БӘКЕҢ

Бәкең туралы әңгімені сағынып жүремін…

Бәкең туралы әңгімені әркім әдемі айтады-ау, бірақ дәл Омаш тай майын тамызып, айызыңды қандырып отыратын адам қайда?! Тышқан көздері жылтыңдап, бес тал мұрты жы бырлай бастаса болды, сезе қоясың – әңгіме Бәкең туралы. Бәкең туралы әңгімені тыңдамай көр сосын. Ау, Бәкең кім, Омаш кім дейтін шығарсың? Жөн-ақ!.. Бәкең – Омаштың туған ағасы. Омаш – отбасынан өрген жетеудің сүт кенжесі де, Бәкең – олардың тұла бойы тұңғышы. Жас шамалары… Оны Омаш айтады: «Бәкең туа салып, соғыс біткен». Ал Бәкең айтады: «Омаш шыр етіп жерге түскенде, жаңа ақша көрген». Яки, бірі – бейбіт күннің құрдасы, бірі – қазіргі жаңа ақшамен жасты. Ара лары сонда – ат шаптырым он алты жыл. «Айтасың-ау, өздері ағайынды болса, өздері жас жағынан тым алшақ тұрса, олар қалай бір-бірінің шашбауын көтеріп, қалай ым-жымдары жымдасып кетеді?» деп сенбейтіндер де табылатынын сеземін. Бірақ Бәкең мен Омашты көрмей, білмей тұрып олай деуге болмайды. Егер «бір биеден ала да, құла да туады» десек, ол бие бір рет ала, екі рет құла тууы әбден мүмкін ғой. Ендеше, екі ағайынды адам екі тамшы судай неге ұқсап тұрмасын? Және менің білуімше, жалпы, адамдарды ел мен жер, ру мен жүз, ағайын-туыстық табыстырмайды, ең алдымен оларды мінез сәй кестігі, сосын мақсат бірлігі қосады. Бәкең мен Омашты да, міне, осындай мінез бен бірлік қосқан да, қосақтап қоя берген. Оған алғаш мұрындық болған да Бәкеңнің өзі…

Әлі есімде, Омаш бірінші класқа барған жылы Бәкең үйленіп алған да, аудан орталығына көше жөнелген. Үйленген адам да, әрине, бала болады, баланы бағып-қағатын адам болады. Ол адамды қайдан табу керек? Бәкең әке болысымен салып-ұрып өзіміздің қара шаңыраққа келген де, монтиып отырған Омаштың қолына бес кәмпит, бес жаңғақ ұстата беріп: «Мына қара тышқанды маған беріңдер, оқытам, үйретем, адам қылам», – деген көкеме. Ол уақытта Бәкең, өз сөзімен айт қанда, «автошколада мұғалім», «мұғалімнің» қолынан бала оқытуға көкем қарсы болған жоқ, тәтем де кет әрі демеді. Сөйтіп, Омаш сегіз жасында «адам болуға» аттанып кете барған… Шындығында, оның «адам бола» бастағанын біз көп өтпей-ақ сезе бастадық. Үйге келген сайын бір мінезін көрсете ке теді. Қашанда қулана күліп, күлдіре сөйлеп тұрады. Құдды Бәкеңнің кішкентай көшірмесі секілді. «Тартпағырға тартар ма, аузына түкіріп қойғандай», – дейді көкем мырс етіп. «Бәкең түкірмесе де, түшкірмей тұра ма?» – дейді Омаш жылтыңдап. Кейін Омаш мектеп бітірген соң да Бәкеңнен сытылып кетпеген. Аттестатын көріп отырып Бәкең: «Молодец! – депті қуанып. – Тура өзімдікі сияқты. Тәртіптен – «бес», еңбектен – «бес». Шопырға сол да жетеді». Дейді де, Омашты «автошколаға» сүңгітіп жібереді. Одан суырып алып, өзімен бірге КРАЗ-ға қонжита қояды. Екеуі алыс-алыс сапарға бірге шығып жүреді. Бірге жүргенде тегін жүрмей, бір-бірінің қолтығына су бүркіп, бірбірін қолпаштай сөйлеп, «Сенбесең, Бәкеңнен сұра», «Өтірік де сең, Омаш куә» десіп, талайларды тамсантып қойып, қос жүй ріктің бауыры қыза-қыза түскен ғой. «Шіркін, дәуренай!» – деп ол күндерді Омаш қазір де өкінішпен еске алады. «Әттең, автолавка болмаса…» – деп Бәкең де кіржие қалады. Кіржиетін себебі… жә, бірден көңілсіз әңгімеге көшіп қайтеміз, алдымен Бәкеңнің сәл де болса түр-тұлғасын мүсіндеп алайық. Әйтпесе, өзі «Құр сөзден мені кім таниды?» деп мөңкіп-мөңкіп алмасына кім кепіл?

Бәкеңнің түр-тұлғасын мен елден ерек суреттемеймін. Өйткені ол да ел сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Ал ерекшелігі десе, есіме мына бір оқиға түседі де тұрады…

Өткен жазда ауылға барғанымда, Бәкең мені аудан шетіндегі аэропорттан қарсы алған. Жанында жылтың қағып Омаш жүр

екен. Қолымнан бұрын қос чемоданымды көтеріп алған Бәкең еңкейе беріп қылшықты жағымен бетімді жыбыр-жыбыр еткізген. Сүйетін шығар деп мен де жабыса түскем. Бірақ ол құлақ түбімді қытықтағандай:

– Мені өзің білесің ғой, – деген де, қақпа алдына қаңтарып қойған автолавкасына қарай адымдай ұмтылған.

– Бәкеңді өзің білесің ғой, сен дегенде жаны жоқ, – деп Омаш та мені соңынан дедектете жөнелген.

Бәкең адымдап барады. Біз жүгіріп келеміз. Серең-серең етіп жеткізбейді шіркінің, құдды аттыға ерген жаяудаймыз. Ол сол екпінімен машинасына бізден бұрын жеткен де, қос чемоданды кабина жанына қоя салды. Бұны не істейміз дегендей, Омаш оған сұқ саусағын кезеп еді, Бәкең:

– Алдарыңа алып отырыңдар, салмақ тең болсын, – деген жымиып.

Расында, кабинаның Бәкең мінген жағы сылқ етіп, түсті де кетті. Сосын чемоданды екі тіземізге қойып, қатарына біз отырғанда қайта түзеле қалған.

– Япыр-ай, Бәке, кем дегенде жүз килограмм бар шығарсың? – дедім машина қозғала бергенде. Бәкең ал кеп туласын, ер-тоқымын бауырына алып, ал кеп мөңкісін. Қалыңдау еріндері дүрдиіп:

– Ағайын деген осы. Бар болса – көре алмайды, жоқ болса – бере алмайды. Берсе де, жырым-шеттіктеп бір пұшпағын өзіне жырып қалады, – дейді газды баса түсіп.

– Ау, Бәке, не болды? Артық-ауыс не айттым со құрлы? – дей мін абыржып.

– Артық айтсаң, бүйтіп жаным күйе ме? Мәселе кемітуде болып тұр ғой.

– Нені кеміттім? Қашан кемсіттім?! – деп мен де өре тұрдым.

– Әй, мынаған сен айтшы, мен осы қанша килограммын? – Бәкең енді Омашқа бұрылған. Омаштың көзі күлміңдеп маған қараған:

–       Қыста Бәкеңнің торы биесін етке өткізгенде, өзін де таразыға тартып жібергенбіз. Сонда жүз бес килограмм шыққан. Ал сен жүз дейсің. Ішпей-жемей бес килограмм еттен айырылып қалу оңай ма?

–       Жарайсың, қара тышқан! – Бәбең саба піскендей гүрп-гүрп күлсін-ау! Етін өзіне қайырып бергендей, Омаш та бүлк-бүлк етсін-ау… Бұл уақытта селоның желкесіне шығып қалғанбыз. Бәкең рульді қыса ұстаған күйі қос чемоданға көз қиығын тас тады да, машинасын кілт кіші жолға бұрып жіберді. «Ау, қайда?» дегенімді көзімнен танып үлгерсе керек:

– Үлкен көше жабық, – деп Омашқа көз қысып қалды. Екеуінің бір қулық ойлап келе жатқанын сезе қойдым. «Қап, – деймін өкініп, – үлкен көше бойындағы үлкен үйге алдымен баруым керек еді, енді сонау етектегі Бәкендікіне соқпай кетпеске лаж жоқ…»

– Таңертең Бекбаевты көрдім, Бәке. Семейден бүгін ғана келіпті, – деп осы сәтте Омаш әңгімені оп-оңай басқа арнаға бұра салды.

– Не дейді? Ашуы қайтып па өзі? – деп Бәкең селкілдей күлген.

– Не деуші еді? «Ағаңды сұйық деп естуші едім, бірақ дәл мұндай су жұқпас суайт екенін білгем жоқ» деді де, кете барды. Өңі қап-қара боп түтігіп кетіпті.

– Түтігетін жөні бар, – деді Бәкең. – Аудан мен аэропорт арасында алты күн жаяу салпақтап жүрсең, сен де жетісерсің.

– Күл, күл! Сен оған күлсең, жұрт саған күледі, сыртыңнан Судыр Ахмет дейді мысқылдап. Оны біліп жатқан сен жоқ, бір кәрі адамды сандалтып қойғаныңа мәз боласың жыртыңдап.

– Омаштың бес тал мұрты жыбырлай бастаған. Байқаймын, бұнысы – ағасына әлде ашуланғаны, әлде намыстанғаны. Бірақ оны елейтін Бәкең емес, ойлы-қырлы жерлерде машинкасымен қоса секеңдеп, әлі де рақаттана күліп отыр.

– Мен оны алдайын дедім бе? – дейді жайбарақат. – Бар жазығым – қарау байғұстың қара тиынын шығармай, қалаға барарда қасыма отырғызып алайын дегенім бе? Әрі-беріден соң обалын менен бұрын аптаның алты күні артына жер иіскетпейтін анау рабкоптың председателінен көрсін.

– Председательде жұрттың жұмысы қанша? Оларға құрғақ сөзбен қуырдақ қуырып жүретін сен емессің бе? – дейді Омаш. – Жалпы өзің күніне қанша адамға уәде бересің?

– Қаншасы қолқа салса, соншасына. Менде «болмайды» деген сөз болмайды.

– Ал соның нешеуін орындайсың?

– Сәтіне қарай. Маған пәлен адамға жақсылық жаса деген жоспар жоқ. Бір күнде бір адамның сауабын алсам, жетеді.

– Сол жақсылығың біреуден қайтып көрді ме?

– Мынау не дейді, әй, не тантып кетті, ей? – деп Бәкең Омашқа алара қараған. – Мен сонда біреуге бірдеңе істесем, қарымын күтеді екем ғой, ә? Ондай жақсылықтың түбі – жақсы боп көріну ғана екенін білесің бе сен? Қой, шырағым, мен ол сияқты жылуы жоқ жылтыр шапан жамылып көргем жоқ.

Бәкеңнің жаңағы жайдары өңі күрт күреңітіп, қалыңдау еріндері тағы дүрдие қалған. Ал Омаштың әлгінде ғана ағасына сынай қараған сығырайған көздерінде көңілді күлкі ойнап шыға келген. Тәңірім-ау, мыналар артист қой деп ойлаймын. Қас қағымда қалай-қалай құбылады?

– Жә-жә, мөңкімей-ақ қой, Бәке, мөңкіме. Қайтер екен деп қалжыңдасам, ер-тоқымың бауырыңа түсіп кетті ме, қалай? – Омаш Бәкеңнің күдірейген жонына қол салған. Ол арқасына сауысқан қонған аттай екі иығын құнжың-құнжың еткізді де:

– Төменірек… төменірек… Иә, сол жерді… жауырынымның астын бір-екі мытып жіберші… О-о, бәрекелді! Молодец, қара тышқан! – деді сәлден соң құрысы жазылып сала бергендей. Сосын баранканы бос жіберіп, құлаштай керіліп алды. – Енді сен мына Кәкенге айтшы, Бекбаевты қалай қатырғанымды!

Омаш алдымен жөткірінді. Жөткірініп алып жымиды. Жымиып отырып маған:

– Өткен аптада Бәкең шұғыл қалаға аттанбақшы болды, – деді. – Кімнен кім естігенін қайдан білейік, әлде Бәкеңнің өзі жағалай жар салып шықты ма, сол күні кешкісін үйге адамдар қаптап кеткен. Бәрінің қолында дорба-дорба ет, арқалап келген қапшық-қапшық картоп. Айтар сөздері біреу-ақ: «Қаладағы баламызға жеткізіп сал, Бәке». Бәкеңнің де айтары қысқа: «Шұрқ етпе». Мен ол сәлем-сауқаттарды автолавканың қуысқуысына тығып әлекпін. Сонымен түннің бір уақытында машинамыз «доңғалақты дүкеннен» гөрі самолеттен жүк тиеп алған вагонеткаға ұқсап шыға келген. «Жарықтық, ет дегенің ерте қызатын бәле ғой, таңсәріде тартып отырмасам, ыстық күнде ылжырап кетпесіне кім кепіл?» деп Бәкең жас ет толы дорбаларға қарап кәдімгідей уайым да қылған… Хош, сонымен ертеңінде таң бозынан жиналған Бәкеңді қажыға аттандырғандай бүкіл семьямызбен улап-шулап шығарып салдық. Өзі де бізбен қимай қоштасқандай, біраз жерге дейін кабина терезесінен қол бұлғап, қош-қош деп бара жатты…

– Сөйтіп жолдың шаңын бұрқыратып, зулап келе жатсам, көше шетінде біреу қарны қампиған қара сумкасын мықшия

көтеріп, бір жағына қисая жылжып барады екен, – деп Бәкең енді өз хикаясын өзі қыздыра жөнелді. – Қарасам, Бекбаев. Басында мыжырайған қалпақ, үстінде мыж-мыж қара плащ. Машинаны шиқ еткізіп тоқтай қалдым да, кабина есігін айқара ашып жіберіп, «Ау, құлқын сәріде құдалыққа барасыз ба, аға? Кел, отырыңыз, жеткізіп салайын» дедім әзілдеп. Бұрын автошколада шопыр кезімде де бір-екі рет таудан шөбін тасып бергенім бар еді, тағы да сондай қайырым күтті ме, ол жампаң қағып жаныма жетіп келді. «Аэропортқа апарып салшы, бауы рым, билет болса, қалаға ұшсам деп едім» дейді өзеуреп. «Аэропортты қайтесіз, міне, мен де қалаға кетіп барамын, қасыма отырып алыңыз» дедім шын пейілмен. Байғұс қуаныпақ кетті. Ұзақ жолда әңгімелесіп-шүйіркелесіп баратын адамды оп-оңай тапқаныма мен де ризамын. Тек ол қалбалақтап кабинаға ұмтыла түскенде «Тоқтай тұрыңыз, мен қазір бір минутқа рабкоопқа кіріп шығайын. Сіз село сыртындағы күре жолда күтіп тұрыңыз» дедім де, есікті сарт жауып, жүріп кеттім. Содан салып ұрып рабкоопқа келсем, председатель қыз: «Бәке, облпотребсоюздың бастығына бір фляга бал жіберуім керек еді, қазір екеуіміз омартаға барып қайтайық» демесі бар ма. Омартасы елу шақырым жердегі Қарашоқы деген қара орманды, сай-салалы таудың бір қойнауында еді. Жықпылы көп, соқпағы мол, жолы да тым қиын болатын. Бірақ бастығың айтса, бас тартасың ба, оның үстіне біздің Мәкештің, председатель қызды айтам да, маған деген көңілі белгілі ғой… – Бәкең газды баса түсіп, кеңк-кеңк күліп алды. – Сөйтіп екеуіміз тізе тиістіріп отырдық та, «шу, қарақұйрық» деп тартып кеттік алысқа. Жарықтық, күн де сол күні майдай еріп тұр еді. Жолай жорта ыстықтаған боп, шөлдеген боп, беліміз талды, аяқ ұйыды деп, тас бұлағы сылдыраған әдемі жерлерде қайта-қайта демалып, демалған жерде «Шөптің қалыңы-ай, гүлдің көбін-ай!» деп екеуіміз бірдей ұзағырақ тамсанып, таңданған боп, әйтеуір, не керек, Қарашоқыға түс ауа әзер тұмсық тіредік қой. Омарташы да құрақ ұшып қарсы алған. Обалы нешік, байғұстың мені көрсе жаны қалмайтын баяғы әдеті. Өйтетін жөні де бар. Бірде алыс жайлаудағы малшыларды аралап келе жатып, кешкілік үйіне соға кетсем, әйелін толғақ қысып, өзі қоса толғатқандай есік алдында безек қағып тұр екен. Жанымдағы екі қойшының әйелін автолавканың ішіне сүңгітіп жібердім де, қарны кабинаға әрең сыйған бейшараны ойбайлатып ауданға ала жөнелдім. Оны түн ішінде роддомға тапсырып, сыртқа шыға бергенімде, шар ете қалған баланың даусы да естілген. Сол сәтте құдды өзім босанғандай денем дел-сал тартып, тұла бойым біртүрлі жеңілдеп қалды десем, сенесіңдер ме? Иә, дәл солай болды. Жалпы, жаныңдағы адамның жаны қиналса, өз жаның да қыл ұшына ілінбей ме, тәйірі…

–       Сол жолы емес пе, автолавкаңнан екі жапон шәлісі жо-ғалғаны? – деді Омаш сөз арасына ши жүгіртіп.

–       Жә, қойшы, екі шәлі дегенің адам құны емес қой, – деп Бәкең қолын селсоқ сілтей салды. – Сол әйелді кейін роддомнан да өзім шығарып алып, баласымен үйіне жеткізіп салғанымда, сары сақал жаман Федям бір шошқасын алып ұрған да, кішігірім шілдехана жасаған. Шілдехана үстінде баласының құлағына «Сенің атың – Боря!» деп үш рет айқай салған. Онысы – менің атыма ұқсатқаны да. Өстіп мен орысқа да өкіл әке боп шыға келгенім бар. Ендеше, мен келгенде ол неге қуанбасқа? Қуанды. Қолтығымыздан демей жүріп, үйіне кіргізді. Мәкеш екеуімізге қатар орындық қойып, қақ төрге отырғызды. Сонан соң төргі бөлмеге басын сұғып жіберіп, «Маринька, знаешь, к нам какие гости пришли? Боря с супругой» деді. Мен күлдім. Мәкеш қыпқызыл боп кеткен. «Супругаң» емес екенімді айтсаңшы дегендей маған қарайды. Мен әдейі үндемеймін, қызыққа аяғына дейін батырғым келеді оларды… Қысқасы, мол дастарқан басында қызды-қызды әңгімемен қызыліңірді өткізіп, негізгі шаруаны тындырып, ал қайтайық десек… машинамыз оталсашы, әншейінде стартерге аяғың тиер-тиместе гүр ете түсетін мотор енді ыңырсып, бырқ-бырқ түшкірсін. «Грипует, да?» дейді бізді манадан айналсоқтап жүрген Федя. «Әй, сары сайтан, сенен бірдеңе келді-ау» деймін ішімнен. Өйткені бүкіл кеш бойы бізді қайтармастың қамын жасап баққан ол. Мотордың о жер, бұ жерін шұқылап байқайын десем, тас қараңғы. «Не істейміз?» деймін кабинада менің пиджагымды жамылып, жағасына мұрнын тығып отырған Мәкешке. «Осы пиджагыңның иісі жақсы» дейді ол. «Ау, Мәке, не істейміз? Машина жүрмеді ғой» деймін шынымен қиналып. «Жүрмеген машинаны итеріп барамыз ба, мен өзі тоңа бастадым» деп ол маған қарай қисаяды. Қисайған жаққа құлай салатын мен бе, «Тоңсаң, үйге кірейік» дедім оған жаным ашып.

–       Қап! – деп Омаш орнынан атып тұрғанда, кабина төбесіне басы тоқ ете түсті.

–       Отыр, әй, шошаңдамай! – деді оған Бәкең. – Мәкешті жеңге етейін деп пе едің? Бес балам мен қара кемпірімнен садағасы кетсін оның… Жаңа не айтып отыр едім?.. Иә, сонымен омарташының үйіне амалсыз түнеп, таңертең моторды оталдырып көрсем, бір басқаннан гүр ете түскені, бәтшағар. Сөйтсек, Федя жынды түнде свечаларды сулап қойған екен де… Түске жа қын аудан шетіне де іліктік-ау, әйтеуір. Іліге бере көргенім – кешегі Бекбаев жүгін сүйретіп, аэропортқа жаяу зытып ба рады. Соңынан қуып жеттім де, мән-жайды түсіндіріп, «Аға, жа райды, бір күннің ары-берісі жоқ, пенсиядағы адамға не асы ғыс бар» деп, ол келісе кеткен де, кері қайтқан. «Таңертең маған соға кет» деп Мәкеш те қимай қоштасқан.

–       Ертеңінде Бәкеңді біз тағы да улап-шулап шығарып салдық, – деді Омаш қуланып.

–       Иә, бұлар «қош, қош!» деп қалды да, мен тұмсықты раб-коопқа түзедім. Алдымнан Мәкеш аңырап қарсы алған. «Бәке, Казпотребсоюздан бір ірі бастық кеп қапты. Сен оны дереу Қасиетті қайнарға жеткізіп сал. Шаршасаң, сонда демал да, ертең қайт. Қалаға бүрсігүні жүрерсің» дейді. Амал жоқ, көзілдірік киген қасқа бас біреуді қасыма қонжитып алып, жиырма шақырым жердегі Арасанға зулай жөнелдім. Екпінімнен жел еседі. Өзен бойындағы өзекшелерді қуалай қашқан қара жолдың шаңын тоқымдай қағып келемін. Жолсерігім әлде мақау, әлде сақау сияқты. Ауық-ауық жүзіне көз жүгіртіп қоямын – нарттай қызыл шартабақ беті өрістен қайтқан біздің көк сиырдың желініндей тырс-тырс етіп сыздапақ тұр торсиып. «Ағасы, жол қысқарсын, әңгіме айтыңыз» деймін оған бұрылып. «Әңгіме айтатын сен кім едің?..» дегендей, ол шел басқан шегір көздерімен маған алара қарайды. «Айтпасаң, ішің кепсін!» деймін де, езуіме темекі қыстырып, шырт еткізіп шырпы тұтатам жайланып. Сол-ақ екен, әлгі мақау дегенім «Темекі тартпаңыз!» деп гүр ете қалмасы бар ма. «Сұраймын, өтінем» деген сөз жоқ, құдды баласына зекігендей бұйырады-ау тіпті! Қитығыма тисе, менің де қисая беретін мінезім бар ғой, «Аспанда жүрген бәле екенсің, мен сені жерге бір түсірейін» деп ойладым да, «Ағасы, ұзақ жолда темекі тартпасам, ұйықтап кететін әдетім бар, өткен жылы дәл осы жолда, дәл өзіңіз сияқты біреуді сөйтіп өлтіріп ала жаздағам… машина аударылып» деймін бетім бүлк етпей. Деймін де, теме кімді тарта түсем бұрқыратып. Ол тыржиып-қыржиып терезені аша бергенде «Ойбай, сквозняк!» деп баж ете қалам тағы да. Амалы құрыған месқарыным қою түтінге қақалыпшашалып, ақ жібек орамалымен аузы-мұрнын тығындай бере ді. Бұдан әрі жүйкесіне тимейтін де едім, машинамыз тау қойнауына тақаған сәтте «Тоқтат! Таза ауа жұтамын!» деген ол зілді үнмен. Тоқтаттым. Онымен бірге өзім де жерге түсіп, машина тетіктерін жағалай шұқып шықтым. Бәрі бабында сияқты. Сонан кейін кабинаға қайта отырдым да, «Ағасы, тормозды басайын, артқы шамға қарап жіберіңізші, жана ма екен?» дедім сыртта шіреніп тұрған месқарынға. Ол естісе де естімегендей, мелшиіп тұрды да қойды. Тегі, жаман шопыр жұмсаған жаққа жүгіріп кетуді намыс көрсе керек. «Жақсы, оны ар көрсең, одан зорғысын істетейін саған» деп ойладым да, сыртқа шығып, мотордың бір-екі свечасын босатып қойып, кабинаға қайта кірдім. Ол да кірді. Сосын өзімше «жүріп кетуге» ыңғайланып стартерді ышқына басып көремін – ма шина жаңа қайнай бастаған самаурындай «ыз-ыз» дейді де қояды. Өстіп біраз әлектенген болдым да, «Ағасы, алдынан барып бұрамасаңыз болмайды» дедім оған рукоятканы ұсынып. «Өзің бұра» дейді ол шытынап. «Жоқ, мен стартерді бабымен басып отыруым керек» деймін мен… Не керек, қинала-қинала көнді де, білік темірді жирене ұстап, жерге түскен. Ал кеп бұрасын сосын ыңқылдап! Ал кеп ышқынсын сосын ырсылдап. Танауын қорс-қорс тартып, ентіге дем алғанына дейін естіп отырмын. Өзі де қызыл шырайлы, етжеңді адам, әрі-беріден кейін мүлде қызылмай боп жінігіп, тұла бойы шып-шып терлеп, қан сорпасы шыға бастаған кезде кабинадан түстім де, манағы свечаларды орнына қайта келтіріп, «Жүріңіз, ағасы, ақауын таптым» дедім ақырын. Бұл «ақаудың» қайдан келгенін сезген ол шегір көзімен маған алара қарады да, теріс бұрылып кетті… Бұдан кейін жол бойына кідірмей, күн төбеден құлдырай бастаған шақта Қасиетті қайнардың төтесінен түскенбіз. Жолсерігім қоштасарда «Қыңырлығың қырық кісіге жетерлік екен, жігітім» деген. «Қытымыр кісіге қыңыр көрінетінім рас» деп мен де жүріп кеттім.

– Дұрыс емес, Бәке, – деді Омаш қабақ түйіп. – Үлкен адамның бір ірілігін көтере салсаң қайтер еді?

– Рас, менікі қателік шығар. Бірақ меніңше, мұндай қателіктің де кейде пайдасы бар. Мәселен, дәл жаңағы месқарынға. Кейде сондай мінез көрсетіп қойсаң, тәубасына келіп, маңайын барлап, дүниеде өзінен басқа да адамдар барын сезініп, аяғын абайлап баспасына кім кепіл? Егер оларға сен үндемесең, мен үндемесем, әбден басымызға шығып алмай ма? Жә, оны қойшы, ертеңінде тағы мынадай қызық болған. Күн көтеріле машинамды жолға бұрғаным сол – он шақты адам алдымды кескестей берсін. Олар санаторийдегі мерзімдері бітіп, орталыққа жетіп алуға бес күннен бері көлік таба алмай сенделіп жүрген емделушілер екен. Жуықта ғана товардан тазартып тастаған автолавканың есігін шалқасынан ашып, «Отырыңдар» дедім бәріне. Олар бірінен соң бірі ішке секіріп кірді де, артынша сыртқа қайта лап берді. «Ау, не жетті?» десем, «Иіс!» дейді мұрындарын тыжыртып. Жұрттың қаладағы балаларына беріп жіберген дорба-дорба жас еті сонда ғана есіме түскен. Есікті сарт жаба салып, зу ете түстім. «Қап, әттеген-ай! Қап әттеген-ай! Иелеріне енді қай бетіммен көрінем?» деймін жүзім өртеніп. Ол ұялғаным да ештеңе емес екен, сол күннің ертеңінде – бесінші күн дегенде – қалаға аттанып бара жатып, көше ортасында баяғы Бекбаевты көргенде жерге кіріп кете жаздадым: «Отыр, аға, кеттік» деппін аузыма басқа сөз түспей. «Жо-жоқ, шырағым, мен самолетке барайын, самолетке» деп ол алды-артына қарамай қаша жөнелген… Солай, жігіттер, жаман ағаларыңның суайт атанып жүріп жатқан жайы осы.

Бәкеңнің әңгімесі бірсыдырғы күлкілі көрінгенмен, Омар екеуіміз езу тарта алмадық. Жүрегіме жіңішке тікен қа далғандай, оған деген бір аяушылық сезім де көкірегімді қытықтаған. Таң бозынан тауық қонақтағанша төрт доңғалақты ой мен қырға дөңгелетіп жүретін осы ағайымның өрге домалаған өз тасы қайсы? Осыдан үш жыл бұрын үстінен көрген ақсұр костюм әлі иығынан түспепті. Оның да етек-жеңі қырқылып, әр жері теңбіл-теңбіл сарғайып, майсіңді жағасы қара қайыстай жылтырайды. Бірақ қай уақытта көрсем де тірлігіне риза, мен шаршадым, мен қажыдым деп ғұмыры мұңын шаққан пенде емес. Қырықтан асты демесең, өңі де әлі жап-жас, кере қарыс маңдайында бір сызат, қайратты қара шашының бір тал ағы болсашы. Мүмкін, бұл біреуден озайын, біреуден асайын демейтін, күйкі тірлікте босқа күйініп, текке жүйке тоздырмайтын кеңдігінен, молдығынан болар. Мүмкін, нағыз бақытты адам да осы шығар…

Машинамыз село шетіндегі көк қақпалы үйдің алдына тұмсық тіреген. Бәкеңнің үйі осы еді. Есіктен жүгіріп шыққан екі үрпекбасты ол екі қолтығына қыса салды да, адымдай басып ішке беттеді. Табалдырыққа тәлтиіп тұрған екі жалаңбұтты және көтеріп алды. Қараймын – жоталы, төбелі кішігірім тау үйге қарай қопарылып барады. Оның мойнындағы, қойнындағы балапандар шиқ-шиқ етіп мәз, шіркін. Құдды әкелері қажыдан қайтқан секілді.

– Сәнім! Ау, Сәнім! Міне, қайның келді қаладан, – дейді Бәкең күркірей дауыстап. – Базарлығымды алдымен жеңешеме берем деп үйіне де соққан жоқ.

Дәлізде күртесін шешіп жатқан Омаш мырс-мырс күледі. «Әй, қулар-ай! – деймін ернімді тістеп. – Жап-жарық күнде ортаңғы көше неге жабық десем…» Амал жоқ, қаладан қа рындасыма алып шыққан ақ шайы ормалды тобылғы торы жеңгемнің иығына жаба салдым айқара. Онымен де құтылмай, кішкентай жиендеріме деген қымбат кәмпиттерді Бәкеңнің сумұрындарына уыс-уыс ұстатып жатырмын.

– Болды, әй! – деді Бәкең чемодан түбі тықырлап қалған кезде. – Ана «батондарыңды» Әзекеңе қалдыр. Тіске жұмсақ қой, малжаңдатып отырсын.

Әзекеңі – менің әкем. Мен ғана емес – Бәкең мен Омаштың да. Әкені де құрдасындай қағытқан бұл сығырдан не сұрайсың?

– Қой, жол ортада тонап алды деп шешеңе жылап барарсың, мен де саған бір жылтырақ жабайын, – деп Бәкең ту сыртындағы қара шифоньерге бұрылды да, ішінен әлденені іздей бастады. Ұзақ іздеді. Сөрелерге умаждап тыға берген көйлек-көншек, киім-кешекті іннен топырақ шығарғандай жерге топырлатып түсіріп жатыр. Еден шаң-ау, кірлейді-ау деген ой қаперіне кірер емес. Беторамалдай бырысып қалғаны болмаса, сусып жатқан дүниелер су жаңа екені көрініп тұр, шифоньерден құ ла ғанда этикеткалары жалбыр-жалбыр етеді. Тегі, Бәкең автолавкасындағы жарты байлықты үйде сақтайтын болса керек.

– Қолапайсызға қор болған қайран товар! – деп, Омаш оларды бүкшеңдеп жерден жинап жүр.

Бәкең не заматта қабат-қабат, бума-бума «шұрым-бұрымның» арасынан көк шибарқыт костюмді суырып алды да, алдыма тастай салды.

–       Ки! – деді ол шіреніп тұрып. – Алматыдағы атағың өзіңе, бұл жерде сені Бәкеңнің інісі дейді. Бәкеңнің інісі сәнді киініп жүрмесе, мен несіне Бәкеңмін?.. Несіне автолавка ұстап отырмын?.. Ки!

–       Киіп ал, – дейді Омаш та. – «Сіз жемесеңіз де ит жейді» дегендей, – сен болмасаң басқа біреу киеді.

–       Япыр-ай, ә!.. Бұның енді артықтау шығар, – деймін өзімше қысылған боп. Қысылғанмен қызығып тұрғаным тағы рас. Ақшасына таптырмайтын қу дүниең көз алдыңда құбылып тұрса, қалай көзің шырадай жанбасын?

–       Мені өзің білесің ғой… Сен келеді дегеннен осыны сары майдай сақтап отырдым. Әйтпесе, «Ақшасының үстіне әйелімді қоса берейін, сатшы» деп зар илегендер де болған, ақыры өзіңе бұйырды, мінеки…

–       Япыр-ай, ә! – деймін мен әлі де қипақтап. – Өз бала-шағаң да бар дегендей… Тиын-тебенін ал, ендеше…

Қалтамды қарманып жатып «Алмай қойса қайтемін?..» деп қиналамын… Жо-оқ, Бәкең бармақ басын жалап-жалап алды да, бір уыс ондықты асықпай санап шығып:

– Тағы бір сарықұлақ… – деп сұқ саусағын шошайтқан. – Сен тиын-тебен дейсің, бұл теңге ғой, шырағым, жүз сексен теңге ғой.

Омаштың екі иығы селкілдеп, теріс бұрыла берген. Үні көмейіне тығылып, шиқ-шиқ етеді бәтшағар. Кеудесінде гүрпгүрп саба пісіп, ақшасын санап Бәкең отыр масайрап.

–       Сен не, Кәкеңді де тонап алдың ба? – деді ас үйден шыққан жеңгем. – Көк тиындық құны жоқ дүниені ініңе сатқанға ұялмайсың ба, тегі?

–       Біз де сатып алдық қой… Біз де киіп жүрміз ғой, – дейді Омаш суланған көзін сүртіп тұрып.

–       Шұрқ етпе, бәйбіше, осындайда көмектеспеген ағайынның несі ағайын? – дейді Бәкең жайбарақат.

Ішім бір бәлені сезе қойды. «Жүз сексен теңгелік» шибарқыттың біреуін жазып, пиджагын шалқасынан жатқызып, шалбар балақтарын талтайтып қарасам… әй, бәлекет-ай, теңбілтеңбіл қызыл дақтар жағаны жағалай қуалап, етек-жеңге із қал дырып, сонау балақтан бір-ақ шығыпты. Мынаны үстіңе киіп шықсаң, нағыз ала шұбар жолбарыс болғандайсың.

– Бұл не? – деппін сасқаннан.

–       Киім, – дейді Бәкең.

–       Жоқ, мына теңбіл не? – деймін.

–       Вино, – дейді Омаш.

– Иә, вино, – деп, жеңгем де қостап қойды. – Осындай бес пар костюмді автолавканың астыңғы сөресіне тыға салған екен. Машина қатты шайқалғанда үстіңгі сөредегі бір жәшік «Кагор» құлап түсіп… сынып… Не болғанын көріп тұрсың ғой енді.

– Бесеуі де өстіп бүлінген бе?

– Иә, бесеуі де… Енді бәрін өзіңе «өткізгендей» іні-балдыздарына таратып беріп, шіреніп тұрған түрі осы ағаңның. – Теңбіл бұғыдан төртеу едік, сенімен, міне, бесеу болдық, – деп Омаш мені жұбатқандай арқамнан қағып-қағып қояды.

Осы мезетте ортадағы жарма есік қақ жарылды да, жылан терісіндей жылтыраған былғары плащ киген тәпелтек бойлы біреу тыпың қағып кіріп келген. Мойын жоқ, бел жоқ, кескен томардай екен, бәтшағар. Қабақтай қарнына қайыс белдік әзер жетіп тұр. «Колбаса, – деймін ішімнен. – Жарты кило ветчина!..» Өзін бір жерден көрген сияқтымын, бірақ есіме түсер емес.

– Ау, Тоқанбысың, ей?.. Қайдан жүрсің домаланып? – Бәкең орнынан қопарыла тұрған.

– Ассалаумалейкүм, Бәке!

– Ассалаумалейкүм, Кәке! – деп ол Бәкең екеуімізге қос қолын кезек ұсынды да, диванға жайғаса беріп, Омашқа:

– Халің қала-а-ай? – деген бастық дауыспен.

– Халім жақсы-е-е, – деді Омаш та дәл сондай дауыспен. Бұнысы – «менсінбейтін сен кімсің?» дегені еді. «Ветчина» оны түсінсе де сыр бермей, бірден бізге жылмаңдай жөнелді. Сөзіне қарағанда, обалы нешік, мені «сырттай мақтан тұтып, жерлесім деп жер-көкке сыйғызбай жүретін тілектес, тілеулес, ниеттес жанның» бірі екен. «Елге келсек, бір көрсем, бір сөйлессем, болмағанда қолын бір қыссам» деген арманы да бар екен. «Есіңде ме, баяғыда екеуіміз…» – деп мені есте жоқ ескі сүрлеуге де біраз жетелеп әкеткен. Бірақ жадыдан жұрдай болдым ба, есіме ештеңе түсер емес… Тоқан дейді?.. Тоқан?.. Ертеректе елді аралап, жүн-жұрқа жинап жүретін бір шидей арық жігіт бар еді. Соның да аты Тоқан сияқты еді. Бірде ол екеуіміз бір машина жүк арасына тығылып, аудан орталығына аман-есен жеткенбіз. Кейін тек екі апта бойы үстімнен шуаш иісі аңқып тұрғаны бар… «Япыр-ау, мынау сол Тоқан ба?..»

– Баяғыда осы сен ауыл-ауылдан жүн жинадың ба? – дедім мен тосыннан төбеге ұрғандай.

«Ветчинаның» үрген қарындай беті кілт күреңіте қалды. Түсіне қойдым – сол Тоқан. Ендеше оны «Ветчина» деп нем бар? Тоқанды – Тоқан деу керек. Мүмкін, қазір ол Тоқан да емес, Тоқаң шығар…

– Өй, сен де қайдағыны еске алып… Баяғыда кім не істемеген? Немістің Бальзак деген жазушысы былғары да илеген. Содан қор болды ма, әне, «Шегірен былғары» деген кітап жазды. Міне, Тоқаң да енді бір заготконтордың директоры, – деп Бәкең әңгіме қиюын оп-оңай жатқызып жіберген.

Бальзак туралы бұл «түсінікті» сәл түзетіп, сәл толықтырып жіберейін деп едім, Тоқан «жұмсақ жеріне» тікен қадалғандай жыбыршып, ыңырана сағатына қарап, жүйкеме тиіп-ақ кеткені. «Қойшы, жүн-жұрқа болмаса, Бальзак саған не керек?» дедім де, тілімді тістей бердім. Соның арасынша ол:

– Бәке, машинам бұзылып… қатты қысылып тұрғаным, – деп кенет мүләйімси қалған.

– Қайда? – деді Бәкең бастықтың басыбайлы шоферіндей.

– Мұқыр сайына, Жәнібек жайлауға көшпей тұрғанда бір қой алып келсек… Мына тұрған жер ғой.

– Ойбай-ау, «мына тұрғаның» не, біз білетін Мұқыр сайы ит өлген жер емес пе?

– Дегенмен, тәуекел етейік те, Бәке… Қатты қысылып тұрғаным… қонақ келіп…

– Қап, ә! Не істесем екен?.. – Бәкең қипақтап терезеге қараған. – Күн кешкіріп қалды дегендей… Менің де қонағым мынау…

Байқаймын – шын қиналған енді Тоқан емес, Бәкеңнің өзі сияқты. Біреуге күні түсіп отырғандай кере қарыс маңдайы шып-шып терлеп, манағы тау тұлғасы бір-ақ сәтте төбешіктей шөгіп, бір бейшара, міскін күйге түскендей. Тоқан болса, көнбегенде нең қалды дегендей, диванға шалқая шіренеді. Омаш енді ағасын аяп кетті ме, әлде Тоқанға жыны қозды ма:

– Біз кеттік! – деді де менің жүктерімді жұлқи көтеріп алып, есікке қарай беттеді. Мен де ілестім. Соңымнан: «Қап, ә!.. Не істесем екен?!» – деп міңгір-міңгір еткен Бәкеңнің аянышты үні келеді құлағыма.

Көк қақпалы үйден едәуір ұзағанша Омаш тіл қатқан жоқ. Менің де сөйлеуге зауқым болмаған. Есіме Бәкеңнің мана айтқан «қызық хикаялары» түсіп еді. Бірақ, неге екені белгісіз, оны еске алғанда, күлгеннен бұрын күрсінгенім көп еді. Тағы бір сәтте Тоқанның жылан терісіндей жылтыраған былғары плащы мен Бәкеңнің етек-жеңі қырқылған ақсұр костюмі көз алдыма келген…

– Өтірік! – деді Омаш әлден уақытта тістеніп. – Жалған!.. «Машинам сынып» дейді беті бүлк етпей, таңертең ғана көшеде қызыл «Жигулиімен» зулап бара жатқанын өз көзіммен көргем.

– Таңертеңнен бері қаншама уақыт өтті, сынса, сынған шығар…

– Сен де Бәкең секілді көлгірсиді екенсің. Жан баласын жаманшылыққа қимайтын оның тауып жүрген пайдасы әлгі ме? Мен бұл жердің итіне дейін қай бұтаға саритынын білемін… Жаңағы Тоқанға біреудің жанынан бес литр бензин қымбат, төрт доңғалақтың резинкасы артық. Мұқыр сайының жолы маған белгілі.

– Барма деп неге айтпадың жаңа онда?

– Айта-айта болғанбыз. Автолавканы жеке меншік арбасындай айдап жүргені бір бүгін емес. Кейде жолай кезіккен жаяу ларды жиып-теріп, лық толы товар ішіне тығып жіберетіні де бар. Көресің, түбінде осы мінезінен оңбай тұтылады ол.

– Сонда оны милиция ұстамай ма, путевкасын ГАИ тексермей ме?

– Бұл ауданда оны танымайтын ешкім жоқ, орысқа «Боря», қазаққа «Бәкең» боп кеткен адамды кім тоқтатады, кім жөнге салады?.. Милиция демекші, бұдан екі жыл бұрын, КрАЗ-да жүрген кезінде, ол милицияның өзін де қу тақырға отырғызып кеткен.

– Қалай? – дедім таңданып.

– Былай… – деді Омаш. – Күздің қара суық бір күні Бәкең көрші үйдегі милиция жігітке барады да, таудан шөп тиесіп келуге шақырады. Көрші ақысы қиын ғой, ол оп-оңай келісе кетеді. Бәкеңнің айтуынша, сонымен екеуі салып-ұрып тауға барсын. Тоғай шетінде шоқайып тұрған бір шөмеле шөпті лезде машинаға тиеп алсын да, ауылға қайтсын… Ал сосын ертеңінде суық сөз желдей гулесін… «Пәлен совхоздың пәлен деген жердегі шөбін біреулер шаңқай түсте сыпырып-сиырып кеткен. Бұл не деген масқара?! Бұл не деген жүгенсіздік?! Милиция не бітіріп отыр?!.» Әрине, ішкі істер бөлімі қол қусырып отыр майды, байбалам салған совхоз директорына Бәкеңнің көршісін қосып қоя береді. «Табамын! Құртамын! Жерге кіріп кетсе де желкесінен суырып аламын» деп ол қылмыс жасалған жерге желігіп жетіп барса… тақыр таза шөмеле орнында кеше Бәкең екеуінен қалған бір «жартының» шынысы жатыр мөлиіп… пішен жоқ!.. «Оңбаған екенсің! – дейді ол Бәкеңе қайтып келіп. – Сені адам деп, есекті мал деп жүрген менде ес жоқ!..» «Кім оңбаған екенін алдымен біліп ал! – дейді Бәкең де оған дүрсе қоя беріп. – Отыз жыл осы совхоздың отымен кіріп, күлімен шығып, арқа еті арша, борбай еті борша болған бір жесір әйелдің жылда шабатын жерін тартып алып, еңірегенде жасын етегіне толтырған мен бе, әлде сол совхоз директоры ма? Панасыз байғұс сонда шыр-шыр етіп сендерге барғанда, «Мемлекет жеріне аяғыңды аттап бассаң, акт жасаймын, құртам, жоям!» деп, оны қарадай қорқытып, үркітіп жіберген мен бе, әлде осы сен бе, жолдас лейтенант?!»

– Бәкеңнің мұндай да ерлігі бар ма еді?

– Бар, – деді Омаш өзіміздің үйге тақала бергенде. – Әйтеуір, жүрген жері қан базар, тек басы аман болса бопты да…

…Бірер күн көкем мен тәтеме көзайым болған соң, тағы да қайтуға жиналғам. Бұл жолы Бәкең мені аэропортқа шығарып салған жоқ. Омаштан естігенім – ол Мұқыр сайынан қайтарда машинасы аударылып, «шүкіршілік, тек тобығын ғана тайдырып» алса керек.

* * *

Арада алты ай өтпей, міне, тағы сол ауылда отырмын. Алтайдың арқа-басы жидіген осы лайсаң күзде ел деп еңірейтін жөнім жоқ еді, «Жағдай қиын, жылдам жет» деген Омаштың бір-ақ ауыз хаты бір-ақ күнде ит арқасы қиянға топ еткізген. Расында, ағайын-туған қатты абыржып отыр екен. Бәрінің салын суға ағызған – Бәкеңнің жайы. Жуықта ревизия болып, мың жарым сомы жетпей қапты. Өзі жұмыстан босаған. Ісі заңға тапсырылады деген де сөз бар. «Жан адам сезбей тұрғанда, жетпей қалған соманың тез орнын толтыра қойсаң, істі жымын білдірмей жауып жібереміз, тек тісіңнен шықпасын», – депті Мәкеш. Бәкең оны бүкіл ағайынға өзі жағалай жар сап шығыпты. Олардың тісінен шықты ма, шықпады ма, кім білсін, міне, енді төрт көзіміз түгел жиылып, төтенше мәжі ліс жасап жатырмыз. Бұл мәжілістің ерекшелігі сонда – қаралатын мәселеден бұрын қаулысы қабылданып қойған, ол: түтін басы – жүз сом. Түтіннен түтін озам десе және еріктері. Қысқасы, «Енді не істейміз? Қалай құтқарамыз?» дейтін қиын түйін шешілген, келесі әңгіме тек «Бұл өзі қалай болды?» деген сұрақ төңірегінде.

–       Осы бәлеге жолама, сауда сенің не теңің деп баяғыда құ-дайдың зарын қылдым, – дейді төр басында малдас құрып отырған көкем. – Жо-жоқ, тыңдамады. Жарты жылға жетпей бес жүз сом төлеп шыға келгенде, тағы айттым. Көтере алмас шоқпарды беліңе байлап қайтесің, таста дедім. Тыңдамады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген осы.

–       Сол уақытта мен де айттым, – дейді тәтем. – Бұл жолы биеңді сатып құтылдың ғой, келесі «ребезде» нең қалады, байғұс-ау дегем. Сонда бұл жазған «Оған дейін торы биенің құлыны да торы бие болып шыға келмей ме» деп күлген.

–       Айтпақшы, сол торы бие қайда өзі? Осындайда қызығын көрмейміз бе? – деп Бәкең өзінше қуланған болды. Бірақ өзінен басқа ешкім оған бүлк еткен жоқ.

–       Ол әлі бие емес, жабағы, – деді Омаш. Сонан соң қойнынан бір қоңыр дәптерді суырып алды да, маған ұсынды. – Мә, көр… Бәкеңнің саудасы – осы.

– Көргенде не түсінеді? – деп Бәкең мырс ете қалды.

Бірде сиямен, бірде қарындашпен сүйкетіп жаза берген неше түрлі шимайды, шындығында, адам түсініп болмайды екен. Дегенмен, кейбір адам аттары мен құжынаған цифрларды біртіндеп ежіктей бастадым.

– Дауыстап оқышы, не жазыпты бұл сайтан? – деп көкем маған қарай жылжыды.

–       Оқы, оқы!

–       Біз де тыңдайық.

–       Тек қалдырма бәрін, – деп отырғандар да шу ете түсті.

Ренжімейсің бе дегендей Бәкеңе қараймын. Ол сабазың сасар емес, үлкен бір шаруа тындырғандай миығынан күле-еп отыр. Ендеше, не тұрыс бар?

– «Тоқтамұрат – бір бөтелке… Бекболат – екі «қызыл»… Мұнира – бір панталон…»

– Іш киім десей!.. – Омаш қолымнан ұстай алған.

– Дұрыс. Өз атымен оқы. Оның бәрі ақша, әрқайсысының өз бағасы бар, – дейді Бәкең. Жеңгемнің жүзі қып-қызыл боп кетті. Мен «мәнерлеп оқуымды» одан әрі жалғастырдым.

– «Гүлғайша – бес пәшке шай… Үміт – жеті килограмм қант… Көксайдағы ақсақ кемпір – 20 сом… Ақшоқыдағы шұбар шал – 5 сом».

– Ау, бұларың кім? – Көкем Бәкеңе бажырая қараған.

– Кім екенін білсем, аттарын жазып қоймаймын ба?.. Ана ақсақ кемпірді сызып тастау керек, оның қарызын баласы төлеген. Ал шұбар шалдан қайыр жоқ, өткен айда шейіт бопты марқұм.

– Жә, таста әрі қағазын! – деді көкем ашуға булығып. – Өкіметтің дүниесін бұған сеніп тапсырған «рапкөпте» ес жоқ. Әттең, қолымда билік болса, сенен бұрын соларды айдатар едім шетінен. Бұ не деген берекесіз мекеме-ай, а?!

– Шай ішіңдер, суып қалды ғой, – деді тәтем жай ғана. Бірақ Бәкеңнен басқа ешкім кесеге қол созған жоқ, ақ бауырсақты аузына қос-қостан тығып, терлеп-тепшіп, құла шайдың қызы ғын көріп отырған сол ғана. Сәлден кейін дастарқан басындағылар томсырайып-томсырайып тұра бастады. Үнсіз есікке беттеді. Олардың арасында көтеріле сөйлеп, көңілдене дауыстап бара жатқан да жалғыз Бәкең.

– Таңертең дайын отырыңдар-ай! – дейді ол Омаш екеуімізге. – Тауға шөп шабуға барамыз. Тірі адам тіршілігін жасау керек…

* * *

Күн төбеден ауған шақ. Ауылдан ат шаптырым жердегі иен таудың иек астын жұлмалап, «тірі адамның тіршілігін» жасап жүрміз. Күнгей беттің күреңселі, қияқты шөбі шалғы жүзінде жапырылып, жал-жал боп сұлап жатыр. Жал-жал ғып сұлатып тастаған, әрине, Бәкең емес, мен емес – бір Омаштың өзі ғана, біз сүйретіліп жол ортаға жеткенше, ол етекке екі түсіп шығады да, шалғысын жанып-жанып алып, соңымыздан тағы өкше лей қуып отырады. Менің жайым белгілі, қалам ұстаған қолыма қара шаруаның шалғысы қайдан икемге келсін, ал Бәкеңе таңым бар – бүкіл ғұмыры шөппен араласып жатса да шалғыны жаңа көргендей, оны қайта-қайта Омашқа жанытып алатынын қайтерсің?..

– Баяғыда автошколада жүргенде, – дейді ол сосын көк майсаға көсіле отырып, – мұндай жұмысқа қол ұшым тиіп көрді ме? Курсанттарды қойдай иіріп әкеліп, шабындыққа шашып жіберсем… шөбім өзі шабылып, өзі жиналып, өзі үйіліп, қорамның қасында қопайып тұрғанын бір-ақ көруші ем, шіркін! Оны қоңыр сиырдың аузына уыстап салып, жапасын жерге түсірмей қағып алып, жарықтықты маймаңдатып суатқа апарып келетін де сол курсанттар еді. Ол уақытта отын-су да дайын, құдайым-ау, бұны кім жарады, кім жағады деген уайым бізде болды ма?..

Бәкең терең дем алды. Терең дем алды да, сол жақ аяғының қызыласық тұсын шұлық сыртынан ұзақ сипап отырды. Кешеден бері осы аяғынан аздап сылтып жүргенін де байқағам.

– Көктемде Мұқыр сайына барғанда… е, әлгі өзің келген кезде, тобығымды тайдырып алып, содан оңалмай қойғаны. Тегі, ішінде сарысу қалды ма, кейде өстіп сыздайды да тұрады. – Ақсұр шалбардың балағын түріп, шұлығын жайлап шешкенде… денем дір ете түсті. Тобық буыны көгеріп, күп боп ісіп кеткен. Мынадай аяқпен қалай жүрген десеңші! Неге екенін қайдам, есіме тағы жылан терісіндей жылтыраған Тоқанның қара плащы түскен.

– Нешауа, – деді Бәкең. – Түнде тұзды суға салып біраз отырсам, көр де тұр, таңертең құр аттай шабамын. Бастысы – бас аман болсын!.. Бәрінен мына шөпті айтсаңшы, қалай шабам, қайтып жинап алам бұны, а? Жылдағыдай көмектесе қоятын адам да көрінбейді. Кеше ескі достардың тамырын басып байқасам, маған деген жүректері әлсіз соға бастапты. Атаңа нәлет, автолавкада жүргенде «Бәке, Бәке» деп жылмаң қағып тұрушы еді, енді «Бәкен» дейді ауыздары қисаймай…

– Қайтпаймыз ба, Бәке? – деді етектен ентігіп жеткен Омаш. – Біз жаяулап жеткенше…

– Жаяулап неміз бар, трассаға шықсақ, көлік көп қой. – Бәкең шалғыларды шөп арасына жасырып жатып, бір шоқ мизамды құшырлана иіскеді. – Жарықтықтың иісі-ай! Кешкілік қоңыр сиырдың аузына төгіп тастасаң, жалмаңдар қандай күйсер еді?!. Оған енді автолавка қайда?..

–       Сен не, товармен бірге шөп те тасып па едің?

–       Адамның қасында шөп таза емес пе, – деді Омаш.

…Сап-сары күнбағыс алқабын қақ жарып өтетін қара жолға қарай асығып келміз… Сол жақ аяғын сүйрете басып, Бәкең де бізден қалысар емес, кейде тіпті шоқаңдап озып кетеді. Өзі көңілді. Қызық-қызық әңгімесімен Омашты да қыздыра түседі. Ол әңгімесінің бәрі «баяғыда автолавкада жүргенде» деп басталып, аяғы гүрп-гүрп күлкімен аяқталады.

– Есіңде ме, баяғыда автолавкада жүргенде… цейлон шайы… – дейді Бәкең қарқылдап.

– Есімде, бүкіл рапкоп тығып ішіп, тығып сататын сол шайдың қағазын сен автолавканың сөрелеріне түгел жапсырып тастағансың. Оны көрген малшылар «Япыр-ай, мұндай шай да бола ма?» деп таңғалған.

– Таңғалғаны түк емес, кейін Тұтынушылар одағының жиналысында олар «Біз «сәйлон» шайдың суретін ғана көреміз» деп шу шығарды емес пе…

Екеуінің әңгімесі өстіп жалғаса берер ме еді, кім білсін, кенет Бәкең:

– Әне… Әне, келе жатыр!.. Айттым ғой сендерге, трассаға шықсаң өлмейміз деп… Келе жатыр, әне! – деді де, алды-артына қарамай далбаңдай жөнелді. Құдды әкесінің алдынан құлдыраңдай шапқан бес жасар бала сияқты. Қазір көлікті өзі тоқтатып: «Көрдіңдер ме, мені бәрі таниды», – деп мақтанатын секілді менің Бәкем.

Жеңіл қызыл машина күнбағыстан әзер көрініп, шаңдата зулап келеді. Жолындағысын қоғадай жапырып Бәкең де оған шоқаңдап барады, шолтаңдап барады сол аяғын. Жолдың ойпаңға құлар тұсында әлденеге сүрініп, ұзыннан сұлап түсті де, тұрып алып тағы ұмтылды. Тобығы тайған аяғын ауыртып алды ма, кім білсін, ол енді маған сүйретіліп бара жатқандай көрінді. Бұл мезетте машина күнбағыс арасынан жарқ етіп бір көзге шалынды да, бүлк етіп, сай табанына түсіп кетті.

– Тоқан! – деді Омаш дауыстап. – Тоқан ғой мынау!.. Загот-контордың директоры ше?..

Машинамен бірге Бәкең де сайға бой жасырған. Қашқан түлкінің құйрығы қолға түскендей, біз енді құлан шабыстан бозінгеннің бүлкіліне басқанбыз. Бүлкілдетіп отырып жолдың желке тұсына шыға келсек… Төменде күнбағыстай басы салбырап Бәкең тұр… Жалғыз тұр. Өрттей қызыл машина батар күннің шуағына малынып, алыстап барады алаулап. Соңынан қара бұйра шаң борайды.

– Танымады, – деді Бәкең күмілжіп. – Байқамай кетті, – деді тағы күрсініп. – Аяғымның сыздап тұрғаны-ай! – деп сосын жол жиегіне сылқ етіп отыра берді.

Ол маған бір-ақ сәтте бүгіліп кеткендей көрінді. Ғұмыры қара нардай қайыспаған Бәкем болмашыға бордай босап бара жатқандай болды.

Дидахмет
Әшімханұлы