ЕЛДОС ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

ЕЛДОС ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Баяғыда, сонау 60-жылдардың аяғында, шопандардың республикалық слетіне қатысқан бір жас қойшының жас келіншегі туралы мүйізі қарағайдай  екі жазушы екі  повесть жазған  ғой. Жекен Жұмахановтың «Замана билігі», Әзілхан Нұршайықовтың «Әсем» атты сол повестерін сол уақыттағы оқырмандар  біріне-бірі жұла қашып, бірінен бірі  ат-тонындай қалап алып, бас көтермей, бел жазбай оқыған ғой. Ойбо-ой, несін айтасың, ол повестердің сюжеті, расында, қиссалардай қызықты, ертегідей ғажап еді ғой.  Тек олардың ертегі мен қиссадан айырмашылығы  сол – кейіпкерлерінің аты-жөні сәл өзгертіліп алынғаны болмаса, бәрі де өмірде болған, жер бетінде жүрген, кәдімгі біз сияқты ойнаған, күлген. Бірақ бізден айырмашылығы сол – көбіміздің тәуекелге  бармас, қолымыздан келмес бір ерлікке барған. Сонда олар не істеген? Әлгі повестерге бас кейіпкер болған даланың жас серісі Алматыда жүріп  танысқан қаланың жас бикешін құдайдың бір құтты күні құба далаға қарай ала қашқан. Ала қашып барған да, кешегі асфальт көшеге біз өкшесі гіріш-гіріш қадалып жүретін қыз топлиын шешкізіп, орнына қотан сазын бырш-бырш езіп жүретін кирзі етікті кигізген. Басына ақ орамал байлаған, қолына ақ таяқты ұстатқан. Сөйтіп кеше ғана саябақта сайран салып, театрларда ойнақ салып жүрген қаланың тікбақай қызы енді даланың тобанаяқ қойшысы болып шыға келген. Бұдан әрі жаңа өмір… Жатсыну да жаттығу… Үйрену де көндігу… Қамығу да шаттану… Күлдіру де бүлдіру. «Аканчик» десе күйеуін, «ақ  қаншығы несі?!» дейді енесі. Осы емес пе күлдіру мен бүлдіру.Бірақ бәріне де шыдайды. Шыдамасқа шара жоқ, «Аканчикті» сүйеді. «Аканчигі» ақ мамықтай алған жарын сүйеді. Бұны екі жазушы бір-бірімен жарысып, майын тамызып тұрып жазады. Жә, бұл баяғы өткен әңгіме, қызығы біткен хикая ғой.

Ал енді менің жазайын деп отырғаным да дәл осындай оқиға.Оқиға болғанда, Жекең мен Әзекеңнің жазғандарынан айырмашылығы сол – олардың екі повесінде бір адам ғана ауылға кетсе, менің бір мақаламда екі адам бірдей қаладан далаға аттанады.

 Екеуінің де Алматыда қызметі, Алатаудың етегінде үйі болған. Қызмет болғанда қандай,  бірі – компьютердің мың түрлі тілін білетін программист, бірі – Жазушылар одағының бірінші хатшысына  бүкіл жазушыны санап кіргізіп, санап шығарып отыратын хатшы қЫзы. Аты-жөндері? Жә, жігіттен бастап таныстырайын. Елдос Мейрамұлы Асылғазы. «Тоқта, мынау бір таныс есім ғой»  дейтін  шығарсыз. Иә, дәл түстіңіз. Сіз Елдосты білмесеңіз де, Мейрам Асылғазыны білуіңіз әбден  мүмкін. Сонау 70-жылдардың аяғында  «Балалар балалық жасапты» деген әңгімесімен әдеби ортаға батыл кіріп келген ол өмірінің соңғы күндеріне дейін (1999) ондаған әңгіме, повестерді дүниеге әкеліп, артына «Ауылдастар», «Өзгеше бір күн», «Иірім» атты кітаптарын қалдырған. Біз білетін осы бір талантты қаламгер журналистика мен аударма саласында да көп еңбек етіп еді. Жазушылық талантты бір басқа, адамды сүйген, өнерді сүйген, елі мен жерін  сүйген жүрегі қандай еді Мейрамның! Шертпе күйдің шебері, қоңыр әнннің қоңырқазы да Мейрам еді ғой, шіркін!Ал менің кейіпкерім, Елдос – сол Мейрамның отының алды, суының тұнығы, асылдан қалған тұяқ қой. Көкесі облыстық «Қызыл ту» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде, Павлодар қаласында дүниеге келген (1977). Ал сосын көкесі қызметін Алматығы ауыстырғанда, Елдос бала екі-ақ жаста болған. Демек ол: «Мен алматылықпын, мен Қазақстанның ең үлкен қаласында өстім, оқыдым-тоқыдым, адам болдым, маман болдым!» деуге толық хақысы бар. «Бірақ мен жусан иісі аңқыған Сарыарқаның сары даласынан, ата-бабамның ат тұяғының  ізі қалған Керекудің кең жерінен ешқашан қара үзіп кеткем жоқ. Мен қаланың ғана емес, даланың да баласымын. Әкем Мейрамға, шешем Қалимаға алтын бесік болған айналайын Ақкөл-Жайылманың мен де төл перзентімін!» деуге де толық хақысы бар Елдостың. Өйткені… осы жиырма жеті жасына дейін қай жылы, қай уақытта ауылға бармай қалғаны тіпті есінде жоқ. Ал барған кезде, берісі – он күн, арысы – екі-үш ай болмай қайтқан  кезі және есінде жоқ. Әлі есінде, балабақшада жүргенде «қар қашан кетеді, жер қашан қараяды» деп, көшедегі кіршең қардың көбесіне көз талдыра қарайтын да отыратын терезеден. Қар кетіп, жер қарайса болды,әкесі бірден ауылға ала жөнелетінін біледі. Ақыры сағынып, сарғайып жүріп, ол күнге де жетеді. Ауылға барады. Көз алдында көсіліп, көкжиегінде ақ сағымы кілкіп, Ақкөл-Жайылманың кең алқабы жатады. Аңқылдап самал еседі. Аңқыған саумал иісі білінеді. Төбеде бозторғай шырылдайды, төңіректе боздала сыбыр-сыбыр сыр шертеді. Неткен ғажап! Неткен кең дүние! Осы бір кең дүниеде атқа мініп шапқылап, ақ топырағын атқылап, табанды жерге күйдіріп, маңдайды күнге сүйдіріп, ойхой, бір рахатқа батушы еді сонда Елдос. Кейін мектепте оқып жүргенде көкесіне жалынбай-ақ көктемнің аяғында «шу, қарақұйрық» деп , Ақкөл жаққа жалғыз тартып кететін. Бұл уақытта  ауылдағы қызығы да көбейген . Ит жүгіртіп, құс салады. Балапан баулып, күшік үйретеді. Қайыстан қамшы өріп, талыстан таспа тіледі. Көнекөз қариялардан  ерінбей-жалықпай ел мен жердің тарихын тыңдайды. Сөйтіп жазда – ауылда, қыста – Алматыда жүріп орта мектепті де бітірді ғой Елдос. Және бітіргенде қандай! Жәутіков атындағы физика-математика мектебін. Бір-ақ «төрт», қалғанының бәрі «бес» . Сосын бірден жоғары оқу орнына түскен. Оқу болғанда қандай! Абай атындағы  Алматы мемлекеттік университеті. Оның анау-мынау емес, қаржы-несие факультеті. Оның да анау-мынау емес, банк мамандарын дайындайтын бөлімі. Шүкір, бітірді. Қызыл дипломмен! Ағылшын, араб тілдерінен де әліпті білетін әлі бар. Сөйткен Елдос, сондай Елдос, университеттен кейін Жазушылар одағында, «Қазақстан» газетінде компьютер жағын шыр көбелек айналдырған Елдос өткен жылдың мамыр айында Алматыны бір-ақ күнде артта қалдырып, сүйген қызы Динараны қолтықтап, екі чемоданын көтеріп, екі тазы итін жетелеп, Керекуден бір-ақ шыққан. Мұнда Мәулен ағасының ақ батасын алған да,  Ақкөлге қарай тартқан-ды.

– Елдос келіпті! Елдос!..

– Е, келмей жүрген Елдос па, келсе келген шығар.

– Жоқ, бұл жолы мүлде келіпті. Осында тұруға келіпті. Жанында жап-жас келіншегі бар.

– Не дейді?Бұнынысы қызық екен!

– Е, асылдан қалған тұяқ қой. Жарықтық, әкесінің  де жерге деген жүрегі бөлек еді, ақыры оған топырақ та осы жерден бұйырды емес пе! Әке әруағы тартқан шығар баланы.

– Қадамы құтты болсын!

– Не десеңдер де, жігіт екен! –  деген сөздер екі кештің арасында Ақкөлдің әр жерінен естіліп жатқан.

Ауыл ішіндегі мұндай жөн сөзге де, жел сөзге де құлақ түрген Елдос жоқ, кіші нағашысы Сәкеннің үйіне ат басын тіреді де:

– Түбінде келем дегем, келдім, – деді.

– Келетініңді білгем, сенгем, – деді Сәкен.

– Бүйтпесең Елдос боласың ба! Әкеңе тартқан бірбеткейлігіңді тағы да таныттың. Ауылды қайтесің, қалаңда-ақ тұра бер деп ем, көнбедің. Енді қайтеміз, қолдан келгенше көмектесеміз де, – деді үлкен нағашысы Қайкен.

– Иә, көмектесеміз!– деді тағы бір кіші нағашысы Дәйкен.

Рас, нағашылары айтқанында тұрды. Жиен де елге бос қалтамен келмеген. Көп өтпей-ақ «мынау менің өз үйім» дейтін үш бөлмелі үйге кірді, есік алдына ат шаптырым қора салды, ол қораны тайынша, тана, торпағы аралас 45 ірі-қарамен толтырды, үш-төрт қылқұйрықты ауладағы мамағашқа байлады. Сөйтіп банк ісінің маманы, кешегі программист-дизайнер Елдос аз-ақ күнде фермер Елдос боп шыға келді.

Одан бері де, міне, табаны күректей бір жыл өтті. «Е, қаланың баласы қашан даланың баласы болып еді, жаз өтер, күз жетер, қысқа қарай Елдос та кетер» дегендердің аузына құм құйылды. Ал Елдос алыстағы Алматыны қойып, іргедегі Екібастұзға  да көз қиығын салмайтын болды. Көз қиығын салатын  уақыты да жоқ еді, үйде мал бар, жан бар. Солардың қамымен жүріп, ұзақ күннің қалай өткенін  де байқамай қалады. Төрт тазыны бағып-қағып, бабымен ұстаудың өзі бір адамның жұмысы. Тазы демекші, қара шаруадан қолы  сәл босаса, қаракерге мініп, тазыларын ертіп, сары далаға саятқа да шығып кетеді. Міне, даланың  қызығы! Міне, ауылдың тамашасы!

Шүкір, Елдостың ауылда өткен осы бір жылы қай жағынан да қайырлы болған сияқты. Ең бастысы, екі басы үшеу болды.Ақкөлде ақ маңдайы жарқырап (тфә, тфә!), тұңғыш қызы Гәкку дүниеге келді. Сырттағы ірі-қара, торпақ-тананың да қарасы көбейді,. Әне, ашық қорада құйрығын шаншып алып, ойнақ салып жүрген он-онбес бұзау – осы бір жылдың «жемісі». Аманшылық болса, енді бірер жылда бұлары тайынша болып, тайыншасы сиыр болып, сиыры бұзау ертіп, қорасы құтқа, шелегі сүтке, қазаны етке толар. Ал бұған  қоса егін егем, шөп шабам, сүрлем салам десе, Ақкөлде жер жеткілікті. Бұйыртса, оған да жетер. Не десең де, әйтеуір, ел іші кең ғой, ке-ең!

Елдостың осы тірлігін сырттай естіп жүрген мен қалайда Ақкөл жаққа бір барып қайтқым келген. Мамырдың аяғында оның да сәті түсіп, Дәурен екеуіміз Екібастұз қайдасың деп тартып отырғанбыз. Дәурен дегенім – Елдостың туған інісі ғой. Баспада  программист. Ағасы туралы әңгімелерімен менің айызымды қандырып жүрген – сол да. Ағасы туралы әңгімелерді айтқанда, көзі жанып-жанып кетеді де.

– Елдос бір жылы ел жақтан қаршығаның балапанын ұстап әкеліп, балконда өсірген. Тәп-тәуір қарақанат боп қалған кезде, базардың етін жеймін деп өліп қалды.

– Елдос Жазушылар одағында істеп жүргенде … Мәншүк пен Әлия тұрған ескерткіштің жанынан өтіп бара жатып, шаңқ ете қалған қырғидың даусын естиді. Ол уақыт – жаздың басы, құстың балапан шығаратын кезі. «Бұл маңайда ұясы болу керек», деп, төңіректегі шыршалардың басын шола бастайды. Айтқандай-ақ, бір биік шыршаның ұшар басынан қырғидың ұясын көреді. Бұны ол маған айтып келді де, түнде екеуіміз сол алаңға барып, ел аяғы әбден басылған кезде, балапанды ұядан алып қайттық. Сөйтіп оны да балконда біраз асырағанымыз бар.

Дәуреннің осындай әңгімелері көп еді. Мен оны тыңдаған сайын Елдосты бір көрсем деп ынтыға түсетінмін.

Ақыры, міне, көрдік, әңгімелестік, сырластық. Алдымызда  Ақкөл жатыр көсіліп, Жайылма жатыр жайылып.

– Аға, – дейді ол. – Осы жаққа мені қай құдіреттің күші айдап әкелді дейсіз? Қиял қуып, романтика аңсап жүрген біреу дейсіз бе? Жоқ, ондай жастан кеткенмін. «Пәлен жерде бақыр  бар» деп, басы ауған жаққа жүріп кететін адамыңыз  да мен емеспін. Ендеше неге келдім мұнда мен? Мақсат көп, жоспар мол. Оның бәрін Сізге айтпай-ақ қояйын қазір. Кейін біле жатарсыз. Тек мына бір жайларды ғана сыр етіп көрейін.

«Сен де кеттің ауылдан,

Мен де кеттім ауылдан,

Ол да кетті ауылдан.

Осынымыз  ұят болды-ау,

Ұят болды-ау қауымнан»,

– деген Мұқағали-дың өлеңін білетін шығарсыз. Кешегі күні менің де әкем, менің де шешем кеткен осы ауылдан. Бірақ олардың басқалардан  айырмашылығы сол – еш уақытта ауылды ұмытқан жоқ, бізді де ұмыттырмады. Соның арқасында мына біз кішкентайымыздан ауылдың бүкіл болмысын бойға сіңіріп өстік. Қалай сіңірдік, не істедік, балалық шағымыз мұнда қалай өтті – оның бәрін Дәурен сізге айтқан шығар. Егер әрбір ата-ана  балаларын осылай тәрбиелесе, бүгінде тіл проблемасы, діл проблемасы дегендер болар ма еді. Жә, ол өз алдына әңгіме. Егер жеке басым, жандүнием  туралы айтар болсам, соңғы жылдары осы ауыл, осы дала туралы көп ойлайтын болдым. Әкем дүниеден өтерде айтып кеткен аманатын орындап, мәйітін еш ойланбастан осы жерге әкеліп жерледік, сонау Алматыдан, қыстың кезі қырауда. Неге? Бұл да біздің әулеттің ата-баба жерін асқан қасиет тұтқандығынан шығар. Жерге деген, елге деген махаббаттың құдыретінен болар. Сосын… ойлап  отырсам, бұл жерде нағашыларымыздан басқа ешкім қалмаған екен. Сонда қалай, ертеңгі күні Асылғазы  әулетінің мұндағы орны мүлде бос қалмақ па? Әкемнің әруағы бұған ренжімей ме? Санамды сарытап өткен осындай ойлардың соңы мені ақыры Ақкөлден бір-ақ  шығарған, аға. Мені деймін-ау, дұрысында Динара екеуімізді. Оның да туып-өскен отбасы алыста, Қапшағайда қалды. Бір сөзбен айтқан да, ол да қаланың қызы. Обалы нешік, қайда барамыз, неге барамыз деген жоқ, бәрінен де сонысына ризамын. Енді міне кішкентайымыз бар. Осы жерде туған, нағыз Ақкөлдің қызы сол шығар.

Алдымызда Ақкөл жатыр көсіліп, Жайылма жатыр жайылып. «Асылдан қалған тұяқ-ай?» деймін іштей күбірлеп.

Иә, асылдан қалған тұяқ қой ол!..

2004 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo