АҚҚАБАНЫҢ ТОЛҚЫНЫ

Бәрі де күндегідей. Кешкілік алаң қағып, қара басы бір үйге сыйсайшы. Сосын сыртқа шығып, ұясына жарты құлаш қалған күнді батыра алмай сарғайды. Табаны тайғанап, оның да тау тасалағаны жаңа. Күн ұясына қонысымен Қарағайлыны лезде қараңғылық жайлап алатыны бар. Жалғыз үйді жан-жақтан қоршаған орман жақ қазір де әп-сәтте түнере қалған. Күндіз үй іргесінде жай ғана сарқырап ағатын Аққаба да енді барынша күркіреп, шулап жатыр.

Алтынай тау қапталындағы мүлгіген қара орманға сүзіле қарап әлі тұр. Күткені көрінер емес. Дәл қазір оның алдына шыға қоймасын да сезеді. Әйтеуір, бір көзсіз үмітпен күнде осы уақытта есік алдында жіпсіз байланып жүретін қашанғы әдеті. Сонан кейін өстіп денесін түнгі ызғар қалтырата бастағанда ғана үйге беттер еді. Бүгін де сол орман жаққа қараған қалпы терең бір күрсінді де, есік тұтқасына еріксіз қол салды.

Үй іші тас қараңғы. Аяғын еппен басып, төр басындағы столға жетті. Жарқ еткізіп сіріңке тұтатты. Сосын майшамды жағып болып, бір сәт алдындағы қабырғаға көзі түскенде, орнынан ыршып түсті. Жүрегі алқынып, аузына тығылды. Артынша сол қабырғадағы шарайнадан өзін көріп, амалсыз езу тартты. Езу тартты да, кеудесін қолымен басқан күйі қайтадан жақындап, өз бетіне үңіле қарап тұрып қалды. Күнде көріп жүрсе де, соңғы кезде осыншама жүдегенін қалай байқамаған? Кешегі топ-толық қараторы жүзі сопайып, шықшыты шығып кетіпті. Екі шетін толқынды қара шашы жауып тұратын жазық маңдайы да жұқара түскен. Оның ортасын ала бірер сызат пайда болыпты. Мұндай сызаттар ішіне кіре түскен көз аумағынан да байқалады. Тек әлі де өңі сынбай жүзіне шырай беріп тұрған жұқа қыр мұрны ғана.

Алтынай айна алдынан көңілсіз бұрылып кетті де, терезеден сыртқа көз салды. Ештеңе көрінер емес. Қап-қара түнек. Меңіреу түн… Шыны бетіне шымылдықты жұлқа тарта салды да, ұнжырғасы түсіп, төсекке отыра кетті.

Шамның өлеусіреген жалғыз көзі болмашы жарығын сығымдай шашады. Үй ішін күңгірт сәуле жайлаған. Түнді қойып, тапа тал түсте сұрланып тұратын ағаш қабырғалардың түрі қазір тым сұсты. Қараңғылық қоюланған сайын осы тарғыл бөренелер Алтынайға жыланның жонарқасындай көрінетіні бар. Оған кейде жан бітіріп жиырылғандай болады. Ондай сәтте Алтынайды үрей билеп, атып сыртқа шыққан кездері де көп. Сол шақта Аққабаның сыңсыған үнінен жанына алданыш тауып, күндізгі сұрықсыз тірлігінің бәрін бір сәтке ұмытушы еді. Бірақ соңғы кезде Аққаба да бір сарынмен ағатын болып жүр, бұрынғыдай жыламайды да сыңсымайды. Бұрынғыдай тек сыбызғының ғана тар өзегінен шығатын сиқырлы әуезінен айырылып, кәдімгі барлық тау өзендері сияқты тынымсыз шулайды да жатады. Қазір де, міне, сол шуылымен Алтынайдың құлақ етін жеп жатыр.

Бұдан әрі отырудан да жалығып, есік пен төр аралығында ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Біраздан соң ойына әлдене түскендей шұғыл кітап сөресіне бұрылды да, ішін ақтарып қопара бастады. Қолына түскен біреуін шамның алдына әкеліп, сыртына қарады.

– Құрып кеткір, жөні түзу бір кітап болсайшы осы үйде. – Бұрын өзі сан қайталап оқыған бұл кітапты шетке сырғыта салып, столға тағы бір құшағын әкеп тастады. Ақтарып жатыр. Бәрі оқығандары. Сарғайып кеткен парақтары судыр-судыр етіп, саусақ ұшынан неше түрлі кітап-журналдар суси берді. Ең соңында сөреде қалған тағы үшеуін әкелді. «Эдгар По…», «Достоевский…», «Карамзин…» Авторларына тез-тез көз жүгір тіп шыққан ол, қай шығармасы екенін білгісі де келген жоқ, қайтадан жиып-теріп сөреге тығып, жату қамына кірісті.

Бүгін де жамбасына тас батқандай, ары-бері дөңбекшіп ұзақ жатты. Көзін жұмса болды, торы атының үстінде миқиып

Нұрлыбек тұрып алады. Осы елестен қашқысы келіп, өзінше басқа бірдеңе көруге тырысады. Бірақ бәрібір өзінің күндегі Нұрлыбегі алдын кес-кестеп болмайды. Ол жанарынан сәл тайып кетсе, күндізгі қазан-ошақ пен қора-қопсыны көреді.

Тез арада ұйықтай алмасын сезген соң, үстіндегі ауыр көрпесін қос анарына дейін сырып тастап, бір мезгіл қыбырсыз сыртқа құлақ тосты. Кенет жақын маңнан ат дүбірі естілгендей болды. Тіпті үйге тақалып қалған секілді, темір тұяқ жерді солқсолқ ұрады. Алтынай орнынан ұшып тұрып, терезеден манағы орманға қайта үңілді. Тірі жан көрінер емес. Төңірек тыптыныш. Аққабаның шуылынан басқа бөгде дыбыс жоқ. Ұшар басын аппақ қар көмкерген сонау Дарбы шыңының оң жағын ала жаңа ай туыпты. Жаңа айдың бозамық сәулесі астында тау іші түн құшағында ессіз мүлгиді. Тек бүгін таңертең Нұрлыбек кеткен Аққабаның жоғарғы сағасы ғана түнерген қабағын әлі ашпаған – қап-қараңғы.

– Апыр-ай, өстіп жүргенде сүйегі ит пен құсқа жем болар ма екен байғұстың? Адыра қалсын бүйтіп ұстаған бұлғының да, құндызың да!

Алтынай кемсең қағып, қайта жатысымен жаңағы дүбір тағы естілді. Дүрс-дүрс… солқ-солқ… Көрпе астында қысылып жата алмады, басын жастықтан жұлып алды. Тынымсыз дүбір енді біртіндеп алыстай бастады. Алтынайдың дем алысы жиілеп жүре берді. Шынымен қорқайын дегені ме, көрпе астына қалай зып ете түскенін өзі де сезбей қалды… Тағы дүрс-дүрс… солқ-солқ… Тіпті анық естіледі. Енді бұл алқынған кеудесіне алақанын басты. Тық-тық… тық-тық…

– Түу, жаман, шошытты-ау! Жүрегім екен ғой бағанадан тепкіленіп жатқан. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осы да.

…Түн ортасынан ауып барады, кірпігі әлі ілінген жоқ. Нұрлыбек те зым-зия. Кейде осы мезетте, кейде шолпан туа оралатын күндегі дағдысы. Кешігуіне әйтеуір себеп көп. Айтуынша, бір күн жаралы еліктің соңында ұзақ жүретін көрінеді, бір күн суға жарық салып, балық аулайтын сияқты, тіпті үйге жетім қол оралудан да ұялады-мыс. Айтқаны шындық болуы да мүмкін, өйткені бүгінге дейін үйге құралақан келгені сирек, қашанда бірдеңесін бөктере-салақтата жетеді. Әкелгенін таңертең ары аударып, бері аударып, Алтынайға көрсетіп әуре. Бұрын ондайда бұл шынымен қуанатын. Әсіресе құлпырған қымбат терілерге көзі түскенде, өзін шынымен бақытты сезінуші еді. Не керек, оның игілігін де көрді. Екінің бірі бір жағалыққа зар болып жүргенде, Алтынай құндыздан, етегін өкшесімен басып, тон да киді. Ол көрсеқызарлық бойдан әлдеқашан суыған, қазір Нұрлыбектің олжасына мән беріп жатқан бұл жоқ:

– Тасташы әрі сасытпай, – дейді не көрсе де жаратпай, мұрнын тыжырып. Алтынай үшін осы сүреңсіз өмірдің бар кілтипаны Нұрлыбектің жаңағы сүйретпелері сияқты көрінеді.

– Қой, Айнаш, – дейді ондайда Нұрлыбек ақырын сыбырлап, – бұл ақша емес пе? Қып-қызыл ақша ғой. Осы меңіреу мекенге не үшін келдік? Әрине, ақша табу үшін, ақша үшін, ақша…

– Ақша-ақша! Ақшадан басқа не қымбатың бар осы сенің?! – Бұл сөзді Алтынай қатты айтса да, зілсіз айтады. Өйткені онсыз да жүдеу жігітті жүндей бергісі келмейді.

Нұрлыбек жауын-шашынды күндері көбінде үйде болады. Соған дейін жиған-тергендерін үнсіз жүріп ортаға үйіп тастайды да, өзінше күбірлеп есепке көшеді. Сол сәтте оның ойын бөлу – Алтынай үшін кешірілмес күнә. Жайшылықта томағатұйық ерінен естімегенді сонда ғана естіп қалады. Бірақ ол күндері Нұрлыбек не десе де ренжімес еді, күн ұзақ жайраң қағып, көңіліне дақ түсірмейді. Әдеттегідей әр нәрсені бір ойлап, алаңдамайды да. Тіпті барлық үй шаруасын да сол күні төрт аяғынан тік тұрғызар еді. Соңғы бір-екі аптада аспанға бұлт тұрақтағанды да қойды…

Алтынай ауыр бір дем алып, оң бүйіріне аунап түсті. Құлақ түбінде Аққаба сыңсып жатыр. Жоқ, жай ғана шулап жатыр. Осы өзеннің мінезі қызық. Қыста қысылып аққанда үні көмейіне тығылып, үй іргесінде сылқ-сылқ күлетін жуас толқындары көктем шыға бурадай шабынып, тастан-тасқа секіріп шулайдыай кеп… Осы Аққабаның баяғыда бір әсем еркелігі бар еді. Қылықты қыздай сызылушы еді-ау сонда. Алтынай өзінің сол Аққабасын кеше түсінде тағы көрді. Ең қызығы – ертеңгілікте есіне түскенде таң-тамаша болды. Түс дегенде бір сенімсіз бояма болушы еді, түс дегенің өтіп кеткеніңді сол қалпында көрсетпеуші еді. Ал кеше бұдан алты жыл бұрынғы көктемін сол қалпында, сол баяуымен көз алдына алып келді…

…Нұрлыбек екеуінің малдәрігерлік курсты бітірген кезі. Саялы бақтың ішінде екеуі ғана. Жұлдыздар жымың қағып, бұларға нұрын себеді. Жанға жайлы қоңыр самал Алтынайдың жүзін өбеді. Нұрлыбек шашынан сипап, маңдайынан иіскейді. Қызығына тоймайтын қызуы мол ерінге ерін төнеді. Көп сөйлемейтін бұйығы бұйра бас жігіттің қимылына бұл қарсылық көрсете алар емес, оның ып-ыстық құшағына тығыла түседі.

– Айнаш, – дейді Нұрлыбек үздіге тіл қатып, – ерші соңымнан. Кетейікші сонау алысқа, біздің бай өлкеге. Білесің бе, біздің жердің түгін тартсаң майы шығады. Аз-ақ жылда өмірдің төрінен орын аламыз. Кетейік… Кетейік…

Бұл ойланды ма, ойланбады ма, білмейді, үнсіз бас изейді… Енді бір кезде екеуі Аққабаның жағасында отырғандарын көрді. Бүгін ғана өздері көшіп келіп кірген қалың ағаштың ішіндегі қарағай үйдің шатыры сонадайдан мен мұндалап тұрғандай.

– Біздің үй, – дейді Нұрлыбек сол жаққа қуана қарап. – Білесің бе, өзіміз салсақ қанша шығын шығар еді? Көп, көп. Енді, міне, лесхоздікі болса да өзіміздікі.

– Иә, иә, біздің үй, – дейді бұл да Нұрлыбектің құшағында қуанышын жасыра алмай.

Сонан кейін екеуі бірін-бірі қуалап, сыңсып ағып жатқан Аққабаның бойымен жүгіреді. Жүгіріп келе жатып, екеуі де суға қойып кетеді. Аппақ толқындар бұларды аймалай сүйіп, уыс-уыс моншақтарын шашып-шашып жібереді. Бір сәт су бетінде ойнап жатқан күннің аппақ шуағына малынып, бірінбірі итермелейді. Артынша лек-лек толқындар ыршып келіп, бұларды көкпеңбек көгілдір дүниеге бір-ақ тығады да, қайта жағаға ұмтылған сәттерінде ағысқа қарай ала қашады. Осының бәрін Аққаба долылықпен емес, еркелікпен істейді екен дейді… Тағы бір шақта Алтынай бұдыр-бұдыр құстың етіндей су сорған жалаңаш тәнін күнге қақтап, Нұрлыбектің алдында жатыр екен дейді. Оның қолында жарты құлаш қуыс қурай.

– Мен саған «Аққабаның толқынын» тартып берейін бе? – дейді ол қурайды аузына салып. Бұл өзің біл дегендей жымиып, бас изейді де, мойнына асылады. Нұрлыбек жөткірініп алып, күйді бастап кетеді. Қурайды еппен тістеген жігіттің көмейінен, жоқ, жіп-жіңішке қурайдың көмейінен керемет бір таң ға жайып үн төгіліп жүре береді. Алғашында қоңыржай басталған бұл саз бара-бара бар құдіретіне мінеді де, өне бойын шымырлата жөнеледі. Сыбызғы сыңсиды екен дейді, жоқ Аққаба сыңсиды. Таудан құларда жалы тікірейіп, арыстандай ақырып келетін бұл өзенді Алтынай енді ғана танығандай, үйдің жанынан өтерде ол бесіктей тербеледі екен, аппақ толқындары сол бесіктегі сәбидей еңірейді екен. Жағасындағы сырғалы ақ қайыңдар Аққабаны өзгеше бір әуенмен әлдилейді екен. Төңірек толған ән, төңірек толған күй… Ағаш-ағаштың басында бұлбұлдар сайрайды. Салба-салба самырсындардың қылқан жапырақтары самал желмен сан түрлі саз құбылтады.

– Біз бақыттымыз! – дейді Алтынай айқай салып.

–       Біз бақыттымыз! – дейді төңірек түгел жаңғырығып… Алтынай Нұрлыбекті қайтадан аймалай бастайды, қолы қарысқанша мойнынан қыса береді…

–       Қойшы, ей, қарағым, немене, бүгін көргендей мекірене қалғаның. Шаршап келгенде, тыным берсей, түге!

Қарулы қол білегін қысқаштай қысып, кейін серпе салғанда ғана Алтынай манадан бергі рахаттың бәрі түсі екенін біліп, көңілі құлазып сала берген. Көмейіне тығыла қалған бір қатты түйін тұз жұтқандай кеудесін ашытып, жанарына жас әкелді. Көзін қанша жұмғанымен, қиналып ұйықтай алмады. Содан көрер таңды көзімен атқызған-ды. Аққаба да түні бойы мазасыз шулап шықты.

Таңертең Нұрлыбекке көптен бері қолға тимей қаңсып тұрған қурайына су жұтқызып, амалсыз аузын салғызған. Тісінің арасынан жылтың-жылтың еткен тілі қурайдың жоғарғы кемерін жалап-жалап алды да, тар өзекті күшене үрлей бастады. Сыбызғы сыңсып кетпеді, алғашында біраз уақыт қурайдың мағынасыз ысылынан мұрнының пысылы басым шығып тұрды. Не заматта ғана тар өзекке тіл бітіп, гүжілдеп, өзінің қоңыржай үніне көшті. Бірақ ол түндегі түсіндегідей жүрек қылын шымши тартып, шымырлатып кете алмады, сыбызғы ішін бір қалыпты қоңыржай үн кернеп тұрып алды. Бір қалыпты гуіл. Бір қалыпты сарын. Қурайдың өзегі толған қоңыр күз. Үй ішіне жапалақ қағып сары жапырақ жауып тұрғандай. Баяғыда сай қуалап сарқырап, сан саламен ағатын Аққаба енді сыбызғы ішінде берекесіз шулап жатқандай. Толқындары шулайды, жағасындағы қалтыраған қурайлары шулайды. Үй іші шулайды…

– Жә, жетер енді осы күшенгенің де. Тамағың құрғап қалған шығар, шай қояйын, – деп Алтынай күйді аяқтатпай орнынан тұрған. Нұрлыбек қурайды тісіне қыстырған қалпы қатып қалыпты. Жүзінде таңданыс бар.

– Тойдың ба? – деді ол күңк етіп. – Ендеше тоқтының еті топырақ татығаны ғой. – Бұл – оның үйреншікті мақалы.

Нұрлыбек шайға қараған жоқ, тымырайып сыртқа беттеді. Бұдан кейін Алтынай оның торы атының үстінде бір жамбастап орманға сіңіп бара жатқанын көріп қалған. Содан із-ғайым жоғалды.

Дастарқан басында жалғыз шоқайып қала берген бұған ас та батпады, жылымшы шайдан бір ұрттап сыртқа шығып кетті. Төңірек таңғы аппақ сәулеге малынып, мөлдіреп тұр екен. Көкірегі біраз сергігендей болды. Көктемнің осы бір уыз шағына қарап тұрып, Алтынай кешегі қысты еске алды. Қысты еске алды да, қазіргі тірлігіне де тәубе айтты… Үй іргесіндегі мына таудың бір иығынан күн жылт етіп шығып, екінші иығынан бүлк етіп түсіп кетуші еді. Сосын сары аязды ұзақ кеште бүкіл алқап мүлгитін де жататын. Сеңсең қарды әзер көтеріп, тұнжырап тұрған орманға қараумен Алтынайдың да еңсесі түсіп, талай кешті батырған. Түннің бір уағында оралған Нұрлыбекке жалғыздықтан көңілі жабырқап жүргенін жай наз еткенде:

–       Осы сені қай құдай алып барады? Мен сияқты от пен су кешіп жүрсің бе? Қарның аш, киімің жыртық емес. Екі қолың бос. Адам соған да жалыға ма екен? – деуші еді күсті қолымен маңдайынан сипап. Алтынай үндемей тынатын. Ішіндегі лықсыған бар ашуы мен мұңын бұрқ-сарқ ақтара салғысы да келетін. Дегенмен, күн демей, түн демей тау-тасты кезіп, үйге әзер сүйретіліп жететін оны сүйек құртындай кеміре беруді жөнсіз көретін.

–       Асықпа, Алтынай, – деген ол бірде. – Кассадағы қорымызды молайтып алайық, одан кейін топ ортада алшаң басамыз.

Апыр-ау, топ ортада енді қашан алшаң баспақ? Ол отыздан асқалы да біраз болды. Не көрді? Рас, бұл өлкеде ол білмейтін қалтарыс жоқ, ол шықпаған шың, ол баспаған жер жоқ. Ол білмейтін ағаш та, аң да, құс та жоқ. Тағы не көрді?

– Байғұс-ай, бірдемеге ұрынып қалмаса жарар еді…

Күстана көңілге оралмайтын ой бар ма? Осындайда ол үнемі жамандыққа жақын тұратынын қайтерсің? Қазір де Алтынайға Нұрлыбек неше түрлі елестеп жатыр. Ол абайсызда аюға тап болып, арпалысып жатқан сияқты, ол шырқырап шыңнан құлап кететіндей, ол тұншығып тұңғиыққа батып бара жатқандай… Алтынайдың жүрегі кеудесін тепкілей жөнелді. Тұп-тұнық таза ауада жатса да, аптаптағы тымырсықтай тынысы тарылды. Көрпесін қайтадан төмен сырғытып, еркін тыныс алып еді, қалпына келе бастады… Түн өлі тыныштық құшағында. Тыныштық атаулыға бас имейтін тек Аққаба.

Алғашқы жылы Аққаба, шынында, тым ғажайып еді. Су алғалы барғанда балалығы ұстап, иірімге тас лақтырса, үйіріліп-айналып жатқан жап-жасыл жылымы жұтып жіберетін де, мазақтағандай күмбір-күмбір күлетін. Бірақ ол біртіндеп ерке мінезден есерлікке көшті. Бірде еңкейе бергенде ағыс оның шелегін ала қашты, бірде киімімен қоса өзін домалатты. Күн өткен сайын сиқырлы сұлу әуезінен де жұрдай болды. Алтынай оны қазір жек көреді. Өйткені онда өзгеріс жоқ, өйткені ол бір сарынмен ағады.

Бұлар осы етек-жеңі ат шаптырым қара орманды Қарағай лыға қоныс тепкенде, Нұрлыбек те ерекше-тін. Бүгінгідей алысқа ұзап кетпейді. Дарбының басына кешкі қызыл шапақ ұялай бастағанда, ол да түзбен қош айтысып, босағаны аттайды. Сосын таусыла сөйлеп, сезімін сөзбен ақтара салмаса да, бойындағы бар махаббатын жұп-жуас көздерімен-ақ Алтынайдың жүрегіне жеткізіп, сыбызғысын қолына алады. Асықпай ұзақ отырып деміккенше «Аққабаның толқынын» тартады. Ондайда бұл да қой демейді, ұйып тыңдап отырады. Осындай бір қоңыр кеште Алтынай ертеректе оқыған Пушкиннің «Алтын балық туралы ертегісін» еске алып:

–       Біз де көк теңіздің жағасында сияқтымыз. Біз де шал мен кемпір сияқтымыз, – дегені есінде. Нұрлыбек сонда:

–       Рас, шал мен кемпірміз. Жұмысымыз да қариялардікі сияқты. Мен орманның, сен пиларамның күзетшісісің. Жас болып қиналып жатқан біз емес. Мамандығымыз бойынша қойға санитар болсақ қой, күндіз-түні малмен алысып, жасымызға жетпей қартаяр едік, – деп мақұлдаған. Алтынай онымен де қоймай:

–       Егер сол Аққабадан алтын балық ұстап алсаң, не тілер едің? – дегені тағы бар.

–       Бүкіл ғұмырымызға жетер көп-көп ақша сұрар едім, – деді ол қиялға батып. Ал Алтынай:

–       Мен екеуіміздің де еш уақытта қартаймауымызды қалар ем, – деп еді-ау сонда. Сол алтын балық Алтынайдың қолына қазір түссе: «Таң атқанша төңірекке түгел ел қондыр, не болмаса құтқар мені мына құрдымнан», – дер еді. Не керек, бәрі құрғақ қиял. Елу шақырым етектегі ауылға жылына бір түсуге зар болып отырып, болмайтын тірлікті көксеуін көрмейсің бе көңілдің. Алтынайдың ойына кенет ауылдағы анасы түсті. Өткен жылы жазда оны бұған серік болсын деп Нұрлыбек алып келген-ді. Алғашқы күні Қарағайлыны түгел тамашалап шыққан ол Аққабаның жағасында отырып: «Күзге дейін жаныңда боламын, қалқам», – деді де, біраз күннен кейін шайдай ашық көңілі ірімшіктей іріктеліп шыға келді. Бұл жердің ауа райының жақпайтындығы, жетпістегі жер таянған кәрілігі, ауылдағы немерелерін сағынғандығы – бәрі-бәрі желіккен көңілге желеу болды. Ақыры қайтып тынды. Сол күні Алтынай сәбилі болмағанына алғаш рет қатты қамығып еді. Табиғат бұған оның да қызығын жазбай жүр…

Үй іші бозғылт тарта бастағанда, талаусырап жатқан Алты найдың кірпігі ілініп кетіпті. Есік сықырынан ояна кел се, Нұрлыбек табалдырықтан жаңа аттаған екен. Бұған көңілсіздеу бір қарады да, иығындағы қабын түсіріп, сырт киімін шешуге кірісті. Шаршағаны білініп тұр, қимылы тым сылбыр. Қабағын қайта-қайта шытады. Енді, міне, төрге де ұзай алмады, босағадағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Кіртиген көздерінде титтей жылылық білінбейді, өлеусіреп тұр. Жағы әбден суалған. Көптен күтім көрмеген шашы ұйпа-тұйпа.

Алтынайдың жүрегі езіліп жүре берді. Кенет төсегінен ұшып тұрды. Сосын Нұрлыбектің жанына қалай жетіп, мойнына қол салғанын да аңғармады. Түндегі көл-көсір реніші қайда кет кені белгісіз. Оны Нұрлыбектің мына аянышты жүзі қас қағымда ұрлап алған тәрізді. Түк болмағандай енді жып-жылы алақандарын оның бетіне басады. Түн ұзақ сарғайып жатқанда бұны өстіп аялайын деп пе еді? Бұл әйелге тән бостығы ма, әлде әншейін мүсіркеушілік пе, өзі де түсінер емес. Нұрлыбек болса мұның әрбір қимылына үнсіз көніп, былқ-сылқ отыр. Бойында жан жоқ сияқты. Кенет Алтынай оның қолына көзі түскенде, денесі дір ете түсті. Саусақтарының арасы айғыз-айғыз қатқан қан.

– Мынауың не, жаным-ау?! – Алтынай шошына тіл қатты. Нұр лыбек қолына қарады да, есіне әлдене түскендей дереу жанында бүйірі шығып жатқан қапқа ұмтылды. Қимылы ширап шыға келген, түйіншектеліп қалған қаптың жібін шешуге шыдамы жетпей кездігімен қиып жіберіп, ішінен марқа қозыдай бір аңды созылтып суырып алды.

– Бұл не? – деді Алтынай әуелі танымай.

– Не болушы еді, жұп-жұмсақ қуырдақ та… – Нұрлыбек қо-лындағысын мұның алдына былқ еткізіп тастай салды.

Алтынай енді ғана таныды. Таныды да, еңкейген күйі қатты да қалды… Еліктің лағы… Тамағын кездік орып түсіпті. Ұйыған қан ішінен аппақ жұлыны көрінеді… Қылдырықтай мойны тұтас қан. Алқымы қан… Жұдырықтай басы да, саусақтай сирақтары да қан… Қан ішінен жаудыраған көздері Алтынайға бейкүнә қарайды. Мөп-мөлдір жанарлары мөлт-мөлт етіп, бұған жалбарынып жатқандай. Жоқ, сен де адамсың ғой деп кінәлап жатқандай. Осы бір жаудыраған көздер Алтынайға өзінің бір суретін елестетті. Мектеп бітірген кезде түскен сол суретінде көздері дәл өстіп мөлдірей қалыпты. Бойжеткен күндерін сағын ғанда, оны қазір де жиі қарайтыны бар. Қараса болды, көңіліне мұң толатын. Құдды ертеңгі күні бұны осындай өмір күтіп тұрғанын сезгендей білгірлік танытыпты-ау сол жанарлары…

Боталаған көздерімен Алтынай енді Нұрлыбекке бұрылып еді, күлімсіреп тұр екен. Жүрегі тас төбесіне шықты. Мұндай жиіркенішті түрін еш уақытта көрмеген. Қасқырдай тісі ақсиып, бұған ыршығалы тұрғандай. Алтынай шошына шегіншектеп барып, төсегіне етпеттей құлады…

Екі иығы солқылдап ұзақ жатты. Бір уақытта жасы таусылғанда, Қарағайлыда өткен алты жылы түрлі-түрлі сурет боп, көз алдынан көшті-ай кеп. Бірақ соның қайсысын көрсе де, жаңағы екі сурет – жаудыраған көздер мен Нұрлыбектің ақсиған кейпі қосарланып қоймады. Бәрінен де осы екеуінің бояуы анық. Бәрін де осы екеуінің көлеңкесі баса берді. Алтынай енді білді, Нұрлыбекті сарғая күтіп, сан таңды сағынышпен атқызған кешегі түндері түгел бос азап екен, алдағы күндеріне белгісіз бір үміт артып, мына қараша үйден жылу іздеген бұл да ессіз бейбақ екен. Енді ғана сезді – махаббатым деп түсініп, жылдар бойы құр тұлыпқа иіп келіпті. Осыны жаңағы екі сурет бұған сендірді. Сендірді де өз үкімін шығарды…

Алтынай орнынан қайта тұрғанда, өз үйі өзіне жат көрінді. Алты жыл бойы өзі ұстаған мына қазан-ошақ та, мына жылы төсек те түгел қазір біреудікі сияқты. Жанына жолауға жүрегі тіксінді. Ұрлыққа түскендей шифоньерді қолы қалтырап әрең ашты. Киімнің іліккенін киді.

Далаға шыққанда жаңа ғана үйде қыбыр-қыбыр ұйқыдан тұрған Нұрлыбектің орманға аттанып бара жатқанын көрді. Бұл ауылға қарай созылған күре жолға түсті.

…Аққабадан өткенде алдынан бір елік шыға келіп, үдірейе бір қарады да, су жағалай андыздай қашты. Соңына жұдырықтай жаутаң көз лағы селтең-селтең етеді.

Дидахмет
Әшімханұлы