КҮШІК

Дидахмет Әшімханұлы,

Қазақ әдебиеті 17.03.2000 жыл

КҮШІК

Елтайдың көшеден тауып алған қара күшігі әдемі еді, сүйкімді еді. Бала қуанды, үйіне әкелді.

Күшік есіктен кіре сала шағын дәліздің бұрыш-бұрышын иіскеп алып, асүйге қарай бүлкектей жөнелді. Оның соңынан іле-шала Елтай да кірсе, күшік пеш түбіндегі қара қазанның қақпағына екі аяғын артып қойып, ернеуін иіскелей жалап тұр екен.

– Бейшара, аш екенсің ғой.

Тоңазытқышта тұрған бес литрлік мескейден бір тостақан сүт құйып, күшік алдына тосты. Ол салпылдатып іше бастады.

Елтай бөлмесіне барып, киімін ауыстырып оралса… тостақан босап қалыпты. Күшік қып-қызыл тілін жылтың-жылтың еткізіп, өз тұмсығын өзі жалап қойып, бұған мүләйімси қарайды.

– Тоймай қалдың ба? Іш, іш! Біздің үйде сүт көп.

Тостақанды тағы ернеуіне дейін толтырды. Сосын ваннаға кіріп, бет-аузын жуып келсе… ыдыс бос. Күшік әлі де тұмсығын жалайды.

– Түу, тоймайды екенсің өзі. Жарайды, енді біреуін іш те, демал сен. Біздің үй үлкен, үш бөлме. Қалаған жеріңде жүре бер.

Күшік үшінші тостақанға ауыз салды.

Елтай асүй мен дәретханадағы кір-қоқыс шелектерін сыртқа шығарып қайтып келсе… тостақан тап-таза. Ал күшік… мәссаған! Беті ашық қалған мескей қырынан екі бұты ғана көрініп, әппақ сүтке кеудесіне дейін батып, салпылдатып жатыр.

Елтай жылап жіберді.

– Ой-ой-ой! Мамам өлтіретін болды ғой мені! Ой-ой-ой!

Күшікті мескейден жұлып алып, жерге қойды. Ол сілкініп қалып еді, сабалақ жүнінен шашыраған сүт алақандай асүйде жаңбырдай жауды.

– Ой, оңбаған-ай! Ой-ой-ой! Бұл сүтті мамам күні бойы шемішке сатып тапқан ақшасына әкелгенін білесің бе сен, оңбаған-ау!

Менің кінәм не дегендей күшік бұған мүләйімси жаутаңдайды. Жаутаңдап тұрып тұмсығын жалайды. Бұнысы – тағы сұрағаны, тағы ішкісі келгені.

– Өй, жалмауыз! Өй, ұятсыз! Тап қазір құртайын көзіңді сенің. Қайдан тапсам, сонда апарып тастайын бәлемді.

Елтай әуелі ваннаға қайта барып, бетіне шашыраған сүтті тыжырына жуды. Сосын жаңа ғана ауыстырған киімін де қайта киіп, асүйге бас сұқса… күшік жоқ. Еден ортасында… көлкіген су. Жоқ, су емес… кіш етіп қойыпты ойбаған! Жүгіріп жатын бөлмеге жетті. Алаша үсті – көлкіген су! Жоқ, су емес…

– Ой, нәлет!

Елтай енді жанұшырып залға ұмтылған. Төрде… мамасының қылау түсірмес түкті кілемі үстінде… күшік мықшия күшеніп тұр.

– Ойбай, құрттың, құрттың! Өлтірдің мені, ит!

Есік қоңырауы шыр етті. Елтай не істерін білмей абдырап қалды да, бір сәт ес-түссіз босағаға қарай жүгірді.

Келген – папасы екен.

Баланың жылап тұрып айтқан сөзінен, жас тамшылаған көзінен ол мән-жайды түгел түсінді.

– Кінәлі – ит емес, сенсің! Тексізді танымай үйге әкелесің де, «тоймайды» дейсің боздап. Уызынан жарымаған неме тоюшы ма еді, – деді зілденіп.

Дидахмет
Әшімханұлы