АҚШОҚЫ

Жатын бөлмедегі жалғызкісілік төсекте бірақ уыс боп бүрісіп жатқан Оқастың көз алдынан тағы бір күннің жарық сәулесі өлеусіреп өшіп барады. Біртіндеп күңгірттене түскен төменгі қабырғаның дәл ортасына ілінген дөңгелек ақ сағаттың бірқалыпты сыртылынан басқа тырс еткен дыбыс жоқ. Өлі тыныштық. Өлі дүние. Бойында әзірге шыбын жаны бар демесең, Оқаста қазір өлінің есесінде. Бұдан небәрі тоғыз ай бұрынғы топ-толық, жұп-жұмыр денесінен ендігі қалғаны тек саудыраған қу сүйек қана. Сол қу сүйектің өзі де күн өткен сайын жұқарып, жіңішкеріп біткен – төсектен аяғын сәл түсіріп отырса болды, шидей жіліншіктері дір-дір етіп, сынып кетердей сырқырап қоя береді. Бірақ бас көтеріп, башпай басын жерге тигізбегелі де қашан! Бас дейді-ау, кепкен қарынмен қаптап қойған қолтоқпақтай болып, оның солып, сопайып қалған түрі мынау. Соңғы «химиядан» кейін бұрынғы төбелтазының төменгі жағындағы қалың бұрыл шашы да жидіп түсіп,  аламыш-аламыш болып қалған.

Иә, ажалы тақады, татар дәмі таусылды Оқастың. Төменнен бастап өрлеген өлім белгісі соңғы бірер күнде кеудеге жеткені анық білінген. Енді ажал тырнағы тек жүрекке ғана жетпей тұр. Оған да жетер. Көп болса бір апта … сосын … анау Алатаудың бауырында … көп қорымды көк жотаның үстінде … көктемнің жып-жылы шуағына бусанып тағы бір жас топырақ үйіндісі жатады. Сонымен бітті. Одан әрі … қара түнек …

Жүрегі дүрс-дүрс соғып аузына тығылды. Оң жақ бүйіріне қалай аунап түскенін өзі де сезбей қалды. Өлім! Неткен қорқынышты! Бір-ақ сәтте мың-сан құмырсқа тұла бойын жорғалап өткендей. Ойында – мәңгілік түнек … Түпсіз тұңғиық … Ол тұңғиықтың түбінде не жатқанын, кімде не күтіп тұрғанын жан баласы білмейді. Рас, қандай қорқынышты! Оқас көзін ашып ала қойды. «Жо-жоқ, бұл қас-қағымдық қана қорқыныш». Өлімнен ешқашан қорқуға болмайды. Ол – хақ. Ол – Құдайдың ісі. Ерте ме, кеш пе, жұмыр басты пенденің баратын жері сол ғана. Бұны ақыл-есі дұрыс адамның бәрі біледі.Білмейтіні – тек дәл қай уақытта өлетіні ғана. Білмеген соң да мәңгі өмір сүретіндей болып жайбарақат тіршілік ете береді. Өмір – сонысымен өмір. Егер әркім өлетін күнін біліп жүрсе, онда мына өмірден не қызық қалар еді. Ең өкініштісі сол – Оқас соны біліп жатыр. Қашан өлетінін біліп жатыр … «Жо-жоқ, бәрібір өлімнен қорқуға болмайды!» Ол – хақ. Ол – Құдайдың ісі. Ерте ме, кеш пе, бұның да баратын жері сол ғой. Бірақ алатын жанын Құдай қинамай-ақ алса екен дейді Оқас.

Қайтадан шалқалай жатып, көзін жұмды. Ештеме ойламауға тырысты. Бірақ сана сарайын қанша жерден бекітіп алдым десе де, сұғанақ ойлар әйтеуір бір тұстан саңлау тауып кіріп кетеді. Кіріп кетеді де, бүкіл өткен өмірін тағы да шақшадай басына шыр айналдырып көшіре бастайды. Құдды қайта-қайта көрсете беретін әлдебір көне фильм секілді. Сол «көне фильмдегі» көп көріністердің ішінен Оқас неғұрлым көңілді бірдеме көргісі келеді. Кейде оны да көреді. Сондай сәттерде жабыққан жаны сәл де болса жадырап, қазіргі жайын бір сәтке болсын ұмытып, кәдімгі сау адам сияқты өмір сүріп жатқандай күй кешеді. Алайда бұл да ұзаққа бармайды, жаңағы қызылды-жасылды, шуақты-нұрлы суреттер әлдебір сағыныш сезімдерін оятып, оның соңы өзекті өртер өкінішке айналып шыға келеді. Өкініш! Оқастың бір байқағаны – барлық мұң-наланың ішіндегі ең ауыры осы өкініш екен. Қазір де бұның жанын қинап жатқан сол өкініш. «Әттең-ай! – дейді іштей аһ ұрып. – Сол жолы Дүйсенмен бірге елге кетіп қалсам ғой, дәл мынадай күйге түсер ме едім». Амал не, боқ дүние жетті ақыры түбіне.

Есіне Дүйсен түсті. Үш күннен бері ол да жоқ.Үш күннен бері сықыр еткен есік пен сыбыр еткен дыбысты қалт жібермей бұл жатыр. Жоқ ол, жоқ! Япырау, қайда кетті? Неге көрінбей кетті? Бұның күннен күнге төмендеп, демі бітіп,дымы құрып бара жатқанын, осынау соңғы соңғы сағаттарында жанына ненің демеу, ненің сүйеу боларын бір білсе, сол жігіт қана білетін еді ғой. Ендеше қайда жүр? Қалада ма? Сыртта ма? Әлде … қарақан басының қамынан аса алмайтын көп қараның біріндей, ол да өз шаруасын күйттеп кеттіме? Бірақ оған да ренжитін жөні жоқ қой бұның. Тірі адам тіршілігін жасамай отыра ала ма! Өлетін Оқаста енді кімнің не шатағы, не шаруасы бар.

Жабыққан, жасыған қос жанарынан үзіліп түскен бір тамшы жас қан-сөлсіз бетінен сырғып барып жастығына тамды. Бір сәт буалдыр тартқан бұлыңғыр дүние арасынан … босаға тұсындағы төбеден болмашы жарықтың бозара өшіп бара жатқанын байқады. Тағы бір күннің соңғы сәулесі. Мүмкін мүлде соңғысы. «Шіркін-ай, соңғысы болса екен!» Бүйтіп қиналып, сарғайып, жаңбасы тесіліп жатқанша жым-жырт қана аттанып кетсе екен сол о дүниесіне.

Шындығында, дәл қазір бұрынғыдай қиналып та жатқан жоқ. Кейінгі екі күнде бүкіл денесі адам түсінгісіз бір жұмбақ күйге түскен. Не ауыру, не сау екені белгісіз. Екі жерінен жанына батар ештеме сезілмейді. Талайдан бері тұла бойын қуалай соғып, құтырына желіккен боран-дерттің екпіні енді күрт саябыр тартқандай. Бұл – беттің бері қарағаны емес, бойдан жанның кете бастағаны екенін Оқас біліп жатыр. Қазірдің өзінде сол жақ аяғынан титімдей тірлік белгісі білінбейді. Алдыңғы күні бұны алғаш сезгенде, Оқас өлу дегеннің, өлім дегеннің соншама қорқынышты боларын бірінші рет түйсінгендей жүрегі тас төбесіне шығып еді …

Бірде сыздап, бірде шаншып, енді бірде от боп күйіп тұратын сол аяғын анда-санда сипап қойып жатса, Оқастың аз да болса жаны жай тапқандай болатын. Бұнысы кейін әдетке айналып кеткен де, бір жері шым ете қалса, қолы алдымен шодырайған тізесіне қарай жүгіретін. Сол күні түнде де әлденеден селк етіп ояна келген бұл бірден аяғын ұстаған. Ұстаған сәтте уысына сұп-суық бірдеме іліккен. Тізесі де, қара саны да – сұп-суық. Өзінікі емес, өлген біреудікі секілді. Аяқ екені, өзінікі екені тек алақанына түрпідей тиген қылтанақ-қылтанақ қылшықтардан ғана білінеді. Бас бармағын батырып көрді. Ештеме сезбейді. Шымшып көрді. Ауырмайды. «Бітті! – деді. – Бәрі де бітті! … » Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түсті.

– Балжа-ан! – деп қалай дауыстап жібергенін өзі де сезбеген. – Бармысы-ың? – деді артынша.

Төсек жанындағы жұмсақ креслода бір қырынан қисая ұйықтап отырған қызы басын шұғыл көтеріп алған.

– Не!? Морфи салайын ба? – деді ол әбіржіп.

– Жоқ … Жай әншейін … сені де шаршаттым-ау, балам.

– Шаршағам жоқ … Тек көзіме ұйқы тығыла береді. Сен жазылып шыққан соң бәріміз бір дұрыстап демаламыз ғой, папа. Сонда сені машинаға отырғызып алып, Алтай қайдасың деп тартып тұрамыз әлі.

Оқас көзін жұмған күйі ернін тістеген. «Бәріміз дұрыстап бір демаламыз … » Иә, демаласыңдар. Оған да көп қалған жоқ, ұзаса – бір апта. Сосын ұйқыларың да қанады … »

– Папа.

– Тыңдап … жатырмын …

– Аяғыңа массаж жасап берейін бе?

«Массаж жасайтындай менде не аяқ қалды» … Көзін ашпаған қалпы қолын сәл жоғары көтеріп еді, «ұсташы» дегенді Балжан бірде ұға қойды да, жып-жылы алақанын бұның уысына салды. Оқас оны әлсіздеу қимылмен өзіне тартып, жыбыр-жыбыр еткен ерніне тақады. Әдетте дәрі иісі аңқып тұратын қолдан бұл жолы әлдебір иісмайдың қолқа қабар өткір лебі білінген. Қабағы кіржің ете қалды. Артынша көзін сығырайта ашып, қызының бет-жүзін жайлап бір шолып өтті. Өскеменде дәрігер еді, әкемнің жанында болам, өзім емдеймін деп келгеніне жарты айдан асқан. Содан бері күндіз-түні жанында. Шаршап, қажығаны анық сезіледі, келген кездегі топ-толық беті солыңқырап, ұялы қара көздері кіртие түсіпті. Дегенмен … күндегі ұйпа-тұйпа ұзын шашы бүгін қысқарып, бұйраланып, жып-жинақы болып қалған. Мана екі кештің арасында бір жаққа шығып кетіп еді, сонда түзетіп-күзетіп үлгерсе керек … «Әйтеуір, ешкім де өзін ұмытпайды», – деді Оқас тағы кіржиіп. – Біреудің жайын, біреудің қамын ойлай жүріп те ұмытпайды бұлар өздерін! Бүгін бе, ертең бе … кез-келген сәтте бұның тыраң ете түсетіні белгілі. Сонда алыс-жақыннан ағылған адамдар лық толады осы үйге. Солардың алдында біреуі әдемі боп жүруді, біреуі ұятқа қалмауды ойлайды. Соған қазірден бастап кірісіп кеткен бұлар. Кеше әр нәрсені сылтауратып, қатын кетті қырық шақырым жердегі Қарғалыдағы сіңлісіне. Бұл мынадай өлі мен тірінің арасында жатқанда, ол қайбір туыссырап жүр дейсің, асқа сояр мал іздей бастағаны да … Бәрі жалған, бәрі алдау! Шын сөйлейтін бір жан қалмаған жанында. Әлде … «аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ», бұған тек солай ғана көрінер. Әйтпесе кім жаманшылық ойлар Оқасқа. Кім білсін, әйтеуір, өзін де, өзгені де түсінбес бұлдыраған бір дүние. Осы бұлдыр дүние арасынан аңсап-күткені бір-ақ адам еді, ол да қарасын батырып тынды ақыры.

– Балам … Дүйсен хабарласты ма?

– Жоқ, хабарласпады. Звондаса айтам ғой … Су бірдеме ішесің бе?

Оқас ішпеймін дегенді бас шайқап білдірген де, қабырғаға қарай теріс бұрыла берген.

Бұл – аяқтан жан кеткен күнгі түндегі жағдай еді.

Одан бері, міне, екі тәулік өткен. Қарғалыға кеткен қатын бүгін түсте оралып еді. Оралған бойда бұның жанына келіп, жіпсіген майлы алақанын маңдайына басып, өзінше қызуын өлшеген болып, өзінше жылы сөзбен көңілін аулағансып, маңайында біраз балпаңдап жүрді де, сосын төсек жанындағы жұмсақ креслоға отырып, Қарғалыда көрген-білгенін сампылдап айта бастаған.

– Балдызың келесі айда кіші қызын ұзатқалы жатыр, – дейді. – Анау Айгүлді айтам да. Сол кетеді екен, – дейді. – Күйеубала анау Қытайға жақын жердегі «Дружба» деген стансада үлкен қызмет істейтін көрінеді. Өзі де, әке-шешесі де бай дейді балдызың. Сені бас құда етіп апарғалы отыр…

Бұдан әрі… Оқастың басы айналып, көзі қарауытып кетіп еді. Құлағында – шың-шың еткен бір сөз… «Сені бас құда етіп … », «бас құда етіп…» Бір орнында шыр айналған күйтабақ секілді … «Сені бас құда етіп …», «бас құда етіп…» Неткен мазақ! Өстіп те көңілді аулай ма екен. Өстіп те өтірік айтуға бола ма екен! Қандай топастық! Неткен сезімсіздік! Кеудесін кернеген ашу-ыза лықсып келіп көмейіне тірелген. Бірақ сыртқа шығаруға дәрмен жоқ. Қаттырақ сөйлеуге де күш керек. Өкіріп тұрып жылағысы келді. Бірақ жылай алмады. Жылау үшін де күш керек. Бар шамасының келгені:

Не құдіреті барын кім білсін, осы морфиден кейін … зілдей ауырлап жатқан денесі жеңілдеп, аз да болса ауырған жері басылып, көз алдындағы тұман мен мұнар, көкірегіндегі уайым мен мұң бір сәтке сейіліп, серпіліп шыға келетіні бар. Қызық! Сондай сәтте бұл ғұмыры ауырмағандай, күні ертең-ақ алшаң басып қатарға қосылып кететіндей болады. Бұның өзі бір-ақ сағаттық алданыш екенін де біледі. Алайда сол бір сағаттаттың өзінде Оқас кәдімгі өмір сүргендей болып қалады. Басына әдемі-әдемі ойлар келеді. Жүрегін тәтті-тәтті сезімдер қытықтайды. Сол уақытта еске түсер елестердің суреті қандай анық, бояуы кеткен қанық десеңші! Жо-жоқ, елес емес, өмірдің дәл өзі ғой, дәл өзі! Және ол – Алматыда өткізген соңғы отыз жылынан әлдеқайда бұрынғы, әлдеқашан Алтайдың қойнау-қолаттарында қалып кеткен балалық шақ, бал дәурендегі қимас та қызық өмірі. Жерден бауырын сәл көтеріп алса, тыраң қағып маңайынан көк іздейтін көтерем қой секілді Оқас та ауыруын аз-кем ұмытса болды, сол баяғы тәтті күндер төрінен бір-ақ шығады. Сонда бұның бір таң қалатыны – жайшылықта қаншама бас қатырса да есіне түсе бермейтін кешегі бір жайларды былай қойғанда, осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы ұсақ-түйек оқиғалардан бастап, кездейсоқ кезіккен әлдебіреулердің аты-жөні, айтқан сөздеріне дейін енді оп-оңай ойына орала кететін боған. Ия, дәл солай! Осы ауру жабысқалы, әсіресе нәр сызудан қала бастаған кейінгі кезде, Оқастың ой-санасы, жазысы сұмдық жарқырап, жаңарып шыға келген. Құдды қайдағы бір құдіретті күш миының қатпар-қатпар қыртыстарын шаң-тозаң, кір-қоқыстан түк қалдырмай тазалап, жарқыратып, жайнатып жібергендей. Миы дейсің-ау, бұған қоса мұрын мен құлақты айтсаңшы! Бұл шіркіндер де баяғы бір күндердіңиісі мен тынысын, сезгені мен селт еткенін ұмытпайды екен. Ұмытпағандарын әйтеуір бірде адамға сол қалпында, сол табиғи күйінде қайта сездіреді екен. Оқас біледі, өз мұрны мен құлағында мұндай қасиет бұрын әлсіздеу еді, ал қазір? Ғажап! Әсіресе, морфи салғаннан кейін … он минуттай өткенде… барлық сезім мүшесі бірінен соң бірі оянып, бір кездерде көрген, сезген, естігендерін жадында қайта жаңғыртып, бүгінде көзінен бұлбұл ұшқан қайран күндерін қаз-қалпында алдына тоса береді. Оқастыңсондағы алдымен көретіні – тағы да баяғы Ақшоқы … Маңайындағы барлық шоқылы-шыңды, шоқтықты таулардан еңсесі биік Ақшоқы … Он жеті жасында артында қимай-қимай қол бұлғап қалған Ақшоқы.Кейін … ылғи да ауылын сағынып келе жатқанда күншілік жерден көзіне оттай басылатын Ақшоқы. Енді міне, маһшар алдында жатып та аңсағаны – сол Ақшоқы. Ал аңсап жатып, қиялдап жатып Ақшоқыны көрсе-ақ қарадай шөлдеп, таңдайы қаңсып сала береді. Шөлдеген кезде … сол Ақшоқының бауырында, желкілдеген қалың шөптің арасында, жыландай иретіліп жылап ағып жататын Маралбұлақтың салдыр-салдырына дейін ап-анық естір еді … Сылдыр-сылдыр ағыстан салқын леп еседі. Салқын леппен ілесіп я балықтың, я балшықтың иісі білінеді. Оқас балықтың да, балшықтың да күлімсі иісін бала жастан ұнатпаушы еді, енді соның өзін шөліркей аңсап, сарғая сағынып жатыр. «Шіркен-ай! – дейді кебірсіген ернін жалай түсіп. – Бір ғажайыптың күшімен қазір Ақшоқының төбесінен  топ ете түсіп, Маралбұлақтың қайрақ тасты жағасына жата қалып, шөлім қанғанша ішер ме едім сұп-суық мөлдір суынан. Сосын өліп кетсем, арман не! Бірақ оған жету қайда енді. Дүйсен бала айтқандай, жер киесі атты ғой, қу тіршілік жетті ғой түбіме, амал не … »

Рас, қу тіршілік, күйбең тірлік жетті ақыры түбіне. Сол жалы егер Дүйсенге еріп кете барса ауылға … бүгінде аяқ та сау, ден де сау жүрмес пе еді алшаң басып ортада. Жоқ, отқа тартса боққа қашты бұл Оқас. Ауылға емес тауға  аттанды дачаға. Сол дачадан тапты сөйтіп бейнетті де, ажалды. « Әй, әттең-ай! Әттең-ай! … »

Есік қоңырауы шылдыр ете қалғанда, Оқастың ойы бөлінді. Тағы шылдыр … Екінші рет … қысқа ғана. Дүйсен! … Дүйсен ғой бұл екі-ақ рет еппен басатын қоңырауды. «Айналайын-ай келдің бе, жеттің бе ақыры ағаңның көңілін аулауға. Кел, келші тезірек жаныма … »

Балжан ширақ қимылдап бөлмеден шығып кетті де, сыртқы есікті ашып, әлдекіммен күбір-күбір сөйлесе бастады. Ер адамның дауысы … Дүйсеннің … Иә, соған ұқсайды. «Келші … келші, айналайын, жаныма. Ел мен жерді еске алайықшы бір армансыз» …

Жоқ, Балжанның өзі ғана кірді бөлмеге. Дүйсен қайда? Ол не ғып бөгеліп қалды, япыр-ау?

– Қайыржан аға ғой … Бері жіберейін бе? Оқастың жаңа ғана жастықтан көтеріле берген басы қайтадан сылқ ете түсті. Жұмған көзін алақанымен көлегейлеп, «кіргізбе» дегенді ыммен білдірді ақырын. Сосын кеуде кере күрсінді. Көкірегі тұз жұтқандай ашыды. Көз алдына жұп-жұмыр түкті білектегі сары сағат елестеді. Қайыржанның сағаты.

Бұдан бір айдан бұрын Оқастың дерті қазіргіден жеңілдеу, көңіл-күйі сергектеу еді. Ол уақытта жанында өбек қағып жүрген бала-шағаға да, сырттан көңіл сұрай келген ағайын-туыс, дос-жаранға да бұл риза-тұғын. Денің сау, күш-қуаттың мығым кезінде аралары алшақтап кеткен кейбір көзтаныс, көңілжақындарды да енді қайта еске түсіріп, есептеп-түгендеп, келеді-ау деп аңсап-күтіп жатты. Шүкіршілік, көбі келді, әңгіме-дүкен құрып, жанын жадыратып кетті. Ал қазір … ешкімді де көргісі жоқ. Көрсе болды, аяушылық деген ит сезімнің әркімнің көзінде мөлдірей тұнып тұрғанын байқайды да өзінің соншама бейшара да сорлы, мүсәпір де мүскін күйде жатқанын тіптен сезіне түседі. Құдай-ау, осы аяушылық атаулының мұндай сүйкімсіз, мұндай жиіркенішті болатынын кім білсін. Түсінген жанға қорлық та, қорлау да осы екен ғой. Жо-жоқ, түсінбейді ешкім де. Өздерінше бәрі бұны жақсы көретінін, сыйлайтынын, қимайтынын, ауру азабын аз да болса жеңілдеткілері келетінін білдіргендей болады. Оны Оқас қалай қабылдап, қалай сезініп жатқанында бірінің ісі жоқ. Жә, бұл да алғашқы кездегі жай ғана түңілу, іштей мүжілу екен, ал кейінгі күндері … адам атаулының мүлде қарасын көруден безінген. Бұнысы – осынау баянсыз жалғанның бар қызығы мен рахатынан, күллі үміті мен сенімінен күдер үзгендігінен емес, тіпті енді еш адамға керексіз болып қалғанына көзі жеткендігінен де емес – алпыс бес жыл бойы соншама күрделі де қиын, аса жұмбақ та құпия көрінген өмір деген боқ тірліктің қарапайым ғана сырын соңғы санаулы-ақ күнде ап-анық түсінгендігінен еді. Бақса … мұнда адам миы жетпестей ештеме де жоқ екен. Күн сайын таңның атысынан күннің батысына дейін қыбыр-қыбыр қимылдай жүріп, бір істі бастап, бір істі тындыра жүріп, бірде қызық, бірде шыжықты көре жүріп әркімнің ғұмыр бойы іздейтіні – Өзі екен, өз Қажеті екен. Тіпті ол өзгенің мұңын, басқаның жайын, ойлай жүріп те өз қамын бір сәт ұмытпайды екен.

Оқас бұны өткен аптада, дәл осындай екі кештің арасында, жанында жарты сағаттай болып кеткен жаңағы Қайыржанның елеусіз ғана бір қимылынан сезіп қалған да, көкірегі алай-түлей боп шыға келген. Сол сәтте алдында … бір ғылыми институттың бір бөлімінде он сегіз жыл бірге істеген ең сыралғы досы емес, шөп-шалам арасынан өз жемтігін іздеген сасық қоңыз отырғандай болған. Оқастың оны екі жылдан бері көріп тұрғаны да еді. Қысқарту деген бәленің тықыры сезіле бастағанда-ақ бұл жедел пенсиясын реттеп үлгерген де, ол бөлім меңгерушісі ретінде орнында қала берген.

– Міне, мен де сенің қатарыңа қосылдым. Қолым бос. Өзің сияқты ескі достарды іздегеннен басқа шаруам жоқ, – деген ол аман-саулықтан соң. Бұнысы Оқастың ішін жылытқан.

– Есіңдеме, институттағы құрдастар сені – «Леонев», мені – «Моргунов» деуші еді ғой, – деп, саба піскендей гүріп-гүріп күліп алды.

Бұл сөзге Оқас жымиып та қойды. Рас, Леонов пен Моргунев секілді екеуі де ол кезде толық еді. Екеуі де таз еді. Ал бүгін … «Сен Моргунов болғанмен маған енді Леонев қайда!» деді бұл іштей.

Обалы нешік, Қайыржан алғашында осындай жайлы сөзімен, көңілді әңгімелерімен бұның жанын біраз жадыратып тастаған. Әсіресе, ұзақ жыл институтта бірге істеген күндерінде бастан кешкен не бір оқиғаларды еске алғанда, Оқас «иә, иә … есімде … дұрыс айтасың» … деп, Қайыржанның қолтығына су бүркіп қоюға да шамасы жетіп еді. Сол сәтте …әмсе бір ысып- бір суып, бірде сыздап, бірде шанышқақтап тұратын сол жақ аяғы да тылсым бір тыныштық күйге түскен. «Шіркін-ай, нағыз өмір – өткен күндер екен ғой! Рахат та, қызық та тек сол күндерде екен ғой», – деп ойлаған бұл сонда. Осы ойын түсінгендей Қайыржан да көне өріс, ескі сүрлеуді ұзақ-ұзақ шиырлаған асықпай. Оны Оқас құшырлана тыңдап еді шаршамай. «Айта берсе, айта берсе», – деп тілеп еді шынымен.

Бірақ, амал не, Қайыржанды қарабасты артынша. Төсек жанына жасаған шағын дастарқаннан майлы қазыны бірінен соң бірін қарбыта жеп, қою шайды сораптай іше отырып, өзі де, әйелі де жеті жарым мың теңгемен пенсияға шыққанын, бірақ сол он бес мыңның ештемеге жетпейтінін, сондықтан бір жерден жеңіл-желпі жұмыс іздеп жүргенін тәптіштеп айта бастаған.

Оған үнсіз қарап жатқан Оқастың құлағына бұл сөздердің бірі жетіп, бірі жеткен жоқ, тек ішінен: «Денім сау болса, тамақты мен де өстіп жер едім ғой», – деп ойлады.

– Жұмыссыз отырған жаман екен, Оқас. Таң атып, күн батып бермейді, – деді ол тағы да нанға майды баптап жаға отырып.

«Менің орнымда болсаң, білер едің таңның «қалай атып, күннің қалай бататынын», – деп мырс етті Оқас.

– Елге бармағаныма да жиырма жылдай боп қапты. Бірақ ел дейтіндей онда қайбір ел қалды дейсің, – деп бір қойды ол.

«Ел қалмаса, жер қалды ғой онда. Жер мәңгі тірі емес пе», – деп ойлады бұл. Осыны ойлады мұң екен, көз алдына тағы да Ақшоқы келді. Баяғы Ақшоқы. Ауылға келе жатқанда күншілік жерден көзіне оттай басылатын Ақшоқы. Қайран Ақшоқы  …

– Мен кетейін, Оқас. Жолай соғатын жерім бар еді. Шаруа тайы да, тәйірі, – деп, Қайыржан аузын сүртіп, жұп-жұмыр түкті білегіндегі сары сағатына қараған. Сары сағат емес, сары шайтандай көрінді бұған. Сары сағатқа  да, сары Қайыржанға да Оқас көз қиығымен жирене қараған сонда. Сосын ол бөлмеден шығып кеткеннен кейін … дастарқан үстін жинай бастаған Балжанға:

– Маған енді… Дүйсеннен басқа… ешкімді кіргіз бе, – деп, теріс қарап, сұлық жатып қалып еді.

« … А-а-ай! … А-а-ой! … О-о-ой! … »

Айқайлайын дейді. Айқайлай алмайды … Қашайын дейді. Қаша алмайды … Жүрегі атқақтап аузына тығылады. Демі бітіп, тұншығып барады.

«А-а-ай! …А-а-ой!… »

Тағы да жанұшыра айқайлаған болады, бірақ дауысы шықпайды. Тағы да қашайын дейді, қаша алмайды. Аяқ асты … жан-жағы … бәрі-бәрі – сумаң қаққан, ирелеңдеген, қаптаған қара жылан.  Маралбұлақтың қайрақ тасты жағасы да, шымырлай аққан су беті де – ысылдаған, ысқырынған, бастары қақшаңдаған  қалың жылан. Бірі мен бірі жарысып, бірін бірі қуалап, Ақшоқының қорым тастарына қарай қопарыла көшіп барады жөңкіліп. Көшіп бара жатқан жыландардың білектей жуан біреуі бұның сол жақ аяғына оратыла қапты сұп-суық боп. Қыл арқандай құйрық жағы қызыл асықтан қыса түсіп, қақшаңдаған басы тізеден жоғары өрлеп келеді сумаңдап …

Айқайлайын дейді. Айқайлай алмайды. Демі бітіп, тұншығып барады. Тұншығып жатып әлдеқайдан біреудің құмыға жеткен даусын естиді. Таныс дауыс … Дүйсендікі …

– Аға-а… қаш кейін, қаш!… Ақшоқы енді біздікі емес, қаш бері.

Қашайын дейді. Қаша алмайды. Аяққа оратылған жыланның құйрығы жібермейді тастай қысып жабысып. Жоқ, аяққа емес, енді міне білегіне жармасты. Қазір мойынға өрлейді.

– А-а-ай! … О-о-ой! Қ-һ-ыһ! …

– Папа, папа! Не болды саған! Ояншы тез ояншы!

Жанталасып жатып көзін ашып алды. Жап-жарық. Таң атып қалыпты. Балжан шидей білегін қыса ұстаған күйі бұған абдырай төніп тұр екен.

– У-уһ! – деді терең дем алып. Жүрегі солқ-солқ ұрып тұр. Асқазан асты удай ашиды. Тұла-бойы қара тер.

– Не болды, папа?! Жаман түс көрдің бе? Ояна алмай қатты қиналдың ғой.

– Су … су берші.

– Мүмкін шай ішерсің.

– Жоқ, су … су …

Балжан асүйге жылдам барып, бір кесе су алып келді де, оң қолымен шүйде тұсынан демей көтеріп, ішкізе бастады.  Сұп-суық екен. Екі езуінен ағызып-тамызып ұзақ ішті. Кесе түбі баяулап көтерілген сайын басы жастыққа жақындай берді де … ақыры сылқ ете түсті.

– Морфи салайын ба? – деді Балжан көрпесін қымтап болғасын.

Үндеген жоқ. Бір ауық қыбырсыз, қимылсыз, жым-жырт жатты да қойды. Асқазан астының удай ашып ауырғаны біртіндеп басылайын деді. Жүрегі де бір қалыпты соға бастады. Көзіне жаңағы жыландар елестеді. «Жақсы түс емес. Бүгін өлетін шығармын … Білектен өрлеп … мойынға ұмтылды … Қара жылан … Білектей. Иә, бүгін өлетін шығармын … Ал Дүйсеннің: «Ақшоқы енді біздікі емес» дегені несі? Сұмдық-ай! … »

Сырттан әлдебір құстың құйқылжыта сайрағаны естіледі. Терезе түбінде жалғыз түп бозқараған бар еді, соған қонып отырса керек. Үнін құбылта-құбылта сайрауын қарашы шіркіннің. Көктем ғой. Көктемде тірі дүниенің бәріне ғажайып бір тіл бітеді ғой… Көктем демекші…

– Балжа-ан …

– Әу.

– Бүгін … қай күн осы?

– Апрельдің 15-і ғой, папа.

Апрельдің он бесі-і… Тура тоғыз ай! Өткен жылы … августтің он бесінде аяғын жаралап еді дачада. Содан бері күн сайын тартқаны  азап. Тоғыз ай бойы… азап! Оның соңы мынадай болды міне … Әттең, әттең! … Сол күні Дүйсенге еріп кете барса ғой ауылға … Енді өкінді не, қойды не! Қу тіршіліктің қамы жетті ақыры түбіне. Туған жердің киесі атты бұны аямай! …

– Балжа-ан …

– Тыңдап отырмын, папа.

– Морфи … салшы.

Манағы құстың даусы әлі естіліп тұр. Тынбай сайрайды. Үнін құйқылжыта құбылтады. Неткен ғажап! Қандай сиқырлы дауыс! Бұл жалғанда табиғаттан құдіретті не бар десеңші. Ертең көрге түскенде Мүңкір-Нәкір бұдан: «Өмірде кімді сүйдің? Нені сүйдің?» десе, бұл ойланбастан: «Табиғатты! Туған жерді!» дейтіні анық. Расында, бұл дүниеде дәл Оқастай табиғатты сүйген кім бар екен! Сүйгенде, тіпті өліп-өшіп сүйді ғой. Сүйгенде, тіпті мынау жанды, мынау жансыз деп қарады ма. Әсіресе, туған жерге барғанда бұған қара тастың өзі тіл қатқандай болушы еді-ау, жарықтық… Қарағай басының шуылы… Тасбұлақтың сылдыры … Тырналардың қиқуы… Бәрі-бәрі ғажап әуен емес пе! Бұл әуенді Оқас көкте қалықтаған құстың қанатынан да, жерде толқыған қалың шөптің сыбдырынан да, көлде ойнаған ақ шабақтың шолпылынан да табатын. Бұны да қойшы, бәрінен де Ақшоқының бауырындағы салба-салба самырсындардың үп еткен желмен сырнайдай сыңсып, Қобыздай күңіреніп тұратынын айтсаңшы. Туған жерді, Ақшоқыны сағынған кезде, сол әуен, сол сарын әрқашан да Оқастың құлақ түбін қытықтап кеп тұрушы еді. Ал елді, жерді, Ақшоқыны сағынбай жүрген кезі болды ма бұның? Жердің тартылыс күші құдірет дейді ғалымдар. Жо-жоқ, құдіреттің көкесі туған жердің тарту күші дер еді Оқас. Сол күштің кереметі емес пе, бұрын жылына кем дегенде екі рет елге барып қайтпаса, көңілі бір көншілмейтін Оқастың.

Тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін осы әдетімен бірде-бір айнымаған бұл. Содан кейінгі кезеңде институттың жағдайы нашарлады. Мал тұқымын асылдандырамыз, селекция жұмысын жандандырамыз деп, Алтайға аттанып кететін командировкалар азайды. Айлық қолға бірде тиіп, бірде тимейтін болды. Сөйтіп жүріп тоқсан алтының жазында елге бірінші рет жолы түспей қалған. Сонда әйеліне кейіп: «Баяғыда бекер келдік осында. Балаларды елде отырып та оқытатын едік … Міне, биыл ауылға да бара алмадық», – деген. Онымен де қоймай: «Түсіме тау кіріп жүр … Кірпігім ілініп кетсе болды, Ақшоқыны көремін», – деп еді, әйелі: «Осы тау, тау деп қақсағаныңды қашан қоясың сен! Тауда басың қалды ма? Тау керек болса, тұр ғой әне Алатау! Бар, қыдыр, көр! Біреулер анау құм далада да өмір сүріп жатыр емес пе», – деді шаптығып. «Мен ондай жерде өмір сүре алмаймын. Мен өйткені ондай жерде туғам жоқ. Әркімге туған жері – Мысыр шаһары», – деп бұл монша жабдықтарын жинап алып, сыртқа шығып кеткен.

Әлі есінде … Дүйсенмен де алғаш рет сол күні, сол моншада танысып еді.

Қаланың күншығыс жағындағы жатаған үйлердің арасында ұзын қара мұржасынан қысы-жазы қою түтін будақтап жататын бұл моншаның сырты қандай сұрғылт, сұрықсыз болса, іші де сондай лас, кір болатын. Киім шешетін бөлменің терістікке қараған екі терезесі үнемі тершіп, буланып тұрады. Қызыл-сарғыш кафель төселген едені шылқыған судан құрғайтын кезі сирек. Көзіне ылғи ұйқы тығылып жүретін, беті мыж-мыж ақсары кемпір оны анда-санда швабрамен бірер сүйреп өтеді де, сосын босаға тұсында қалғиды да отырады. Осыны біле тұра Оқас тек сол моншаға ғана баратын. Өйткені оның «парнойы» – нағыз «парной» еді, шіркін! Шешіне салып төрдегі қара есіктен кіріп барғанда … бірден бетке ұрар ыстық лебі, ыстық леппен қоса қолқаңды қабар қарағайдың қаңсыған иісі, артынша арқаңнан мың-сан құмырсқа жорғалап өткендей бүкіл денеңнің шымырлап, жыбырлап қоя беретіні – керемет енді! Сонда Оқас мұрын қытықтар тағы бір ашқылтым, жағымды иісті сезер еді. Таныс иіс. Бірақ есіне түсіре алмайды. Осы моншаға бұны тартып тұратын да сол иіс сияқты көрінеді кейде.

Сол жолы да Оқас әлгі иістің рахатына батып, «парнойда» жалғыз отыр еді. Кенет …ыңырси ашылған ағаш есіктен …орта бойлы, отыздар шамасындағы екі жігіт кіре берген.

– Паһ! Паһ! …Нағыз бабында екен! – деді қалың ерін, қысық көз сарысы, төменде сәл-пәл тамсана тұрып. Сонан кейін жанындағы арық қараға:

– Жүр, жоғары шығайық. Жаңағы айтқан тамашаны қазір өз көзіңмен көресің, – деді.

Екеуі Оқастың қасына, үстіңгі сөреге келіп отырды.

– Жарықтықтың иісі-ай! – деді қысық көз сары тағы тамсанып. – Не сезесің, байқашы?

– Кәдімгі ыстықтан қаңсыған ағаштың иісі, – деді арық қара жайбарақат.

– Өй, мұрныңды! … – деп, қысық көз күліп қойды. – Айтпақшы, сендерде… Қарақалпақстанда ағаштың бәрін терек демей ме?

– Иә …кейде солай дейді. Оны қайдан білесің?

Қысық көз денесіне быршып шыға бастаған терді алақандарымен сүрте отырып тағы күлді. Күле отырып:

– Редакциямызда істейтін Мойнақтың бір жас жігіті бар, – деді. – Соны бірде дачама алып барғанда … мен пақыр не білді дейсің ғой? «Ағай, теректеріңіз көп екен!» – дейді ол сыңсыған баққа қызыға қарап тұрып. «Қайдағы терек?» – деймін таңданып. «Мынаның бәрі терек емес пе?» – дейді ол, қалай көрмей тұрсыз дегендей, алма, алмұрт, шиені нұсқап. Түсіне қойдым. Түсіне қойдым да, ырқына көше бердім. «Мынау қандай терек?» – дейді үй алдында өсіп тұрған биік ағашты көрсетіп. «Бұл – абрикос, өрік деген терек», – деймін. «Ал  мынау ше?» … «Шабдалы деген терек» деймін …

– Жә, жә … болды! – деді шілбиген арық қара қызарақтап. – Түк көрмеген, оқымаған біреуге бола бәрімізді ақымақ көресің бе? Екіншіден оның сөзі де дұрыс, парсы тілінде ағашты «дарақ» дейді. Терек деген сөз содан шыққан. Ал білгіш болсаң, өзің айтшы, құм арасында қандай шөптер өседі? Сағыз, құмаршық деген не?   

– Қойдым, Секе, қойдым! Ұстадың осал жерімнен … –деп, жорта күлген қысық көз әңгіме ауанын кілт басқа жаққа бұрып жіберген.

– Жаңа жолай саған осы моншадан бір қызық көрсетем деп ем ғой. Сол қызығың – мынау, – деп ол аяғымен басып отырған төменгі жалпақ тақтайды өкшесімен тық-тық еткізді. – Бұл – құрылыс материалына пайдалануға баяғыда тиым салынған балқарағай деген ағаш … Орысша – кедр …

Оқастың құлағы кенет елең ете түскен. «Балқарағай дейді … кедр дейді. Сөз жоқ, біздің елдің баласы шығар осы» …

– Шырағым, қай жерденсің? – деді бұл сөз аяғын күтуге шыдамы жетпей.

– Алтайданмын, аға.

– Оның қай жерінен?

– Қарағайлы деген ауданнан.

– Ақшоқыны … Маралбұлақты білесің ғой?

– Не?! Сіз де со жақтансыз ба, аға?

– Иә … Үлгілі ауылынан.

– Міне, қызық! Ал мен Мойылдыданмын … Екі ортасы – он бес-ақ шақырым. Қалай сізді көрмедім екен?

– Қайдан көресің … Мен елден кеткенде сен тумаған да шығарсың … Кімнің баласысың?

– Әзімбай деген қойшыны білуші ме едіңіз?

– Білгенде қандай! Менің бала кезімде Әзекең комбайын айдаушы еді. Қойға шыққаны кейін ғой. Шешең Бағаштың қолынан да талай дәм татқам.

– Мен сол кісілердің ортаншы баласымын … Дүйсен деген ініңізбін ғой.

Бұдан соң Оқас Дүйсеннің газетте істейтінін, келін де Қарағайлының қызы екенін, таяуда екі баласын ертіп, екеуі де елде болып келгенін білді.

– Сен мына тақтайдың балқарағай самырсын екенін қалай біліп жүрсің? – деді бір әредікте.

– Білмейтін несі бар, міне қазір де иісі аңқып тұр емес пе, – деді Дүйсен. Сосын ту сыртындағы досына жымия бұрылып:

– Секе, қурап қалса да ғұмыры иісін жоймайтын екі терек бар, – деді. Сосың бірі – арша, екіншісі – балқарағай. Екеуін де қазақтар ертеден-ақ ерекше қасиет тұтқан. Оңтүстік жақта үйде адыраспанмен аластаса, біздің Алтайда не аршамен, не осы балқарағайдың бүрімен аластайды. Сондағы олардың шытырлап жанған иісі үйде бірнеше күн тұнып тұрар еді! Солай емес пе, аға?

– Солай, – деді  бұл нығыздап.

– Солай болса … енді өзімнің қандай иісшіл екенімді айтайын, – деп, Дүйсен бір сәт молдас құра отырды. – Алдыңғы жылы жазда осы моншаға келсем, мына тақтайлардыжаңадан төсеп қойыпты. Әлі кір сіңбеген … Аппақ … Жас ағаш … Шайыр иісі мұрын қытықтайды. Шайырмен қоса және бір иіс жаныма жағып барады. Шынымен-ақ самырсынның иісі ме деймін. Тағы иіскеймін … Тура самырсындікі. Тақтайларға үңіліп қарай бастадым. Үстіңгі сөредегінің бәрі – қарағай. Енді төмен көз салсам … Міне, тамаша! Екі жақ жиегі көк жолақтанып, аяқ астымда жалғыз самырсын тақтай жатыр. Бұл қайдан келген? …Сыртқа шыққанда, қожайыннан сұрасам, бір мәшін тақтайды Алтай жақтан келген комерсанттардан сатып алған екен. Түсінікті дедім де кете бердім. Кезінде құрылысқа дайындаған көп ағаштың арасына бір самырсын кездейсоқ түсіп кетсе керек. Содан бері тек осы моншаға келемін.

Елге бара алмай көңілі күпті боп жүргенде, Оқасқа енді Дүйсен деген бір алданыш табылған. Жақсы болғанда, үйлерінің де арасы онша қашық болмай шықты. «Аға, қалайсыз?» деп кейде Дүйсеннің өзі жүгіріп келеді. Кейде бұл оны телефонмен шақырып алады. Сонан соң ұзақсонар әңгіме басталады да кетеді. Сонда не айтылмады дейсің! … Алтайдың ақшұнақ аязы …Ақшоқының шыбынсыз жазы … Ауылдың әпенді адамдары … Елді зар жылатқан кейбір басшылар … Бүгінде тірі жүрген ескікөздер … Бәрі-бәрі еске алынады. Кейде тіпті кімдер қандай ат мініп жүрді дегендей ұсақ-түйектерге дейін сөз болады. Дегенмен осы ұсақ-түйектердің өзі жанға жып-жылы әсер етеді. «Жап-жас болып осының бәрін қайдан біледі, қалай есіне ұстап жүреді» деп Оқас Дүйсенге іштей таңқалып отыратын да кезі көп. Сөйтіп отырып өз баласын ойлайды. Осы Дүйсенмен шамалас жалғыз ұлы – Алтайбегін жаныма жақын болсыншы деп кішкентайынан қазақша тәрбиелеп еді: қазақ балабақшасына берді, қазақ мектебінде оқытты. Бірақ тіл түсінгенмен жан түсінетін баланы әзірге байқамай жүр. Әкеге деген жанашырлық бар, бірақ сезім жоқ, іштегіні айтқызбай ұғатын түйсік жоқ. Оның қасында Балжанмен сөйлесу әлдеқайда әсерлі. «Құдайым-ау, екеуінің әкесі  бір менмін. Қайсысын қай жерде алаладым екен. Неге екеуі екі бөлек?» деп ойлайтын бұл. Сөйтсе гәп мынада екен. Балжанның бала кезінде Оқастың шешесі тірі еді. Ауылда еді. Жаз бойы кішкентай қыз сол апасының қолында болып, күзде бір-ақ келетін қалаға. Келгенде дәл апасы сияқты сөйлеп, мәз қылатын бұларды. Бойға ерте сіңген сол кеңқолтық мінезден бүгінге дейін арылған емес. Ал Алтайбегі асфальттан басқа дым көрген жоқ. Дәлірегінде жалғыз ұлды жанынан шығарған жоқ Оқас. Сөйтіп оның табанын ыстық топырақтан үзген екен Оқас. Соның «жемісін» енді жеп отыр Оқас. Былтыр жаз шығысымен оған: «Мәшинең бар ғой, мені елге апарып келші деп», бірнеше рет өтініш жасаған. Алғашында: «Қазір қолым бос емес, кейін көрерміз деп жүрді де, ақыры бір күн: «Елде не бар осы саған, папа. Ағайын-туғанның бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Енді кімге барасың деп салған. «Туып-өскен жерге барам. Жерді ешкім арқалап кеткен жоқ» деген сөз іште қалды көкіректі күйдіріп. Сол арада үйге Дүйсен келе қалмасы бар ма. Мән-жайды білген ол: «Бүгін демалысқа шығып, өзім де ауылға жиналып отыр едім. Мынауыңыз жақсы болды. Ертеңнен қалмай бірге жүріп кетейік, аға. Бір аптадай елде болып, Ақшоқыны аралап, Маралдыбұлақтың суын ішіп, емін еркін бір демалып қайтамыз» деген бұны қуана құптап. Бірақ бұл сөзді естіп отырған қатын: «Жоқ, ағаң күзде бір-ақ барады. Қазір дачада жұмыс көп. Ағаштардың бәрі сусыз қақсып тұр деп шорт кескен. Сонымен ертеңінде Дүйсен ауылға аттанып кетті де, Оқас бақшасын көтеріп таудағы дачаны бетке алды. Ал сол күні дачада … Шатырдантүсіріп келе жатқан зілдей темір жәшік қолынан түсіп кетіп, тура сол жақ аяғының басына құлағанг. Оның соңы жазылмас жараға айналды. Жазылмас жараның арты айықпас мына жаман дертке ұшыратып, бір-ақ тынды …

Түннің қай мезгілі екенін білмейді. Миын мұздай құрсаған ауыр ойлардан сілесі қатып жатып не заматта әлдебір бұлыңғыр, бұлдыр дүниенің ішіне сіңе бастағандай болды. Жан-жағынан біреулердің елесі, біреулердің таныс бейнесі көрінеді. Артынша олар жоқ болып кетеді де, қайдағыбір мүйізді, тырнақты, жалғыз көзді бірдемелер пайда болады. Олардың бірі сүзіп, бірі тырнағымен бүріп, бұны өңмеңдеп қуа жөнеледі. Бұл жанұшыра қашады. Сосын біртіндеп олар да ғайып болады да, бұл бір жаңа салынып жатқан ауыр құрылыстың ішінде жүреді. Аяқ астында – шашылған кірпіштер … шегелер … қырлары пышақтай өткір темір сынықтары … Әлдеқайдан Дүйсеннің даусы естіледі. «Бері жүріңіз, аға, бері! … » дейді айқайлап. Бұл алға ұмтыла беріп, беріп маңдайын бір темірбетонға соғады. Құлайды. Қайта тұрады. Темірбетонға тағы да соғады маңдайын. Соғылған жері удай ашиды. Енді бір мезетте … жап-жақын жерден иттің ішін тарта ұлыған естиді. өстіп жанталасып жатып көзін ашып алғанда, бөлмеге сәл-пәл жарық түсе бастағанын байқады. Таңғы сағат бестер шамасы секілді. Жанындағы жұмсақ креслода Балжан бір жағына қисайып ұйықтап отыр. Жоқ, Балжан емес. әйелі. Ірік-ірік еткен толықтау денесі креслоға әрең сиғандай. Дудыраған ұзын бурыл шашы жартылай бетін жапқан. Неге екені белгісіз, Оқас іштей тыжырынып қалды. Ескі әдетінше қолын төмен созып, сол жақ аяғын сипады. Сұп-суық ағаш. Сосын оң аяғына алақанын салды. Бұл да ағаш … Бұдан да жан кеткен екен. «Бітті! – деді ақырын сыбырлап. – Бәрі де бітті! … » Бірақ бұрынғыдай үрейленген жоқ. Осылай боларын білген. Бірер күнде осыған да жетерін сезген. «Өлімнен қорқуға болмайды, – деді тағы да ақырын сыбырлап. – Ол – хақ. Ол – Құдайдың ісі … » Күтпеген жерде терезе түбінен ит ұлыды. «Е, әлгінде есеңгіреп жатқанда естігенім осы екен ғой» деді. Бірақ түк те әсер еткен жоқ. «Ұли берсін, ұлысын» деді. Қыбырлап-жыбырлап қасындағы әйелі оянды. Бұның ояу екенін білген ол тырп-тырп басып барып, бөлме шамын жақты. Оқас бұны да ұнатпады. «Аз да болса жарық бар ғой. Несіне жақты оны. Әлде мені тірі жатқанда бір көріп қалайын деді ме…» Көзін ашпаған күйі:

Оқасты төбеден біреу тоқпақпен былш еткізгендей болды. Көзі қарауытып кетті. Әлі де сөйлеп жүрген әйелінің даусы еміс-еміс естіледі.

– Кетердегі сөзіне қарағанда … шекараны екі жақ қайта бөлген дей ме … Сонда Ақшоқы орыстар жағына қарап кеткен бе …

Екінші соққы шүйдеден тиді. Гүрзімен ұрды аямай. Құлақ түбі шыңылдап, есі ауып бара жатқанын сезді. Түпсіз тұңғиыққа өзімен бір сөз кетіп бара жатты. Соңғы сөз. «Ақшоқы орыстар жағына қарап … »

Жанарында жалғыз суреттің сұлбасы қалды. Ақшоқының суреті. Соңғы сурет…

Дидахмет
Әшімханұлы
logo