ЗАУАЛ

Шілденің қоңырсалқын мақпал түні Мұзбелдің сойдақ-сойдақ ит азу шыңдарына жаңа ғана бауыр басқан шақ. Әлгінде құз-жартастардың арасында сыпсың-сыпсың етіп бұлғақ қаққан жібек жел де қазір сап тыйылған. Төменде терең шатқалдың ішінде Ақсу күндегідей арқырап-күркірейді. Бұдан өзге аңғарда өктем де үн жоқ – төңірек түгел тып-тыныш мүлгіп жатыр еді. Кенет… Кенет ортадағы үш айыр шыңның басынан оқыс құлаған тас дүбірі мен ащы айқайдан бүкіл тау дүр сілкінді. Артынша бірін-бірі ілестіріп, етекке екпіндей домалаған тас көшкіні аңғарды уыз ұйқысынан сілкілеп ала жөнелді. Құздан-құзға секіріп ыршыған қалың қорым қапталдағы шағыл үстінде ойнақ салып, әр жерде бір от шаша Ақсуға қарай ақтарыла құлап жатыр. Жолында кезіккен ағаштарды бытыр-бытыр сындырып та барады. Енді бір сәт төңіректегі таулар да жаңғырығып, тосын дүбірді бірінен-бірі ала қашты; олар да күркіресін кеп, олар да күңіренсін кеп… Мұзбел өстіп біразға дейін шошына дірілдеп тұрды да, түк болмағандай манағы бейжай қалпына түсті. Сосын тыныштықты басына көтеріп, етек жақтан елік әупілдеді. Ұзақ әупілдеді. Сыңарынан жауап болмаған соң не заматта оның да даусы қарлығып, құмыға өшті. Аңғарды тағы Ақсудың күркіреген өктем үні биледі.

Кемелдің көз алдында шыркөбелек айналып жатқан сансыз шырақ біртіндеп алыстай берген сияқты… Иә, әне, олар шырқай көтеріліп барды да, шырқау биікке байланды да қалды. Байланған жерде бұны мазақтағандай тұс-тұстан жымыңдап қоя берді. Артынша Кемелге оның барлығы бұлдырап-бұлдырап қып-қызыл тұман қойнына сіңіп кеткендей болды… Жоқ, мы налар шырақ емес, жұлдыздар тәрізді. Әне, ана бір имек шөміш Жетіқарақшы емес пе? Дәл өзі. Мына бір жарқыраған үлкен жұлдыз – Темірқазық… Көзі алдап тұрмаса, дүние түгел өз орнында сияқты. Міне, құмыға күркіреген өзеннің сарылы да естіледі. Осы сарын Кемелдің құлақ түбін шымшылап, бірде арқырап-күркірей жөнеледі, бірде қыстыға булығып өксігендей болады. Енді бір сәтте үні талып барып, тына қалады. Ол тына қалғанда жұлдыздар да өлеусіреп өше береді… Жұлдыздар қайта көрінгенде жаңағы сарын тағы құмыға күркірей бас тайды… Қазір ол тіпті анық естіліп тұр. Таныс үн, таныс шуыл… Ақсу ғой мынау. Терең шатқалдың ішінде тынымсыз шулап жататын соның сарыны бұл… Апыр-ау, шынымен тірі қалғаны ма сонда? Жаңа ғана құздан құлдырай құламап па еді? Төменде шыңырау шатқал еді ғой? Тастан-тасқа соғылып қалай мылжамылжасы шықпады?.. Жүрегі дүрс-дүрс соғып кетті. Өн бойы дірілдеп, алқына дем алды. Осы сәтте көзіне ащы тер де тамып-тамып түсті. Сүртпекші болып еді, қолы бүйіріне жабысып қалғандай қозғалмады. Ашулана қайта жұлқа тартқанда, өкпе тұсынан біреу біз сұғып алғандай тұла бойы солқ ете түсті де, көзі қарауытып кетті. Ақсудың әлгіндегі сарыны да енді бұдан алыстап бара жатты.

Есін қайта жиған кезде өзіне түнере төнген үш айыр шыңды көрді. Дара… Мұзбелдің ең биік шыңы осы. Оның ортадағы зеңгір басының бір жақ шекесінен сыңармүйізденіп ай шығып келеді екен. Кемел төңірегін анық танығанмен, дәл қай жерде жатқанын әлі де білмейді, әйтеуір, бір тар жерге кептеліп қалғанын сезеді. Екі жағында ұп-ұзын әлдене қараяды – тас па, ағаш па, белгісіз. Не де болса бұны қуысына салып, құрсаудай қысып тұр. Ақырын бұлқынып көріп еді, жүрегі су ете қалды. Бұл жолы аяқтары ғана сәл қозғалғанын байқады. Бірақ осы сәтте өн бойы солқылдап, тынысы тарыла түсті. Қайта әрекет ж асауға шамасы келер емес, қимылдаса болды, мына қара пә ле құрсаудай қыса түсетін тәрізді. Қимылдаған сайын жаны қина лып барады… Кемел күрсінді. «Тірідей көрге түскенім осы шығар». Суық ой денесін қарып өтті. Осы шақта өзінің күбіркүбір сөйлеп кеткенін де аңғармады.

«Жалғанда жолың болмас сенің, – деді дірілдей сыбырлап. – Жолың болмас!» Артынша өз дауысынан өзі шошыды. «Құдайау, тағы Кәрімнің сөзін қайталағаным не?» Сол албастының сөзі есіне түссе, өзі де елестей қалатынын қайтерсің? Міне, тағы сөйтті.

…Аузы-мұрнынан қан дірдектеп шегініп барады. Көзінде мөлтілдеген жас. Сол жасты көзін бұған оқтай қадап, аппақ қарды омбылап шегіне түседі. Шегіне түсіп, тістене сөйлейді. Сөйлеген сайын көнтиген еріндерінен сорғалаған қаны қыпқы зыл боп қарға шашырайды.

– Жалғанда жолың болмас сенің, – дейді тістеніп. – Жолың болмас!..

…Кемел көзін тарс жұма қойды. «Қатын! – деді сосын кіжініп. – Тышқан мұрнын қаната алмас қатын!.. Көреміз әлі кімнің жолы болмасын, көреміз. Менің жүрегім әзірге соғып тұр. Ол соғып тұрғанда көмусіз шіріп, саған таба болмаспын!»

«Әуп!..» – Кемел ышқынып кеп бұлқынды. Көзінің оты жарқ етіп, денесі бір бүйіріне ауып түсті. Қолдары да босап шыға келді. Жұп-жұмыр әлденені құшақтап та үлгерген. Құша ғындағысын тарс қып қыса берді. Қолын сәл босатса, құздан құлдырай жөнелетін тәрізді. Бір сәт көңірсіген ап-ащы иіс мұрнын қытықтайды. Самырсынның шайыр иісі. Кемел енді ғана білді – кептелген жері екі ағаштың ортасы екен. Дараға шығып-түсіп жүргенде, төменде жартастарға жабыса өскен жалғыз егіз самырсынды көруші еді, түнде жоғарыдан құлағанда соның ортасына түсіпті. Бұл тосқауыл болмаса… ит пен құсқа жем болар ма еді, кім білсін? Маңдайынан сұп-суық тер тағы бұрқ етті.

Кемел ағашқа жабысып ұзақ тұрды. Сәл қозғалуға жасқанады. Қозғалса-ақ аяқ-қолы удай ашиды. Әйтеуір, ағашқа қатты жаншылғаны болмаса, сынған жері жоқ сияқты. Тек белі мен кеудесінен жан кеткендей, икемге келер емес. Миы солқылдап, шекесі шыңылдайды. Басын сипап көріп еді, қолы қан ұйысқан шашына ілікті. Енді бір кезде буын-буыны дірілдей бастады. Бұдан соң Кемел ақтық күшін жиып, сырқыраған аяғын төменгі бұтақтарға еппен сала берді.

Табаны тасқа тиісімен, шалқасынан сылқ ете түсті. Тас та болса арқасына жұп-жұмсақ тиді. Бойын енді қалай қозғаса да өз еркі. Еркіндікке, шіркін, не жетсін – кеудесін кере дем алды. Осыны күткендей сай жақтан жылы жел есті де, самырсынның қылқан жапырақтары баяу сыңси бастады. Ақсудың сарыны да құлаққа тым жағымды естіледі. Күркіреп жатыр, жарықтық, күндегідей күркіреп жатыр, жай ғана күркіремей аңғарды күм бір-күмбір күйге бөлеп жатыр. Әне, Жетіқарақшы да күнде гідей жымың қағып, Дараның басына шығып алыпты. Дәл төбеде қаракөк аспанды қақ бөліп Құс жолы арқандай шұбатылады… Кенет Кемелдің есіне қайыс арқаны түсті. Ол да өстіп қай жерде шұбатылып жатыр екен қазір? Бір адамның құны еді, сасық текенің мүйізінде қор боп кетті ақыры. Арқан болғанда қандай десеңші! Кемел оны күзде ғана өгіз терісінен төрт таспалап өріп еді, кемінде жиырма құлаш болатын. Бүгінгі бар мехнатты да содан көрді емес пе…

…Түс әлетінде мына Дараның күнгей бетінде суырға қақпан құрып жүрген. Күтпеген жерде жоғарыдан естілген дүбірге елең етті. Жалт қарағанда өз көзіне өзі сенерін білмеді – мүйізі арбиған бір сұр арқар шыңға қарай ойнақтай көтеріліп барады екен. Әне-міне дегенше ол Дараның оң жақ иығына қасқайып шыға келді. Неше жыл аң аулап жүріп, бұл аңғардан суырдан өзге мақұлық кезіктірмеген-ді, мынаның ауып келгені анық. Дереу мылтығын алып, тастардың тасасымен өрлей жөнелді. Бірде еңбектеп, бірде етпеттеп, оқ жетер жерге жетті-ау, әйтеуір. Сонан кейін көзін сығырайтып, қос өкпенің тұсын қарауылға алғаны сол, бәтшағар, әлденеден сезіктенді ме, секіріп түсіп, қас қағымда ғайып болды. Кемел бармағын тістеді де қалды. Өкінді не, қойды не, енді оның көрінуі екіталай… Ентігін басып отырғанда Кемелге тағы бір үміт оты жалт етті. Егер ол бұл жерде тұрақтап жүрген болса, бұдан қашып құтылмасы хақ. Ендеше төңіректен із қарау керек…

Кемел шыңға өрлеген сайын алдынан із көбейе берді. Із көбейген сайын жаңағы өкінішін де ұмытып, ай мүйізді бүгін артына бөктеретініне күмәнсіз сенді. Алқынған аптаптың беті қайта оқ атар оңтайлы жерді де тапқан… Екі жақпар тастың ортасындағы тар қуысты арқар шиырлап-ақ тастапты. Шыңға шығып-түсіп жүргенде ол үнемі осы қуыстан өтетініне Кемел шәк келтірмеді. Өзі төменгі жақпар тастың үстіндегі қалың аршаның ішіне кірді де, арқардың қайта келуін дегбірсіз күтті. Бірақ ол жуық арада көрінбеді. Күте-күте әбден шаршаған бұның ымырт үйіріле кірпігі іліне берген. Тосын сыбдырдан селк етіп, төмен үңілсе, күткені қаперсіз өрлеп келеді. Қолдары дірілдеп, қақ маңдайды қарауылға алды. «Бұйыртып жегізсін, аллакпар!» Шүріппені тартып қалды. Мылтығы шырт етті де, тынды. «Мынау қайтеді, ей?!» Затворды қайта қайырып басып салды. Мылтығы тағы шырт етті де тынды. Атылмады.

Бұдан басқа жанында патроны да жоқ-ты, мана бәрін суырға жұмсаған. Бұл уақытта арқар да сезіктеніп тұра қалған. Мүйізін селтеңдетіп біраз тың тыңдаған соң тағы алға басты. Кемел жан дәрмен беліндегі арқанын қолына алып, ол тар қуыстан өте бергенде, иіріп-иіріп төмен тастап жіберді. Арқар алдыңғы аяқтарын тік көтергенше арқан тұзақ мүйіздерін қысып та үлгерген. Бұдан соң ол бұлқына секіріп, жалт бұрылды. Жалт бұрылғанда Кемелдің қолынан арқаны жылп етіп шығып кетті де, өзі тас үстінде мелшиіп қала берді.

– Жалғанда жолың болмас сенің! – деді сосын күбірлеп. – Жолың болмас! – Осы сәтте тағы Кәрім елестеді… Аузы-мұрнынан қаны дірдектеп, бұдан шошына шегіншектеп барады. Шегінген сайын тістене сөйлейді.

– Жалғанда жолың болмас сенің!..

Кемел тасқа шырт түкірді. «Көреміз әлі, кімнің жолы болмасын, көреміз, – деді іштей кіжініп. – Менен сен қашып құтылғанмен, арқар қашып құтылмас!..»

Бұл уақытта төңірек қарауыта бастаған еді. Кемел ендігі азапты шыңнан түсерде көрген. Аяқ басар алақандай жерді анық көре алмайды, тастан-тасқа тәуекелмен секіріп түседі. Сонан кейін алдын сәл бағдарлап алып, тағы төмен сүйретіле сырғиды. Қия беттерден жартастарға жабысып әрең өтеді. Өстіп келе жатқанда табан тіреген бір тасы төңкеріліп түсті де, тасыр-тұсыр домалай жөнелді. Бұдан соң ақтық рет ащы айқайлағанын ғана біледі…

– Сұмдық-ай, өстіп жүріп бір күні ит пен құсқа жем болатын шығармын!

Кемел тұншыға күбірлеп, шекпенін басынан сыпырып тастады да, тұңғиық аспанға тұнжырай көз төңкерді. Ай төбеге шығып алыпты. Бозамық сәуле астында төңірек балбырап ұйып тұр. Төменде шатқалды басына көтеріп, Ақсу бәз баяғысынша күмбір-күмбір күркірейді. Сол шатқал жақтан ескен салқын самал жібек шыттай үлбіреп, бетті желпиді. «Мыж-мыж болып жатсаң да, тіршілігіңе, шіркін, не жетсін?!» Кемел тәубе айтып, бетін алақандарымен сипап қойды. Не керек, дұшпанға таба болмай, әйтеуір, тірі қалды ғой. Мана жоғарыдан құлағанда мына ағашқа ілініп қалмаса… ертеңгі күні Кәрім қарқ-қарқ күлер еді… Сол сілімтікті өткен жылы несіне жолдас етті десең ші! Енді, міне, қарадай ауруға шалдыққандай болды, қыл аяғы аты сүрініп кетсе де көзіне Кәрім елестейді. Ол елестесе «Жалғанда жолың болмас» деп күбірлеп қоя бергенін де аңғармай қалады.

Бұрын аңға үнемі жалғыз шығатын. Былтыр осы Мұзбелге аттанарында «ағекелеп» қоймаған соң, амалсыз ертіп еді оны. Өзінен мүшел жас кіші мелжемді жігіттің бір пайдасы тие ме деп те ойлаған. Шүкіршілік, екеуінің қанжығасы қарашаға де йін жақсы майланды. Оған дейін араларында кикілжің де болған жоқ. Қарашаның басында жайлауға қар да түсіп үлгерген. Кемелдің күткені осы еді. Бес-алты күннен соң ұлпа қар сүрлене бастағанда, Кәрімге бұл:

–       Қанжығаңа күрек байла! – деді кезекті аңға шығарда.

–       Оны қайтеміз? – деді ол таңданып.

– Байла деген соң, байласаңшы! – деп Кемел қулана жымиған. – Бүгін бір қызыққа батқалы тұрмыз ғой.

Кәрім де жымиып қойды. Сыралғы аңшының «қызықтарын» жаз бойы талай көрген. Бұл қызықты да тезірек көруге асықты…

Желе жортқан екеуі тура осы Дараның күнгей етегіне жеткенде ғана ат басын ірікті. Сонан кейін Кемел қар бетінен жыл дағы өзіне таныс белгіні іздеп, төңірегін ұзақ шиырлады. Ақыры қазан-ошақтың көлеміндей бір жайдақ шұңқырдың жа нына тоқтады да:

– Осы жерді дөңгелетіп қаз! – деді мұртын шиыра жымиып.

Кәрім қары еріп, шөге бастаған әлгі жерге таңдана қарап біраз тұрды да, апаш-құпаш қаза жөнелді. Әп-сәтте шұңқырдың қарын аршып тастаған соң, күрегі жұп-жұмсақ топыраққа бойлап кіре берді. Тағы кішкене қазғаны сол, кенет топырақ астынан шиқ еткен ащы үн естілді. Кәрім күрегін жұлып алып, бұған шошына қарады.

– Қаз! – деді Кемел тағы да мұртын шиыра жымиып. – Қаз! – «Қызықтың әкесін қазір көресің» деп тұр ішінен. Кәрім тағы қаза бастады. Қазған сайын ащы үні жиілеп барады. Біреу емес, бірнешеуі шуласын кеп.

– Апыр-ай, мынаның астында не бәле жатыр еді?! – деп Кәрім бір сәт күрегін тастай салды.

– Әкел, бермен! Қорықсаң мен-ақ қазайын!

Іннің бетін бұл да аршып бітті, ар жағынан керіскедей бес суыр тік тұрды. Тік тұрды да, бірін-бірі құшақтап, шырылдады ай дерсің. Мұндай кезде олардың жан сауғалайтын бар қайрандары осы, қашып кете алмасы Кемелге бұрыннан белгілі. Сон дықтан өлтіруге асықпады, Кәрім қызығын аяғына дейін көрсін деп ойлады.

– Сұмдық! – деді Кәрім бір уақытта құлағын басып.

– Не сұмдық? Кешегі өзің атқан суырлардан қандай айырмасы бар бұлардың?

Суырлар әлі біріне-бірі жабысып, шырылдап тұр. Өлтіргенше үндері өшпейді енді бұлардың. Алдыңғы табандары дәл бесіктегі сәбидің алақандары сияқты. Алдыңғы аяқтарымен бірінбірі құшақтап, безек қағады. Құшақтасып тұрып, көздерінен жас парлатады, өлетіндерін сезіп көрісіп-қоштасып жатқандай. Бұдан әрі көруге Кемел де шыдай алмады, қамшысының тобылғы сабымен біреуінің тұмсығынан салып жіберді. Ол мұрнынан қара қаны ағып, аяқтары тырбың-тырбың етіп сылқ құлады. Қамшысын қайта көтергенде, Кәрім шап берді:

– Ағатай-ай, рақым етіңізші! Өлтірмеңізші, ағатай-ай!

– Кет! – деді бұл оған оқты көзін қадап. – Тышқан мұрнын қаната алмасаң несіне аңшысың?! Кет! – Қайырылып кеп екіншісін ұрды. Тырбаңдап ол да құлап түсті.

– Ойпырмай, аясаңыз етті! Сіздің де бес балаңыз бар еді ғой!

– Өй, шірік неме! Менің балаларым бұлар құсап інде ұйлығып жатпайды. Шетінен қасқыр, білдің бе, қасқыр! – деп бұл қамшысын үшінші суырға көтере бергенде… желкесінен тиген ауыр соққыдан етпетінен түсе жаздады. Жалт бұрылса Кәрім жұдырығын түйіп алып, тағы ұмтылып келеді екен. Бұл көз ілеспес жылдамдықпен ауыздан сылқитып жібергенде, ол шалқалап құлай берген.

Содан кейін бесеуін де тырайтып тастап, Кәрімге бұрылса, көзінен жасы сорғалап, шегіншектеп барады екен.

…Шығыс көкжиек бозара бастағанда Кемел қалғып кеткен еді. Оянғанда күн недәуір көтеріліп қалғанын байқады. Маңдайы тершіп, рақаттанып жатыр екен. Орнынан созалаңдай тұ рып, жартастың кемерінен төменге үңілді. Жалама құз. Шы ңырау шатқал. Етектегі Ақсуға дейін сойдақ-сойдақ найза тастар…

Жүрегі дүрс-дүрс соғып, тез кері бұрылды. Сосын маңайынан мылтығын іздеді, бір жерде ілініп қалмады ма деген есекдәмесі де. Таба алмады. Беліндегі балтасынан өзге қаруы қалмапты.

Бәрінен де мылтығы жанына батады. Ондай түзу мылтық табу қайда енді?!

Кемел дереу шыңға шығатын саңылау іздеді. Екі жағы жалама құз. Алдында үйдей құлама жартас. Әттең, осының үстіне шығып алса, арғы жағы күндегі жүрген жері ғой… Сәл ойланып тұрды да, балтасын суырып алып, егіз самырсынды түбінен қар шылдатып шаба бастады. Біраздан кейін тасқа құлаған егіз самырсынмен өрмелеп, тар қуыстан шығып та кеткен…

Күн қызарып батып барады. Кемел кешегі екі жақпар тастың бауырында таңертеңнен жасырынып жатыр. Атаңа нәлет, күткені әлі көрінер емес, жолына қарай-қарай дымы құрып біт ті әбден. Сәл сыбдыр естілсе елең қағып, жүрегі дір ете түседі. Уақыт та болдырған аттай жүйкеге тиіп, жылжыр емес. Етпеттеп жата бергенге белі құрғыр удай ашиды. Не де болса тұрып, бойын бір жазып алса қайтер еді?.. Шынтақтап кеудесін көтере берді. Артынша селк етіп қайта бұқты… Келе жатыр. Дәл өзі. Өрем қатқыр неме. Маңайына сезіктене қарап, тым ақырын басады. Әне, артында шұбатылған арқаны да көрінеді. Өзінің қайыс арқаны… Апыр-ау, тоқтағаны несі мынаның? Кейін қа ша жөнелер ме екен? Жоқ, тағы алға басты… Міне, жанынан өтіп барады. Өтсін, өтсін кішкене… «Уа, сәт!» Кемел орнынан тістене тұрып, алдына етпетінен құлады. Қолы арқанға дөп тиді. Лезде оны беліне байлап жіберіп, табандап тұра қалды. «Енді қайда қашар екенсің, бәлем?!» Арқар секіріп тік көтерілді де, шалқалай құлады. Сонан кейін атып тұрып, алдындағы қияға қарай шоршып ала жөнеледі. Табандап тұруға шамасы келмеген Кемел де дедектеп, соңынан қиялай тартты. Арқар тастан-тасқа секіріп, шырқап барады. Тоқтауға дәрмен жоқ, бұл да арқанның бір ұшында маталып, қаңбақтай ұшып келеді. Өстіп бұлар Дараның арғы бетіне өткенде арқар мүлде күш алды, еңіске қарай тұқырайып шапсын кеп… Міне, кешегі өзі құлаған шыңға да тақап қалды. Бұл арқанды барынша тартып, етпеттеп жата кетті. Осы сәтте арқар омақаса құлады да, дәл ке шегі Кемел ұшқан жерден ол да домалап барып бір-ақ ұшты. Беліндегі арқанын шешіп үлгермеген Кемел де екінші рет тағы сол тұстан құлап бара жатқанын бір-ақ білді.

Бірақ бұл жолы құздың аузында қол созатын қос самырсын жоқ еді.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo