БАЛ АРАСЫ

Дидахмет Әшімханұлы,

1983 жыл, Қазақ әдебиеті

БАЛ АРАСЫ

Бұдан біраз жыл бұрын біреудің он баласы бар десе, жұрт жай ғана «е-е» деуші еді, енді «о-о» дейтін болған. Бұл да ештеңе емес, қалада әлдекімнің бес баласы барын естісек, «қойшы-әй!» деп, ыршып түсетін де кезге жеттік. Бұрын көп балалы аналарды наградтау туралы Указ тізімі де көш құлаш болушы еді, енді ол да біршама қысқарып қалған. Япыр-ау, сонда баяғы он алты-он жеті бала тәрбиелеп өсірген аналарды «Қызыл кітапқа» жазамыз ба? деп жүргенде… таяуда бір әріптесіміз: «Мына тұрған Еңбекші қазақ айданындағы Ақши селосында он алты балалы біреу бар екен» деп келген. «О-о» дедік біз, әрі таңданып, әрі қуанып. Бірақ бірер күн өткен соң әлгі әріпте-сіміз: «Жаңылып айттым-ау деймін, ол семьядағы балалар он алты емес, он төрт сияқты. Мен оны сол Ақшиде тұратын Кенжеқұл деген кісіден естіп едім» деген. Көз алдымызда екі баладан айрылып қалғандай көңіліміз сәл ортайып қалғаны рас. Алайда он төрт бала да аз емес қой дедік те, шұғыл жолға жиналдық.

Автобуста танысқан елулер шамасындағы жолсерігіміз шаруамызды естіген соң:

– Iздегеніңіз – Матан ағайдың отбасы болу керек. Бірақ үйде он төрт емес, он екі-ақ бала сияқты еді,– деді дүдамалмен. Жүрегіміз зырқ ете түсті. Он төрт те емес, он екі-ақ көрінеді. Енді анығын айтар бір-ақ адам қалды. Ол – Кенжеғұл. Егер Кенжеғұл тағы бір-екеуін қысқартып тастамаса, он екі бала да «е-е» дей салатын байлық емес қой!

– Бала – адамның бауыр еті ғой,– деді жолсерігіміз те-рең дем алып. – Өзімде де сегіз бала бар. Алғашқы же-теуінен көп уайым көрмеп едік, соңғымыздың жағдайы қиын боп тұр. Төрт жасында «белокровье» деген кеселге ұшырап, ауруханаға жатқан. Содан бері де, міне, төрт жыл өтті. Аз күн- сауығып үйге келсе, мұрнынан қан кете бастайды да, та-ғы ауруханаға түседі. Әйтеуір, төрт жыл бойы Алматы мен Ақшидің арасын жол қылып жүрген жайымыз бар. Соңғы күндері халі тіптен нашарлап, екі күннің бірінде алпыс шақырым жерге шапқылаумен жүрмін. Қолдан келер қайран да аз.

Жолсерігіміздің жүзінен әбден қажығандық байқалады. «Аһ» десе көкірегінен жалын шығатын секілді. Әке деген осы! Қуанышты да, қайғыны да Алатаудай иығына көтеріп, іштей егіліп, іштей мүжіліп жүретін, сынса иіле бермейтін әкенің мәрттігі деген осы! Және бұл кісі бір ғана сегізінші баласы үшін жанын шүберекке түйіп жүр, ал біреудің жалғыз баласы ауырса қайтеді?..

Ақшиге жеткенде жолсерігіміз бізге Кенжеғұлдың үйіне қарай жөн сілтеп тұрып, келесі күні Алматыға қайта баратынын айтқан…

Кенжеғұл – жасы алпысқа келсе де қимылы ширақ, елгезек адам боп шықты.

– Жақсы келдің, әке. Бұл ауылда Матанды білмейтін адам жоқ. Ахметов Матанның үйі қайсы десең, еңбектеген балаға дейін жүгіріп алдыңа түседі. Дегенмен сені ол үйге өзім алып барайын. Матанның семьясы деген сүттей ұйып тұрған ыстық ұя ғой, шіркін. Тек отағасының өзі төрт—бес жылдан бері сырқат, үйден ұзап шыға алмайды. Бірақ одан шаруасы ақсап, қолы қысқарып отырған жоқ, үйдің де, түздің де жұмысы балаларының мойнында…

– Балалары нешеу?– дедік біз.

– Дәл нешеу екенін кім біліпті. Шамасы оннан көп. Алды семья құрып бөлек шыққан. Бірақ олар да көбінде сол қара шаңырақтың астында жүреді. Демалыс, мереке күндері Мәкеңнің үрім—бұтағы ой мен қырдан жиналғанда, кішкентай үйлері құс базарына айналатыны бар… Жә, ендігі әңгімені сол үйде жалғастырайық,– деп Кенжағаң орнынан тұрды.

Кең көшенің бойында Кенжағаң Матанның жұбайы жөнінде де бір сыдырғы әңгіме қозғаған.

– Бишахан келіннің жаны сірі ғой,– дейді ол кең тыныстап. – Балалары аяғына оратылып жатса да, ғұмыры қызметінен қалмай келеді. Баяғыда мектепке пионер вожатый боп орналас-қанда мөлдіреген жап-жас бала еді. Содан бері отыз жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге осы мектептен табан жылған жоқ. Қазір совхоз… мына қызықты қара, әне, анау бері келе жатқан әйел – со келін бала ғой… Бишахан ғой.

Үстіне сары тон киген, етжеңді, қызыл шырайлы әйелмен Кенжағаң тым жылы амандасты.

– Әкем-ау, жау шапқандай қайда асығып барасың? Осы сенің үйіңде шаруаң жоқ па?– дейді Кенжеғаң жымиып.

– Үйдің шаруасы қайда қашар дейсің, аға. Жұмыста қиын жағдай боп тұрғаны. Ауылдық совет мектепке бөлінетін қаржыны совхозға дер кезінде аудармай, олар кочегарларға ақша төлемей қойыпты. Соған қырысқан кочегарлар от жағудан бас тартыпты да, жылу жүйелері жарылып, қазір балалар дірдектеп отыр… Айып етпеңіз, аға, өте асығыспын. Матан үйде,– деп Бишахан апай асыға жөнелді.

– Қап, әттеген-ай, балалар ауырып қалмаса бопты да,– деп Кенжеғаң бармақ тістеген.

Міне, салғырттықтың салдары! Жөн білетін адамдар ең алдымен баланың жағдайын ойласа керек—ті. Амал не, кейде осындай ұсақ—түйек көрінетін істің арты алашапқынға айналатынын ескермейтініміз өкінішті-ақ.

Мәкең үйінің табалдырығын аттағанда бір үлкен базарға кіріп кеткендей болдық. Үйелмелі-сүйемелі үрпек бас балалар бір бөлмеден бір бөлмеге өтіп, өріп жүр. Екі—үшеуі сабаққа әзірленіп жатыр. Енді біреуі үй—ішін жинап, тағы бірі ыдыс—аяқ жуып тұр. Бәрі ұл. Бәрі де ұп—ұсақ. Мәкеңнің өзі тақта отырған падишадай төр алдына жайғасыпты. Қолында таяқ. Басында дөңгелек қара тақия. Шашы аппақ қудай болғанмен, өңі жастау көрінді. Кенжағаң бізді Мәкеңе таныстырған соң, кері қайтқан.

– Ау, Берік, бізге шай дайында,– деді Мәкең сосын.

– Жақсы,– деді он бестер шамасындағы баласы.

– Ал, Серік, сен төргі бөлмені жина,– деді Мәкең тағы.

– Жақсы,– деді он екілердегі сары бала.

– Еркін, сен Еріктің киімін әзірле. Сабаққа баратын уақыты таяды,– деді Мәкең кішкентай кекіл шашты ұлына. Еркіні мұрнын қорс еткізді де, монтиған інісін үлкен адамдай жетектеп, келесі бөлмеге кіре берді.

– Бейбі—іт! Ау, Бейбіт, бармысың?– деді Мәкең қаттырақ дауыстап, – Сен не істеп отырсың?

– Әлия мен Ғалияға хат жазып отырмын,– деді түпкірден бір дауыс.

– Хатты кешке жазасың. Бар, су алып кел.

– Су бар, папа, Айгүл әкелген.

– Ендеше, малға шөп бер. Сосын Ибрагим ағаңның үйіне барып кел. Екі-үш күннен бері мұнда неге келмей жатыр, соны біл. Біреулері ауырып қалған жоқ па өзі?

– Кеше Ибрагимнің өзін көргем. Бәрі аман сияқты.

– Ендеше, сол амандығын біліп кел.

– Жақсы. – Әскери шалбар киген жұқа өңді сары жігіт жедел киініп, сыртқа беттеді.

Осымен Мәкеңнің «нұсқау-бұйрықтары» бітті. Біз оңаша қалдық. Шаруамызбен танысқан Мәкең әңгімесін әріден өрбітті.

– Мен өзім отыз төрт жыл мұғалім болған адаммын,– деді ол. – Сүйген қызметімнен әлі де қол үзбес едім, мына бір жүйке дертіне кезіктім де, талма тұста тұралап қалған жайым осы. Мұғалімдік қызмет  оңай емес қой, інім. Күн сайын қаншама жүйкеңді тоздырып, жүрегіңе қаншама салмақ түсетінін кезінде білмейді екенсің. Енді ойласам, бір-ақ күнде мұрттай ұшқаным болмаса, өмір бойы іштей мүжіліп, іштей жұқарып келген екем. Неге екені белгісіз, ауырардың алдында тым ашушаң боп кеттім. Төрт құбылам сай тұрса да күлгенімнен күрсінгенім көбейді. Оның үстіне көк желкем шаншып, бір аяқ, бір қолым ұйыйтынды шығарды. Сосын бірде ес-түссіз құлап түскенімді сезбедім. Содан облыстық ауруханада сегіз күн бойы тілсіз жатыппын. Не керек, әйтеуір, балалардың көз жасына қарай тірі қалған секілдімін…

Мәкең таяғына сүйеніп, біраз үнсіз қалды да, тек не заматта ғана сөзін қайта жалғады.

– Солай, інім, бұдан бес жыл бұрын тура елу бес жасымда пенсияға шығып алып, міне, от басын қарайлап отырмын. Шүкір, қазіргі бар алданышым мен жұбанышым мына балалар. Осылардың арқасында Бишақан да қызметінен қалмайды, мен де шыбық басын сындырмаймын, бәрін өздері істеп, өздері тындырып жатады. Бұлардың қолғабыстығынан бұрын қылығы мен қызығын айтсаңшы! Егер адам өмірін қуаныш ұзартатыны рас болса, менің тірлігімді жалғап, тіршілігіме нәр беріп отырған – осы балаларымның қызығы ма деймін.

– Қолыңызда қанша балаңыз бар, Мәке?

– Жеңгең екеуіміз азды-көпті он екі бала тәрбиелеп өсірдік. Зейнолла деген үлкен ұлымыз Алматыда қызмет істейді. КазГУ-дің география факультетін бітірген. Ибрагим деген баламыз осы Ақшиде тұрады. Әсия мен Ғалия да Балқаш, Күрті аудандарында қызметте. Әрқайсысының өз отауы, екі-үштен баласы бар. Екеуі жоғары оқу онын бітірген, енді екеуі сырттай оқиды. Бұл – мақтанғаным емес, бала оқытудың оңай еместігін еске салғаным… Үйдегісі бар, сырттағысы бар, қалған сегізі өз қолымда.

– Қарызыңыздың қайтуы қалай?

– Тәйір-ай, баладан не қарыз күтесің? Олардың қолына қарайтындай отқа қарап, суға сүйеніп отырғамыз жоқ, жаман аттарын естіртпей, жақсы жүрсе бопты да. Ата-ананың міндеті – баланы дүниеге әкелумен біте ме, оларға саналы тәрбие, өміршең өнеге де беруің керек. Осы мақсатың нысанаға дөп тисе, сұратпай берген қарызыңды, сұратпай алмаймысың. Жалпы, көп балалы семьяда есеп, қарыз деген болмайтын тәрізді. Өзгелерді білмеймін, өз үйіміз дәл солай. Демалыс, мереке күндері бала-шаға, келін-кепшік, немере—бауырларымыз жан—жақтан ағыла бастайды. Солардың бірі құр қол келмейді және құр қол қайтпайды да. Әсіресе, қыз балаларымыздың орны бөлек. Айналайындар, тым бауырмал—ақ! Сегізінші класта оқитын Беріктің бүкіл киімі Бақанаста тұратын Әсияның мойнында. Келсе, өзімен ала жетеді, келе алмаса, почтамен салып жібереді. Бейбіт армиядан оралғанда тағы сол Әсия бір қабат киімін бүтіндеп берді. «Қалқам-ау, өз семьяң да бар емес пе? Күйеу баладан ұят қой» десек, «Ол да көп балалы үйден шыққан ғой, түсінеді» дейді. Оны қойып, совет саудасы техникумында оқитын Алмагүліміз өткен жолы Бейбітке 144 сомдық күрте әкеліпті. Ақшаны қайдан тапты десек, кешкілік бір жерде жұмыс істейді екен, айлығының үстіне стипендиясын қосыпты. Бұларға енді не дейсің! Біреулер бізді балаларын қалай өсіріп отыр дейтін шығар. Шырағым—ау, көп баланың көң етік кигені біліне ме? Бауырмалдық деген де осыдан қалыптаспай ма? Олар бір құрсақтан шыққан өздеріне ғана емес, өзгелерге де ет жүректері езіліп тұрмасына кім кепіл. Білген адам бізді сол үшін де қадірлемес пе?.. Артықтау кетсем, айып етпе, інім.

– Оқасы жоқ, ағасы,– дедік біз жай ғана. Бірақ іштей: «Қоғамға он екі бірдей азамат дайындап отырған мұндай адамды қадірлеу аз, құрметтеу керек шығар. Әйтпесе, бұл – еңбек қана емес, ерлік емес пе» деп ойладық.

– Бүгінгі балалар бақытты ғой,– деді Мәкең бір сәт. – Соғыс жылдарындағы балалық шағымды ойласам, әлі күнге көкірегіме ащы өксік тіреледі. Ол кезде мен небәрі он үш-ақ жаста едім. Бұл жастағы баланы қазір тым кішкентай көреміз, ол қысыл—таяң күндері біз — он үш жасар балалар бір семьяның арқа сүйер азаматы едік. Түн жамылып жұмыстан қайтқанда бір үйлі жан алақанымызға қарайтын. Алақанымыз құр келсе, құрдымға батқандай қысылатынбыз… Жә, оның бәрін несіне еске аламын, бұрын талай айтылып, жазылған дүние ғой. Әңгімеміз бала төңірегінде болғандықтан тек бір мәселеге ғана тоқтала кетсем деймін. Айы оңынан туған бүгінгі заманда біреулер екі—үш бала өсіруді қиынсынатынын қайтесің. Сылтаулары: «пәтер тар, денсаулық нашар, балаға қарауға уақыт жоқ». Бұның бәрі жай сөз. Жай сөз екеніне мына фактілер де дәлел. Еліміз төрт аяғын тең баса қоймаған отызыншы жылдары да, оқ бораған соғыс уақытында да от басынан он шақты бала өргізгендер көп болған. Соларды асырай алмай арам қат-қан адамды білмеймін. Отанымыз қандай қысылшаң шақта да бала жағдайын ұмытпаған. Қолдан келген бар қамқорлықты соларға жасаған. Соғыс жылдарында ең алдымен балаларды эвакуациялауы да – соның айғағы. Эвакуация демекші, сол күндері біздің халқымыз қаншама орыс, украин, неміс балаларын бауырына басты! Өзінің жеті-сегіз қызыл қарнының үстіне тағы бір—екі үрпек басты қосып алғандарды да көргенбіз. Бұл не деген бауырмалдық десеңші!.. Тәйір—ай, енді ешкімге пана болмай—ақ қояйық, болғызбай—ақ қойсын. Балаға өз ата—анасынан қымбат кім бар…

Мәкең күрсінді. Күрсінді де «күте тұр, қазір келем» деген ишарат жасап, таяғына сүйеніп сыртқа беттеді. Балалары үйге бір кіріп, бір шығып жүр. Төргі бөлмеден сыңғыр—сыңғыр күлкі естіледі. Ас үйде ыдыс-аяқ сылдыры білінеді. Бәрі де қыбыр-қыбыр тіршіліктің белгісі. Неге екені белгісіз, есімізге бал арасы түсті… Кішкентай аралар… Гүлдерден нәр іздеп, бал іздеп сабылып ұшқан аралар… Ыстық ұясын сағынып ұшқан аралар… Мынау кішкентай бөбектер де бал арасы сияқты. Осынау қара шаңыраққа бұлар да тірнектеп бал тасып жүргендей, балдан тәтті қуаныш сыйлап жүргендей…

– Балаларыңызға қандай киім киіндіруді ұнатасыз?– дедік біз Мәкең қайта оралғанда.

– Қарапайым,– деді ол байыппен. – Қарапайым киін-ген баланың мінезі де қарапайым болады. Өз басым шіреніп, шікірейіп тұрған адамды ұнатпаймын. Ондай адам қайдан шығады? Көбінде қиыншылық көрмеген, кішкентайынан үлде мен бүлдеге оранған, не кием, не ішем демеген еркетотайлардан шығады. Ақшамның мол, семьямның шағын кезінде де бір баламның үстіне жылтырауық жапсырып, қолына сағат таққам жоқ. Тегінде жылтырауық дүниенің ыстық буы болады. Балаларым буға күймесін деймін. Сағат таққан бала сабақтың қадірін білмейді, жылтың-жылтың етіп соған қарайды да отырады. Осыны ата-аналардың түсінбейтініне таңым бар. Әрине, бұның бәрі мектеп оқушыларына қояр шарт, ол кәмелеттік жастан асқандар шамасы келсе, жарасымды киінсін. Бірақ шығандап шықпай жұрт кигенді кисін.

– Қыз баланың тәрбиесіне қалай қарайсыз, Мәке?

– Олардың жаны нәзік қой, інім, қатты сөйлеп, батырып айта алмайсың, ақылмен, ишаратпен жөн сілтегеннен басқа амалың бар ма? Және әке екініңді де қыз баланың алдында жақсы сезінесің. Бұл жағынан келгенде, олар өзіңе тәрбиеші де. Неге десеңіз, жөні түзу әке қыз баланың алдында оғаш сөйлеп, оқыс мінез көрсете ме?.. Біз – бес қыз тәрбиелеп өсірген семьямыз. Шүкір, бүгінге дейін бірі алдымыздан кесе—көлденең өткен емес, қашан да қас—қабағымызға қарап тұрады. Сондықтан да ашығын айтсам, ұлдарым ренжімес, қыз балаларымды ерекше жақсы көрем. Алды қазір тұрмыс құрды. Ол да табиғаттың заңы шығар, жасы жеткен баланы теңінен қалдыру да қиянат. Тек барған жерінде бағы жанып, ат басына жүген соқтырмаса болғаны. Жалпы, балаңның ертеңдер тұрмыс құратынын ертерек ойлап, соған лайық тәрбие бергенің жөн. Мен қыз балаларымды түгел қазақша оқыттым. Бұл – ұлттық мінездерін жоғалтпасын дегенім. Бүгінгі қарт адамдардың көпшілігі, халқымыздың әдет—ғұрпын әлі күнге сақтап отыр. Ертеңгі келіндері олардың бабын тауып, бауырына кіру үшін осы әдет-ғұрыпты білуі керек, біліп қана қоймай құрметтеуі қажет.

Бұдан соң әңгімеміз семьялық «бюджетке» ауысқан. Мәкең-нің пенсиясы – 120, Бишахан апайдың айлығы – 90, мал азығын дайындау цехында істейтін Бейбіт пен Бақанас селолық кітапханасында қызмет ететін Әлияның табысы 100 сомның о жақ, бұ жағында көрінеді. Барлығын қосқанда төрт жүз сомға жуықтайды екен де, әр семья мүшесіне 40 сомнан айналатын секілді. Ал советтік семьяда бұл орта есеппен 50 сом болуға тиіс.

– Ол – қала мен селоға ортақ алынған есеп,– деді Мәкең. – Семья жағдайын көтеру – ақшаға ғана байланысты- емес, екбектің, игіліктің көбін қолдан өндіреміз. Ұсақ бұйымдар мен киім—кешектен басқа сатып алар дүниеміз аз. Бау—бақша, огород, ірі—қара, уақ мал бәрі—бәрі балалардың несібесі. Оларды өздері өндіреді, өздері игілігін көреді. Осы шаруалармен жыл он екі айда тыным да көрмейді. Жаз бойы огород баптайды, малға шөп шабады, қала берді совхозға жүзім жинауға көмектеседі. Бұның бәрі табыс. Баланы кішкентайынан еңбекке баулу деген де осы.

– Бишахан апайдың денсаулығы қалай,  Мәке?

– Нәрестені дүниеге әкелерде болмаса, ғұмыры аурухана бетін көрмеген адам. Түтініміздің түзу ұшып отырғаны да соның арқасы. Әйел адам – үйдің ырысы, жанның тынысы емес пе, әйтпесе, балаларды жұмсап қойып отырғаннан басқа менде қазір не қауқар бар. Сонан соң, інім, жеңгең екеуіміз бұрын «осы балалардан не рахат көреміз» деп ойлаушы едік. Онымыз күпіршілік екен. Олар болмаса, мені бүгін кім бағар еді? Жасы елуге тақаса да, Бишаханның алаңсыз қызмет істеп жүргені де ұл—қыздарына сүйенгендігі. Ендігі бар тілейтінім – қызметінен ол қол үзбесе, от басында ерте отырып қалмаса… табыс деген не тәйірі, бәрінен де еңбектің қуанышын айтсаңшы!..

– Мәке, жаңа жыл иек астында тұр. Алдағы күндерден не күтесіз, не тілейсіз?

– Бастысы, бейбітшілік болсын! Азапты күндер мен тозақты түндер бізден аулақ! Жер бетінде өсім көбейсін, бала көрейік, немере сүйейік!

Мәкеңмен жылы қоштасып, қайтуға бет алдық. Түтіні сыздықтаған еңселі ақ үй артта қалып барады. Сырты еңселі көрінгенмен ол өзі ұядай—ұядай үш—ақ бөлмеден тұрады. Ас үй мен дәлізді есептемейтін әдетімізбен: «Үйіңіз тарлау екен» дегенде, Мәкең: «Бес бөлменің несі тар?» деп кеңдік көрсеткен. «Дегенмен… балаларыңыз көп қой» десек, ол тағы: «Он екі балам өзіме біреудей—ақ» деп шорт кескен. Осы сәтте қаладағы бір адамдар еске түсіп еді. Олар: «Үш баламен үш-ақ бөлмеде тұрамыз. Кемпір де қолда» деп кемсеңдегенде өзің де жылағың келеді. Мұндай үйге қандай жағдай жасалса да семья басының көбеюі қиын ғой…

Жағдай демекші, жыл өткен сайын коммунистік партиямыз советтік семьяға қаншама әкелік қамқорлық көрсетіп отыр. Соның бір айғағы – СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1981 жылғы 2 сентябрьдегі «Балалы семьяларға мемлекеттік көмекті ұлғайту шаралары туралы» Указы жарыққа шығып, жүзеге асуы. Бұл Указ бойынша баласы бір жасқа келгенше ананың демалыс айлығы белгіленген мөлшерде төленіп отырады. Нәрестені үш жасқа дейін үйде күтуге (айлықсыз) мүмкіндігі тағы бар. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың 1 ноябрінен бастап, республикамыздағы семьялар бірінші балаға – 50, екінші, үшінші балаға 100 (бір рет) материалдық көмек алып отыр. Балалы семьяларға, әсіресе, аналарға бұдан басқа да жасалып жатқан жағдайлар жеткілікті. Оны түгел тізбесек те жұртшылық жақсы біледі.

Уақыт озған сайын елімізде балаларды тамақ, киім-кешекпен жан—жақты қамтамасыз ету де жақсара түсуде. Сәнді, ықшам, жылы киімдер солардікі. Тым қызылға қызықпасақ, іздегенімізді табатынымыз рас. Алайда киім фабрикалары мен бірлестіктерінің өнімдеріне әлі де көңіл толмайды. Балалар киімі сапалы, әдемі, әрі арзан болуы қажет. Кәсіпорындарға қояр мемлекеттік талап та осы. Ендеше мына фактілерге қалай қараймыз. Астанадағы «Балалар әлемі» магазинінде жүрміз. Міне, киім ілгіште бір-екі жасар балаға арналған трикотаж костюмі тұр. Үлгісінде сәл айырмашылық болмаса, екеуінің де сапасы бірдей. Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Семей трикотаж фабрикасынан шыққан біріншісінің бағасы – 10 сом 20 тиын. Ал Лениногор трикотаж фабрикасынан шыққан екінші-сінің бағасы – 17 сом 20 тиын… Тағы бір мысал. Белоруссия ССР—і Оршен тігін фабрикасының бес жасар балаға арналған 28 размерлі қыс пальтосы – 27 сом 60 тиын да, Ю.А.Гагарин атындағы Алматы өндірістік тігін бірлестігінің дәл осындай пальтосы – 38 сом 65 тиын. Арзандау болғанмен алғашқысының сапасы да, үлгісі де соңғысынан тәуір. Бұдан шығатын қорытынды – осындай кейбір өндіріс орындары өз өнімдерінің сапасына қарамай, үстеме бағаға тым әуестігі байқалады. Бұл жөнінде Д.А.Қонаев жолдас Қазақстан Коммунистік партиясының ХV съезіне жасаған Есепті баяндамасында: «Ал осы және басқа да кәсіпорындарда өздерінің товарларын, оның ішінде балалар бұйымдарын да, сапасы жөнінен қазіргі талаптарға сай қылып, киюге ыңғайлы, төзімді және арзан етіп шығару үшін не қажеттің бәрі де бар. Ал бізде кейде бір түйме артық қадалса болғаны, пальто да, көйлек немесе күрте де он сом қымбаттап шыға келеді» деп өте орынды айтқан еді. Бұл сөзден жоғарыдағы сияқты кәсіпорындар қорытынды шығармағаны ойланарлық мәселе.

Біздің қоғамымыздың ең үлкен ұрандарының бірі – «Бәрі де адам үшін!» Мемлекетіміз ядролық апатты болдырмау үшін жанталаса күресіп отырғаны да – адам үшін, адамзаттың болашағы үшін. Болашағымыз нұрлы, өміріміз нәрлі болу үшін ең алдымен бейбітшілік, сонан соң халықтың өсімі қажет, еліміздегі ірілі—ұсақты бар халық өсуі қажет.

1979 жылғы Бүкілодақтық соңғы халық санағында біздің халқымыз 6 миллион 556 мың болыпты. Біз ойлаймыз – орта есеппен әр семья бес бала өрбітсе, енді он жылдан соң қанша болар екенбіз?..

1983 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo