ИНАБАТ ИІРІМДЕРІ

ИНАБАТ ИІРІМДЕРІ

Телефонмен тілдесе білесіз бе?

Бірде пенсиясының шаруасымен сонау Алтайдағы Үлкен Нарын селосынан келген қарт мұғалім біздің үйге бірер күн тыныққаны бар. Жүрген ізінде жылу қалатын бұл ағамызды біз бұрыннан Көке деуші едік. Сол Көкем келген күні, қырсыққанда, телевизорымыздың тілі байланып қалғаны. Бұрын да көзі бірде жыпылықтап, бірде тұманданып тұрушы еді, енді соған да зар болып қалдық.

– Телемастер шақырту керек, – дедім мен.

– Өткен жолы да шақырдық, келді ме? – деді жолдасым.

– «Келсең, түскі бір-екінің арасында кел!» деп ультиматум қойғаныңа қырсығып қалған шығар, – деп мен қабақ шыттым.

Көкем жымиды да қойды.

Таңертең біз қызметке кеттік. Көкем үйде қалған.

Сосын… кешкілік табалдырықты аттай берсек, әлгі мылқау телевизорымыз қазақшаны қойып, орысша, қырғызша да сайрап тұр, қай каналға бұрап жіберсек те, ап-анық суреттер жарқ ете түседі.

– Ау, Көке, сіз жөндеп қойғансыз ба? – дейміз таңданып.

– Жоқ-ә, телефонның құдыреті ғой, – дейді Көкем күліп. – Справочниктен номерін тауып алып, телемастермен сөйлессем, «ертең-ертең» деп сырғақтатып болмайды, бәтшағар, бірақ жылы сөйлессең жығылмайтын пенде бар ма, түстен кейін зыр етіп келіп, жөндеді де кетті.

– Шіркін пайдалана білсең, жарты жұмысың телефонмен-ақ бітеді ғой, – дедік біз риза болып.

– Пайдалана білу аз, телефонмен сөйлесе де білу керек, – деді Көкем салмақты. – Біздің Үлкен Нарынға да АТС салғалы жиырма жылдан асты. Содан бері бұ шіркін де бізге аз дүние үйреткен жоқ. Біле-білсеңдер, телефонмен сөйлесу де – өнер. Оның түбі – мәдениет. Кейде жүзін көрмесең де сөйлескен адамыңның кім екенін, мәдениеті мен тәрбиесі қандай деңгейде тұрғанын телефон арқылы да шамалап сезесің… Ауылдық Советте менің бір баяғы шәкіртім секретарь болып істейді. Бірде соның баласы екі күн сабаққа келмей қалғаны бар. Жағдайын білейін деп өзіне звондасам, трубканы көтерген біреу: «Слушаю вас!» деп ыңырана қалғаны. Сосын аты-жөнімді айтып едім: «Ә, мұғалім сіз екенсіз ғой, сәләматсыз ба?» дейді баяғы жіп-жіңішке даусымен. «Мұғалім» дегенді ұмытпағанына да шүкір, бірақ қысқа күнде қырық құбылатын осындай секретарь председатель болса қайтер еді?..

Біздің үйде болған сол бірер күнінде Көкем біраз жұмысын телефонмен-ақ бітіріп алған. Неше түрлі анықтамалар мен қойын кітапшасын алдына алады да, номерлерді байыппен тере бастайды. Және бір қызығы, қайда телефон шалса да әуелі бірер ауыз орысша жөн сұрайтыны бар.

– Көке-ау, бұныңыз не? – десек, ол:

– Телефонға сеніп бола ма? Басқа номерге түсіп кетіп, әлдекім барқ ете қалса қайтесің, – дейді күліп.

Көкемнің арқасында атын да ұмыта бастаған қаладағы аз ағайынның аман-саулығын да біліп қалдық. Көкемнің арқасында көптен бері күйі кетіп тұрған көп затымыз да «халтурасыз» қызметіне кірісіп кетті. Көкем звондап жіберсе, зырылдап бәрі өзі келеді. Звондап жіберуге біздің де сауатымыз жетеді, бірақ салақтығымыз желкеден тарта береді.

– Мына шал телефонға мініп алды деп ренжімеңдер. Қалаға анда-санда бір келгенде шаруамды түгел тиянақтап кетейін дегенім ғой. Әйтпесе, трубкаға жөнсіз жармаса беру де жараспайды адамға, әйтеуір, ешкімге зияның тимесін де, тәйірі. Зияны демекші, үйіңе келген мен сияқты біреудің өзі осында тұрғанмен сөзі Семейде тұратыны болады. Ондайым жоқ, – дейді Көкем әзілдеп.

Әзіл де болса бұл сөзде шындық бар еді. Көкем сияқты болмаса да, ұятсыз сияқты біреудің қолы Қостанайға түсіп кете ме, кім білсін, кейде айына екі-үш «қызыл қағаздың» квитанциясын көргенде, жолдасым да аң-таң, мен де аң-таңмын.

Көкем ауылға қайтар күннің алдында әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіндегі бір адаммен ұзақ сөйлескен. Сөйлесіп тұрып жымиған.

– Жолым болады екен, – деді сөйлесіп біткен соң.

– Не, дұрыс болып па? – дедік біз.

– Жоқ, дұрыс болмапты.

– Ендеше, қалай жолыңыз болмақ?..

– Сол документтердің дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін де дұрыс адам керек. Мен сондай адамға жолыққан секілдімін… Ертеректе ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру кезінде біздің ағарту мекемелерінде де біраз абыр-сабырлар болған. Сол уақытта кейбір құнды қағаздарымызды құнттай алмағанымызды кейін ғана білдік қой. Кеше осы жағдайды министрге айтып едім, ол кісі жұмысымды бір бөлімге тапсырып, хабарласып отыру үшін сол бөлімнің телефон номерін де берген. Жаңағы сөйлескен жігітім облыспен байланыс жасап, архивтерді қопартып жатыр екен. Бірақ мен тек оған қуанып отырғам жоқ. Әлгі жігітті айтам-ау… Қандай инабатты десеңші!… Өзім әдетте жасы үлкенмен, танымайтын адаммен немесе әйел затымен телефонмен тілдескенде, ешуақытта трубканы бірінші тастай салмаймын. Біріншіден, «сау болыңыз!» дегеннен кейін де кейде адамның айтайын деген сөзі болады. Екіншіден, бұл да – сыйластықтың белгісі. Жаңа сол ескі әдетіммен әңгімеміз бітсе де, трубканы қоймай сәл бөгеле тұрып едім… ол да қояр емес. Тіпті дем алғанына дейін естіледі. Ақыры үлкендігімді ойлап, трубканы өзім тастадым. Мұндай көргені бар адамнан көп жақсылықты күтуге болады…

Көкемнің осы әңгімесі бізге біраз ой салған, біраз жайды еске түсірген. Қазір «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» телефонның қызығын көрмейтін адам кемде-кем. Телефон арқылы қай жермен, қайсы адаммен сөйлеспейсің! Сөйлесіп отырып, қуанасың да күлесің, мұңаясың да жұбанасың, күрсінесің де түңілесің… Ау, күлгеніңде ісім жоқ, неге күрсінесің?.. Айталық.

… Телефон шылдыр ете түседі.

«Алло!» дейді бұл трубканы көтеріп.

«Кім бұл?!» дейді ол іс-міс жоқ.

«Саған кім керек?!» дейді бұл да қырсығып.

Бұдан соң күрсінбей көр…

… Телефон шылдыр ете түседі.

«Алло!» дейді бұл.

«Шәргүлді шақырып жіберші!» дейді ол.

Бір бөлмеде шай ішіп отырған Шәргүлді бұл шақырып келеді. Шәргүл жұмыстан жүйкесі жұқарып отырған бұның алдында трубкаға жарты сағат бойы жабысып тұрады.

Қалай қабақ шытпайсың?

… Телефон шылдыр ете түседі.

«Алло!» дейді бұл.

«Ассалаумалайкө-өм… Таныдың ба, ей? …Талдықорғаннан звандап тұрған Тұржан ғой» дейді ол. Дейді де өзіңнен бастап, бүкіл бала-шағаңның жағдайын сұрап, жарты сағат бойы Талдықорған жақта жатып алады. Алматы жақта жаны шығардай бұл отырады.

«Жайшылық па?» дейді ақыры бұл.

«Жай ғой. Жағдайды білейік деп…» дейді ол жайбарақат.

Күлесің де, күрсінесің. Тас түсте Талдықорғаннан звандап тұрған Тұржан кімнің есебіне қол жүгірткені де белгісіз. Жарты сағат?!

Әсілі, телефонда да әдеп болмайды. Әдеп болмайтыны – арғы жақтағы адам бергі жақтағының қандай жағдайда… отырғанын қайдан білсін? Қызмет бабымен алдыңа кім келіп, кім кетпейді? Кейде үлкен бір адаммен келелі кеңес құра бастайсың… Дәл осы тұста телефон шыр ете қалғанда, алдымен кімнің жүрегі зыр ете қалады? Біздіңше, алдыңдағы адамның. Өйткені, телефондағы әңгіменің тез бітеуін сізден гөрі сол кісі күтеді ғой. Амал не, кейде оның Кісі екенін де ұмытып кетеміз.

Әр кім әр түрлі сырқатпен ауырады. Қаладағы кейбір адамның телефонмен сөйлесе алмаса тұра алмайтын да сырқаты бар. Ондай жанның қалтасында екі тиыны болмаса да, бір мекемеде құрығанда екі танысы болады… Ол келе жатқанда-ақ телефоныңды ыңғайлай бер. Шаруасы белгілі…

Қалада не көп? Кезек көп. Көп кезектің бірі – көшедегі телефон. Сол кезектің ең алдындағы адам, әне… трубканы тістелеп, жаны күйе сөйлеп тұр. «Не дейді!» – дейді ол шошынып. – Сеттерді сақтаны несі?!. Ау, ол – ағылшынның асыл тұқымды иті ғой. Қап!. Қап!… » Кезектің ең соңындағы адам да өзінше сөйлеп тұр. «Тағы да жүректің талмасы-ау!.. – дейді тықыршып. – Байқұс балам, шыдай тұр. Қазір звондасам, «скорый» да кеп қалар»…

Қалада қысыла қалсаң, сол көше телефонының да көп көмегі бар. Ал, ауылда ше?.. Ауыл демекші, әңгімеміз тек телефон туралы емес, әдеп, инабат төңірегінде болғандықтан бір жазушының басынан өткен жағдайды да айта кету артық болмас.

Ол өткен жылы жазда жоғарыдағы Көкем тұратын Үлкен Нарынға көршілес кір жуып кіндік кескен жеріне барады. Кір жуып, кіндік кескен жеріне барғанда, оның кісімсіп жүретін әдеті жоқ еді. Кейде кенеп шекпен, керзі етік киіп, «Белорустің» салдырлаған тіркемесінде де кете баратын. Жазушы үшін бәрін де көру керек, ал көру үшін есік-терезесін тұмшалап тастаған «Волгадан» гөрі «Белорустің» тіркемесі тым ыңғайлы еді, кенеп шекпені де ақ көйлек, қара галстук сияқты алқымнан қысып тұрмайтын… Сонымен бір күні ол кенеп шекпенін сүйретіп, фермадан қайтып келе жатқанда, кенет есіне кешкілік өзін мектепке кездесуге шақырғаны түседі. Кеш болып та қалған. Енді не істеуі керек? Сәл кешігіп келетінін мектепке қалай хабарлай салса екен? Бұл уақытта село шетіне ілігіп те қалған. Көшеде телефон-автоматты та жоқ. Бірақ көп ұзамай-ақ алдынан К. аудандық дайындау кеңсесінің (заготконтор) кездесе қалғаны. Ол төбесі шифрмен шатырланған еңселі үйге кіріп келсе, есігі ашық тұрған төр басындағы бөлмеде бір жастау жігіт шәниіп отыр екен.

– Жігітім, звондап алуға бола ма? – дейді жазушы.

– Жоқ! – дейді ол бұның кенеп шекпеніне шегір көзімен шікірейе қарап.

– Неге? – дейді ыңғайсызданып қалған жазушы.

– Жоқ дегенді естисің бе сен, жоқ! Бұл – директордың кабинеті! – деп шегір көз орнынан атып тұрады.

– Ә, солай ма, кешіріңіз, – деп жазушы кері бұрылады.

Алайда көшеге шыққан соң, көңілі алай-дүлей болса керек. «Япыр-ай, қай жерім жақпай қалды екен?» – деп бір ойлайды. «Куәлігімді көрсетіп, өзімді таныстыра салмадым ба?» деп және ойлайды. Бірақ жаны шығып кетсе де кез-келген жерде қызыл қатырмасын жылтыңдата беретін жан ол емес-ті. Кез-келген жерде жазушы екенін айтып жату да – әбестік. Өйткені қаншалықты жазушы болсаң да көптен үлкен емессің. Көп демекші, әлгі шегір көздің алдына күніне қаншама адам келіп-кетпес десеңші! Солардың бәріне жаңағыдай қылық көрсете ме? Біз неге осы бюрократизммен, тоғышарлармен, тоққарын топастармен күресе білмейміз? Олар қорласа, қорланған күйі неге үнсіз кете береміз? Қайда біздің азаматтық белсенділігіміз?… Осы сұрақтар жазушыға қамшы болып тиді де, үйіне барған соң кенеп шекпенін шешіп, вельюр костюмін киіп, ақ көйлектің жағасына қара галстукты байлап, жаңағы кеңсеге қайта беттеді. Ол табалдырықты аттай бергенде-ақ шегір көз орнынан қипақтап тұра бастады. Таныды.

– Отыра беріңіз, – деді жазушы. Сосын жайласып тізе бүккеннен кейін өзін қысқаша таныстырып өтті.

– Қандай жұмыспен жүрсіз? Қандай көмек керек? – деді жігіттің шегір көзі жыпылықтап.

– Ешқандай жұмысым жоқ. Көмегіңе де рахмет, – деді жазушы. Тек бір нәрсені айта кетейін деп келдім. Шырағым, жеке кабинетің, телефоның бар екен. Ұзағынан сүйіндірсін! Бірақ бұның бәрі де қолдың кірі сияқты, бүгін бар, ертең жоқ дегендей… Ғұмыр бойы қызығын көрсең де өз еркің. Алайда астамшылық жасама. Халықтан үлкен емессің. Халық дегеніміз – сен, мен, анау ауылдардан жүн-жұрқасын арқалап, алдыңа кеп тұратын кемпір-шал, бала-шаға… Әрине, жаңағы менің де жөнімді айтпай бірден телефоныңды сұрағаным дұрыс емес. Қызметтегі телефонды көлденең көк аттының алдына тарта беруге де болмайды. Бірақ неге «болмайтынын» бір ауыз сөзбен түсіндіре салсаң, құда да тыныш, құдағи да тыныш қой.

Жігіттің жүзі қызарды. Бұған да шүкір.

Ол жазушы кім дейсіз бе? Қазір айтайын… Түу, құрғыр-ай, осы телефон дегенің аузыңдағы сөзіңді, басыңдағы ойыңды бөліп жіберетінін қайтесің, әне… тағы шырылдады…

Айтпақшы, телефонмен сөйлескенде, сөздің қысқасы жақсы…

Дидахмет Әшімханұлы,

Қазақ әдебиеті газеті, № 23, 07.06.1985 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo