КІМДІ ҚАСТЕРЛЕЙМІЗ,
НЕНІ ҚАСТЕРСЕЙМІЗ?
Қаламдас інім Дидар Амантайға
Дидар! Менің сыншы ағам Баламер Сахариев: «Бас білетін өгізге «өк» деп айту – өлім» деуші еді. Сен басыңды да, жөніңді де білетін жігітсің ғой. Дегенмен сәтіне орай әдебиет, мәдениет, руханият жөніндегі кейбір ойларымды өзіңе білдіргенді жөн көрдім.
Әдебиетте әркім әрқалай танылады.
Біреу ерен талантымен, ерекше кабілет-дарынымен. Бұл жолда Ол бойындағы барын, қаны мен жанын аямайды, бір сөзбен айтқанда, бүкіл саналы ғұмырын әдебиет деген «ардың ісіне» арнайды. Өкініштісі сол – мұндай жанкешті жанның өмір жолы қашан да ауыр, өнер жолы тайғақты да тағдырлы. Бұдан да өкініштісі – хас талантты тануға келгенде әркезде тереңдегі інжуден гөрі жағадағы жылтырақты бұрын көретін қоғам мен адамды былай койғанда, ең әділ деген уақыттың өзі көп жағдайда әділетсіз. (Егер ол шын әділ болса, 60-жылдардың өзінде үш-төрт-ақ шығармасымен қазақ прозасының кайталанбас үлгісін жасап кеткен Ақан Нұрманов есімін бүгінгі ұрпақ та білмес пе еді).
Иә, әдебиетте әркім әрқалай танылады.
Енді біреу тақырып тапқыштығымен, жалпының талғамын жазбай тануымен. Бұл жағынан ол алдына жан салмайтын сұңғыла, жыланның жусағанын білетін тым сезімтал. Ортаң-қол оқырманның нені сүйіп оқитынын, нені жазса қаны жерге тамбай өтіп кететінін мұндай жазғыштар жақсы біледі. Өкініштісі сол – қай заманда қай елде болмасын, асыл мен жасықты ажырата алмайтын, әдебиетті тек қызықты оқиға деп қана білетін, жеңіл-желпі, көрді-жерді талғамай жұта беретін талғамсыз оқырман жеткілікті.
Енді біреу асқан пысықтығымен, өнерді өмір күресіне айналдырып жіберетін керемет өлермендігімен. Оның басымен қоса аузы, қолымен қоса аяғы, бәрі-бәрі де күндіз-түні тынымсыз, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрады. Ол үшін ар дегенің Армантаудың, ұят дегенің Қиялтаудын арғы жағында. Қызығы- сол – радио, телевидение, газет, журнал, концерт-зал, конгресс-хол… түп-түгел сол үшін қызмет етеді. Бітпейтін «презентация…» Таусылмайтын шығармашылық кеш… Алатауда кездесу… Қаратауда жүздесу. Ол ана сыйлықтың лауреаты, мына атақтың иесі… Таңқаларлығы сол – тобыр мен топты, қарасы мол көпті былай қойғаңда, дардай аты, дүмдей қызметі барлар да оның бірі шашбауын көтеріп, бірі шапанын арқалап жүреді.
Әдебиетте танылудың бұдан басқа да түрі көп, жолы мол… «Атың шықпаса – жер өрте»; алқалы жиын, ордалы ортада аузыңа келгенді сөйле; көре тұра ақты қара де; ардақтыға тіл тигіз, аруақтыны ғайбатта; тіпті болмаса өз ұлтыңа, өз тіліңе қарсы бірдеме деп қал…
Иә, әйтеуір әдебиетте танылудың тәсілі жетіп жатыр…
Бірақ, Дидар, сенің әдеби орта, қалың кауым арасында жақсы танылып қалуыңның жөні мүлде бөлек. Отыздың о жақ-бұ жағында көптің аузына ілігіп жүрсең, ол сенің ең алдымен үлкен еңбекқорлығың, соның нәтижесінде жан-жақты білім игеруге жетуің, сосын батыл ой, өткір пікір қозғай білуің. Қоғамға да, әдебиетке де бұл өте қажет. Жылдар бойы жамағаттың жадына берік сіңіп, тастай қатып қалған ұғым-түсініктерге жаңаша қарап, басқаша баға беруге ұмтылудың өзі құптарлық қана емес, қуанарлық жағдай. Біз қуансақ, сенің сол батыл қадамдарың мен басқаша ой түйетініңе қуанамыз. Қуана отырып, кейде ойланамыз. Ойланатын себебіміз: егер сенің наркескендей өткір ой-пікірлерің тек ұлт мүддесі, ұлт мақсаты төңірегінде түйінделіп жатса, жаңағы қуаныш та қуаныш емес, біз бөркімізді сонда аспанға лақтырар едік. «Міне, Дидар Амантай деген жаужүрек бір жас жігіт ұлт үшін туған екен, ұлт үшін жанын береді екен!» деп, біз сонда Құдайдан тек сенің амандығыңды тілеп отырар едік. Аллаға шүкір, қазақтың арғы-бергі тарихында ұлты үшін жанын салып, жалындап өткен небір аяулы жас болған. Соның бірі – жас жағынан сенің інің Сұлтанмахмұт. Ал сол Сұлтанмахмұтты Сұлтанмахмұт еткен – оның арманының асқақ биіктігі, ой-мақсатының аса ірілігі шығар.
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам,–
дейді ол өндірдей бала кезінде. Неткен арман! Неткен рух! Бәрінен де өз халқына деген сүйіспеншілікті айтсаңшы! Және бұл сүйіспеншіліктен ол өмір бойы айныған да емес. Батылдық, өжеттік, қайсарлық, талант – бәрі-бәрін де ол тек ұлты үшін жұмсағанын ешбір ұрпақ ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да.
Небәрі 33 жыл ғұмырын тек ұлты үшін жұмсап өткен, сол жолда артына өшпес із қалдырып кеткен, XX ғасырдағы ең өршіл жастың бірі – сенің тағы бір «інің» – Смағұл Сәдуақасов. Оның басқа еңбегін айтпай-ақ қояйын, 1929 жылы «Большевик» журналында (№1) жарық көрген «О националах и о национальности» деген мақаласын оқып көр! Оқып көр де, таразыға салып көр: қазіргі XXI ғасыр бедерінде «менен білімді, менен батыл, менен патриот кім бар» деп жүрген замандастарыңның қайсысы сол кезде отызға да жетпеген Смағұлдан артық екен? «Бұны маған несіне айтасыз, Смағұлдың заманы бір басқа, біздің заман бір басқа» дейтін шығарсың. Иә, әр заманның өзінің ерекшелігі бар. Сұлтанмахмұт пен Смағұл өмір сүрген уақытта қазаққа қарсы күштер көзге көрініп тұрған. Соған орай күрес те ашық болды. Ал қазір? Ең қауіптісі сол – біз қазір кімнің дос, кімнің қас, ненің пайдалы, ненің зиян екенін бәріміз бірдей біле бермейміз. Жасырары жоқ, ойлы көз, зерделі санамен қарасақ, сырттан бізге құшағын ашып келіп, қойнына пышақ жасырып жеткен дұшпандарымыз жоқ па? Саяси, рухани, экономикалық тәуелсіздігіміздің қай-қайсысына да қарсы жұмыс істеп жатқан, бұл жолда кез келген тәсілді әдемі пайдаланып, астыртын әрекеттің бәрін де оңтайлы пайдаланып отырған арам пиғыл, қара күштер аз дей аласың ба? Өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін олар кімдерді қармаққа ілмейді? Кімдерге шырға тастап, кімдерге сүйек лақтырмайды? Бұл сұрақтардың жауабына сен бас қатырмай-ақ қой, өз сезгендерім мен байқағандарымды өзім айтайын саған. (Тіпті қателессем де). Олардың шырғасына, шырмауына іліккен жоғарыда отырған шенеунік-көзқамандар туралы сөзімді шығын еткім келмейді, мені ойландыратын ойлы, зерделі, білімді, талантты жастардың жайы. Иә, менің байқауымша, қазіргі қазақ қауымын дәстүрлі мәдениет, ұлттық белгі, халықтық сипаттан біртіндеп ажыратып, түптің түбінде қазақ жерінде ұлтсыз мемлекет орнату мақсатында әлгіндей зымиян күштер ең алдымен бүгінгі ұлттың өз ұрпағын өзіне қарсы коюға ұмтылатын секілді. Ол үшін не істейді? Бірінші кезекте балағының биті бар талаптылар мен таланттыларды іздеп табады. Тапқандарын «сенен өткен мықты жоқ» деп астына көпшік тастайды. Сосын «тегін жатқан батпан құйрық» ұсынады. Ебін тауып шет елге жіберіп алады. Бар қаражатын өздері көтеріп, сол жақтан оқытып алады. Ұлттық бояудан ада, дәстүрлі өнерден тыс, қайдағы бір ағым қуған шығармаларын сатып алады, кітабы болса шығарып береді, тағысын тағы… Бұған алданған жастар біртіндеп өз топырағынан алшақтай береді. Өзі алшақтағанымен қоймай, замандас-тұстастарын да әртүрлі насихаттық жолдармен өз бағыттарына бас бұрғызады, итермелейді. Ақыр соңында бұл ауру, бұл ылаң қоғам өзегін кең кеулеп кетуі әбден мүмкін. Бұны мен Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, «қауіп еткеннен айтамын», әйтпесе, әзірге ұстап алған «шпионым» жоқ. Және… бұл сөзімді саған қарай бұрып та отырғаным жоқ, өйткені, күмән-күдікке басқаны қисам да, дәл сендей талантты, ойлы жігітті қимаймын.
Ендеше осы материалымды саған қаратып неге жазып отырмын?
Осыдан біраз күн бұрын «Мегаполис» газетінен (№ 40, 10 қазан, 2002) сенің сөзіңді тақырып етіп алған «Беда казахской литературы в иерархии!» деген сұхбат материалды оқыдым. Сол газеттің тілшісі, өзімнің тағы бір жақсы көретін талантты інім Жәнібек Сүлеев сенімен біраз әңгіме толғаған екен. Ол материалдан саған шүйлігетіндей аса бір мүйізі шығып тұрған дүние көріп тұрғам жоқ. Философия, әдебиет туралы ойларыңа біреу келісер, біреу келіспес. Бұның өзі заңды да. Дегенмен көңілге бір күдік ұялататын мұндағы кейбір мәселелер бойынша ойға ой қосу керек те сияқты көрінген. Бұл үшін де қаламға жармаспас едім, алайда қуырдақтың көкесін таяуда алақандай ғана газеттен көргенде, қай-қайдағымның қозып шыға келгені. Бұдан әрі үнсіз қалу мүмкін емес еді. Ол газеттің аты «Иассауи университеті». Иесі Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Мұндағы мақалаға сөз соңында тоқталамын, ал әзіргі әнгімені сенің «Беда…»-ңнан бастағанды жөн көремін. Өйткені, «Иассауи…»-дегі мақала – сенің «Беда…»-ңда сыпайылап айтылған ойды бүтақ сайын бұтарлап, түбір сайын түбінен жұлып, жойдасыз, имансыз түрде одан әрі жалғастырған екен.
«Мегаполистегі» сұхбатта сен сөзіңді әдеттегідей Камюден бастайсың. Әдеттегідей дейтінім, өз ой-түйіндеріңде бұрын да осы философ қаламгерді бірнеше рет алға тартқаның есімде. Несі бар, әркімнің бір құдайдай көретін адамы болады. Екіншіден, Камю ақыл-ойдың асқақ биігіне көтерілген (XX ғасырдағы) санаулы санаткердің бірі екені де рас. Оның «Сизиф туралы аңыз», «Бүлікшіл адам» атты шығармаларымен менің де таныстығым бар-ды. Бұлардың ғажап шығармалар екенін мойындағанмын, бірақ авторына таңқалып, табынған жерім жоқ. Өйткені, Камю жырлаған адам өмірінің мәні жөнінде Л.Толстой XIX ғасырдың өзінде «Исповедь» атты философиялық толғанысында жеріне жеткізіп айтып кеткен. Камю оны тек көркем шығармада кестелеп шыққан. Толстой мен Камюді қайтеміз, адам өмірінің мәні туралы Абайдан қысқа, Абайдай тауып айтқан адамды өз басым білмеймін.
Адам бір боқ көтерген
боқтың қабы,
Боқтан жаман сасисың
өлсең тағы…
Құдай-ау, өмір деген «жалғанның», адам деген «бейшараның» тірліктегі мәнін бұдан артық қалай жеткізуге болады! Толстой мен Абайдың бір ғана «әттеген-айы» ауыздарына Камю айтқан «абсурд» қана түспеген. Сосын, Дидар-ау, бір ғана абсурд категориясына бір құлаш сөз арнаудың өзі абсурд емес пе. «Мегаполис» оқырмандары философия жағынан сауат ашуға зар емес шығар.
Бұндай ұзақ сөзге басқа біреу берілсе, үндемей-ақ қояр едім, ал қазақ қаламгерлерінен қысқалықты, нақтылықты барынша талап етіп жүрген өзің емессің бе! Бұдан әрі «Великая философия Канта, Шеллинга, Фихте и Гегеля возникла именно тот период, когда Германия была отсталой страной и состояла из маленьких независимых княжеств, которые легко разгромил Напалеон» дейсің. Яки, сенің ойыңша, аталған ұлы философтарды философ еткен елдің тағдыры, мемлекеттің мешеулігі секілді. Ендеше, сол уақытта Германиядан да күні төмен Россиядан неге әлгіндей философтар шықпады екен?!. Демек философиялық ойларға тамыздық болатын қуат-күш, қайнар бұлақ басқада. Ол меніңше, дін. Кант, Шеллингтер өмір сүріп отырған кезеңде Германияда протестантизмнін кең таралып, жемісін мол төге бастаған кез болатын. XVI ғасырдың басында Мартин Лютер жасаған шіркеу реформациясы негізінде дүниеге келген христиандық бұл ағымның Германия, Скандинавия елдерінің рухани, мәдени өміріне көптеген оң өзгерістер әкелгенін теологтар да, философтар да жоққа шығармаса керек. Әрі-беріден соң неміс ұлттық тілінің қалыптасып, дамуына да протестантизмнің зор ықпалы болған. Осы тұста сен сияқты мен де бір батыл ой айтқым келеді. Ол мынау: философияның атасы – дін, ата жауы – өркениет. Дін тұншықтырылған жерде даналық ойдың да тынысы бітіп тынады. Өйткені, дін бостаңдығын шектеу – таным аясын шектеу болмақ. Ал философияның зерделік өрісі Танымнан басқа не дейсің. Әрине, кең мағынасындағы Таным! Бұдан әрі өркениетке келер болсақ, оның философияға ата жау болатынын жан-жақты дәлелдеп жатпай-ак қояйын (ол бұл мақаланың міндеті де емес), сен философ ретінде айтшы, бүгінгі күні өркениеттің үлкен биігіне көтерілген АҚШ, Германия, Жапония сияқты елдерде кешегі Кант, Гегель, Фейербахтармен тең түсетін қандай философтарың бар?..
Сонымен философияның зерделік өрісі Таным болса, әдебиетгің мәңгілік қозғаушы күші Тағдыр дер едік. Бұны сен аталған сұхбатта дөп басып ишаралағансың. Рас, қай елдің тұрмыс-жайы, тағдыры ауыр болса, сол елде әдебиеттің дамуы бар. Жеке қаламгерлер шығармашылығының шырқау биікке көтерілуіне де көп жағдайда осы Тағдыр атты тамыздықтың әсер-ықпалы көп болар. Бұдан шығатын қорытынды, мен алдағы уақыттағы нағыз шынайы, өресі биік, өскелең әдебиетті дамушы елдерден күтер едім. Қазақстанды бұндай елдер қатарына қосу-қоспау басқа мәселе, бірақ дәл қазір біз көркем әдебиетіміздің дамуына көп алғышарттар бар кезеңде өмір сүріп отырғанымыз рас. Оның қандай ал-ғышарттар екенін өзің жақсы білесің. Бір сөзбен айтқанда, қазақ әдебиетінің (сөз негізінен проза жөнінде) әлемдік озық әдебиеттер қатарына қосылуына мүмкіндіктер жеткілікті сияқты. Бірақ сөйте тұра цензура, лито дегендерден құтылып, өз еркі өзіне тиген казақ жазушылары соңғы онжылдықта айтарлықтай табысқа жетті дей аламыз ба?.. Бұл жағынан сенің: « Қазақ әдебиетінің қасіреті иерархияда» дегеніңе толық болмаса да негізінен қосыламын. «Мата атымен бөз өтедіден» біз әлі құтылып болмаған жайымыз бар. Мереке-жиын, мерейтой, сыйлық үлестіру, атақ беру сәттерінде баяғы күйтабақтарды қайта айналдыра беруден бір жалықпай келеміз. Алға саларымыз баяғы «авторитеттер», ауызға аларымыз баяғы абыройлар (әрине, бәрі емес). Бір ғана мысал, соңғы бірер жылда тағайындалған «Тарлан» сыйлығын кімдер алып жүр? Олардың қатарында қандай жаңа есімдер, қандай таланттар бар? Басқа сыйлық, атақтардың да жайы осындай. «Иерархияның» бір көрінісі осы болса керек. Бірақ көңілге жұбанышы сол – алдағы уақытта әлгіндей сыйлық, атақ дегендер біртіндеп мәнін жоя бастайтыны анық. Яки нарықтық экономика өнер туындыларына да өз билігін жүргізетін болады. Баспагерлерге анау-мынау лауреаттар емес, шынайы шығарма, өтетін әдебиет іздейтін күн туады. Оның нышандары қазірдің өзінде байқалып отыр. Ал бүгінгі нышан ертеңгі нысанға айналған кезде «мата атымен бөздің», атақ атымен сөздің өтуі екіталай. Сол уақытта нағыз таланттардың табиғи іріктеліп шығуымен қатар тұтас әдебиеттің өзі де «хлам-срамдардан» тазара түсетініне, сөйтіп, сөз өнерінің жаңа бір арнаға, тың өріске бет бұратынына өз басым сенімдімін.
Ал «Мегаполистегі» сенің «Беда…»-ңда артықшылығы баса көрсетілген «модернизм», «постмодернизм» дегендердің қазақ әдебиетіне қандай қалып бола алатынына менің әзірге көзім жете бермейді. Көзім жетпеген дүниеге қарсы болуға да, немесе, оны қолдай кетуге де құлқым жоқ. Алайда бір білетінім, қай заманда да қазақ сөз өнері жаңашылдықты жатсынған емес. Әсіресе, ақындар өлең сөзді түрлендіруге келгенде, талайға ұқсап та баққан, ұқсатып та баққан. Ұқсата алғандардың ұлысы – Абай, ұсталыққа жеткен – Мағжан мен Iлияс, ұқсаймын, ұқсатам деп өнерді ұсақтатып алған – Сәкен мен Сәбит. Ал прозадағы жаңашылдық 60-70-жылдары аздап көрініс таба бастады (Әбіш, Асқар, Оралхан, Төлен, Шоқан Әлімбаев, т.б.). Бірақ мұндағы тың ізденістердін көбі эксперимент дәрежесінде қалып қойғаны және рас. Қазіргі өзің сияқты қаламгерлердің формалық жағынан тың ізденістері де сондай эксперимент дәрежесінде калып қоймаса болды да. Жазсын. Жаңа тәсілде, жаңа формада жазсын. Бірақ қандай тәсіл, қандай формада жазса да мазмұндама, шығарма емес, көркем шығарма жазсын. Талғампаз оқырманға шығармашылар емес, шынайы жазушылар керек. Нағыз жазушы көркем шығарма жазған жазушы. Көркем шығарма көркем тілден, хас шеберліктен шығады. Модернизм, постмодернизм он жерден озық тәсіл болса да, олар ең алдымен тілге тәуелді. Олай болса, қайдағы бір ағымдардан бұрын тілді қалай ұқсатуды ойлайық, Дидар. «Мегаполистегі» сұхбатыңда сен прозадағы жаңашыл ретінде Асылбек Ықсан есімін айрықша атаған екенсің. Таяуда «Қазақ әдебиетінен» оның «Автобус» атты әңгімесін оқып шықтым. Риза болдым. Формалық, мазмұндық ерекшелігінен бұрын шығарманың маған тілі ұнады. Жоқ, шығарма емес, ол – көркем шығарма. Өйткені, онда көркем тіл бар, суреткерлік бар. Шамды айнала ұшып жүрген сайтанкөбелектің қимыл-қозғалысынан бастап, түр-түсіне дейін қандай әдемі суреттелген десеңші! Суретпен қоса, мұндағы ой-түйіндер де көңілге сондай қонымды. Сондай-ақ Айгүл Кемелбаеваны да «қызық жазады» дегеніңе қосыламын. Рас, қызық жазады, әдемі жазады. Өйткені, онда кәдімгі қазақтың тілі бар. Демек, Дидаржан, қазақ әдебиетінің болашақ бағы «постмодернде» ме, әлде қазақтың тілінде ме екен?.. Мүмкін сен бір ғана тілмен ұзаққа бара алмаймыз дейтін шығарсың. Оның да рас. Дегенмен, менің көркем әдебиеттің бірінші атрибуты жөнінде айтып отырғанымды ескергейсің.
«Модерн», «постмодерннен» менің бір ғана қаупім бар. Осылардың соңына түсіп кетіп әдебиетіміздің ұлттық белгілерінен айрылып қалмас па екенбіз? Ұлттық белгісінен айрылған әдебиеттен ұлтқа, ұрпаққа не пайда? Мені осы ойландырады. Бұл ой мені бұдан біраз жыл бұрын да толғандырған. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 27 шілдедегі санында «Даму мен дағдарыс» атты көлемді мақала жариялап едім. Сонда 30-жылдарға дейінгі қазақ әдебиетінің ұлттық белгілерін сипаттай келіп, кейін соцреализмнің ықпалымен талай тамаша нышандарымызды жоғалтып тынғанымызды өкінішпен еске алғаным бар. Содан 60-жылдардан бастап қайта жандана бастаған «ерекшеліктеріміздің» түбіне енді модерндер жетпесе бопты да…
Жалпы өз басым әдебиеттегі ешбір ағымға, жаңашылдыққа қарсы емеспін. Қарсы болсам, тек осы уақытқа дейін өмір сүріп келген әдеби әдіс-тәсілдерді, осы уақытқа дейін жазылған жақсылы-жаманды дүниелерімізді, осы уақытқа дейін әдебиет үшін тер төгіп келген аға ұрпақтың еңбегін жоққа шығаруға қарсымын. Ақыр соңында сәуегейсіп, білгіш-сініп, өткенге тас лақтырып, кеткенге кесек атып, әруақтыны аттағысы, қасиеттіні таптағысы келгендерге қарсымын. Шүкіршілік, әзірге сенен мұндай оспадарлықты көріп отырғамын жоқ. Ал бірақ сенің кейбір замандастарың?.. Міне, маған қалам алғызған да солардың бірі. Иә, ол (Л.Қоныс) не дейді екен? Мына үзінділерге қара!
«Егер жетпіс жылда әдебиет шынымен болса тәуелсіздік алған он жылға жетер-жетпес уақытта неге желге ұшып кетті. Бұл әдебиет әдебиет емес. Бұл әдебиет қоқыс…»
«…Әдебиет зерттеушілері ғасыр басынан Iлияс, Сәкен, Бейімбеттерді атайды. Бірақ, онда түкте поэзия жоқ».
«Иә, Мүсірепов, Мұстафиндер сөз жоқ жақсы адам, бірақ олардың шығармаларының оқылуы белгілі бес-он жылдықтармен шектеледі…»
«Айтматов ешқандай тұлға емес, жиырмасыншы ғасырда пайда болған, дәлірек айтқанда, қолдан жасалған әдеби мифтердің бірі».
«Мұқановтың шығармаларында идеологиялық жарамазаншылық қана өріп жүргенін ешкім де жоққа шығармаса керек…»
«Аласапыраны» арқылы қазақ тарихын үш ғасыр ілгері соз-ғаны үшін Мағауин құрметтелуі керек, бірақ жазушы деп емсс, Ақселеу қатарлы дарынды тарихшы деп…»
«Советтік әдебиет – ұлттық мәдениетті жайлаған ауыр паталогияның белгісі…»
«Дидардың стилін кейбіреулер Хэменгуейден ұрлаған дейді. Тартып ала ма, ұрлап ала ма, советтік әдебиетте Дидардай форма ешкімде болған жоқ. Диялогтан несіне үрейленеміз? Әбіштің өзі құр баяндаудан тұрмай ма? Пәлсапалық жағынан Дидар Хэменгуейден алғашқы кітабы шыққанда-ақ озып кеткен болатын…»
(«Шын әдебиет азаттықта туады». Л.Қоныс. «Яссауи университеті» газеті, 22 Х.2002 ж.).
Міне, Л.Қоныс қарындасымыз осылай дейді. Мұндағы әр сөз, сөйлемге байланысты пікір жарыстырудың өзі артық. Автордың қандай өренің, қандай пиғылдың, қандай тәрбиенің адамы екені көрініп тұрған жерде «қайран сөзді» қор қылып қайтеміз. Кезінде Чеховты бейшара боп дуал түбінде өлетін адам деп оттаған Скабичевский, Әуезовтің шаужайына жармасқан Нұрышев дегендер болған. Мұндайлар әлі де болады. Бірақ керуен көше береді…
Осы орайда айтарымыз мынау:
Қалам ұстап жүрген қазіргі жастардың барлығы дерлік алғашқы сауатын «совет мектебінде» ашқан. Қазақ және орыс әдебиетімен сонда сусындаған. Әдеби тілді солардан үйренген. Этикалық, эстетикалық тәрбиенің көбін солардан алған. Бейнелі түрде айтқанда, қазақ және орыс әдебиеті ананың қос емшегіндей оларға рухани нәр берген. Енді сол емшекке түкіргендерді кім дейміз?!
Сонымен, Дидар, біз кімдерді қастерлейміз, нені қастерлейміз?
Бүгінге дейін жинақталып келген ұлттың рухани игіліктері-не саналы көз, сабырлы мінезбен қарағандарды, өз ұлтының тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын құрметтеген-дерді, әдебиетте әншейін ойға ғана құрылған шығарма емес, оқырманға әрі этикалық, әрі эстетикалық тәрбие бере алатын шын мәніндегі көркем шығарма жазғаңдарды, сырттан лақтырған алдамшы сүйекке қызықпайтындарды, өз құнын доллармен емес, теңгемен бағалайтындарды, мақтау-мадаққа мастанбайтындарды қастерлейміз.
Біз ұлтымыздың мәдени, рухани тарихын, дәстүрлі жолын, салт-санасын, мөлдіреген көркем тілін қастерлейміз!
Сенің «Беда…»-ң мен Л.Қоныстың «Шын…»-ынына байланысты туған кейбір ойларымды осымен аяқтаймын.
2002 ж.