Маскүнем анадан маскүнем бала туады» деп тегін айтпаса керек… Айтпақшы, сіз біздің клиникада жатқан балаларды көргіңіз келіп еді ғой. Жүріңіз.

… Шала туған балалар клиникасын аралап келеміз. Кішкентай төсектерде қызылшақа нәрестелер тырбың-тырбың етіп жатыр. Әзірге езу тартуға да шамалары жоқ, әйтеуір, «Мен де өмірге келдім. Мен да адаммын» дегендей кішкентай саусақтарын ербеңдетіп қояды. Эльмира Байғанқызы тәп-тәуір өсіп қалған екі баланың жанына келгенде, ұзағырақ кідірді.

– Бұл екеуі де біздің клиникаға шалажансар күйінде түсіп еді. Көрдіңіз бе, қандай адам болып қалғанын. Бірақ, өкініштісі сол – бес айдан бері екеуінің де ата-анасы жоқ.

– Қалай?– дедік біз кенет.

– Қалай болушы еді? Аналары аналық борыштарын перзентханада «өтеген» де кеткен. Мұндай балалар біз үшін таңсық емес. Қазір клиникамызда жатқан 60 сәбидің көп болса, он-он бесінің ғана аналары келіп тұрады.

– Қалғандарын не істейсіздер?

– Бір жасқа дейін бағып-күтеміз де, сәбилер үйіне тапсырамыз.

Сәбилер үйі!.. «Сол үйді де бір көріп шыққан жөн-ау». Осы оймен сәбилер үйіне де келіп жеттік. Бас дәрігер балаларды қарап жүр деген соң, біраз күтуге тура келді. Дәлізде қырықтан асқан ерлі-зайыпты екі адам әңгімелесіп тұр екен.

– Өткен жолғы баланы алсақ қайтеді, сүп-сүйкімді еді өзі,– дейді әйел адам.

– Сүйкімді екені рас. Бірақ түрі маған онша ұқсамайды,– дейді ері.

– Ендеше анау бетінде меңі бар баланы алайық. Ол саған аздап ұқсайды ғой.

– Оның түрі ұқсағанмен, тым әлжуаз сияқты.

Сол мезетте бас дәрігер келді де, ерлі-зайыптылар кабинетке кірді. Кезекте бір жап-жас орыс келіншегімен қалдық. Ол тықыршып, дәлізде ары-бері ұзақ жүрді. Қайта-қайта сағатына қарап қояды. Сәлден соң онымен де тілдесудің реті келді. Жолдасы келмекші екен, бірақ кешігіп жатқан көрінеді. Сөзіне қарағанда, жасы отыз бестен асыпты. Енді өздерінен бала күтуден үміттері үзілген секілді. Ол осыны айтып тұрып, кенет:

– Сіздердің бұл жерден бала алғандарыңыз дұрыс қой. Дұрыс қана емес, қажет қой,– деді жай ғана. «Сіздер» деп тұрғаны кім екенін түсіндік. Түсінсек те «неге олай ойлайсыз?»- деп сұрай алмадық…

… Бас дәрігер өзін Гүлмира Мейірбекова деп таныстырды.

– Бұл үйге негізінен қандай балалар түсетіні белгілі,– деді ол. – Олардың көпшілігі әйелдер босанатын үйден әкелінеді. Ол үйден неге әкелінетіні, олардың ата-анасының кім екендігі – әрине, тағы да түсінікті. Сырын білмей сыртынан қай адамды кіналаймыз?

– Сіз өз баласын тастап кеткендерге де адамгершілікпен қарайсыз ба?

– Біздің қоғамымыздың өзі адамгершілікке, жоғары гуманизмге негізделген ғой. Қазіргі ас та төк заманды қойып, соғыс жылдарында туған халқымыз қаншама панасыз баланы бауырына басқаны аян. Сол ізгі дәстүрді қазір де жалғастырып жүргендер аз емес. Өткен жылы ғана ондаған баламызға қам-қор ата-ана табылғаны – сөзіміздің дәлелі деп білеміз. Бұдан бір-ақ жыл бұрын, тіпті сонау Өзбекстаннан келіп, әр адам екі-үш сәбиден әкеткен де кездері болыпты… Және бір еске ұстайтын нәрсе, бұл балалар үшін тек аналарын кінәлау да артық. Талай алаяқтарға алданып, толайым өкінішке қалған қыздар аз ба? Гүлден гүлге, ұядан ұяға қонып, ебелектеп жүрген еркек қаншама. Егер баланың көзінен екі тамшы жас ақса, біріне айыпты солар емес пе. Бірақ, шүкіршілік, Отан-ананың аялы алақаны ешкімге де ата-анасын жоқтатпақ емес.

– Мұндағы балалардың көпшілігінің анасы осы қалада болар. Олар келіп тұра ма?

– Өкінішке қарай, өте аз. Біз тек осыған ғана ренжиміз. Егер олар балаларын бір кезде оқудан, жұмыстан қиналғандықтан бізге тапсырды десек, кейін жағдайдайлары оңалған уақытта қолдарына алуға болар еді. Амал не, мұндай шешімге келгендер сирек әзірге…

– Балалардың қазіргі жағдайы қалай? Өткен жылы ғана осындай жарымкөңіл жас ұрпаққа жанашырлық, қамқорлық көрсететін В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық балалар қорының құрылғаны белгілі. Осыған орай сіздерге көмек көрсетіп тұратындар бар ма?

– Бүгінгі таңда республикамыздағы 26 сәбилер үйі және 48 балалар үйлері мен мектеп интернаттарында он жарым мыңнан астам жас ұрпақ тәрбиеленеді екен. Соның 118-і біздің сәбилер үйінде. Материалдық жағынан бұлардың жағдайы жаман емес. Қазақша айтқанда, шүкіршілік, жанының шуағы, жүрегінің жылуы бар адамдар көп қой. Мәселен, өз айлықтарының немесе қаламақыларының бір бөлігін үнемі біздің балаларға аударып отыратын жекелеген азаматтар да баршылық. Сондай-ақ Мұнай өнімдерін өндіру жөніндегі мемлекеттік комитет пен «Казглавселезащита» мекемесі бұл сәбилер үйін тұрақты қамқорлығына алған. Олар балаларымызға материалдық жағынан да, рухани жағынан да көп көмектесіп тұрады. Мысалы аталған комитет қызметкерлері өткен жылы ауыл шаруашылығы жұмысынан тапқан 218 мың сом ақшаны бірден бізге аударғаны бар. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, Алматы медицина учи-лищесі мен кинотехникум студенттері де сәбилер жанында жиі болып, жанашырлық жасап жүреді.

… Гүлмира Мейірбековамен бірге балалар бөлмесін аралап келеміз. Жас айырмашылықтарына қарай әр бөлмеге он бес-жиырма баладан орналастырылған екен. Кіргеннен-ақ әп-әдемі, тап-таза киінген бүлдіршіндер жүгіріп келіп, құшақтай алады. Бірін-бірі итереді. Бірінен бірі қызғанатын секілді. Ең кішкентайлары «көтерші» дегендей қолдарын созады. Бір байқағанымыз мұндағы әрбір үш баланың екеуінің шашы мен көзі қап-қара болып шықты.

– Қараңызшы,– деді бір уақытта Гүлмира терезенің алдында тұрған екілер шамасындағы бір баланы нұсқап. – Қандай әдемі, ә!

Рас, бала тым сүйкімді екен. Өңі аппақ. Қара көздері қарақаттай мөлдіреп тұр. Денесі тығыршықтай.

– Ғаділбек, келші бері, келе ғой,– деп еді, ол томпаңдап жанымызға келіп, бетімізге сәл қарап тұрды да, қайта терезе алдына кетті.

– Бұны бұдан бір айға жуық бұрын шешесі өз қолымен тапсырған. «Әлі де ойлан. Бір жыл тоғыз ай баққан екенсің, енді саған көп қиындығы тимес» деп біраз азғырып едім, ол жолдасынан бірер жылға «көз жазып» қалғанын, өзінің құрылыста істейтінін, бала бағуға уақытының жоқтығын айтып, көнбей-ақ қойғаны. Сонан соң оның жиі келіп тұруға уәдесін алғанмын. Бірақ одан бері талай күн өтсе де, ол мұнда ат ізін салған жоқ. Ал Ғаділбек күнде өстіп терезеден сыртқа қарайды да тұрады…

Біз осынау сәбилер үйін аралап шыққаннан кейін Отан-ана деген сөздің қадір-қасиетін бұрынғыдан да терең түсінгендей болдық. Шыр етіп дүниеге келген нәресте шала туа ма, шалажансар туа ма, бәрібір ыстық бауырына басады екен ол. Тұрақсыз әке мен тұрлаусыз анадан көрмеген тәтті мейірімді сол анадан көреді екен сәби. Тек аспан ашық болсын деңіз. Бар тілек сол ғана.

1982 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo