АҒАЙЫНДАР

1

Қарны жер сызған екі қызыл сумканы мықшия көтерген Дүйсен көшенің ой-шұқырына қарамай дедек қағып келеді. Тұла бойы малшынған тер. Терге шыланған ақ көйлегі арқасына жабысып, жауырынын жаздырар емес. Тезірек жүрген сайын өкпесі өшіп, өзегі де өртеніп бара жатқан сияқты. Сәл демалып алайын десе, анау гараж жаққа бұрылған қоңыр «Уазиктен» тағы көз жазып қалатындай болады. Одан енді айырылса, бүгін қолға түспесі белгілі… Құрғырды таңертеңнен қуып дымы құрып бітті әбден. Ана көшеден бір қылтың ете қалады, мына көшеден бір жылтың ете түседі. Тоқтаған жеріне енді жеттім-ау дегенде, әлдеқайда тағы шаңдата жөнеледі. Жүгіре-жүгіре ақыры шаршаған соң, өз үйінің алдынан күтіп еді, қырсыққанда ол маңайға да жуымай-ақ қойған-ды. Сонан соң одан мүлде күдерін үзген Дүйсен артынып-тартынып жолға шыққаны сол… алдындағы көлденең көшеден ол зыр етіп өте берген. «Әй» деуге де шамасы келмеген бұл соңынан тұра жүгіріп еді. Сол бетімен әлі жүгіріп келеді. Екі сумка екі аяғын соғып, қолының қары да талып барады. Бірақ оны елейтін уақыт қайда, тезірек ана Сейсенді қуып жету керек, әйтпесе… «Япыр-ай, бұл жолы да жете алмас па екенмін?..»

Жап-жаңа қызыл тұмсық бәтеңкесі май топырақты борпборп басады. Қара шалбарының балағы тізесіне дейін шаң қапқан. Оған қарайтын Дүйсен жоқ, екі көзі анау арты қопаңдап бара жатқан қоңыр «Уазикте». Әне, тура гараждың алдына тоқтады… Іле кабинадан шыққан Сейсен алшаң қағып, биік темір қақпаға қарай беттеді… Әттең, ішке кірсе екен, гаражға бір кірсе біраз айналатын әдеті еді, тек бас сұқса болды да… Е, кіріп барады, кірді, әйтеуір! «Бәлем, енді қайда қашып құтылар екенсің?..» Дүйсеннің тынысы кеңіп, бір сәт жүктері де жеңіл тартқандай болды. Сөйтсе де жүрісін бәсеңдетпей, ентіге демігіп тағы жүгіре түсті. Бірақ келесі көлденең көшені кесіп өткенше, қақпадан қайта шыққан Сейсенді көрді де, кілт тұра қалды. Қап, тағы жете алмай қалғанын қарашы! Әне, ол кабина есігіне қол салып та үлгерді.

– Сейсе-е-ен! Сейсен аға-а!

Сейсен ағасы естіді ме, естімеді ме, машинасы лезде қозғалып жүре берді. Дүйсен көзіне құйылған ащы терді сұқ саусағымен сүйкеп-сүйкеп тастады. Сосын тыжырына жұтынып тұрып: «Ит! – деді тістеніп. – Бір әкеден тумай кеткір ит!..» Бүгін бір зығырданын қайнатты ғой, не керек! Таңертең кезіккенде шаруасын тындыра салса, бұл бүйтіп ауыл ортасында ырс-ырс етіп жүрер ме еді? Автобусқа баяғыда отырып алып кетпес пе еді жөніне. Жоқ-ау, қазір келем деп кетіп, түске дейін сенделтіп қойғанын қайтерсің. Енді, міне, шыжыған күнде соңынан итше сүмеңдетіп жүрген түрі анау.

Дүйсен кеңсеге жақындап қалғанда, Сейсеннің ширақ қимылдап басқышпен түсіп келе жатқанын байқады. «Ойпырмай, мынау тағы бір жаққа жиналғаны ма? Түу, құрғыр-ай!»

– Сейсе-е-ен! Сейсен аға-а!

Бұл жүгірген бойда бар даусымен айқайлап келеді. Айқайламаса ол естімейтін тәрізді.

–       Сейсе-е-ен! Сейсен деймін… күте тұршы! Естисің бе, күте тұршы!

–       Әй, естідім, естідім. Неге ойбайлайсың со құрлы? – Сейсен машинасының жанында мықынын таянып, бұған ыздия қарап қалған.

Дүйсен ентігіп жеткен бойда, қос сумканы машина алдына дік еткізді.

–       Аға… Сейсен аға… сені манадан қуып… Шаруам бар еді…

–       Е, не болды? Қайда тарттың буынып-түйініп?

–       Айтам ғой, аға… айтам. Асықпашы!

– Әй, мен неге асықпаймын? Жұмыстың күйіп тұрғаны мынау. Қазір, міне, екінші бригадаға асығып барамын. Шаруаң ұзақ па өзі?

– Ұзақ емес, аға… Бір жарты сағатқа…

–       Тфу, сенімен тәжікелесіп тұрған мен де… Күте тұршы өзі, қазір келем.

–       Аға-ау, таңертең де қазір келем деп кетіп едің… Қашанғы күтем?

–       Күтпесең жүре бер, қайтеді, ей, өңмеңдеп? Ал, күтем десең өзің біл, қазір келем.

Сейсен кабина есігін жұлқи ашып, тарс жапты да, моторды гүр еткізді. Бензиннің ап-ащы түтіні Дүйсеннің бетін шарпып өтті. Содан ба, машина жүріп кеткенде көзі жасаурап шыға келді.

* * *

Күн төбеден құлдилап барады. Ауыл іші бойкүйез тыныштық. Көшеде түстен кейін жұмыстарына шыққан біренсаран жаяулар көрінеді. Жоғарғы қызыл шатырлы үй жақтан қуырған бауырсақтың иісі аңқиды. Дүйсеннің ішегі шұрылдап, кеңсенің алдында мең-зең болып әлі отыр. Көзі ауылға кірер қара жолда. Мана кеткен Сейсен ұшты-күйлі жоғалған. Машина гүр етсе, елең қағып, ұшып тұрады. Бөтен біреуді көргенде күрсінеді де, қайта отырады. Шөлден ерні де кеберсіп кеткен. Жап-жақын жердегі үйіне барып, шай ішіп қайтайын десе, Сейсеннен айырылып қалам ба деп ойлайды. Тасбауыр неменің түске дейін шаршатқаны аздай, енді кеңсе алдына қаңтарып қойғанын көрдің бе? Бүгін соның соңынан жүгіріп те керек жоқ еді. Бірақ таңертең дәмелендіріп кетті емес пе?

Дүйсен күн шыға оның үйіне келсе, Сейсен машинасына отырып жатыр екен. «Аға, саған айтар үлкен әңгіме бар», – деп бұл кабинаға мойнын тығып жіберіп еді «Үлкен әңгімені тың дауға әзірге уақытым тығыз. Үйіңе бара бер, қазір келем», – деген де ол жүріп кеткен. Сосын бұл қайта далақтап үйіне кел сін. Келсін де жүктерін тез жинастырып, Сейсенді тағатсыз күтсін. Бір сағат өтті. Жоқ. Екі сағат өтті. Жоқ. Жолға қарай-қарай көзі талды. Келмеді. Ақыры шыдамай көшеге шыққан. Сол кезде сонадайдан шаңын көріп, ал кеп жүгірсін…

Қазір де оны тоспай жүре берер еді, амал не, ертеңдер ауылға жеткенде атасы мен апасы: «Пана боп жүрген жалғыз ағаңды бірер сағат күтуге тағатың жетпеді ме?» – демей ме? Олар қайдан білсін «жалғыз ағасының» бұған қалай пана болып жүргенін. Жыл жарым қолтығының астын сағалағанда, бір жаңа трактор да бермеді ғой. Қашанда «күте тұр, күте тұрмен» тойдырып келеді. Күте-күте көксау трактормен бұл да көтерем боп бітуге айналды. Қолында жоқ емес, бар. Шүкіршілік, бір совхоздың білдей директоры… Қайтерсің соны, бұл әйтеуір, өзінің тырбанғанымен ғана отын жағып, күлін көсеп отырғаны белгілі. Кейде Ләззаттың да: «Сол саған кім өзі? Аға ма, жоқ па?» – деп шыға келетіні бар. Ондайда бұл үндемей тынады. Үндегенде «күдер үздім, түңілдім» демек пе? Олай десе, Ләззат: «Ендеше, осы ит өлген жерге несіне көшіп келдік, кімді арқа тұтып келдік?» – демесіне кім кепіл?.. «Шынында, несіне келдік екен?..»

Кенет мотор үні естілгендей болды. Басын тізесіне қойып отырған Дүйсен ұшып тұрды… «Ии-й, құрғыр-ай, Шотбайдың «Белорусі» екен ғой». Шырт еткізіп түкіріп тастады да, қайта отырды. Сонау шеткі тамның қақпасынан шыққан көк «Беларусь» бір-екі күркілдеп алып, жүріп кетті. Бет алысы бұйрат-бұйрат құм дала. Бұл енді сол далаға иек көтерді. Не деген сұрықсыз десеңші! Адамның көзін жүдетеді тіпті. Жыланның бауырында жиырылып, безеріп жатқан бетінде көз тоқтатар бір биік шоқысы жоқ. Осы құмның арасын бір жарым жылда Дүйсен қаншама шарлады?! Қаншама шарласа да, төңірегіне қарап, «мынау пәлен жер» деп әлі күнге бір жерді түстеп тани алмайды. Қайда барса да өзін бұдыр-бұдыр сұр табақтың ортасында тұрғандай сезінеді. Көз алдында қалғаны тек қыста қалтыраған сексеуілі мен жазда бұлдыраған сағымы ғана. «Осындай жерге несіне келдік екен?..»

Соңғы уақытта осы ой Дүйсеннің басынан шықпай-ақ қойды. Оған себеп – тағы да Сейсен. Өткенде дұрысырақ үй сұрап барғанында, жұмыстан басы қатып отырды ма: «Бала, егер жұмақ іздесең елге қайтпайсың ба?» – дегені бар. Бұл сөз Дүйсеннің төбесіне шоқпардай тиген. Сол күннен бастап ел жақ та жиі есіне түсе берген. Әсіресе түнде. Жанындағы Ләззатты да, күндізгі күйкі тірлікті де – бәрін-бәрін ұмытып, ұйқы сыз ұзақ жатып, Алтайды ойлап кетеді. Алтайды ойласа, көзіне не елестемейді дейсің… Күркіреп аққан Бұқтырманың жағасындағы өз үйі… Құр-құрлап бие байлаған атасы мен күрпілдете саба піскен апасы… Алыста мұнартқан мұзарт шыңдар мен іргеде сыңси ырғалған ну орман… Өстіп қиялмен туған жерін қызықтап жатқан бұның не заматта кірпігі де ілініп кетеді. Кірпігі ілінсе болды, түс көреді. Түсінде үнемі балалық шағы қайта оралып жүреді… Дәл баяғыдай Сейсен қолынан жетектеп, мектептен алып қайтып келеді екен дейді. «Бүгін неше алдың?» – дейді ол жымиып. «Үш», – деп бұл төмен қарайды. «Сен қашан мен құсап күнде «бес» аласың?» – дейді ол тағы да жымиып. Сосын бір уыс кәмпитті бұның қалтасына сүңгітіп жібереді… Тағы бір мезетте екеуі Бұқтырмада мұз теуіп жүр екенбіз дейді. Ол бұны жетелеп ұзақ сырғытады. Қайтар кезде: «Қолың тоңды ғой, мә, мынаны киші», – деп өз биялайын шешіп береді. Бұл: «Өзің тоңбайсың ба?» – десе, ол: «Жоқ, тоңбаймын. Мен үлкенмін ғой, сенен сегіз жас үлкенмін ғой», – деп күліп қояды. Сонан соң бұлар бірін-бірі қуып, үйге қарай жүгіре жөнеледі.

Осындай тәтті түспен таңды атырып, сыртқа шыққанында, алдында сұп-сұр құм бұйраттар тағы да сазарып жатушы еді. Сонда еріксіз: «Несіне келдік екен?» – деп күрсінетін.

Сөйтіп қарадай қапаланып жүргенде, алдыңғы күні үйден келген хат өзі де шығайын деп тұрған көзге шыбықтай тиген. Хатты жазған апасы екен. Апасы емес-ау, апасының сөзін қағазға түсірген жеңгесі Бибіш екен. Сойдақ-сойдақ жазумен қос парақты түгел толтырып шығыпты. Дүйсен қатты қуанып, ал кеп оқысын. Алғашқы бетте «аса бек құрметті көретін» мұны мен Сейсеннің, келіндері Қадиша мен Ләззаттың, Сейсеннің үйіндегі «жаман қара домалақтардың» хал-күйін ұзақ сұрастырыпты. Бұдан соң екінші беттен бастап өз жағдайларына көшкен екен. Дүйсеннің одан ұққаны: биыл жазда ел жақ жауынды болыпты. Әсіресе осы күзге қарай. Жұрттың шапқан шөбі жиылмаған күйі шіріп кеткен көрінеді. Оның ішінде «біздің шалдікі» де. Соны «шал» қораға үйе алмай әуреленіп жүргенде, қасқа биесі жоғалған. Оны іздеп «шалдың» бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Өртеншоқыны да, Ақшоқы мен Тасшоқыны да тегіс адақтап шығыпты. Ақыры бір күн ауырып келген оны балдызы өз машинасымен ауданға алып кетіпті. Апасы осыны айтыпты да, хатының соңында: «Білмеймін, қарағым, қорқамын. Биылғы көрген түстерім де жақсы емес. Басқа не дейін, сау бол», – депті.

Дүйсен хатты қолына ұстаған күйі үнсіз отырып қалып еді. «Атам қазір не күйде екен? – деп ойлады. – Ауруханаға түсіп қалды ма? Қасқа биесі табылды ма? Әлгі Бейсен ағасы жөнінде неге түк жазбаған? Әлде араларынан қара мысық жүгіріп өтті ме?» Осы ойлардың шырмауымен Дүйсен түнде де дұрыс ұйқы көрмеген, ары-бері дөңбекшіп, көрер таңды көзімен атқызып еді. Сосын таңертең Ләззатқа: «Бүгін отпуск алам да, ауылға барып қайтам», – деді түйеден түскендей. Деді де, кеңсеге жүріп кетті. Сәті болғанда, бар жұмысы түске дейін тынды. Түстен кейін Ләззат екеуі қырық шақырым жердегі аудан орталығына барып, екі сумканы оны-мұны базарлыққа сықа толтырып та қайтты. Бұл жайында Сейсенге ауыз ашқан жоқ, неге өйткенін өзі де білмейді. Жүрер алдында бір-ақ айтармын деп ойлаған

Дүйсен орнынан тұрып, ұйыған белін жазды. Осы мезетте ауылдың басынан бір машина да көрінді. Шаңды бұрқыратып, ызғытып келеді… «Уазик»… Соның машинасы! Сол Сейсен ғой. Бұл көрмей өтіп кетпесін деп жүгіріп жолдың шетіне шықты.

Машина кеңсеге тұмсық тіреді де тоқтады. Сыртқа шыққан Сейсен бұған таңдана қарады:

–       Әй, сен әлі тұрмысың?

–       Тұрмын ғой… Өзің қазір келем деген соң…

– Жә, торсаңдамай-ақ қой. Менің бір жұмыстарым бітпей… Кәне, жүр кабинетке.

Екеуі жап-жарық шынылы кабинетке кірді. Сейсен қара костюмінің түймелерін ағытып, орындығына шалқая отырды.

– Аға, саған айтайын дегенім…

Кенет телефон шылдыр ете түсті. Дүйсеннің ызасы келіп кетті. «Бұнымен кабинетінде сөйлесейін десең, міне, осы. Ал енді мелшиіп күт те отыр».

– Алло! Ә, Қадишамысың?.. Жә, жә, айқайламай сөйлесеңші!.. Білем күтіп отырғаныңды, білем. Не, сонда сені жұмыс уағында қыдыртып жүруім керек пе?.. Елдің еркегінде менің шаруам қанша?.. Білгің келсе, таңертеңнен бері бір түйір нәр татсам бұйырмасын… Е, өстіп жөнге келсеңші… Иә, қазір боспын… Жақсы, жақсы, сол Айдарлыңа апарып-ақ салайын… Күте тұр, қазір келем…

Сейсен трубканы тастай салды да, дөңгелек көздерін бұған қадады:

–       Иә, не шаруа, айт?

–       Аға, мен… елге кетіп барамын…

–       Не дейд?! Мүлде ме?

– Жоқ, мүлде емес. Апамнан хат алдым. Атам ауырып… Наға шым ауданға алып кетіпті…

–       Не дейді, ей, мынау?! Қай жері ауырыпты?

–       Білмеймін, о жағын жазбапты.

– Ім-м, солай де… – Сейсен басын төмен салып, қара бұйра шашының бір тұтамын ширатқан күйі көпке дейін тіл қатпады. Тек бір заматта сүйретіле түрегелді де, ұзақ тұрды. Дүйсен тықыршып әрең отыр. Кешкі автобустың келер уақыты да жақын даған сияқты.

– Аға, үйге не сәлем айтасыз? Ол бұны естімегендей, ақырын күбір-күбір етті:

– Елге барған жақсы ғой… Жарықтық Алтай деген жақсы ғой…

Бұл да отыра беруден жалығып, Сейсеннің жанына келді де, сыртқа көз салды. Ала құйын жел тұра бастапты. Көше ұйыт қыған шаң. Шаң арасынан қарға адым жер бұлдырап әзер көрінеді. Терезені құм тырс-тырс ұрып тұр. Сейсен жеңіл күрсініп қойды да, кері бұрылды.

–       Ну, что ж… Жолың болсын. Ұшпақ болсаң, зымыра.

–       Үйге айтарың, тапсырарың бар ма?

– Сәлем айт. Егер атам қаттырақ ауырса, хабарларсыңдар… Айтпақшы, аршаның бір бұтағы мен атамның қамшысын ала қайтшы.

– Жақсы. Ал енді мені анау күре жолға дейін апарып салсаң. Мынадай жүкпен үш шақырым жаяу жүру де…

– Қиын ғой, әрине. Сен кішкене күте тұр. Алдымен үйге барып, жеңгеңді алып келейін. Айдарлыға баруымыз керек еді… Күт, қазір келем.

– Жо, аға, мен жүре берейін. Жолай қуып жетерсіңдер. Егер жолықпай қалсақ…

Дүйсен қолын ұсынды. Бұған бажырая қараған Сейсен де қолын соза берді. Алақандары ып-ыстық екен.

– Мінезің-ай осы сенің. Кішкентайыңда қисайған жағына құ ламай тынбаушы едің… Е, ұмытып барады екем-ау, мынаны жолыңа ұста.

Сейсен қойнынан бір уыс сары құлақты шытырлатып шығарды да, бұның қалтасына тыға салды.

* * *

Дүйсен далаға шықса, күн батуға сынық сүйем қалыпты. Кө шеде шаң бұрқырай ұшады. Жақын маңнан ішін тарта ақыр ған есектердің даусы естіледі. Кеңседен ұзап бара жатып, артына мойын бұрып еді, Сейсен машинасының жанында бұған әлі қарап тұр екен. Костюмінің жағасын көтеріп алыпты. Содан ба, мойны ішіне кіріп, екі иығы бүрісе түскен тәрізді. Дүйсеннің көкірегін бірдеме тырнап алғандай болды да, қайта алға бұрылды. Қызық-ау, несіне тұр? Не ойлап тұр? Жаңағы сөзі де қызық естілді-ау өзі. «Аршаның бір бұтағы мен атамның қамшысын алып қайтшы», – дейді. Алтайдың аршасының иісі жақсы, ал атқа мініп жатқан жоқ, атасының қамшысын не қылмақ?.. Қалай дегенмен, көптен бері бір өзгергені осы. Көптен бері Дүйсеннің де оған іші жібігені қазір. Соған бұның ренжитін де жөні жоқ қой. Бар жазығы: «Адам бол! Біреуге арқа сүйеп үйренбе! – дегені ме? Оны түсініп жатқан Дүйсен жоқ, сәл қиналса, жүгіріп алдына жетіп барады. Сонда баяғы сөз тағы алдынан шығады. «Сен қашан адам боласың? Қашан өз бетіңше өмір сүресің?» – деп ол күйіп-піседі. Олай дейтін себебі де бар. Өйткені өзі бүгінге дейін біреуге мүсәпірсіп көрген пенде емес. Ешкімнің көмегінсіз институтқа түсті. Ешкімнің көмегінсіз оны бітіріп шықты. Оқып жүрмін-ау деп үйге салмағын да салған жоқ. Сұрап ештеңе жазбаған соң, үйдегілердің де қаражат жағынан жарытқаны шамалы. Тек оның жазда құрылыс отрядтарында болып, қыста вокзалда жүк түсіріп, әйтеуір, өлмес күнін көргенін олар кейін білген. Ағайынға суықтығы да өстіп итшілеп ержеткендігі шығар. Әйтпесе бала кезінде қандай еді? Бұған бір кәмпиттің жартысын бөліп беріп тұрмаушы ма еді. «Дүйсен, Дүйсенжан» деп еркелете кекілінен сипайтын сол Сейсен қайда қазір?!. Есейген сайын адамдарды ел-жұрт, ағайын-жұрағаттан алыстата бастайтын не күш осы, не? Тіп ті ренжімейін десең де, жүрегіңнің кейде сыздап кететінін қайтерсің?

Бұл ілбіп күре жолға жеткенде, кешкі алакөлеңкеде жал-жал боп күреңітіп жатқан құм шағылдардың арасы нан автобустың жарығы да көрінді. Алматыға апаратын автобус қой.

2

Дүйсен көліктен көлік ауыстырып, жолда үш күн жүрген. Осы үш күнде жөнді ұйқы да көрмеген. Поезда да, автобуста да атасы есінен шықсашы. Қалғып кетсе болды, оны аппақ зембілден көреді. Сол зембілді біреулер ауыл сыртына қарай көтеріп бара жатады. Бұл оған ұмтыла беріп, селк етіп оянып кетеді. Оянып алып тағы ойлайды оны. «Япыр-ау, бүгінге дейін бізден не жақсылық көрді? Енді қартайғанда не көрмек?» – дейді көкірегі сыздап. Осы бір мазасыз ойлардан қатты қажыған Дүйсен ауылға жетуге тым асығып еді. Оған да жетті-ау, міне.

Ауылдың басын орай өтетін қара жолда Дүйсен автобустан түсті де, ылдилап жүріп кетті. Мезгіл түске тақаса да, ауа салқындау екен. Қыркүйектің ортасында-ақ сынық қабақ таныта бастайтын Алтайдың қашанғы әдеті, қазірдің өзінде тау ба сын қар шалып, қапталдағы қалың орман түгел сарғайып үлгеріпті. Төңіректің бәрі сап-сары. Тек етектегі арқырап-күркіреп жатқан Бұқтырманың жағасындағы доланалы тоғай ғана қызыл қоңыр тартқан.

Дүйсен шеткі көшеге кіре берісте, тас үстінде белі бүгіліп тұрған біреуді көзі шалды. Үстінде шалғайы далиған сұр шекпен. Басында мыжырайған ақ қалпақ. Өзі бері қарай қайтақайта күн сала қарап қояды. Дүйсен жақындағанда ол тастан тоңқаңдай түсті де, қарсы жүрді. Бұл енді ғана таныды. Белгібай шал. Қысы-жазы бес-алты қой-ешкісінің соңында жүретін баяғы сол Белгібай. «Байғұс, әлі тірі екен-ау…»

Шал жолында жусап жатқан қой-ешкілерін «кіш-кіштеп» үркітіп жіберіп, бұған жақын келді де, сығырая қарады. Сосын суланған қызыл көзін сүртіп қойып:

–       И-и, құрғыр-ай, Қайыржан екен десем. Қайыржан емес екенсің ғой, – деді қабағын кіржитіп. – Уа, қай баласың?

–       Ассолоумалейкум, ата! Мен Хамзаның баласымын ғой. Танымадыңыз ба, Дүйсенмін ғой.

–       Е-е, сен әлгі деректір ағаңның соңынан Алматыға кеткен бала ма едің? Ал сен сол Алматыңнан Қайыржанды көрдің бе?

–       Ата, мен Алматының өзінде емес, шеткері бір совхозында тұрамын. Қайыржанды көре алмадым.

–       Иттің ғана баласы-ай! – деп шал тағы көзін сүртті. – Жә, Қа йыржанды көрмесең, жолда Өскеменнен Сабыржанды көрдің бе?

– Өскеменге түстенген жоқ едім, ата.

– И-и, әйтеуір тірі жүрсеңдерші!.. Жә, жүре бер үйіңе.

Дүйсен үнсіз жолға түсті. Артына бұрылмаса да, шалдың өзіне бүкірейе қарап тұрғанын сезді. Әлденеге көкірегі шым ете қалды. Атасы да өстіп жол тосып жүр ме, кім білсін?.. «Өзгесінен бұрын аман болса етті өзі!..»

Қобалжыған жүрегі үйге тақағанда ғана басылды. Апасы аулада алашасын тоқып, жайбарақат отыр екен. Бұл жымия күліп, тықырсыз жанына келді де:

– Апа, – деді ақырын. – Апа…

Апасы көзіне түскен ақ жаулығын көтеріп, бұған бір сәт таңырқай қарап отырды да:

– О, тәуба! – деді жер таянып тұра беріп. – Дүйсенжанбысың? О, тәуба!

Бауырына басып, маңдайынан, көзінен қайта-қайта иіскеп жатыр. Иіскеп тұрып:

– Дүйсенім… Дүйсенжаным… – деп сыбырлай сөйлейді. Сонан соң баяғы әдетінше алақандарының сыртынан сүйіп-сүйіп қояды. – Келіп қалдың ба, балам? Біліп едім-ау келетініңді.

Екеуі бір мезет алашаның үстіне отырды. Дүйсен апасына кү лімсірей қарайды. Тіпті түк өзгермеген. Сол толық денелі, қызыл шырайлы қалпы. Тек самай шашына ғана аздап ақ кіріпті. Мінезі де сол. Бұл осы жолы бетімнен бір сүйер деп ойлап еді. Сүймеді. Ғұмыры ес білген баласының бетінен аймалап, «әкем-көкем» демеуші еді, сонысынан әлі жаңылмапты. Ең еміренгенде жаңағыдай иіскеп алып, алақандарының сыртына ғана ерін тигізетін де қоятын.

–       Айтпақшы, атам қайда, апа?

– Е, атаңды құдай алды дейсің бе? Тауда шөбін жиып жүр де.

– Өткен жолғы хатта «Таудан ауырып келген оны нағашың ауданға алып кетті» деп едің ғой.

– Е, алып кеткен. Өзі ауырып отырған байғұсты баласының депломын жууға сүйрей жөнелгені рас нағашыңның.

– Қасқа бие ше?

– Оны ана Бейсен ағаңнан сұра. Әкеге жаны ашымаған бала басқаға не қайыр жасар дейсің…

Апасы жеңіл күрсініп қойды. Күрсінді де, есіне әлдене түскендей дереу орнынан тұра бастады:

– Құдай-ау, мен неғып отырмын? Қой, қазан көтерейін. Ана

Бейсен мен Бибішті де шақырып келейін. Қуанып қалсын да. Апасының соңынан Дүйсен де үйге беттеді.

3

Кешкісін ағайын-туғандардың төрт көзі түгел Дүйсен дер дікіне жиналған.

Қазір бәрі төрге төселген мол дастарқанды жағалай жайғасып, ду-ду әңгімемен қызара бөртісіп отыр. Дүйсен атасы мен Бейсеннің ортасында, нақ төрде – көздері жыпылықтап, күлімсірей береді. Жаңағы бір стақан «қызыл» басына шыққаны ма, бойы балбырап, еріп бара жатқан тәрізді. Біртүрлі рахат! Біртүрлі көңілді! Аңыратып тұрып ән салғысы келеді. Шіркін, осындай отырыста ән салғанға не жетсін?! Мыналар бастап жіберсе ғой. Әттең, бастаса ғой… Өй, шіркін, баяғыда бастары қосылса, төрт қабырғаны теңселте шырқаушы еді-ау!..

– Әй, сен неге күле бересің ей, ә? Мас болып қалдың ба, ә?

Шашы көзіне түсіп кеткен Бейсен бұның мойнынан құшақтап өзіне тартады.

–       Өзің өгіздей болып кетіпсің, ей. Күресесің бе, ә?

–       Бейсен-ау, жолдан шаршап келген баланы мазаламасаң етті, аузыңа бірдеме тисе желпілдеп кететінің не осы? Бейсен бұны босатып, атасына теңселе бұрылды:

–       Әй, шал, маған неге алая бересің осы? Тағы неңді бүлдіріп қойдым, а? Әлде қасқа биеңнің үш күндік терін әлі ұмытпай жүр сің бе? Ал, міндім, ал, міндім. Керек болса тағы мінем… Са ған айтпай үш күн шөпке салғаным рас… Ал, соған несі кетті, а?

–       Тәйт, көргенсіз! Әкесінің бетінен алуын мына жаман шіріктің. Ішсең, жөніңе іш былай.

Есік жақта отырған апасының даусы тым зілді шықты. Бейсен жым болды. Үйдегі гу-гу әңгіме де күрт тына қалған. Дүйсеннің де жаңағы рахат күйі қайда кеткені белгісіз, көкірегі құлазып, жанындағыларға ұрлана көз тастайды. Міне, атасы иегіндегі бір тұтам сақалын сипалап, дастарқанға шұқшия түсіпті. Қатпар-қатпар ұрты суалып, бет сүйектері шодырайып шығып тұр. Бір кездегі күдірейген арқасы да енді қушиып, имие бүгілген… Бұл арқаға кімдер мінбеді десеңші! Өңкиіп Сейсен де отырған, өрмелеп бұл да шыққан. Әрі-беріден соң – мына отырған Бейсеннен қалған арқа. Баланың тұңғышы болғандықтан, ең қызығын көрген де осы болуы керек. Сөйткен арқаның ыңыршағы шыққан түрі осы… Дүйсен енді оған үңіле беруге дәті жетпей Бейсен жаққа бұрылды. Оның қалың қабағы түксиіп, қараторы өңі сыздана қалыпты. Апасына ренжіп отыр ғаны белгілі. Жасы қырыққа тақаса да бала секілді өзі. Бала дейін десең, мінезі әлгі – әкесіне: «Әй, шал», – деп дікеңдікең етеді. Сол «шалдың» баяғы жұмсақ арқасын ұмытқан-ау, шамасы.

Бұның көкірегі ашып кетті. Осы мезетте бүйірінен Бейсен ақырын түртті де, дастарқанға иек қақты:

– Мынаны алып тастайықшы.

Дүйсен бұрын бір тостан кейін «ал-алдан» ат-тонын ала қашушы еді, бұл жолы тартынбады, бір стақан мөлдірді шалқая тартып жіберді. Іші өртеніп жүре берді. Артынша үй дегі самарқау тыныштыққа тағы да жан біткендей болды. Расында, міне, ыдыс-аяқтар қозғалып, үлкенді-кішілі қолдар бауырсақтарға қарай жүгіріп, бәрі де манағы қалпына келіп жатыр. Гу-гу әңгіме де қайта қозыпты. Әне, Бибіш жеңгесі сыңғырлай күліп сары самауырдан шай құюда. Оның бер жағындағы апасы жанындағы шүйкедей қара құдағиына бірдемесін айтып күліп қояды. Отырғандардың бәрі де көңілді. Жаңа тіпті дәнеңе болмаған сияқты. Ағайынның ағайындығы да осы емес пе? Бұлардың қайсысының жүрегі зіл сақтар дейсің? Мына атасын қарашы, өз стақанын Бейсеннің алдына жылжытып қойып жатыр. Бейсеннің де қабағы ашылып қалды әне. Енді екеуінің әңгімесін тыңда:

–       Шал, сен маған ренжіме. Менікі әншейін қалжың ғой. Өт кенде қасқа биені көп терлеткем жоқ… Жалпы, қасқа бие – жақсы бие. Керемет күшті өзі. Бір шөмелені жалғыз тартады.

–       Е, құлын тастамаса болды да. Керек етсең тағы да ал. Тек сұрап алсаңшы.

Дүйсен іштей күбір-күбір етеді. «Қандай жақсы?! Қандай кө ңілді?! Шіркін, біреу ән бастар ма еді». Бұның ойын түсінгендей-ақ Бибіш сызылта жөнелді:

Қонғаны ауылымның-ау Қyрымбай саз,

охой, охо-хой!

Жайлаған ала жаздай-ау сары ала қаз,

охой, охохой!..

Әнге апасы да қосылды. Үнін дірілдете созып, біртіндеп биік ке көтеріп барады. Дүйсеннің ойына сонау бір күндер оралды… Бұның бала кезінде атасы қой бағушы еді. Жаз жайлайтын жерлері төңірегін түгел орман қоршаған жасыл шалғынды жалпақ аңғар болатын. Ортасындағы дөңгелек сазда қаз қаңқылдап, үйректер сымпылдай ұшатын. Мына әнде гі Құрымбай саз сол еді. Сейсен мен Дүйсен сол саздағы томарлардың арасынан күні бойы жұмыртқа іздейтін. Кешкісін аяқтары тілім-тілім болып келіп, ас ішуге де шамалары келмей, бір көрпенің астына күмп беретін. Сол Құрымбай сазды көрмегелі қашан?! Сол жылы көрпенің астында Бейсен, Сейсен, Дүйсендердің бірге жатпағанына қай заман?!

Ән аяқталғанда апасы терең дем алды. Ақ жаулығының ұшымен маңдайының терін сүртті. Сонан кейін Бибішке бұрылып:

– Жә, көңілді бірдеме басташы, – деді жай ғана.

Келесі әнді Бибіш ойнақшытып әкетті. Әнмен бірге көздері де күлмің қағады. Әсіресе қайырмасында:

Жүгіре шықтым белеске, Той-домалақ бәрі есте. Аeайынмен бас қосқан Бір ғанибет емес пе?!

Бейсен Дүйсенді қайтадан құшақтап, қысып-қысып қояды.

– Жеңгең қалай, ә? Көмейі қалай бүлкілдейді, ей, ә? «Ағайынмен бас қосқан бір ғанибет емес пе?!» Паһ-паһ!.. Бәрі де сенің арқаң, Дүйсенжан. Бүгін сен болмасаң, бүйтіп отырар ма едік, ә?

Бибіштің үні тынғанда, апасы көкірек кере тыныс алды.

– Е, бергеніңе шүкір, Тәңірім!.. Өстіп бастарың жиі қосыла берсе, шал екеуіміз қартаямыз ба? Қайда жүрсеңдер де осы қара шаңырақты ұмытпасаңдар болды ғой.

Оның сөзін Бейсен іліп әкетті:

– Әу, ағайын, бастың жиі қосылуын ойласақ, мына Дүйсен несіне анау құм далада қаңғырып жүреді, ә? Сейсен секілді бір совхоздың деректірі емес. Ендеше, бұны неге көшіріп алмаймыз, ә?

– Әй, балам, босқа сөйлеп қайтесің?.. – деді оған апасы. – Ол жер саған құм көрінгенмен, бұлар үшін құм емес. Адам шаңырағын қайда тіксе, жердің кіндігі – сол жер. Мұнда әкелгенде несібеңді бөліп берейін деп пе едің?

– Неге бермеймін, беремін. Мен жаңа мынаны ойладым… Анау біздің қоңыр тайыншаны ойладым, апа… Соны ертең сатып, ақшасын Дүйсеннің қалтасына салып беремін. Сөйтпе сем бе, Бейсен атым өшсін.

Шай құйып отырған Бибіш ернін сылп еткізді.

– Ішіп алса бұл өстиді енді.

Апасы күлді. Бірақ ештеңе деген жоқ… Осы сәтте есік ашылды да, сұр шекпенді біреу үйге кіре берді… Манағы Белгібай шал. Қайыржан мен Сабыржанның әкесі.

–       Төрлетіңіз, ақсақал, жоғары шығыңыз, – деп есік жақтағылар ошарыла тұрды. Бірақ шал жоғары ұзамады, босағада таяғына сүйенген күйі:

–       И-и, құрғыр-ай, тамақ аңдып келгендей болдым-ау, – деді ұзын жеңімен қызыл көздерін сүртіп. – Әншейін мына баланы мана жолдан көріп… алжасқан басым, бір нәрсені сұрайын деп тұрып, ұмытып кетіппін… Әу, төрдегі бала, өткен жолы Алматыңда жер қозғалды деп еді. Адам шығыны жоқ па өзі?

–       Жоқ, ата, ондай ештеме естімедім, – деді Дүйсен таңданып.

–       И-и, құрғыр-ай, әйтеуір тірі жүрсеңдерші, – деп шал дереу кері бұрылды. «Тоқтаңыз! Отырыңыз!» дегенді елеген де жоқ, бүкшең қағып шыға жөнелді.

Үйдегілер тым-тырыс отырып қалған. Бәріне бір мезетте шоқпар тиген тәрізді. Тек әлден уақытта атасы:

– Осы шал әнеугүні бір қатты қуанып келеді екен, – деді. – Қолында бір жапырақ қағаз. «Тірі екен, шүкіршілік, тірі екен» дейді қалбалақтап. «Не болды со құрлы, кім тірі екен?» десем, «Көрмейсің бе, мына телеграмды, Өскеменнен Сабыржан жіберіпті. Ақша сұратыпты» дейді.

Апасы күрсінді. Бибіш үнсіз тұрды да, самауырды ауыз үйге алып кетті. Бейсеннің де мастығы айыққандай:

– Жә, қайтпаймыз ба? Көп отырып қалыппыз-ау, – деді.

4

Бір апта өткен соң Дүйсеннің көңілі алабұрта бастаған. Аңсап келген ауылы мен ағайын-туғанның қызығына неге тез тойғаны белгісіз, тезірек қайтуды ойлады.

Бастапқы күндері, шынында, қызық еді. Кеш сайын әр үй қонаққа шақырып тұрды. Күндіз атасымен тауға барып, алакөлеңке орман ішінде құс атты. Тағы бірде Бейсен екеуі ақ көбіктеніп жатқан Бұқтырмадан балық аулады. Сол күндері төңірек те сүттей ұйып тұрған-ды… Қайда қарасаң да бейкүнә тірлік… Қоп-қоңыр тіршілік… Бұйыға бүккен сары дала… Сары орман. Несін айтасың, әдемі-ақ!.. Бірақ көп өтпей-ақ Ал тайдың қабағы күрт түсті. Түнерген аспан бірер күн сыз бүріккен соң, тау басын қар да бүркеп тастады. Қарды көргенде, адамдардың да мінезі кілт өзгергендей, Дүйсенді бұрынғыдай қонаққа шақырғанды қойып, көшеде кездессе бас изеп қана өте шығатын болған. Тек әлі де жылы қабақ көрсетіп жүрген атасы мен апасы ғана. Бірақ олар қанша ықылас білдіргенмен, соңғы бірер күнде есінен Ләззат шықпай қойып еді. Оны ойласа болды, кетерінде қақпаға сүйеніп тұрып, ұзақ қол бұлғағаны көз алдына келеді. Енді бірде қаңыраған бір бөлмеде мұңайып жалғыз отырғаны елестейді. Өстіп өткен түнде де Ләззатты ойлаумен не заматта ғана кірпігі ілініп еді.

Кеш ұйықтағанмен таңертең тағы ерте оянған. Ерте оянса да жылы көрпенің астында бұйығып әлі жатыр. Күзгі сылбыр жаңбыр терезені тырс-тырс ұрып тұр. Әне, есікті ыңырсыта ашып, сырттан апасы кірді… Галошын тырпылдата сүйреп, төрге озды. Өзі әлденеге ашулы ма, күңк-күңк сөйлеп жүр:

– Әй, құдай, осы берекесіздердің арасын бітістірсем деп жүріп-ақ біттім-ау, қайтейін? Үйбай-ау, не жетпейді десеңші бұларға, не жетпейді? Со құрлы жылайтындай не жетпейді?

Дүйсен төсектен басын жұлып алды:

– Не болды, апа? Жайша ма?

– Не болушы еді?.. Тағы да итше ырылдасып жатқан анау аға-жеңгең де. Бұдан артық не болушы еді, түге? – Апасы сөйлей жүріп, қолына шелегін алды да, қайта сыртқа беттеді.

Бұдан соң Дүйсен де жылдам киініп, далаға шықты. Шықты да, көшенің арғы бетіндегі Бейсендікіне жүгіре жөнелді.

– Әй, қайт, балам, – деді апасы соңынан. – Көңілің қалады, қайт! Бұны Дүйсен естісе де, естімегендей алдындағы қашадан бір-ақ секірді.

Ентіге жүгіріп келсе де, ауыз үйдің тұтқасына қол соза беріп, тоқтай қалды… Үйдің іші шаң-шұң… Салдыр-гүлдір құлаған шелек, шылапшын… Шаптыға сөйлеген Бибіш:

– Осыдан қоңыр тайыншаны сатшы!.. Сатып көрші! Арғыбергіңді бір-ақ қопарайын мен сенің! Жарымағыр, тұқымыңда бір жарыған адам бар ма, айтшы?! Бар ма?!

Сыртта серейіп тұрған Дүйсеннің басы айналғандай теңселіп барып, қабырғаға сүйенді. Сүйеніп тұрып, босаға тұсында іші қабысып жатқан өзінің қызыл сумкасын көрді. Оны жерден кө тере бергенде… ішінен өзі әкелген алмалардың бүріскен қабықтары сау ете түсті.

Бұл сүйретіліп үйге әзер жетті. Апасы бәрін де түсінсе керек, үнсіз жүріп дастарқан жасады. Үнсіз отырып екеуі шай ішті.

– Сонымен қашан қайтасың? – деді бір уақытта апасы.

– Бүгін қайтам, – деді бұл ақырын. – Қазіргі бірінші автобуспен.

– Дұрыс, балам, қайт. Онда күтіп отырған келін бала бар. Үйленген соң үйдің жайын ойлау керек. Бізге істеген жақсылығың сол – өстіп анда-санда келіп тұр. Келгенде ренжімей қайт.

– Жоқ, ренжімеймін ғой. Тек анау Бибіштің…

– Жә, Бибішке де, Бейсен мен Сейсенге де бұртыңдағанды ғой. Егер түсінсең, әркімге өз ошағының бұты ыстық. Қанша ағайын есептегенмен, олар қазір сенен бөлек. Бөлектетіп отырған – қазан-ошақтары. Бас қосылғанмен, қазан-ошақтың қосылуы қиын, соны ұқ. Үйленгеннен бері өзің де бізден қашықтай бастадың емес пе?

– Солай ғой, апа. Бірақ осылар менен сырттаған сайын біртүрлі жалғызсырай беремін. Маған ең бататыны осы.

– Ойбуй, қарағым-ай, жалғызсыраймын деп қай ағаңды қан жығаңа байлап жүресің? Білген жанға бұл жалғанда кім жалғыздық кешпей жүр? Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздықтың бары рас қой, балам, рас. Ендеше, бұл қай сөзің?

Дүйсен столдың шетін шұқылап, ойланып қалды. «Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздықтың бары рас»… Осы сөзді бұрын қайдан естіп еді?.. Е, Сейсеннен екен ғой. Жаңа трактор сұрап отырып, оған өзінің жалғызсырап жүргенін білдірген. Сонда ол бұған тіксіне қарап, апасының әлгі сөзін айтқан да: «Дәрменсіз адам ғана өзін жалғыз сезінеді», – дегені бар.

– Балам, жалғызсырамаймын десең, өзіңе өзің мықты бол, – деді апасы ыдыс-аяқты жинастыра отырып. – Өз қолыңда бар болса ғана өзгеге сыйлысың. Әйтпесе тісі шыққан баланың аузына анасы да ас салмас болар. Олай болса, біреуге арқа сүйеп үйренбе! Өзің тырбан, өзің жет! – Саған берген батам осы дегендей ол бетін бір сипап, орнынан тұруға ыңғайланды.

…Дүйсен жүктерін көтеріп, жүріп келеді. Сылбыраған жаңбыр сызын бүркіп тұр. Міне, батпақты бырш-бырш езіп, ауылдың сыртына да шықты… Кенет жүрегі зу ете түсті… Өткен жолғы тастың үстінде бүкірейіп Белгібай шал тұр. Жол қарап тұр. Жалғыз тұр. Бұның көкірегі әлем-жәлем боп кетті… Бір сәт көз алдындағының бәрі бұлдырап жүре берді. Тағы бір сәтте сол бұлдыраған дүниенің арасында Белгібай шал да жоқ, басқа да жоқ, тек жалғыз өзі кетіп бара жатқандай сезінді. Сосын күбір-күбір етті: «Өзің тырбан, өзің жет!..»

Дидахмет
Әшімханұлы
logo