Гоголь туралы естеліктер

«Николай Васильевич Гогольдің туғанына 175 жыл»


Аударған – Дидахмет Әшімханұлы,


Қазақ әдебиеті, 1984 жыл.


Гоголь туралы естеліктер


«Біз бәріміз де Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз». О баста әдебиет
аясында дүниеге келгенмен кейін жалпы халықтық афоризмге айналған
осынау сөздің астарынан замандастарының Гогольге деген ұлы махаббатын,
оның құдіретті талантына барлығы бас игенін, бас ие отырып ұлы жазушыны
ұлы ұстаз да тұтқанын байқауға болар еді. Бұны біз ол туралы жазылған
замандастарының естеліктерінен де көреміз. Бұл естеліктердің құндылығы
сонда – жазушының жеке өмірі мен творчествосынан тың деректер беруімен
қатар оның сан қырлы талантын да танытатындығында. Гоголь бұларда өз
шығармасын ғажап оқитын «актер», қол жазбасымен қолына сүйел
шыққанша жұмыс істейтін талғампаз «редактор», сұлулықты жан-тәнімен
сүйетін тамаша эстет. Естеліктердің және бір тағылымы – біз олардан сол
уақытта Гоголь төңірегіне топтасқан XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің
алыптары: И.С. Тургенев, В.Г. Белинский, А.С. Пушкин, сахна саңлағы М.С.
Щепкин өмірлерінен де қажетті мағлұматтар аламыз.
Туған әдебиетіміздің бүгінгі бір өкілі айтқандай, «ұлылар туралы көп
айтып, көп жазудан гөрі, олардан үн-түнсіз үйрене берсек» деген ниетпен
бүгін біз оқырмандарға Гоголь туралы замандастарының бірер естелігін
ықшамдап таныстыруды жөн көрдік.


И.С. ТУРГЕНЕВ.


ГОГОЛЬ


Мені Гогольмен таныстырған марқұм Михаил Семенович Щепкин. Дәл
қай күні екені де есімде: 1851 жылдың 20 октябрі еді. Ол уақытта Гоголь
Москвада, Никитинскийдегі… граф Толстойдың мекен-жайында тұратын. Біз
түс мезгілінде келдік: ол бірден қабылдады.
Щепкин екеуімізді көрген бойда ол жарқын жүзбен алдымыздан шықты
да, менің қолымды қысып тұрып: «Бізге баяғыда танысу керек еді» деді.
Жайғастық. Мен онымен кең диванда қатар отырдым да, Михаил Семенович
біздің жанымыздағы креслоға тізе бүкті. Мен оның бет-пішініне қадала көз
қададым. Самайынан салбырай түсіп тұрған ақсары шашы… жастық өңін әлі
де жоғалта қоймағанын, бірақ біраз сиреп қалғаны байқалады; кең де
«қақтаған ақ күмістей» маңдайынан бұрынғыдай ақыл иісі аңқып тұрғандай.
Кішірек қой көздері бірте-бірте көңілді ұшқындай бастады; ия, мысқылмен
емес, ол шын көңілден ұшқын атқандай еді, дегенмен, осы көзқарасының
өзінен оның қажығандығы да сезілген… Гогольдің бет-жүзі мен қимыл-
қозғалысы оны профессордан гөрі провинциялық институттар мен
гимназияда сабақ беретін мұғалімді көбірек еске түсіре берді. «Ақылың
асқан, мінезің ғажап, өзің сырқат қандай жансың сен!» деп ойладым мен оған
қарап отырып.
Гоголь сергек сезіммен әр сөзін шегелеп, әуезді ырғақпен ұзақ сөйледі;
сөздерінің соншама салмақты, әсерлі болғаны сондай – үнімен мысқалдай да
жасандылық білінген жоқ. Сөйлегенде «о»-ға екпін түсіріп отырғанмен мен
одан орыстарға тосын естілетін кішіроссиялық басқада сөз ерекшеліктерін
аңғара алмадым; бәрі де құлаққа жағымды, ырғақты, нық та нығыз шығып
жатты. Алғашында маған ол әбден қажыған, жүйкесі тозған ауру адамдай
көрінген – кейін бұл ойымнан тез қайттым. Ол әдебиеттің маңызы туралы,
жазушының өз шығармасына деген жауапкершілігі жөнінде шешіле сөйледі;
творчестволық жұмыс барысымен, егер осылай атауға мүмкін болса,
шығармашылық физиологиясындағы кейбір нәзік те нанымды мәселелер
төңірегінде ой қозғады. Бұның барлығы образды тілмен, өзіндік
ерекшелікпен және, өз байқауымша, күні бұрын дайындап қойған сөздерін
ақтара төгіп бедел алатын кейбір шешендер сияқты емес, оның ой-өрнектері
табан сәтте өріліп отырды. Тек ол цензура туралы әңгімелегенде, оны сәл де
ақтамайтынын, сәл де жақтамайтынын білдіріп, жазушыға ептілікпен қоса
іштен шыққан дүниесін қорғай білу керектігін айтқанда ғана ол маған
бұрыннан дайын арсеналын пайдаланғандай көрінді. Гогольдің осындай ой
толғаныстарынан өз «Жазбаларындағы…» шырқау биікке көтерілген
тұстарының шалығы өзіне де тигенін анық байқауға болатын еді. Жалпы мен
Гоголь екеуіміздің өміртанымымыз арасында түпсіз терең шыңырау
жатқанын сезе бастадым. Бір нәрсені екеуіміз бірдей жек көргеніміз де,
немесе бір дүниені екеуіміз бірдей ұнатқанымыз да білінбеді; бірақ мен ол
сәтте ештемеге мән бергем жоқ, оның кейбір сөзіне іштей келісе бермесем де,
алдымда ұлы жазушы, суреткер отырғанын естен шығармай, әңгімесін аса
ыждаһатпен тыңдадым.
…Гоголь «Ревизорда» ойнайтын актерлер «дауыс мәнерлерін жоғалтып
алғанын», сондықтан қойылымға көңілі толмайтынын айта келіп, оларға
пьесаны тұтастай өзі оқып беруге дайын екенін білдірді. Щепкин осы сөзден
ұстай алды да, қашан, қай жерде оқу керектігін бірден белгіледі.
Екі күннен соң Гоголь тұратын үйдің үлкен бір бөлмесінде «Ревизор»
оқылатын болды. Оған қатысуға маған да мүмкіндік туды. Сол күні ол тура
ауру адам сияқты көрінген. Бірақ, оқуға кіріскенде аздап сергігендей болды.
Жүзіне қан жүгіріп, көздері жайнап, нұрлана түсті. Гогольдің оқуы ғажап еді,
оны тыңдауымның алғашқысы да, соңғысы да осы болды. Диккенс те ғажап
оқитын адам ғой, өз романын ол оқымайды, ойнайды десе де болғандай;
оның оқуы таза драмалық, тіпті сахналық дер едім; ол жалғыз өзі бір
жылатып, бір күлдіретін бірнеше шебер актердің қызметін атқарар еді. Ал,
Гогольдің оқуы, керісінше, өте қарапайым да ұстамды мәнерімен, кейде
маңғаз, кейде тіпті сәби мінез шыншылдығымен мені таң қалдырды. Сол
сәтте ол өзін біреулердің тыңдап отырғанын да ұмытып кетеді екен. Меніңше
Гоголь мұндай мезетте тек шығарма табиғатына қалай да тереңдей кіру мен
қалай да оны шынайы беруді ғана ойласа керек. Бұл оқудың әсерін айтып
жеткізу қиын, әсіресе комедиялық, юморлық тұстарында рахаттана, шаттана
күлмеске шараң қалмады; ал осы жұртты күлкіге көміп отырған адамның өзі
ештемеге селт етпей, шығармасына іштей ризашылық еткендей, оқыған
сайын ширығып, сергіп, серпіле түскендей еді; тек кейде ғана езуі мен көзі
төңірегінен болмашы мысқыл байқалып тұрды. Гоголь сонша бір аң-таң
кейіппен, сонша бір таңданыспен Дуанбасының екі егеуқұйрық туралы:
«Келді, иіскеді, бірақ тиіспеді!» деген әйгілі фразасын оқыды да, осы
қызықтан не түсіндіңдер дегендей бізге ұрлана қарап қойды.
…Жүрегім елжіреп бір рахат күйде отырдым; мен үшін бұл – нағыз
бақытты шақ еді.


Н.В. БЕРГ.


ЕРЕН ЕҢБЕК


Гоголь әдетте өзінің қалай жазатыны және қандай тәсілмен жазғанды
оңды көретіні жөнінде бірде маған былай деген еді.
«Алдымен, ұнасын-ұнамасын, мейлі сығар суы көп болсын,
ойыңыздағының бәрін дәптерге батыл түсіріп алыңыз да, сосын оны
ұмытыңыз. Кейін араға бір ай, екі ай, кейде одан да көп уақыт салып, баяғы
жазғаныңызды қайта оқыңыз; сонда сіз көп жерінің көңілден шықпағанын,
бір сөзінің артық, бір сөзінің кем екенін көресіз. Оларға түзетулер жасап,
қағаз шеттеріне белгілер қойып, дәптерді тағы да тастаңыз. Қайта қараған
кезде қағаз шетіне қайта белгілер түседі; жазар жер жетпей жатса, бүйіріне
жеке қағаз желімдей беріңіз. Өстіп өңделіп-жөнделіп біткен соң, дәптерді
тұтастай тағы көшіріп шығыңыз. Сол уақытта әлі де түзету, түрлендіру,
қысқарту, қосу қажеттігі өзінен-өзі-ақ көрініп қалады. Бұрынғылардың
орнына міндетті түрде жазылуға тиіс, бірақ, неге екені белгісіз, кезінде ойға
оралмаған кейбір сөздер де енді жарқырап шыға келеді. Бұдан соң дәптерді
және жылы жауып қойыңыз. Сапар шегіңіз, көңіл көтеріңіз, ештеме істемейақ қойыңыз, немесе, тіпті басқа бір дүние жазыңыз. Баяғы дәптерді еске
алудың сәті өзі-ақ туады; қолға алыңыз, қайта оқыңыз, бұрынғы әдіспен
түзетіңіз, ол алғашқыдай шимайға толған кезде өз қолыңызбен және көшіріп
шығыңыз. Бұл жұмыс үстінде сөз, сөйлемдеріңіз ғана ширап қоймай,
қолыңызға да қан жүгіріп, әр әріпті нық, батыл жаза бастағанын байқайсыз.
Меніңше, осылай сегіз рет жұмыс істеу керек. Баз біреулерге бұл – көп
шығар, енді біреуге аз болар. Мен өзім қолжазбаммен сегіз рет жұмыс
істеймін. Тек сегізінші рет өз қолыммен көшіргеннен кейін ғана шығармам
шын мәнінде көркем жазылып бітті, асылдан алқа тақты деп білемін. Одан
әрі түзетулер мен өңдеулер, суретшілер айтқандай, «бояймын деп,
божыратып» алғанмен бірдей. Әрине, үнемі өстіп еңбектену мүмкін емес
және мүмкіндік те бола бермейді. Мен тек идеал жөнінде ғана айтып
отырмын. Кейде одан ұтылатын да кезің бар. Адамның аты адам, машина
емес».
Гоголь әжептеуір әдемі де айқын жазушы еді. Көп ретте үлкен форматты
почталық ақ қағазды пайдаланатын. Мұндай қағазға ол әдетте әбден
өңделген, ең соңғы жөндеуден өткен дүниесін ғана түсіретін.


Д.А. ОБОЛЕНСКИЙ.


ГОГОЛЬ ҚАЗАСЫ


1851 жылы күзде мен аз күн Москвада болғанымда, алдымен Гогольге
соққанмын. Көңіл-күйі көтеріңкі екен. «Өлі жандардың» жұмысы қалай
жүріп жатқанын сұрап едім, ол маған:
– Ертең кешкі сағат сегізде келіңіз, оқып берейін, – деді.
Ертеңінде, әрине, тура сағат сегізде Гогольде болдым; менімен бірге
шақырылған А.О. Россет те осында екен. Гоголь өзіме жақсы таныс
портфельден недәуір қалың дәптерді алып, стол жанына отырды да, жұмсақ
ырғақпен «Бірінші бөлімін» баяу оқи бастады.
Гоголь оқуы мені қайран қалдырды, ол әр сөзін ап-анық айтуымен қатар,
үнін жиі құбылтып, түрлендіріп, ең нәзік ойларына дейін түсінікті жеткізуге
күш салып отырды. Гоголь кейіпкерлер диалогын ешкімге ұқсамайтын,
ешкім ұқсата алмайтын үнмен оқыды. Суық шайды сораптап қойып, терезе
жанында отырған жатып ішер Тентетниковтың енжар, еріншек болмысын
бейнелеу үстінде сақал-мұрты қырылмаған буфетші Григорий мен кілтші
әйел Перфильевнаның аулада қырық пышақ боп қырқысып жатқан сәтін
оқығанда, шындығында да осы көрініс терезе сыртында жүріп жатқандай,
олардың айқау-шуы бізге де естілгендей сезілді.
…Граф А.П. Толстой маған Гоголь өзінің «Өлі жандарын» қалай жазып
жүргені жөнінде мынадай әңгіме айтқаны бар. Толстой Гоголь бөлмесінің
тұсынан өтіп бара жатқанда, ол есікті тас қып жауып алып, әлдебіреулермен
әңгімелескендей өз-өзінен сөйлеп отырғанын талай естіпті. Мұндай жұмыс
іздерін Гоголь қолжазбаларынан айқын көресіз. Әр кейіпкер сөзі бірнеше рет
өзгергенін, өзгерген сайын табиғи бояуы құлпыра түскенін байқайсыз.
…Гоголь оқып біткен соң:
– Ал, не айтасыздар? – деп бізге сұраулы пішінмен қарады.
Жоғарыдағы әсем көріністер мен тамаша табиғат суреттері өңін аша
түскен бірінші бөлімнен қатты әсер алған мен, әсіресе, мұндағы көркем
кестелердің өте ұнағанын, бұған дейін бірде-бір суреткердің табиғат бояуы
маған осындай әсер етпегенін айттым.
– Бұған мен қуаныштымын, – деді Гоголь. Сосын қолжазбасын бізге
берді де, кейбір тұстарын дауыстап оқуымызды өтінді.
…Гогольдің қазасы біздің әдебиетімізді жер дүмпуіндей дүр сілкіндірді.
Барлық газеттер мен журналдар Гоголь туралы мақалаларға толып кетті. Бұл
– Гогольді бұрыннан-ақ либеральдық партияның туы немесе көсемі деп біліп,
оған күдікпен қараған цензура басқармасын қатты әбігерге түсірген еді.
Әсіресе, сол уақытта С.-Петербург оқу округінің қамқоршысы болып жүрген
Цензура бас басқармасының председателі Мусин-Пушкин Гогольге тым
қатаң қараған.
Цензорлерге Гоголь туралы материалдарды аса сақтықпен қарау
тапсырылды да, кейін, тіпті ол жөнінде мүлде жазғызбауға бұйрық берілді.
И.С. Тургенев 1852 жылы 13 мартта «Московский ведомосте» жариялаған
қысқа ғана мақаласында Гогольды «ұлы жазушы» дегені үшін ерекше
бұйрықпен Петербург түрмесіне жабылып, екі апта отырып шықты. Ең
соңында баспасөздер Гоголь есімін атаудан да сескеніп, оның орнын «белгілі
жазушы» деген сөзбен ауыстырып жазатын болды.
…Ол кезде Петербург ақсүйектері орыс әдебиетіне өте енжар қараушы
еді, сондықтан олар Гоголь қазасына да қыңқ еткен жоқ.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo