Әдеби ортада әр қаламгердің не өзі, не көзі таныс. Ал жалпы оқырмандарға кімдердің Сөзі таныс? Әсілі, аты-жөнін айтқанда, өзі мен көзінен бұрын шығармасы, шығармасындағы Сөзі еске түскен жазушыдан мерейлі жан жоқ шығар. Бұны айтқанда біз Сөздің қатпары қалың, иірімі терең, кең мағынасын алға тартып отырмыз. Яки жазушы сөзі дегеніміз – оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік ой өрнегі, өз қаламына ғана тән қалыптасқан жазу машығы, стилі. Қала берді ол – өмірдегі қаламгердің өнердегі Өзі. Сөзі арқылы өзін таныту, жалпының жадысына өзінен бұрын сөзін ұялату ең алдымен жазушының қалам қарымы мен талант құдіретіне байланысты екенінде дау жоқ. Алайда әр сөздің астарын ашып, қатпарын жазып, сол арқылы қоғамдық қордалы ой қозғап, кімнің кім екенін әділ таразылап беретін, жазушы мен жалпы оқырман арасында әмсе жаушылықта (елшілік, хабаршылық) жүретін жауынгер сынның жанкешті күресін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бұл тұста сынның арғы-бергі тарихын қозғап, оның әмбеге аян ықпалды күшін тағы да тәптіштеп айту артық. Тақырыпқа орай біз тек бірер жайға ғана ой бөлуді орынды көреміз.
Жастар прозасы дегенде, қазір, жасырары жоқ, қалың оқырманды қойып, әдеби ортаның өзінде тұшынып айтар тұжырымды пікір бұлдыр. Айтыла қалған әңгіменің біразы мынаған саяды: жастар тіл білмейді, әлеуметтік ірі ойлар айтуға шорқақ, жазатындар көп, өнім аз, қырыққа келгенше малданғаны екі-үш кітап, т.б. Жақсы! Ал кімдер не жазып жүр, қалай жазып жүр? Бұл сұраққа келгенде, тыңдайтынымыз – он шақты есім жазылып, көп сериямен таратылатын бірер «күйтабақ». Баспасөзден де оқитынымыз – осы он шақты «жастан» тұратын жалғыз тізім. Солардың өзі қазір жас жағынан қырықтың о жақ, бұ жағына шыққандар. Бұлардан кейін өнер өлкесінде өсіп келе жатқан көкөрім ұрпақ жоқ па? Әрине, бар. Бірақ, өкініштісі сол, көбіміз оларды білмейміз. Білмейтініміз – біріншіден, жалпы әдеби процестің біртұтас даму барысынан хабарымыз шамалы. Көп жағдайда белгілі аты-жөндер төңірегінде шиырлап жүруіміз басым. Жастар творчествосына күмән, күдік, дилетанттық көзқарас осыдан шығады. Екіншіден, жаңа есімдерді таныстырып, тың туындыларды талдап-таратып отыруда бүгінгі әдеби сынның әрекеті тым бәсең. Жастар творчествосына, басқа баспасөздерді айтпағанда, әдеби газет-журналдардың өзі жете көңіл бөле бермейді. Кейбір жеке кітаптар болмаса, коллективтік жинақтарға пікір жоқтың қасы. Баспасөздегі әдеби туындыларды елеп-ескеріп, бағалау да дәстүрімізде тиіп-қашты дүние. Бұған тікелей сыншыларды кінәлау қиын, баспасөздер мен басшылық тарапынан да кінарат бар. Алдағы уақытта осы мәселелер ескерілсе деген тілек білдіре келіп, бұл мақаламызда біз әдебиетіміздегі жас прозашылардың алғашқы аяқ алысына барлау жасауды орынды көрдік.
«Жалын» баспасынан өткен жылы үш коллективті жинақ жарық көріпті. Олар: дәстүрлі «Арман қанатында» жинағының жетінші кітабы, үш автордың топтастырылған «Үміт толқыны» және «Ескі суреттер». «Арман қанатына» көбірек тоқталғымыз келмейді, бұрынғыларға қарағанда бұл кітап солғындау тәрізді. Жиырма бес автордың арасынан тек Есжан Айнабеков пен Талаптан Ахметжановқа көңіл аударған жөн. Бұл екеуі, ең алдымен, әдебиеттің не екенін және нені жазуды біледі. Есжанның «Тамшы» ертегісі мен Талаптанның «Айқасқасынан» осыны сезгендейміз. Жазу машықтары жинақы, сөз бедері анық. Толымбек Әбдірайымов, Жеңісхан Кенесарин сияқты басқа авторлар тәп-тәуір ой айтқылары келгенмен, сөз—сөйлемдерінен әлі де сүріншектік, тұтқырлық байқалады. Олар алдағы уақытта композициялық тұтастыққа, мазмұн мен форма бірлігіне мән берсе дейміз.
«Үміт толқыны» – үш автор шығармаларынан тұратын әдемі жинақ. Үшеуі де көркем сөздің қыр—сырына қанық, бояу—кестелері анық, талғамды да талантты жас екен. Үшінші автор – Зордан Салықбаев жинақ қолына тиер-тиместе дүние салыпты. «Үміт толқынына» оның жеті әңгімесі енген. Барлығы да нәзік жүрек пен сергек сезімнен шыққанын танытады. «Адамның бір қызығы» әңгімесіндегі бүкіл өмірін «көгалды қуып, гөлайттап» өткізген Алашбай қарттың қартайған шақтағы құйрық—жалсыз қубас тірлігі, «Өліара» әңгі-месіндегі жар құшағынан жастай айрылып, дариға-жүрек секілді «ашылмай қалған өзегі, келмей бір кеткен көзегі» – Бибігүл сынды әйелдің аянышты тағдыры, «Қас-қағым сәт» әңгімесіндегі дәл осы Бибігүл тағдырына тап болып отырған Орынкүлдің кейін өз қайнысы Жарасқа қосылуы, бәрі—бәрі көркемдік дәйекпен, нанымды дәлелмен әдемі өрнек тапқан. Артында қамқоршысы болса, автор осы санаулы шығармасымен-ақ талай тірінің қатарында жүре беретіндей.
Ләззат Омарова есімімен алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қыраулы терезе» әңгімесі арқылы жүздескенбіз. Өмір құбылыстарын қыз баланың көзімен нақыштай алған сол әңгімесі көкөрім жастан көп үміт күттір-гендей еді. Ол үміт ақталатын секілді. Жинақтағы жеті әңгіменің қай—қайсысы да соған меңзейді. Басты кейіпкерінің барлығы дерлік қыздар. Олар арқылы нәзік жандардың біз біле бермейтін көп қыры мен сырына қаныға түсеміз. Бұған «Қыраулы терезе», «Күздің қара суығында», «Ардақ», «Зүлфия» әңгімелері айғақ. Автордың шығармашылық тіліне бір ғана мысал. «Жол айрығы» әңгімесіндегі пудель деген сабалақ жүнді қанденді үлкен бір иттің қуып келе жатқан сәтін қараңыз. «Мен оны жол айрыққа жете бере көрдім. Құйрығын бауырына жиып алып, алды—артына қарамай қашып келеді екен. Аяғы аяғына ілеспейді. Бір қарағанда тұмақтай домаланған қара доп әлдеқалай серпілістің күшімен тура маған қарай ұшып келе жатқан тәрізді». Бейнелі ме? Бейнелі. Теңеуі дәл ме? Дәл. Ләззат творчествосына жеке тоқталсақ, мұндай сәтті тұстардың талайын алға тартар едік. Сөз етуге, астарын ашып көрсетуге басқа да жақсы жақтары баршылық.
Бұл жинақтағы «Қайта жанған шырақ» атты жалғыз повесть целиноградтық Жылқыбай Жағыпаровтікі. Трояпольскийдің «Қара құлақ, ақ Бим» повесінде мынадай жолдар бар: «Жылқы малы қазір сақаумен аз ауырады. Өйткені олардың өзі бүгінде аз қалды ғой». Сол айтқандай, бүгінде солтүстік облыстардан көркем шығарма жазатындар аз қалды ғой. Әрине, тек осыған бола көңілжықпастық жасайық дегеннен аулақпыз. Абырой болғанда, повестің өзі тілге тиек етуге тұрарлық дүние екен. Кейіпкерлері характер жағынан дараланған, оқиғалары нанымды. Адамның адамдық сапасын көрсететін басты белгілердің бірі – жақсылықты жақсылықпен қайтару болса, Жылқыбай соны жырлайды. Иә, айтпайды, жырлайды. Көркем кестелейді. Сүйген жігіті опасыздық жасап, кішкентайлы болып қалған Мақпал баласын балалар үйіне өткізіп жібермей, жазғы практикасында аз уақыт дәмдес болған Мағзұм ақсақал мен Атылас әжейдің үйіне апарып тастайды. Дәлірегінде есік аузында қалдырып кетеді. Өйткені, бірер жыл бұрын қос қария соқталдай қос азаматынан қапыда айрылып, қайғыдан қан жұтып отыр еді. Шығарма осымен аяқталса, біз Мақпалды кім, авторды кім дер едік? Ананың аты – ана. Екі-үш жылдан кейін Мақпал баласын сағынып, әлгі ауылға келгенде «Бергеніңе шүкір! Жалғызымның жамандығын көрмей ал» деп кішкентай Болатханды айналып—үйіріліп жүрген қос қарияны сырттай көреді де, сол күні ешкімге көрінбей қайта аттанып кетеді. Осы тұсты жүрек тебіренбей, көңіл босамай оқу қиын. Дәл осы тұста Жылқыбайдың қалам қарымын да танығандай боламыз. Жас авторға бірінші айтарымыз – кейбір оқиғаларды қаз—қалпында түсіруден гөрі көркемдік жинақтау арқылы әр оқиғадан әлеуметтік астар түйе білсе. Екінші – жазушылар сиреп қалған өлкеде өзі қаншама жауапкершілік арқалап отырғанын сезінсе. Бәрімізге де жазу керек. Бірақ Жылқыбайларға тіпті көп жазу керек болар.
«Жалын» баспасынан жарық көрген «Ескі сурет» жинағы да үш автор туындыларынан тұрады. Бегімхан Жұманов пен Әлібек Файзуллаев өнер өлкесіне өзге жолдан бұрылыпты. Бірі – инженер—программист, екіншісі – тау-кен инженері. Алайда алғашқы қадамдарынан қара сөздің қасиетін түсінетіндері, түсініп қана қоймай, ұқсата алатындары сезіледі. Бегімханның «Ескі сурет» повесі мен Әлібектің әңгімелері әдеби туынды екенінде дау жоқ. Алайда бұлардың көбі – бұрын талай рет жазылған таптаурын тақырыптарды қозғайтын, қалыпты, қарапайым туындылар. Қоңыр төбел, қатардағы шығармаға қазір айтылған пікір қазір ұмытылып қалатынын ескерсек, көпшікті сөздің көпшілік үшін пайдасы шамалы болмақ. Ал үшінші автор – Гауһар Исаева әңгімелеріне сөз басқаша… Әдетте қандай жақсы шығарма оқысаң да, кейін оның бүкіл оқиғасы бірден есіңе түсе қоймайтыны, сол шығарманың аты аталса, алдымен ойға оралатын бірер түйіні болатыны, осы түйіндер арқылы біртіндеп бәрі жадыңда жаңғыра бастайтыны белгілі. Ол не? Ол – детальдің құдіреті. Детальмен жазу, тоқсан ауыз сөзді тобықтай штрихпен түйе білу – әсілі әркімнің қолынан келе бермес. Деталь ұшқыр ойдың, ұтымды тәсілдің көрінісі, қала берді шеберліктің белгісі. Гауһардың кез—келген әңгімесінен, әсіресе, «Қосалқы сауыншы», «Теңізші», «Шал мен кемпірінен» біз осыны аңғардық. Ортақ ой түю үшін тек соңғысынан ой өрбітіп көрейік.
Шығарма аты – «Шал мен кемпір». Бұл таңсық емес. Қазақ прозасында қара шал, қара кемпірден сүрініп жығыласыз. Тақырыбы – қала өміріндегі тоғышарлық. Қазақ әдебиеті үшін бұл да жаңалық болмас. Қалада тұрмыс құрған қыз бен үй болған ұлдың дүниеқоңыздығы, бұған қарама-қарсы ауыл қарттарының ақкөңіл де аңқау тірлігі – талай жазушыға талғажау болған. Гауһардың «Шал мен кемпірін» сондай күдікпен қол-ға алып едік… Мәселе – таптауырын тақырыптың өзін қа-лай алып шығаруда екен… Соғыс ардагері Мұсақан шал – қалада тұратын семьялы қызына керек болып қалыпты. Шындығында өзі емес, паспорты. Ол неге керек дейсіз ғой? Бұны қыздың өзі айтсын: «Егер әкемізді біздің үйге пропискаға тұрғызсақ… арнаулы дүкен бар… соғыс ардагерлеріне арналған… Барып соның тізбесіне жазылады. Үндінің шайы дейсіз бе, қалаған матаңыз дейсіз бе, бәрі болады… Міне, қыздың мақсаты. Одан әрі ойы үйін кеңейтіп алу. Бірақ тез арада кеңейте алмайды. Өйткені бұл іс сәл қиындау екен. Кемпірі бұны шалына қинала айтады. «Егер сен мүгедек болғаныңда балалар пәтерді бір жылдың ішінде алады екен». Бұл тек кемпірдің сөзі деп ойлайсыз ба? Жо-оқ, шешесіне айтқан қыздың сөзі ғой. Осы жалғыз сөйлемнен-ақ екі адамның характерін көресіз. Ол – шешенің аңқаулығы, қыздың озбырлығы. Күлесіз!.. Күлесіз де күрсінесіз… Бұған керісінше Зіби деген жалғызбасты кемпірдің тірлігін қараңыз. Мұсақан мен оның диалогы мынадай: «– Ана сағатты неге шұңғыл ыдысқа салып қойғансың тақылдатып… – Тереңірек ыдыста тұрса сырт-сырт еткен дауысы қатты шығады. Жалғыз отырғаныңда ол да бір медет…» «Әруақтан басқа дос жоқ, көлеңкеден басқа ес жоқ», күйеуі майданда өліп, бір шаңырақтың қасіретін жалғыз арқалап отырған бейшара жанның жай-күйін бұдан артық қалай жазуға, қалай жеткізуге болады! Мәселе, шығарманың санында емес, сапасында десек, Гауһарды осы әңгімесінен-ақ жазушы деп тануға әбден болатын секілді. Сондай-ақ оның жоғарыда аталған туындыларымен қатар «Жаңбырдың суы», «Жансерік», «Немере» әңгімелері де бұл ойымызды толықтыра түсетіні анық.
Бұлардың арасында, әсіресе, «Жансеріктің» жөні бөлек. Әңгімедегі тек бір ғана «қақтығысқа» көңіл бөліп көрейік. Ғұмыр бойы жұртқа жеккөрінішті болып, ұсақ-түйектің бәріне қазымырлық көрсетіп келе жатқан Қыныбай қарт қартайған шағында шөпке қарауыл боп жүргенде түкке тұрғысыз бір дүниеге бола жастармен тағы жаға жыртысады. «Түкке тұрғысыз дүниеңіз» – машинаға тиеліп, қоймаларға жіберіліп жатқан қызылшаның сыртына жабысқан топырақ. Қыныбай қарт бір түйір топырақ үшін жаны шырылдап, шоферлармен жағаласып жүр. Біз үшін бұл күлкілі жай. Ал Қыныбай үшін бір түйір топырақ – кешегі өткен ұрпақтың бір тамшы қаны мен тері екен. Соғыс жылдарында егістіктің құнарлы қабатын тасқын шайып кеткенде, ол еңбектеген баладан еңкілдеген қарттарға дейін дорба—дорба қи тасытып, осы қуаң жерді құнарландырған екен. Енді әр қызылшаның қабығында қаншама сол топырақ кетіп жатыр! Ендеше Қыныбай жылайтын жөні бар ма? Әрине, бар. «Оу, айналайын, жанармай мен тұқымды тіпті болмай бара жатса басқа жерден сатып аласың, ал топырақты қайдан аласың? Ол еш жерде ақшаға сатылмайды ғой»,– деп шырылдайды ол. «Талан-таражға басқаны түсірсеңдер де, топырақта ешкімнің құны жоқ»,– деп күйінеді ол. Осындай «ұсақтығына» бола ол жұртқа үнемі жеккөрінішті болған. Бір құшақ шөп үшін құрдастарымен бет жыртысқан. Әдебиеттен іздеп жүрген бір кейіпкеріміз мүмкін осы шығар? Жастар арасынан қапылыста тапқан таланттарымыздың бірі де мүмкін, осы әңгіменің авторы болар? Қалай десек те Гауһар Исаева қаламгерлер қатарына бүгін ілесіп, ертең қалып қоятын көптің бірі болмас…
«Өмір деген осындай» – Шойбек Орынбаевтың алғашқы прозалық жинағы. Біздіңше, алдағы уақытта әдеби шығармамызға бір жас уық шаншылса, ол осы жігіт болуы кәдік. Бұндай ой түюіміздің себебі: бұдан екі-үш жыл бұрын Жазушылар одағының Жастар советі бізге аталған автордың қолжазбасына пікір айтуды тапсырған. Бес беттей пікірді біз жазбаша бердік. Көбі сын—ескертпелер еді. Сол жинақ енді кітіп болып шығыпты. Ризалығымыз – автор ол сын—ескертпелерді түгелдей қабылдап, дәл сол тұстарын өңдеп-жөндеп, оқырманға тәп—тәуір дүние ұсынған. Өз шығармаларымен жұмыс істеуге ерінбейтін мұндай жастан үміт мол.
Жинақ аттас повесть жеңіл, жақсы оқылады. Тілінде кібіртігі жоқ. Атына сай оқиғасы да бар. Тек бір кілтипаны – кей тұста осы оқиғалардың қолдан жасалғаны сезіліп қалады. Кейіпкерлер қарым—қатынасында дәлелді мотивировка кемшін. Бұл, әсіресе, орыс жігіті Федя мен қазақ қызы Үкілінің арасындағы байланыста көрінеді. Федя Үкілімен Мұратай жатқан ауруханаға келіп жүргенде танысады. Кейін бірде аялдамада қатты ауырып отырған бейтаныс кемпірді ауруханаға алып келгенде бұл кемпір – Үкілінің шешесі болып шығады. Егер негізгі оқиғалық байланыс (завязка) осы тұстан басталса, құба—құп дер едік. Сосын бибауырмалдық (интернационализм) мәселесі қос ұлт өкілін бір төсекте қосақтаумен шешіле ме? Федя мен Мұратай арасындағы адамдық қарым—қатынас та жеткілікті еді…
Бұл повеске қарағанда, Шойбектің әңгімелері қай жағынан болмасын әдеби талғамнан шыққан, композициялық құрылымы жинақы, тілі шұрайлы, оқиғалары нанымды көрінеді. Жас қаламгер қарымын да осы әңгімелері анықтаса керек. Демек, мәселе жанрда емес, жазу мәнерінде ғой.
Келесі сөз «жас» қатарында жүргенмен жұртшылыққа есімі де, еңбегі де жақсы таныс төрт қаламгер қақында.
Шәрбану Бейсенованың «Зағипа» повесін оқып шыққан соң, біз бір қызық жайға тап болдық. Кейде жақсы шығарманың соңғы нүктесіне жеткенде жан досыңды алысқа аттандырып салғандай, кейіпкерлермен қимай қоштасатын сәттерің болады ғой. Біз де «Зағипамен» солай қоштаса тұрып: «Қандай сезімтал, жүрегі нәзік жан еді» дедік. Кейін мұқаба сыртына қарасақ, жинақ аты «Сезімтал жүрек екен». Мақалаға жинап алған біршама кітаптың қайсыбірінің аты есіңде тұрады. Мүмкін аталған жинақ атын дүкенде-ақ оқыған шығармыз. Мүмкін содан да басымызда бір сәуле қалған болар. Қалай десек те жинақ аты ішкі мазмұнға дөп келеді.
Әдетте біз әйел халқын нәзік дейміз, сезімтал дейміз. Шындығында бұның бәрі жалпылама түсінік. Ал, оның өмірдегі нақты көрінісін әйел жазушылардың өзі алға тартпаса, біз ұқсата алмайтын шығармыз. «Сезімтал жүрек» жинағынан біз осыны сезгендейміз. Аталған повесте күрделі оқиға жоқ. Оған бар—жоғы үш кейіпкердің семьялық өмірі арқау болған. Басты тұлға – жас келін Зағипа. Оқиға желісі оның атасы мен жан-жарына деген ыстық ықыласы, адамдық, адамгершілік қасиеттері арқылы өрбиді. Осы үш адамның кім екенін, адамдық болмыстарын мына үзіндіден—ақ аңғарамыз.
«– Тәте, (атасы Байболды айтып отыр – Д.Ә.) сіз осындай асты ұнатушы едіңіз ғой, молырақ салып алыңызшы. Сары май берейін бе, әлде қаймақ қосасыз ба?
– Өзі де майлы екен, қаймағың дұрыс шығар. Бұл бір мықты түстік болды. Болат қой бұдан хабарсыз, асхананың ащы сорпасын соғып отырған шығар. (Болат – күйеуі – Д.Ә.)
– Түсте үйге келсеңші деп үнемі айтамын, алыссына ма, келмейді ғой, әйтеуір,– деп екіұштылау айтты да қойды. Байбол Сәрсенович «Қап, бекер айттым—ау» деп тағы өкінді. (Сәрсенович болатыны қалада үлкен қызмет істеген, әлі де аттан түспеген қарт қой, – Д.Ә.). Сөзі келіннің онсыз да дүдамал көңіліне тиіп кеткенін сезбей қалған жоқ. «Әй, Болат-ай, сен иттің оспадарсыз қылығың үшін қашанғы мен қызарамын». Келініне көз тастап еді, ойында еш нәрсе жоқ, мұның асты сүйсіне жеп отырғанына риза болған түрі бар.
– Тәте, бүгін жұма ғой, нан ашытып қойдым,апамның аруағына бағыштап тоқаш, бауырсақ пісірейін. Кешке апамның сырлас, дос-жарандарының басын қосып, өзіңіздің бір-екі жолдасыңызды шақырып, бір самауыр шай берсек қайтеді? Сіз қалай қарайсыз?» (13-бет).
Ең өкініштісі, мұндай келіндер қазір сиреп қалды ғой. Өйткені халқымыздың небір жақсы салт-дәстүрін жылдан—жылға жоғалтып барамыз. Бірін діншілдік, бірін феодализмнің қалдығы дедік. Бас-көзсіз басқаларға еліктедік. Зағипа – Болаттың екінші әйелі. Бірінші келіннен аузы күйген Байбол ақсақал жыл сайын елге барып жүріп, болашақ келінді Болатқа өзі қосқан. Бұндай оқиғаға бұрынғы тәсілмен пікір айтсақ, «Ау, болашақ жарын Болаттың өзі неге таңдамайды. Байболдың бұнысы ескішілдік. Бұны жазып отырған автордың өзі ескіні көксеп отырған жоқ па?» деп тұқыртар едік. Амал не, мұндай да сыншылар болған… Шәрбану Бейсенованың бұл повесі – сөз жоқ тағлымдық, тәрбиелік шығарма. Шығарма ғана емес, әр келіннің жасауына қосып беретін қымбат дүние десе де болғандай.
Жинаққа енген әңгімелерден де көп ретте біз біле бермейтін әйел жанының сезім сырлары, тіршілік тынысы, жан-дүниесінің қалтарыстары байқалады. Солардың арасында, әсіресе, «Сәтсіз командировка» ескерусіз қалмайтын туынды. Бұл әңгіме 1988 жылы «Правда» газетінде жарияланған «Қатігездік» мақаласын еске түсіреді. Журналист алыстан араша түсуге іздеп келіп, қазасының үстінен түскен жас қыз да – қатігездіктің, жазықсыз жаланың құрбаны. «Правда» мақаласы мен осы әңгіме оқиғасынан кейін – «арымнан жаным садаға» деген халқымыздың асыл сөзіне еріксіз бас иесің. Бәрінен бұрын әйел рухына, әйел намысына табынасың. Бір жақсысы, бұл әңгіме аталған мақаладан бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген.
Бұдан он-он бес жыл бұрын алғашқы қадамын балалар әдебиетінен бастаған Мереке Құлкенов – бүгінде үлкендерге арналған екі жинақ авторы. Әр жинағының арасы – алты-жеті жыл. Сан жағынан бұл көзге де, көңілге де қораш сияқты. Ал, сапаға келсек, сөз басқаша. Бүгінде Мереке есімі көпшілікке жақсы таныс болса, оның басты себебі де осы сапада болар. Кез—келген шығарма баспасөзде шыға бермейді. Өйткені қалай десек те негізінен онда іріктеу, сұрыптау болады. Бұл жағынан Мереке ешкімге ренішті болмас. Оның «Үрей» атты осы жинағына енген шығармаларының да барлығы дерлік алдымен баспасөзде жарық көрген. Олардың бірқатарына кезінде жылы пікір де айтылған.
Жаңа жинаққа автордың он сегіз әңгімесі топтасыпты. Олары тақырып, идея, мазмұн, кейіпкерлер характері жағынан бір-бірінен өзгеше. Алған объектісіне орай жазушының жазу машығы да кейде өзгеріп отырады. Бірінде ойланасыз, бірінде күрсінесіз, енді бірін жылы жымиып оқисыз. Ең негізгісі – бәрінен өмір шындығын көресіз. Ол шындық – болмыстың табиғи бейнесі емес, қоғамдық құбылыстардан жинақталған әдеби-көркем шындық. Оқырманға керегі де осы. Автор от басы, ошақ қасы, ұсақ оқиғаларды малданудан аулақ. Көп әңгімесінде әлеуметтік астар бар. Мысалға «Үрей» әңгімесін алайық. Бұл өзі – формалық жағынан да көңіл аударатын туынды. Бір де бір кейіпкердің аты жоқ. Бірақ әрқайсысының түр—тұлға, мінез-құлқы болмашы оқиғадан танылады. Көп қабатты қалалық үйдің бір подъезінен түн ортасында естілген мысық баласының ащы үні – сол подъезд тұрғындарының төбе шашын тік тұрғызған. Құйтымдай бишара ыңырси мияулап, әркімге бір жаутаң қағады. Тырбаң-тырбаң етіп адамдардың табанын жалағысы келеді. Ал, олар мысық емес, құдды әзірейіл көргендей. Таяуда ғана босанған жас келіншектен басқасының бәрі ызалы. Әрқайсысының көзінде – жеккөрінішті кек, ауыздарында жиренішті сөз. Қас—қағым сәттегі осы сөздерден олардың бүкіл болмыс-тірліктері сезіледі. Ең ақырында әлгі мысық баласын біреу таяқ ұшымен сыртқа лақтырып жібергенде, манағы жаңа босанған жас келіншектен басқа «обал-ай!» деген пенде жоқ. Қатігездік деген міне – осы. Қала өмірінің бір қалт еткен шындығы да – осы. Әркімнің күйттегені – жан рахаты, тән тыныштығы. Бұны шағын ғана әңгімеде жеткізе білу – шеберліктің белгісі.
Қазақ прозасындағы қара кемпірлердің көбі, әдетте аузынан иманы төгілген әулие болушы еді. «Жаңбырдан кейін» әңгімесінде Мереке бұл стеротипті де бұзыпты. Шындығында – шындықты айтыпты. Мәрзия кемпір қайтыс болған қызының күйеуіне ылғи сырттан күйе жағады да отырады. Гөй—гөйі – қызының бейіті басына белгі қоймады, жамбасы суымай жатып, басқаға үйленді. Кейін жағдайды өз көзімен көрсе, мәселе мүлде басқаша екен. Өмірде мұндай оқиға, мұндай кемпір аз ба? Олай болса аналар мен әкелерді құрметтей отырып, шындықты айтқанға не жетсін!
Көркем прозаға көрік берер бір дүние характер ашу дейміз. Оның ішінде халықтық характер ашылса, тіптен құба-құп. Жасырары жоқ, біздің халық, әсіресе қарапайым шаруа адамдарымыз негізінен аңқау, ақкөңіл, анау—мынау қулық-сұмдықтан ада ғой. «Өрттен кейін» әңгімесінде автор осы шындықты көрсетеді. Совхозда бухгалтер болып істейтін Асылбек ағасы «Батырбектің қысы—жазы қой соңында жүретінін ескеріп, бүкіл үй-мүлкін сақтандырып қойған» екен. Артынша, расында үйі өртеніп кеткен Батырбек пен Қатпа дүние—мүлікті бағалаған кезде бір—бірімен ұрысып—керісіп жүріп, бар байлықтарын үш мың бес жүзге әзер жеткізеді. Бәрі де өтірік айта алмаудың, аңқаулықтың кесірі. Қай қырынан қарасақ та, бұл әңгімеден ұлттық бояу, қазақы нақыш көргендейміз.
Әңгіме – қасиетті де, қиын жанр. Ол біреулер айтқандай барлаушы да, қалам жаттықтыратын да жанр емес, әңгіме әлем әдебиетіне Чехов пен Голсуорсиді, Степан Цвейк пен Акутагаваны шығарған, қазақ әдебиетіне Бейімбеттей ұлы тұлғаны әкелген. Қуаныштысы сол бұл қасиетті жанрға Мерекенің қай жағынан да адалдығы байқалады. Бұған оның «Шарбақ», «Ғашық», «Үшінші дауыс», «Мазасыз түн» сияқты әңгімесі дәлел.
Бүгінде азаматтың азаматтығын танытатын – оның ел мен жерге деген махаббаты, сол жолдағы күрескерлік қаракеті. Ел мұңы жанға батпаса, жер жарасы жүрек сыздатпаса, адамдығымыз қайсы, тірлігіміз кәне. Болат Қанатбаевтың «Ақ құм, алтын жағалау» атты повестер мен әңгімелер жинағы – осы ойымызбен үндес. Бұрын мұнай кәсіпшілігінде істеген автор «Грифондар» повесінде көргенін көрген қалпында түсіріп қоймай, бұраушылар өмірінен біраз көркем ой түйген. Ел мен жерді аздырып, тоздырып бара жатқан сан себептің салдарына, салдарына орай себептеріне көз жүгіртеді. Автордың пайымдауынша, экологиялық зардаптың негізгі түйіндері шаруашылықтың ғылыми ұйымдастырылмауына, кадр мәселесінің дұрыс шешілмеуіне, жеке бастың қамын күйттеген тоғышарлық пиғылға тіреледі. Орнықты ой! Бұл – тек Маңғыстауды ғана емес, бүкіл маң даламыз бен жерұйық жерімізді жегі құрттай жеп жатқан мәселе. Бұлардан қалған жердің сиқын аталған повесте автор былай суреттейді: «Көз суырар сүреңсіз, бедірейген дала, айқұш—ұйқыш аяусыз шимайланған жол, ұлу тас өндірген, ақ айраны шыққан котлован-шұңқыр, жапырақсыз, бұтақсыз тұл қарағайлар секілді сорайған—сорайған мұнаралар, қара дақ, ақ дақ болып, таздың басындай жалтыраған айтақыр – көшкен бұраудың жұрттары ғана…»
Повесті оқи отырып, бір кезде «алтын есірігіне» айналған (золотая лихорадка) Аляска еске түседі. Бүгінгі Маңғыстау – кешегі Клондайк секілді. Шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлық, іс-қимылына қарағанда, мұнайшылардың көбі баяғы алтын іздеген кезбелер секілді. Автор сөзімен айтқанда, олар – «қағылған-соғылған, қалтасының қамы үшін маусымдық жұмыс ретінде, уақытша келгендер». Олар үшін – «после нас хоть потоп!»
Шығармада бұл кейіпкерлер характер жағынан дараланған. Әділбай, Колупаев, Мағзұм, Низам—сері секілді кейбірі типтік дәрежеде. Бұларға қарама-қарсы: Төрежанов, Константин, Васильев, Нармахан, Дархан образдары да көңілден шыққандай. Бір сөзбен айтқанда, «Грифондар» – өндіріс тақырыбына жазсаң оны осындай біліп жаз, ыстық—суығын көріп барып жаз деген ой тудырады. Жалпы Болат Қанатбаевтың осы жинағына енген «Ақ құм, алтын жағалау» повесі мен әңгімелері де автордың өмір құбылыстарын жіті байқағыштығын, көп мәселені көзбен көріп, көңілмен түйгенін танытады.
Қуаныш Жиенбаевтың сүйікті тақырыбы – баяғы Арал. «Қайықшы» аталатын бірінші кітабына арқау болған балықшылар өмірі «Құлан жанарындағы құмыр» атты осы жинағынан да жалғас тауыпты. Автор қай жанрда болмасын еркін көсіле де, шешіле де біледі. Тақырып ішіне үңгіп кіріп, ішек-қарын ақтара жазу бар. Бұған жинақ аттас повесть те дәлел.
Шығарма объектісі – Барсакелмес аралындағы құландар қорығы. Арал тағдыры – адам тағдыры деп жиі айтамыз. Осы повестегі шындыққа үңілсек, Арал – адамның ғана емес, сол теңіз төңірегіндегі бүкіл тіршіліктің тағдыры екен. Судың тұзы көбейіп кеткендіктен ең ақыры құландар іш тастай бастайды да, жылдар бойы орнығып тұрған қорықты басқа жаққа көшіруге мәжбүр болады. Бірақ табиғат жарықтық екі өкпені жан-жақтан қаншама қыса түссе де, атамекеннен адамдардың кеткісі жоқ. Әсіресе, қарттар! Кейіпкерлерде ашыну да, күйіну де бар. Бірақ құдайдан басқаны қарғап отырған ешкімді көрмейсіз. Арал жөнінде қазір не көп? Публицистикалық мақала көп. Өлең де, жыр да баршылық. Бірақ қашан да көркем прозаның орны бөлек қой. «Құлан жанарындағы құмыр» повесі тартылып бара жатқан теңіздің өксігімен қоса, оны жағалай мекендеген адамдардың да ішкі айқайын, жан күйзелісін, өмірге деген өміршең күрес—тартысын алға тартады. Повесть осынысымен құнды. Шындықты шынайы, тірі өмір түрімен көрсетуі-мен, көркемдік жинақтауымен де құнды.
Жинақтағы «Өміріңізге қауіпті!», «Ақбөкеннің бас сүйегі» повестері мен үш әңгіме де жинақы жазылыпты. Бөлек—салақ оқиға, тіл сындырып, көз сүріндіретін сөйлемдер жоқтың қасы. Көптен бері баспасөзде істеп келе жатқан журналист-жазушыға бұдан басқаша жазу қиын шығар.
Әдебиетіміздің соңғы буыны – тек аталған жастармен ғана шектелмейді. Әдеби сынның назарына бірде ілігіп, бірде ілікпей жүрген, қазір алғашқы жинақтарын шығарып та үлгерген: қысқа да нұсқалыққа құмар Жүсіпбек Қорғасбеков, балалар ауылына балшекер татқызатын Сәбит Дүйсенбиев, не айтса да кесек айтуды мұрат тұтқан Мұрат Сыздықов, жылы да жұмсақ лебізді Нұрғали Оразов, сөз—сөйлемінен самал есетін Жаңабек Шағатаев бүгінгі өнердің өрімдей тал шыбығы, ертеңгі бір—бір уығы деп білеміз. Алғашқы туындыларымен—ақ олар республикалық жүлде—бәйгелерге ие болып жатса, неге үлкен сенім артпасқа!
Өмірді де, өнерді де әмсе өрге жетелеп отыратын күштің бірі қанағатсыздық шығар. Тоқмейілсудің түбі тоқырауға, «болдым-толдымның» ақыры тоғышарлыққа бастайтыны белгілі. Алайда, «жетпей жатырдың» жетегімен бардың бәрін қомсына беру де қолайсыз. Мәселен, әдеби ортадағы кейбір әріптестеріміздің айтуынша, «жастарға қамқорлық аз». Бұдан әрі… «анау жетіспейді, мынау жетіспейді». Бұған біз де жас ретінде, жазушы ретінде былай деп едік: кейінгі толқын әдебиетшілер қазір пәтерден басқа қандай таршылық көріп отыр? Арысын қойдық, алпысыншы жылдар басында әдебиетке келген жастардың (қазір сақа жазушылар) өз еншісінде «Лениншіл жастан» басқа қандай баспасөз, баспасы болды? Жалғыз «Жұлдыз» журналының балағы болмаса, басы оларға бұйырды ма? Енді қараңыз: «Жалын» баспасы… Осы аттас журнал… Тағы да «Арай—Заря», «Пионер» журналдары…- «Өркен—Горизонт», «Алматы ақшамы» газеттері… Бұлардың қай—қайсысы да жастар творчествосына мол орын беріп жатса, «Жазушы» баспасы, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газеті де оларды шеттетіп отырған жоқ. Демек бүгінгі жас та, жасамыс та қаламгерлерге Л.Леонов айтқандай, «жаман жазудан» басқа барлық мүмкіндік жасалып жатыр екен. Бұл мүмкіндікті пайдалана алмасақ, өзгелерге өкпе не!
1988 ж.