АҚСАҚАЛДАР ЛИГАСЫ

Аударған: Дидахмет Әшімханұлы
ДЖЕК ЛОНДОН
АҚСАҚАЛДАР ЛИГАСЫ
әңгiме

Казармада бiр адамға сот болып жатыр едi, мәселе я өмiр, я өлiмге
тiрелген. Бұл адам Юконға Ле Барж көлiнiң төмен жағынан құятын Ақ
Балық өзенiнiң ну орманды жағасын мекендейтiн Имбер дейтiн үндiс шал
болатын. Оның iсi бүкiл Доусонды, жоқ, тек Доусонды ғана емес, жалпы
Юкон аймағының мың мильдiк о жақ-бұ жағын түгелдей дүр сiлкiндiрген.
Англосакстер өздерi жаулап алған жерлерде ертеден-ақ ерекше заң
орнатқан ғой, және ол заң өте аяусыз, қатал-ды. Бiрақ дәл осы сотта,
Имбердiң iсiне келгенде, бұл заң алғаш рет тым жеңiл, тым рахымшыл
көрiнген. Ең бастысы, мұнда, – қарапайым ғана арифметикалық көзқарас
тұрғысынан келгенде, жасалған қылмыс пен оған қолданылатын жаза
арасында ешқандай үйлесiм жоқ екен. Мына қылмыскерге тек қана өлiм
жазасы кесiлетiнiне, әрине, ешкiм күмән келтiре алмайды – басқадай жаза
тiптi миға да кiруге тиiс емес – алайда бұл бiр-ақ адамның құны ғой, ал
Имбердiң мойнында қаншама жанның, қаншама боздақтың қаны бар десеңшi!
Иә, бұл адамның қолы бiлегiне дейiн қанға батқан едi. Ол бүкiл
өмiрiнде нешебiр бейбақтың жанын жаңаннамға жiбергенiн өзгенi қойып,
өзi де бiлмейтiн шығар. Ал осы аймақтың тұрғындары жол жүрiп келе жатып,
асудың үстiнде темекiлерiн құшырлана тарта отырып, немесе кешкiлiк
ошақ басында қоңыр ºңгiменi қоздатып қойып, бұл шалдың қай жерде
кiмдi өлтiргенiн, қалай өлтiргенiн, одан соң да қаншасын келмеске
аттандырғанын жыр қылып айтып, саусақтарын санай берер едi. Ол
құрбандардың барлығы – еңбектеген баладан, еңкiлдеген шалға дейiн түптүгел ақ адамдар-тұғын, – олар кейде жалғыздан, кейде жұбымен, ендi бiрде
топ-тобымен өлтiрiлген. Және ешбiр себепсiз, салдарсыз, қолға iлiктi – бiттi,
ажал құшқан бәрi де. Бұның сыры, басқаны былай қойып, мұндағы
корольдiк атты полицияға да күнi кешеге дейiн белгiсiз боп келген. Тiптi
Юконнан алтын табылып, доминион үкiметi бұл жерге өз губернаторын
жiберген кезде де “кездейсоқ жоғалғандардың” жұмбағы жұмбақ күйiнде
қалып едi.
Алайда қызықтың да, жұмбақтың да зоры сол – Доусондағы осы
соттың алдына Имбер өз еркiмен, өз аяғымен келген. Көктемнiң соңына
қарай Юкон өзiнiң мұз құрсауында қыстыға гүрiлдеп, демiге өксiп жатқан
кезде, кәрi үндiс мұз үстiндегi жалғыз аяқ соқпақпен iлби басып келе жатты
да, кенет оң жаққа шұғыл бұрылып, өзен жағасындағы жайпақтау
жарқабаққа тырмысып, әзер шыққан. Бұдан әрi қала едi, орталық көшеге аяқ
iлiктiрiсiмен ол көзi жыпылықтап, не iстерiн бiлмей тұрып қалды. Төбеден
түскендей ғайыптан пайда болған бұл шалға көзi түскендердiң бәрi оның
сiңiрiне ғана iлiнiп тұрғанын байқап едi. Ол аяғын санап басып жиюлы
жатқан дөңбектерге жеттi де, шеткi бiреуiне отырды. Содан ол осы
орыннан күнi бойы қоғалған жоқ. Жанынан ары-берi өтiп жатқан ақ
адамдардың легi де кешке дейiн бiр толастамаған. Олардың көпшiлiгi
шалдың жанынан өтiп кеткен соң да, артқы жақтарына бiр мойын бұрып
қалуды ұмытпайды, тегi тағы тағы бiр дұрыстап көрiп алайықшы дейтiндей.
Ал шалдың өзi олардың кейбiреуiне: “не, адам көрмеп пе едiң!?” дегендi
көзiмен бiлдiрiп, алара қарап қояды. Осы оқиғаның куәсi болған ондаған
адам кейiн шалдың сондағы түрiне қайран қалғандарын айта отырып,
өздерiнiң көрегендiгi мен адам танитындықтарын өмiр бойы мақтан етiп
өткенi бар-ды.
Дегенмен сол күнгi нағыз көреген Қортық Диккенсен болып шыққан.
Қортық Диккенсен бұл өлкеге қалтасын долларға, көкiрегiн үмiтке
толтырып келген адам едi,алайда доллары желге ұшып, үмiтi құмға сiңген
кезде, амал жоқ, Штатқа қайту үшiн жолқаражат табу керек болған да,
“Холбрун және Мейсон” деген маклерлiк кеңсеге есепшi болып орналасқанды. Дәл осы “Холбрук және Мейсон” кеңсесiнiң қарсы алдында өзенмен ағып
келген ағаш салындылары үйюлi жатушы едi, Имбердiң отырғаны – сол
ағаштардың бiрi болатын. Диккенсен оны таңғы тамағын iшуге шығар
алдында, терезеден көрiп қалған, сосын тамағын iшiп келiп, терезеден тағы
қараса, кәрi сиваш манағы орнында әлi отыр екен.
Содан Диккенсен терезеден сыртқа қайта-қайта қарап тұрған – кейiн
өзiнiң осы қырағылығы мен көрегендiгiне ол да талай жерде мақтанып жүрдi.
Қортық Диккенсен романтикаға бейiмдеу адам едi, бiр орнында тастай қатып
отырған кәрi үндiстiң сол қыран бейнесiнен ол өздерiне найзалы мылтық
кезеп келе жатқан англосакс басқыншыларын қас қақпай қарсы алып тұрған
сиваш халқының қаңармандық бейнесiн көргендей екен.
Сағат артынан сағат өткен, ал Имбер сол орнында тастай қатқан
қалпында тапжылмай отыра берген. Бұны сырттай әлсiн-әлсiн бақылап
тұрған Диккенсеннiң есiне баяғы бiр оқиға түсiп едi. Бiрде осы орталық
көшеде бiр итшана тоқтап қалған-ды. Оның үстiндегi адам да дәл осы шал
сияқты ұзақ уақыт қозғалыссыз, қимылсыз отыра бергенi бар. Жанына арыберi өтiп жатқан адамдардың бәрi оны ұйықтап отыр деп ойласа керек.
Сосын әбден қараңғы түсер алдында бiреу оны оятпақ болып, түртiп
қалғанда… ол гүрс етiп қарға құлап түскен ғой. Бейшара баяғыда өлiп қалған
да. Оны табытқа сыйғызу үшiн денесiн жұрт әрең түзеген-дi. Мынау да
сондай бiрдеме болмасын деген оймен Диккенсен кешкiсiн сыртқа беттей
берiп едi, алдынан оқыс Эмили Трэвистiң шыға келгенi. Эмили Трэвис жiпжiңiшке, әп-әдемi, көзге өте сүйкiмдi көрiнетiн жас әйел-тұғын. Миллионер
тау-кен инженерiнiң қызы ретiнде ол қай жерде жүрсе де – мейлi Лондон,
мейлi Клондайкте болсын – тым сәндi киiнетiн. Қортық Диккенсен
қолындағы сигарын терезе жақтауына тастай салып, цилиндр қалпағын
басынан жоғары бiр көтерiп қойды.
Олар он минуттай жайбарақат әңгiмелесiп тұрған, алайда Эмили
Трэвис бiр мезет Диккенсеннiң иығынан көше жаққа көз сала берiп, кенет…
қорыққаннан шыңғырып жiберсiн. Артынша солай қарай жалт бұрылған
Диккенсен де үрейден өзiн әзер ұстап едi. Имбер көшенi берi кесiп өтiп,
бұлардың тура желке тұсына тақап келiп, қызға тесiле қарап тұрған.
– Не керек саған?! – дедi Қортық Диккенсен батылдау, бiрақ дауысы
ақырынырақ шығып еді.
Имбер мұрын астынан мiңгiрлей жүрiп, Эмили Трэвистiң тура алдына
тақап келдi де, оның басынан аяғына дейiн сұқтана қарай бастады. Қарағанда,
тiптi, қыздың бiрде-бiр мүшесi, бiрде-бiр жерi сығырайған көзiнiң сұғынан
тыс қалған жоқ. әсiресе оның көбiрек үңiлген тұсы – Эмилидiң қызыл-қоңыр
шашы мен алаулап қызара түскен алақандай бетi болды. Бұдан соң құдды
жүйрiктi сынап жүрген атбегiндей болып, алдындағы сұлу мүсiндi
шырайнала және бiр сүзiп шықты. Кенет ол батып бара жатқан күннiң
жұмсақ сәулесi қыздың қызғылттау құлағынан қалай өтiп тұрғанын көрiп,
қызықтай тоқтап қалды. Сосын тағы да оның бетiне назар салып, әдемi
көгiлдiр көзге ұзақ үңiлген. Үңiлiп тұрып және бiраз күңкiлдеп сөйлеп алған
да, күс-күс алақанын қыздың иық тұсынан сәл төмен салып, екiншi қолымен
шынтақты бүге түсiп, ақ бiлектi жоғары көтерiп едi. Осы қимыл үстiнде
оның әжiмдi жүзiнен әлдебiр жиренiш пен таңырқау қатар бiлiнген де,
артынша қолындағы ақ бiлектi жайымен жiбере салған. Сонан соң көмейiнен
бiр құмыққан дыбыс шығарып, қызға ту сыртын берiп, Диккенсенге бiрдеме
айтқан болды.
Оның не дегенiн Диккенсен түсiнбей, иығын қиқаң еткiздi. Ал Эмили
бұған күлген. Имбер қабағын түйiп, бiресе қызға, бiресе Диккенсенге
сұраулы пiшiнмен қарап едi, ол екеуi бiрдей бас шайқады да қойды.
Имбердiң амалы әбден таусылғандай болып, терiс бұрылып жүре бергенде,
қыз бар дауысымен айқай салсын.
– Е-ей, Джимми! Келшi мұнда! Келшi тезiрек!
Джимми көшенiң екiншi бетiнен берi өткен. Бұл өзi серең-серең етiп
жүретiн, ұзын бойлы, қолапайсыздау үндiс жiгiтi едi. Басында Эльдорадо
корольдерi киетiн кең жиектi қалпағы бар. Ол Имбермен әр сөзiн бөлiпбөлiп ежiктеп сөйлесе бастады. Джимми ситх тайпасынан едi, сондықтан ол
елдiң шеткерi аймақтарында тұратын басқа аборигендердiң ең қарапайым
сөздерiн ғана бiлетiн.
– Бұл адам Ақ Балық тайпасынан, – дедi ол Эмили Трэвиске. – Мен
оныкi тiлдi жақсы бiмейд. Ол ең үлкен ақ адам бастықты көргiсi келед.
– Губернаторды, – деп Диккенсен жөндеп қойды.
Джимми Ақ Балық тайпасының адамымен және бiраз ежiктескен соң…
қарадай абыржып, өңi бозарып шыға келсін.
– Мен ойлайды, оған капитан Александер керек деп, – дедi Джимми. –
Ол айтады, ақ адам өлтiрдiм деп. Көп ақ адам, ақ әйел, ақ бала. Бәрiн
өлтiрдiм деп. Ендi ол да өлгiсi келед.
– Есi дұрыс емес шығар, – дедi Диккенсен.
– Ол не сөз? – деп сұрады Джимми.
Диккенсен сұқ саусағын самайына тiреп, ары-берi бұрап көрсетiп едi,
Джимми түсiнген түр танытып:
– Мүмкiн, мүмкiн, – дедi Имберге әрi таңданған, әрi аяған сыңайда көз
қадап.
Корольдiк атты полицияның полисменi келiп (Клондайкте олар атсыз
жүретiн), Имбердiң қайталап айтқан сөзiне мұқият құлақ түрген. Ол екi
иығына екi кiсi мiнгендей iрi денелi, жауырыны қаққпақтай, жұдырығы
тоқпақтай жас жiгiт едi, Имбер де бiр кiсiдей биiкпiн дегенмен бұл жерде ол
полисменнiң иығынан ғана келген. Жiгiттiң көзi суық, сұрғылт, және
адамның өңменiнен өтердей өткiр-тұғын; қоладан құйғандай әдемi мүсiнiнен
ата-бабадан сарқылмай келе жатқан бұла күштiң иiсi сезiледi. Рас, оның
кесек бiтiмдi ер тұлғасына уыздай жастығы және керемет өң берiп
тұрғандай – жас бала секiлдi әп-сәтте бетiне қаны лып етiп шығып, лып етiп
қайта қалатыны байқалады?
Имбер ендi тек полисменге ғана көз салған. Оның иек тұсындағы
қылыштан қалған тыртықты көргенде, үндiстiң көзi бiрден ұшқын атып
шыға келiп едi. Содан соң қу сүйек қолдарын полисменнiң мықынына
тигiзiп, одан әрi балтырына қарай жайлап жылжытып көрдi. Шынашақ
ұшымен кең кеуденi бiр-екi рет тықылдатып байқаған соң, иықтағы бiлеубiлеу бұлшық еттердi сипалауға кiрiскен. Бұл уақытта жандарына бiраз
жүргiншi де жиналып қалған-ды – бәрi де ұзын сирақты кең кеуделiлер
нәсiлiнен – бiрi алтын iздеушi, бiрi тау тұрғыны, ендi бiрi осы өлкенi алғаш
ашқандар едi. Имбер олардың бiрiнен соң бiрiне көз жүгiртiп өттi де, сосын
Ақ Балық тайпасының тiлiнде бiрдеме деп қатты сөйлеп жiберген.
– Не деп тұр бұл? – дедi Диккенсен.
– Ол айтады – бұл адамдардың бәрi полисмен секiлдi, – Джимми
оның сөзiн осылайша аударды.
Қортық Диккенсен тапал бойлы адам ғой, сондықтан ол мынадай сөздi
мисс Трэвистiң көзiнше естiгенiне қорланып қалып едi. Полисмен бұны сезе
қойды да, жұрт назарын басқаға аударып жiбергiсi келiп:
– Байқаймын, шалдың басында “бiрдеме” бар секiлдi. Мен оны тезiрек
капитанға алып барайын. Джимми, сен айт бұған, менiң соңымнан жүрсiн.
Джимми тағы да оған тақай түскен, ал Имбер күңкiлдей сөйлегенi
болмаса, өзiне өзi риза кейiпте едi.
– Джимми, одан сұрашы, жаңа менiң қолымнан ұстағанда, ол не дедi,
және не деп ойлады?
Бұны айтқан Эмили Трэвис болатын. Джимми сұрақты дереу аударып,
артынша мынадай жауап естiдi.
– Ол айтады, сiз қорқақ емессiз.
Бұл жауапқа Эмили Трэвистiң риза болғаны бал-бұл жайнаған жүзiнен
бiлiнiп тұрды.
– Ол айтады, – дедi тағы Джимми Эмилиге. – Сiз скукум емессiз, өте
әлсiзсiз, өте нәзiксiз, кiшкентай бала секiлдiсiз. Ол үшiн сiздi жапырақжапырақ етiп турап тастау оп-оңай. Ол қатты күлдi, қатты таңқалды, сiздей
кiшкентай әйел мына полисмен секiлдi дәу, мықты адамдарды қалай туа
алады деп.
Эмили Трэвис көпшiлiкке тура қарап тұра беруге ерлiгi жеткен, бiрақ
алма бетi алаулап шыға келiп едi. Қортық Диккенсеннiң өңi де көкнар
гүлiндей қызарып, өзi не iстерiн бiлмей қипақтай берген-дi. Ал жас
полисменнiң өрт болып жанғаны сондай, шашының түбiне дейiн түтiндеп
кеткендей болған.
– Ей, сен, жүр кәнеки? – дедi ол бiрден, көпшiлiктi кең иығымен
ығыстыра түсiп.
Имбер Казармаға солай тап болған. Сол жерде бүкiл қылмысын
мойнына алып, одан қайтып шыққан да жоқ.
Имбердiң түрiнен өте қажып, шаршағандығы бiлiнген. Бiр жағынан
кәрiлiк меңдетсе, екiншiден ештемеден үмiтсiздiк те оны әбден
торықтырып, тоздырып бiтiрген-дi. Бұның бәрi оның мыж-мыж бетiнде
тайға таңба басқандай сайрап тұр едi. Бейшараның көздерi кiртиiп, екi иiнi
түсiп, еңсе көтеруден мүлде қалғандай. Негiзiнен шашы бурыл болса керек,
бiрақ үнемi күн астында жүргендiктен бар түсiнен айрылып, қурап,
күлгiнденiп кеткен. €зi маңайында болып жатқан абыр-сабыр, дабырдүбiрдiң ешқайсысына мән берiп, елең етер емес – дүние күл болмаса, бүл
болсын, маған ендi бәрiбiр дейтiн секiлдi. Кең бөлменiң iшi алтын iздеушiлер
мен аңшыларға лық толған, олардың бiр-бiрiмен сөйлескен жай сөзiнiң өзi
шалдың құлағында таудан тас домалатқандай тасыр-тұсыр естiледi.
Ол терезенiң алдында отыр едi. Сырттағы көрiнiстiң бәрi оның қазiргi
құлазыған көңiл-күйiмен астасып, үйлесiп жатқандай. Аспанды тұтастай
қорғасын бұлттар торлап алған. Ауаның дымдана тозаңданып тұрғаны
байқалады.
Юконда – әдеттегiдей көктемгi тасқын. €зен мұздары ерiп, қаланы су
басып алыпты. Тiрлiгiнде тыным дегендi бiлмейтiн адамдар, әнеки, орталық
көшеде қайықпен сырғып жүр. Ол қайықтардың кейбiрi көшеден кiлт
бұрылып, Казарма алдындағы су жайылып жатқан алаңға түседi; сосын
жақынырақ жылжып келiп, шал отырған үй астына кiрiп жоқ болып кетедi.
Бұдан соң Имбер қайық тұмсығының қабырға түбiндегi бөренеге тық етiп
тигенiн, одан соң адамдардың суды шылп-шылп кешiп келiп, үй
терезесiнен түскенiн, сосын тағы… төменде дабырласа сөйлесе жүрiп, екiншi
қабатқа басқышпен көтерiлiп келе жатқанын, бәрiн-бәрiн естiп, бiлiп
отырды.
Иә, адамдар қалпағын шешiп, су шылқыған етiктерiмен едендi
дүбiрлете басып, бөлмеге бiрiнен соң бiрi кiре бердi.
Бұл адамдар шалдың өз жазасын алатынына бiр жағынан көңiлдерi
көншiп, екiншi жағынан оған жаулықпен қарап отырған сәтте, Имбердiң өзi
олардың әдет-ғұрыптары мен тәрбие-тәртiптерi туралы, жақсылы-жаманды,
нәубеттi-зұлматты, рахатты-қуанышты уақыттың қай-қайсысында да
өзгермеген, және өзгермейтiн олардың темiрдей берiк заңы туралы тереңтерең ойға батқан.
Әлдебiр адам үстелдi тықылдатты; әңгiме тиылды, тыныштық орнады.
Имбер үстелдi тықылдатқан адамға қараған.Ол қолында құзыры бар бiреу
секiлдi, алайда Имбер ең үлкен бастық, тiптi үстелдi тықылдатқан адамға да
бастық анау әрiректе отырған кең маңдайлы адам екенiн сездi. Оң жақтағы
үстелден және бiр кiсi орнынан тұрып, алдындағы бiрнеше парақ қағазды
қолына алып, оны даустап оқи бастады. Бiр беттi бiтiрiп, келесi бетке көшкен
сайын ол жөткiрiнiп, сұқ саусағының басын жалап тұрды. Бұл адамның не
оқып тұрғанын Имбер түсiнген жоқ, бiрақ басқалардың түсiнiп, бұған
ашуланып отырғандарын ол сездi. Кейде олардың қатты ызаланғаны сондай,
араларында бiр адам бiрде бұны, Имбердi, жаман бiр сөзбен сыбап жiберiп
едi, бiрақ төрде отырған адам үстелдi тықылдатып, оны тәртiпке шақырып
қойды.
Қолына қағаз ұстаған адам өте ұзақ оқыған. Оның бiрқалыпты, бiр
сарынды ыңырсыған дауысы Имбердiң ұйқысын келтiрiп едi, – ал қағаз
оқылып бiткен кезде ол қалың ұйқыға аттанып та кеткен. Бiр уақытта атын
атап иығынан бiреу түрткенде, көзiн ашып алған ол қарсы алдынан өзiнiң
туған жиенiн, яки бiр кездегi апайының ұлын көрiдi – бiрақ таңданған жоқ.
Бұл жiгiт тайпадан тым ертерек кетiп, ақ адамдар iшiне сiңiп кеткен-дi.
– Сен менi, әрине, танымай тұрған шығарсың, – дедi жас үндiс сәлем
орнына.
– Неге танымаймын?!– дедi Имбер жұлып алғандай. – Сен Хаукансың,
сен бiзден баяғыда кеткенсiң. Сенiң шешең өлген.
– Ол кәрi әйел-тұғын, – дедi Хаукан.
Имбер бұл сөздi естiген жоқ, өйткенi кiрпiгi iлiнiп кетiп едi, Хаукан
оны иығынан жұлқылап қайта оятып алды.
– Мына адам жаңа не оқығанын мен саған айтып берем, – о ақымақ,
бұл адам сенiң капитан Александерге өзiң айтып мойындаған бүкiл
қылмысыңды оқыды. Осының бәрi рас па, жоқ па, сен соны ойланып айтуың
керек. Саған сондай бұйрық берiлiп тұр.
Хаукан миссионерлер үйiнде тұрып, олардан оқып-жазуды үйренiп
алған-ды. Қазiр оның қолында ұстап тұрғаны – әлгiнде үстел басындағы
адам дауыстап оқыған бiрнеше парақ жұқа қағаз едi, – онда Джиммидiң
көмегiмен Имбердiң капитан Александерге айтып берген сөздерi сол
қалпында, сол ырғағымен түп-түгел жазылған болатын. Хаукан оны оқуды
бастады. Имбер бiраз тыңдап отырды да, кенет таңданыстан көзi бақырайып,
түсi бұзылып:
– Бұл менiң сөзiм, бiрақ ол сенiң аузыңнан шығып тұр, ал сенiң
құлағың оны естiген жоқ-ты.
Хаукан екiге жарып тараған шашын сипай тұрып, өзiне өзi риза кейiпте:
– Жоқ, Имбер, бұл сөздер қағаздан шығып жатыр, – дедi жымиып, –
Менiң құлағым оларды естiген жоқ. Сөздер қағаздан шығып, менiң көзiм
арқылы басыма жетiп, сосын оны менiң ерiндерiм саған жеткiзедi. Мiне олар
қайдан шығып жатыр!
– Ә, солай ма?! Демек олар қағаздан шығып жатыр екен ғой, – деп
Имбер қағаз бетiндегi қара таңбаларға үрейлене бiр қарап қойған. Сосын
оларды сыртынан ептеп сипап та көрдi. – Бұл керемет сиқыршылық, ал сен,
Хаукан, нағыз көзбайлаушының өзiсiң.
– Түк те емес… Түк те емес, – дедi жас жiгiт жай ғана, бiрақ мақтаныш
сезiмi бетiнен бiлiне қалған. Сосын ол қолына iлiккен бiр парақты ойламай-ақ
оқи жөнелiп едi.
“Сол жылы, көк мұздың көбесi сөгiлмей жатып, бiр ақсақ шал
кiшкентай баласымен пайда болған. Мүмкiн ол немересi шығар. Мен оларды
да өлтiрдiм. Шал шыңғырып, қатты айқайлаған…
– Бұл рас, – дедi Имбер сөздi бөлiп, ентiккен дауыспен. – Ол көпке
дейiн шыңғырып, аласұрып жатты, жан бермек оңай ма! Бiрақ сен бұны
қайдан бiлесiң, Хаукан? әлде саған ақ адамдардың бастығы айтты ма? Мен
қалай өлтiргенiмдi ешкiм көрген жоқ, тек бастыққа өзiм айтқам ғой.
Хаукан өкiнiшпен бас шайқаған.
– Ау, осының барлығы қағазға түскен деп мен саған айтпадым ба,
ақымақ неме?
Имбер қағаздағы қара сиямен өрнектелген белгiлерге көз жүгiрте
тұрып, өзiнше бiр әңгiмеге көшкен-дi.
– Аңшы аппақ қарға қарап тұрып, былай дейдi: мiне мына жерден
кеше қоян жүгiрiп өткен, сосын мұнда, қалың талдың арасында отырып, тың
тыңдаған, артынша бiр нәрседен қорқып, тұра жүгiрген; ал мына тұста керi
бұрылып, жылдам-жылдам секiрген; оның соңынан сiлеусiн тiптен қатты
секiрiп жүгiрген: мұнда, iз қарға терең-терең түскен жерде, сiлеусiн ұзынұзын секiрген… содан қоянға ол мына тұста жеткен де, ұмар-жұмар болған.
Бұдан әрi қоянның iзi жоқ – жалғыз сiлеусiндiкi ғана. Аңшы өстiп қарға
қарап қалай сөйлесе, сен де қағазға қарап : Имбер мына жерде мынаны
iстеген, ана жерде ананы iстеген деп сөйлейсiң ғой, а? Солай ма, Хаукан?
– Иә, солай! – дедi Хаукан. – Ал сен ендi сөйле деп бұйырғанша,бос
әңгiменi қоя тұрып, әр сөздi мұқият тыңдап ал.
Хаукан осыны айтты да, оқуға кiрiстi. Және ұзақ оқыды. Бәрi де –
Имбердiң капитанға айтқан өз сөздерi. Сонымен не заматта Хаукан оқып
бiткенде, Имбер оған:
– Бұның бәрi менiң сөзiм, бәрi дұрыс сөз, Хаукан, – дедi. – Бiрақ мен
өте қартайған адаммын, көп дүние басымнан шығып кеткен, ал бастықтар
бiлгiсi келетiн нәрселердiң бiразы ендi-ендi ғана есiме түсiп жатыр. Тыңда
менi, Хаукан. Бiр жылы Мұз Таудың арғы жағынан бiр адам келдi, көп темiр
қақпандары бар, солармен ол Ақ Балықтан құндыз аулай бастаған. Мен оны
өлтiрдiм. Сосын… алтын iздеген тағы үш адам Ақ Балықта жүрдi. Мен
оларды да өлтiрiп, мәйiттерiн құныға тастадым. Одан соң Файв Фингерзде
және бiр адамды өлтiрдiм. – Ол салмен жүзiп келе жатқан, қапшық-қапшық
етi бар екен.
Имбер әлдененi есiне түсiрiп, ойланып қалған уақытта, Хаукан оның
сөзiн тоқтамай аударып тұрды да, клерк жазып отырды. €стiп Имбердiң
сөзi “бiр жирен шашты, қыли көздi адамды алыстан садақпен атып
түсiргенге” дейiн көпшiлiк оның сөзiн жай ғана тыңдап отырған. Кенет
залдан жирен шашты бiр еркек орнынан атып тұрып:
– О, құдай атқыр! Құдай атсын сенi!– деп ышқына айқай салды. –
Ойпырмай, ол менiң ағам Билл ғой! Билл!
Сонымен сот аяқталғанша осы “құдай атқыр” деген сөз бөлмеде жиiжиi естiлiп тұрды, – сотты жүргiзiп отырған адамның ескертпесi де, басу
айтқан жанындағылардың сөзi де жирен шаштыға ешқандай әсер еткен жоқ.
Имбердiң басы тағы да кеудесiне салбырай түсiп едi, бұдан әрi көзiнiң
алды тұманданып, басы зеңiп, еш нәрсенi көруден де, естуден де қалған –
дәлiрегiнде, қартайған сайын баяғы жастық шағын жиi ойлай беретiн барлық
кәрi адамдар секiлдi ол да қазiр сонау артта қалған тәттi күндерiнiң бiр
тұңғиығына терең сүңгiп кетiп едi.
Хаукан тағы да оны қозғауға кiрiскен.
– Тұр орныңнан, о Имбер. Саған бастық мынаны айтуды бұйырады:
Сен неге мұндай қылмыс жасадың? Не үшiн? Осыншама адамды өлтiруiңе не
себеп? Ал сосын Заңды өзiң iздеп келуiңде қандай сыр бар?
Имбер созалаңдап орнынан әрең тұрды да, дiрiлдеген баяу дауыспен
ақырын, асықпай сөйлей бастады. Бiрақ бiрер минут өтпей жатып, Хаукан
оны тоқтатқан да:
– Бұл шал мүлде жынданған,– дедi ағылшын тiлiнде, кең маңдайлы
адамға бұрылып. – Құдды кiшкентай бала секiлдi, аузына келгенiн шатыпбұтады.
– Бiз оның шатып-бұтқанын да естуiмiз керек- дедi кең маңдайлы адам.
–Сен оның бiр сөзiн қалдырмай, бiр сөзiн өзгертпей, аяғына дейiн аудар.
Түсiндiң бе?
Хаукан түсiнген. Оның үлкен бастықпен не туралы сөйлескенiн Имбер
де сезбей қалған жоқ. Бұдан соң ол өзiнiң өсиетке бергiсiз ұзақ сөзiн –
болашақ ұрпақ үшiн есiмiн мәрмәр тасқа мәңгiлiк етiп жазып қоюға әбден
лайық қызыл тәндi патриот адамның басынан кешкендерi мен iстеген iстерiн
– ақырындап айта бастап едi. әлгiндегi қыбыр-жыбырдың бәрi сап тиылды,
бөлмедегiлер құдды жадылап тастағандай бiр мезет тастай қатып қалған, ал
үстел басындағы кең маңдайлы адам қолымен жағын таяна отырып, әр сөзге
зейiн сала тыңдаған сайын ешкiм бұрын мән бермеген небiр сұмдық
жайлардың қатпар-қатпар тереңiне шалмен бiрге өзi де шым батып бара
жатқанын сездi. Ал Имбер сөйлей бердi. Кең бөлменiң iшiнде қырылдай
шыққан оның даусынан басқа ешбiр бөгде дыбыс жоқ. Тек әредiк-әредiкте
Хаукан сөйлеп, аударма жасайды. Сосын кейде бiр бұрыштан “Ой, сұмдықай!” деген жирен бастың сөзi естiлiп қалады.
– Мен – Ақ Балық тайпасынан – Имбер деген адаммын, – деп аударған
шалдың сөзiн Хаукан; осы сөзден өзiне таныс ырғақ пен әуендi естiген сәттеақ оның көкiрегiнде әлдебiр қимас сезiм оянып шыға келген де, бойына
өркениет пен миссионерлiк тәрбиеден сiңген дүниесi бiр сәт хош айтысып
жүре берген.– Менiң әкемнiң аты Отсбаок едi. Ол сайыпқыран жауынгер
болған. Менiң кiшкентай бала кезiмде, күннiң ыстық қызуы жерiмiздi
жылытып, жүрегiмiздi керемет қуанышқа бөлейтiн. Ол уақытта біздің
адамдар бұрын көрмеген, бiлмеген нәрсеге дал ұрып, жандарын босқа
қинамайтын да. Ешкiм бөтеннiң даусын естiген жоқ. Ата-бабаның салт-
дәстүрi олардың да салт-дәстүрi болды. Жiгiттерiмiз қыздарға сүйсiне қарады,
ал қыздарымыз оларды қуанта бiлдi. Аналарымыздың омырауы сүттi,
құрсағы құтты болды. Тайпамыз өстi, өйткенi, ол кезде еркектерiмiз еркек едi.
Олар кеңшiлiк, молшылық күндерi де, таршылық, ашаршылық уақытында да
сол еркек қалпында қалды.
Ол жылдары, қазiргiге қарағанда, суда балық, орманда аң қаптап
жүрушi едi. Иттерiмiз де қасқыр тектi болатын. Олардың қалың терiсiнен
ешбiр суық, ешбiр боран өте алмайтын. Ал бiз, өзiмiз де сол иттер сияқты
едiк, – бiз де ешқашан, ешқандай боран-шашын, суықтан қорыққан емеспiз.
Ал кейде жерiмiзге пелли тайпасының адамдары басып кiргенде, бiз оларды
өлтiретiнбiз, олар бiздi өлтiретiн. Өйткенi олар да, бiзде – еркектер едiк;
бәрiнен бұрын бiз – Ақ Балық тайпасынан болатынбыз; бiздiң әкелерiмiз бен
әкелерiмiздiң әкелерi пелли тайпасымен соғыса жүрiп, екi тайпа арасындағы
жер шекарасын әдiл белгiлеп алған-ды.
Иә, ол уақытта мен айтып тұрғандай, иттерiмiз өте мықты болатын,
бiз,өзiмiз де өте күштi болатынбыз. Бiрақ бiр күнi бiздiң жерге бiрiншi ақ
адам келдi. Ол адам мiне, мына құсап төрт аяқтап, еңбектеп жеткен. Оның
арықтығы сондай, етi сүйегiне жабысқан, сүйегi терiсiнен шыққан. Мұндай
адамды бiз ешқашан көрмегенбiз, бұл өзi қай жерден, қай тайпадан деп,
басымыз қатқан! Ол әлсiз едi, иә, өте-өте әлсiз едi, бiз оған төрiмiзден орын
бердiк, тәттi тамақтарымызды ауызына тостық, жылы киiмдерiмiздi үстiне
iлдiк, жұмсақ төсек-орнымызды астына төседiк.
Онымен бiрге бiр ит те ерiп келген, жалғыз өзiнiң үлкендiгi бiздiң үш
иттей едi: ол да өте әлсiреп қалған. Жүндерi қысқа болғандықтан суық тез
өтетiн едi оған. Мұз боп қатып қалған құйрығының жартысы сынып
қалыпты. Бiз осы қызық иттi де тамақтандырып, жылыттық, бойына, өзегiне
нәр бердiк. Оны талап тастамас үшiн өз иттерiмiздi маңайына жуытпадық та.
Бұғының жас етi мен ласостың қақталған етi әлгi ақ адам мен итке дәру
болды, олар тез ет алды, тез күш жинады. Сосын әбден толып, семiрiп
алған соң батылдана да бастады. Адам қатты сөйлеп, шалдар мен жастарға
күлiп, қыздарымыздың бетiне тiке қарайтынды шығарды. Ал оның итi бiздiң
иттермен төбелесетiн болды, жүнi қанша қысқа да жұмсақ болғанмен ол
бiрде бiздiң үш иттi бiрдей талап тастаған.
Бiз ол адамнан қандай тайпадан келгенiн сұрағанымызда, ол: “Менiң
бауырларым өте көп!” деп, бiр түрлi жаман күлкiмен күлген. Ал сосын
мүлде тыңайып, көп күш жинап алған кезде, жанына көсемнiң қызды Ноданы
алды да, бiздi тастап кете бердi. Бұдан кейiн бiздiң бiр қаншық итiмiз күшiк
тапқан. Мұндай басы үлкен, азулы, бiрақ қысқа жүндi, әрi дәрменсiз күшiктi
бiз бұрын-соңды көрмегенбiз. Менiң әкем Отсбаок сайыпқыран күштi
жауынгер адам едi, әлi есiмде, әлгi күшiктi көргенде оның қабағы түнерiп,
жүзi күреңiтiп шыға келген. Сосын қолына тасты былай көтерiп алған да,
күшiктi бар күшiмен перiп кеп жiберiп едi, ол бiрден сеспей қатты. Ал арада
екi жыл өткенде, Нода сол жақта тапқан баласын көтерiп, тайпаға қайта
оралды.
Бұл бәрiнiң басы ғана екен. Сосын қысқа жүндi итiн жетелеп екiншi ақ
адам келдi. Ол өзi кетiп, итiн тастап кеттi. Бiрақ жай кетпей, бiздiң алты иттi
қоса алып жөнелдi. Ол үшiн менiң туған нағашым Ку-Со-Тиге бергенi –
алты рет бiрден жылдам-жылдам атылатын тапанша. Ку-Со-Ти сол
тапаншасына мақтанып, бiздiң садақ пен жебелердi баланың ойыншығы деп
күлетiн едi. Бiрде ол әлгi керемет тапаншасымен аюға барған. Ол уақытта
мұндай қарумен аюдың жанына жууға болмайтынын бiз бiлдiк пе? Бiлгемiз
жоқ. Ку-Со-Ти де бiлмеген, ол аюдың тура қарсы алдына келiп, тарсылдатып
атқылай бастайды, сөйтiп алты рет атады, ал аю бiр-екi рет өкiрiп алады
да,Ку-Со-Тидi бассалып ұстап, алдынғы екi аяғымен қысып-қысып жiбередi.
Ку-Со-Тидiң басы жұмыртқадай жаралып, миы шашырап жерге түседi. Ол
алғыр аңшы едi, ендi оның үйiне қарап, бала-шағасын асырайтын да адам
жоқ. Бiз бәрiмiз қайғыра отырып: “Ақ адамға не жақсы болса – бiзге сол
жаман!” дедiк. Бұл ендi рас нәрсе. Ақ адамдар көп, ақ адамдар толық, ал бiз
солар үшiн азбыз, арықпыз.
Бiраздан кейiн үшiншi ақ адам келдi, оның көп-көп, әртүрлi дәмдi
тамақтары болды, басқа да жақсы заттарына ол айырбас ретiнде бiздiң ең
таңдаулы жиырма итiмiздi алды. Сондай-ақ сайдың тасындай он жiгiтiмiздi
әртүрлi сыйлық пен уәдеге алдандырып, өзiмен бiрге ала кеттi. Олардың
қайда кеткенiн ешкiм бiлмейдi де.Бiреулердiң айтуынша, бiздiң ол
боздақтарымыз адам аяғы баспаған Мұзды Таудың басында көз жұмыпты.
Ал ендi бiреулер оларды Ақ Меңiреудiң iшiнде өлдi деседi. Кiм не десе де,
Ақ Балық тайпасының адамдары ол жiгiттер мен иттердi ешқашан қайта
көрген жоқ.
Бұдан соң да ақ адамдар үстi-үстiне келе бердi, сыйлықтар әкеледi –
сосын өздерiмен бiрге жастарымызды алып кетедi. Кейде олар қайтып
оралатын, бiз олардың пелли тайпасынан да әрiде, алыс-алыс жерлерде,
көрген азабы мен бейнетi жөнiнде небiр қызық әңгiмелер еститiнбiз. Ал
кейде олар мүлде келмей де қалатын. Бiз сонда жастарымызға: “Егер ақ
адамдар ештемеден қорықпайтын болса, бұл – олардың көптiгiнен, ал бiз,
Ақ Балық тайпасының адамдары – азбыз, сондықтан бiздiң жастарымыз
бiзден ендi кетпеуi керек”, – дегенбiз. Бiрақ жiгiттерiмiз бәрiбiр кете бердi,
сосын, тiптi қыздарымыз да кете бастады. Бұдан әрi бiздiң ашу-ызамыз
кеңiрдегiмiзге тiрелiп едi.
Рас, бiз де ұннан жасалған тағамдар мен тұздалған шошқа етiн жедiк,
шәйдi өте жақсы көрдiк; егер шәй iшпей қалған күндерiмiз болса, бiз әр
нәрсеге ашуланып, бiр-бiрiмiзбен ұрсысып та қалатынбыз. Сөйтiп ақ адамдар
әкелiп сататын көп заттарды бiз ылғи да аңсап жүретiн жағдайға жеттiк. Сату
– сатып алу! Бiз ендi тек қана осыны ойладық. Бiрде, қыстың бiр күнi атып
алған бүкiл құстарымызды жүрмейтiн сағат, өтпейтiн ара, патронсыз
тапаншаға айырбастап жiбергенiмiздi кейiн бiлдiк.Ал сосын ашаршылық
болды, бiздi ертеңге сақтаған етiмiз жоқ едi, содан қырық шақты адамымыз
көктемге жете алмай көз жұмды.
“Ендi бiз әлсiредiк, – дедiк бiз.– Пелли тайпасы жерiмiзге кiредi де,
басып алады”. Алайда бәле бiзге ғана емес, пелли тайпасына да жеткен екен,
– олар бiздi қойып, өз бастарымен өздерi әлек боп жатқан көрiнедi.
Менiң әкем Отсбаок – сайыпқыран жауынгер – ол уақытта бiраз
қартайып қалған-ды. Бiрақ ақыл-ойы орнында болатын. Ол көсемге былай
деген: “Көрдiң бе, бiздiң иттердiң тұқымы қалай азып кеткенiн! Бiр шымшым
қою жүнi жоқ, баяғы күштен айырылған, не бұларды дұрыстап шанаға шеге
алмайсың, не айызың қанып аңға салып жарымайсың. Шым еткен аяз болса,
бүрсеңдеп шыға келедi. Кел, бұлардың төбеттерiн түгел өлтiрейiк те, тек
қасқыр тектi қаншықтарын ғана алып қалайық; ал оларды қасқырлармен
шағылысу үшiн түнде орманға қоя берейiк. Сонда суыққа төзiмдi, қалың
жүндi иттерге тағы да ие боламыз.
Обалы нешiк, бұл сөздi көсем қолдап, көп өтпей-ақ Ақ Балық тайпасы
осы өлкеде керемет иттерiмен даңқы шығып едi.Иә, иттерiмен, – адамымен
емес. Бiздiң ең таңдаулы ұлдарымыз бен қыздарымыз ақ адамдарға iлесiп,
күн өткен сайын әлдебiр жаққа, алыс-алыс қиырларға кетiп жатты, кетiп
жатты. Ол жақта ауру-сырқауға ұшыраған немесе ақ адамдармен келiсе
алмаған кейбiр қыздарымыздың Нода сияқты қайта оралғаны да бар. Бiрақ
көпшiлiгi сол кеткеннен мол кеткен. Ал егер ұлдарымыз қайта оралса,
олардан бiзге пайда шамалы едi: алыста жүрiп олар жаман сөздер, оғаш
қылықтар үйренген, iшетiндерi – жындысу, ойнайтындары – карта, ақ
адамдар қай уақытта шақырса, сол уақытта кетiп қалуға дайын тұрады.
Олар үлкенге деген құрметтi мүлде ұмытқан, ешкiмге бас иiп, тәжiм етiп
тұрмайды, ретi келсе бiздiң ескi-салт дәстүрiмiздi мазақ еткiсi келедi,
көсемдерге де, шамандарға да беттерi былш етпей күле қарайды.
Мен жаңа айттым: бiздер – Ақ Балық тайпасының адамдары – әлсiз,
осал бола бастадық деп. Қымбат бағалы және жылы терiлердi бiз темекiге,
вискиге, қағаз талшықтардан жасалған жұқа киiмдерге бердiк. Сосын суықта
қалш-қалш етiп отыратын болдық. Бiзге жөтел жаудай тидi, онымен әйелдер
де, еркектер де ауырды, олар түнi бойы күрк-күрк етiп, қара терге түсiп
шығар едi, ал аңшылар ораманға жетпей жатып аппақ қардың үстiнде қыпқызыл қан құсады. Бiрде ананың , бiрде мынаның өкпесiнен қан кетедi;
осыдан адамдар өлiп те жатты. әйелдер баланы аз туды, ал туған балалар
аурушаң, әлжуаз болды. Ақ адамдар бiзге басқа да белгiсiз аурулар әкелген.
Олар жөнiнде бiз ешқашан ештеме естiмеген едiк. Бұл аруларды маған
шешек, қызылша деп түсiндiрген – олар бiздiң тайпа адамдарын баудай
түсiрген кезi де көп.
Бәрiнен де таңданарлығы: ақ адамдар бiзге ажал әкелген, олардың
барлық әдет-ғұрыпы бiздi ажалға жетелеген, олардың танауынан шыққан
тыныстың өзi ажал шақырған, – сөйте тұра олардың өзi ажалдың не екенiн
бiлмейдi. Оларда не жоқ, – виски де, темекi де, қысқа жүндi ит те бар.
Оларда шешек, қызылша, жөтел, қан түкiру секiлдi барлық ауру да бар;
олардың тәнi ақ, нәзiк, – олар жауыннан да, дауылдан да қорқады; оларда
жынды тапанша да бар – алты рет қатарымен атады. Бiрақ, өздерiнiң барлық
ауруларына қарамастан, олар толған үстiне тола түседi, гүлдеген үстiне
гүлдей бередi, олар өздерiнiң ауыр қолдарын бүкiл әлемнiң үстiне салып,
барлық халықтарды езiп-жанша түседi. Ал олардың әйелдерi соншама нәзiк,
соншама осал көрiнгенмен, шын мәнiнде олар темiрдей берiк те – өйткенi
кесек те күштi ернектердi туған солар ғой. Бұдан шығатыны – ақ адамдар
үшiн нәзiктiк те, әлсiздiк те, ауру да үлкен күш пен алып қуатқа айналып
шыға келедi. Сонда не, ақ адамдар құдай ма, әлде жын-перi ме? Мен
бiлмеймiн. Иә, мен Ақ Балық тайпасының кәрi Имберi, жалпы не бiледi
дейсiңдер?! Менiң бiлетiнiм бiреу ғана: бұл ақ адам дегендердi –
жићангездер мен сайыпқыран жауынгерлердi – түсiну мүмкiн емес.
Мен жаңа сөзiмде орманда аң-құстар азайған үстiне азая түстi дедiм
ғой. Бұл – мылтықтың кiнәсi. Рас, жақсы мылтық алыстан тигiзедi, бiрақ аңқұс жоқ болса, мылтықтың не керегi бар? Менiң бала кезiмде, Ақ Балық
тайпасының жерiнде, аттап басқан сайын қос-қостан бұлан алдыңнан
шығушы едi, ал жыл сайын қаншама қоңыр бұғы келмедi мұнда! Оның
есебiне кiм жеткен! Ендi ше? Аңшы он күн бойы адақтап шықса да орманнан
бiр бұлан немесе бiр бұғы таба ма? Жоқ! Мен тағы да айтамын; мылтық
қанша жақсы болғанмен ататын ештеме жоқ болса, оның керегi не!
Мiне, мен – Имбер, Ақ Балық тайпасының қалай құрып бара жатқанын
көре отырып (пелли мен өлкенiң басқа тайпалары да оңып тұрған жоқ), көп
ойландым. Орманда аң-құс қалай құрып бара жатса, олар да солай құрып
баратын едi. Мен тағы ойландым. Мен шамандармен, ақылды ақсақалдармен
кеңестiм. Қатты ойлануыма адамдардың у-шуы кедергi болмас үшiн мен
орманның терең түкпiрiне кеттiм, ал асқазаным менi албыратып,
салбыратып, ұйқымды келтiрмес үшiн ет жеудi қойдым. Сөйтiп мен ұйқыкүлкiнiң бәрiн ұмытып, орманда ұзақ-ұзақ отырдым, – мен ойлаған қиын
мәселенi шешетiн бiр ғажайып белгiнi менiң көздерiм сарыла күттi, ал менiң
сыбыр еткендi еститiн сақ құлақтарым ғайыптан түсер сөздi қағып алуға
тырысты. Қап-қара түндерде, жел өксiп, су жылап жататын өзен жағасына
жалғыз өзiм келiп, сол жерде, ағаштар арасында, мен баяғы данагөй қарттар
мен өлген шамандардың әруағын гөй-гөйлеп көп шақыратынмын. Егер олар
келе қалса, ақыл сұрағым келген.
Ақыр соңында мен өзiм күткен елестердi көрдiм де. Олар – қысқа
жүндi жаман иттер едi. Мен түсiндiм не iстеу керектi. Менiң әкем –
сайыпқыран жауынгер – Отсбаоктың дана шешiмi арқасында бiздiң иттер
өзiнiң қасқыр тектi тұқымын таза сақтап қалып едi. Олардың терiсi қалың,
жүнi ұзын, күшi мығым болды. Шанаға шегуге олардан артық иттер жоқ-ты.
Сонымен мен тайпа тұрағына келдiм де, өз сөзiмдi айттым жауынгерлерге:
“Ақ адамдар – тайпа, өте үлкен тайпа, – дедiм мен. – Олардың жерiнде аңқұс қалмаған, сондықтан олар бiздiң жерiмiзге келген қыбыр еткен қараның
бәрiн атуға, алуға. Олар бiздi әлсiз еттi, бiз содан құрып барамыз. Олар өте
ашкөз адамдар. Сол себептi де бiздiң жерде аң-құс құрып бiттi, ал егер бiз
өмiр сүргiмiз келсе, олар бiзге не iстесе, бiз де оларға соны iстеуiмiз керек”.
Мен олардың қанын қыздырайын, күреске шақырайын деген оймен
басқа да көп сөздер айттым. Ал Ақ Балықтың адамдары менi тыңдап болған
соң, бiреуi олай дедi, бiреуi былай дедi, кейбiреулерi тiптi ақымақтың сөзiн
сөйледi, бiрақ бiрде-бiр жауынгерден ерлiк пен еркектiк сөз естiгем жоқ.
Өйткенi бiздiң жiгiттерiмiз су сияқты сұйық, қорқа. Бiрақ сөздi үнсiз тыңдап
отырған ақсақалдардың көзiнен мен жарқ-жұрқ еткен от көрдiм. Сосын
кешкiсiн, тайпа түгел ұйықтаған кезде, мен оларды түгел құпия түрде
орманға жинап алып, тағы да тамырларын басып байқадым. Дұрыс! Бiз
келiсiмге келдiк, алқақотан отырып, баяғы бақытты күндердi, ит басына iркiт
төгiлген молшылықты, жерiмiзде жыртылып айрылған аң-құсымызды еске
түсiрдiк. Бiз бiр-бiрiмiздi аға-бауыр дестiк, өз құпиямызды өле-өлгенше
сыртқа шығармауға уәделестiк, сосын… ең бастысы, сырттан келген зұлым
тайпа адамдарын қасиеттi жерiмiзден қалайда тазалап шығуға ант берiстiк.
Бұның бәрi ақымақшылық екенiн, әрине, бiз қазiр ғана бiлiп отырмыз, ал ол
уақытта, бiздер, Ақ Балықтың ақсақалдары қайдан бiлейiк?
Басқаларға жол көрсетiп, оларды рухтандыру үшiн бiрiншi құрбанды
өзiм жасадым. Юкон жағасында тығылып жатып, ақ адамдар мiнген қайықты
күттiм. Бiраздан соң бiреуi көрiндi. Онда екi адам отыр екен, мен орнымнан
тұрып, қолымды көтерген кезде, олар шұғыл бұрылып, жағаға беттеген.
Сосын қайықтың тұмсық жағында отырған бiреуi бұған не керек дегендей
басын көтергенi сол – менiң шiрене тартқан садағымның оғы оның тура
кеңiрдегiне гiрш ете қалды – маған не керек екенiн ол сонда ғана түсiнген.
Ал кормде отырып, қайықты жүргiзiп келе жатқан екiншi адам иықтағы
мылтығына қолын созғанша мен шолақ найзамды кеудесiне қадап та
үлгердiм. Жанымда тағы екi найзам қалған.
“Бұл бiрiншi қадам, – дедiм мен жаныма келген ақсақалдарға. –
Бiраздан кейiн барлық тайпаның барлық ақсақалдарын бiрiктiретiн боламыз,
ал сонан соң кеуделерiнде әлi де оттары бар жiгiттерiмiздi жинаймыз, мiне,
сонда iс жылдамырақ жүредi”.
Бiз бас изесiп, мақұлдастық та, өлген екеудi суға тастадық. Ал олардың
қайығын – ол өте жақсы қайық едi – бiз өртеп жiбердiк. Онымен қоса
iшiндегi бар затты да отқа тастадық. Бұған дейiн ол заттарды көрiп
алғанбыз, бұлғары қапшықтың iшiнде болатын. Бiз оны пышақпен тiлiп
қарасақ – iшiнде көп-көп қағаз екен – беттерiнде қаз-қатар тiзiлген белгiлер
бар, тегi олар, Хаукан, мына сен қолыңа ұстап тұрған нәрселер болса керек.
Ол уақытта олардың не бiлгiлер екенiн бiз қайдан бiлейiк; ал қазiр мен бiр
нәрсенiң иiсiн сезем ғой, олар анау сен айтқан адамның сөзi, Хаукан…
Қайықтағы екi адамның өлiмi туралы бұл әңгiменi Хаукан аударып
бiтпей жатып, бөлме iшi гу-гу сөзге толып кетiп едi.
– Бұл тоқсан бiрiншi жылы жоғалып кеткен почта ғой, – дедi бiр дауыс.
– Оны Питер Джеймс пен Дилэни алып келе жатқан: Ол екеуiн соңғы рет ЛеБарж көлiнiң жағасынан Мэттьюз көрген екен.
Клерк әрбiр сөздi құлшына жазып отырды, бұл – Терiстiк тарихына
тағы бiр тараудың қосылғаны едi.
– Менiң ендi көп айтар сөзiм қалған жоқ,– дедi Имбер ақырындай
сөйлеп. – Бiздiң не iстегенiмiздiң бәрi қағазда жазылған. Бiз, кәрi адамдармыз,
бiз не iстеп жүргенiмiздi түсiнген жоқпыз. Құпиямызды ашпай, өлтiрген
үстiне өлтiре бердiк; бiз және қалай өлтiрудi де жақсы бiлдiк, өйткенi бiзге,
кәрi адамдарға өмiр не нәрсенi асықпай, бiрақ тез iстеудi үйреткен едi. Бiрде
бiзге ақ адамдар келген де, бетiмiзге ызалана қарап-қарап алып, алты бiрдей
жiгiтiмiздiң қолына темiр кигiзiп, өздерiмен алып кеткен. Сонда бiз
бұрынғыдан да ақылды, бұрынғыдан да көп өлтiру керек екендiгiн
түсiнгенбiз. Сосын бiз, ақсақалдар, бiрiмiзден кейiн бiрiмiз өзеннiң басы мен
аяғын қуалап, белгiсiз өлкелерге аттандық. Мұндай iстерге аса батылдық
керек едi. Бiз кәрi болсақ та, қорықпадық, ал шын мәнiнде, алыс та бөтен
өлкелер алдындағы қорқыныш бiз сияқты кәрiлер үшiн үлкен қорынышты.
Бiз солай – үлкен қулықпен, асықпай өлтiре бердiк. Бiз Чилкуттың биiк
асуында да, Атыраудың тарам-тарам бойында да, таудың терең қойнаулары
мен теңiздiң жақпар тасты жағасында да, қысқасы, ақ адамдар қай жерге қос
тiгiп, қай жерде сүрлеу жол салса – сол жерлердiң бәрiнде оларды қағып
тастап отырдық. Иә, ақ адамдар көп өлдi, бiрақ бiз одан пайда көрмедiк. Олар
таудан асып келе бердi, келе бердi. Келген сайын жерiмiзде олар көбейе
түстi, ал бiздер, ақсақалдар, уақыт өте келе азая бастадық. әлi есiмде, Бұғылы
таудың асуында бiр ақ адам қос тiккен. €зi тым аласа, кiшкентай ғана жан
екен. Соған бiздiң үш шал жабыла кетедi ұйқтап жатқанда. Ертеңiнде мен қос
iшiне кiргенде, мына жайды көргенмiн: үш шал үш жерде сұлап жатыр, ал ақ
адамның әлi де кiрпiгi қимылдайды. Тiптi, ол өлiп бара жатып та менi боқтап,
қарғап кетуге шамасы жеткен.
Рас, бiз азайып бара жаттық: бүгiн бiр ақсақал өледi, ертең екiншiсi.
Кейде, арада талай уақыт өткенде, бiздiң тайпаның бiр адамы өлгенi туралы
хабар жетедi, ал кейде жетпей де қалады. Ал басқа тайпаның шалдары әлсiз
әрi қорқақ едi және бiзге көмектескiсi де келмеген. Сонымен бүгiн бiр
ақсақал өлсе, ертең екiншiсi– сөйте, сөйте…қазiр тiрi жүрген жалғыз мен ғана.
Иә, мен – Имбер – Ақ Балық тайпасынан. Менiң әкем– Отсбаок –
сайыпқыран жауынгер болған. Ендi қазiр Ақ Балық тайпасы жоқ. Мен ол
тайпадан қалған жалғыз ақсақалмын. Ал бiздiң жiгiттермiз бен жас
әйелдерiмiздiң бiрi – Пелли тайпасына, бiрi – Лосос тайпасына, бiрақ
көпшiлiгi – ақ адамдарға кеткен. Мен өте қартайдым, өте қажыдым, мен
заңмен босқа күрескенiмдi ендi ғана бiлдiм, сен дұрыс айттың, Хаукан, мен
мұнда Заңды iздеп келген адаммын.
– Сен шын мәнiнде есуассың, О Имбер, – дедi Хаукан.
– Бұл сөздi Имбер ендi естiген жоқ, ол көне бiр көрiнiстердiң қойнына
жайлап сiңе берген-дi. Кең маңдайлы сот та өзiнiң әлдебiр елескөрiнiстерiмен бөгде бiр дүниеге аттанған: оның көз алдынан – бүкiл тұла
бойы құрыш құрсанып, темiр оранған, басқа халықтардың бәрiне Заң
орнатып, тағдырын шешiп отырған өз нәсiлi барша ұлылығымен –
салтанатпен өте бастаған. Ол сол өз нәсiлiнiң қара ормандар мен тұңғиық
теңiздер үстiн қызылжалқын жарыққа бөктiрген таң шапақты тарихына көз
жiберген. Ол және осы шапақтың талма түс кезiнде қалай қан түстi жалынға
айналып, ал кешке арай көлеңкелердiң ығымен қалай қызылбарқын
құмдарға сiңiп кететiнiн елестеткен… Осының бәрiнде оның көз алдында
құдiреттi де құзыреттi, рахымсыз да қайырымсыз, иiлмес те бүгiлмес Заң
деген Ұлық тұрған-ды. Бұл Ұлық – оның атымен iс қылып, оның бұйрығымен
өлiп те кететiн адам деген бейшарадан – тiптi мына кәрi үндiске кешiрiммен
қарағысы келген кең маңдайлы соттан да – әлдеқайда мықты едi.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo